• Ұлттану
  • 25 Қаңтар, 2023

ӘДЕБИЕТ РУХ ӘЛЕМІНЕ БОЙЛАМАЙ, ТІРІ ӘДЕБИЕТ САНАЛМАЙДЫ

Нұрхалық АБДЫРАҚЫН

***

Жазушы адамзатқа пайдалы білімге бай және ұшқыр қиялдың биігінде қанат қағатын болуы шарт. Оқырман бірде түсініп, бірде түсіне алмай шаршасын. Шаршағанда ойланып әдемі шаршасын. Біз бұл мақаламызда өзім оқып шыққан Нобель әдебиет сыйлығының иегері жазушы Орхан Памук,  Мо Ян, Гау Шиңжиян туралы сөз қозғауды жөн көрдік. Орханның «Менің атым қырмызы» романы, Мо Янның «Арақ елі», «41 өтірігі», «Жәннаттағы сарымсақ жыры», «Өмір мен өлім күресі», «Бақа», «Қызыл жүгері», «13 қадам» романдары, Гау Шиңжияның «Рух тауы» романы нағыз тірі әдебиеттің өзі. Демек, Нобель алған жазушылар жай жазушы емес. Біз сияқты жердің бетіндегі көзбен көрген, қолмен ұстаған тар өрісті нәрселер емес, адамзаттық, жалпы тіршілік, жанды-жансыз жаратылыс сырларына басқаша үңіліп, Құдайлық ілімге көз жеткізеді.

Көптеген әдебиеттанушылар мен сыншылар Швед академиясы саяси мақсатты ұстанады, жазушы «ұлтын, елін жамандаса болды, береді» деген бір жақтылы көзқарасты айтады. Әдебиетке сын айтатын ғалым, меніңше, жазушылық қиялы болуы керек. Әдебиет өмірден биік тұрған, өмірді ойға, оны қиялға құрық еткен жасампаздық. Әдебиеттен саясат іздеудің еш керегі жоқ. Шын әдебиетте шекара, шеңбер, ұлт, ұлыс жоқ, тек жанды-жансыз тіршілік, он сегіз мың ғалам бар. Памуктің  «Менің атым қырмызысы» жердің беті емес, аспан асты емес, мүлде басқа бір кеңістікте қалықтап жүр, өзі айтқандай «қалқыма» әлемде. Үлкен, күрделі сюжет жоқ, тек 5 суретші, он екі жыл сыртта болған Қара және оның ғашығы Шакура екі баласымен, Шакураның қайнысы Хасен, бар болғаны осылар, осылардың ортасындағы уақиға. Жазушы барлығын бірінші жақпен баяндап, оқырманның ішінен сөйлейді. Орхан Құран мен хадисті, Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у) жақсы білетіні көрініп тұр. Аталмыш романдағы «Мен итпін» деген тарауында Құранның «Каһф» сүресіндегі жеті жігіт пен һид-мир атты иттің әңгімесін баяндай келе ит туралы сөз қозғайды. Қытайдың атақты жазушысы Лу Шүннің  «Есалаңның естелігі» әңгімесіндегі Жауфамилалы үйдің иті көз алдыма келді. Онда: Жау текті үйдің иті неге маған алая қарайды, көшедегі адамдар неге сонша мені келемеждейді? Ана кішкене балаларға не жоқ?  Жазушы романның әр жерінде пайғамбарымызды  еске алып отырады, Әбу Құрайраның (р.а) етегінде ұйықтаған пайғамбармыздың мысығын оятпай, етегін қиып кеткен әңгімесін еске салып, тірі жандыға зиян тигізбеуді әдемі жеткізеді. Романда адамның бес түрлі хәлі, әлем-рух, әлем- ана құрсағы, әлем-пәни дүние, әлем- барзақ, әлем-қиямет, ондағы адам рухы, жан шығарда келетін әзірейіл періште, тағы басқа жіңішке дүниелер сөз болады. Адамға қай істе болмасын әуелде білім керек, сосын сол іске қадам керек, сосын оған ықылас керек, жазушы осы теорияны жақсы берген. Романның бетін ашқанда «Шығыс, батыс, әр тарап Аллаға тән» (Бақара сүресі 115 аят), «Соқыр мен көруші тең емес» (Фатыр сүресі 19 аят). «Сол уақытта біреуді өлтірдіңдер де  сол жөнінде таластыңдар, Алла жасырғандарыңды ортаға шығарды» (Бақара сүресі 72 аят). Қасиетті Құранның үш аяты тұр.Үшінші аяттағы қисса Бақара сүресінің 67 аятынан 73 аятына дейін баяндалады.

Мұса(а.с) заманында бір жігіттер бір адамды өлтіріп, өздері Мұса пайғамбарға келіп, қандықолды бізге көрсетсеңіз дейді. Осы кезде Алладан пайғамбарға уаһи түсіп: бір сиырды союды айтады. Жаңағы жігіттер оның қандай қатысы бар дейді. Алланың бұйырығын орындаңдар дейді. Онда бізге сиырдың нақты белгілері туралы айтсаңыз, Раббыңыздан сұрасаңыз деп бірнеше қайтара белгілерін сұрайды. Кәрі де емес, жас та емес, орта жастағы, көрген жанды өзіне қызықтыратын, соқаға жегілмеген, еш қиналмай өскен, әдемі жылтыраған жүні бар, сап-сары сиыр болсын деген уаһиді жеткізеді Мұса пайғамбар. Жігіттер сол сиырды тауып сояды. (Сиырды табу да Алланың құдіреті, өз алдына үлкен қисса, оны бұл арада ұзартып айтпадық). Сол кезде сойылған сиырдың бір мүшесімен мәйітті ұрыңдар дейді. Сол сәтте өлік тіріліп, қандықолды айтып береді.

Орханның аталмыш романында «мен сайтанмын» деген тарауы тағы бар. Гау Шиңжия мен Мо Ян, Орханда үлкен ұқсастық бар. Мо Янның «Өмір мен өлім күресі» романында сан бейнеден өзгерген адам рухы суреттеледі. Есек,  сиыр, доңыз, ит, маймыл болып ең соңында қазан бас ауру бала болып туылады.

Солай өз басынан кешкен сарпалдаң да, аянышты өмір мен өлім күресін  айтады. Осы жерде жер иесінің өлім сәтіндегі тәнінен рухының ажырауы мен Орханның «Менің атым қырмызы» романының бастапқы тарауы «Мен бір өлікпін»-дегі суретші өлімі және Шакураның әкесінің (романда мен жезделеріңмін) өлімі және соңғы тараудағы қандықол Зайтүнды Хасанның өлтіргендегі сәттерін суреттеулері қатты ұқсайды. Гау Шиң Жиянның «рух тауы» романында терезеден қарап тұрған менге сырттағы құрбақаның тіл қатуы, оның өз әкемнің рухы екен деп суреттеуі. Мо Янның 35 күнде жазаған «Жанаттағы сарымсақ жыры» романындағы Гау Ма мен Жин Жүйдің  махаббат трагедиясы, қандай да бір ерекше жағдай туылатын кезде Жин Жүйдің көзіне елестейтін, тайдың әр кез кісінеген үнін естуі, тасырлата шапқан тұяғының дүрсілі оқырманын сондай тартып отырады. «Арақ елі» романындағы прокурор Диң Гурудың баланың етін жегендерді тексеріп барып, өзі соңында бала етін жеуі, оның лас тәнінен рухының бөлініп төбеге жабысып қарап тұруы, соңында қайта қосылуы.

«41 өтірік» романындағы бас кейпкер ет жегіш бала Ло Шияутоңның хикаяты, оның ет жеу құдайы болуы сондай ғажайып рух әлемінде суреттеледі. Қарт монах, ғибадатханадағы қыз – бәрі де тамаша жымдасады.  Атақты «Қызыл Гаулияң»- дағы Гау Ми ауданы әкімі Жоу Хаусәннің аузынан беретін: бұл пұт – жансыз тас, сендерге қайтып жаңбыр жаудырады, жаңбырды құдай жаудырады деуі. Шан әулетіндегі үлкен ханымның түнімен еркек аңсап маржан санауы, түнде жүретін елес,  Дәй Жюлиян екеуінің өтірік күліп, шын шайқасуы. Дәй Жюлиян мен Ли Жан Ау сондай тамаша шыққан кейпкерлер. «Бақа»-дағы Гу Гу бейнесі, оның ұшқыш ғашығы, жоспарлы туу саясатынан кейінгі оның ең сүркекейлі адамға айналуы, бақалар шуылының оның құлағына өзі түсік тастатқан балалар үні болып естілуі ғажайып суреттер. «13 қадам»-да орта мектептің физика мұғалімі Фаң Фуги шаршағаннан құлайды, оны өлді деп, мәйітханаға апаруы, одан кейінгі оның рух әлеміндегі өмірі, шын мен жалған арасында фантазиялық бағытта өрбиді.

Бұл жазушылар өз шығармаларында Құдай, Періште, Рух, Сайтан, тағы басқа да біздің шектеулі көзіміз көре алмайтын, аз миымыз танып жете бермейтін тылсым әлемге сүңгиді, қиял мен шындықты ұштастырады, оқырманды «шын деп ойласа шын, өтірік деп ойласа өтірік» болатын көзқарасқа жетелейді. Аталмыш жазушылар әлемге басқаша көзбен қарайды. Соны пікірлері мен ақыл жетпес бейнелер жасайды. Демек жазушылар сюжетке жабыспай, ойға ерік беріп, қиялмен шексіз әлемге еркін қанат  қағады. Сюжеттер қас-қағым сәтте өзгеріп оқырманды адастырады, тіпті бір сөйлемде екі не одан да көп үлкен уақиға тізбектеледі. Екі әлемді бір сәтте қатар қойып суреттей алады. Олардағы тағы бір ортақтық тарихи көзқарастарының өте тереңдігі, шығармаларындағы миф, аңыз, халық арасындағы әңгімелер өз оқушысын бірде терең ойдан демалтып, аздан соң қайтадан таңғажайып әлемге бастап кетеді. Аталмыш шығармалардағы ұшқыр қиял, тартымды фантастика жазушылардың жасампаздық қуаттарының дамылсыз тасқындауы Нобель әдебиет сыйлығын бермесіне қоймайды. Мо Янның сөз саптауы, образды бейнелеуі озық екені менмұндалайды. Әрине Мо Ян мен Гау Шиңжиян ежелгі қытайлықтардың фетишизм, тотемизм, анемизм және магия сияқты көне наным-сенімдермен бірге буддизм, даосизм, конфуцишілдік, ислам, христан, т.т дүниетанымдарға тамырын жібере беретіні шындық. Ал Мұсылман жазушы Орхан Құранға бойлап жазғаны оның романның бірінші бетіне жазған үш аяттың бас-аяғын Құраннан асықпай зерделей тәпсірімен оқысаңыз, ғалымдар еңбегіне сүйене, сол аяттар туралы ізденсеңіз роман рухын анық көресіз.

Әдебиет тарихында Қытайда XIII ғасырдың соңғы жартысында басталған Құдай, періште, жын-шайтан әдебиет тенденциясы толық қалыптасты. Ондағы жүрдек қиял, ғажайып күш, дию-перілер әдебиеті XIX ғасырдың басына дейін жалғасты. Қытайдың Миң патшалығының соңғы кезі мен Чиң патшалығы кезеңінде дию-пері, жын-шайтан, аруақ сияқты тылсым күштерді қатыстырып ұзақ роман жазу тіптен қыза түсті. 

Жиячиң патша тұсында өз биігіне жетті, онда буддизм құдайлары, жын-албасты, шайтанды кейіпкер етіп роман жазу үрдісі жедел дамыды: Шүй Жоңлин мен Лушишың жазған «Пың Чын яни», Ли Шужин жазған «Жиң Хуаюан» романдары және төрт атақты роман мен Пу Сұңлиң жазған Лияужай аңыздары осы бағытта жазылған. Осы кезде 700 кесек туынды жазылып, бізге 200 еңбек толық жеткен.

Гау Шиңжиян мен Мо Ян, Орхан Памук прозасында ерекше субъектив сезім әлемін жасайды, дүлдүл мініп ғарышты шарлайды, сырлы трансзендентті объектив дүние сомдап, айқын авангардтық рең береді. Талай сыншылардың оны сиқырлық реализм әсеріне қатты ұшыраған дейтіні содан. Бұл арадағы трансзендентті дүние деген – білімнің немесе саф рационалдың объекті емес, ниеттің немесе практикалық рационалдың қажетті тұспалы, тіл шеберлігі мен психологиялық емеуріні. Бұл прозалар метафизикалық әлемде еркін кезеді, ұшқыр ойы оқырманды әп-сәтте адастырып қайтадан оқырманды өзі тауып алады. Жүрдек те, жылдам ойлар тезесі кім-кімді болсын бейжай қалдырмайды. 

Мысалы Мо Янның – барлық кейіпкерлерін антропологиялық деңгейге қайтарып, адамды жануар, тіршілік, алғашқы тірлік иесі етіп, мәселелерге социологиялық, этикалық әдіспен қарауды бұзуында, халықтың күйін бақылаушы санатында емес, жай жұрттың бірі ретінде суреттеуінде. Мо Ян тұрған ауылынан (жүз отбасы, жеті жүз адамы бар шағын ғана қыстақтан) ұшқыр ойы арқылы жасанды дүниені, шығармашылық алаңды, рухани идеяның төркінін қалыптастырған.

Аталмыш жазушылар өзі жасаған топырағына терең үңілген.

Әбден пісіп жетілген, ысылған қаламгерлер. Латын Америкасының сиқырлы реализмінің ықпалына ұшырағаны шын, десе де олар аталмыш тенденцияны жақсы пайдаланған. Әдебиеттегі өлі тыныштықты, қалыптасқан қасаң теорияшылдық қағиданы бұзған еркін ойлы жазушылар болмақ. Жазушыға қарай теория жасалуы шарт. Рамкаға сыймайтын таланттарды қапасқа салу бос  әурешілдік.

Әдебиет адамзатқа қызмет етуі керек. Белігі бір аумақта (территорияда) қамалған шығарма өміршең бола алмайды. Жалғыз ұлтқа байланған әдебиет те әлсіз әдебиет. Әдебиет рух әлеміне бойламай, тірі әдебиет болып саналмайды.Әдебиеттен саясат іздеудің еш керегі жоқ. Шын әдебиетте шекара, шеңбер, ұлт, ұлыс жоқ, тек жанды жансыз тіршілік, он сегіз мың ғалам бар. Ал музыка мен дене тілі рухпен түсініседі, шын әдебиет те солай, яғни рухқа бойлайды, сонда бүгінгі жаһандану жұта алмайды.

16059 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз