• Ұлттану
  • 17 Желтоқсан, 2022

ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚ – ТАНЫМ ГАРМОНИЯСЫ

Анар Салқынбай,
 филология ғылымдарының 
докторы, профессор, 
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

Ұлт, ұлттық болмыс, ұлттық рухани құндылық, ұлттық намыс, ұлттық символ, ұлттық мінез, ұлттық дәстүр ұғымдары туралы сөз қозғау үлкен жауапкершілікті қажет етеді. 

 Ұлттық тұтастық негізінде мемлекет атауы аталады, адамдар өздерінің қай ұлтқа жататынын туғанынан танып-біліп өседі. Ұлттық тұтастықты бағалаудың негізгі параметрлерін былайша жүйелеуге болар еді:

1) биологиялық немесе тектік тұтастық;

2) тілдік тұтастық;

3) дәстүр тұтастығы;

4) әлеуметтік-мәдени танымдық тұтастық;

5) саяси-құқықтық тұтастық.

Тіл, дәстүр, әлеуметтік-мәдени танымдық тұтастық – ұлттық тұтастықты анықтаудың басты параметрлерінің бірі. Қазіргі таңда ғылыми қалыптасқан этнофилософиялық және этноәлеуметтанымдық тұжырымдарға сүйене отырып, ұлттың рухани-мәдени кодын айқындауда оның маңызды белгілерін айқындайтын көптеген көрсеткішін саралауға болады. Бұл, ең алдымен, ұлттың өмір сүруінің табиғи базалық негізі туған жер туралы ұғым  – атамекен, Отан, отбасы; Ұлттық мәдениет – дәстүр, салт, тәрбие; Ұлттық тіл – ұлттық мәдениет  пен білімнің, ілімінің негізі; Ұлттық діл – ұлттық мінез, ұлттық құндылықтар. Бұл көрсеткіштер бір-бірімен тікелей байланысты, өйткені мұның бәрі адам баласының саналық деңгейіндегі қабылдауы, жалпы болмысы, дүниетанымы. Ұлттық код – бір-бірімен гармониялы байланысқан, үйлесіммен үйлескен ұлттық құндылықтар жиынтығы. Ұлттық код – ұлттық құндылықтар жиынтығы ретінде, ұлттық мүддеге қызмет етуі тиіс. Ал ұлттық мүдде – жеке адамның барлық мақсатынан жоғары тұруы тиіс.

«Заманына қарай адамы» деген таным қалыптастырған қазақ халқының бүгінгі жаһандану кезеңіндегі адами болмысы қандай? Құндылық деп нені таниды, нені қасиет тұтады?

ХХІ ғасырдың басын жаһандану ғасыры деп атай бастадық. Ол жаһандану үдерісі қандай болады? Жер-жаһанда қандай идея маңызды болмақ? Құндылық қандай? Адам үшін не маңызды болмақ? – деген сұрақтар бүгінде әркімнің де жағасынан алары анық.

Батыстық сарапшы ғалымдар ХХІ ғасыр басын пост классикалық ғасыр, постиндустриалды ғасыр, ақпарат ғасыр деп те атайды. Қалай болғанда да, қазіргі заманда сан түрлі өзгеріс күнде болып жатыр – бұл өзгерістер заманы. Сол өзгерістерді күнде біліп, көріп, тыңдап, оқып  отыратын мүмкіндік бар – яғни жылдам хабар алудың технологиясы меңгерілді; ақпарат заманы емес, жедел ақпарат алу технологиясының дамыған заманы болды; субъективті факторлардың рөлі артқан уақыт;  ғылыми зерделеудің құны біраз кемігенімен, уақыттың өзі ғылыми танымның адамзат үшін үлкен құндылық көзі екенін танытты; халықтар арасында өзара байланыс мен әртүрлі қарым-қатынас көбейіп, түрлі мәдениеттер арасында түрлі сипатта дау-дамай мен жанжалдар орын алғанымен, Адам баласы үшін «бірінші байлық – денсаулық» екенін де уақыт-ақиқаттың өзі қайтадан ескертті. Қатаң ескертті. Ғасыр басындағы алғашқы 20-жылдықта әлемдік пандемияның орын алуы тарих беттерінде жазылуда.

Адамзат баласының табиғатқа тигізген әсері қайшылыққа толы еді. «Табиғаттың бермесін тартып алу міндетке» баланған кеңестік кезең саясатының зардабын өлшеу мүмкін емес. Оның бер жағында Батыс пен Шығыстың қарама-қайшылығына байланысты өмірдің әртүрлі аспектілерін қамтыған дағдарыс жағдайы пайда болды.

Қазіргі қазақ қоғамы үшін, өмірді жаңа бастап келе жатқан келешек жаңа ұрпақ үшін мақсат қандай, өмірінің мәні неде, қандай құндылықтарға иек арту керек, бағдар қандай деген сұрақтарға жауап іздеуіміз керек. Бүгінгі әрбір жас өзіне осындай сұрақ қою арқылы қоғамда өзін жеке тұлға ретінде «кетігін тауып, қаланады». Ең алдымен, жеке тұлғаның қоғамдағы орны анықталып, ол қоғамға әсер етуі үшін ол өзінің құндылықтарын анықтауы қажет. Бұл құндылықтар қоғамда қаншалықты бағаланады, құндылықтардың қоғамның дамуындағы маңызы қандай, өркениет дамуында дәстүрлі немесе классикалық құндылықтардың маңызы қандай, орныққан құндылықтардың қазіргі уақыттағы бағалануы қандай деңгейде деген сауалдарға жауап беру де қажет.

Қазіргі қазақ қоғамында көп айтылғанымен, терең зерттеле қоймаған, гуманитарлық ғылымның әзірге қол жеткізе алмай жүрген тың тақырыбы екені рас. Құндылықты зерттейтін аксиология ілімі кеңес кезеңіндегі гуманитарлық ғылымда, соның ішінде философияда да, тіл білімінде де, арнайы мәртебеге ие болмады, жеке пән ретінде оқытылмады, арнайы зерттеу жазылмады. Қазір сәт сайын өзгеріп, құбылып жатқан әлемде өзіңді танып, өз жеке басыңның тұлға ретінде қадірін арттырып, қасиетіңді білу үшін, өзіңді дұрыс бағалап, бағалату үшін басты ұлттық құндылықтарды білу, оны ардақ тұту, қадірін біліп, үлгі ету маңызды. Яки, бұл тарих қалыптастырған құндылық үшін емес, көненің көзі – жәдігер үшін емес, ертеде даналық тұнған еңбек жазған, дүниеден өткен дана мен данышпан үшін емес, бүгінгі жаһандану заманында өз болмысын сақтауға ұмтылған, өзінің құндылығын бағалау арқылы өзін тануға жеткен жеке тұлға үшін маңызды, қазір өмір сүріп отырған сіз үшін маңызды, болашақ ұрпақ үшін маңызды болады.   

Ұлттық құндылық тек ұлт үшін емес, адамзаттық мәдениеттің көкжиегінің кең болуы үшін, тынысының кең, тұғырының биік болуы үшін маңызды. Адам баласының гармониялы дамуы үшін маңызды. Құндылықты бағалау – өмірдің мағыналы болуын айқындайтын маңызды феномен. Құндылықты бағалау арқылы айналадағы болып жатқан ірілі-ұсақты оқиғалар мен жағдайлардың бағыты мен бағдарын айқындап, әлеуметтік, мәдени, тіпті саяси процесстердің динамикасын саралап, жүйелі түсінік беруге болар еді.   

Құндылықтар сапында ұлттық кодтар мықшегедей бекіген, бекітілген. Құндылыққа айналудың өзі оның бойындағы ұлттың мәдени-рухани кодының болуымен байланысты. Құндылық – дүниетанымның рухани өзегі, қоғамда қалыптасатын сан алуан жағдаяттардың тарихи себептері мен мәнін түсінуге мүмкіндік беретін негіз. Басты таразы осы құндылық болмаққа керек. Өйткені халықтың немесе этностың ерекшелігі мен бірегейлігін айқындайтын  осы – ұлттық құндылықтар. Қазіргі жаһандану заманында ұлттық құндылықтарды зерделеу, оның мәні мен маңызын саралау, рухани-мәдени кодты жүйелеу, дәстүр мен сенімді бағалау, қоғам өмірінде маңызды рөл атқаратын ізгілік қасиеттерді насихаттау – әлеуметтің біртұтас және кең өлшемді әлемінде толеранттықты қамтамасыз етуде үлкен рөл атқарады. 

Техника мен технологияның үлкен жылдамдықпен қарқынды дамуы мен ақпарат алу жолының шапшаңдығы – жеке тұлғаны өмірге тез бейімделіп, тез жетілуіне, «заманына сай адамы» болуға итермелейді. Мол ақпаратты алып, игеріп қазіргі уақытта жылдам-ақ «білімді», «білікті» болуға жол ашық. Планетадағы бүкіл жаңалықты «көзді ашып-жұмғанша, жылдам хабар алғызып отырған» бүгінгі технология жетістіктері арқылы білім алу қиындық келтірмейтіні анық. Қазіргі ғылымның даму деңгейі қоғам дамуын тез өзгертіп, жетілдіріп, оның сан түрлі бағытта өзгере дамуына қол жеткізе алады.

Қазіргі ғылыми технократия мен қоғамда бүгінгі таңда орнығып отырған  «бүгін және қазір» прагматикасын талдаған көптеген гуманитар-зерттеушілер жеке тұлғаның дамуында өмірдің мәнін түсінуден гөрі, жеңіл-желпі күйбең тірлікке салынудың артқанын, рухани құндылықтардың алмаса бастағанын орынды ескертуде. Қазіргі қоғамның белсенді үдерісінде гуманитарлық ғылымның беделінің түсуі, бағаланбауы анық байқалуда. Бұл үдеріс тек біздің елімізде ғана емес, әлемдік кеңістікте етек алып отырғаны рас. Тіпті жапондық кей зерттеушілер әлеуметтік білімді оқытудан бас тартуға шақырғаны да мәлім. «Экзистенциалды философияның» күні бітті деп жорамалдаушы батыстық ғалымдар өмірдің мәнін айқындауға арналған ғылым саласының орнына неоэкзистенциалдық теорияны ұсынып жүруінде де мән бар. Технократизм культінің орнығуы, тұтынушыға айналған қоғамның «бүгін және қазір» прагматизміне бой ұруы – рухани әлсіздіктің белең алуын алға тартты.  Мұны күнделікті адамдардың бойынан айқын байқап жүргеніміз рас.

Қазіргі ХХ ғасыр мен ХХІ ғасыр тоғысы мен ХХІ ғасырдың басында пайда болған неоэкзистенциалистік теорияға ғалымдар үлкен сеніммен қарауда. Олардың арасында философтар ғана емес, сонымен бірге натурализм мен психоанализ теориялары ұсынған тұжырымдарға қарсы көптеген психологтардың болуы да қуантады. Қазіргі таңда бұл теория батыста белсенді зерттелуде. Экзистенциалды тәсіл философияда, педагогикада, этнографияда, мәдениеттану мен тіпті медицинада кеңінен қолданылады. Экзистенциалдық аксиологияны құру, «құндылықтар» арқылы субъектіге әсер ету дәрежесін зерттейтін арнайы құрылған қағида қазірде ғылыми бағыт ретінде қалыптасып келеді. Ақпараттық қоғам жағдайында үлкен дүниетанымдық маңызға ие. Құндылықтар жүйесін бағалау мен бағамдау адам баласының күнделікті тіршілігінен бастап, үлкен жаһандық мәселелерді шешуге дейінгі аралықтағы барлық әрекеттер үшін маңызды болмақ. Неге десеңіз, Абай айтқандай:

Күйеу келтір, қыз ұзат, тойыңды қыл

Қыз таныстыр – қызыққа жұрт ыржаңшыл.

Қынаменде, жар-жар мен беташар бар,

Өлеңсіз солар қызық бола ма гүл?

Туғанда дүние есігін ашады өлең,

Өлеңмен жер қойнына кірер денең,

Өмірдегі қызығың бәрі өлеңмен,

Ойлансаңшы, бос қақпай елең-селең.

Қазақта өлең арқылы берілетін әдет, салт, дәстүрді құндылық ретінде танысақ, онда дүниеге келгеннен бастап, нақты болмыстың объективті заңдары мен жеке тұлғаның субъективті қасиеттерінің қалыптасуының арасындағы өзара қарым-қатынас құндылықты бағалаумен де тығыз байланысты. «Бос қақпай, елең-селеңмен» ойланбай жүрген пенде үшін, құндылықтың бәлки, құны аз. Өмірдің мәнін іздеп, ойланып, ізгіліктің ізгі нұрын сезінетін жеке тұлға үшін құндылықты танудың бағыттаушылық та мәні ерекше болмақ. Құндылықтың жеке адам мен қоғам өміріндегі рөлін анықтау тек этикалық-эстетикалық емес, сонымен қатар антропологиялық және онтологиялық мәселелерді қамтитын экзистенциалды аксиологияның қажеттілігін алға тартады.

Экзистенциалдық аксиология (axios – құндылыққа ие; logos  – ақыл, теория) – жеке адам мен оның онтологиялық дамуын, тұлғаның жеке дамуы мен оның қоғамдағы, әлеуметтік ортадағы дамуын, мәдени-рухани жағдайын, адамның болмысы мен табиғат арасындағы өзара қарым-қатынас пен байланысты зерттейтін білім саласы. Ол жеке тұлғаның құндылық туралы қарапайым түсінігінен бастап, қоршаған табиғи орта мен әлеуметтік өмірге әсерін түсінуге дейінгі аралықты қамтиды. Адам баласының өзін-өзі тануға, дамытуға талаптануының бастау көзі – ұлттық дүниетаным қалыптастырған құндылықтарды танумен, бағалаумен байланысты.      

ХХІ ғасырдың басында ғалымдар арасында да, қоғамда да «құндылықтар дағдарысы» туралы, құндылықтардың қайта бағалануы мен адам баласының өмір сүрудің жаңа мәнін табу үшін жаңа жол іздеу керектігі туралы жиі айтыла бастады. Әр ұрпақ қоғамның дүниетанымын қалыптастыру үдерісін жалғастыра отырып, жаңа мақсаттар мен ұмтылыстар әкеледі. Қазіргі уақытта күнделікті өмірімізде болып жатқан өзгерістер сапалық жағынан несімен ерекшеленеді? Бұл сұрақтарға жауап беру үшін:

– құндылықтардың қоғам дамуын-дағы рөлі қандай екенін саралау;

–  жеке адамның және өркениеттің дәстүрлі классикалық құндылықтарының мәнін анықтау;

– қазіргі танылған құндылықтың басым жақтарын көрсету.

Адам – ой иесі. Адам – өзінің мақсатты әрекеті, жолы, дәстүрі мен салтын ұстайтын, жоспары мен алға қойған мақсаты, мұраты бар белсенді тіршілік иесі. 

Құндылық туралы әңгіме қозғау үшін ең алдымен құндылықтың анықтамасын айқындау қажет. Әлемдік философия ғылымында құндылық туралы ғылыми пікір айтып, анықтамасын берген ғалымдар да баршылық.  Көпшілік ғалымдар құндылықты адамның  қандай да бір қызығушылығы, тілегі, ұмтылысы, адам мен адамдар тобы үшін маңызды нәрсе деп таныған. Р.Б.Перри, «любой предмет любого интереса» деп есептеген [Perry R.B. General Theory of Value. N.Y., 1926. P. 6-9.].

Ғалымдардың көрсетуі бойынша, ең алдымен, құндылық, шындық сияқты қасиет болып есептелмейді, құндылық – ой мен шындық арасындағы қатынас. 

Қазақ ғалымы А.Айталы өзінің «Ұлттану» атты зерттеу еңбегінде  «Ұлттану» ілімінің жаңа саласын қалыптастыру керектігін орынды атай отырып,  қазіргі қазақстандық ұлттануда қазақ ұлтын асыра мақтау, «оның тарихын бірыңғай батырлық пен даналықтың үлгісі ретінде баяндау, болмаса оны тарихтың құрбаны етіп көрсету, ұлт басына түскен ауыртпалықтарды бір ғана отаршылдардың, басқыншылардың арам пиғылымен түсіндіру сияқты біржақты пікір де ұлтты тоғышарлық рухта тәрбиелейді» - деп жазады [Айталы А.Ә. Ұлттану. – Алматы : Арыс, 2000 . – 7-8 бет.].Ғалым пікірімен үнсіз келісесіз. Өйткені шындық осы. Мұндай «мен жақсымын!» санасы меңдегені сондай, заманында қазақтың надандығын айтқан ойшыл Абайдың өзін қаралаған қаншама мақалалар жарияланды, жарияланып жүр... Қазіргі қазақ сол Абай айтқан қазақтан озық па деген сұрақ әркімді де мазаласа мақұл. Озып кетсе, әрине, жақсы еді. Тәуелсіздіктің самалында өндірісті дамытып, ауыл шаруашылығын мандыттық па? Головкиннің жеңісіне бір қуанып, Илья Ильинмен бірге бір қуанып жүрген бүгінгі қазақты «Біздің қазақтың қосқан аты алдында келсе, күреске түсірген балуаны жықса, салған құсы алса, қосқан иті өзгеден озып барып ұстаса, есі шығып бір қуанады. Білмеймін, содан артық қуанышы бар ма екен? Әй, жоқ та шығар! Осы қуаныш бәрі де қазақ қарындастың ортасында бір хайуанның өнерінің артылғанына я бір бөтен адамның жыққанына мақтанарлық не орны бар? Ол озған, алған, жыққан өзі емес, яки баласы емес. Мұның бәрі – қазақтың қазақтан басқа жауы жоқ, биттей нәрсені бір үлкен іс қылған кісідей қуанған болып, ана өзгелерді ызаландырсам екен демек. Біреуді ызаландырмақ – шариғатта харам, шаруаға залал, ақылға теріс. Әншейін біреуді ыза қылмақтың несін дәулет біліп қуанады екен? Жә, болмаса, ана ыза болушы соншалық неге жер болып қалады екен?» – деген Абай сөзімен салыстырып байқаңыз. Қандай даму байқап отырсыз?

Тағы да Абай; «надан ел қуанбас нәрсеге қуанады һәм және қуанғанда не айтып, не қойғанын, не қылғанын өзі білмей, есі шығып, бір түрлі мастыққа кез болып кетеді. Һәм ұялғандары ұялмас нәрседен ұялады, ұяларлық нәрседен ұялмайды. Мұның бәрі – надандық, ақымақтықтың әсері. Бұларын айтсаң, кейбіреуі «рас, рас» деп ұйыған болады. Оған нанба, ертең ол да әлгілердің бірі болып кетеді. Көңілі, көзі жетіп тұрса да, хайуан секілді әуелгі әдетінен бойын тоқтата алмайды, бір тиянақсыздыққа түсіп кетеді, ешкім тоқтатып, ұқтырып болмайды. Не жаманшылық болса да бір әдет етсе, қазақ ол әдетінен еріксіз қорыққанда я өлгенде тоқтайды, болмаса ақылына жеңгізіп, мұным теріс екен деп біліп, ойланып өздігінен тоқтаған адамды көрмессің». 

«Өз халқына сын көзбен қарамаушылық, оның «артықшылықтарын» дәріптеу жағымсыз этникалық стереотиптер қалыптастырады», – деген ой түйеді профессор А.Айталы.

Біздің құндылық туралы ойымыз мен ісіміз үндесіп жатыр ма? Мұның жауабын А.Айталы былайша түсіндіреді: «Жетекші ұлт болып ұйымаған қазақ сияқты халық екінші бір қауымдастықтың тірегіне емес, жетегіне айналады. Біздің еліміздегі орын алып келе жатқан экономикалық, саяси, идеологиялық плюрализм сияқты, еліміздің құрылымына этникалық плюрализм бәрінен де үйлесімді. Бүгінгі күні Қазақстан ұлтын емес, Қазақстан азаматын тәрбиелеу маңызды болып отыр», - деп жазады [9].

«Ұлттық сана-сезім, ұлттық дүниетаным халыққа туа біткен, сондықтан да табиғи заңдылық сияқты құдіретті сезім емес, - деген А.Айталы сөзімен келісе отырып [28-бет], ұлттық сананың өсуі үшін ұлттық құндылықтарды бағалаудың, оны насихаттаудың қаншалықты маңызды екенін түюге болар еді.

Ұлттың барлығы мен бірлігін танытатын, тұтастығы мен тұғырын анықтайтын – тілі. Сондықтан ұлт үшін ең басты мәдени-рухани құндылық – тіл. Ұлттың ортақ тағдыры бар, ортақ рухани құндылықтары бар, ортақ ділі мен мінезі бар, ортақ ұлттық коды бар. Осының бәрінің басын қосып, тұтастыққа жеткізері, ұстанар ұстанымының таразысы, дүниетанымның темірқазығы – ана тілі, ұлт тілі.  

Бағалау мен құндылық туралы М.Хайдеггердің «Гуманизм туралы хат» мақаласында берілген мына ойы ойланарлық:  «Всякое оценивание, – деп жазды М.Хайдеггер, – даже когда оценка позитивна, есть субъективация. Оно предоставляет сущему не быть, а, на правах объекта оценивания, всего лишь считаться. Когда бога, в конце концов, объявляют «высшей ценностью», то это – принижение божественного существа. Мышление в ценностях здесь и во всем остальном – высшее святотатство, какое только возможно по отношению к бытию» [Хайдеггер М. Письмо о гуманизме // Человек и его ценности. Ч. 1. М., 1988. С. 47.]. Ия, қандай да бір ең жақсы бағалаудың өзі – субъективті.

М.Хайдеггер адам өмірінің барлық жағын қамтитын құндылықтардың әмбебап иерархиясын орнатқысы келмейді, тіпті, мүмкіндігінше, әлеуметтік өмірдің негізін қалайтын нәрсені бағалаудан аулақ болуға ұмтылады. Тарихтың әрбір нақты кезеңіндегі әлеуметтік өмірдің терең негіздерін сол кезде өмір сүрген адам пешенеден тікелей берілген, яғни объективті нәрсе ретінде қабылдап, сезінеді. Әлеуметтік өмір де, жеке адамның өмірі сияқты, үздіксіз өзгеру үстінде,  өзгерістер үдерісінде, көбінесе, адам баласының өз қызметінің нәтижесінде болады. Адам баласы өзінің күнделікті барлық әрекетіне баға беріп отырады деу де бекер, онда «болмыстың ақиқаттығы» оған сезілмей қалар еді,  өз қияли әлемінде ғана өмір сүрер еді. Сонымен қатар, адам әрекет етпей де отыра алмайды, демек, ол өз әрекетін бағалауы да керек. Ақиқатты іздейтін ой үнемі құндылықтар туралы ойлануға мүмкіндік бермейді. Десек те, қоғамда, әлеуметтік өмірде өтіп жатқан ірі әрекеттер әрқашан бағаланады. Бүгін болмаса, Ахмет Байтұрсынұлы  айтқандай, «ертең үшін» жасалатын істер бар, бүгін жазалануы мүмкін, бірақ ертең бәрібір сөзге тиек болары анық.

М.Хайдеггер «Гуманизм туралы хат» атты мақаласын болмыстың қызметі туралы мәселеден бастайды да, қызметтің әрекетін адамдар шындық ретінде көретінін, осы әрекеттің нәтижесі, әдетте, бағаланатынын атап көрсетіп, мынадай толғамды ой тастайды: «Мыслью осуществляется отношение бытия к человеческому существу. Мысль не создает и не разрабатывает это отношение. Она просто относит к бытию то, что дано ей самим бытием. Отношение это состоит в том, что мысль дает бытию слово. Язык есть дом бытия. В жилище языка обитает человек. Мыслители и поэты — хранители этого жилища. Их стража — осуществление открытости бытия, насколько они дают ей слово в своей речи, тем сохраняя ее в языке. Мысль не потому становится прежде всего действием, что от нее исходит воздействие или что она прилагается к жизни. Мысль действует, поскольку мыслит. Эта деятельность, пожалуй, самое простое и вместе высшее, потому что она касается отношения бытия к человеку». [http://www.bibikhin.ru/pismo_o_gumanizme Перевод В. В. Бибихина Источник: Мартин Хайдеггер «Бытие и время». Москва, издательство «Республика», 1993].

Ұзақ болса да, орысша аударылған ойды аудармашы Владимир Бибихиннің сөзімен беруді жөн санадық. Өйткені үшінші рет аударылғанда, сөздің мәні жұтаң тартуы не өзгеруі де ықтимал болуынан қаймықтық. Философтың кесек ойының мәні терең. Ой – тіл – ойлаушы арасындағы байланыс осылайша терең анықталған. Ой мен ойлау арасы ашылған. Ой – ойлау арқылы әрекет етеді.

Осы арада  Шаһкәрім  ақынның ой мен ойлану туралы ерекше танымдық ұлағаты ойға оралады.

Шаһкәрім шығармашылығындағы басты қағида, негізгі концепция – ойлану мен ақыл. Ақын сезім ағынына бой алдырмайды, дәлелсіз нәрсеге  сенбейді. Сондықтан:

Бастағы көз, құлаққа сенімім жоқ,

Терең ой мен ақылға айтамын дат

Пайғамбар, әулие айтты десе-дағы,

Ақыл қабыл алмаса, ол маған жат,

– деуінен дала қазағының танымдағы еркіндік табиғатын танимыз. Ой еркіндігі санасында сіңіп, ішкі болмысының нәрінде тұнбаса, мұндай сөзді қанша данышпан болса да айта алмас еді. Алланың, Шынның құдіретін тануға ұмтылып, ойын өзгеге ноқталатпаған еркін кемел адам ғана осылай нақпа-нақ айта алар болар. Ақын үшін бастағы көз, құлақ бар, көкіректегі көз бар.   

Жоғарыда аталған еңбегінде М. Хайдеггер тілді болмыстың үйі ретінде тани отырып, Адам тілдің тұрғын үйінде тұрады. Бұл тұрғын үйді сақтаушылар – ойшылдар мен ақындар, – деп түйіндейді. Олардың күзеті – болмыстың ашықтығын түсіну, олар оны сөйлеу кезінде бір сөз беріп, сол арқылы оны тілде сақтайды. Демек, болмыстың ашықтығы, яки айқындығы тек сөйлеу кезінде танылып, тілде сақталады.

Кез келген нысанды ойша сәйкес келетін затпен салыстырғанда, бағалау қатынасы туындайды. Құндылық қатынастың тілдегі көрінісі, көбінесе «солай болуы керек» деген айқын немесе тұспалды тұжырымдармен бекітіледі. Қазақ халқы қалыптастырған үш «болады» – «ұят болады», «сауап болады», «обал болады» – осы әлемнің қарапайым бейнесінің тілдегі танымдық көрінісі.

Табиғаттағы заттар мен құбылыстарды танып білудің нәтижесі саналатын білім жүйесі – адамның рухы, ішкі болмысы мен тәжірибесі арасындағы байланыс. Білім – білуге ұмтылудан жинақталады. Білу - жалпы мағынасында тек нені білетіні ғана емес, сонымен қатар нені білуге болады деген нақты әрі негізделген түсінік. Адам баласының ғұмыры тәжірибемен өрілген, ол еңбек етуге, тануға және танылған зат мен құбылысқа әлем бейнесінің көрінісі ретінде атау беруге негізделген. Әлемді тану – шындықты тану, ақиқатқа ұмтылу. Ұмтылу жолында танығаны, атағаны – білгені. Ақиқатты тану жолында танып-білгені, ізгілік пен адамгершілікке ұмтылысы, ақиқатқа ұмтылысы – құндылық. Абай Дананың «Жиырма сегізінші сөзіне» көңіл бөлейік:

«Ей, мұсылмандар! Біреу бай болса, біреу кедей болса, біреу ауру, біреу сау болса, біреу есті, біреу есер болса, біреудің көңілі жақсылыққа мейілді, біреудің көңілі жаманшылыққа мейілді – бұлар неліктен десе біреу, сіздер айтасыздар: құдай тағаланың жаратуынан яки бұйрығынша болған іс деп. Жә, олай болса, біз құдай тағаланы айыбы жоқ, міні жоқ, өзі әділ деп иман келтіріп едік. Енді құдай тағала бір антұрғанға еңбексіз мал береді екен. Бір құдайдан тілеп, адал еңбек қылып, пайда іздеген кісінің еңбегін жандырмай, қатын-баласын жөндеп асырарлық та қылмай, кедей қылады екен. Ешкімге залалсыз бір момынды ауру қылып, қор қылады екен. Қайда бір ұры, залымның денін сау қылады екен. Әке-шешесі бір-екі баланың бірін есті, бірін есер қылады екен. Тамам жұртқа бұзық болма, түзік бол деп жарлық шашып, жол салады екен. Түзікті бейішке шығарамын деп, бұзықты тозаққа саламын деп айта тұра, пендесінің біреуін жақсылыққа мейілдендіріп, біреуін жаманшылыққа мейілдендіріп, өзі құдайлық құдіретімен біреуін жақсылыққа бұрып, біреуін жамандылыққа бұрып жіберіп тұрады екен. Осының бәрі құдай тағаланың айыпсыз, мінсіз ғафур рахимдығына, әділдігіне лайық келе ме? Жұрт та, мүлік те - бәрі құдайдың өзінікі. Бұл қылғанын не дей аламыз? Өз мүлкін өзі не қылса қыла береді. Оны айыпты болады дей алмаймыз десең, ол сөзің құдай тағаланың айыбы, міні жоқ емес, толып жатыр, бірақ айтуға бата алмаймыз дегенің емес пе? Олай болғанда, пенде өз тырысқандығыменен не табады? Бәрін қылушыға қылдырушы өзі екен. Пенде пендеге өкпелейтұғын ешнәрсе жоқ. Кім жақсылық, кім жамандық қылса дағы құдайдан келген жарлықты қылып жүр екен дейміз бе?

Құдай тағала әрбір ақылы бар кісіге иман парыз, әрбір иманы бар кісіге ғибадат парыз деген екен. Және де әрбір рас іс ақылдан қорықпаса керек. Жә, біз енді ақылды еркіне жібермесек, құдай тағаланың ақылы бар кісіге иман парыз дегені қайда қалады? «Мені таныған ақылменен таныр» дегені қайда қалады? Дініміздің бір жасырын тұрған жалғаны жоқ болса, ақылды, оны ойлама дегенімізге пенде бола ма? Ақыл тоқтамаған соң, діннің өзі неден болады. Әуелі иманды түзетпей жатып, қылған ғибадат не болады? Жоқ, сен жақсылық, жамандықты жаратқан – құдай, бірақ қылдырған құдай емес, ауруды жаратқан – құдай, ауыртқан құдай емес, байлықты, кедейлікті жаратқан – құдай, бай қылған, кедей қылған құдай емес деп, нанып ұқсаң болар, әйтпесе - жоқ».

Данышпан Абай сөзіне ақыл да, білім де тоқтайды. Жақсылық, жамандықты жаратқан – құдай, бірақ қылдырған құдай емес, ауруды жаратқан – құдай, ауыртқан құдай емес, байлықты, кедейлікті жаратқан – құдай, бай қылған, кедей қылған құдай емес деп, нанып ұқсаң болар, әйтпесе – жоқ. Міне, жеке адамның қолынан келері – осы: іс, әрекет, еңбек. Абай ұлағатында әлемді танудың когнитивті бейнесі осылайша нақты да айқын талданған. Ойшыл сөзінің «қара сөз» болуының мәні – тарихи қалыпқа түскен дәстүрлі ойды айқындап, нақтылап, жүйелеп, негіздеп, ұлттық код деңгейіне төрлетіп орын беруі деп түсінеміз. 

Құндылық – философиялық және гуманитарлық дискурстар жүйесіндегі негізгі әмбебап тұжырымның бірі. «Құндылық» термині белгілі бір заттың,  құбылыстың адами, әлеуметтік және мәдени маңыздылығын көрсету үшін қолданылады дейміз. Абай ұсынып отырған бұл білікті сөз кез келген жеке тұлға үшін әмбебап тұжырым ғой.

 Құндылық тек этика-эстетикалық салаға немесе жалпы философияның ғана мәселесі емес, сонымен бірге, тіл біліміне де нақты қатысы бар екені анық. Тіл мен мәдениеттің, тіл мен танымның арасындағы тығыз байланыс бар десек, құндылықты анықтайтын ұғымдар тілдік таңбалар арқылы таңбаланып қана қоймайды, әрі тілдік бірліктер негізінде тарихи жадта сақталады, санада сәулеленеді. Құндылық – жеке тұлға мен әлемді байланыстырушы құбылыс десек, сол әлемнің тілдік бейнесі ретінде көрінетін тілдегі атаулардың денотаты ретінде құндылықтың маңызын анықтап, лингво-философиялық, когнитологиялық бағытта қарастыруды да ғылыми маңызды деп бағалаймыз.        

 Ең алдымен, ерекше атап өткіміз келетіні, ұлт тілінің өзі – ұлт үшін ең басты құндылық. Тілді білу ұрпақ арасындағы байланысты сақтауға мүмкіндік береді. Тіл – әлемнің тілдік бейнесі ретінде жаратылысқа кеңірек қарауға, оны барлық алуан түрлі сипатында түсінуге және жан-жақты қабылдауға, бағалауға мүмкіндік береді. Тіл мен мәдениеттің ажырамас байланысы да осы арқылы айқын көрінеді.  

 Қазақ тілі – сан ғасырдан бері ата-бабадан мирас болып келе жатқан киелі дүние. Ол – халықтың алтыннан қымбат кені. Тіл – адам баласының әлем бейнесін тану жолындағы түсінігінің, ойының, сезімінің, идеясының, дүниетанымының көрінісі. Тіл – халық тарихы.  Тіл – ұлттың жады. Тілде халық жасаған рухани мәдениет пен өркениеттің даму жолы жатады. Қазақ халқының барлық құнарлы ойы, құнды қиялы, ізгілікке негізделген рухани мәдениеті, дүниетанымдық болмысы көркем сөзбен кестеленген. Тілдің болашағын бағамдау үшін, келешек көкжиегінің кеңдігіне көз тігу үшін оның өткен тарихын, сөз шежіресінің даму жолын білу парыз. Тіл бар жерде ғана ұлт бар, ұлттық мінез бен ұлттық болмысты сақтаушы басты да маңызды  тұғыры  да осы – ана тілі.   Тілдің қасиетін түйсіну, қадірін білу, құндылық ретінде бағалау – ұрпаққа парыз.

Ия, әрбір ұлт тілі өзінше ұлы, өз нақышымен қымбат. Қазақ тілі – ең бай әрі дамыған тіл. Әлемдегі санаулы ғана әдеби тілдердің бірі.       

Қазақ тілінің кешегі мәйекті қалпын, терең философиялық тұжырымды екі ауыз сөзге сыйғыза білген, мірдің оғындай өткір қалпын терең меңгеру парыз. Ана тілінің қасиетін меңгеру мен меңгерту – ғылыми бағытта парасаттылықпен дұрыс жолға қойылса орынды.  Кез келген тілдің өзіндік ерекшелігі мен өзіндік тарихы бар, оларды бірінен-бірі артық не кем деуге ғылыми негіз жоқ. Өйткені кез келген ұлт тілі сол ұлттың жан дүниесінің тереңін танытып, рухын сездіреді, мәдени-рухани дүниесінен ақпар береді. Тіл арқылы берілетін ақпараттың ұлттық негізінің, ұлттық мінезінің сақталуы әлеуметтік құндылыққа, ұлттық мәдениеттің басымдығына айналуы шарт. Ал ұлт тілінің бағалануы мен құндылыққа риясыз айналуы үшін мемлекет жүзеге асыратын тілдік саясаттан оң қабақ керек. Тілдің әлеуметтік құндылығын асыру не кеміту қоғамның өз қолында. Бұл қазіргі қазақ тілінің құндылық ретінде, мәдени-рухани құндылық ретінде, текті құндылық ретінде бағалануынан ерекше байқалатыны рас. 

  Қазақ ұлттық мәдениетінің құндылықтары, ең алдымен, өзінің, өз ата-анасының, өз отбасының, өз ауылының, өз аймағының, өз Отанының мәдени құндылықтары. Отанға деген сүйіспеншілік оның туып-өскен жеріне деген сүйіспеншілік сезімінен басталады.

Құндылық ұғымы – Адамның адамдық мәнін, ішкі қасиетін анықтайтын негіз. Қазақта адамға қатысты қолданатын қасиет, қасиетті, қасиетсіз деген ұғым бар. Мұның мәні де, мағынасы да тым терең. Құндылықтар жүйесі адам санасында қабылданған қасиетті ұғымдар жүйесінен құралады да, өзі сол адамның ішкі болмысының сипатын, мәнін туғызады. Жеке тұлға өзінің когнитивтік, танымдық қызметінде қасиетке ие болуы үшін осы құндылықтарды игеруі, меңгеруі қажет. Құндылықтарды игеруі, меңгеруі, бағалауы нәтижесінде адамның қасиетті, ішкі рухани болмысы бағаланады. Өйткені құндылық – бағалаусыз, бағалаушысыз құндылық болмайды. Ал оны бағалау үшін, құндылықты есту, көру, білу, ұғу, түсіну, мойындау керек. Құндылық – рухани шығармашылық құбылыс, субъективті тәжірибе. Заттар мен құбылыстарға ұлттық құндылық деп баға беру үшін адам баласы сол әлеммен тікелей байланысты болуы, оны тануы тиіс. Ал бұл таным тым жоғары бағалауыштық сипатта болса да, тым төмен бағалауыштық сипатта болса да – қатер. ХХІ ғасырдың басындағы қазақтың ұлттық дүниетанымындағы ұлттық рухани мәдени құндылықтардың бағалануында осындай ала-құлалық бар екенін жоққа шығара алмаймыз.  Ұлы Абай ғасыр бастауында тұрғанда, 1902 жылы:

Әркімді заман сүйремек,

Заманды қай жан билемек?

Заманға жаман күйлемек,

Замана оны илемек, -деп жазған екен.

Заманға өзін билетпеу үшін кез келген ТҰЛҒА-ның артындағы халқы да мәдениет пен өркениет тұрғысынан өзге елдермен иықтас болуы қажет еді. Ал иықтас, өзгелермен тең болуы үшін әрине, білім керек, білік керек. А.Байтұрсынұлы «Оқу жайы» атты мақаласында «Бұл күнде оқудың керек екеніне ешкімнің таласы жоқ. Қай жұрт болса да оқумен ілгері басып тұрғандығын көріп тұрамыз. Оқусыз халық қанша бай болса да, біраз жылдардан кейін оның байлығы өнерлі халықтардың қолына көшпекші» дей келіп, сол замандағы қазақтың байлығы «көлденең көк аттыларға түсіп, соларға жем болғанын» ашына жазады.

Қазіргі қазақ тіліндегі «өнер» тек орыс тіліндегі «искусство» сөзінің аудармасы мағынасында жұмсалып, қалыптасып барады. Ал «өн» түбіріне негізделіп жасалған «өнер» атауының ұғымы бұдан әлдеқайда тереңірек.

Өн – өндір, өндіріс, өнім сөздерімен түбірлес болып келетін «өнер» сөзінің уәжі мен мәні – адам қолымен жасалған, өндірілген белгілі бір заттың не нәрсенің жоғары деңгейде сапалы орындалуы, жетістігі.

Мәселен, «Жігітке жеті өнер де аз» деген сөздің мәні жігіттің би билеуі, операда ән салуы, киноға түсуі емес, оның көп істі білуі, қолынан келуі, әрі әнші, әрі ақын, әрі балуан, әрі етікші, әрі аңшы, әрі мерген болуы.

«Қазақтың шаруасына бір жағынан надандығынан кемшілік келгенде, екінші жақтан білімсіздігін көріп тұрғандар басынып, елдіктен, теңдіктен қалдырып, тиісті сыбағасына қиянат етіп тұрғаны санасы бар қазаққа ескерерлік іс еді. Бұл заманда қолы жетпегендерді теңдікке жеткізетін, әлсіздерге күш беретін өнер-білім, сол өнерге мезгілі өтпей тұрғанда үйренсек, тұрмысымызды түзетіп, басқалардың аяқ астында жаншылмас едік, біз де өз алдымызға бір жұрт екенімізді білдірер едік», – А.Байтұрсынұлы.

Ұлы уақыт дергейінде ежелден басталған Ұлы жолды Ұлы Дала төсінде заманаға қарай жалғау, дамыту Ахметке оңай болмады. Қиындық тек халықты оятуда ғана емес еді:

– биліктің қарсылығы;

– «шын мәнінде орыстана және татарлана бастаған қазақ зиялыларының» көбінің санасына қазақи рухани төңкеріс керек еді;

– баланың сауатын ашатын араб қарпінің қазақ сөзіне, қазақы сөйлеу үдерісіне сәйкес келмеуі;

– мектеп ашу үшін лайықты орындардың болмауы;

– оқытушы мұғалімнің жетіспеуі, деңгейінің төмендігі;

– оқытатын оқу құралдары мен оқулықтың болмауы т.б.

Оқу не үшін керек?  Ахметтің пайымдауынша, оқу, ең алдымен, ұлт жұмысы үшін керек. Ал «ұлт жұмысы – үлкен жұмыс, үлкен жұмысқа көп жұмысшы керек». «Балам деген жұрт болмаса – жұртым дейтін бала қайдан шықсын. Бала деп бағып оқытып, адам қылғаннан кейін жұртым деп танымаса, сонда өкпелеу жөн ғой, Аталық міндетін атқарып отырған жұрт жоқ, жұртқа борыштымын деп жүрген қазақ баласы жоқ. Баққан қазына, қазынаға борыштымын деп жүр. ...Баланы ұлша тәрбиелесең, ұл болмақшы, Құлша тәрбиелесең, құл болмақшы» дегенді айтқан да  А.Байтұрсынұлы.  

Ия, «жұртым» деген бала өсіп шығып, ұл болып ұлтын ұлықтап, одан ұлттық санадан мемлекеттік санаға дамып жетілуі үшін қажетті дүниені бүгінгі қазақ баласы мектептен алып отыр ма? Ұлттық құндылықтарға, ұлттық дәстүрге қаншалықты мән беріледі. Мұның артында мектептегі тәрбие арқылы санаға берік сіңетін ұлттық идеологиямыздың жағдайы қалай еді деген сан сауалдар жағадан алатыны несі?

«Өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуы мен бақытты балалық – бұл біздің жалпыұлттық міндетіміз» деген президент Қ.К.Тоқаев сөзі көңілге көп демеу.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Абай.  Шығармаларының академиялық толық жинағы. –Алматы, 2020.

2. Байтұрсынұлы А.  Таңдамалы шығармалары. –Алматы, 2022.

3. Бахтин М.М. К методологии литературоведения. Контекст. Литературно-теоретические исследования. М., 1975., 386 С.

4. Оразов М. Қазақ тілінің семантикасы. –Алматы., «Рауан». 1991. 221 б.

5. Айталы А.Ә. Ұлттану. - Алматы : Арыс, 2000 . – 7-8 бет.

6. http://www.bibikhin.ru/pismo_o_gumanizme Перевод В. В. Бибихина Источник: Мартин Хайдеггер “Бытие и время”. Москва, издательство “Республика”, 1993.

7. Хайдеггер М. Письмо о гуманизме // Человек и его ценности. Ч. 1. М., 1988. С. 47.

12744 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз