• Ел мұраты
  • 19 Қаңтар, 2023

«ҚАЗАҚ» ПА? ИӘ, ДӘЛ ӨЗІ! – «БӘЗ-БАЯҒЫ...»

Игілік ӘЙМЕН-ИГЕН

жазушы, жорналшы, сыншы

Бір қазаққа әңгіме айта қалсаң, алғашында көздері бақырайып, тыңдаған болады да, артынша жан-жағына алақтап-жұлақтап кетеді. («Әңгіме – Сөз тыңдамағаннан без!»). «Әй, мен саған әңгіме айтып отырмын ғой!» десең – «ә-ә-ә...» дейді де, тыңдаған бола қалады да, қайтадан алақ-жұлағына басады. Жан-жағын, сенің де үсті-басыңды тіміскіленіп, түгел тексеріп-қарап шығады, – сенің сөздеріңді еш тыңдамайды да қыстырмайды. Сөйтіп отырып, сенің қолтығыңның сөгіліп кеткен жерін байқап қалады да, түрі-басы жылмыңдап, көздері оттай жанып, «жерден жеті қоян тапқандай боп»: «Уа-а-а, көкем-ау, қолтығыңыз айырылып кетіпті ғой, кемпіріңіз қарамайды ма, бә-ә-ә... ұят екен-ә!» деп кеп жөнеледі. «Бітті, болды – тапты ғой бар пәленің қайда екенін». Дүниедегі бар пәле тек сенің – сен сияқтылардың қолтығынан туындап жатыр екен. «Өзі – өзі сияқтылар әппақ... тап-таза...» Себебі, сен – оның «қап-қаралығын» көріп, біліп, ұстап ала қойған жоқсың ғой. Ал енді, сен, со мезетінде, оның аяқ-қолын мытап, тоңқайтып қойып, дамбалын сыпырып қарасаң ғой – көресің де білесің: «Боқа... бықсыған... бықыған...» Жүз жылда тазаланып болмайды...

Иә-ә-ә... 1969 жыл. Мектепте 9-класты бітірісімен, – «ол кездері 9-класстар емтихан тапсырмайтын, жұмысқа жегілетін», – біздерді совхоздың шөбін шауып-жинауға алып кетті. Трактор-комбайн шөпті орады; екінші трактор-комбайн жүріп бара жатып престеп, артынан тышып кете береді. Қалғанының бәрін, біздер – екі «тоғыздың» отыз ер баласы істейміз. Пресс шөпті айырмен машинаға артамыз, қой қораға апарып, әдемілеп (кірпіш сияқты қып) қалаймыз. Негізінде, скірттеп қалап-жинау жұмысшы көкелеріміздің тірлігі болса да. (Олар біздерді пайдаланып, арақ ішіп, сандалып, гөләйттап жүреді ғой). Сонымен, біз биіктеткен скірттің үстінде айырына сүйеніп бір қазақ-көкеміз ерігіп тұрады. Жасы қырықтардан асқан. Қарап тұрмайды, ауыл жаққа қарайлап тұрады. Сөйтеді де, соз-ып-п-п тұрып ерсі сөз айтады. Біздер күлеміз. Енді, басқа істейтін шаруасы жоқ қой, – біз істеп жатырмыз ғой оның орнына. Біраздан соң, талтайып тұрады да, тағы да әлгі сөзін қайталайды. Айтқан сайын «бі-і-рр рахаттанып қалатындай-ау!» Жатып кеп күлеміз. Енді, күле беруге уақыт жоқ, келесі рейске аттанамыз. Машинаның үстінде, Өгізтауды бетке алып, әндетіп барамыз: «Біз бақытты – Совет-Союз жастары! Алдымызда жарқырайды – коммунизм оттары!..»

 

413 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз