• Ұлттану
  • 17 Желтоқсан, 2022

АБАЙ ТУРАЛЫ ЕСТЕЛІКТЕРДЕГІ АҚЫН ӨМІРБАЯНЫ

Қуат ҚИЫҚБАЙ,

жазушы, Абай музейінің ғылыми қызметкері

Абайды тану – адамзат баласын яғни зер салған адамның өзін тануы деп ұқсақ, онда абайтану ғылымы да биік белеске көтерілген болар еді. Жиырмасыншы ғасырдың аяғынан бастап, әлемдік деңгейде Абай тойы аталып өткен Тәуелсіздік жылдарынан бері Абайға және оның айналасына деген көзқарас жаңаша бағыт алды десек артық сөз емес. Себебі кейінгі жылдардағы Мәскеу мен Омбы қалаларындағы ақынның және оның маңындағы жандарға қатысты архив деректері ғылыми айналымға қосылды. Бұған қоса Абай музейі қорындағы ақынның көзін көрген замандастары қалдырған қолжазбалар мен Ұлттық архивтегі материалдар қоры жалпақ жұртқа жарияға шығуы Абайды тануға жалпы абайтану ғылымына қосылған өлшеусіз үлес.

Біз хакім Абай Құнанбайұлының туған-туыстары мен оған жақын жүрген жандардың естелігінен өзіміз осы күнге дейін көркем туындылардан танып келген Абайды басқа арнадан кездестірсек онда Абайға жақындап, оның жыры мен сырына терең үңілгеніміздің үлгісі осы. Бұған себеп естеліктердегі Абайдың мінез-машығы, қарапайым тіршіліктегі адамгершілік пен адалдыққа негізделген өсиеті, одан бөлек сан-салалы ғылым мен өнерге өресі жетіп, әлем халықтарының мәдениеті һәм әдебиетінен хабары болғанын ұғып сан қырлы Абайдың тарихи тұлғасының жұмбағы мен құпиясы ашылады.

Ал, бұл дүние ғылыми негіз бола алатындықтан абайтану ғылымы жалған пафос пен жасандылықтан ада болып бізге тым жақындай түсетіні кәміл. Бүгінгі ХХІ ғасырдағы абайтану ғылымының ақсақалы һәм асқан білгірі Мекемтас Мырзахметұлының пайымына сүйенсек: «Абай өмірбаяны – абайтанудың іргелі саласы». Демек, Абай туралы естеліктер де абайтану ғылымының іргелі саласының іргетасын қалайтын яки қалауға тұрарлық ерекше дүние екенін ескерген жөн.

Бар саналы ғұмырын Абайды білмекке арнап, адалдық жолынан айнымай адамдық борышын өтеген ғұлама ғалым, кемеңгер жазушы Мұхтар Әуезов Абайға қатысты жайттарды жете білу үшін зертеушілер мен Абайдың ғұмыр жолына қызығушылық танытқан жандардың әр деректі жинау мен білуін «Абай Құнанбаев» монографиялық зерттеу еңбегінің «Абай жайын зерттеушілерге» тарауында да өсиет етіп, осы іске таным-түйсікке сүйеніп келуді айтқан еді. Онда ол: «Абай кешкен өмірді, Абай қалдырған мұраны тану керек, зерттеу керек дегенді бәріміз түсіндік. Күннен-күн, жылдан-жыл өткен сайын осы істерге көңіл бөліп, зер салушы саны молайып келеді. Осы ретте көбіміз ескере жүретін бірнеше соны жайлар тағы бар. Ол Абайдың өзі ғана емес, сол Абайдың заманын, ортасын, үй тұрмысын, салт-дәстүрін, машық-мерзімін білу деген сөз. Бұларды жалғыз Абайдың басына ғана байланысты түрде ескеру емес, жалпы сол кездің бір кескіні, бір бұйым белгілері есепті ескеру керек» – деп нақты дерек пен дәйектің ақ-қарасын айыруды айтады.

Абай сүрген ғұмырды өзінің естелігі етіп қалдырған өресі биік жанның бірі – данышпан ақынның інісі Ысқақтың немересі Әрхам Кәкітайұлы. Ол «Абайдың өмір жолы» еңбегінде: «Мен үш бірдей дәуірді: ру-феодализм, капитализм, социализм дәуірін көзіммен көріп, басымнан атқарған адам бола тұрып, кешегі өмірде, әсіресе Абай өмірімен байланысты көріп-білген шындығымды аузына қара құлып салған темір сандықтай ол дүниеге алып кетсем, ұрпақ менің ол ісімді кешірмес еді. Міне, мен сол өмір шындығынан өзегіме түскен, сары майдай сақтап келген азды-көпті байлығымды ұрпағыма өткен дүниеден әкелген базарлық ретінде қалтықсыз қалдырып кеткім келеді» - дей келе, Абайдың ғұмырбаянын арнаулы тақырыптарға бөліп баяндап береді. Абай ғұмыр кешкен дәуірді бейнелі тілмен баяндай келе ақынның өмірге келген күні мен ең алғаш азан шақырып қойған есімін тайға таңба басқандай етіп әңгімелейді.

Семейдегі сексен жылдан астам тарихы бар Абай музейінің қолжазбалар қорында сақталған естеліктің түпнұсқасында: «Құнанбай ауылы Қасқабұлаққа келіп қонғаннан кейін 1845 жылы ескіше 10 август күні Құнанбайдың екінші әйелі Ұлжан толғатып, бір ұл дүниеге келеді. Мынау үшінші ұлының атын Ибраһим деп арабшалап қояды. Ибраһим Мұхаммед пайғамбардың ұлы атасы, өзі де пайғамбар атағын алған адам екен. Бұл атты баласына қоюы Құнанбайдың өз ортасынан ерекше дін жолына берілгендіктің белгісі сықылды» – дейді.

Абайдың немере інісі Әрхам Кәкітайұлының өзінен 1958 жылы алынған жазбада қазақтың көшпелі мәдениеті, аттың жалында түйенің қомында тірлік кешкен сайын дала төсін мекен еткен халықтың дәстүрі, мұсылман дінін ұстанған Құнанбайдың діннен хабары бар адам екендігі ерекше көзге түседі.

Әлди-әлди Абайым,

Атқа тоқым жабайын.

Тыста жүрген апасын,

Қайдан іздеп табайын,– деп аналық мейір-махаббатын төгіп, бесік жырын айтып отырған Зере әже бейнесі де сондай бір ыстық, сондай бір мейірлі болып сезіледі. Бұдан бөлек, Құнанбайдың қоғамдық келбеті, Ұлжан ананың арғы тегі мен мінезі, жасынан мұсылманша сауат ашып, білімге талпынған зерек, ұғымтал болған бала Абайдың қасиеті, Семей қаласындағы медреседе үш жыл оқып, одан кейін «Городская приходская» дейтұғын орысша мектепке түсіп, өте жақсы деген бағалау қағазын алып қайтқандығы жайында да майдан қыл суырғандай етіп айтылады.

Ә.Ысқақов әңгімелейтін естеліктің қалған бөлімдерінде де хакім Абайдың сан қырлы екендігіне көз жеткізесіз: «Әкесі Құнанбайдың Ғабитхан деген татар молда ұстап Ескітам деген жерден медресе салғызып, бас болып Құдайберді, Тәңірберді, Абай, Ысқақ, одан кейін Құнанбайдың кіші әйелі Айғыздан туған баласы Халиолланы ескіше дін оқуын оқытады.

Абай хақында толымды әрі көлемді естеліктер саны төртеу десек, соның біреуі осы Әрхам Ысқақов жазған естелік. «Ақынның балалық шағы», «Ақынның жастық шағы», «Отау иесі», «Өмір талқысында», «Халық қамқоры», «Өмір соққысы»,  «Соңғы сапар», «Ақынның мұрасы» деп аталатын тарауларында Абайдың бала күнінен бастап, жалын атқан жастық қуаты, шаңырақ көтерген шатыққа толы сәттері, өмір талқысына түсіп халық қамқорына айналған тұлғаның өмір соққысына тап болып, жарадар күй кешіп соңғы сапарға аттанғаны, артында қалған мұрасының халық арасында насихатталуы бәрі-бәрі жіпке тізілген мөлдір моншақтай болып, Абай кескінін айшықтап, анықтап көз алдымызға елестетіп береді.

Ақын жайындағы екінші көлемді дүние Абайдың ақындық мектебінің көрнекті өкілі, сонымен бірге баласы Турағұл Абайұлының естелік-әңгімесі. Бұл еңбек «Әкем Абай туралы» деп аталады. Туындының кіріспе сөзінде ол: «Менің әкемнің биографиясына керекті сөздерді жинамақшы болған азаматқа әкемнің әдепті мінезін, салтын көрсетуге замандасының бір жолыққандағы қалпын, түрін, киген киімін, отырған-тұрғанын, сөйлеген сөзін, қуанған я ашуланғанын жазбағы қажет екен. Менің әкемнің замандасында қаламға үйір, көрген-білгенін қағазға түсіре білері аз болғандықтан, амалсыз өзім жазбақты мойныма алдым. Әйтпесе, әкесінің әдет-ғұрпын баласы жазбағы, менің білуімше, солақай секілді» – деп ағынан жарылады. Т.Абайұлы әкесінің мәжілісі қызықты, сауықшыл, дастарханы аса мол болғанын мәлім қылады.

Бұл естелікте Абайдың бір істі ғана қызықтамай, малай, малшы болсын, ия үйіндегі қызметкер адамның болса да, бір тәуір мінезін, қылығын тауып, жақсы көріп, ойнап-қалжыңдап отыратынын ойға алады. «Қазақ ойнайтын ойындар: дойбы, карта сықылды ойындардың бәрін де ілгергі қазақтың ойыншылары ретті ойнаушы еді. Сөйтсе де, мен білген кезде салынып қызықтанып ойнайтын ойыны тоғызқұмалақ еді. Қай-қайдағы Тобықты ішіндегі ойыншы шалдар келіп, ай жатып ойнап қайтатұғын. Сондай ойыншы шалдардың дәулеті нашарлары, кейде соғымдық қой, тай, тайынша алып, я атқа мініп қайтқаны да болды. Құмалақта әкемді жеңген адам көргенім жоқ» – деп әкесінің сан қырын ашады.

Осы естелік арқылы Абайдың қас қарайғанда әмісе біреуге ертегі айтқызып, не өзі айтып отыратын әдеті болғандығын, біреуге айтқызғанда, бұрын есітпеген кісіше ынтасын сала тыңдап, әбден айтып болған соң, айтушының адасқан жері болса түзетіп беріп және ақынның жас шағында парсы жұртының ертегілері Имашіт, Қаһарман сықылды кітаптарын да көп оқығанынан хабар алып, Абай ауылы адамдарының «Мың бір түннің» кітабын оқып, одан соң орыс романдарына әуестенгенін ашық аңғарамыз.

Бізге жеткен Турағұлдың есінде тұтқан әңгімесінен әкесінің жасында атқа мінсе шалдықпайтыны, алысырақ жерге арба жегіп, 30-40 шақырымдық жерге салт атпен жүргенін, жасында жылқы бағып отарға да шыққанын, жалпы ақын Абайдың атқұмарлығы жайында да біраз сөз болады. Н.И.Долгополовтың 1885 жылы Абай ауылында қонақ болғандығы мен ақынның туған-туысқандары, Абай айналасы, ойшыл ақынның қоғамдық қызметке араласуы, ел билеуі туралы деректерге де осы Турағұл Абайұлы қалдырған естелік арқылы қанығамыз.

Бұған қоса жоғарыда аталған естеліктің ерекшелігі Абай өлеңдерінің жазылу тарихы мен мерзімі, кімдерге арналып, қандай жағдайда туғандығынан мағлұмат алуға болады. Бұл еңбек абайтану саласына үлкен бағыт-бағдар сілтеп, Абайдың өмірі мен шығармашылығына арналған хронология мен ақын ғұмырнамасының айқын таңбалануы дер едік. Баланың санасында қалған білім мен ғылым жолында ештеңе аямаған әкенің мінезі, біз үшін сан қырлы Абайдың артық қасиеті суреттеледі.

Абай туралы, ақынның шығармашылығы мен ұстаздығы жайындағы татымды туындылардың бірі Абай Құнанбайұлының ширек ғасырға жуық досы әрі шәкірті болған Көкбай Жанатайұлының «Мен енді өлеңімді өзім аламын дейді» атты естелігі. Мұнда хакім Абайдың ақын шәкірті ең алғашқы рет жақындасып кетуі мен таныстығын тілге тиек етеді. Абайдың өтірік айтпай, шынын айтатын болса, мал ұрлайтын ұрыны болса да жақын тартқанын, ұрыдан алатын парасы – тек қана шындық екені, шындық пен дұрыстыққа құмарлығын, жолдағы елден ерекше мінездерінің барлығын билікте анық көрсеткен, билікке келгенде Абайдың әділ таза би болғандығын, қоғамдық қызметін барынша шыншыл суреттеуге тырысады. «Жаз» өлеңінің туу тарихы, ақынның жанына жақын тұтқан шәкірттеріне әр алуан тақырыпта шығармаға жаздырғаны, Абайдың оларды сынға алып, олқы жерін түзетуге шақырғаны айтылып, Абайдың алғашқы жазған жырларының да Көкбай атынан жарияға шығып, көпке таралғаны, ақынның өз маңындағы ауылдастарына, туыстарына бағыттап жазған эпиграммалар олардың туу тарихы, кімдерге арналғандығы сөз болады.

«1880 жылдан бастап 1886 жылдарға шейін Абай әрбір өлеңді жазып жүрді. Бірақ бұл уақытта сөздерінің барлығын Көкбай сөздері деп жүргізді. Кейін Омбыда «Дала уалаяты» мен «Серке» газеті шыққанда, бірер өлеңін тағы да менің атыммен жіберді. «Сорлы Көкбай жылайды, жылайды да жырлайды» дегенді менің атымнан айтып еді» – дейді Көкбай ақын естелігінде.

Абай музейінің қолжазбалар қорындағы Абайдың ақын шәкірті Көкбай Жанатайұлының естегілері, тұңғыш рет Абай Құнанбайұлының 1933 жылы шыққан толық шығармалар жинағында басылған естелікте: «Ұдайы жолдас болған уақытымда көп байқаған бір нәрсем бар: орыс болсын, қазақ болсын, жақсы-жаман болсын, әрқашан мінезінде бояма болмай шынымен келген кісіні жақтырушы еді. Бойын бағып, қымтырылып, пәлен көрінем, түлен көрінем деп, қолдан пішін жасайтын мінезді көре бастаса, қытығына тигендей жақтырмай қалатын. Ондайды кекетіп, мысқыл қылып, қалжыңмен өлең айтып жіберетін. Қалжың өлеңнің көбі маңындағы жұрттың осындай мінездерінен туады» – деп сөз өрбітеді.

Осы естелікте ойшыл ақынның саятшылық пен аңшылық қылу, бәйгеге ат апарып қосу, жиын-тойға палуан апарып күрестіру, қаршыға, лашын салғызу, жүйрік ат пен мықты жігіт сақтап, ұры түсірту, қасқыр соққызу, ақын, әнші, күйшіні сақтап өнерді қызықтау сияқтының барлығын өзі көріп қана қоймай інілері мен балаларына үлгі етіп көрсеткенін ұғамыз. Осындай көп әдеттері маңайына өнеге болып жайылғаны, Абай айналасының да көп кісі мен жақсы құсбегі, мерген сияқты жақсы аңшылармен қостап шығып, бірнеше үймен, көп соғым-сойыспен барып бір ай, екі ай жүріп қайтатыны, бертін келе аңшылықты қойып, жоғарыда саналған өзге түрлі сауықтарға көбірек ауысқанын түсіну қиын емес. Алайда, бұл істердің қайсысы болсын Абайдың жалпы тыңдаушыға айтып отыратын өсиет-үгітіне, келелі мәжілісіне, кітап оқып, білім табуына бөгет болмағанын, барлығына бөгет болатын нәрсе болса, ол ел сөзі, ел ішінің тартысы болғанын ақынның шәкірті әрі досы айқын әңгімелеп береді. Өмірінің соңғы жылдарында қажылық парызын өтеп, өз елінде мешіт-медресе ұстап, Тобықты елінің ғана емес барша қазақ баласының мұсылманша сауатын ашуға харакет қылған, Семейдің әскери-губернаторының үкімімен сайланып моллалық қызмет атқарған Көкбай Жанатайұлы Абайдың мұсылмандығы мен ислам дініне көзқарасын әңгімелеп, Абайдың діні «таза ақылмен табылған дін» екенін ескертіп өтеді.

Халық ақыны Төлеу Көбдіков «Абайды көріп, есте қалғандар» деген естелігінде Абайдың ел арасында дау-шарды өте әділ шешетін би болғандығын, ақын ауылының қонақты қарсы алу мен күту жағын баса көрсетеді. Бұған қоса өмірінде қайғылы-қасіретке толы таңба-із қалдырған оқ атып, қылыш шауып тұрса да қайтпайтын жүректі, есіктен бір қайыршы, мүсәпір адам кіріп келсе, орнынан атып тұрып, соған «жоғары шық» деп орын беретін кішіпейіл болған ақынның ұлы Әбдірахманның мінезі мен қазасы сипатталады. Сонымен бірге Төлеу ақын айтатын Абайдың протез тісі жайындағы сөзі оқырманын бей-жай қалдырмайтын мағлұмат деуге келеді.

1944 жылы 2 қыркүйекте Әрхам Кәкітайұлы жазып алған Абай туралы халық ақыны Төлеу ақынның есте қалғандарында: «Абай қартайған адамдарға Семейде осындай тіс салдырып алуға болатынын, бұл да өнер-ғылымның көп пайдасының бірі екенін, отарба, шойынжол, суда жүзетін кеме, не керемет ғылым жайын ұзақ әңгіме қылып кетті. Басқа өнерлі елдердің бізден артық тіршілігін де сөз қылды. Мұндай ғылым әңгімесіне келгенде Мырзақаннан бастап, мәжілісте отырған барлық жұрт ұйып тыңдаудан басқа бір ауыз сөз айтқан жоқ» – деп Абайды Алатаудай биік, ақылды, дүниенің барлық сырын білетін адамдай тұтқанын сөз қылады.

Абай елінің шежіреші ақсақалдарының бірі Ниязбек Алдажаров қалдырған Абай туралы естелігі де абайтану ғылымының ішінде Абай тұлғасын айшықтай түсетін таңдаулы туындылардың бірегейі. Мұнда да сан қырлы Абайдың сыры ашылып, сан-салалы өнердің бастау бұлағы болған хакім Абайды танимыз. Қазақтың ұлттық ойын түрі тоғызқұмалаққа бейім болған ақын бейнесі, Абай ауылына жиі келетін ойыншылар жайы, тоғызқұмалақшы Көрпебайдың ойын тақтасын қанжығасына байлап алып, ел аралап қонақтап жүріп ойнайтын әдеті бары қағаз бедеріне түскен. Кемеңгер ақын айналасындағы Көкбай, Ермағамбет сынды өнерпаздар туралы тың мағлұматтарға да осы естеліктен қанығуға болады.

Шежіреші Ниязбек ақсақал естелігінің «Әйгерім балалары» деп аталатын тарауында Абай балалары Турағұл, Мекайыл, Зікайілдер туралы да әңгімелейді. «Мен өз басым осы күнге дейін ер адамда Турағұлдай сымбаттыны көргем жоқ. Мен көргенде ол кісі ұзын бойлы, денелі, қызыл шырайлы, қою қара сақалды, қара мұртты, өте сымбатты кісі. Үлкендерден естігенім шешесіне тартқан деуші еді. Турағұл сөзге шешен, майда тілді, биязы сөйлейтін өте қабілетті болған» – дей келе Абай баласы Тураштың орысша, ескі мұсылманша сауатты болғанын, М.Горькийдің «Челкаш» деген еңбегін орысшадан қазақшаға аударғанын, ауыз екі тілде орысшаға тәуір болып, орыстың және шетелдің де классиктерін білгендігі әңгімеге арқау болады.

1985 жылы Абай музейінің қорына әкеліп тапсырған естелікте Н.Алдажаров Абайдың Әйгерімнен туған балаларының үлкенді – аға, кішіні – іні дейтін майда тілді, кішіпейіл болғандығынан да Абайдың бала тәрбиесіне зер салғанын пайымдау қиынға түспейді. «Абайдың екінші әйелі Әйгерімнен туған Жебірайіл Семей қаласында орыс мектебінде оқыған. Орысша, қазақша жақсы сауатты болған. Жебеш ағаның Ахмет Әуезовтің «Бала Мұхтар» деген кітапша-естелігінде Мұхтар Әуезовтің семьясымен түскен фотода суреті бар. Жебеш аға ақ жарқын, аңқылдаған, жылдам сөйлейтін, орта бойлы қағылез, қара сұр еді. Абайдың «Мен көрдім ұзын қайың құлағанын» деген өлеңін әнімен айтатын – деп келетін естелікте де көп нәрсеге қанығуға болады.

Содан кейін осы естелікте тағы да: «Әубәкір мұсылманша сауатты, қақ-соқпен шаруасы жоқ... Ұнамаған адамын өлеңмен осқанда тілі қанжардан өткір еді. Ел арасындағы дау-жанжалдан аулақ болған. Суырып салма ақын болған. Онысын қағазға жазбаған. Әубәкірдің ақындық ерекшелігі сонда, ол кісі айтқанда бір кісі үлгеріп жаза алмаған, екі кісі алма-кезек жазған. Ал енді, бір қызығы, бір айтқан өлеңін өзі жадында ұстамаған, ұмытып қалатын. Біреудің көңіліне келеді-ау демейді, айта салады» – деп Абайдың немересі Әубәкір ақын туралы да өте бағалы сөз саптайды.

Шежіреші қалдырған естелікте «Балгер Боқамбай», «Сары құданың құраны», «Ғабитхан», «Ызғұтты», «Мырзағұл», «Шәукімбай», «Намыс», «Оспан мен Смағұлдың егесі», «Саятшы Тарпаңбай», «Абайдың құрдасы – Қыздар», «Күлбадан», «Қара шана», «Торшолақ ат», «Абайдың өлерінде айтқаны», «Әмір мен Мұқаметжанның салдығы», «Еңлік-Кебек», «Кербесті», «Дойбышы сарт» тарауларында Байғұда палуан мен Дүтбай сынды Абайдың замандастары мен туыстық айналасы жайында мол мәлімет алуға болады.

Абай өмірбаянына қатысты тағы бір құнды естеліктердің бірі Ибади Матақов жазып алған «Абайдың келіні Кәмәлияның айтқаны» деп аталатын еңбек. Абайдың немересі Әубәкірдің әйелі Кәмәлия (Кәмәш) ақынның ас-суын қамдап, киім-кешегін тігіп, шығармашылықпен айналысуына жағдай жасаған жандардың санатында айтылады. Абай музейі ашылғанда Абай ойнаған тоғызқұмалақтың тақтасы мен тастарын, тері қалташасын, үш жасанды тісін (протезін) жәдігер ретінде тапсырған. Мұнда естелік авторы ақынның кенже інісі Оспанның үйіне, яғни Еркежан бәйбішенің қолына 17 жасында келін болып түскен кезінен бастап Хакім Абай қайынатасы есебінде емес, туған әкесіндей болып ерекше мейірім танытқанын, жаңа үлгімен тігілген сәнді киімнің үлгісін Тобықтыға Абай ауылы таратқанын, ақынның балалары мен туғандарының шолақ бешпет, сым шалбар, әмеркан етікті ең алдымен кигенін әңгімелейді.

Абай үлгісімен өлең жазған сатирик ақын Әубәкірдің әйелі Кәмәлия осы естелігінде Ырғызбай ішіндегі Ысқақ есімді жігіттің: «Ырғызбайда бес сағат, Көтібақта қос сағат, Топайда бір сағат, Торғайда жоқ сағат», – дегенін келтіріп, Абайдың өзі мен ауылдастарының ерекше өнер мен ғылым-білімге ден қойғанын айтады.

«Тарантас арба да көп жайылды. Әкем бағзы уақытта пауеске арбамен жүретін. Бәйбішелері де арбамен жүретін еді. Оны көрген басқа бәйбішелердің де қолы жеткені арба алғызып, арбаға мінетін болды» дейді естелік авторы. Одан соң ойшыл ақынның жесір әйел мен жетім балаға қарайласқанын, қызықты, думанды, әзіл-қалжыңды өте жақсы көрген Абайдың өз заманында ел аузына ілініп, атағы шыққан әнші, күйші, өнершілердің Абай алдын көріп, үлгі алғанын, балаларын жинап алып, ән, күй тыңдатып, биді тамашалатқанын, Абайдың ән салмайтынын, домбыра, мен скрипка да тартпайтынын, алайда, өзінің ән шығарғаны, «әкем әндерін халыққа көп таратқан әншінің бірі – Мұқаметжан» – екенін де ескі күндерді елестетіп, есіне алған Кәмәлияның сөзінен қанығамыз.

Шыңғыстауда туып, Көкбайдың медресесінен сауатын ашқан қаламгер Ибади Матақовтың хатқа түсірген тағы бір дүниесі «Уәсила Мағауия қызының естелігі». Бұл естелікте Абайдың баласы Мағауиядан туған немересі Уәсила бала жасынан кемел ойлы кемеңгердің шаңырағында бірге тұрып, өзге балалары сияқты «әке» дегенін, Абайдың мінез-құлқын, күнделікті тіршіліктегі жүріс-тұрысын, әдет-машығын жеткізеді. «Әкем өлгенде, мен 13 жаста едім. Әкемнің түрі-түсі, отырыс-тұрысы, бізге, балаларға айтқан нақылы әлі көз алдымда тұр» деп әлқиссасы басталатын естелікте Абайдың балаларды жеті жастан сегізге шығарында оқуға беретіні, еркек балаларымен қабат қыздарды да қатар оқытқаны және ауыл молдасына тапсырып өзі жазған қара сөздерін де оқытқаны айтылады. «Маған ұрлығыңды берші, кедейдің бәрі ұры ма» деп Абайдың Қорамжан деген ұрыға жаман әдетін қойдыртқаны, артынша ел сөзіне араласып, қабырғалы, инауатты адам болғаны да естелік айтушының қаперінен тыс қалмайды.

1948 жылы 12 наурызда Қазақ ССР Ғылым Академиясынан алынып, бүгінде Абай музейінің қорында сақтаулы қолжазбада: «Ауыл үдере көшіп сыртқа (жайлауға) шықты. «Қырық ошақ» деген жерге көшіп қонды. Үш күн ауырып Мағаш өліміне қырық күн толған күні таң ата дүниеден қайтты. Әкем өлген соң біздің жарқырап тұрған күніміз сөнгендей болды» деп ақын өмірінің соңғы сәтін, демі таусылар соңғы сағатын, қырық күн аралатып Мағауия мен Абайдың, содан соң Семейде Ақылбайдың қайтыс болып, Құнанбай әулетінің қасірет жамылғанын суреттейді. Осы естелікте де оқырманға ой салып, зерттеушінің зердесіне тұтуға тиісті, Абай өмірбаянына қатысты тың деректер менмұндалайды.

Одан соң ойлы оқырман үшін, Абай ғұмырбаянын жете білуге ынта білдірген жандар үшін Қ.Құсайыновтың «Абайдың қамқорлығы», М.Қожанұлының «Абай барған Қарамола съезі жайында», А.Малдыбаевтың «Көкше дауы», Ғ.Шәкерұлының «Абай ағаны көріп, қолын ұстадым», Дәулетиярдың «Ақыл дәулетке бітпейді, ақылға дәулет бітеді», С.Қияқбаевтың «Зұлымдықтың бетін әділет ашады», Л.Әзімжанованың «Атамыз аузынан тастамайтын» және Абай өмірбаянына қатысты деректер қатарында сақталған «Мүсірәлі ақсақалдың айтқаны» мен «Әлмағанбетұлы Шәбденнiң әңгiмесi» деген атпен Абай музейінің қорында сақталған осынау естеліктер, құнды қолжазбалардың берері көп.

Жоғарыда айтқан сөзімізді түйіндей келе аталған естеліктер «Мен бір жұмбақ адаммын оны да ойла» деп өлеңге сыр ашып, өзгеше мазмұндағы ақыл-білімнің қайнары Абай Құнанбайұлының өмір белесіне сапар шектіріп, даңғайыр даламыздың данышпаны Абайға жақындатады деп сенеміз. Ақын  Абайдың ғылыми өмірбаяны мен Абай туралы естеліктердің ара-жігін ажыратып, анықтап алған дұрыс. Өмірбаян аты айтып тұрғандай ғылыми негізге сүйенсе, ақын жайындағы естеліктер бір ғана адамның әр кездердегі ақынның көңіл күйін, бір немесе бірнеше рет кездескендегі естелік қалдырушы автордың ақын турасындағы пікірі десе де болады. Бұл естеліктер Абай өмірбаянын толық білуде, Абайды тануда қосалқы, қосымша құрал есебінде пайдамызға жарайтыны басы ашық мәселе.

1375 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *