• Ел мұраты
  • 16 Желтоқсан, 2022

ӨЛЕҢ ӨЛКЕСІНДЕГІ ӨРНЕКТАНУ ІЛІМІ

Гүлзия ПІРӘЛІ,

М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты  «Әуезов үйі» ҒМО-ның бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы

Қазіргі әдеби сында поэзия поэтикасы, әр ақынның өзіндік өрнегі, стилдік, түрлік, тілдік ерекшеліктері, шеберлік ізденістері жөнінде көп айтыла бермейді. Неге? Себебі ұлттық сөз өнеріндегі, өлең өлкесіндегі өрнекті тану автордан ақындықпен бірге терең білімдарлықты, жанрдың табиғаты мен ерекшелігін кәсіби біліктілікпен меңгеруді талап етеді. Кез-келген сыншы бара бермейтін бұл тақырыпты біздің кешегі ұлы зерттеушілеріміз қалай зерттеді, қалай бағалап, әр ақынның көркемдік әлемін қалай таныта білді деген сауалдарға да жиі соғып, өткеннен өнеге ала білсек артық болмас еді. Осы ретте Мұхтар Әуезовтің «Абайдан соңғы ақындар» атты алғашқы мақаласындағы айшықты ойларға, ғылыми теориялық талдауларға, поэзия поэтикасын айқындар әдеби талаптар мен көркемдік шарттарға көңіл бөлуді жөн көрдік. 

Әуезов.М.Шығармаларының елу томдық толық жинағының 1 томына енген (Алматы: Ғылым,1997.1-том. 472-бет) «Екеу» деген бүркеншік атпен «Абай» журналында (№5) жарияланған «Абайдан соңғы ақындар» атты мақаланың жазылу стилі, ғылыми ойлау жүйесі  әдебиеттану ғылымының категориялары мен терминдік түсініктерді, көркемдік категорияларды, поэзиялық шығармаларға қойылар шарттар мен талаптарды бір кісідей меңгеріп, ғылымға талаптанып жүрген семинаристің әрі қаламы жүйрік қаламгердің, яғни Мұхтар Әуезовтің жазу мәнері екендігін  көрсетеді. Мақалада бір ырғақты екпін, бір тынысты стиль,  бір санадан төгілген сөздің сазы, ойдың жүйесі байқалады.

Ал, екінші автор деген жорамал Жүсіпбек Аймауытов пен Тұрағұл Құнанбаевқа жасалғанымен ол әлі анықталмаған әрі кеңесші ретінде болуы мүмкін деген ой бізді де сендіреді. Және мақалада  ғылыми теориялық дайындығы бар, сыни көзқарасы қалыптасқан кәсіби әдебиетшінің қолтаңбасы танылады. Сондықтан да болар мұхтартанушы ғалымдардың М.Әуезовтің елу томдық академиялық толық шығармалар жинағына оның төл туындысы ретінде ұсынып отыруы.

ХХ ғасыр басындағы  идеологиядан  азат, еркін ойлы  автордың әдебиеттану ғылымының теориялық тұжырымдары, көркемдік категориялары, поэзияның поэтикасы, өлең өнердің жанрлық ерекшеліктері, т.б жөніндегі көзқарастары, жеке ақындардың өлеңдері жайлы ой-пікірлері көңіл аудартпай қоймайды.

Ұлттық сөз өнеріндегі Абайға дейінгі және Абайдан соңғы ақындардың поэзиясындағы ерекшеліктерді ғылыми сын тұрғысынан таразылайтын аналитикалық талдаулары шынында да автордың кәсіби біліктілігінің жоғары екендігінен хабар береді. Абай шығармаларының қазақ поэзиясына әкелген жаңалығы мен тың түрлік, жанрлық, тақырыптық, стильдік ерекшеліктерін өзіне дейінгі ақындар шығармашылығымен салыстыра талдау арқылы қазақ әдебиетінде көріне бастаған жаңа көркемдік бағыттар туралы батыл ойлар айтады. Егерде бұл мақала екі адамның ойынан шыққан пікір болса соншалықты нақты, ғылыми іргесі мықты, әдеби, көркем ойдың ғылыми тұжырымы тиянақты, тұрақты болуы екіталай еді. Мұнда көркемдік талғамы жоғары бұл тақырып төңірегіндегі ойы терең, теориялық дайындығы бар,талабы мен таланты тұтасқан шығармашылық тұлғаның табиғатын, төселген стилін танытатын таным бар. Не нәрсені айтар болса да қысқа да нақты, әрі өзіндік ойы мен пікірі өрелі автордың сөз саптауының өзінен биік деңгей, кең ғылыми кеңістік байқалады: «...Қазір бізде өлең жазушылар көбеюіне себеп болып отырған нәрсе – бір «оянудың» барлығы. Бұл оянуға бірінші – Абай, екінші – «Қазақ» газетасы, үшінші жалпы жұрттың ғылымға бет алуы себеп болды. Абайдың қай өлеңі болсын кейінгі буынды жетектеп, түртіп, қозғайтын әсер берді. Кейінгілерді бұл әсер ойлантты, оятты, бұған жалғас оянған ойдың бетін түзеп, жолға салып, ілгерілеуіне қамшы болған «Қазақ» газеті»...» деп Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов сынды Алаш зиялыларының саяси басылымы, идеялық барметрі болған «Қазақ» газетінің қазақ қоғамындағы, ұлт руханиятындағы тарихи орнын айқындап береді (90-б,1-т). Халықтың үні болған баспасөздің рухани рөлі арқылы ел арасына тез тарап жатқан ақпараттар , елдің санасын сілкіп, рухын оятар Абай өлеңдерінен өріс алар «Қазақтың мінезін суреттеп, мінін жазып, сырын ашып, көзге көрсететін, елдің халін қайғырынып, жақсылыққа сүйреген сөздер» қараңғылық қапастан шығар жолды сілтер шоқ жұлдыз, жүректерде жанған шырақ болғанын шабыттана жазады.

М.Әуезов өмірді де, өнерді де өзгертіп жатқан өлеңнің көркемдік шарты мен талабы төңірегіндегі ойлары да талғамы жоғары теориялық тұжырымды танытады: «Өлең бір мақсатқа жұмсалатын құрал болу керек емес. Жалпы еркін, азығы талғаусыз өнер болу керек. Өлеңге қоятын шарт: еркін ой, шарықтаған терең қиял, нәзік, өткір сезім, құйылған сұлу сурет, кестелі, таза, қысқа, анық, дәлді, нығыз тіл. Осы айтылған шарттарды түгел сіміріп, төр табанды, сегіз қырлы болып шығатын өлең Абайдан соңғы ақындарда некен-саяқ.» (91-б,1-т). Бұл қисынды қағидада жалпы өнерге, өлең сөздің теориясына қойылар көркемдік шарт, жоғары талап орын алған. Зерттеуші әдебиеттану ғылымының теориялық қағидаларын қатаң қадағалап,өлең өнерге  тән көркемдік категорияларының ара жігін айқындауға ерекше мән береді : «Тегінде «ақын» бар, «өлеңші» бар...» деген мақаладағы пікірге  ғылыми түсінікте мынадай анықтама берілген: «Мақала иелері ақын деген ұғымды ерекше жоғары қойып, оны рухани тұлға ретінде қабылдайды. Ондай биікке көтеріле алмаған ақындықпен әуестенушілерді жай ғана «өлеңшілер» деп қарайды. Бұл еуропалық сыни көзқарасқа негізделген пікір» (333 б,1-т).

Зерттеуші одан әрі: «Ақынға қойылатын шарттар: әлгі айтылған өлеңшілікке ол шарттардың кейбірі болса да жарай береді.Бұлай болғанда біздің өлеңшілеріміз көп, ақынымыз  аз. Сілтеген қаламы, сермеген талабы көлемденіп, төгіліп, түрленіп, жапырағы желкілдеп, қолмен қойғандай мейірің қанып, тойғандай болып шығатын өлеңдер бұл күнгі ақындарда аз. Көбінің өлеңі – шеберлеп айтқан қара сөз...» деп  өлең сөздегі қарадүрсінділік көбінде түрлі оқиғаға құрылған қисса, дастандар, үгіт насихаттық өлеңдерде, яғни кітаби ақындардың шығармаларында кездесетінін,олардың қазақ поэзиясына зияны болмаса пайда келтірмейтінін атап көрсетеді. Мәтін шағын болғанымен белгілі бір кезеңдік қазақ поэзиясының көркемдік әлемінен әдеби ақпарат беретін бұл ғылыми зерттеудің әрбір сөзінде терең ой, биік көркемдік талғам, ғылыми теориялық тұжырымдар, бұрындары қазақ әдебиеттану ғылымында кездеспейтін кәсіби деңгей бар. Өлең сөздің теориясына тұнып тұрған мәтіннің кей жолдарын кесіп тастасаң кемеңгердің ұлы да құнды пікірлерінен жырақтап қалатындайсың. Әуезовтің алғашқы ізденістерінен кейінде бір ғасырдан астам уақыт өтіп, ғылым өсіп, өлең теориясы,сөз өнері өркениетті елдердегідей өркен жайып өсті десек те оның терең ойлары өз құнарын жоғалта қоймапты.

Абайдың толғауы тоқсан түрлі, теңіздей терең ойлы, мағынасы маржандай сөз мәйегін сәби кезінен санасына сіңіріп өскен Мұхтар Әуезовтің көркемдік эстетикалық талғамы тым жоғары екендігі: «Біздің ойымызша, қазіргі жазылып, шығып жүрген өлеңдерде мына сияқты міндер бар: Табиғаттың һәр түрлі түрімен сырласып, мұңдаса алмайды. Өлеңдерін оқып отырғанда көңіл жоғарылап, қиял шарықтап, басқа да бір дүниеге кіріп кеткендей болатын қуат аз» деген ойларынан байқалады. Осы ретте әдебиетші Әуезов Абай поэзиясындағы поэтика, парасаттық пайым, көркемдік қуат, тың тақырыптық жаңалықтар тәжірибесін тағлым, үлгі ретінде ұсынып: «...адамның жүрегінің сыры табиғатпен жалғасса: қиялы күшейіп, мінезі көркейіп, сезімі нәзіктене бермек...» дей келіп қазақ поэзиясына Абай әкелген  табиғат тақырыбындағы «Желсіз түнде жарық ай», «Көлеңке басын ұзартып» деген өлеңдердің өзгеше өрнек әкелгендігін, мұндай суретшілік, шеберліктің сирек қасиет екендігін ескертеді (92 б).

Сезім, көңіл суретін тілмен үйлестіріп келтіру тек Абай сынды  мыңнан жүйріктің, сирек таланттың ғана қолынан келетін ақындық қабілет екендігін, аңшылық, жылдың төрт мезгілі тақырыбын жаңаша түрлендіріп жаңалық енгізгендігін кәсіби әдебиетші ретінде пән сөздермен түсіндіреді. Қазақ поэзиясында бұрын-соңды болмаған табиғат тақырыбы ұлттық сөз өнеріміздің өрісін қаншалықты кеңейтіп, өресін өсіргені де өтірік емес. Қазақ руханиятында үлкен көркемдік құбылыс болған Абайдың шығармашылық әлемі, әсіресе табиғат лирикалары зерделі зерттеушінің еңбегінде ғажап поэтикалық тағлым ретінде танылады.

Абай мен одан кейінгі әдеби үрдістің үлкен мәселелерін көтерген мақалада дәстүрлі поэтика  шеңберінің тарлығы, шеберлік жетілдірудегі ізденістің аздығы, ақындар шығармашылықтарындағы міндер де арнайы сөз болып, кемшіліктің көзі неде деген сауал төңірегінде нақты ғылыми тұжырымдар жасалады: «Кейінгі ақындардың тағы бір міні – сыршыл еместігі. Һәркімнің жүрегінде бір жасырын сыр бар, жасырын тіл бар, жасырын күй бар. Ақынның ақындығы сол жасырын сырды тауып, жүректі тербетіп, қуантып, мұңайтып, жасырын күйдің шегін шертіп, һәрбір пернесіне тап басу. Ондай өлеңді оқығанда оқушының шері қозғалып, ой-көзі жүрегіне үңілетін бір әсер пайда болады» (92-б,1-т). Міне, мұнда да поэзияға қойылатын көркемдік талаптың бірнешеуі аталып, оның көркемдік құндылығы сарапталады.

Одан әрі де поэзияға тән көркемдік әлемнің әр алуан қырларына үңіле отырып, сол кезеңде    жақсы жырларымен көріне бастаған жас ақындардың шеберлік сырларына да баға береді: «Онан соңғы бір міні  – тілдерінің шебер, кестелі еместігі. Сөздерінің сырты тақылдап, үйлесіп келсе де нәзік сипаттарды жетік суреттей алмай, жадағай, үстүрт кетіп, айтпақ суретін көңілге берік қондыра алмайды. Жас ақындардың ішінде сезіміне сөзі жақын келетін суретшілдігі бар – Мағжан» деп замандасының қалам сілтесінен, алғашқы адымдарынан  алғырлықты аңдаса да көңілге алаң тудырар  кемшіліктеріне көз жұмып қарамайды: «Бірақ оның тілі де кестелі, толық келмей, өлеңінің әсері көңілге ала қонады. Мысалы: «Жолда» деген өлеңінде боранды сипаттағанда тілін жеткізе алмай «Жел... ішін тартып осқырып» деген жерінде көңілге байланып келе жатқан суреттің түрі бұзылыңқырап кетеді. Өлеңде, әдебиетте жанды нәрсенің сипатын жансызға жамайтын жол бар; бұл бірақ ұнасымды болған жерде қосылады. Мысалы: сол өлеңнің ішінде: «Жел...кейде қатты ысқырып» дегені ұнап тұр. «Осқырып» деген сөз желге жанаспайтын сипат. Бұл айтылған суретшілдік, терең қиял, сыршылдық, кестелі, шебер тіл, нәзік сезім ақындардан ғана сұралатын сипат» деп  ақындық шеберлік сырын ,поэзияға тән көркемдік шарттардың теориялық қағидаларын саралап, өлең сөзді қалай талдаудың жолдарын да көрсетеді (92-б).

 ХХ ғасыр басындағы ұлттық сөз өнерінде  өріс алған әдеби үрдіс, поэзияда танылған тың ізденістер, жақсы жетістіктер мен орын алған олқылықтар Абайдан соңғы ақындар творчествосына талдау жасау арқылы айқындалады. Автор оларды тақырыптық, түрлік,тәсілдік, тілдік  ізденістеріне қарай жіктеп, әрқайсысына өз деңгейіндегі талап пен талпыныстарына баға береді. «Өлеңдерінің сыртқы түрі мен қалпына қарап қазіргі өлеңшілерді бірнеше жікке бөлуге болады» деген мақала авторы алдымен оларды екі жікке бөліп қарастырады: «1)..сезімге әсер берелік суретті өлеңдер көбінесе Мағжан, Міржақып, кейде Сұлтанмахмұт һәм Ахмет Мәметовтікі.Бұлардың өлеңінде өзгеше бір сарын бар.Жүрегінің сезімін суреттейтін,жалғастырып әкететін артықша бір маңыз бар. Бұлар – сыршыл (лирик) ақындар», – деп бір топтап әдебиеттегі көркемдік бағытты айқындап береді (93-б,1-т). Қысқа болса да белгілі бір бағыттағы ақындардың суретшілдігіне ортақ сипатты да нақты айқындайды: «2) Екінші жіктің өлеңшілері – Ахмет Байтұрсынов, Сәбит Дөнентаев, Шаһкәрім, Бекет Өтетілеуов.Бұлардың өлеңі сырты төгілген сұлу, тілі кестелі, анық, халықтың ұғымына, оқуына жеңіл, тәтті. Бұлардың өлеңінің сезім мен қиялға тәрбие-әсері аз, ақылға азығы бар. Бұлар – халықшыл (народник) ақындар. Ана ақындардан бұлардың сөзінің халыққа бір атасы жақын тұрады» деп екінші бағыттағы ақындардың өзгелерден өрнегі де атқарар көркемдік қызметі де бөлек, ақындық және азаматтық ерекшеліктерін айғақтайды (93-б,1-т). ХХ ғасыр басындағы қоғам мен өмірге ене бастаған жаңа сананың, саяси өзгерістердің мақсатын халық жүрегіне жететіндей, түсінікті тілмен тез қабылдайтындай етіп жырлаудағы жетістіктерін тиянақты тілмен түсіндіреді.

«Осы күнде сәні кетіп бара жатқан үшінші бір жік бар. Бұл жіктің ақыны ескі өлең, жыр, тақпақтарға еліктеп, желе-жортақтатып, құба жондатып келетін Ғұмар Қарашев» деп жалғыз ақынның есімін атап, таратып талдауды қажет санамайды (93-б).

Әдебиетші Әуезов одан әрі өзі жікке бөлген ақындарға жеке тоқталып олардың шеберлік сырларын, ақындық ерекшеліктерін, қаламгерлік қасиетін  нақты  поэзиялық мәтіннен мысалдар ала отырып, айқындап береді.  Мағжан, Ахмет, Сұлтанмахмұттардың орыс ақындарына еліктейтінін, алайда еліктегіштік мін еместігін, үйренудің үздік үлгісі екендігіне баса мән береді. Жеке шығармаларын талдаған ақындардың ішінде Міржақып Дулатовтың ақындық қуатына ерекше тоқталады: «Бұл айтылған өлеңшілердің ішінде өзінің ақындық беті күшті, түр тапқыш, аса еліктегіш емесі – Міржақып. Кенеттен келген оқиғаны тез сезіп, тез сіңіріп, тез жауап тапқыш, жүйрік қиялды өлең Міржақыптан шығады» деп ақынның өзіне ғана тән тапқырлыққа тәнті болады (93-б,1-т).

Екінші топтың ішінен ерекше көңіл бөліп тоқталғаны: «Ойына сөзі дәл, тілге жайлы,көркем, халықтың керегіне, кемшілігіне ғана арналған өлеңдер Ахмет Байтұрсыновтікі» дейді (94-б,1-т).

Ақындық қасиетін халықтың санасын оятуға арнаған А.Байтұрсыновтың шығармашылық бет-пердесін: «Ойды оятуға, миды сергітуге, мұңлы, мұқтаж, терең мақсат түртіп шығарады.Біресе ызамен зекіп айтып, біресе зарланып, шермен айтып, біресе ақыл қылып, сипап айтып, не қылса халықтың көзін ашпақ. Өлеңінде толғанған ой, толқыған шердің көп ізі бар, бірақ бұған қарап, қиялы шалқып, шарықтап кетпейді. Ылғи халықтың нәзіктенбегін сезімімен,жетілмеген ұғымымен есептесіп отырады. Ахметтің көзге түсерлік бір өнері – переводқа шеберлігі» деп барлық қырынан ашып, суреткерлік шеберлігінің, білім мен ой, сезім қабілетін тек ұлтқа қызмет етуге бағыштайтын ұлт көсемінің тұлғалық табиғатын танытады. Өз замандастарының шығармалары жөнінде ілеспе пікір айтып, аңысын аңдап, қапы кетпей шынайы шеберліктерін тап басып, бағалай білу М.Әуезов сынды сирек білімдар, талғампаз,  сыншылдық таным, таза талант иесіне тән қасиет болса керек-ті. Тегінде қаламгерлердің тірісінде бір-бірін бағалау дер кезінде талантын танып, халыққа таныту өте сирек болатын құбылыс. Сол пендешіліктен жоғары үлкен парасат иесі М.Әуезов өз қатарластырының жақсы жетістіктеріне шын жүректен тілектестік білдіріп қана қоймай қазақ әдебиетіне әкелген жаңашылдықтарына шынайы жанашырлықпен баға беріп, кемшіліктерін көрсетіп,оны жөндеудің жолдарын сілтейді.

Қазақ әдебиеті тарихында М.Әуезовтің бағасын да біліп, кемшілігін де көп жылдар бойы ескертіп, сырт көзге екеуі бір-біріне бәсекелес көрінген екі шығармашылық тұлға Сәбит Мұқанов арасындағы күрделі тағдыр, байланыс бола тұра осы мақалада жақсы баға береді.

«Халықшыл ақындардың ішіндегі алдыңғы қатардағы Сәбит. Сәбиттің өлеңі қысқа, дәмді. Аз сөзге көп мағына сыйғызғыш, сөзді ойына құл қылған, тілі тәтті, дәл келеді. Сәбиттің өлеңінде көңілге тақ еткізе түсіретін тапқыштық, салыстырғыш, сыншылдық, аса терең болмаса де, төрт тағандап түсетін нығыздық бар. Мысалы, «Һәр жан һәртүрде», «Той», «Азаттық күні», «Жаңа жылға» һәм басқалар сықылды өлеңдері сұлулығы, ұғымдылығы, тілге жеңілдігі, тәттілігімен қандай надан адамның болсын, көңіліне қона кетеді. Сөзге еркін, бай екендігіне қаптап тізген өлеңі дәлел» деп қарапайым халыққа жақын тілде жазатын қасиетін жоғары бағалайды (94-б,1-т).

С.Мұқановтың стиліне Шаһкәрімнің тіл қолданысы келіңкірегенімен өлең сөзді тәрбие құралы етуге ерекше көңіл бөлген ақынға: «Осы күнгі ақындардың ішіндегі Абайға өлеңінің сыртымен болмаса да ішкі мағынасымен еліктеген кісі – Шаһкәрім. Мінді, кемшілікті айтқанда жерлеп, кекеп, шенеп, оңдырмайтын Шаһкәрім өлеңінде шанышпа, ащылық бар» деп ақынға тән тілдік өрнектерді, мағыналық мәнді айқындап береді (95-б,1-т).

Мақала авторлары сол кезеңдегі жақсы көрініп жүрген Сәбит Дөнентаев, Бекет Өтетілеуов, Ғұмар Қарашев, Ахмет Мәметов сынды ақындардың шығармашылықтарына да кеңінен тоқталып, кей туындыларын талдай отырып, жетістіктері мен кемшіліктерін әдеби үрдіс деңгейінен қарап, зерделейді. Ғасыр басындағы қазақ поэзиясында бағыт алған көркемдік жіктердің бәріне кәсіби әдебиетші ретінде және озық ойлы оқырман, көркемдік талғамы жоғары сыншы ретінде аналитикалық кең талдау жасап, жоғары баға берген М.Әуезов өз  ойларын қорыта келіп: «...Әдебиетімізге жақсы өлең, шын ақынның сөзі көрік беріп, күшейте алады» деп келешекте өлең өнеріне тек көрікті ой, кестелі тіл керектігін ескертіп, арзандықтан арылуды көксейді (96-б,1-т). ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиетінің даму тарихын, әдеби үрдісін сол кезеңдегі көрнекті ақындардың жаңашыл ізденістері жөнінде ғылыми теориялық тұрғыдан талдау жасап, әр ақынның қолтаңбасын, шеберлік ерекшеліктерін егжей-тегжейлі айқындап берген алғашқы еңбек шын мәніндегі  әдеби сынның, кәсіби білімнің үздік үлгісін танытады. 

P.S.М.Әуезов Абайды өзінен соңғы ақындарға қазақ поэзиясының ең биік белесі, көркемдік құбылысы екенін ескертті, дәлелдеді, мойындатты. Әл-әзірге осы ұлттық руханияттың төріндегі орнынан  ұлы Абай  түсе қойған жоқ.  Абайды әлемге танытқан Әуезовтің рухани ерлік еңбегі еліміз үшін өлшеусіз.

 

 

987 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз