• Тарих толқынында
  • 17 Желтоқсан, 2022

ҰЛЫ ДАЛАНЫҢ ПЕРЗЕНТІ

Әр дәуірдің өзіне тән мазмұны мен ерекшеліктері, қуанышы мен реніші, ілгерілеуі мен іркілісі бар. Кешегі кеңестік дәуірде осының бәрін басынан өткерген, тоталитаризмнің жұмағы мен тозағын көрген жандар қауымы жанымызда жүргенін енді түсінудеміз. Бұлардың тағдырлары да әрқилы. Көбінің тағдыр-тәлейі, шежіресі ел аузында жүргенмен артында айтарлықтай материалдық, рухани, басқа да мұра қалдырмағандықтан ұмытылды, ұмытылуда немесе «деген екенге» саяатын ауызша тарих пен әдебиет кейіпкеріне айналды.
 

Мұндай өлшемдерге сыймайтын, ұлттық идеямыз «Мәңгілік Елдің», тәуелсіз Қазақстанның мәңгілік перзентіне айналған тұлғалар бар. Біртуарлар – осылар. Тірілердің тірісі, ірілердің ірісі де осылар. Биыл 100 жылдығы тойланған Асанбай Асқаров – күмән-күдіксіз мәңгілік тұлға.

Ұлы даланың астан-кестеңін шығарған ХХ ғасырды көктей шолып қарасақ, бала Асанбай тозақта тумаса да, тозаққа туған тәрізді. 1922 жылы дүниеге келгендер не көрмеді: бұлардың сорына кеңестік биліктің басына 1921 жылы Сталин келді, бір мүшелге толмай жатып ауыр қасірет ашаршылыққа ұрынды. Кейінде былай деп жазғаны бар: «1930 жылдан бергі оқиғалардың бәрін де білемін. Ерте есейдім, уақыт солай...Қайран қазақ топалаң тиген қойша қырылды-ау! Бұны әдейі қолдан жасалынған ұлттық апат деуге толық негіз бар. Менің 1930 жылы алғаш жазған бірер шумақ өлеңдерім бар еді. Соның бір шумағы мынадай:

...Қырылды, халық қырылды

Араша түсер бұған кім?

Өмір болды-ау бұлыңғыр,

Қазақ атты қыранның».

Ұлттық апаттың зардабы жойылмай жатып, алдан әлемдік апат шықты. Жиырма жасқа толмастан екінші дүниежүзілік соғысқа араласты. Меркеде туып, қырандай түлеген ауыл мұғалімі 1941 жылы әскерге аттанды. Қазақстандықтардың жартысына жуығы майдан даласынан қайтпады. Ал 1922 жылы туғандардың соғыс өртінен 2-3 пайызы ғана тірі оралды. Осы бақыт Асекеңнің пешенесіне жазылған екен. «Тағдыр» атты кітабында былайша тебіреніпті: «Әр қуаныш пен қайғыны қатар көрген күллі Отанымыз көз жасының астында қалғандай көрінетін. Қуаныш дейтінім кемтарлыққа ұшыраса да кейбіреулердің жақындары оралып, әкелеріне, бауырларына, балаларына қуанды. Шынында да, соншама алапат қырғынның ішінен жанның аман қайтуы шексіз олжа болатын».

Осылайша өмірінің алғашқы ширек ғасыры ыстық-суықта шыныққан, қан майданда сыналған, халық перзентіне лайық қасиеттерді бойына сіңірген нағыз азаматтың қалыптасуымен көмкерілді.

Майданнан аман-есен оралып,  қазақ топырағына табаны тиген азаматтың 1946 жылы жұлдызды тағдыры басталды. Оның басты белестері мен нәтижелері асанбайтанушыларға аян: 26 жыл қатарынан Жамбыл, Алматы, Оңтүстік Қазақстан облыстық партия комитеттерін басқарды. 22 жыл КОКП Орталық комитетінің мүшесі, 27 жыл Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің мүшесі, 14 жыл бюро мүшесі, 23 жыл бойы КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты. Социалистік Еңбек Ері, бес мәрте Ленин орденінің иегері. Октябрь революциясы орденімен, екі Еңбек Қызыл ту орденімен, 12 медальмен марапатталды.

Осынау қысқа ғана статистикалық мәліметтердің артында ұйқысыз түндер, тынымсыз ізденістер, әйгілі адамдармен кездесулер мен қоштасулар тұр. Қақтығыстар, қателесулер де болып жатты. «Менің ұзақ еңбек жолымда және аса жоғары лауазымда жүрген кезімде, – деп жазыпты өмір хикаялары «Тағдырда», – кемшілік жібермедім деп айта алмаймын. Кемшіліктер сөз жоқ жіберілді де. Бірақ қайран қалатын бір нәрсем, сол кезде қызметтес жолдастардың бірде-біреуінің де ауыз ашпағаны, ескерту жасап, кемшілігімді айтпағаны несі екен? «Қарым-қатынасты» бұзбау үшін ғана үн-түнсіз жүру деген – аса қауіпті құбылыс. Солай бола тұра осы кесел біздің қоғамымызда кеңінен етек алып кетті».  Абыз ақсақалдың сөзі әлі өзектілігін жойған жоқ, тәуелсіз еліміз үшін де аса маңызды.

Түйіп айтар болсақ, Асекеңнің соғыстан кейінгі 40 жылғы тағдырын мән-маңызына қарап жасампаздық кезең деп атауға толық негіз  бар. Қазіргі Жамбыл, Алматы, Түркістан облыстарында партия комитетін басқарған тұста ол салдырған ғимараттар, үйлер, жолдар, инфрақұрылым нысандары жүздеп, мүмкін мыңдап саналады. Бір ғана Жамбыл қаласында мелиоративтік-құрылыс институтын, технология институтын, су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтын ашуға қол жетті. Орда бұзар отызында жер тарпыған тұлпардай еді. 1960 жылы КОКП орталық комитетінің қойнауында дүниеге келген аса салмақты құжатта кей-кейде шыдамсыздық пен қызуқандылық танытатыны, мәселені шешуде асығыстыққа да жол беретіні айтылған.

Қамал алар қырық жасында Алматы облысын басқаруға келіп, бір мүшел уақыт бойы республикадағы ең танымал және болашағы зор басшылар шоғырында жүрді. Осы жылдары кейбір хатшылар сияқты экономиканы ұлықтаумен ғана шектелмей, ұлт мақтаныштары С.Мұқановтың, Ғ.Мүсіреповтың, Ә.Тәжібаевтың, Ә.Әлімжановтың, Т.Ахтановтың, ақындар Ж.Молдағалиевтің, О.Сүлейменовтың, өнер майталмандары Е.Сидоркиннің, Ғ.Жұбанованың, С.Майқанованың, Ә.Мәмбетовтың, Б.Римованың шығармашылық табыстарын оң бағалай білгені тұлғаның жан-жақты талантын айғақтайды.

Руханиятқа жанашырлығы Оңтүстік Қазақстан облысын басқарған 1978-1985 жылдары да асып-тасып жатты. Шымкент қаласында пайдалануға берілген дендропарк, хайуанаттар паркі, ипподром республика мақтанышына айналды. Осы өңірде 300-дей тарихи-мәдени ескерткіш (Бәйдібек ата, Домалақ ана, Баба Түкті Шашты Әзіз, Қарашаш ана) мемлекеттік қорғауға алынды.

Баптап, тәрбиелеп, қанаттандырып ұшырған басшылар мен мамандар қаншама. Жас таланттар Шерхан Мұртаза мен Қаратай Тұрысовты мектептегі оқушы шағында жазбай таниды, сын сағатында Ілияс Есенберлинді қолдады. Әділдік пен тазалықты мансап пен даңқтан жоғары ұстады. 1985 жылы Кремлдегі билікке келген М.С.Горбачев қазақтарға қырын қарағаны белгілі. Көп ұзамай Асекең зейнеткерлікке шықты.

Таутұлға А.Асқаров өмірінің үшінші дәуірі 1987-1991 жылдарды қамтып жатыр. Алматыдағы, Москвадағы, Бішкектегі түрмелерде жазықсыз жапа шеккен 4,5 жыл. Байлық пен биліктен, толайым табыстардан басы айналмаған Ұлы дала перзенті темір тордың арғы жағында жатып қажымас күрескер екенін паш етті. Негізге тартпай тұрсын ба, 1916 жылғы көтеріліске қатысқан атасы Асылбек бидің, әкесі Асқардың әруағы қолдаған шығар, сірә. Серіктерін сатпады, тергеушілердің арандатуына көнбеді, рухы сынбады. «Не жазып кетсе, жайы сол» деген ғой Хакім Абай. Қайсар қазақтың кім екенін білгісі келген жан «Жұмақ пен Тозақ» жырларын оқыса жетіп жатыр. Шын мағынасына келгенде үшінші дәуірдің мазмұнын тоталитарлық жүйеге қарсылық құрайды. Шектен шыққан әділетсіздікпен, қатігездікпен бетпе-бет келгенше социалистік идеяға қалтқысыз сенген Асанбай аға әміршіл-әкімшіл жүйе төндірген сын-қатерлерге қасқая қарсы тұра алды. Қазаққа қаны қас тергеушілер Д.Қонаевқа, Б.Әшімовқа, Н.Назарбаевқа, З.Камалиденовқа, Д.Бекжановқа жала жабуды талап еткенде де ардан аттамады. Тамыз бүлігі тұсындағы Горбачев сияқты абдырап пұшайман күйге түскен жоқ, орынбасары Янаев тәрізді қалтырай қорыққан емес, ызадан жарыла жаздаған Крючковтың да кейпіне енбеді. Арнайы тапсырма алған Калиниченко, Сидоренко, Клещев сияқты тергеушілермен интеллектуалды айқасқа түсті, қаламымен сырласты, мұң-зарын ақ қағазға аманаттады Осындайда еске түседі: 20-30 жылдарғы қуғын-сүргінде де Алаш арыстары абақтыда Саенко, Катков, Оспанов, Петров деген тергеушілермен сілкілесіп еді. Тарих тағы қайталанды. Мың өліп, мың тірілген қазақты қазақ қалпында сақтап қалған құдірет ұрпақтар арасындағы сабақтастық пен жалғастық екені айдай ақиқат.

Бірақ бұл жолғы күрестің ерекшелігі – тоталитарлық жүйенің күйреуге бет алғандығы. 1991 жылы А.Асқаров бостандыққа шықты. Бұдан кейінгі 10 жылғы өмірін азаттық арқасындағы арылу десек жөн шығар. Халқымен қайта қауышқан қайраткер елін аралады, тәуелсіздікке тәу етті, коммунизм елесін қуудан арылды, ұлт тарихы мен тұлғаларын ақтаңдақтардан арылтуға, қоғамдық сананы жаңғыртуға, Күлтегін тасында жазылғандай, күндіз отырмастан, түнде ұйықтамастан еңбек етті. Арылудың өзегінде шығармашылық талант тұрды. Әсіресе қазақ және орыс тілдерінде жазылған «Ұлы Тұранның ұлдары» кітабының ғылыми-танымдық шоқтығы биік. Қорқыт атадан Д.Қонаевқа дейінгі жүзге жуық түркілік тұлғалар жайлы ой-пайымдарын қағазға түсірген екен. «Бұл кітапты, – депті автор, – ең алдымен, жарқын жастарыма арнап жазып отырмын. Оларға рухани зерде қажет. Тарих толғауы, қыры мен сыры көп тарихи-деректілік пен нақтылықты, адалдық пен әділдікті талап етеді. Ол ешқандай да бұра тартатын бұрмалаушылықты, бүркемеушілікті көтермейді, кешірмейді».

БАҚ беттерінде бай тәжірибесімен бөлісті. 1997 жылы «Ақжол» газетіне берген сұхбатында былай депті: «Қазақ сан жағынан ешкімге ілесе алмас. Сондықтан сапа, саны жағынан өсудің мүмкіндіктері ауадай зәру. Өзіміздің жігіттер самолет шығарып жатса, космосқа ұшса, нешетүрлі күрделі техниканы жасаса, қолдан келмейді емес қой... Менің қорқатыным, жастар соған талпынбайды. Нарық дегеніміз аяусыз күрес, кім озық технологияны игерсе, заман соныкі». Қаңтар оқиғасынан кейін әділетті Жаңа Қазақстанды құру үшін де осы сөз айтылып жатқан жоқ па?

Өмір жалғасуда. Екі ғасырдың, екі жүйенің тұлғасы Асанбай Асқаров 2001 жылы дүниеден озды. Қазақ халқы барда Ұлы дала перзентінің есімі мен ісі ұмытылмайды. Осының тамаша айғақтарының бірі 100 жылдығна орай ҚР Орталық мемлекеттік архиві шығарған екі томдық «Асанбай Асқаров: құжаттары мен материалдар жинағы». Жинақтың 1-томына енген мына құжатты айрықша маңызды санағандықтан мәтінін толық бергенді жөн санадық.

АНАЛЫҚ АЛҒЫС

«Асанбай Асқаров: құжаттары мен материалдар жинағы» атты екі томдық кітабымыздың әр томы[ның] бес жүз (500) дана таралыммен жарыққа шығуына қаржылай көмек жасаған белгілі дәрігер, меценат Ғани Смаханұлы балама әулетіміздің атынан үлкен алғысымызды білдіреміз!

Асанбай Асқаровтың 100 жылдығына арнайы «Орталық мемлекеттік архив» ұжымы дайындаған кітаптың мазмұны, мағынасы терең деп ойлаймын. Ғани Смаханұлы баламның руханиятқа жасап жүрген елеулі еңбегі ұшан-теңіз. Менің өмірлік серігім болған ұлтымыздың ұлағатты ұлы Асанбайдың әруағына қызмет еткен барша азаматтарға алғысымызды айтамын! Мен, Фатима Ғалиқызы аналық жүрегіммен Ғани балама тілейтінім өмірде бақытты, ғұмырлы, дені сау, отбасы аман болсын деймін. Алланың нұры жаусын!

Құрметпен, Асанбай Асқаровтың жары – Фатима Ғалиқызынан.

                                                                         07.09.2022 ж.

Ия, Асанбайдай тұлғасы, тұлғаны ұлықтайтын Ғанидай перзенті бар халықтың тұғыры биік, болашағы жарқын екені күмәнсіз.

Хангелді ӘБЖАНОВ,

ҰҒА академигі

Нұрсейіт КЕНЖЕБАЕВ,

тарих ғылымдарының кандидаты

1575 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз