• Ұлттану
  • 17 Желтоқсан, 2022

ӘБСАТТАР ДЕРБІСӘЛІ ЖӘНЕ ШЫҒЫСТАНУ

Академик шығыстанушы Әбсаттар Дербісәлі қазақ ғылымы, мәдениеті мен руханиятына   өлшеусіз үлес қосқан бүгінгі және ертеңгі ұрпақтарымызға елін сүйген, ұлтын қадір тұтқан өнегелі дара тұлға ретінде жадында сақталып қалуға тиіс жан. Ол өмір сүрген кеңес одағы дәуірі және Қазақстанның тәуелсіздік дәуірінің дағдарыста болған өте күрделі заманды бастан кешірді. Кеңестің түрме іспеттес кеңістік пен жаңа тәуелсіз Ел болған Қазақстан экономикалық тығырыққа тіреліп, не істеп не қоярын білмей дел-сал болып жүрген кезде көзі ашық, көкірегі ояу қайраткер перзенттеріне арқа сүйеп, көптеген жанкештілік пен саналы істердің жүзеге асып, елдік рухтың оянуына септігін тигізген зиялы қауым қатарында тиісті орнын алып, перзенттік міндетін абыроймен атқарған жан еді. Бұл орайда талай боздақтар Ел үшін жанын құрбан етті. Ал талай қайраткерлер саналы түрде ерен еңбегімен ел игілігіне өлшеусіз үлес қосты. Солардың қатарында күмәнсіз Әбсаттар Дербісәлінің өзіндік орны бар. 

Ол анау Өзбекстанның Ташкент облысы, Жоғары Шыршық ауданы, Жұдырық ауылында 1947 жылы 15-қыркүйекте дүниеге келген болса да, маңдайына Оңтүстік Қазақстан облысы, қазіргі Түлкібас ауданының Шақпақ ата ауылында қазақтың салты бойынша балалыққа қабылдап алған анасының, апасының қолында тәрбиеленіп өсіп, сонда оқып ер жетіп, ата жұртында оқып, оқу жолын сонда жалғастыруды жазған еді. Жоғары білім алған соң шығыстану саласында оқып, елінің рухани әлеміне қызмет етуді жазған екен.

Әбсаттар Дербісәлінің ата-анасы Ташкент өңіріндегі Жоғары Шыршық ауданының шанышқылы тайпасының қалың ортасында өмір сүрді. Және сол ауданның Жұдырық руының атымен аталған ауылында тұрып, дүние салып сонда жерленген.

Әбсаттар ағаның өміріндегі бір арманы туған ауылында жерленген әке-анасының арнайы басына барып, ел-жұрт, ағайын, жек-жат пен ата-анасының ауылдастары, руластарымен кездесу өткізіп, ұлан-асыр ас беріп, құран оқытып, оның сауабын ата-анасының рухына бағыштағысы келген еді. Бірақ ажал оның арманының орындалуын бұйыртпады. Бірақ та оның өмірлік жан жары Рафия  Бәкірқызы ел сыйлаған ерінің арманын жүзеге асырды. Жоғары Шыршық ауданында ағайын, жекжат, дос-жарандардың басын қосып, Әбекеңнің ата-анасына ас берді, құран оқытып, ел-жұрттың батасын алды. Ал 2022 жылдың 4 қарашасында Жұдырық ауылындағы ата-анасының қабіріне ескерткіш таспен естелік орнатты. Дүние салған жанның бұл дүниеде  жоқтаушысы болған жағдайда ізі өшпейді. Және ғалымның хаты өшпейді.

Ол бастауыш және орта мектебін Түлкібас ауданында бітірген соң 1965-1969 жылдары Шымкент қаласында Мұхтар Әуезов атындағы мемлекеттік университеттің филология факультетін үздік бітіріп, диплом алған.  

Әбсаттар Дербісәлі аға сәбилік шағынан белсенді, тыным таппай ізденіс жолында қолына тиген газет-журналдарды, кітаптарды  үздіксіз оқып жүретін. Жалынды, арманшыл рухымен жоғары оқуын бітіргеннен кейін Қазақтың ғылым Академиясының шығыстану институтының аспирантурасына  қабылданып, 1970-1975 жылдары оқу процесін жалғастырды. Бұл кезеңді де табысты тамамдаған соң, 1975-1976 оқу жылы Марокко корольдігінде тәжірибелік-практикалық араб тілін жетілдіру оқуын аяқтады. Сондай-ақ 1985-1986 оқу жылында Тунис Араб республикасының университеттерінде араб тілі мен әдебиеті бойынша біліктілігін арттыру курстарынан өтіп келді.

Әбсаттар аға оқу жылдарымен бірге түрлі ғылыми-зерттеу институттарында жұмыс істеп, теориялық білімін практикалық ғылыммен жетілдіріп отырды. Содан 1976-1977 жылы ҚР Ғылым Академиясының М. О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғылыми қызметкері болып жұмысқа орналасты. 1977 оқу жылынан бастап әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ассистент, аға оқытушы, доцент, филология факультетінің деканының орынбасары болды. Сондай-ақ факультетке араб тілі саласын енгізуге талпынып, жүзеге асырды. Сөйтіп Шығыс филологиясы кафедрасының меңгерушісі қызметін атқарды.  

1986-1988 жылдары КСРО Ғылым Академиясының шығыстану институтының докторанты болып, жоғары ғылыми сатысына көтерілді.  Әбеке докторлық диссертациясын қорғаған соң әл-Фараби университетінде Шығыстану факультетін ашуға ниеттеніп, іске кірісті. Әбеке ұзақ жылдар бойы осы сәтті күткен. Өйткені бір арманды орындау үшін оның алғышарттарын жасау керектігін ол жақсы білген еді. Шығыстану саласының Қазақстанда сол кезге дейін ашылмай келе жатқанында іштей сезіп жүргені де анық. Сол үшін өзінің білімі, ғылыми дәрежесі де сұранысына сай болу керектігін де жақсы ұққан. Сондай-ақ өзінің ғылыми-қоғамдық салмағы ғылыми ортаның таразысына түсетінін де білді. Осындай жан-жақты сараптама мен дайындықтан соң Шығыстану факультетін ашу ісіне кірісуге тәуекел етті. Осы орайда Әбекенің шығыстану саласын ашуға көңіл бөліп, кірісіп кеткенінің қаншалықты маңызды екенін ұға алу үшін шығыс сөзінің төркінін және шығыстану саласының шығу тарихына тоқталған жөн болар.

Сол үшін әуелі шығыс деген сөзге көңіл бөлсек әп-сәтте күннің шығу бағыты ойымызға келеді. Сондай-ақ күншығыста орын алған елдерді меңзейміз. Бірақта Жан Шейбани шығыс сөзінің мән-мағынасын батыс зерттеуші ғалымдарының көзқарасы бойынша алты түрге бөліп қарастырғаны жөнінде былай деп жазған: 1. Гректің ақыны Пуплиус Вержилиус Маро (б.з.б 70 – б.з.б. 19) шығыс: күншығыс бағытындағы елдер. 2. Осы анықтама бойынша грек елі әлемді Азия және Европа деп екіге бөлген. Жалпы алғанда шығыс атауы шығыс жақтағы елдердің өркениетін айтқан. Олардың арасында этникалық, тілдік, діни, тіршіліктегі әдет-ғұрпы мен көзқарастарында айырмашылықтар бола тұра, жалпы араларында біртүрлі ортақтық пен ұқсастық бар екені айтылады.            

Ағылшындардың ориентализм деген термині араб зерттеушілері арқылы бізге де шығыстану саласы болып жетті. Ортағасырда еврей, араб және грек тілдерін зерттеушіге шығыстанушы дейтұғын. Бірақ ол замандағы жолаушыға төнетін қауіп-қатер салдарынан шығыс елдеріне саяхатқа шығуға ынталы жан табыла қоймаған. Шыңғыс ханның (1227-1162) тарих сахнасына шығып, жолаушыларға жолдардың қауіпсіздігі қамтамасыз болған соң Италияның католик шіркеуінің попы IV Инноссент (1196-1254) поп қызметін иеленген 1243-1254 жылдары моңғолдардың жойқын қуатын естіген соң, оларды жақыннан танып келу үшін әрі қытай елін христиан дініне шақыру мақсатында  бір топ барлаушы және миссионерлерді Қытай еліне жөнелтті. Осылайша шығыс елдерін зерттеуге қызығушылық пайда болды. Содан араб тілін жақсы меңгеріп алған Роджер Бэкон есімді (1214-1294) ағылшын ойшылы сол кездегі еврей, араб, грек және сирия тілдерін үйрену керектігін айтып, дәріптеп жүріп, аталған тілдердің үйрену курстарын ашып, үйренушілерді топтастырған. Осының салдарынан шығыс елдерін зерттеу жұмыстары он төртінші ғасырдың бастапқы ширегінде яғни 1312 жылы іс жүзінде басталды. Бұл істің басталуына Вена шіркеуінің кеңесінің шешімі түрткі болған. Ражер Бэкен ортағасырлық жоғары оқу орындарында шығыс тілдерін үйрену қажет екенін айта жүре өзі де шығыс тілдерін үйрету курстарының негізін қалаушы болды. Оның ойынша: «Мұсылмандардың тілдерін үйрену арқылы оларды сенімдерінің дұрыс еместігіне өз тілдерімен көздерін жеткізуге болады. Әрі христиан дінін мойындату мүмкін болады», екен. Роджер Бэконнің идеясын шіркеушілердің Венадағы конференциясына қатысушылар қолдады. Осылайша шығыстану христиан дінін дәріптеу мен кеңінен дамытуды көздеп, кең көлемде істерін жалғастыра түсті. Бұл орайда шіркеушілер біраз ойларын іске асырды.                                                                                                     

Христиан дінін шығыс елдерге жаю жұмыстары кейін XVII ғасырда Батыс елдері Шығыс мемлекеттерін жаулап алуға кіріскенде христиан миссионерлердің шығыс елдеріне сапарлары жиілей түсті. Бұл сапарлар аса ұқыпты және мақсатты болғаны үшін шығыс елдерінің ғылымын, жазба дүниелердің қолжазбаларын жинауды мұқият назарға алды. Сондай-ақ италияндық саяхатшы Марко Поло (1254-1324) бастап жазған «сапарнама» шығармалары да жарық көре бастады. Аталған сапарнамаларда әр елдің жағрафиялық ахуалы, халқының әдет-ғұрпы, тарих пен мәдениеті сөз болып, олардың қоғамдық және экономикалық жағдайы тереңнен зерттеліп, зерделене түсті. Шығыс елдерін жүйелі түрде зерттеу үшін олардың тілдерін үйрену керектігі жоғары оқу орындарына басты себеп ағылшын азаматы Жон (John Cоmpany) компаниясының ашылуы болды. Жонның компаниясы Британияның патшайымы бірінші Элизабеттің қолдауымен 1600 жылдың 31 желтоқсанында мемлекеттік тендерлерді өз иелігіне алып, әлемдік деңгейге көтеріліп, ірі компанияға айналды. Олар бір елдің тілін білмеген жағдайда олардың әдет-ғұрпын және қоғамдық психологиясын үйрене алмайтынын анық білген соң Британияның Ратфорд қаласында Һили Бери атындағы факультетін ашты. Онда араб-парсы тілдерін үйрететін оқытушы кадрлерді дайындауға кірісті. Осындай белсенділіктің арқасында аталған факультет шығыстану және оқытушы маман дайындайтын ең маңызды орталыққа айналды. Шынтуайтына келгенде шығыстану бастапқы жылдарын: «Отаршылдық үстемдікті сақтап қалу мақсатында реттеліп, жүйелене бастады», ‒ деген түсінік қалыптасты. Бірақ оның отаршылдық бағытын бүгінгі шығыстану ғылымының арнасына түсуіне бірнеше себеп негіз болды. Біріншіден – Батыс елдерінде шын мәнінде шығыс мәдениетіне қызыққан зерттеушілер пайда бола бастады. Екіншіден – араб пен түркі ғалымдары арасынан өз халықтарының мүддесін ойлана бастап, отаршылдық бағыттан шығыстану саласын арылта бастаған буындар бой көрсетті. Үшіншіден – отаршыл күштер арасындағы пайда болған бәсекелер шығыс елдерінде өз мүддесін ойлануға мүмкіндік берді. Төртіншіден – XIX ғасыр аясында Азия мен Африка елдерінде ұлттық көзқарастар пайда болып, ұлттық саяси сананың жетіліп, қалыптасуы шығыстану бағытын біржақты отаршылдық бағыттан ұлтаралық арнаға түсуіне әжептәуір үлес қосқанын айтуға болады.

Осы орайда қандайда бір саяси-экономикалық себептерге байланысты түркітанушы, шығыстанушы, саяхатшы және этнограф венгер ғалымы Армин (Герминн) Вамбери (1832-1913) түркі әлемінің түркілік санасының оянып, жетілуіне айырықша үлес қосқанын айту керек. Өйткені Вамбери Иран мен Орталық Азиядағы түркі елдеріне 1863 жылы саяхат жасап, Орталық Азия халықтарының тұрмыс-тіршілігі, тарих пен мәдениеті, этнография мен тілдері, экономикасы жөнінде көптеген құнды мәліметтер беріп, 1865 жылы «Орталық Азияға саяхат» атты кітабында жариялады. Жалпы Вамберидің еңбектері түркілік сананың қайта жаңғыруына негіз болып, түркілік идеяның жаңа өрісіне жол ашты. Әлбетте түркілік тарихи сананың оянуы бұл замандағы отаршыл күштерінің мүддесіне қарсы күш екенін білген империалистер пантүркизм атауын желеу етіп, түркі халықтарының бірігуі мен одақтасуына тосқауыл жасады.

Осы орайда кеңес одағы құрылған соң Орталық Азия түркілерінің тарихи санасының оянуына жол ашылар ма, деген үрейден шығыстану саласы Орталық Азия республикаларында ашылып, мамандар дайындауға қарсы түрлі қитұрқы әрекеттер жасалды. Өйткені орыс ғалымдары арасынан Радлов Василийұлы (1837-1918), Василий Владимирұлы Бартольд (1869-1930) сынды түркі тілі мен тарихына елеулі еңбек сіңірген шығыстанушы ғалымдар шыққан және олардың еңбектері арқылы түркі тарихына қатысты араб, парсы, түркі және өзге тілдерінде көптеген мәлімет бар екенін білуге болатынын кеңес билігі жақсы білген. Демек шығыстану бағытының бастапқы мақсаты отарлау саясатына бейімделіп келген болса да, XVIII ғасыр аясынан бастап, ғылыми негіздерде шығыс елдерінің  тарихы, мәдениеті, этнографиясы, тілі мен ділін зерттеуді көздеген болса да, батыс мәдениетінің шыңынан төменгі белестерге үңіле қарағандай зерделеп келді. Алайда ғылыми зерттеу бағытында шығыс өзін тануда олардың зерттеу қортындыларына арқа сүйеуге мәжбүр болды. Өйткені батыс ғалымдары, артынша орыс ғалымдары шығыстану ғылымына бастау болған еді. Олар шығыс елдерінің тілі, тарихы, діні, әдет-ғұпы, аңыз-әпсанасы, мифтері, наным-сенімдері, жазба деректері, тасқа қашалған жазбары мен тастағы суреттерді зерттеуді қолға алып, көптеген жаңалықтарға жол ашқан еді. Сол себепті түркінің тарихын, мәдениетін жоққа шығарып, түркі халықтарының оның ішінде қазақ жұртының өркениетін, далалық мәдениетін жабайы мәдениет ретінде көрсеткісі келгені үшін қазақ пен түркінің ортақ тарихи құндылықтарын жазба деректерден оқып, білмесін деген пиғылмен шығыстану саласын Кеңестік Қазақ Республикасында 1949 жылғы қаулы бойынша ұдайы ашылуына тыйым салып келді. Шығыстану саласы қазақ үшін өте маңызды ғылым бола тұра жабық күйінде қала берді. Сондықтан қазақ ғалымдары өз тарихын орыстың шығыстанушы аудармашы мен тарихшыларынан оқуға және олардың қытай, араб, парсы және түркі тілдерінен тәржіма болған еңбектерді орыстың дәнекер тілі арқылы пайдалануға мәжбүр болып келді. Осы орайда жалпы түркі тарихымен және жанама түрде қазақ тарихымен таныса алса да, тікелей қолжазба нұсқалармен жұмыс істей алмады. Өйткені қазақ ғалымдары қытай, араб, парсы, түркі тілдерін үйрене алмағаны үшін ол тілдердегі тарихнамалардың түпнұсқалық қолжазбаларымен танысу, оқу және пайдалану мүмкін болмай келді.

Алайда шығыстану ілімінің қазақ жерінде өзіндік бастауы бар. Ол Шоқан Шыңғысұлы Уәлихановтың (шын аты Мұхаммед Қанапия) (1835-1865) өмірі және шығармашылығымен тікелей қатысты. Өйткені ол шығыс әдебиеті мен тарихын жақсы білген. Сол үшін де орыс ғалымдары оны жоғары бағалаған. 1855 жылы Батыс Сібір генерал–губернаторы Г.Ч.Гасфорттың Орталық Қазақстан, Тарбағатай мен Жетісу сапарында онымен бірге болып, ел аузынан көптеген аңыз-әңгімелер мен жырларын жазып алды. 1857 жылы Орыс географиялық қоғамының толық мүшесі болып қабылданған. Сол жылы қырғыз жеріне сапар шегіп «Манас» дастанын жазып алған. 1858-1859 жылдары мүлде тыйым салынған, аса қауіпті Қашғария сапарына барып қайтты. Ол сапарда Кашғарияның тарихы, этнографиясы, мәдениеті, географиясы және географиялық жағдайы жайында тың деректер жинап қайтты. Ол сапардың нәтижесі ретінде «Шығыстың алты қаласының жағдайы туралы» атты еңбек жазды,  ол еңбек Ресей мен өзге елдерде шығыстанушы зерттеуші ғалымдар тарапынан жоғары бағаланды. Осылай Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханов қазақтың тұңғыш шығыстанушы ғалымы ретінде тарихқа енді. Оның зерттеу еңбектерін орыс пен басқа елдер өздерінің отарлау мақсаты мен қоғамтану, этнография, тарих пен әдебиет зерттеу жұмыстарына молынан пайдаланды. 

Шығыс әдебиеті, тарихы, этнографиясы қазақ мәдениетімен астасып жатқандықтан қазақ үшін шығыс әлемін тану қажеттілігі әбден сезіледі. Қазақтың ұлттық болмысын шығыс танымынан бөлек тану мүмкін емес. Шоқан Шыңғысұлы шығыстану саласының нағыз ғалымы болса, Абай мен оның шәкірттері, жолын жалғастырушы зиялы қауым шығыс әлеміне жақын және шығыстың биік рухани әлемін іздеуші һәм аңсаушы болатын сыры қазақ пен шығыс тамырлас мәдениеттен сусындап келгендігі болар. Абайдың шәкірті Шәкәрім Құдайбердіұлы (1858-1931) Хафиз Ширази (1325-1390) ғазалдарын оқып, аңсары ауып, Хафиздың ғазалдарынан онын таңдап, мазмұнынан ауытқымай біраз бәйіттерін аударды. Мәшһүр Жүсіп Көпей (1858-1931) араб, парсы, түркі  тағы басқа көп тілдердің білгірі, ғұлама ғалым шығыс мәдениеті мен әдебиетін зерттеуде елеулі үлесі бар. Ол 1887 жылы Бұхара, Ташкент, Түркістан тағы басқа шаһарларды кезіп шықты. Осы екі-үш жылдық сапарында бір жыл Бұхарада болғанда көп тілді білімі мен оқуын толықтырды. Мәшһүр Жүсіптің еңбектеріне зер салғанда, қазақ пен шығыс мәдениетінің ара-жігінде айтарлықтай айырма жоқ екенін анықтау қиын болмас. Сол үшін халықтың ауыз әдебиеті туындыларын жинақтаушы, көптеген тарихи жырларды хатқа түсіруші, шығыс әдебиетінің аудармашысы және ел арасынан «Қамбар батыр», «Ер Тарғын», « Ер Көкше», «Ер Сайын», «Нәрікұлы Шора батыр» сынды батырлар жырын жинаған. Оның батырлық және лиро-эпостық жырларын оқығанда шығыстық сарында екенін аңғаруға болады. Сондай-ақ Тұрмағамбет Ізтілеуұлының (1882-1939) Бұхарада білім алып Шаһнама Фирдауси шығармасын парсы тілінен қазақшалауы, Мұзаффар Әлімбайдың (1923-2017) Иранның ұлы шайыры Сағди Ширазидің (1210-1292) Бустан мен Гүлістан еңбектерін қазақ тіліне аударғаны, Қалижан Нұрхожақұлы Бекқожиннің (1913-1990) Низами Гәнжәвидің (1209-1277) Жеті ару дастанын тәржімалауы, Қуандық Шаңғытбайдың (1925-2001) Хәиям Нишабури мен Фирдауси туындыларын аударуы, Ыбраш Жәмішұлының (1928-1995) Хафиз Ширазидің ғазалдарын толықтыра 89 ғазалын аударуы, Сәдуақас Ғылмани (1890-1927) мен Нұрмұхаммед Қосжанұлының (1897-1937) діни өлеңдері, Өтеген Күмісбайдың (1939- 2016) докторлық ғылыми диссертациясын «Шаһнамадан» қорғауы және ақын ретінде көптеген парсы шайырларынан өлеңдерді аударуы   қазақ әдебиеті мен шығыс әдебиетінің тарихи бағының үзілмей келуі шығыс тарихы мен мәдениетін, қазақ тарихы мен мәдениетін жаңғыртуының негізгі факторлары екенін білген кеңес билігі қазақ зиялыларының шығыс елдерімен байланыс жасауына ұдайы саналы түрде тосқауыл қойып келді.

Әбсаттар Дербісәлі Шығыс пен шығыстану ғылымынан және қазақтың шығыстану тарихынан, әрі кеңес үкіметінің бұл салаға қаншалықты сақтықпен қарайтынынан анық хабардар болғаны үшін бұл саланың ашылуына аса  байыппен баруды ұйғарып, оған әрекет жасаудың уақытын күткен деп айта аламыз. Сол үшін араб тілінің теориясы мен практикасынан өтіп,   факультетке араб тілі саласын енгізіп, Шығыс филологиясы кафедрасын ашып, онда  меңгеруші қызметін атқарып, тәжірибе мен беделін арттыра жүре, жоғары ғылыми дәрежесіне де қол жеткізді. Енді шығыстану саласын ашуға алғышарттары дайын болғанын сезіп, іске көшті. 1986-1988 жылдары КСРО Ғылым Академиясының шығыстану институтының докторанты болып, жоғары ғылыми сатысына көтерілді. Докторлық диссертациясын қорғағаннан кейін арман жолында 1988-1991 жылдары Қазақстан компартиясының Орталық комитетінің хатшы қызметіндегі Өзбекәлі Жәнібековтың (1931-1998) қабылдауында болды. Оны кезектен тыс қабылдаған Өзбекәлі: «Қандай өтінішпен келдіңіз» деп сұрапты. Әбеке: «Біз шығыстану ғылымында кенже қалдық. Бұл сала біздің елге аса керекті мамандық. Өйткені біздің тарих пен мәдениетіміз тікелей шығыс тарихы мен мәдениетімен байланысып тұр. Сондай-ақ қазақ тарихының деректері шығыс тілдерінде мыңдап табылады. Осының бәрін игеруге біз өз мамандарымызды, өз елімізді дайындай алсақ игі шара болмақ. Осы арманымның іске асуына қол ұшын берсеңіз деген оймен құзырыңызға келіп отырмын», деп жауап береді. Сонда хатшы: «Бұл өтініштен басқа ешбір сұрайтын нәрсеңіз жоқ па?» деген екінші сұрағына Әбеке: «Жоқ, басқа өтінішім жоқ»,   деп жауап қайырғанда, Өзағаң Әбекеге таңдана қарап: «Ана күту залында отырғандарды көрдің ғой! Олардың бәрі пәтер, атақ, тағы сол сияқты нәрселер сұрап келіп отырған адамдар. Ал сен болсаң өзіңе түк сұрамайсың. Соған қарағанда сен менің алдыма келіп, жеке басына еш нәрсе сұрамаған жан болып шықтың!» деп сөзінің соңында: «Өтінішіңіз орындалады» деп бірден тиісті жерге телефон соғуға кіріскен қазақтың ұлт қайраткері, өрелі тұлға Өзбекәлі Жәнібеков.

Міне осылай әл-Фараби университетінде Шығыстану факультеті ашылып, Қазақстан тәуелсіздігін жариялап, мұсылман елдерімен дипломатиялық байланысқа кіре бастағанда Шығыс елдеріндегі Қазақстан Республикасының елшілік кадрын дайындап қойған болды. Сондай-ақ шығыс тілдеріне оқытушылар, сауда-саттыққа тілмаштар, мәдени-қоғамдық қатынастарға шығыс елдерінің мамандарын, қазақ тарихына қатысты шығыс елдеріндегі дерекнамаларды түпнұсқадан қазақша сөйлететін кәсіби мамандарды даярлап, өте маңызды міндеттерді атқарып, ел мүддесі үшін қазақ тілінде мамандар дайындап келе жақтан әл-Фараби университетінің Шығыстану факультетінің бастау тарихына Әбекеңнің арман мен ынтасы осылай ықпал жасады. Қазіргі уақытта шығыстану факультетінде араб, парсы, урду, түрік, қытай, корей, жапон тілдері оқытылады.

Ислам ЖЕМЕНЕЙ,

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «Тұран-Иран» ғылыми зерттеу орталығының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор

Редакциядан: 

Елімізге және шет елдерге танымал шығыстанушы ғалым, профессор, қоғам қайраткері, ұлағатты ұстаз, журналымыздың тұрақты авторы Ислам Жеменей биыл мерейлі 70 жасқа толды. Осыған орай мерейтой иесін шын жүректен құттықтай отырып, деніне саулық, отбасына амандық, шығармашылығына биік жетістіктер тілейміз! Ұлт үшін жасап келе жатқан еңбегіңіз баянды болсын, Ислам аға! 
Құрметпен, «Ақиқат» журналының ұжымы

1492 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз