• Ұлттану
  • 17 Желтоқсан, 2022

Ұлттық ономастика майталманы

Қазақтың кең  байтақ сайын даласының о шеті мен бұл шетіне көз жібергенде, аспанмен таласқан асқар- асқар таулары, таудан  төңкеріле аунап жатқан сарқырамалары, мөлдір, тәтті, тұңғиығына тартар көгілдір көлдері, сарқырап бірде жаныңа тыныштық сыйлап ағатын  өзендері,  сылқ-сылқ күліп жатқан бұлақтарына кез боласың.  Содан соң  кең жазиралы шетсіз, шексіз бірде көк майсалы бірде аңызақ дала  қойнаулары, төскейлі  жоталармен  тізбектелген  қыраттар, құшағын ашатын  сай-сала, ойпатты, жұмбақ күйін айтпайтын ойпаттар мен дөңдер,  қатпарлы жыралар мен шытырманға толы шатқалдар  тізбектеліп өз құшағына тартады. Қазақ халқының  төрт әріптен тұратын осы дала деген ұғымға  атау таңдаудағы  шеберлігі де ұлы даладай аса мәнді де мағыналы.  «Шықшы тауға қарашы кең далаға, Мәз боласың ұқсайсың жас балаға, О шеті мен бұ шетіне жүгірсең,   Шаршайсың ба құмарың бір қана ма» – деп Қасым ақын жырласа,  дала танымы мен сырын, құпиясын, шығу тарихын, далаға ат қою мәртебесінің ғылыми таңдау жасап өз жерінің тарихы мен атауына барлық күш-жігерін жұмсаған оны  ғұмырлық мақсатына айналдырған  ғалым Телғожа Жанұзақ. Телғожа Жанұзақ өткен ғасырдың ортасынан бергі  ғылымдағы өмірі Ғылым академиясының Тіл және әдебиет институтында, қазіргі А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында  өтіп келеді. Ғалымның қазақ тіл білімінің дамуына қосқан үлесі мен сіңірген сандық және сапалық еңбегін  475 деген  санмен дөңгелетсек, 20-ға жуық  ғылыми еңбектері  алыс және Таяу шығыс елдерінде жарияланған екен.
 

Телғожа аға ғылым жолындағы еңбектері қазақ тіл білімінің лексикология, лексикография, терминология, ономастика, орфография және халық ауыз әдебиеті мен аударма мәселелеріне арналған.  Бұл саланың Қазақстан  Республикасының егемендік алған жылдары өзіндік маңыздылығы арта түсті. Азаттығымызды алғанда тарихи атауларды қалпына келтіру,   саяси тұрғыдан бұрмаланған атауларды өзгерту, қате жазылып жүрген жер-су, кісі  атауларын  бірізге түсіру,  өрескел атауларды өзгерту, азаматтардың аты-жөнін дұрыс жазу секілді қыруар мәселе туындап, бұл туралы халықтың талап-тілектері баспасөзде жиі сөз болып, күн тәртібіне қойылып жатты. Қазақ тілінің  мемлекеттік  мәртебесін қоғамның барлық саласында жандандыру үшін кең-байтақ  дала, қала, елді-мекен, жер-су атауларының алғашқы атаулары мен азаматтардың аты-жөнін ұлттық тілдің мәдениетіне  табиғи болмысына  лайықтап  жазу мен атау қазақ ғалымдарының алдына үлкен мақсат міндеттер қойды.

Қазақ тіл білімінің көрнекті өкілі, Қазақстанның мемлекеттік сыйлығының лауреаты, белгілі түрколог, филология ғылымдарының докторы, профессор Телғожа Жанұзақ – өзінің ғылым жолын  Қазақстандағы жер-су атаулары,  қазақ есімдерінің тарихына арнаған болатын. 

Ономастика – ат беру өнері туралы  ғылым, лингвистика ғылымының бір саласы. Ономастика  топономика, антропонимика, астронимика, зоонимика деп бөлінеді және оның ары қарай жіктеліп кететін, бір-бірімен сабақтасып тарамдалып бөлінетін салалары бар. Кез келген атаудың астарында адамзат баласының өзіне таныс ақиқатқа құралған мәдени этнологиялық кеңістігінің басты қасиеттері негізге алынады. Қазақ халқының жер-су атаулары мен  немесе кісі есімдеріне  берілген  атаулардың мағынасының міні  қазақ халқының рухани материалдық мәдениеті мен танымдық тәжірибесі біртұтас жүйеде алынады. Т.Жанұзақ осы ономастика ғылымын жазуда осы ұстанымдарды басшылыққа алып отырған.Оның  ғылыми баспалдақтары   егемендік алған жылдарда Қазақстандағы  жер-су атауларының бұрынғы тарихи атауларын қалпына келтіруде маңызы болды.

Жер-су атаулары,  кісі аттары  қазақ жеріндегі тарихи атауларды қалпына келтіру, заманы өтіп, ескірген атауларды өзгерту, жаңа атаулармен алмастыру, жер-су аттарын реттеу ісі 1989 жылы ақпан айында Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумына географиялық атаулар комиссиясы жұмысының тоқтап қалуына байланысты Мемлекеттік ономастика комиссиясын құру туралы көкейкесті мәселені  шешу мақсатында мемлекеттік орындарға хат жолдады. 1989 жылғы 30 қарашада Жоғарғы Кеңестің тұрақты комиссиясының мәжілісінде ғалым үлкен баяндама жасап, қызу талқылаудан соң Министрлер кеңесі жанынан Мемлекеттік ономастикалық комиссия құру туралы шешім қабылданады. Жер-су атауларына қатысты  тарихи атауларды қалпына келтіру, талайлы тағдыры өзгерген  атауларды өзгерту, жаңа атаулармен алмастыру, жер-су аттарын реттеу ісіне  белсене араласты.  Үкімет қаулысы бойынша 1990 жылдан осы комиссияның ғалым хатшысы (1990-1998), мүшесі (1999-2003) ретінде  қоғамдық қызмет атқарды. Егемендік алған жылдары ономастикаға қатысты ауқымды мемлекеттік іс-шаралардың басы-қасында Телқожа Жанұзақ  жүрді.

Оның бәрі өзі зерттеген жер-су атауларына, кісі есімдеріне қатысты жазылған еңбектерінің жемісі деуге болады. 

Тәуелсіздігімізге дейін қазақ жер-су аттарының атаулары (орталық өзек пен шеткері аймақ деп бөлгенде)  көп профильді, көп тілді болып келді. Елімізде геосаяси жағдайлардың алмасуынан  әлеуметтік, мәдени, экономикалық  әлеуеті өсіп көптеген жер-су атаулары жаппай қайтадан өзінің түпкі атауларымен аталып, тарихи мекеніне оралды. Осы салада да Т.Жанұзақ жер-су атауларының тарихи маңызының мәнін саралап,  олардың бұрынғы тарихи мәні бар атауларының қайта аталуына, дұрыс жазылуына Мемлекеттік ономастикалық комиссия мүшелерімен бірге қоғамдық қызмет атқарды. Телғожа Жанұзақ ономастикалық комиссияның алғашқы ережесін жазып, академик Әбдуәли Қайдармен бірлесе отырып «Республикадағы Мемлекеттік және әкімшілік бірлестіктердің атауларын реттеудің, елді мекендердің аттарын өзгерту және тарихи, географиялық атауларын қалпына келтірудің Тұжырымдамасын» әзірледі.  «Қазақстан Республикасында қазақ азаматтарының есімдері мен әке аттарын және фамилияларын реттеу туралы Тұжырымдамасы» жарияланды. Осы Тұжырымдаманың негізінде 1996 жылы 2 сәуірде   жарияланған  «Ұлты қазақ азаматтарының тегі мен әкесінің атын жазуға байланысты мәселелерді шешу тәртібі туралы»  президент Жарлығы шығуына байланысты Әділет  министрлігінің Азаматтық хал актілері орындарында, күллі заң орындарында, білім беру, баспасөз орындарында бұлжытпай орындалатын басты құрал болып келеді. Аталған Тұжырымдамалар Мемлекеттік ономастика комиссиясының жұмысын да бағдарлап отыратын негізгі құжаттар  болып саналады.  

 Қазақ халқы үшін  дала, жер,  су танымы «концептісі» маңызы зор әмбебап ұғым болып саналады.  Дала, жер, су немесе кісі есімдеріне  қатысты атауларда қазақтың архетиптік нанымы мен сенімі, күнделікті тұрмыс-тіршілігі, мифологиялық ұғым-түсініктер, ырым-дәстүрлер, түрлі оқиғалар себеп болған. Тау туралы атауларды оның асқар, заңғар, шың, құз, жартас, асу, зеңгір, шоқы деп басталатын оның басқа бөліктері белес, бел, дөң, жота, төбе, қыр, қырат деп тізбектеліп кете береді. Қазақ халқының ұлттық санасында жер-су атаулары болсын,  кісі есімдерін атау беруде болсын үлкен, аумақты мәдени кеңістігінің алтын қоры бар.  Жалпы атау беруде жинақталған атаулардың мағынасына жасалуына қарасақ, ассоциативтік, бағалау, танымдық қасиеттердің ең маңыздысы мен мәні таңдап алынған екен. 

«Орталық Қазақстанның жер-су аттары» атты кітаптың кіріспе бөлімін, Орталық Қазақстандағы топонимдер,  гидронимдер олардың құрылымдық типтері, лексика-семантикалық жақтан топтастырып бөлімдерін  Т. Жанұзақ жазды.  Ана тілімізде жазылған топонимдерді стратиграфиялық тұрғыдан топтастырып берді.  Оларды алтай дәуірі, көне түркі дәуірі, көне қазақ тілі дәуірі, жаңа қазақ тіліндегі дәуір деп бөледі. Орталық Қазақстандағы топонимдер,  гидронимдер олардың құрылымдық типтері, лексика-семантикалық жақтан топтастыруда  көне, ежелгі дәуір жазбаларынан,  тарихи деректерді орыс, әлемдік зерттеушілердің ғылыми, тарихи жазбаларынан ғылыми деректер мен қазақ ғалымдарының пікірлерін және  орта және ежелгі дастан поэмаларды пайдаланып,  ғылыми-анықтамалық дерек көздерді негізгі нысанаға ала отырып  жазды. Соңғы  статистикалық деректерге  сүйенгенде, Қазақстан Республикасында  85 мың өзен, 4900 көл, көлемі 100 мың шақырымды алып жатқан 21 көл бар екен.

Қазақ халқының ұлттық мәдени дәстүр-салтын, таным-сенімін, ондағы халық тіршілігі мен тынысын, халық шежіресін, халық өмірін, халықтың тағдыры  жер-су атауларында Қазақстан кеңістігінде жатыр.

Кез келген ономастикалық және топонимикалық атаулар осындай қазақтың сырлы дүниесінен сыр шертеді. Сөз еткелі отырған ономастикалық және топонимикалық атаулар  – бағалы тарихи мұра, ел-жер-су атауы, қымбат қазыналы жер, ер-азамат – ежелгі ел арманы, ел мұраты. Ұлттық санамыздан мәдениет пен тарихты ысыру үшін бұл тарихи тұлғалар мен жер-су атаулары біраз уақыт аталмай кетіп, тәуелсіз мемлекеттің арқасында ұлттық ономастиканың қоғам өмірінен орын алуы бұл ғылым саласының маңыздылығын көрсетеді. Әр түрлі саяси жағдайлардың, отаршылдық идеология әсерінен рухани мәдениетті көзден бұлбұл ұшыру үшін жер-су, елді мекендердің, адам есімдерінің тарихи себептердің құрсауында өзгертілгенмен, бұл атаулар  әлемде адамзаттың рухани жан-дүниесімен ғұмыр кешеді. Жер-су атаулары мен кісі есімдері  тарихты жаңғыртушы  ұғым ретінде қалыптасады, тарихи, әлеуметтік тұғыр танымда стилистикалық фреймдер ретінде  халық жадында  ассоциацияланады.

«Ақынның қасиеті заманға жаңғырық, әлеумет тұрмысындағы зор оқиғаларға айна болып, тарихи із, тарихи материал (дерек) қалдырып отыруында» [1, 420 б.], – дейді А. Байтұрсынов.  Т.Жанұзақ зерттеген  жер-су, адам аттары мәдениетінің тарихи ізі рухани байлығымызбен сабақтастырылып ұлттың ұлылығын көрсететін елі мен ел ардагерлерінің есімдері  халық жадында қалады.

Халық шежіресі, халық өмірі, халық тағдыры болғандықтан, ономастикалық атаулар халық тағдырынан сыр шертіп,  таным-түсінігінің мәдени арқауы да болады.  Тіл қанша дәуірді басынан кешірсе де толығып, жаңғырып, жаңарып өткен өмірдің куәгері болады. Сөз байлығы өткен тарих жайлы мол мәлімет береді.   Т.Жанұзақ зерттеген қазақ тілінің көне де байырғы лексикалық байлығын, әсіресе, оның жер-су атаулары мен кісі аттарын зерттеудің тіл тарихы үшін маңызы зор». «Орталық Қазақстанның жер-су аттары»  кітаптың  кіріспе бөлімін, Орталық Қазақстанның топонимдер, гидронимдер  олардың құрылымдық типтері, лексикалық-семантикалық жақтан топтастыру бөлімдерін жазған болатын [2, 3-75 б.]. Бұл жер-су атауларының мағынасын ашу үшін ғылыми-тарихи шығармалар, археологиялық деректер, көне дәуір ескерткіштері, халықтық фольклордан жинақталған материалдар мен түрлі дереккөздерді пайдаланған. «Сарыарқа» – кең жайылым, жазық дала, мол алқап, үлкен арқа, кең аймақ, «Балқаш» сөзі мағынасы көмескіленген батпақ, су.  М.Қашқари еңбегінде кездесетіндігіне де тоқталып өткен,  «Өлеңті» –  шөптің көп өсуі,  «Бұқтырма» –  өзеннің қатты ағысы деген мағынаны білдіретіндігін тарихи дереккөздері мен ғалымдардың түрлі мағлұматтарын көрсете отырып жазды.

«Қазақ есімдерінің тарихы (лингвистикалық және тарихи-этнографиялық талдау) еңбегінде  кісі есімдерінің шығу мәні мен мағынасына талдау жасалынады.  Қазақ халқы – кісі есімдерін атауда да өнерлі халық. Т.Жанұзақ «Қазақ есімдерінің тарихы» атты кітабында былай деп жазды: «Бұл көрсетілген антропонимдерден кісі аттарын жасауға арқау болған жалпы есім сөздермен кейбір мансап атауларын да кездестіреміз. Мысалы: Тархан, барчін (жібек), туман (мың), әңлік (қыз-келіншектер бетіне жағатын қызыл бояу шөп), қордай (құстың бір түрі, ол сөздікте хавасіл құсы деп түсіндірілген), ботуқ (бота), аблан (тышқан тұқымдас кішкентай жануар, кöрпä (уақытынан кейін туған қозылар, лақтар мен бұзауларды кöрпäдейді). Тіліміздегі Дархан, Баршын, Гүлбаршын, Тұманбай, Еңлік, Қордай, Абланов, Бодықов, Көрпеш тәрізді есімдер мен фамилиялардың түпкі негізі осы сөздерден шыққаны шүбәсіз деп дәлелдесе,  V-VIII ғасырларда кездесетін Ертіс атауы да осы сөздікте аталған. Мұндағы формасы Эртіш. Осымен қатар, Іле Еділ (Этіл) атаулары да аталады. Ал, Ертіс, Еділ, Ілебай сияқты кісі аттарының Махмұд Қашқари дәуірінен бұрын шығуы да, кейін пайда болуы да мүмкін. Қалай болса да бұлардың шығуы көне екені айқын[3, 26 б.]. Тіл дамуындағы географиялық кеңістік, мекен-жай, уақыт-мерзім межесі мен тарихи кезеңдер, әлеуметтік жағдай антропонимия мен топономикаға қатысты ерекшеліктердің барлығы тарихи стилистикалық фреймдер арқылы ассоциацияланады.  Т.Жанұзақ «Қазақ есімдерінің тарихы» еңбегінде  олардың шығу тарихы мен атаулардың мән-мағынасын былайша түсіндіреді: Осыдан келіп киіз үй жабдықтарына орай: Киізбай, Жапсарбай, Іргебай, Қазанқап; дәм, тағам аттарына байланысты: Сүттібай, Айранбай, Талқанбай, Тоқаш, Ақбай тәрізді кісі аттарының қойылғаны байқалады.                                                                                                           Зергерлік істер мен шеберлік өнерге байланысты сөздерден де кісі аттары қойылып отырған. Мысалы, Моншақ, Маржанкүл, Ақық, Түйме, Шолпыбай, Әшекей, Сырғабай т.б.  Бұрынғы дәуірлерде төрт түліктен жылқы, қой, сиыр, ешкі атаулары ғана кісіге есім ретінде ғана қойылған болса, енді олардың түрлері мен жас мөлшеріне байланысты есімдер көбейеді. Мысалы, Құнантай, Дөнентай, Қаратай, Сарытай, Құлыншақ, Құлынбек, Бота, Тайлақ, Атанқұл, Тоқтыбай, Қозыбай, Қозыбағар, Бұзаубай, Танабек, Баспақ т.б.            Бұл кезде ауыз әдебиетінің ертегілері мен батырлары туралы, әлеуметтік-салттық поэмалары халық арасына кеңінен тарайды. Әрбір ата-ана балаларын халық қамын жеген, елін, жерін сүйген батырлардай болсын деген мақсатпен ер балаларына: Қобыланды, Қамбар, Алпамыс, Қожақ, қыз балаларына: Құртқа, Қарлыға, Назым деген аттарды қойған [3, 75 б.].

Қөркем әдеби тілде аты аңызға айналған жалқы есімдер Төлеген, Қыз Жібек, Баян сұлу, Қозы-Көрпеш сияқты әдеби, тарихи кейіпкерлер ауызекі сөйлеу тілінде махаббаттың, сұлулықтың символы ретінде жиі ұшырасып отырады. Ауыз әдебиетіндегі Қарабай, Шығайбай сараңдық, малқұмарлықтың белгісін көрсетсе, Қодар – дүлей күш иесі болып, халық арасына кең тараған жалқы есімдер. Зат есімнің ассоциациялық, атауыштық, нұсқаушылық, экспрессивтік прагмастилистикасы ерекше осы қасиеттерімен көркем әдебиетте, батырлар жырында, жыраулар поэзиясында көптеп кездеседі. Асан Қайғының «Еділ бол да, Жайық бол», Доспамбеттің «Сарыарқасы», Шалкиіздің «Ер Шобаны», Ақтанбердінің «Қарт Бөгенбайы», Тәттіқара ақынның «Артық туған Абылай», Үмбетей жыраудың «Ей, Ақтамберді», «Қабанбай», «Бекболат би», «Бөгембай өлімін Абылай ханға естірту»,  Бұқардың «Ай, Абылай, Абылай» т.б. бұдан да басқа қазақтың әдеби тіл өкілдері  өз шығармаларында ономастикалық, топонимикалық атауларды қолдану арқылы  тарихи оқиғалар мен халық өмірінен сыр шертсе, осы дастан жырларды және  фольклорды да  ғалым өзінің зерттеулерінде де пайдаланып отырған.

Қазақтың әдеби тілінің бай кеңістік әлемінде ономастикалық атаулар ерекше жағымды ой туғызады әрі көркем шығарманың бай сөздік қуатын арттырады.  Зат есімдердің әлеуеттілігі күшті тобына әр түрлі ассоциациялық ұғымға негізделген географиялық атаулар кіреді.

Профессор Т.Жанұзақтың  зерттеген бір саласы  –  қазақ ономастикасының тағы бір тармағы астронимика.  Халық сонау сәби дәуірінен   Аспан денелеріне қатты қызыққан.  Оның барлық құбылыстарын өз өмірімен, тыныс-тіршілігімен байланыстырған.  Осы  атауларының өткен тарихы мен бүгінін, оның халық өмірімен етене байланысын, жалпы әлемді тану мен мойындау көзқарасының ақиқатқа жетелейтін бағдарын танып білудегі космонимдердің  атауларына да үлкен мән берді, оны ғылыми, ұлттық таныммен байланыстырды. Астрономия ғылымында дәлелденген ғылыми ойлардың түп негізі халықтық танымымен баланыстылығын  көрсететін ғылыми  зерттеулері бір төбе деп айтуға болады.

Ғұлама ғалымның ғылыми-зерттеу жұмысының негізгі саласының бірі – лексикография (сөздік). Сөздік жасау ісі табандылық пен қажырлылықты   ғылымға шын берілген қасиеттерді қажет етеді. Сөздік – тіл байлығының алтын сандығы.  Телғожа Жанұзақтың  сөздік жасаудағы талмас еңбегі де оның ғылымдағы  асқар биігі деп санауға болады.

Телғожа аға аударма саласында да көп еңбек етті. Ол В.Бианкидің «Алғашқы аңшылық» және А.Куприннің әңгімелерін  аударды. Авторлық бірлестікте Б.Мұқаймен бірге «Рихард Зорге» деректі романын  тәржімалады. 

Абай жетінші қарасөзінде: дүниенің көрінген  hәм көрінбеген сырын түгендеп, ең болмаса дәнелеп білмесе, адамдықтың орны болмайды, – деген еді. Телғожа аға ғылым жолында қазақтың жер-су атауларын, қазақ есімдерінің сырын түгендеп,  дәні мен дәнегінің ұлттық сапасы мен табиғи болмысын саралаған ғалым. Халқымыздың мақтан тұтар азаматы  Телғожа Жанұзақтың қазақ ғылымына қосқан зор үлесі  адамдықтың зор белгісі.

 Дина ӘЛКЕБАЕВА,

филология ғылымдарының докторы,

     ҚазҰУ-дың профессоры

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Байтұрсынов А. Ақ жол / Құр: Нұрғалиев Р. – Алматы: Жалын, 1991. – 464 б.

2. Орталық Қазақстанның жер-су аттары Алматы: «Ғылым» баспасы, 1989ж. 256б.

3. Қазақ есімдерінің тарихы(  лингвистикалық және тарихи-этнографиялық талдау) Алматы:  « Ғылым » баспасы, 1991ж. 256б.

4. Ақпарат дереккөзі: https://massaget.kz/arnayyi_jobalar/tla/65668

5. http://imja.name/onomastikakazakhstana/zhanuzakov.shtml /

1045 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *