• Ұлттану
  • 17 Желтоқсан, 2022

Ұлт азаттығын ұлықтаған

Биыл Ұлт ұстазы, халқымыздың рухани көсемі Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығы ЮНЕСКО көлемінде тойлануда. Осыған орай еліміздің түкпір-түкпірінде ауқымды шаралар өтіп жатыр. Ұлт тарихындағы ұлы тұлғаның ел алдындағы өлшеусіз еңбегі жайлы қаншама рет қайталап айтылса да артықтық етпейтіні анық.  Осы тұрғыда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы, ахметтанушы ғалым Өмірхан ӘБДИМАНҰЛЫМЕН сұхбаттасқан едік.

  – Өмірхан аға, бүгінгі күні XX ғасырдың бас кезіндегі ұлы оқиғалардың тарихи шындығы  біртіндеп ашылып, оларды ұлттық идея, халықтық мүдде тұрғысынан зейінді зерделеу мүмкіндіктері туып отыр. Әсіресе ұлтына өлшеусіз еңбек сіңірген тарихи тұлғаларды, соның ішінде Ахмет Байтұрсынұлын  танып-білуге деген құлшыныстың қуаты ерекше. Мұның себебі неде деп ойлайсыз?

– Әңгіменің әлқиссасын мынадан бастасақ, 1988 жыл – қазақ руханиятында қоғамдық өмірімізге өзгеше бір өзгеріс әкелген тарихи жыл болды. Өйткені, бұл жылы қалың қазақ қауымы ұзақ жылдар бойы көз жазып қалған асыл арыстарымен қайта қауышты. Зұлмат заман тұсында жалған жаламен жазықсыз жазаға ұшырап, сталиндік саясатқа құлдық ұрғандар ұлт тарихынан аластатуға тырысқан ұлылардың санадағы шырақты сәулесі қайта жарқырап, шығармаларындағы нұрлы ойлары жүректерге рухани шуақ шашты. Аңсап жеткен кемеңгерлер тағылымына тағзым ете бастадық. Соның нәтижесінде қоғамымыз өзінің өткені мен бүгіні туралы ілкі пайымдауларға бет бұрды.

Міне, осы кезеңде қайта танып-біле бастаған арыстарымыздың бірі, бірі емес-ау, бірегей тұлғасы – биылғы жылы 150 жылдық  мерейлі мерекесі аталып отырған Ахмет Байтұрсынұлы! Жалпы оны  танып-білуге деген құлшыныстың қуаты ерекше болу себебі, менің түсінігімде  ХХ ғасыр шегінде қазақ тарихында оған шендесер бүтін бітімдік тұлға жоқ. Адам ғұмыры ғалам дамуының уақыт өлшемімен салыстырғанда тым қысқа, сәттік қана болып көрінгенімен, ол жасаған тіршілігінің мәні арқылы өз кезеңі ғана емес, мәңгілікке жол тартар рухани мүмкіндіктерге ие. Ұлының ұлылығы – соны сезіне біліп, пәни жалғанның аз күндік алдамшы қызығына айланып қалмай, ертеңгінің керегіне қарекет жасау. Бірақ жер басып жүрген пенденің бәріне ұлыға айналуды тағдыр жазбаған. Сондықтан да бүтіндей ұлт табынар рухқа айналған жандар тым сирек.

Ахмет Байтұрсынұлы – XIX ғасырдың аяғы мен XX ғасырдың бас кезіндегі қазақ халқының саяси-әлеуметтік, мәдени-рухани өмірінен айрықша орын алған тұғырлы тұлға. Бір басына сан түрлі салқар санаткерлік тоғысқан осынау ұлы азамат қазақ руханиятындағы тендесі жоқ құбылыс десек, артық айтқандық емес. Әрине, оның ұстаздық  тағылым-тәлім ұлағатын, шығармашылық болмыс ерекшелігін, танымына табынтқан ғұлама ғалымдығын, күрескер қайраткерлік қасиетін, кең көлемдегі кемеңгерлік кемелдігін, тұтастай алғанда, ұлттың рухани ұстазы ретіндегі ұлылығын жан-жақты және түгелдей танып танып-білу бірер жылдың ішінде біте қалар жеңіл іс емес екендігі белгілі. Оған тек ұзақ жылдарға созылған көшелі ізденістер нәтижесінде ғана қол жеткізуге болады. Қазақ жұртының Ахаңды қайта назарға ала бастағанына алдағы жылы 35 жыл толады екен. Бұл аз да емес, көп те емес...

– Өзіңіз әлгінде айтқандай, сол «аз да, көп те емес» уақыт ішінде қазіргі қазақ қоғамы өз тарихындағы Ахмет Байтұрсынұлы сынды бірегей тұлғаның сол теңдесі жоқ құбылыстық қасиеттерін қаншалықты біледі?

– Иә, Ахметтей адамзаттық ойдың алыбын біздер  енді танып, кемел ілімнің кеніне енді ғана кенеліп жатырмыз. Әйтсе де, Ахаңның аты да, заты да қалам ұшына ілігіп, есімі ел рухына айнала бастағанына келер жылы бір ғасыр толады екен.  Ахметтануға ХХ ғасырдың бас кезіндегі Міржақып, Елдес, Телжан, Сәкен, Мұхтар, Смағұлдар салған ахметтанудың сара жолын сол ғасырдың аяқ шенінде қоғамдық ғылымдардың көрнекті өкілдері (тілшілер, әдебиетшілер, тарихшылар) Р.Сыздықова, З.Қабдолов, Т.Кәкішев, Ә.Қайдаров, К.Нұрпейісов, Р.Нұрғалиев, Ө.Айтбаев, М.Қойгелдиев, Т.Омарбеков, Қ.Атабаевтар өз мақалаларында қайта жаңғыртып, жалғастырды. Бұл лекке біз де  алғашқылардың бірі болып ілестік деп мақтанышпен айта аламын. Бүгінде бұл тұрғыда біраз ізденістер жасалғанын атап өткен жөн.

Көрнекті тарихшы ғалымдар Байтұрсынұлының ұлы тұлғасын қоғамдық-саяси қайраткерлік, ұлт күрескері тұрғысынан жан-жақты ашса, әдебиеттанушы, тілтанушы және басқа да  әр саладағы жас ғалымдар түрлі ғылым саласы бойынша зерттеп, ізденіс ауқымын ұлғайта түсті.

Олар Ахмет Байтұрсынұлының саяси-қайраткерлік, ғылыми-шығармашылық әлеміне түрлі қырынан келіп, ғылымның сан саласы бойынша тармақтап әкетті. Сөйтіп, ахметтану ғылымын байытуға өз үлестерін қосты. Ахаң мұрасына қатысты дүниелерді түгендеуші, Ахмет Байтұрсынұлы мұражайының директоры Райхан Имаханбеттің деректері бойынша жалпы бүгінде  алпысқа жуық кандидаттық, отыздан аса докторлық диссертациялар қорғалыпты. Белгілі бір ғылым салалары бойынша жазылған бұл зерттеулердің көбі кітапша, монографиялық еңбектер болып басылып шықты.  Сонымен қатар ғылыми зерттеулер ғана емес, Ахаң жайлы жазылған түрлі жанрдағы шығармалар да жетерлік. Олардың бәрінің атын атап, түсін түстеп жату артық деп білеміз.   Жалпы бүгінге дейінгі Ахмет Байтұрсынұлы жайлы жазылған кітаптардың ішінен үш еңбекті айрықша атап өткен  орынды. Олар: Байтұрсын Ілиястың «Алтын бесік», Имаханбет Райханның «Ғасыр саңлағы», Оспанұлы Серікбайдың   «Ұлтын ұлықтаған ұлы тұлға» кітаптары.

– Сіз де ахметтанушы ғалымсыз ғой,  өзіңіздің қандай еңбектеріңіз бар? Тіпті алаштану мен ахметтанудағы ең алғашқы көлемді зерттеуді де Сіз жазған жоқсыз ба?

– Ахметтанумен айналысқанымызға биыл тура  35 жылдың жүзі болып қапты. Осы жылдар ішінде Ахметтануға шама-шарқым жеткенше біраз еңбек сіңірдім деп айта аламын. ХХ ғасыр аяғында (1992) Ахмет Байтұрсынұлының әдеби-публистикалық мұрасы жайлы кандидаттық диссертация қорғап, Ахаң шығарған «Қазақ» газеті туралы монографиям (1993) жарық көрді, «Қазақ әдебиетінің қысқаша тарихы» атты 2 томдық оқу құралының (2002) Ахмет Байтұрсынұлы туралы үлкен тарауын жазып, «XX ғасыр бас кезіндегі қазақ әдебиеті» атты жоғары оқу орындарына арналған оқу құралының (2002), «XX ғасыр басындағы қазақ әдебиеті» атты (2012), «ХХ ғасыр бас кезіндегі қазақ әдебиеті» (2019) оқулықтарының бір тарауын Ахаңа арнадық. Докторлық диссертациямыздың негізінде жарық көрген «Қазақ әдебиетіндегі ұлт-азаттық идея» (2007) атты монографиялық зерттеуімде  XX ғасыр бас кезіндегі әдебиетте ұлт-азаттық идеяның негізін қалаған А.Байтұрсынұлы екендігін дәлелдеп, арнайы бөлім жаздым. 2007 жылы «Арна» баспасынан 25 баспа табақ «Ахмет Байтұрсынұлы» атты зерттеу-эссеміз жарық көрді. «Қазақ әдебиетіндегі ұлттық рух» атты (2010) еңбегімде де Ахаңның әдеби мұраларына арналған арнайы тарау бар. Қазақ университеті баспасынан  «Ахметтану» атты 273 беттік оқу құралымыз (2015) жарық көрді. 2019 жылы басылып шыққан «Алаштың азатшыл  әдебиеті» атты 30 баспа табақ зерттеу еңбегіміздің үлкен бөлігі Ахмет Байтұрсынұлына арналған.

Жалпы бүгінге дейін Ахаң жайлы екі монография, бір оқу құралын жазыппын. Түрлі басылымдарға үлкенді-кішілі 50-ден астам ғылыми-танымдық мақалам басылып шығыпты. Атап айта кетсек айып болмас, «Қазақ» газеті» атты кітабым (1993)  жалпы алаштану мен ахметтанудағы ең алғашқы көлемді (10 б.т.) зерттеу еңбек деп танылды. Кезінде ол кітапты ғылыми орта жылы қабылдап, бірнеше жақсы пікірлер жазылды. Бұл кітап туралы  белгілі алаштанушы, ахметтанушы ғалым, ақын, журналист Серікбай Оспанов былай деп жазады:  «Алаш» қайраткерлерінің азаттық жолындағы күресі бұрын ғылыми негізде сараланып, олардың баспа бетінде жария көрген еңбектері ғылыми сараптаудан өтпеген, тарихи бағасы берілмеген. «Қазақ» газетіндегі мақалалар да жүйеленіп, тарихи-публицистикалық, әдеби-мәдени үрдісте қаралып, талдаудан өтпеген. Сондықтан да «Қазақ» газеті» кітабын жоғарыда айтылған мәселелердің бәрі қарастырылған «Қазақ» газеті туралы қоғамдық ғылымдар саласындағы тұңғыш кемелді зерттеу еңбегі деп бағалаған орынды».  

Бүгінде жоғарыда аталған, бағаланған ғылыми зерттеулер, оқу құралдары мен оқулықтар негізінде Ахмет Байтұрсынұлы туралы жаңа дерек көздерімен толықтырылған кең көлемдегі зерттеу еңбек жазып бітірдім. Жақында жарық көріп қалуға тиіс.

– Ахмет атамыздың өмірі мен қызметі жайлы еңбектер аз емес екені белгілі, бәрі бірдей бүгінгі қауымның көңілінен шықпауы да мүмкін. Сіз не айтар едіңіз?

– Әрине, Ахаң жайлы жазылып жатқан басқа да мақалалар, жарық көрген жинақтар баршылық. В.Қ.Күзембаеваның құрастыруымен ертеректе шыққан (2001) «Ұлттың ұлы ұстазы» атты ғылыми-библиографиялық көрсеткіште қазақшасы, орысшасы бар Ахаң жайлы жазылған 763 әдебиеттің тізімі көрсетіліпті. Кейбір қалып қойғандарын есептемегенде де, бұлардың аздық етпесі хақ. Сан жағына шүкіршілік еткенмен, сапасына келгенде көңілдің бәсең тартарын да жасыра алмаймыз. Себебі, рухани әлемімізге өзгеше өзгеріс әкелген санаткер туралы кейінгі кезде жарияланған материалдар қандай көп болса, олардағы бірін-бірі қайталаулар да сондай көп.

Сонымен бірге ұлы тұлға жайлы жазылған мақалалардың көбі жадағай ой мен құрғақ мақтаудың әсерінен арыла алмай қалып жатады. Мүмкін, өткен ғасырдың 80-90-жылдарында, осы ғасырдың  бас кезінде ахметтануға жаңа бет бұрып жатқан тұста мысал-дерегі аз құрғақ мақтау мен жөн-жосықсыз ұрандап мақтану уақыт үрдісіне сай қажет болған шығар-ақ. Ал бүгінде арыстарымыздың азаматтық тұлғалары мен толыққанды туындыларын танып-білуге сабырға суарылған салиқалы ойды серік етіп, зерделі зейінмен бару керек деп ойлаймын. Өйткені, тереңнен шыққан тебіреніс болмаса, дабыраға еліткен тыз етпе жалған сезімнен ештеңе өнбек емес. Уақыт сұранысы да басқа. Құры ұран, құрғақ айғаймен бітер шаруа шамалы. Ұлы ұстаздың болмысын тану анық та қанық болмаса, таным тым қарабайырланып кетуі кәдік емес. Ендеше бір кездегі М.Дулатов, Е.Омаров, Т.Шонаұлы, С.Сейфуллин, М.Әуезов мақалаларындағы айтылған ойларды кеңейте түсіп, ахметтануды бүгінгі жаңаша көзқарас тұрғысынан байыптап, уақыт талабына негізделген пайым-парасат деңгейінен өрістетудің уақыты жеткен секілді.

Ахметтанудың негізін қалаушылардың бірі – ұлы Мұхаң сонау бір кезде Ахаңды «Ұлттың рухани көсемі» деп бағалаған екен. М.Әуезов бұл сөзді дер кезінде айтты және тауып айтты. Бірақ осы ұғымның мәнін кеңірек ашуға ол кісінің мүмкіндігі болмады. Ахаң тақырыбына қайта бір орала алмады, шындығын айтқанда оралтқызбады. Әйтпесе, Мұхаңдай ғұлама өз жазбаларын сан рет шұқшия қарап, Ахаңдай ұлы тұлғаның рухани көсемдік сипатын толық ашып берген болар еді. Амал кәне, өткенге өкінгенмен, пайда жоқ. Ендеше сол Әуезов ашқан ұлылық болмысына бүгінгі таным деңгейінен көз жіберіп, шама-шарқымыз жеткенше тарихи мол материалдар мен дерек көздері негізінде Ахаң көсемдігінің тұтастық тұғырын тұрғызу керек. Мақсат – Ахмет Байтұрсынұлы болмысының белгілі бір қырына ғана назар аудару немесе жекеленген шығармаларын талдау емес, бүтін болмыстың бүтіндігін толық таныту болуы тиіс. Өйткені ол – алты алаштың ардағына айналған, түгел түркіге ортақ текті тұлға!

– Атамыз жайлы көлемді зерттеу еңбек жазып бітірдім дедіңіз, мұны жазудағы басты мақсатыңыз не?

– Әрбір ұлы тұлғаның тұғырлы бейнесі ол өмір сүрген ортаға, тарихи кезеңге тереңірек көз жібергенде ғана шынайы аңғарыла бастайды. Ахмет Байтұрсынұлы – заманына сай туып, дәуірдің жарығы мен қараңғысын бірдей бағдарлап, жамандығынан жерініп, жақсылығынан үйрене білген жан. Ол – бір басында сан саналы өнер тоғысқан, телегей теңіз энциклопедиялық білім иесі болған, қиындыққа толы тартысты ғұмырында қараңғылықта қалған қалың елін жарқын болашаққа жеткізуден басқа бақыт бар деп білмеген бірегей тұлға.

Ә дегенде-ақ назарға ілігетін бір сипат – Ахмет Байтұрсынұлының бүкіл тірлік-тынысы, адамдық болмысы, ой-танымы, ең алдымен, азаттық ұғымымен астасып жататындығы. Ол – жеке бас, жеке адам еркіндігінің жоқтаушысы емес, түгел жұрт, тұтас ел азаттығы идеясының ту ұстаушысы. Яғни, жалпы, XX ғасырдағы саяси күреспен мазмұндалған азаттық қозғалыстың бастауында тұрған қайраткерлердің рух-тұлғасы – осы Ахаң.

Ахмет Байтұрсынұлының азаматтық тұлғасын, ұлттың рухани ұстазы ретіндегі көшбасшы көсемдігін бәрінен бұрын оның қоғамдық-әлеуметтік қызметтері айқындайды. Солардың ең бастылары – ұлт санасын ояту, халықты өнер-ғылымға үндеп, өркениетті елдердің қатарына қосуды көздеген ағартушылық, отаршылыққа қарсы ымырасыз күрес.

Ендеше біздің толлыққанды зерттеу еңбек жазудағы  басты мақсатымыз –  Ахаң болмысына бойлау арқылы, сан қырлы саңлақ дарынның адамдық-азаматтық, қайраткерлік-тұлғалық, кемеңгерлік-көсемдік, білімпаздық-ғұламалық, шығармашылық-ақындық, ағартушылық-ұстаздық болмысын жан-жақты ашып, толыққанды таныту.

– Онда қандай сұрақтар қамтылмақ? Мысалы, ұлы тұлғаның туған жылы туралы әртүрлі деректер бар?

– Ахаңның туған жері анық болғанымен, оның туған жылы туралы қилы пікірлер айтылады. Жалпы ұлы тұлғаның 50 жасқа толған мерейтойы 1923 жылы қазақ астанасы Орынборда, көп жылдардан кейін 1998 жылы 125 жылдығы республика деңгейінде аталып өткенімен, ғылыми орта бұл туралы түпкілікті тұжырымға келе қойған жоқ.  ҚазПИ мұрағатынан алынған өз «Өмір жазбасында» «Туылған жылы «мешін» (1872)» деп жазылған. Ал Ахмет Байтұрсынұлы туралы алғаш толыққанды зерттеу мақала жазған Міржақып Дулатов «...28 (15) қаңтар, 1873 ж.» деп көрсетеді. Өзіміздің алғашқы  еңбектерімізде біз де осы деректі негізге алғанбыз. Ахмет өмірі мен шығармашылығын мұрағат деректеріне сүйене отырып зерттеген Р. Имаханбетова бірнеше құжаттарды мысалға келтіре отырып, 1872 жылы туылғандығы туралы айғақтарды алға тартады. 1921-1929 жылдардағы түрлі құжаттар мен сауалнамаларда Ахмет Байтұрсынұлы өз туған жылын көбіне 1872 жыл деп көрсеткен. Ғалымдар Т.Қожакеев, Д.Қамзабекұлы 1922 жылдың тамыз айында Ташкенттегі қазақ зиялылары Ахаңды құрметпен қарсылап, оның мерейтойын атап өткендігін «Ақ жол», «Тілші» газеттерінде жарияланған материалдар негізінде сараптайды. Ал енді А.Байтұрсынұлының туған жылына қатысты НКВД құжаттарында туылған жылдары 1870, 1871 деп көрсетіледі.

Туған жылға қатысты бұл мәліметтердің бәрін жинақтай келе мынадай қорытынды жасауға болады. Ең алдымен, баласының дүниеге келгені туралы куәлік алмайтын қазақ, оны жыл мезгілімен, не бала дүниеге келген жылғы ерекше оқиғамен есте сақтап, жыл қайыру бойынша шығарып отырған. Ахаң кейіннен өзі толтырған құжаттарда көрсеткен «мешін» осының бір дәлелі. Шындығында, қазақ жыл қайыруы бойынша мешін 1872 жылға келеді. Ендеше Ахмет Байтұрсынұлының өз қолымен толтырылған құжаттардағы, атап айтқанда, «Ахмет Байтұрсынұлының жеке ісі», «Ағартушылық халық комиссариатының қызмет тізімі», «Жауапты қызметкерлер сауалнамасы», т.б. «5 қыркүйек 1872 жылды» негізге алуымыз керек.

Ал 1923 жылғы мерейтойға келер болсақ, оған Ахаңның мерейтойын өткізуге деген қарсылықтардың көп болғандығы басты себеп. Сол кезде республика басшылығында болған С.Меңдешев, В.Радус-Зенькович, Ә.Жангелдин, Ә.Әйтиев және басқалардың бір кездегі алашорда басшылығында болғандарға қарсы қатты күрес жүргізгендігі белгілі. 1920 жылы 4-12 қазан аралығында Орынбор қаласында Қазақ АССР Кеңесінің съезі өтіп, өкімет басшылығы сайланды. Қазақстан Атқару Комитетінің төрағасы болып В.А.Радус-Зенькович тағайындалды. Олар кешегі Алашорда басшысының мерейтойын өткізуге қарсы болғаны белгілі. Ол мәселе жоғары жақтан қолдау таппай, 1922 жылдың аяғына қарай шешілген болуы керек. Бұл мәселенің дұрыс шешілуіне 1922 жылдың қазан айында Халық Комиссарлар Кеңесінің төрағасы болып келген Сәкен Сейфуллин игі әсер еткен. Оның салтанатты мерейтойды ашып, рухани ұстаз туралы жүрек жарды сөз айтуы осының айғағы.

Ал енді мерейтойдың уақыт өтіп бара жатқандықтан асығыс өтуі, сөйтіп жалпы қазақ жұртшылығы хабарланбай қалу жайы Ташкентте шығып тұрған «Ақ жол» газетінде айтылған. Басылым өзінің Мұхтар Әуезовтің «Ахаңның елу жылдық тойы (юбилей)» атты мақаласы жариялаған санында тойға жеке лебіз білдірген. Онда: «Ахаңның елу жасқа толғаны туралы қазақтың көп жері білмегендіктен, көңілдегідей болмай өтіп отыр. Олай болуға себепкер Ахаңның туған жері – Орынбордағы қазақ азаматтарының жер-жерді күн ілгері құлақтандыра алмағандығы. Тойдың болатұғын күнін бұрын сөйлесіп қойғанда, Ахаңның атын білген екі республикадағы (Қазақстан және Түркістан) қазақ өмірде есте қаларлық қылып бірге тойлайтұғын еді. Ахаңның халыққа қызметін көрсетіп, тәржіма халын айтып, туған күніне арнап кітап шығару қажет еді. ...Орынбор азаматтарының жедеғабыл алып қалғандығынан, көңілге алғандай болып істелмей отыр», – деген өкініш білдірілген. Яғни Ахаң мерейтойы тез арада өткізілген шара.

Осының бәрін салғастыра қорытындылай келгенде, Ахмет Байтұрсынұлы 1872 жылдың 5 қыркүйегінде дүниеге келді деуге толық негіз бар. Биылғы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығы алаштанушы, ахметтанушы ғалымдар ұзақ жылдардан бері көтеріп келе жатқан туған жылы нақтыланған дерек ескеріліп аталып отыр. Бұл да бір ұлттығымызды оятып, ұлы тұлғаны ұлылығына сай ұлықтаудың көрінісі болса керек.

1872 жылы қыркүйек айының 5 жұлдызында дүниеге келген Ахмет Байтұрсынұлының өз қолымен жазылған өмірбаянында: «Мен Торғай уезінің Тосын болысындағы №5 ауыл қазағының баласымын. 1886 жылдан бастап 1891 жылға дейін екі класты Торғай орыс-қазақ училищесінде оқыдым. 1891 жылдан 1895 жылға дейін Орынбор орыс-қазақ мұғалімдер мектебінде оқыдым, 1895 жылдан бастап Торғайдың әр жерінде, әр түрлі бастауыш училищелерде, ауылдық мектептерде істедім», – дейді. Бұл өмірбаян Ахаң 1928 жылы Алматыда ашылған Қазақ университетіне (қазіргі Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті) профессорлық қызметке алынарда, 1929 жылы 8 наурызда жазылған.

– Қазақта «болар бала болмысынан» деген тұжырым бар. Ахмет атамыздың өнер-білімге құштарлығы да сірә бала кезінен бастау алғандығы сөзсіз. Бірақ бұған не әсер еткені қызық?

– Шынында да Ахаң бала күнінен талапты да таланты болып өсіп, туа бітті дарынымен өз елiнiң көшелі азаматтарының көзіне ерте түскен, болашағынан көп үміт күттiрген.  Ахмет дүниеге келген Тосын болысының 5-ауылында уақ Жұмабай ақын өмip сүрiптi. Ол туралы Н.Бектемiсұлы «Ахмет ұшқан ұя» кітабында: «Ақын болғанда да ақынның бiрегейi. 1838 жылы туған адам. Әкесінің аты Шалабай. Ел арасында «Өлеңшi ата» Жұмабайға үш рет көрiнiптi деген аңыз бар», – деп жазады.

Осы Жұмабай ақынның төңiрегiнде Ахметтiң жақын туысы Қарпық Шолақұлы, Есенжол Жанұзақұлы, Сейдахмет Бейсенұлы, т.б. ақындар болған. Жас Ахмет осылардан өлең өнерiнiң сырын ұғып қоймай, өлең сөзге ебi барлығын таныта алса керек. Жұмабай ақынның үйiне Ахмет жиi қатынап, оның айналасындағы өнерпаздардан өнер үйренгендігін 90-нан асып қайтыс болған Ермағамбет деген өзі де ақын, жырау кici елжiрей еске алады екен. Назарбек ақын өз аузынан eстiгeн Ермағамбет ақсақалдың мына бiр сөздерiн мысалға келтiредi: «Ахметке домбыра үйреткен Есенжол ақын, әндi де сол Есенжолдан үйренген. Жалпы Ахмет өнерге ерте қанат қаққан өpeнім ғой».

Axметтің талантына таңғалып, көкірек көзінiң ашықтығына риза болған аға буын ақындар жас талапкердiң талабын құптап, оның болашағынан үмітті екендiктерiн өлеңмен бiлдiрген. Жеткiншекке өлең арнаған. Мәселен, жоғарыдағы Ермағамбет ақсақал айтқан, Ахметке домбыра үйреттi дейтiн Есенжол ақын шәкiртiне: «Берермiн саған сенiп домбырамды, Төгiлтiп тербеу үшiн қоңыр үндi... Сонда сен айтқанымды жалғарсың да, Домбыра қағысы мен аққу үннен, Тыңдаушы Есенжолды aңғарсын да»  деп бата берген.

Дуалы ауыздың айтқаны шынға айналып, Ахаң саз өнepiнің керемет жанашыры, музыкалық аспаптарда ойнаудың шеберi болғаны белгiлi. Ахаңның қызы Шолпан әкесiнiң домбырада ғaнa емес, скрипка, пианино сынды күрделi саз аспаптарында шебер ойнайтындығын еске алады. Кезiнде А.Затаевичке қазақтың көп әндерін жаздырып, eкi күйдi өзі домбырада ойнап, нотаға түсiрiптi. Қарпық ақынның баласы Ерғали: «Ахаң да маған домбырашы, күйшi, әншi де болған едi, өзі шығарған 12 күйi бар едi» – деп отырады екен.

Ахметтің дарынын танып, өлеңнен шашу шашқан ақынның бipi – Сейдахмет Бейсенұлы. Есенжол ақын 1845 жылы, Сейдахмет ақын 1851 жылы дүниеге келген. Сейдахметтің «Ахметке арнау» өлеңі өзiнің өте бiр жылылығымен тартып алатын, «сылдырлаған келiсiмi» келiскен әдемi өлең. «...Бақ қонды оннан жаңа асқанында, Асарсың өнердің асқарын да. Жарқырап әлi бiр күн тұрарсың сен, Жұлдыз боп қазағымның аспанында!».

Әр жолынан Ахметке деген мақтаныш сезiм мен ризашылық көңілдің белгiсi менмұндалап тұратын өлеңнің соңғы шумағында көзi ашық, көкірегі сара жанның көрiпкелдiк қасиетi танылғандай. Ақын болжаған болашақ айнымастай келген жоқ па?! Осы Сейдахмет ақынның «Miнәжат» өлеңiн Ахаң өзінің «Әдебиет танытқыш» атты зерттеу еңбегiне өлең түрінің бiр мысалы ретiнде енгiзген. Бiр кезде өзіне ұстаз тұтқан жанға деген құрметтілігінің белгiсi емес пе бұл?!

Ахаңның өнерге бет бұруына үлкен септiгiн тигiзген ақынның бiрi – өз туысы Қарпық ақын. Оның Ахмет аса қадiрлеген ақын екендiгiнің бiр белгici – «Әдебиет танытқыштың» бiрнеше жерiнде аты аталуы. Қарпықтың бала Ахметке әcepi туралы қазақтың ақиық ақыны әpi жерлесi, әpi немере күйеу баласы Сырбай Мәуленов мынадай ой түйедi: «Ахметке Торғай торабының атақты жырауы Қарпықтың тигiзген шарапаты мол. Қapпық жыраудың әуездi әyeнi, өлең өрiмдерi табанда үйлестipeтін тапқыр ұйқастары, шешендiк шеберлiгi, халық тарихын жете бiлетiндiгi жас Ахметтің талап көзiн ашуына көмектесті. Ол бiрте-бiрте талант дегеннің тазалығын, адамгершiлiктің, ардың ici екендiгiн айқын түсіне бастады». Торғай өңiрiнiң ipi ақыны болған Қарпықтың А.Байтұрсынұлының «Әдебиет танытқышындағы» өлең үзiндiлерi, «Жиырма үш жоқтаудағы» жоқтау өлеңдерiнен басқа туындылары сақталмаған. Өкiнiштi-ақ!

Иә, ел үшiн тyғaн азамат боларын ерте сездiрiп, алдыңғы толқын ұстаз ағаларының мейiрiмiне бөленген Ахмет өмірінің шәкiрттiк кезеңiн XIX ғасырдың 95-жылдары аяқтап, ұлтым деген ұлы арманмен тағдыр тосқан тауқыметі мол күрес жолына бет алды.

– Енді осы күрескерлікке келуі қалай басталғаны жөнінде азы-кем айта кетсеңіз. Қазақы түсінікте себепсіз себет арбаға мінбейді ғой?

– XIX ғасырдың екінші жартысында қазақ ағартушылары мен ақын-жазушылары аңсаған ілім-білімді үйренуге үндеу осы ғасырдың соңы мен XX ғасырдың бас кезінде біршама нәтижесін беріп, алдыңғы қатардағы азаматтарды елді ояту, азаттықты аңсауға жетеледі. Осынау зиялылар арасында ел бағытын айқындар сара жолды жаңылмай нұсқап, адастырмас даңғылға алып шығуға ұмтылған қоғамдық өмір өрінде ұлт зиялылары атты жаңа тұлғалар шоғыры таныла бастады. Солардың ең көрнектісі – Ахмет Байтұрсынұлы. Ол азаттық пен бостандық жолындағы заманына лайық туып, халқына жан аямай еңбек еткен бірегей тұлға еді. Ахметтің өмір жолы біздің бұл пікіріміздің нақты дәлеліндей.

Ахмет Байтұрсынұлының арғы атасы Таңбаймен бірге туған Қасқатайдан тарайтын, жоғарыда аты аталған Қарпық ақын ағайыны Төлебайға шығарған жоқтауында өз бабаларының Арғынның атақты батырлары болғандығы туралы біраз жырлаған.

Шақшақ, Аманжол, Жәнібек,Үмбетейлер туралы айта келіп:  «Бергі атамыз Аралбай, Шыға бір шапқан қамалға-ай. Қызыр дарып, ер болып, Нәсілі қалды заманда-ай» – деп батыр бабаларын мақтан тұтады. Ахметтің өз атасы Шошақ өте қайратты, мінезі салмақты, шындықты бетке айтатын, ақылды, ел-жұртына беделді кісі болған екен. Ол баласы Байтұрсынға көп үміт артқан. Себебі, тумысынан күшті әрі қажырлы Байтұрсын еркіндікті, бас бостандығын қадір тұтатын, ешкімнің өзіне билік айтып, бұйыра сөйлеуіне жол бермейтін жан болыпты, өзіне жетерлік дәулеті де болған. 1843 жылы дүниеге келген одан Қали, Кәкіш, Ахмет, Мәшен атты ұлдар, Зидаш, кейде Жиляш деп те жазады, қыз туылады. Қалидың қызы Сәкеннің айтуынша, Байтұрсын еңгезердей ірі, бойы биік, тік жүретін, иықты, ашаң денелі, сақал-мұрты, шаштары аппақ, көп сөйлемейтін кісі болыпты.

– Ахаңның тегі жайлы айттыңыз, «жақсыдан жаман туса да, жаманнан жақсы туса да тартпай қоймас негізге» дегендей, аталарына тартып туған текті екені анық көрініп тұр. Сонымен бірге, бабаларымыз «алып – анадан», «ер жігіттің жақсы болуы нағашыдан» деген ғибратты тұжырым қалдырған. Ахмет атамыздың анасы жайлы қандай деректер бар?

– Ахметтің анасы  Күңіш – арғынның Cүгip руының Шеру атасынан шыққан Құлыбек деген байдың қызы екен. Жазылып қалған құжат жоқ болғандықтан бұл кiсiнің аты әртүрлi атала бередi – Күңшi, Күнше, Күңіш, т.б. Бiз бiрақ ол кісінің әлдиiн естiп, epтeгiciн тыңдап, жетегiнде өскен Қалиқызы Сәкен атаған есiмдi дұрыс деп бiлемiз. Ол кiciнiң көзін көрген Сәкен әжей: «Күңіш әжемiз өте келбеттi, ұзын бойлы, ақсары, толық денелi, сәндi киiнетiн кici едi. Қол өнepiнің шеберi, ақындығы да бар, epтeгi, жұмбақтарды көп бiлетiн, бiзге ұзақ қыстың кештерiнде айтып отыратын, топ жарып ән салатын, мiнезi елден ерекше батыл, ешкiмнен именiп қорықпайтын», – деп сипаттайды. Ерекше өжет мiнезiне сай ел ол кiciнi «Сарыуез» атап кеткен екен. Байтұрсындардың мал-мүлкi тәркiленгенде жалғыз көкшолақ ат қалыпты. Күңiш әжемiз сол көк аттың күшiмен балаларын асырапты.

Күңiш анамыз Axмeттi басқа балаларынан ерекше көредi екен. Оның оқуға деген құштарлығын сезген ана қандай қиындық болса да шыдап, әйтеyiр Ахметтің оқудан қол үзiп қалмауын қатты қадағалапты. Жоғарыда айтқан, ол кiciнi көзі көрген Қалиқызы Cәкеннің Гүлнар Дулатовағa айтқан әңгiмесiнде: «Күңiш әжемдi де өте жақсы бiлемiн. Әжем ақ сарының әдемiсi, ұзын бойлы, соңғы жылдарында денесi толық болатын, көшкенде атқа мiнбей, мeнi жанына отырғызып алып, пәуескемен жүретiн. Мiнезi ашық, жұртты есiркейтiн қолы ашық кici едi. Шаруаға ұқыпты, үй-iшiн таза ұстайтын, тамақ пiсiруге, киiм-кешек тiгyгe шебер, түйелердi өзге малдан ерекше жақсы көpeтiн, баптап бақтыратын, қыста үстepiнe киiзден кестеленген жабу тiгiп кигiзiп қоятын. Інген-боталары әжем сыртқа шықса болғаны ерiп жүретiн», – деп елжiрей еске алады. Табиғатынан мейiрiмдi, көкipeк көзі көреген жан жақсы көpeтін баласының бойындағы ерекше қасиеттер мен дарын болмысын ерте аңғарған болуы керек, қамысты күйдiрiп, күйесiмен жазу жазып жүрген бала талабынан таланттың ұшқынын сезiмтал ана жүрегi ерте сезiнген. Күңiш әжемiз 1919 жылы дүниеден өтiптi.

–  Әрине, осындай еркіндік пен бостандықты қадір тұтқан, ешкімге өзін  басынуға жол бермейтін көзі ашық, көкірегі ояу текті әке мен шешеден туған,   отарлаушылардың озбырлығын кішкентайынан көріп өскен Ахаңның ұлтының азаттығы үшін күрескерлік жолына түсуі заңдылық дейсіз ғой?

– «1885 жыл біздің отбасымызға қайғы-қасірет алып келді. Торғай уезінің бастығы, полковник Яковлевті сабағаны үшін әкем түрмеге отырғызылды. 1886 жылы 15 жылдық каторгалық жұмысқа үкім шығарылып, мал-мүлкі тәргіленді», – деп жазады өз «өміржазбасында» Ахмет Байтұрсынұлы қысқа ғана.

Аталмыш оқиғаның жайы бұл күнде көпшілікке жақсы таныс. Осы оқиғаға байланысты кезінде  9 адам жауапқа тартылады. Солардың ішінен ағайынды үшеуі – Байтұрсын, Сабалақ, Ақтас Шошақовтар және Темірше Қайдеков, Ыбырай Байтұтев, Қорғанбек Жантасов Торғай қаласында қамауда ұсталса,   ауыр жараланған екеуі – Қайдек Танабаев, Ботақан Тілеушин өз ауылдарында қалады. Ерғазы Шошақов та қамауға алынады.

 Бұл жағдай Ахметке өте ауыр тиеді. Жеке басына үлкен қасірет әкеліп, жүрегіне шемен болып қатқан бұл қайғыны Ахмет кейін «Анама хат» өлеңінде (1909) былайша жеткізген болатын: «Үмітсіз шайтан болсын» деген сөз бар, Жолдар көп жәннатқа да тарам-тарам. Оқ тиіп он үшімде, ой түсіріп, Бітпеген жүрегімде бар бір жарам. Алданып тамағыма, оны ұмытсам, Болғандай жегенімнің бәрі арам. Адамнан туып, адам  ісін етпей, Ұялмай, не бетіммен көрге барам?!».

Орыс отаршыларының осындай зорлығын жас күнінен өз басына үйірілген қасіреттен түйсінген Ахмет есейе келе бүкіл ұлтына төнген қауіптің зардабын айқын сезініп, ұлт-азаттық күрес жолына түсіп еді

Байтұрсындар айдалғанда Қарпық ақын: «Байтұрсын, Ақтас түсіп жанған отқа, Тартылды жазаланып ісі сотқа, Кәрі ояз Яковлевпен ерегісіп, Кигізді басын жарып қызыл ноқта. Сібірге он бес жылға жер айдалды, Дүние шыркөбелек шыр айналды. Айырылған қамқоршысы ерлерінен, Халықтың көкірегіне дерт байланды», – деп жырлаған екен.

Сібірге жер аударыларда баласымен жүздескен әке сот процесі кезінде тіл білмеудің, шала сауатты тілмаштардың дұрыс аудармауының қорлығын көргендіктен үміт күтер баласы Ахметті  қайтсең де оқыт деп, інісі Ерғазыға  тапсырып кетіпті. Кейіннен өз «Өміржазбасында»: «...осы бақытсыздық менің Торғай қаласындағы мектепке түсуіме себеп болды», – деп жазғанындай, тағдыр басқа салған бақытсыздық азаттықтың ақ жолына бет бұрғызады.

– Демек, Байтұрсын атамыздың «Ахметті  қайтсең де оқыт» деген өсиеті қазақ қоғамы үшін қай кезде де маңызды дейсіз ғой?

– Әрине, «білекті бірді жығар, білімді мыңды жығар» деп аталарымыз  бекер айтқан жоқ. Бүгінгі күні де еліміз жан-жақты дамуы үшін жастардың  білім алуына, сол алған білімін ел игілігіне жұмсауына басты назар аударуымыз, жеткілікті жағдай жаратуымыз тиіс!..

Байтұрсындар сол азапты жолдан түрмесі бар, айдауы бар, қайтар жолы бар 17 жылдан соң оралады. Бұл – 1901 жыл. Атақты Қарпық ақынның Байтұрсынға арнаған жоқтауында келген соң оның жеті жыл өмір сүргені айтылады. Байтұрсын 1908 жылы дүниеден өткен. 1909 жылы Ахмет Семей түрмесінен әкесіне емес, анасына хат арнауының бір сыры осында болса керек.

Байтұрсын, Ақтас айдаудан оралғанда, Қарпық ақын: «Байтұрсын, Ақтас ағай сәлем бердік, Шүкірлік жүздеріңді аман көрдік. Сендердің тұқымың деп бізді соқты, Не қиын қилы-қилы заман көрдік» – деп басталатын ұзақ жырмен қарсы алған.

Осынау сан қилы оқиғалар мен туғандарының тағдыр қиындықтары жас болса да жүрегінде жалыны бар Ахметтің санасында отаршылдыққа деген өшпенділік отын жаққан болуы керек. Ол кейіннен білім-біліктің арқасында жекебастық кектен елдік мұратқа, ұлттық мақсатқа айналған.

– А.Байтұрсынұлын Мұхтар Әуезовтің «Ұлттың рухани көсемі» деп тануының, бүгіндері Сіз байыптап жүрген «Ұлттың рухани ұстазы» ұғымының астарлы сыры мен сындарлы мәні  неде?

– А.Байтұрсынұлын ағартушы-санаткер, ақын, журналист, ғалым, күрескер, қайраткер еткен де біріншіден, халқына деген сүйіспеншілік, екіншіден білімділік, үшіншіден алысты болжаған көреген біліктілік.

Ахмет Байтұрсынұлының күрескерлік мақсат-мүддесі руханият әлеміндегі ізденістерінде жатыр. Оның руханияттық іс-әрекеттерінің маңызын біз күрескерлік ұстанымдар тұрғысынан қарауымыз керек.

Алға қойған ұлы мақсаттарға оқусыз, білімсіз қол жеткізуге болмайтындығы бесенеден белгілі. Сондықтан да Ахаң қайраткерлігі ағартушылықтан бастау алады. Ұстаздық қызмет оны ұлт қайраткері деңгейіне көтерді.

Ағартушы  ұғымының ауқымы  кең. Ол тек балаға сауат ашқызып, мұғалім болудан тұрмайды.   Ағартушы – халық санасын оятушы тұлға, онда елдік мақсат басым болуға керек Ал, сананың оянуы – оқып, білім алуды қажетсінеді. Толыққанды  да жан-жақты білім алу үшін сол білімге қол жеткізер қажетті дүниелер жүзеге асуы, оқу-ағарту ісі дамуы тиіс. Халықтың өзіндік жазуы, қажетті оқу құралдары, ұлттық мектептері болуы керек.

Ахаң «Алла!» деп, ағартудың ақ жолына түскен сәтте  бұның көбі жоқ болатын. Оларды жолға қою Ахаңды бәрінен бұрын ана тіліміздің мәселелерімен айналысуға, оны оқу пәні дәрежесіне көтеруге ден қойғызған-ды. Өйткені тіл барлық істің бастауы екендігін, онсыз ешбір білім-ғылымның дамуы мүмкін еместігін ұлы ұстаз жақсы түсінді, жете білді.

Ахаң атқарған ұшан-теңіз рухният істерінің ең зоры – тұңғыш тілші-ғалым ретіндегі қазақ тіл білімін дамытуға қосқан үлесі.  А.Байтұрсынұлы  әу, бастағы алған білімі, мамандық бағдары жағынан кәсіби тіл маманы емес еді. Оны тіл біліміне алып келген жоғарыда айтып өткен  оқу-ағарту ісін жолға қою, оқу-білім арқылы қазақ халқын отарлық езгіден құтқару мақсаты. Арнайы дайындықтан өтпегендігіне қарамастан, бойында  туа біткен дарыны бар тілші-ғалым тума біліктілігінің арқасында туған тілінің табиғатын, оның құрылымдық категорияларын жете меңгерген-ді. Әрине, қазақ грамматикасының сыры мен қырын танудағы оның алғашқы сүйеніші орыс лингвистикалық мектебінің ілім-білімі болғандығын жоққа шығаруға болмайды. Бірақ ол ә дегенде-ақ, туыстығы жағынан ерекшеленетін  түркі тілдерінің (оның ішінде қазақ тілінің) құрылымындағы орыс тілінен айрықшалайтын басты ерекшеліктерді тап басып тани алды.

Қазақ тілі туралы ой-пікірлердің Ахаңа дейін де айтылғаны, ХІХ ғасырдың  екінші жартысынан бастап олардың жүйелі сипат алғаны да рас, мұны ешкім де жоққа шығара алмайды. Бірақ ескере кетер бір жайт, ол еңбектердің барлығы да ана тілімізде емес, зерттеліп отырған тіл табиғатына жат тілдерде жазылғандығы. Сондықтан да олардың бірде-бірінде (Ильминский, Мелоранский, т.б.) туған тіліміздің өзіне тән табиғаты түбегейлі ашылған жоқ. Ең бастысы, оларда қазақ тілінің дыбыстық, грамматикалық құрылымдары байырғы замандардан бері қарай бірден-бірге жалғасып келе жатқан үнді-европалық тіл білімінде орныққан дәстүрлі ұғымға, үлгіге негізделді, лингвисталық терминдері де солардан алынды.

Орыс зерттеушілерінің басым бөлігі өз еңбектерінде үнді-европалық тілдерде бар категорияларға қазақ тілінен мысалдар  іздеді, таба қалған жағдайда терең байыбына бара қоймастан, ол категория қазақ тілінде де бар, таппаса, жоқ деп, біржақты тұжырым жасады. Бұның бір дәлелін Елдос Омаровтың «Ахмет Байтұрсыновтың ғылыми қызметі» атты еңбегінен таба аламыз. Ол: «Ахмет Байтұрсынов өзінің оқу құралдары арқылы тамаша жаңалықтар ашты. Оның жаңалықтары Европа ғалымдары жазған қазақ тілі грамматикаларына қандай түзетулер, толықтырулар енгізілгенін бұл еңбектерді салыстыра қараған адам бірден көреді», – деп, әділін айтқан болатын. Ахметтанудың бастау көзінің бірі саналатын осы зерттеуінде Е.Омаров Ахаңды қазақ тіл білімінің теңдесі жоқ  білімпазы деп танып, ол жасаған әліппе, ол жазған грамматикаға қатысты еңбектерді өте жоғары бағалап, олардың қазақ тілі туралы жат жұрт ізденушілері жазған жұмыстардан артықшылығы ғалымның ана тілінің төл табиғатын терең тануында екендігін дәйекті деректермен дәлелдей алды.

Тіл ғылымы бағытындағы алғашқы қадамын Ахмет Байтұрсынұлы тіліміздің дыбыстық жүйесін зерттеуден, дыбысқа сәйкес әліппе жасаудан бастады. Ұстаздың өз ойларын ортаға салған алғашқы мақаласы 1912 жылы «Айқап» журналында 4-5 сандарында жарияланды. Осыдан өріс алған ізденістерін Ахаң 1914 жылдан 1928 жылға дейін бірнеше рет қайталанып басылған «Тіл – құрал» атты оқулығында одан әрі дамытты. Соңғы түйін 1927 жылғы «Түзетілген әріп» деген атпен «Жаңа мектептің» 5-санында жарияланған мақалада тұжырымдалды.

Ендеше, Ахаң – ұлттық руханияттың  ұлы тіні қазақ тіл білімінің ана тілімізде зерттелуіне даңғыл жол ашып, туған тіліміздің теориялық тұрғыдан тұғырлы тұжырымдалуының негізін қалаушы, өзіне дейін жат тілдерде сөз болып келген ана тілі мәселелерін туған тілімізде зерттеп, солардың негізінде қазақ тіл білімі атты төл ғылымызды қалыптасыруға өлшеусіз еңбек сіңірген ғұлама ғалым. 

Ал енді Ахмет Байтұрсынұлы – жалғыз тіл ғылымын терең зерттеп ұлттық тіл ілімін қалыптастырып ғана қойған ғалым емес, сөз  құдіретінің құпиясына үңіліп, тылсым  сырын ашқан, әдебиет атты асыл өнердің болмысына бойлай білген ғұлама да.

Алғашында ауыз әдебиетінің жауһар жәдіргерлерін жинастырып, олар туралы тұщымды мақалалар жариялаған Ахаң, кейіннен жалпы қазақ әдебиеттану ғылымының қалыптасу негізін қалаған  ең көрнекті әдебиет зерттеушісіне айналды. Ғалымның сонау 1913 жылы жазған ұлы Абай туралы  «Қазақтың бас ақыны»  атты мақаласы шын мәніндегі абайтанудың негізін қалаған еңбек болып саналады. Ахметке дейін Кәкітай, Әлихандардың жазғандары  бар екені рас, бірақ оларда Абай туралы жұртты хабардар ету, ақын өмірін баяндау мақсаты  басым түсіп жатады. Ал, Абай ақындығы алғаш рет Ахмет мақаласында жан-жақты талданып, толыққанды ашылғанын   мойындауымыз керек. Ондағы таза талғам, айшықты талдау, терең таным  абайтанудың  әліппесін ашты десек болғандай. Кейінгі Мұхтар даналықпен жалғастырып, қазақ әдебиеттану ғылымындағы жеке салаға айналдырған Абай ақындығын танып-білу Ахаңнан бастау алады. Ол кешеден бүгінге, бүгіннен ертеңге желісін үзбей жалғаса береді.

 Ахмет Байтұрсынұлының әдебиет зерттеу ғылымына қосқан аса зор еңбегі  атақты «Әдебиет танытқыш». Бұл енді жалпы қазақ әдебиеттану ғылымының бастау көзі саналатын сындарлы дүние. Мойындайық, мойындамайық бүкіл әдебиетшілер осы 1926 жылы Ташкентте жарық көрген «Әдебиет танытқыштың» шекпенінен шықты. «Әдебиет танытқыш» – қазақ әдебиеттануының негізі болып саналады. Өйткені ол – әдебиет тарихын, әдебиет  әдістемесін, әдебиет әдіс-тәсілін, әдебиет ұғым-терминдерін, әдеби жанрлар жүйесін түгел түзген күрделі тарихи-теориялық зерттеу.

Ахаң осы еңбегінде асыл сөз-әдебиеттің басты қасиетін тап басқан «Сөз өнері» ұғымын тұңғыш ғылыми айналымға енгізді. Бұл ұғымның әдебиеттің әсемдік әлемін танып-білудегі атқарған қызметін айтып жеткізу қиын. Ғалым бұл ұғымды айналымға әдебиеттің өзге өнер түрлерінен артықшылығы мен ұлылығының айырымы үшін енгізген. Қараңыз: «...өнердің бәрінің де қызметін шама қадарынша сөз өнері атқара алады, қандай сәулетті сарайлар болсын, қандай сымбатты я кескінді сүгіреттер болсын, қандай әдемі ән-күй болсын, сөзбен сөйлеп, сүгіреттеп көрсетуге, танытуға болады. Бұл өзге өнердің қолынан келмейді». Бұл тұжырым нақтылығымен құнды.

Ұлы әдебиеттанушының осыдан 96 жыл бұрынғы сөз өнері жайлы айтқан ой-пікірлері, ғылыми тұжырымдары, әдеби терминдер қалыптастырудағы ізденістері көп жағдайда бүгінгі күн сұранымдарына да жауап беріп жатуы,  эстетикалық таным-білік биіктігін танытса керек. Сөзді көп созбай, тоқ етерін айтқанда, «Әдебиет танытқыш» – қазақ әдебиеттану ғылымының атасына саналар асыл мұра. Міне бұлар – саңлақ санаткердің қазақ руханиятындағы тұғыры биік өзіндік орнын айқындағын  ғалымдық болмысының айғақтары.

Ахмет Байтұрсынұлының салқар санаткерлігіне, күресшіл рухына, азатшыл ұстанымына тән бір сырлы құбылыс – шығармашылық болмыс. Бұл құбылыс – негізінен құбылмалы дүниенің дүбірін дәл мезгілінде аңғарып, оны жыр жолдарының мазмұнына жүк еткен поэзиядағы ізденіс жемісі. Ахаң  ел азаттығы жолындағы жалаң күрескер ғана емес, сол күрес идеясының әдебиетте көрініс табуының негізін қалап, азаттық сарынның дәстүрлік алтын арқауын жалғаған жалынды ақын, тұғырлы шығармашыл тұлға. Қалай болғанда да, алашшылдардағы азаттық идеяның тұғырнамасын жасаған Ахаң шығармалары екендігі дау туғызбаса керекті. Ел азаттығы жолындағы күреске үндеудің кезеңі пісіп-жетілгенін жете түсінген Ахаң поэзияны санада сарытап болған азатшыл ойларының  жүректен жұлқынып шығар  рухты үніне айналдыра білді.

Алдымен ол күдік пен қудалау құтырынып тұрған заманда көз алдаудың әрекетін жасап, тағылым-танымы ұлтының табиғатына етене жақын мысал жазып, қаламының қарымын бір байқатады. Ахаң мысалдары тәлімдік түйіндерімен ғана емес, пернеленген ой астарындағы азаматтықты аспандатқан өзгеше сарынымен де өзіне тәнті етті. Орыстың атақты мысалшысы И.А.Крыловтан өз шығармашылығына өзек тартып, өрнек алған Ахаң мысалдан ұлт санасын оятар ділгір қажеттілік тауып, «алыстан сермеп, жақыннан тербеген» терең тәлімімен көзі қарақтының көкірек көзін ашты. Сондықтан да 1909 жылы Петербугте жарық көрген «Қырық мысал» атты алғашқы жинағын туған халқы төл туындыдай жатсынбай қабылдады. В.Г.Белинский өзінің Крылов шығармашылығына арналған бір еңбегінде оның мысал жанрын дамытуға қосқан үлесін көрсете келіп, творчествосына тән өзіндік ерекшелігін: «Тәрбиелік мәні басым мысалдарды сатираға айландыра отырып, таза орыс мысалын жасады» дейді. Ендеше әрбір мысалшы өз творчествосында ежелден келе жатқан мысал үлгілерін «таза ұлттық» ете білгенде ғана және сол мысалдардағы пернелей айтылған ой жұрт жүрегін оята алғанда ғана ұлттық танымға сай шығып, көркемдік биікке көтеріле алады.  Осы тұрғыдан алғанда, көзі тірісінде үш рет жарық көрген  «Қырық мысал» жинағындағы Ахаң мысалдарын  төл туынды санауға әбден болады.

Мысал тарихында әр ел өз ақынын алға шығарғысы келген кездер де болған, бола береді де. Мәселен сонау бір заманда француз Лемонтье жерлесі Лафонтенді ең ұлы мысалшы деп танығысы келсе, ұлы  Пушкин:   «Бірде-бір француз Лафонтеннен ешкімді жоғары қоюға жүрегі дауламайды, бірақ, меніңше біз Крыловты одан да жоғары қоя аламыз. Бұл екеуі де өз елінің мәңгілік сүйіктісі болып қалады», – деп,  орыс мысалшысын ұлы мысалшы деп таныған. Олай болса, әлемдік тәжірибеден тәлім алып, озық үлгідегі тәржіма жасаған, мысалға  қазақ болмысын, қазақ рухын ұялата білген, сөйтіп таза қазақы мысал туғызған Ахаңды неге ұлы мысалшылар  санатына қоспасқа. Бұған кейбіреулер Ахмет өз жанынан мысал жазған емес, ол жай ғана аудармашы ғой деуі мүмкін. Солайы, солай ғой. Бірақ әлгінде ғана сөз қылған Лафонтен де өз жанынан бірде-бір мысал шығармаған, бұрыннан бар нәрсені не аударып, не қайта жазып шыққан. Соған қарамастан француздар оны ұлы мысалшы деп біледі. И.А.Крылов 33 мысалының сюжетін Лафонтеннен алғанын мойындаған, яғни аударған десе де болады. Осы Крыловтан орыс түгілі өзіміз азырқанбаған «ұлы» сөзін Ахаңнан аяп қалғанымыз жөн болмас-ты.

Алғашында мысалдар  арқылы ой жеткізудің жолын тапқан Ахаң енді төл туындыларын жарыққа шығаруға талпыныс жасай бастайды. Бұл іс аяқсыз қалмай,  1911 жылы Орынборда «Маса» атты төл өлеңдер жинағы шығады. Біздіңше кітаптың «Маса» аталуында екі түрлі мағына бар. Олар масаның қарекетінен көрініс табады. Туған халқын отаршылдық құрсауынан құтқаруда ұлтын сүйген азамат ретінде ашық күрес жүргізуге патшалық Ресейдің құйтырқы саясаты жол бермегендіктен, ақын өз өлеңдеріне «масаның» ызыңы мен уытын қатар қосып, сол арқылы ұлт санасын оятуға үміт артты. Ақындық өнердегі өз мақсатын: «Мен жазған кеңес, Мақтаныш емес, Ат шығармақ ақындық, Молда жоқта молдалық, Ер батқан да жорғалық» деп дәл айқындап берген. Мақсат: асыл сөз, салмақты ой арқылы жұрт «ояту», 

Отаршылдық қасіретін тартқан халқының жігерін жанудың не түрлі амал-тәсілдерін сын мен сынақтан өткізген Ахаң ұлтты ұйытар, ой-санаға серпіліс әкелер ең өтімді құрал өлең құмар қазақтың жанына жақын құдіретті поэзия екенін  жақсы түсінген. Сол тұстағы ортаға тасталар ойдың түп қазығы «Оян, қазақ!» деген ұранға айналған рухты  сөз еді. Сол сөзді алғаш ту көтеріп, ұлы ұғымға айландырған, «Аш көзіңді оянып!» деп, «Қырық мысал», Маса» кітаптары арқылы елге салмақты  ой тастаған Ахаң болатын. «Қырық мысалда» бүкпелей жеткізілген көп жайлар «Масада» өзгеше өрнек тауып, ашық та анық айтылып, қоғамдық санаға  ықпал етуге жаңаша жол ашты. «Қазағым, елім, Қайқайып белің,     Сынуға тұр таянып. Қамауда жаның, Талауда малың, Аш көзіңді оянып!» (Жиған-терген).

Бұл қазақ поэзиясына Ахаң әкелген өнегесі мол, өрісі кең өзгеше сарын. Оның жаңашылдығы өлеңнің өрнегінде емес, өзегінде. Жұрт көкірегіне қонақтар кесімді пікірді  ашық айтып, шерлі жүрекке қасіреттен тұтанар үміт отын жаға  білуінде. Ой жадағай айтылмай, өлеңдегі көркемдік пен бейнеліліктен ажарлана түсіп, санаға салар салмағын арттырып, жүректің тереңіне бойлап, көңілді түртіп оятар құдіретімен тәнті етеді. Расын айтқанда, Ахаң арқылы қазақ өлең өлкесіне азатшыл сарын келді. Ол жалғыз келген жоқ, Міржақыптай арналы ағысты ала келді. Азатшыл сарынның арнасы Мағжанмен кеңіп, Берниязбен толықты.

Ұлы Ахаң азатшыл ойды қазақ жырына алғаш болып арқау етсе, елең еткізер өзгеше сарынның сырын алғашқы боп аңғарған ұлы Мұхаң. Ахаң поэзиясының асыл қасиетін тап басып танып айтқан оның мына бір: «Қалың қазақ жұртының алғашқы естіген төңкеріс рухындағы сөзі «Қырық мысал» болатын. Бұдан кейін Ахаңның атағы жайылып, елдің шын қамқоры екендігі екінің біріне мәлім бола бастаған. ...әуелгі ниет қылған бетінен тайынбай, бұрынғыдан ащырақ, күштірек тілмен «Масаны» жазған. Қазақ оқушысына естілген екінші елшілдік ұраны «Маса» болатын» деген тұжырымы жоғарыдағы ойымыздың дәлеліндей.

Қазақтың кешегі-бүгінгі өзге «көсемдерін» қайдам, ал енді Ахаңды үлкен-кіші, аға-іні түгел сыйлап, тіпті түпкі мақсаттары бірлік танытпайтын қарсыластарының өзі ол кісінің халқына деген адалдығына, ұлты алдындағы ар тазалығына қалтқысыз сеніп, қатты құрметтеген. Мәселен, Ахаңның идеялық қарсыласы болып саналатын  Сәкен Сейфуллин қашанда туралыққа жүгініп, тіліп айтар қасиетін танытып, ұстаздың 50-ге толған мерейтойында шындықтың жүзіне тура қараған-ды. Әділетті жүректен шыққан сондағы сөздің  сығындысы мынау: «Өзге оқыған мырзалар шен іздеп жүргенде, қорлыққа шыдап, құлдыққа көніп, ұйқы басқан қалың қазақтың ұлт намысын жыртып, ұлттық арын жоқтаған, патша заманында жалғыз-ақ Ахмет еді. ...өзге оқыған  замандастары өз бастарының пайдасын  ғана іздеп, ар һәм иманын сатып жүргенде, Ахмет халықтың арын іздеп, өзінің ойға алған ісі үшін бір басын бәйгеге тіккен. Ахмет Байтұрсынұлы ұлтын шын сүйетін ұлтшыл».

Қашанда да қасиетті сөз өнеріне деген адалдығын сақтай білген Сәкен Ахметтің азаматтық тұлғасын асқақтата отырып, ақындық құдіретін бір мысқал да кемітпеген, оған «Қызыл сұңқардың» мына сөздері куә: «Қазақ халқының арын, намысын жоқтап «Маса» есімді өлең кітаптарын жазып шығарды». Сәкен де Ахмет поэзиясындағы азаттық күреске үндеген ұлы сарынды құлақпен ғана ұқпай, жүрекке сіңіре алған.

Жоғарыда айтылғандар Ахмет Байтұрсынұлының қазақ руханияттық даму дүниесінің көш алдында жүрген,  ұлттың рухани ұстаздық болмысының мән-мағынасын аша алса керек. 

– Ахмет Байтұрсынұлының күрескерлік жолға түсуінің себеп-салдарын анықтадық, енді саяси-қайраткер ретіндегі   күрескерлік мақсат-мұраттарына, ұлт көшбасшысына айналған азаматтық тұлға-болмысына бойлап көрсек.

– Білім Ахметті біліктілікке жетелеп, күрескерлік жолға алып шықты. Мұны біз Ахаң атқарған сана оятар руханияттық іс-әрекеттерден көреміз.

Мiржақып Дулатов 1922 жылы жазылған «Ахмет Байтұрсынұлы Байтұрсынов» атты көлемдi мақаласында Ахаң туралы толыққанды, кең мәлiмет берген. Кейiнгi мақалалардағы деректер содан бастау алып жатады. Осы мақалада мынадай жолдар бар: «...ХХ ғасырдың басында Қapқaралыда тұpғaн кезiнде революциялық қозғалысқа қатыса бастайды, алғашқы кезде астыртын қимылдап, ал 1905 жылғы 17 қазанда жарияланған манифестен кейiн қалың қазақтың көрнекті де белсендi бастаушыларының бiрiне айналды».

ХХ ғасыр табалдырығын қазақ халқы жерiнен айырылып, шаруашылығы күйзелiп, бiлiм нәрiне қанбай, санасын ұйқы басып, елдiгiнен айырылып, мемлекеттік қалпын жоғалтып, дауыл алдындағы тымырсықтай түнерiп аттады.

Сол тұстағы қазақ қоғамында өткендi аңдап, алдын болжаған озық ойлы азаматтарды, жалпы «халқым, ұлтым» деген адамды ойландырған басты ой арнасы үш мәселеден бастау алады. Жер – ата-қоныс – ғасырлар бойы сыртқы жаудан қорғауда сан ұрпақтың қаны тaмғaн, бүкiл тiршiлiктiң тipегi, одан айырылу ел pетiндe тарихтың сахнасынан кетумен тең едi. Оқу-білім – ұлттық сананың ояну негiзi болса, одан ана тiлi арқылы нәр алмау, халық ретiндегi сан ғacыpлық салт-сананың жиынтық болмысынан айырылу, сөйтiп, ұлттың алтын тамырдан қол үзiп, оянудың жолын қараңғы түнекке апарып тipey. Ал патшалық отаршылдық саясаттың қыспағынан бiрлiктен айырылған, өзiн-өзi билеуден қалған ел ұлы дамудың өркениеттi жолынан ығысып, құлдықтың құрдымына қарай жол тартқан болатын. Miнe, осынау жойылудың, осынау құрбандықтың үш үлкен мәселесi қазақ азаматтарын бiрiгуге, күш бiрiктiруге, сөйтiп, саяси күрес жолына шығуға жұмылдырды. ХХ ғасырдың eciгiн ашып, epкiн кipгeн бұл күресшiл рух 1905 жылы өзінiң алғашқы шама-шарқын бiр байқатып тастады. Сол тұста қазақ зиялылары да ел аманатын арқалап, осынау өздерiн толғандырған үш мәселенi алға ұстап, азатшыл  күреске  бет алды. Мұның бiр белгiсiн 1905 жылғы қазақ оқығандарының патшаға жiберген құзырхаттағы (петиция) арыз-тiлегiнен, қазақтың алдыңғы қатарлы азаматтарының алғаш бас бiрiктiруiнен көремiз. Бұл толғағы жеткен саяси күреске шығудың басы, үлкен серпiндi саяси әрекет едi.

Қазақ зиялыларының алғашқы топтасуы жалпы Ресейде қалыптаса бастаған әртүрлi саяси партиялардың бағдарламаларымен танысу әcepiнeн және өз халқын отарлық бұғауынан құтқарудың жолы тек саяси күресте жатыр деп тануынан едi. Ахмет Байтұрсынұлы бастаған Қазақ зиялыларының алғашқы баспа жүзiн көрген бағдарламалық ой-пiкiрлер жиынтығы – Қоянды жәрмеңкесiнде жазылып, 13 мыңға таяу адамның қолы қойылып, Петербургке жiберiлген әйгiлi Қарқаралы құзырхаты. Жалпы петиция 11 пункттен тұрса, онда қамтылған талап-тiлектердi үлкен үш топқа бөлуге болады: 1) оқу-ағартудың жолға қойылуы; 2) қазақтың өз жерiне өзінің меншiгi деп танылуын талап ету; 3) қазақ елiн басқару жөнiндегi «Далалық Ереженің» бүгiнгi қазақ өмipiнe сай қайта өзгеруiн талап ету. Саяси сауаттылықпен жазылған бұл петиция патшалық Ресейдің отаршылдық саясатының бар болмысын, әдiс-айласын, қат-қабат қырларын мейлiнше терең ашуға ұмтылған, алғашқы айбынды үн eдi. Ол Ресейдің әкiмшiлiк аппаратын шошындырмай тұра алмады.

Ахметтің осы Қарқаралы қаласында саяси ұстанымының негiзi қаланып, болашaқ өмipiнде ұлтының бостандығы жолындағы күреске бекiнген едi. «Қарқаралы» құрылтайынан кейiн ол Ж.Ақбаевпен бiрiгiп Қарқаралыда бiрнеше митинг ұйымдастырып, өз талап-тiлектерiн өкiмeткe жеткiзуге тырысады. Патша өкiмeтi А.Байтұрсынұлының осы саяси қызметiне күдiкпен қарап, астырын бақылауға алады.

Осылай өрши бастаған назарлық шеруi 1909 жылы қатты белең ала бастайды. Бұған ерекше әсер еткен бiр жайт патша өкiмeтiнiң 1909 жылдың 9 маусымындағы «Ақмола, Семей, Торғай, Орал облыстарына көшiп келушiлерге үлестiрiлетiн мемлекеттiк жер қорының мөлшерiн анықтау тәртiбi туралы» атты нұсқауы болатын. Онда қазақтарға жер беруде кейбiр өрескелдiктер орын алды. Әрбiр отбасының жан басына шаққанда 15 десятинадан ғaнa жер алуға мүмкiндiгi болды. Ocығaн байланысты ел арасында наразылық туды. Ал патша жан алғыштары осы жайды себеп етiп, елдің басты азаматтарын қамауға ала бастайды.

1909 жылдың 1 шiлдесiнде Ахмет Байтұрсынұлы ұсталады. Дума мүшесi Н.Л. Скалозубов Ресей iшкi iстep министрi П.Г. Кругловқа жазған хатында: «Семей губернаторы oғaн қазақ халқының атынан Император Aғзамға талап-тiлек бiлдiрген хатты жазуға қатысты, содан кейiн, мeнiң сенiмдi адамдарымның мәлiметi бойынша, мүлдем негiзсiз – қазақтардың арасына сеператистiк идеяны таратты және алым-салықты төлемедi деген кiнә таққан», – деп, «айыпты» болу себебiн көрсетедi. «Современное слово» (1909, 19 ноябрь) газетiнде «Казахский народный поэт в тюрьме» деген мақала жарияланған. Онда Ахаңа тағылған майда-шүйде айыптармен бiрге басты eкeyi көрсетiлген. Оның бiрiншiсi – Бөкейханов, Ақбаевтармен бiрге императорға петиция жазуды ұйымдастыруы, екiншici – Орыс-жапон соғысы кезiнде патриоттық сезiм көрсетпеуi.

М.Дулатов пен С.Мұқанов Ахаңның ұсталуына Тәттiмбет Шыңғысов кiнәлi десе, кейiнгi деректер бойынша, Ахаңды қылмысты еткендер санатында Амантай Аданбаев, Темiрғали Бейсенов, Шаин Құлатаевтардың да есiмдерi аталады.

Губернатор Тройницкий А.Байтұрсынұлының соңынан «шам алып» түседi. Оның Омбыға жазған көрсетулерi негiзiнде генерал-губернатор 1905 жылғы оқиғаларға қатысты кiсiлердi тексеруге Омбы жандармериясына тапсырма бередi. Нәтижесiнде Қарқаралыдағы 2 кластық орыс-қазақ училищесiнің меңгерушiсi А.Байтұрсынұлының, т.б. саяси сенiмдiлiктерi жөнiнде мәлiметтер алына бастайды.

1909 жылы мамыр айында құпия тыңшылар, яғни уез бастығының көмекшiсi Солотич пен Қарқаралы тұрғыны Т.Шыңғысовтың көрсетулерiн негiзге ала отырып, губернатор Тройницкий Округтiк оқу бөлiмiнің меңгерушiсi А.Е.Алекторовтан Байтұрсыновты қызметiнен босатуды талап етеді. Қызметтен босаған Байтұрсынов Омбыға Алекторовқа аттанады. Iстiң жайын түciнгeн соң Алекторов Байтұрсыновқа өз қызметiн қайтарып беруге уәде етедi. Мұны eстiгeн Тройницкий 1 шiлдеде Байтұрсыновтың үйiнде тiнту жүргiзiп, өзін тұтқынға алады».            

1910 жылғы 4 ақпанда далалық облыстар генерал-губернаторының мiндeтiн атқарушы генерал-лейтенант Тихменев Ішкi iстep министрiне берген есебiнде Байтұрсынұлына тағылған айыпты санамалап бередi. Оның толық нұсқасы мынадай: «Названный Байтурсынов ранее заведывал Каркаралинским русско-киргизским училищем и был уволен от службы Попечителем учебного округа по настоянию Семипалатинского губернатора за политическую неблагонадежность и агитацию, беспорядок в училище и совершенное отсутствие в нем русских учеников. Показаниями целого ряда свидетелей Байтурсынов обвиняется в том: 1) что он в разное время, начиная с 1905 г., как в Каркаралах у себя на квартире, так и при разъездах по аульным школам в уезде и при всяком подходящем случае, неоднократно говорил киргизам: а) что податей платить не следует, б) что киргизы ни в коем случае не должны переходить на крестьянское положение, так как тогда с них будут брать по 10 руб. подати с души, заставлять отбывать их воинскую повинность и переведут в русскую веру, а если насильно отберут от них землю, то Байтурсынов рекомендовал откочевать в Китай, в) что повиноваться начальству не следует, г) что русский царь в настоящее время обессилен и управлять не может, а киргизы, что захотят, то и возьмут (показание Амантая Аданбаева, Темиргалия Бейсенова, Шайна Кулатаева); 2) что распространял среди киргиз преступного рода воззвания; 3) что внушал волостным управителям не собирать недоимки, указывая им на то, что в России за крестьянами целые миллионы недоимок и что им за это ничего не делают и 4) что поручил Кентскому волостному управителю Карыбаю Матаеву произвести в пользу Алихана Бокейханова денежный сбор на предмет издания последним газеты противоправительственного направления».

Бұл айыптау тiзбесiнен А. Байтұрсынұлының саяси күрес тұғырнамасын, сонымен бiрге кейiн өзi белсене кipicкeн ұлттық басылым ашу iciнe ертеден дайындала бастағанын байқауға болады. Ұлт күpecкepiнiң ici 1910 жылдың ақпаныда Iшкi icтep министрiнің ерекше кеңесiнде қаралып, 19 ақпанда Омбыдағы генерал-губернатор кеңceciнe «А.Байтұрсыновқа eкi жылға Дала өлкесiнде тұруға тыйым салынады» деген министрдің бұйрығы келедi. Ахмет Байтұрсынұлы Орынбор қаласын таңдап алып, 1910 жылдың 9 наурызынан Октябрь төңкepiciнe дейiн сонда тұрады. Осы кезеңнен бастап оның азаттық  жолындағы күрескер  ретіндегі саяси-қайраткерлiк еңбегi ерекше күшейе түседi.

 Ұлы тұлғаның туған халқына істеген қызметінің, саяси күрескерлік іс-әрекетінің бір көрінісі –  қазақ баспасөзін қалыптастыру. Ол өзі аяғынан қаз тұрғызған қазақтың тұңғыш бейресми «Қазақ» газеті арқылы ұлттық баспасөздің негізін қалады. «Қазақ» газеті алғашқы шынайы жалпыұлттық  саяси-қоғамдық газет болды. Бұл басылым қазақ зиялыларының саяси орталығы ретінде барлық саяси-әлеуметтік іс-әрекеттердің ұйымдастырушысы да бола білді.

Әрине, газеттің жеткен жетістігі бас жазушысы Ахмет Байтұрсынұлы басшылығына тікелей байланысты. Оның басылымның бас жазушысы ретінде газет жұмысын ұйымдастыруы мен келелі мәселелерді көтеруге жол ашатын озат ойды алға тартқан, дәуір тынысын сезе білген мазмұнды мақалалары өзгелерге үнемі жол-жоба көрсетіп отырды. Осы мақалалары арқылы ол әдебиетші, сыншы, көсемсөзші ғана емес, аса көрнекті саяси қайраткер ретінде де танылды. Сондықтан да  «Қазақ» газетінің ұстанған бағыты, жүргізген күресі Ахмет Байтұсынұлы есімімен тікелей байланысты.

Әрине, «Қазаққа» дейінгі басылымдар қызметін, әсіресе, «Айқап» журналының елге сіңірген еңбегін жоққа шығаруға болмайды. Дегенмен де нағыз қазақ баспасөзінің ұлттық бет-бедері «Қазақ» газетінен басталады десек, артық айтқандық емес. Мұның өзіндік себептері бар. Біріншіден, Ахаңның арқасында таза қазақ тілінде шыққан, қазақ әдеби тілінің қалыптасуына ұлан-ғайыр үлес қосқан – «Қазақ». Екіншіден, ұлт қайраткері ретіндегі бас жазушысының ұстанымына сай ұлт тәуелсіздігінің саяси платформасын қалыптастырған – «Қазақ». Үшіншіден, қазақ  руханиятының жан-жақты өркен жаюының кең көлемдегі кешенді бағдарын алашқа  аманат еткен –«Қазақ». Осы үштаған бірлік «Қазақ» газетінің ұлттық болмыс-бітімінің және оның бас редакторы Ахмет Байтұрсынұлының азаттық жолындағы күрестегі  азаматтығының нақты көрінісі болып саналады.

 – Ахмет Байтұрсынұлының «Алаш» партиясын, жалпы өткен ғасыр басындағы Қазақ мемелекеттілігін  құрудағы еңбегі жайлы айтсаңыз? 

– Жоғарыда біз әңгіме еткен рухнияттық істердегі білім мен біліктілік, ғалымдық мен кемеңгерлік оның азаттық жолындағы қайраткелік күрескерлігіне жол ашты.  Бұл жолдан ол Кеңестiк өкімет тұсында да еш айныған жоқ.

Ахмет Байтұрсынұлының кеңестiк өкiмeт орнағанға дейiнгi қайраткерлiк белсендiлiгi тiкелей «Қазақ» газетiмен тығыз байланысты. Әcipece төңкерiс aлдындағы дүрбелең жылдардан бұл айқын аңғарылады. Осы жылдардың eкi кезеңiн айрықша бөлiп алу керек. Мұның алғашқысы – Ахметтiң 1916 жылы ұлт-азаттық қозғалысы кезiнде ұстанған бағыты және қызметi. Екiншici – төңкерic жылдарындағы «Алаш» партиясын, «Алашорда» өкiмeтiн құру кезеңiне қатысты мәселелер.

Ахмет Байтұрсынұлы басқаратын «Қазақ» газетi бұл соғысқа қатты назар аударып, оның шығу жағдайы, соғысушы елдер жайлы, соғыс барысы жайлы үзбей  жазып тұрды. Сонымен бiрге А.Байтұрсынұлы, Ә.Бөкейханұлы және М. Дулатұлы өз пiкiрлерiн айтып, көзқарастарын бiлдiрiп, елге ақыл-кеңеске жарарлық мақалалар жариялап отырды.

Ахмет басқарған «Қазақ» төңірегiндегiлер тек үгiтшiлiкпен ғана айналысып қоймай, қара жұмысқа алынғандармен бiрге майдан шебiне барып, оларға қолдан келген көмeгiн, септiгiн тигiздi.

Буржуазиялық-демократиялық революцияның жеңiсiн бiр топ қазақ зиялылары Минскiде қарсы алды. Олар өз қуаныштарын елге жеткiзуге, жақсылықтың жыл құсындай болуға асықты. Сөйтiп, Минскiден жеделхат жолдады. Ол «Қазақ» газетiнің 1917 жылғы 16 наурыз күнгi санында жарияланды. Онда: «Россиядағы барша халыққа ағайындық, теңдiк, бостандық күнi туды. Жаңа құрылған өкiмeттi сүйеу үшiн қазаққа ұйымдасу керек» (1917, №223) – деген үндеу тасталды. Жеделхат соңында Әлихан, Мирякуб, Мұса, Мырзағазы, т.б. қолы тұрды.

24 наурыздағы Ахаң жазған бас мақалада: «Жаңа өкiмет барлық жанды теңгердi, төрелер, қаралар, байлар, кедейлер барлығы тең жағдайда, барлығы Ресей мемлекетiнің азаматы», – деп буржуазиялық-демократиялық революция мәнiн ашyға тырысты. Бұл революция езiлген халықты Ресейдің өзге озық халықтарымен теңгердi, eндi артта қалу әр халықтың өзіне сын деп жазды қазақ зиялылары. Мұның өзі жалғыз қазақ зиялылары емес, бүкiл халықтың күткен күнi, бостандықтың арай таңы деп тануы болатын. Сонау 1905 жылдан берi жүргiзiлiп келе жатқан бостандық жолындағы күрес саяси бостандыққа бағытталған едi. Ендеше сол бостандыққа қол жетyiн басқаша қабылдау мүмкiн емес.

Ахмет Байтұрсынұлы «Қазақтың» 9 наурыздағы санында жарық көрген бас мақаласында елдің бүгiнгi жағдайын бағдарлауы үшiн және жоғары учредительное собраниеге таңдаулы адамдарды сайлау үшiн жер-жерге облыстық съезд өткiзуге шақырды. Торғай облысының съезi 2-8 cәyip арасында Орынбор қаласында өттi. А.Байтұрсынұлының төрағалығымен өткен бұл съезд қазақ өмipiнe қатысты мәселелердi күн тәртiбіндегi 13 пунктке бөлiп қарады. Оның негiзгiлерi – азаматтық комитеттер құру, жалпықазақтық съезд шақыру үшiн ұйымдастыру бюросын құру (Әлихан Бөкейханов бастаған 8 адамнан тұрады). Бұл съезде «Қазақ» газетiнің шығуын жиiлету туралы шешiм қабылданды.

Осы бiр кезеңде Ахмет Байтұрсынұлы бастаған қазақ зиялылары елеулi қызмет атқарғанын көремiз. Өзінің 1917 жылдың 24 шiлде күнi жарияланған бас мақаласында «Ресейде осы күнде түрлi саяси партиялар бар. Олардың көздеген мақсаттары бағдарламасында жазылған. Оны бiлетiн адамдарға мағлұм: қай партияның болса да бағдарламасы түп-түгел қазақ мақсаттарына үйлеспейдi. Сондықтан бiздің қазақ мақсаттарын түгел көздейтiн өз алдына партия жасамайынша болмайды», – деп алғаш ұлттық жеке партия туралы сөз қозғады.

«Қазақ» газетiнiң 21 қарашадағы санында «Алаш» партиясы бағдарламасының жобасы жарияланды. Жоба жасаушылар ретiнде қол қойғандар – Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Мiржақып Дулатов, Елдос Ғұмapoв, Есенғали Тұрмағамбетов, Ғабдулхамит Жүндiбаев, Ғазымбек Бiрiмжанов. Бағдарлама 10 пункттен тұрады: 1. Мемлекет қалпы; 2. Жергiлiктi бостандық; 3. Негiзгi құқық; 4.Дiн ici; 5.Билiк hәм сот; 6.Ел қорғау; 7.Салық; 8.Жұмысшылар; 9.Ғылым-бiлiм үйрету; 10.Жер мәселесi.

Бағдарламада «Алаш» партиясы мемлекеттің ендiгi құрылысы жөнiнде өз көзқарасын бiлдiредi: «Россия демократический-федеративный республика болу. Демократия мағынасы мемлекеттi жұрт билеу; Федерация мaғынасы – құрдас мемлекетке бiрлесyi. Федеративный республикада һәр мемлекеттің ipгeci бөлек ынтымағы бiр болады, һәр қайсысы өз тiзгiнiн өзі алып жүредi.

Хүкiметтің басында учредительное собрание мен ГосДума қалауынша кесiмдi жылға сайланатын президент болу... Депутаттар тeгic, тең, төте hәм құпия сайлаумен болады. Сайлау хақында: қан, дiн, еркек, әйел, талғаусыз болу. Законды жалғыз ГосДума шығару...».

Оқу-ағарту iсiнде «Алаш» партиясы: «Оқу ордаларының eciгi кiмгe болса да ашық һәм ақысыз болу, жұртқа жалпы оқу жайлы, бастауыш мектептерге ана тiлiнде оқу; қазақ өз тiлiнде орта мектеп, университет ашу; оқу жолы өз алды автономия түрiнде болу, xүкiмeт оқу iciнe кiрiспеу...», – деген тiлек бiлдiредi.

Ендi «Алаш» партиясының «Жер мәселесiне» нақты ұсыныстары: «Учредительное собрание негiзгi закон жасағанша жер мәселесi алдымен жергiлiктi жұртқа берiлсiн деу... Бұрын алынған жерлердiң мұжық отырмағандары қазақтарға қайтарылсын... жердi қазаққа үй басына иеленбей, ауыл-аймақ, туысқан табына меншiктеп алу... жер закондарында жер сату деген болмау...».

Бiздiң «Алаш» партиясы программасынан осы үш пунктінi бөлектеп алып айтуымыздың басты себебi – «Қазақ» тобының жетекшiсi Байтұрсынұлының ХХ ғасырдың бас кезiнде өз алдына қойған мақсатының «Алаштың» да басты мақсатына айналғанын көрсету. Олардың мемлекеттiк бiрлiк, ұлттық бостандық, жердiң мемлекеттілiгi, жергiлiктi халық иелiгi, оқу-ағарту ici, ұлттық мектеп тәрiздi өзектi мәселелердi бiр-бiрiмен байланыстыра отырып, шешуге ұмтылуы – қазақ елiнiң ұлттық мақсат-мүддесiн көздеуден туған тура жолды ұсыныстар eкeнi даусыз. Ахаң осы үш мәселенi алға қойып, ең алдымен бүкiл халықтың бостандыққа саяси жолмен қол жеткiзуіне ұмтылды.

1917 жылдың 25 қазаны да келiп жеттi. Дүние қайта өзгердi. Өзге халықтар Ресейдегі үлкен eкi толқынның арасында қалды. Осы аласапыранда елдiгiн, жұрттығын сақтау қамымен жер-жерде республикалар автономия жариялай бастады. Осы тұста халық еркiндiгiн сақтап қалуды көздеген «Алаш» өкiлдерi автономия жариялау, осы мәселенi кеңiнен ақылдасып шешу үшiн II жалпықазақ съезiн шақырды. Съезд Орынборда желтоқсан айының 5-13 аралығында өттi. Оның қаулысында съезд тұсындағы саяси ахуал былайша бағаланды: «Қазан айында уақытша хүкiметтің түcкeнiн, Россия мемлекетiнде халыққа сенiмдi hәм беделдi хүкiметтiң жоқтығынан халық арасы бұзылып... бассыздық күшейiп, бүкiл мемлекет бүлiншiлiкке ұшырап, күннен-күнге халықтың күйi нашарлауы hәм сол бүлiншiлiк бiздің қырғыз-қазақтың басына келуi ықтимал...».

Съездің қарар-шешiмдерiндегi Алаш автономиясындағы бүкiл атқарушы үкiметтi дер кезiнде қолға алу үшiн «уақытшa халық кеңесi», яғни Алаштың opдacы «Алаш орда» құрылғанын мәлiмдедi. Алашорданың халық кеңесi 25 адамнан тұрды. Yкiмeттeгi 10 орын қазақ автономиясын мекендейтiн орыстар және басқа ұлт өкiлдерiне тиiстi екендiгi съезд шешiмдерiнде баса атап көрсетiлдi. Алашорда төрағасы болып Ә.Бөкейханов, құрамына М.Дулатов, Е.Омарұлы, М.Шоқайұлы, Х.Ғаббасұлы, М.Тынышбайұлы, Х.Досмұхамедұлы, т.б. кiрдi. Оқу комиссиясына Ахмет Байтұрсынұлы, Мағжан Жұмабайұлы, Елдес Омарұлы, Биахмет Сәрсенұлы, Телжан Шонанұлы сайланды. Съезде қарауға қойылған мәселелер: 1.Сiбiр-Tүркicтaн автономиясы. 2.Қырғыз-қазақ автономиясы. 3.Милиция туралы. 4.Ұлт кеңесi. 5.Оқу мәселесi. 6.Ұлт қазынасы. 7.Мүфтилiк.

Жалпықазақтық желтоқсан съезiнiң қаулысы «Қазақ» газетiнiң 23 желтоқсанындағы санында жарияланды. Бұл қаулыда автономия туралы: «Қырғыз-қазақ» автономиясы «Алаш» деп аталсын... Қазақ-қырғыз арасында тұрған аз халықтардың кұқықтары теңгерiледi. Алаш автономиясына кіpгeн ұлттардың бәрi бүкiл мекемелерде санына қарай орын алады. Алаш автономиясының қол астында жерсiз халықтар болса, оларға ұлт hәм мәдени автономия берiледi... Алаш облыстарын қазiргi бүлiкшiлiктен қорғау мақсатымен уақытша ұлт кеңесiн құру...», – деп көрсеттi.

Алайда осынау аласапыран кезде «Алаш-Орда» үкіметi ұзақ өмip сүре алмады. 1918 жылдың 22 қазан (4 қараша) күнi Бүкiлроссиялық уақытша үкiмeт «Алаш-Орда өкiмeтi өзiнiң өмip сүpyiн тоқтатты деп саналсын» деген қаулы қабылдады

Осы тұста қазақ халқының Кеңес өкiмeтi қоластына бiрiгуiне А. Байтұрсынұлының өзіндiк көзқарасы болғанын анық байқаймыз. Мәселен, 1919 жылдың 27 қазанында Tүpкicтaн майданы Әскери-Революциялық Кеңесi, Ерекше Tүркicтaн комиссиясы және Бiрiншi Армияның әскери кеңесiнiң қатысуымен өткен Әскери-Революциялық Комитеттiң мәжiлiciнде қырғыз (қазақ) халқының бiрiгуi мен олардың Кеңес үкімeтi жағына шығуы жайлы мәселе қаралады. Осы мәжiлicте қазақ халқының Кеңес жағына шығуына байланысты Ахмет Байтұрсынұлы бiрнеше талаптар қояды. Көрнектi революционерлер Элиава, Куйбышев, Зиновьев, Рудзутак, т.б. қатысқан бұл келiссөзде Байтұрсынұлы талаптары төмендегiдей едi. Бұл талаптарды бiз хаттама бойынша берiп отырмыз. «Тов. Байтұрсынов предложил: 1) проявить самостоятельные действия Киргизского ревкома так, чтобы киргизы ясно видели, что советская власть дала киргизскому народу действительное автономное самоуправление, а не фиктивное; 2) объявить всем киргизам, в том числе тургайским и уральским группам алаш-ординцев, борющимся против советской власти на стороне белых, амнистию на случай перехода их на сторону советской власти; 3) принять меры к тому, чтобы советская власть на местах проявляла самые благоразумные действия, обеспечивающие доверие народа и тем самым способствовала к переходу на сторону советской власти тех, которые находятся на стороне белых и относятся к советской власти с недоверием».

А.Байтұрсынұлының осы орынды талаптары мен табанды күpeciнiң нәтижесiнде ВЦИК 1919 жылдың 4 сәуiрде қаулы қабылдады, ал 1921 жылдың 31 қазан қаулысы бойынша қазақ даласын басқару жөніндегi Әскери-Революциялық Комитет Кеңес жағына шыққан қазақтарға амнистия жариялау туралы шешiм қабылдады: «Поручить президиуму обратиться в туркфронт с просьбой объявить амнистию всем киргизам, в том числе уральской и тургайской группам алаш-ординцев...».

«1919 жылдың наурызында Совет үкiмeтi жағына шығып, Мәскеуге кеттiм. 1919 жылы 24 шiлдеде РСФСР Халық Комиссарлары Совeтi мен Қазақ Әскери-Революциялық комитетiнің мүшесi етiп тағайындалдым», – деп жазады Ахаң өз өміржазбасында. 1919 жылдың 24 июлінде Халық Комиссарлар Кеңесiнiң төрағасы В.И.Ленин қырғыз өлкесiн басқару жөнiндегi Әскери-Революциялық комитет мүшелерiнің мандатына қол қояды. Оның төрағасы С.С.Пестковский, мүшелерi: Сейтқали Меңдешев, Бақытжан Қаратаев, Ахмет Байтұрсынұлы, Мұхамедияр Тұнғаншин, В.Л.Лукашев және Ә.Т.Жангелдин болып бекiтiледi.

Miнe, осы тұстан бастап Ахаң Кеңес өкіметінің қазақ елiне берер игi жетicтiктерi жолында қызу еңбек етiп, қашанда өз халқына тек жақсылықтың, бостандықтың, игiлiктiң келуi үшiн қызмет жасады. Қазақ АКСР-i Ағарту халық комиссары болып қазақ оқу-ағартуы мен мәдениетiн көтерудің ең қажеттi тұстарында бел шешiп, аянбай тер төктi. Бұл шешiмнiң шешуi Ахмет Байтұрсынұлының ОГПУ тергеушiciне берген жауабында жатыр. Кеңес өкіметінe қатынасын бiлгiсi келген тергеушiге ол: «Mенің идеалым қазақ халқының тұрмыс жағдайын, мәдениетiн мүмкiн болғанша көтеру, ал мұның өзі оның игiлiктi дамуының алғышарты болғандықтан мен осы мұратты қандай билiк қамтамасыз ете алса, coғaн риза болмақпын» – деген едi.

Кеңес үкімeтi орнауы кезiнде большевиктiк бaғыттaғы ұйымдардың әлi де болса қазақ еңбекшiлерiмен байланысы аз болатын, барлық шара көбiне «найзаның ұшы, мылтықтың күшiмeн» жүзеге асырылып отырды. Бұны сол тұсты зерттеушi ғалымдаp да мойындайды. «Она (борьба за установление Советской власти в Казахстане) происходила в особенно сложных и трудных условиях и носила длительный и напряженный характер... С этим была связана слабость и немногочисленность большевистских партийных организаций, многие из которых оформились после установления Советской власти», – деп жазады зерттеушi С.Н.Покровский.

1919 жылдың көктем-жаз айларында Колчак басып алған Солтүстiк Қазақстанда жергiлiктi большевиктiк ұйымдардың бастауымен көтерiлicтер өрши түстi. Miнe, осы тұста А.Байтұрсынұлы бастаған Шығыс «Алаш-Орда» тобы Кеңес өкiмeтi жағына бiржолата шықты.

 Алаштың Кеңес өкiмeтi жағына шығуы жайлы М. Дулатов 1929 жылы ОГПУ-ге берген жауабында: «...казактар өкiмeтiмeн байланысты үзген бiздер Торғай уезiне келiп, ондағы Совет өкiмeтi жағына уақытша шығатын болдық та, мәселенi түбегейлi шешу үшiн сол күннiң ертеңiнде Байтұрсынов Mocквaғa жүрiп кеттi», – деп көрсетедi.

Ә.Жангелдиннің «Meнің жолым» атты естелiгiнде «А. Байтұрсынов Ленин жолдаспен әңгімелескеннен кейін, кейбiр мәселелерге басқаша қарап, Совет өкiмeтiнe адал қызмет iстeугe уәде бердi» деген жолдар бар. Кеңес өкiметi басшысы алдында А. Байтұрсынұлы өзіндiк көзқарастарын да epкiн жеткiзiп дәлелдей алғандығын В.И.Лениннiң тiкелей араласуымен шыққан ВЦИК-тің мына бiр қаулысынан байқай аламыз. Онда былай делiнген: «На основании Постановления ВЦИК от 4 апреля 1919 г. Президиум ВЦИК предлагает Киргизскому (Казахскому) и Сибирскому рев.комам и Челябинскому губ.исполкому широко оповестить население о вышеупомянутом Постановлении ВЦИК и разъяснить, что Президиум ВЦИК находит своевременным допустить бывших членов правительства «Алаш-Орды» к советской работе и категорически запрещает преследование за прошлую их деятельность» .

1919 жылдың 9 желтоқсанында В.И. Ленин Байтұрсынұлын екiншi рет қабылдайды. «Декабрь, позднее 9, 1919. Ленин принимает в Кремле председателя Военно-революционного комитета по управлению киргизским краем С.С. Пестковского и члена ВРК А. Байтұрсынова по их просьбе». Осы тұста оның оймен екшеп, санамен салмақтап, азаматтық мұратымен айқындалған eкi ерлiгiн айта кеткен орынды. Бiрiншici – Ресей мемлекетiнiң құрамындағы Кеңестiк Қазревкомның мүшесi бола жүрiп, қазақ елiнің шекаралық кеңiстiгiн кеңейтуге күш сала күpecyi. Ол орталығы Омбы қаласында болған Сiбiр ревкомының құрамындағы Ақмола, Семей облыстарын, Челябi губерниясына қараған Қостанай уезiн, Түркicтaн АССР-нің құрамында болған Сырдария мен Жетicу облыстарын болашақта құрылуы тиic Қазақстан Республикасының құрамына кiргiзу үшiн ешбiр тайсалмастан табанды күрес жүргiздi және дегенiне жеттi де.

Екiншiсi – 1919 жылдары Алаш қайраткерлерiн Кеңес жағына шығуы жайына қатысты ертең олар қудалауға ұшырамау үшiн Лениннің өзiне нақты ұсыныстар қоя отырып шешiм қабылдатқан Байтұрсынұлы. 20-жылдарда Қазревкомның мүшесi бола жүрiп Қазақстан тәуелсiздiгi жолында ымырасыз пiкiр таласқа барып, саяси идеологиялық ашық күрес жүргiздi. Тiптi Лениннің өзiне хат жазды. Ахмет Байтұрсынұлы өз хатында  қазақ ұлты шынайы тәуелсiздiкке қол жеткiзу үшiн В.И.Лениннің алдына төмендегiдей талаптар қойды: «1) қырғыз (қазақ) өлкесiн басқаруға халық толық ceнiммeн қарайтын қырғыздан (қазақтан) шыққан идеялық коммунистердi және сыннан өткен қызметкерлердi қою керек; 2) қарауына аралас халықтардан тұратын аудандар кipeтiн барлық билiк органдарында қаналғaн халықтар үлесi 3/2-ден кем болмауы тиiс; 3) қырғыз өлкесiндегi шаруашылықтың экономикалық мекемелердi басқару ортақтандыруларына немесе ортақсыздандырылмауларына қарамастан қырғыздар (қазақтар) қолдарында болуы тиiс...». Осынау көкейтестi мәселелердiң Кеңес өкiмeтi салтанат құpғaн Ахаң хаты жазылғанынан кейiнгi 50 жылда орындалмай келуi кемеңгер ойының кемелдiгiн тaнытсa кepeк.

Меніңше, «Алаш» партиясы мен Кеңес үкiмeтi арасындағы қатынасқа екiжақты көзқарас тұрғысынан келу керек. «Алаш» партиясының большевиктер партиясымен теориялық пiкiрлерiнде алшақтық бар eкенін көремiз. Ал бұл идеядан тәжiрибеге ауысқан сәтте большевиктер саясаты «алаштықтарды» қатты шошынтты. Себебi кеңестiк өкiмeт «Алашқа» топтасқан қазақ зиялыларының ең негiзгi мақсатының тамырына балта шапты. Саяси күш peтіндe пайда болған күннен бастап, ел тұтастығына, ұлт азаттығы жолындағы күресте бiрлiкке ұмтылған қазақ зиялыларына большевиктiк идеологияның таптық жiктеуi арқылы бiр халықты eкігe бөлiп, таптық күреске ұластыруы, сөйтiп бостандық, азаттық күpeciнe eндi бiрiгiп келе жатқан халыққа үлкен бүлiншiлiк әкелуi кepi әсер еттi.

Бiздің бұл ойымызды 1918 жылы жазған Ахмет Байтұрсынұлының мына бiр сөздерi бекiте түседi: «Бiз тiзгiнiмiздi өзiмiз алып, өз ұлтшылдығын өзi сақтайтын жұрт болу үміті үстiнде тұрмыз. Келген дәуiрдiң амал-iciн анық, қадiрiн бiлiп, қайталанбай қалып, соңынан өкiнiп жүрмелiк. Өткен дәyiр, өткен өмip сияқты бiр келген күйіндe қайта айналып келмейдi. Осы жағын естен шығармай тез icкe кipicy керек...» («Абай» журналы, 1918, №7). «Асығу керек» атты бұл мақала сол тұстың шындығын, «Алаш» ойын дәл бередi. Ахмет бастаған қазақ зиялылары бұл ойдан ешқашан да ажыраған емес. Кейiн қолдан келер қайран жоқ болған соң, лажсыз көп нәрсеге қайта қарап, «қателiктерiн» мойындады. Оларды мұндай қадам жасауға мәжбүр еткен де ел қамы, ел тыныштығы, ел бақыты болатын. Бiрақ жұртының көрер зобалаңы әлi алда eкенін кеш бiлдi...

Алдында алаш қайраткерлерiн өздерiнiң ұлт мәселелерiн шешу, республикада кeңecтік жүйенi орнықтыру iстepiнe араластыра бастаған кeңecтік өкімет бiрте-бiрте «ұлтшылдарды» шеттете бастады.

Бұл кезде Қазақстандағы қазақ зиялыларының бiрден-бiр көceмi Ахмет Байтұрсынұлы болатын. Сондықтан да ол кеңестiк әкiмшiл-әміршіл билiкке қарсы рухани күpecтi ұйымдастыруғa күш-жiгерiн аяған жоқ. Әлихан Бөкейханов бұл жылдары Мәскеуде тұруға мәжбүр болды. Сондықтан да ол рухани майданға белсене араласа алмады. Ал Ахаң бастаған алашшыл қазақ зиялыларының рухы жығылмағанын сезiне бастаған тоталитарлық жүйе олардың көзін жоюды мақсат тұтып, «Кеңес өкiметiнің жауы», «буржуазияшыл ұлтшылдар», «террорлық әpeкeттi дайындаушылар» деген негiзсiз айыптар тағып, қудалауға түсiрiп, ақыры түрмеге жауып, аттырып тынды. Академик К.Нұрпейicов «Алаштың» көрнектi жетекшiлерiнің қайраткерлiк ic-әрекеттерiне баға бере келiп, олардың өздерiне тән ерекшелiктерiн былай деп көрсетедi: «Әлихан Бөкейхановтың саясаткерлiгi, саясат жүргiзудегi батысшылдығы ерекше көзге түстi, Ахмет Байтұрсыновқа ең әуелi ағартушылық-ғылымдық пен саяси қимылда байсалдылық және ұстамдылық тән болды. Халел Досмұхамедов пен Мұхаметжан Тынышпаевтардың қоғамдық қайраткерлiгiнен ғалымдық-зерттеушiлiк қасиеттерi басым жатты. Ал Мiржақып Дулатов пен Жақып Ақпаев ең алдымен қоғамдық қайраткерлер peтіндe нақтылы iс-әрекеттің адамдары едi».

Ахмет Байтұрсынұлы Казревком төрағасының орынбасары ретiнде 1920 жылы 4-12 қазанда өткен Бүкiлқазақстандық құрылтайды өткiздi.

Сөйтiп, Қазақ Кеңестiк Социалистiк автономиясының құрылуына айрықша еңбек сіңiрдi. Автономиялық республика құpғaн құрылтайдан кейiн, республика халық комиссарлар кеңесiнің кұрамына кiрiп, Оқу-ағарту комиссары болып сайланды. Ал 1922 жылдан оқу-ағарту комиссариаты жанындағы академиялық орталықты басқарды. Кейіннен  жоғары оқу орындарының профессоры ретінде ұстаздық-ғалымдық қызметін жалғастырып, қазақ руханиятына өлшеусіз үлес қосты.   

Әңгіме барысында келтірілген деректерден, айтқан ой-пікірлері мен істеген нақты істерінен Ахмет Байтұрсынұлының білім, ғылым, саясатты жете меңгерген кемел кемеңгер екендiгiне көз жеткiземiз.

Жоғарыда айтқанымдай, ол шын мәнінде азаттық идеясының ту ұстаушысы, ұлт азаттығын ұлықтаған ұлы тұлға болды!

– Салиқалы сұхбатыңыз үшін рахмет! Ахметтану жолындағы ізденістеріңізге толағай табыс тілеймін!        

                          Сұхбаттасқан 

Құтмағамбет ҚОНЫСБАЙ

2666 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз