• Ел мұраты
  • 25 Қаңтар, 2023

АЛАШ КҮРЕСІН ЖАЛҒАСТЫРҒАН

(Мұрат Әуездің 80-жылдығына)

 Адамзат тарихында  дәуір  алмасуының алатын орны орасан зор. Ұлттық болмыс тербеліп, сана серпіледі. Бұл өтпелі  кіндік кезең аз уақытта заманды адам танымастай өзгертеді. Ұлттық энергетикалық күш сыртқы әсердің ықпалымен қалыптасқан қоғамдық санамен айқасқа түседі. Ой өрісі оянған ұлт өткен күнін түгендеп, айналасына көз салып, болашағына жол іздейді.

Дәл осы кезде, тарих толқыны біртуар пассионарлық тұлғаларды өмір айдынына шығарады. Сындарлы, мәртті уақытта қазақ жерінде пассионарлық тұлғалардың бір мезгілде топтасып дүниеге келуі табиғи да, тарихи да заңды құбылыс.

Ұлт үндестігі, пассионарлық тұлғалардың көрегендігі – көшпелі түркі халқына тәңірінің берген ең негізгі байлығы. Елінің, халқының болашағын көре білу, оның жақсы-жаман жағын айту, қиыншылықтар мен апаттардан сақтандырып отыратын әулиелер көптеп кездесті. Бұндай қасиет көбіне билер мен ақын-жырауларда болды. Зар-заман ақындары, Ыбырай, Шоқан, Хакім, Абай, Алаш зиялылары осындай тұлғалар.

Жалпы ұлттық пассионарлық тұлғалар қашанда әлеуметтік, саяси қажеттіліктен туады. Қазақ елі тәрізді көне тарихы мол, өсуі мен өшуі, дамуы мен тоқырауы алма кезек жүрген мемлекеттің ғұмыры да қилы. Ал Алаш қозғалысы болмаса өліара кезеңдегі қазақ қауымы отаршылықтың бұғауынан қалай босаудың жолын таппай, қалыптасып, өз ырқымен жүріп келе жатқан бағытының көлеңкесінде қала берер еді...

Қазақ пассионарлық тұлғалары, негізінен, тектілерден шығады. Тектілер тұқымы жүздеген жылдар ұлттық энергетикалық кодтың шоқтық көрінісі, табиғат сыйы. Жеті атасында қайталанатын бұл құбылыс ыңғайлы өсу ортасын іздейді. Заман талабы, қоғамдағы өзгерістер энергетикалық күшті қозғап, пассионарлық тұлғаларды тарих сахнасына шығарады. Пассионарлық тұлғалар – жарық жұлдыздар. Олардың ішкі күш-қуатының дамуына көп оқу міндет емес және білімділігі космостық энергетикасының деңгейіне байланысты. Бұл жерде ата-бабалар  аруақтарының әсері, оның да энергетикасының кеңістіктегі күші де орын алады. Аян қабылдау, сезіктілік,  ақыл, қайрат деңгейі де байланыс құралы ретінде тектің қабілетін күшейтеді... Пассионарлық тұлғалардың ең басты ерекшелігі – өзін тани білу қабілеті мен тарихи миссияны орындауға бейімділік қасиеттері.

Алаш алыптарының барлығы да биік мәдениет, терең білім иелері, яғни пассионарлық тұлғалар  болды. Олар ұлтын сүйді. Сондықтан қазақтың барлық болмысы және оның болашағының алдындағы жауапкершілігі алаш идеясында көрініс тапты. Алаштың идеясы – бауыр болайық, туыс болайық, адамзат баласы тең деген терең танымға өріс ашты. Азаттықтың жолын көрсетті, сол үшін күресті. Бұл идея империялық санаға ұнамады. Кез келген өміршең идея ұлттық ұстанымда болады. Алаш қозғалысы – Алаш алтауынан, яғни, қазақ ұғымынан шықты. Алаш қозғалысы – Қазақ қозғалысы. Бұл бір ұстанымдағы Қазақ тұтастығы түсінігі. Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатовтардың әуел бастан бетін ашып алған мәселесі Қазақ ұлты ұғымы – Алаш атауы екендігінде.

 Табиғат пен уақыттың өзгертпейтіні жоқ. Мәңгілік сипаттағы қозғалыс тіршілікке мән берді. Қоғаммен бірге болмыс та өзгерейін деді. Қазақ халқына орны толмас қасірет әкелген ашаршылықтар мен Отан соғысынан есін жия бастаған ел-жұртта ұлттық сана біртіндеп оянды. Етек-жеңін жиған ел өткенін саралап, болашағын болжауға көшті.

«Хрущевтік жылымықтан» мүмкіншілік алып, оянған ұлттық болмыс ұлттық сананы жаппай қозғалысқа итермеледі. Кеңес Одағындағы  «Темір шымылдық» ашылып, халық еркіндікті молынан сезе бастады. Социалистік идеялогияның уытымен уланған, тобырлық психология көздерін тұмандаған бұхара халық ес жиды. Тоталитарлық билік сана мен болмысты әлі де торлап тұрса да көпшілік азаттықты аңсады.

Кеңестік Одақтың республикаларында ұлтшылдық жаппай үлкен белес алды. Әсіресе, ұлттық интеллигенция мен студент жастар қауымдастықтары ұлт-азаттық қозғалыстың негізгі күшіне айналды.

Ата данқы, баба салты, өнегелі дәстүрі, айбарлы күші болған халықтың бұл жылдардағы жағдайы Қазақстаннан тыс қалаларда білім алып жүрген жастарды да бей-жай қалдырмады. Елдегі саяси өзгерістер ұлтын сүйген жас жігіттер мен қыздарға өз ықпалын көп тигізді. Мәскеуде оқитын қазақ жастарының арасынан Мұрат Әуез оқшауланып, топ жарды.

Жас, қызу қанды Мұрат Әуез Алматының  самарқау өмірінен бірден саяси толқыны алас ұрып қайнаған ортаға түсті. Ол оқуымен бірге болып жатқан түрлі саяси мәдени шараларға белсене араласа бастады...

Жерлестерімен кездесулер жиілеп, әңгіме-дүкен, пікір алысулар саяси талпыныстарға жетеледі.

Халқының мұңына ортақтасып, жоғын жоқтаған, тәуелсіздікті аңсаған Мәскеуде оқитын жастар Мұрат Әуездің төңірегіне топтаса бастады. Әсіресе, халықаралық қатынастар институтының студенті Болатхан Тайжанов пен Мәскеу мемлекеттік университеті студенті Советқазы Ақатаев, педагогика институтының студенті Мақаш Тәтімовтер ұлтының мүддесі үшін шындық пен қатердің бетіне қаймықпай тура қарап, ағынан жарылып  айтып жүрді.  Қазақ жастары туған жерлерінен жырақта жүрсе де: «Біз қазақ неге көштен қалып бара жатырмыз», – деп, жан-жақтарына көз салып, жоғалтқанын іздеуге кірісті. Ұлтының тарихын білуге ұмтылды. «Нантабарлық» термині оларды қанағаттантырмады.

Ойды ой қозғады. Мұрат Әуез университет қабырғасында білім алумен шектелуге болмайтынын түсінді. Әкесімен хат алысу барысындағы саясат жөніндегі пікір алысулар ойынан шықпады. Қазақтың дамымай қалып, тарих толқынан жағаға шығып қалу себептерін іздеді. Ұлтының тарихын білуге ұмтылды. Қоғамдағы саяси жүйедегі өзгерістерден тыс қалып, мешеуленіп отырғанының себептерін зерттеді. Пікір алысты, ой тоғыстырды. Тарихтағы мешеуліктің ең басты екі мәселесіне – ашаршылық пен соғыс зардаптарына көп көңіл бөлді.

Олар қоғамның дағдарысы ғана емес, зиялы қауымның түбегейлі өзгеруінің себебін талдады... Селекцияға түсіп, тобырға айналып бара жатқан халқын құрдымнан шығару жолын іздеді.

Мұхтар Әуезов болса ұлының саясатпен жастайынан қатты әуестенгенінен жүрегіне секем алды. Ұлының тәуелсіздікке бағытталған саяси көзқарасынан санасын құрсап, қанына сіңген өткеннің қорқынышы қайта оянды. Болмысындағы аяулы жандардың қазалы бейнелері көз алдына келіп, жан-дүниесін алай-дүлейлендіре берді. Ұлының күрес отына ұмтылғаны оның қорқынышын көбейте түсті. Осылай бола тұра, тұла бойын әлде бір ерекше қуаныштың лүпілі биледі... Тек, бір сөзінде «Ұлтыңды сүю керек. Тағдырыңның халқыңмен сабақтас болғаны – парасаттылық, адами міндетің. Бірақ, іс әрекетіңнен тиянақты нәтиже шығармай тұрып, бет алды отқа түсу көзсіздік. Заманның саяси тәлкегіне түссең оның иірімінен шығуың қиын», – деп айтты да қойды.

Мәскеуде Мұхтар Әуезов ұлы Мұратпен бір кездесуінде қазақ халқының өмірі қилы дей келе, жаппай қырып-жоюды әшекерелейтін заң болса ғой, шіркін, деп айтып та қалды. Мұрат әкесінің аузынан алғаш рет басқыншылар тарапынан жасалған геноцидтің беті ашылмай, қоғам дұрыс дамымайды деген сөздерді естіді. Ойға шомды. Тарихқа тағылым жасап, ұлтыңның өткен жолын, кешкен өмірін білмесе тығырыққа тіреле беретінін түсінді. Бірақ оқулықтағы қазақтың тарихы мен үлкендерден естігендерінің арасы жер мен көктей еді...

Тарихымен тереңірек айналысқан сайын, әсіресе анасынан көп естіген Кеңес Өкіметінің қазақ халқына жасаған зорлық-зомбылығы жөнінде көп ойланды. «Неге солай?» деген сұрақтар оның жанын жегідей жей берді. Қытай тілін оқудың, әсіресе жазуының қиыншылығына қарамай өзіне керек мағлұматтарды жинап, білгенін ой сүзбесінен өткізді.  Біз кімбіз? Тарихи шындықтың беті неге ашылмайды? Не істеу керек? – деген сұрақтар оның көкейінен бір сәт те шықпады. Күндіз-түні ойлайтыны – ұлтын әділетсіздіктің шеңберінен қалай шығарамыз деген сұраққа жауап іздеу болды.

Бұл жерде жаппай қырғыннан тірі қалған Алаш зиялыларының соңғы көзі Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің тарихи орны ерекше болды. Ұлы жазушының тарихи-көркем шығармалары, әсіресе «Қилы заман» повесі жастарға үлкен ой салған еді. Мұхтар Әуезов пен ұлы Мұраттың арасындағы ел өмірі, ұлт болашағы, мәдениет, тіл тағдырлары жөніндегі пікірлер «Жас тұлпар» қозғалысының идеялық алғы шарттары болды. Мұхтар Әуезов Алаш идеясының нәрін ұлы Мұратқа 1961 жылдың шілдесінде өзі дүниеден өткенге дейін беріп үлгерді.

Мұхтар Әуезов ұлы Мұраттан көп дүние күтіп, ұлтына істер еңбектеріне сенгендігін ғұлама жазушының елдегі досы Кәмен Оразалинге жазған өсиет хатынан көруге болады. Семейдегі достарынан ұлы Мұратты елмен таныстыруды өтінуінде үлкен саяси астар бар. Шындық тек халықпен шынайы араласып, соның мұң-мұқтажын, қажетін өз көзімен көргенде ғана ашылады. Семей – Алаш азаматтарының қаласы. Ұлы Абайдың рухы сақталған, зиялы үлгілі мекен. Ұлт тағдырының кешегісі мен бүгіні айдан анық көрінетін жер. Ел іші – қашан да өнегелі шежіре. Әкесі Мұхтар Әуезовпен көзі тірісіндегі әңгімелер, ой-пікірлер енді жас Мұратқа өсиеттей көрініп, нақты іс-шараларға жетеледі. 1959-1962 жылдар – Мұрат Әуездің әке арманын іске асыру жолдарын іздеу кезеңі. Бұған Мәскеудегі әлеуметтік орта, елдегі саяси реформалар да қолайлы жағдай жасады. Мәскеудегі жастардың өзара пікір алмасулары біртіндеп нақты істерге итермеледі. Елмен байланыс жасап, үгіт-насихат жүргізуге де мүмкіншіліктер туды.

Мұрат Тәуелсіздікке жетудің жолын іздеумен болды. Ұйым құру, бір мақсаттағы тілектестердің басын қосу керек. Қалай болғанда да мақсатқа жету – Арманға айналды.

Әкесінің кеш батысымен көл басында балық аулауға барғандағы достарымен Мұрат пен Ернар ұйықтады-ау деген кездегі әңгімелерінің ұшқыны құлағына күңгірлеп жетіп, қайталана берді. Ұйқылы-ояу жатқан еміс-еміс естілген әңгімелер ерекше қабылданатын. Алаш Орда, зиялылар, ер азаматтар, қыршындарынан қиылып, мезгілсіз кеткен азаматтардың істеген істерін жалғастырса ғой шіркін, дегенді көп еститін.

Тарихқа тағлым жасай отырып, тығырықтан қалай шығамыз, не істеу керек деген ой-толғау көкейінен шықпады. Мектеп қабырғасында тарих пәнінен оқыған түрлі Азаттық үшін күрестерді еске түсіріп, қайта оқып, әділдіктің ақ жолын іздеді. Билікке қарсы шығып, саяси жүйені өзгертпек болған барлық көтерілістердің қан-жоса болып жеңілгенін көрді. Ойлы күндер мен ұйқысыз түндердің түйіні халықшылдық қозғалыстарға әкелді. Бұқара халықтың санасы серпіліп, жаппай көтерілгенде ғана қоғамда өзгеріс болуы мүмкін деген тұжырымға келді. Осындай қозғалысқа сарқылмас идея көзін ашу міндеті тұрды. Бұл халықпен бірге қайнап келе жатқан идеяны сол ұлттың тарихы мен мәдениетінен іздеді. Қоғам белсенділігі билікті өзгертетініне сенді.

Ұлтшылдық – аз халыққа керек дүние. Этнос ретінде жоғалып кетпеудің бірден-бір жолы – ұлтшылдық екенін Мұрат Әуез түсінді. Ештеңеге жалтақтамай, ұлтшылдық пен азаттықты бір ұстаным деп қанына мәңгілікке сіңірді.

1962 жылы Мұрат Әуез Мәскеу қаласындағы жоғары оқу орындарында оқитын қазақ студенттерінің кеңесін құрды. Кеңесті басқарушы топқа Мұрат Әуез, Болатхан Тайжанов, Советқазы Ақатаев, Болат Хисаров және Аймұқан Таужановтар сайланды.  Жастұлпарлықтардың Мәскеудегі ең алғашқы жеңісі қазақстандық студенттерді Қазақстан өкілділігінің келісімінсіз оқудан шығаруға болмайтындығы жөнінде заңды талаптарға қол жеткізуі болды. Ол кезде қазақ жастарын оқу үлгерімін сылтауратып, ештеңенің анық-қанығына бармай жатып, оқу орындарының басшылары оп-оңай институттан шығара салатын.

Мұрат Әуез жазғы сессиясы бітіп, демалысы басталысымен 1962 жылы бірден Семей облысына бет алды. Әкесінің туған жеріне жүрегі алып-ұшып жетті...

Ел аралады. Ауыл ақсақалдары ұлтын әлемге танытқан тұлпарының тұяғын көрді. Бабалар аруағына тағзым етті. Ел адамдарының қарапайымдылығына, жомарттығына таңғалды. Әкесінің достары елдің тарихы, әдет-ғұрпымен кеңірек таныстырды. Алаш зиялылары бас қосып, Орда құрып, ту тіккен жерлерді көрсетіп, рухани нәр алғызды. Ұлты үшін аянбай еңбек етіп, арын-жанын садақа қылып халқын ойлаған Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатов, Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов, Әлкей Марғұландар  жүрген жерлердің ауасымен тыныстады. Жаны тербелді, рухы шыңдалды.

Мұрат Әуез жазғы демалысына  барып келгеннен кейін, көкейінде жүрген көп мәселелермен Мәскеудегі жолдастарымен бөлісе бастады. Жалғыз Семей сынақ алаңындағы ядролық жарылыс емес, бес облыстан Тың өлкесі құрылып, оған басқа ұлт өкілдерін көптеп әкелуі, қазақ мектептерінің жаппай жабылуы, қазақтың атылған ақын-жазушылары, Алаш зиялылары –  осының бәрі оны ойға қалдырып жүрген. Ол Қазақстанның шикізат базасы, отарлау саясатының құрбандығы екеніне басқа студент жастардың көздерін жеткізуге тырысты. Мұрат Әуез бастаған жастұлпарлықтар әлдінің тілін таба отырып, аяқ-қолы тұсаулы өз ұлтының мүддесін қорғағылары келді. Қазақстанның Мәскеудегі өкілі Ғалым Сүлейменовтың көмегімен «Жас тұлпар» деп аталатын қабырға газеті шықты. Газетте Қазақстаннан тыс жерлерде оқитын студенттердің өмірінен шолулар жасалды. Бұл газет біртіндеп жан-жақта оқитын қазақ студенттерінің байланыс орталығына айналды.

Студент жастар елмен байланысты нығайту үшін жол қаражатын іздеп шарқ ұрып жүргенде істері оңға басты. Жастұлпарлықтар саяси реформа берген қоғамдағы жүйелік мүмкіншіліктерді өз мақсаттарына дұрыс пайдалана алды. Бұл ретте МГУ-дің физика факультетінің студенті Ғалым Әбілсейітовтың еңбегін айта кеткен жөн. Ол сол жылдары Бүкілодақтық студенттер құрылыс отрядтарының командирі болды. Студенттік құрылыс отрядтарының қасынан жастардың мәдени топтары құрылады. Мұндай мәдени, үгіт-насихаттық бригадалар конкурсқа қатысып, елді мекендерге барып жұмыс істеуге жолдама алатын болған. Ол үшін мәдени шаралардың деңгейі, оқылатын дәрістердің бағыты, мазмұны жоғары дәрежеде болуы ескерілетін.

Сөйтіп 1963 жылдың көктемінде Мұрат Әуез ұйымдастырған «Жас тұлпар» ансамблі жолдама алу үшін байқауға қатысты. Мәскеу қаласының халық творчествосы үйінің комиссия мүшелері бағдарламаларында көп ұлттың әндері бар өнерлі жастарға бір ауыздан қолдау көрсетіп, ансамбль I орын иеленді. Концерт жүргізуші Әбділдә Ботбаев, ән айтқан Қорлан Рахымбекова, Н. Байбулаева, Ерсайын Тапенов, Жамбыл Баспаев, Жеңіс Қойшыбаев, Мырзағали Шотбаев, Алдар Тұңғышбаев, Марат Сейдалин және басқа да жастар көпшіліктің көңілінен шықты. Бұл жастұлпарлықтардың алғашқы жеңісі болды. Өкімет тарапынан қолдаудың табылуы, материалдық қаржыландыру мәселелерін шешуге мүмкіншілік берді. Концерттік бағдарламалармен бірге, дәріс оқуға, үгіт-насихат жүргізуге жағдай жасалды.

 «Хрущевтік жылымық» халық арасына барып, концерттік бағдарламалармен бірге, дәріс оқуға, үгіт-насихат жүргізулеріне мүмкіншілік туғызды. «Жас тұлпар» ансамблі алғашқы концерттерін Мәскеу, Ленинград қалаларында студенттік ортада берді. Қазақ жастарымен бірге басқа ұлт өкілдерінің студенттері де қазақ елінің асқақ әнін тыңдап, аса бір күшті сезім құшағына енді. Айтылған әндердің мазмұнын орысшаға аударып, түсініктеме берумен бірге, шығу себебіне, маңызына тоқталды. Міндетті түрде елдің тарихына шолу жасалып, өлеңді шежіремен байланыстырып отырды.

Қазақ халқының асқақ әндері студент жастарды шалқар сезім құшағына бөледі. Ән мен күй ұлттық рухты жандандырды. Жастұлпарлықтар Қазақстандағы концерттік бағдарламаларын  Мұрат Әуездің туған жері Жамбыл облысынан бастады. Жиналған көпшілік алдында концерттік нөмірлер арасында өзі баяндама жасады.  Баяндаманың тақырыбы Қытай жөнінде болғанымен, ел ішіндегі түйткілді мәселелерге көп көңіл бөлінді. Бастапқы баяндамалар қиындау тиді. Ұлы адамның ұлы болу жауапкершілігін басынан өткерді.

Мәскеуден келген қазақ жастарына елден  Шәмші Қалдаяқов, Мүлкаман Қалауов және жас талант Амангелді Сембин қосылды. Қазақ әнінің жарық жұлдызы, халықтың сүйіктісі Шәмші Қалдаяқовтың жастұлпарлықтарды қолдап бірге жүруі жастардың беделін өсіріп, мәртебесін биіктетті. Ұлы композитордың мандалинде ойнаған ән ырғағы арманшыл жастарды қанаттандыра түсті. Қазақ халқының бар көңіл-күйін, жан дүниесін ән қылып  шалқытқан  Шәмші Қалдаяқовтан таусылмас күш-қайрат алды. Болашақ «қазақ вальсінің королі» де жастұлпарлықтардың ұлтына деген сүйіспеншілік от жалынынан өз творчествосына жаңа кәусар көз тапты. «Менің Қазақстанымды» жиындар бітіп, барлық қатысушылар қосылып айтқанда Шәмші Қалдаяқов ерекше бір сезім күйде болатын. Шәмші Қалдаяқовты халық құрметтеген сайын ол жастұлпарлықтарға жақындай түсті. 

Іле көпшіліктің көңілінен шыққан әндері бірінен кейін бірі шықты. Бұл әндердің бәрі ұлттық нақышта жазылды. Ол қызыл қыспақтағы заманның өзінен ұлтының жайсаң болашағын жастұлпарлықтардың көзімен көре білді. Шәмші Қалдаяқов «Менің Қазақстаным» әнімен жастұлпарлықтардың рухын көтерсе, жастұлпарлықтар Шәмшінің ұлы композитор болуына әсерін тигізді!..

Ал қайталанбас жас талант Амангелді Сембиннің ерекше дауысы ақсақал- қарасақалдардың көз алдына Әміре Қашаубаевты елестетті. Кейін Амангелді Сембин Мұрат Әуездің көмегімен Мәскеу консерваториясына түсіп, Ла-Скалада өлең айтқан бірінші қазақ опера әншісі болды. Мүлкаман Қалауовтың домбырада ойнаған Брамстың «Венгер биі» шығармасы көпшіліктің сүйіспеншілігіне бөленді.

Жастар біртіндеп ұлт тағдыры мәселелеріне тоқталды, мәдени шаралар арқылы рухты көтерді. Қарапайым  халықтың  тұрмыс жағдайы, елдің ахуалы, ұлт болашағының күмәндылығы жастұлпарлықтарды саяси күреске бейімдей түсті. Намысты кернеген  жігер, қанды ойнатып тұғырға қондырды. Халықтың іздегені елінің мүддесін қорғайтын намысшыл жастар болса, жастұлпарлықтардың аңсағаны, ұлтының оты болып жану еді. Мұрат Әуез шежіре білетін, әлі де ескіден хабары, көкірегінің көзі бар, қиынды қоштап, жақсыны жақтап жүретін қарияларды іздеді.

 Көкейдегімен колдағы ұласты. Тілек пен үміт жалғасты. Жоғалған табылды. Арманның асуы елес берді. Концерттік бағдарлама, дәріс оқу, кездесулер барысында  ұлтының   жан жарасын түсінген  Мұрат Әуездің алған бағыттарының  дұрыстығына көзі әбден жетті. Азаттық жолы айқындалды. Бірақ халықты көтеріліске, қан төгуге шақырған жоқ. «Жас тұлпар» ансамбліндегі мәдени-ағартушылық бағыт саяси екпін алды. Ішті буған қызыл империялық бодандық запыраны сыртқа лықсыды. Жамбыл облысынан кейін жастар Тың өлкесін аралап, Омбы, Орынбор, Семей облыстарында болды. «Жас тұлпарлықтар» кездесулер барысында Алаш зиялылары жөнінде, ашаршылық туралы көптеген мәліметтер жинады.

Ел ұзынқұлақтан Мұрат Әуез бастаған жастардың іс-әрекеті жөнінде ести бастады. «Жас тұлпар» қозғалысы етек жайып, елге танылды. «Жас тұлпар» деген сөз қазақ даласының түкпір-түкпіріндегі арманшыл жастардың қиял қанатына айналды. Ал «Жас тұлпар» ансамблінің мүшелері Мәскеуге ұлтының мұңына ортақтасып, жоғын жоқтайтын, рухының діңгегін берік ұстайтын жастардың бар екенін көрсетіп қайтты. Ұлттық мүдде, болашақ қамы болатын ой-арман елден оралған жастарды бір-біріне жақындата түсті. Олар жас болса да, ұлт тағдыры үшін өздерінің жауапкершілігін сезді. Елдегі кездесулердің бәрінде Мұрат Әуез баяндама жасады.

Мұрат Әуез: «Кешегі кер заман алдыңғы қатардағы озық ойлы, ұлтына жанашыр Алаш зиялыларын қырып-жойды, қуғындады. Біз енді, ел боламыз десек, сол азаматтарымызды толықтай ақтап, жазған еңбектерін жарыққа шығаруымыз керек. Қайда бара жатқанын анық білмейтін адам, қайда келгенін түсінбей дал болатынның біз кебін кимеуіміз керек», – деді. Арыстары атылып, ел-жұрттың ашыққан кезеңдерін жиынға қатысушылардың есіне салды. Көкейлерінде айтылмай шер болып жүрген жоғалғандарын көз алдарына елестетті. Ол кезде Алаш зиялылары жөнінде, ашаршылық жөнінде айту – ерлікке пара-пар батылдық еді. Әрине, бұл – жалғыз Мұрат Әуездің емес, барлық жастұлпарлықтардың ұлт алдындағы тарихи жауапкершілікті  толық сезінуінің жарқын көрінісі. Сталиннің елді дамытқаны мен Отан соғысындағы орасан табыстары адам құрбандықтары мен қайғы-қасіретінің қасында түк емес екенін жастұлпарлықтар алғашқылардың бірі болып білді, сол жөнінде батыл айтты. Олар тартынбай Сталин-Голощекин дәуірі – Қазақстанның бөлінбес күрделі қайғылы-қасіретті тарихы екенін айтып әшкереледі. Ал Целиноград облысы, Қорғалжың ауданындағы халықпен кездесуінде Мұрат Әуездің: «Рухани тоқырау адамгершілікті аздырып, шынар шыңына жеткізді. Өтірік пен жалғандық өзімізді ғана емес, жас ұрпақтың қанына сіңіп, күнделікті әдетіне айналып барады. Ал біз болсақ, ештеңе болмағандай мәзбіз. Несіне мәзбіз, қарнымыздың ашпағанына, соғыстың жоқтығына ма? Біз өзімізге өзіміз өтірік айтудамыз. Біз өтіріктің, жалғандықтың құлымыз. Бүгінде біз шындықты айтып, рухани дүниелеріміз, айналып келгенде, жанымызды кірлетпей қорғауға күшіміз жетпей тұр. Біз өткендегі қайғы-қасіретімізді, аштықты, жоғалтқанымызды айтудан да қорқамыз. Ол жөнінде айтатын болсақ, сол жаманшылық тіріліп қайта келетін сияқтанады. Ал өткеннің шындығын айтпай, әділеттілікке қол жеткізу мүмкін емес. Біз бүгінде әділеттілікке қол жеткізгіміз келсе, алды-артымызға жалтақтамай, жүрегіміз қалаған шындықты айтуымыз керек. Өтірік пен екіжүзділік ешкімге ешқашан опа әкелмегенін естен шығармауымыз керек. Адам алдымен ұятын сақтап, абыройынан айрылмауы тиіс. Ең бастысы, бұл өзіңе ғана емес, сенен үлгі алып отырған бала-шағаңа, ұрпағыңа керек. Халық КГБ мен заң органдарынан қорықпаулары керек, қайта олар сендерден қорқулары керек. Сең жібіді, енді оны ешкім де тоқтата алмайды», – деген жалынды сөздері тыңдаушы жұрттың құрсауланған жан-дүниесін жібітті. Мұрат Әуез бастарын біріктіріп, жігерлері жанған қазақ жастары осылай азаттық қозғалысын халық арасында бастады. Елді ездіктен безіп, ерлік жасауға шақырды.

1963 жылдың алтыншы қарашасында Мәскеу энергетикалық институтының үлкен асханасында қазақстандық студенттердің жалпықалалық кеші өтті. Осы кеште «Жас тұлпар» ұйымы құрылды. Мұрат Әуез бірауыздан төраға болып сайланды.

Ұлт мүддесі үшін бірлік ұстанымын жастұлпарлықтар мызғытпай берік ұстады. Мысалы, ұйымның «Жас тұлпар» деп аталу төңірегінде де көп ұсыныстар болыпты. Алаш идеясын ту қылып ұстаған жастардың біразы Алаш зиялыларының көп шоғырланған өңірі, қазақ жерінің батысы мен шығысын, солтүстігі мен оңтүстігін бір-біріне байланыстырып тұрған өлке – Сарыарқа, сондықтан Сарыарқа болсын депті. Бірақ  Мұрат Әуез Сарыарқа аталынса бөлінгендей, тек бір өңірмен шектелгендей болармыз, идеямыз, ұранымыз Алаш болса да, жылқы мінезді қазақтың сүйікті атауы Тұлпар, біз жаспыз, сондықтан «Жас тұлпар» болсын деп көпшілікті көндірді. Біз бұдан жастұлпарлықтардың жершілдіктен, рушылдықтан әу бастан-ақ жоғары тұрғанын көреміз. Олар ата-бабаларымыздың бөлшекке емес, бірлікке сенген, бөтендікке емес, туыстыққа бас ұрған қасиеттеріне сүйенді. «Бір қазақтың баласымыз, ұранымыз – Алаш» деп бөлінбеді, бірлікті биік ұстады. Ел намысы, бүкіл қазақтың мерейі, болашақ ұрпақтың мүддесі үшін алдарына ұлы мақсаттар қойды.

Алаш идеясын ұран қылып көтерген «Жас тұлпар» қозғалысы қарашаның ызғарын жылытып, қызыл империяның бас қаласы Мәскеуде өз жұмысын бастады. Қазақтың тарих сахнасына «Жас тұлпар» қозғалысының  шығуы кешегі Алаш идеясының жаңғырығы болатын. Жастұлпарлықтардың да Алаш зиялыларындай қандарында тектілік болды. «Жас тұлпар» қозғалысы қазақ жастарының ғана санасын серпілтіп қана қоймай, бар қазақтың көкейіндегі арман-мұңының жыршысы болғысы келді. Құлаған Алаш туын көтеріп, рухты оятуға кірісті. Осы қозғалыстың басы-қасында Мұрат Әуез тұрды.

Мұрат Әуездің «Жас тұлпары» өз ұлтының мәдениетінің, әдебиетінің, әдет-ғұрпының тарихын, ана тілін кемітіп қаралап отырған мемлекеттік саясатпен келіспейтіндерін ашықтан-ашық білдірді. «Қазақ елі», «Қазақ жері» деген ұғымдарды жоюға жол бергілері келмеді. 40 ғасырлық тарихы бар қазақ ұлтын Кеңес өкіметінің жоққа шығаруын әділетсіздік, барып тұрған сұрқиялылық деп тапты. Қазақтың қалыпты, мәдени ерекшелігін сақтауды ата-баба аманаты деп түсінді. Басқа ұлттардан тереземіз кем болмасын, ел-жұрт болайық, бұл – бабалар алдындағы киелі міндетіміз, мойнымыздағы парызымыз деп іске кірісті. Жастұлпарлықтар алдарына қойған мақсаттарына ерте ме, кеш пе жететіндеріне сенді. Әділеттілік, жақсылық қашан да үстемдік құрады. Егер жақсылықтың мерейі үстем болмаса, адамзаттың өз деңгейінде өркендеуіне қабілеті болмас еді. Өзіндік ерекшелікті сақтап, ұлт болып қалыптасып, адами құндылықтар жасай алмас еді. Ағысқа қарсы жүру ниеті қай қоғамда болсын өте қауіпті екенін ескерсек, «Жас тұлпарлықтарды» өз дәуірінің батырлары деп мақтанышпен айта аламыз.

Адам санасындағы ең жоғарғы саты – ұлттық болмыс. Ұлт болу мыңдаған жылдарда қалыптасатын ұзақ процесс. Ал адамзат тарихындағы ең әділетті күрес – ұлт азаттығы үшін күрес. Азаттыққа, бостандыққа ұмтылу, тәуелсіз мемлекет құру - халық арманы. Бұл арман «ұлт» деген ең қасиетті, ең киелі сөздің құдіретінен туады.

Қазақ халқының ұлттық, саяси санасын қалыптастырудағы ең биік белес болған Алаш қозғалысы десек, 40 жылдан соң сол Ұлы арманды халқына жеткізуге талпынған «Жас тұлпар» ұйымы болды. Мұрат Әуез өз естеліктерінің бірінде «Жас тұлпардың» құрылуын былай сипаттайды:  «Біз өзіміздің кім екенімізді, тарихымызды білгіміз келді. Қазақ ұлтына жасалып отырған әділетсіздікті көрдік. Сол уақыттарда қазақ мектептері жабыла бастады. Семей полигонында ядролық жарылыс жүргізілді. Қазақстанның бес облысын қамтитын Тың өлкесі құрылып, оған сырттан неше түрлі адамдар әкелінді. Бес облыс үшін бір ғана қазақ газеті шығарылды. Оның өзі орысша басылымның аудармасы. Ашаршылық туралы естігеніміз бар. Ешқандай деректер жоқ, бірақ ата-аналарымыздың, үлкендердің әңгімелерін тыңдағанбыз. Ақиқаттың ашылмай жатқанын ішіміз сезіп жүрді. Қазақтың атылған ақын-жазушылары, Алаш зиялылары ол тағы бар. Осының бәрі біз сияқты жалындап тұрған жас жігіттерді ойға қалдырды. Біздің ой-пікіріміз қалыптаса бастады. Екінші-үшінші курстан бастап экономиканы оқыдық. Қазақстанның шикізат базасы екендігіне, отарлау саясатының құрбаны болғанына көз жетті. «Жас тұлпарды» құрғанда бізде аға буын өкілі болған жоқ. Қайта олар заманның каталдығынан жасқанып, «бұларыңды қойыңдар, ұлтшылдар атанасыңдар» деумен болды. Соған карамастан біз өз бетімізше калыптастық. Кездесуде де жастарға көсем, рухани ұстаз іздеудің қажеті жоқ, ең бастысы, алға қойған мәселенің деңгейіне байланысты екендігіне тоқталдық». Ұйым мүшелері өздерін «Алаш зиялыларының ісін жалғастырушылармыз» деп қорықпай ашық айтты. Алаш зиялыларының еңбектерін іздеп жүріп оқыды. Жиырмасыншы жылдардағы газет-журналдарды оқу үшін төте жазу қаріптерін жаттады.

Олар Мұстафа Шоқай пен Мағжан Жұмабаевтың өмірімен, еңбектерімен онколог дәрігер Сайым Балмұхановтың Германиядан әкеліп берген  «Яш Түркістан»  және  «Милли Мәдениет» журналы арқылы танысты. Сайым Балмұханов бұл журналдарды шекарадан етігіне ұлтарақ қылып салып алып келіп, Мұрат Әуезге жасырып берген екен....

Осы жылы Мәскеу педагогикалық институтының студенті Мақаш Тәтімов «Жас тұлпар» ұйымының ықпалымен Кеңестер Одағы Коммунистік партиясының бас хатшысы Н.С.Хрущевке қазақ халқының ашаршылықтан өлген адам санының дұрыс көрсетілмей жүргені жөнінде хат жазды. Көп кешікпей Орталық комитеттің И.Мерзляков деген жауапты қызметкері Мақаш Тәтімовті қабылдап, «мал өлімін айтуға болады, адам өлімін айтуға болмайды», – деп алдап-сулап шығарып салды. Бұған намыстанған Мұрат Әуез: «Сонда біздің мал құрлы құнымыз болмағаны ғой», – деп ашаршылық, тың игеру саясатының зардаптары жөнінде студенттер арасында жиындар өткізуге мұрындық болды. Барлық кездесулерде Мақаш Тәтімов пен Мұрат Әуез қолдарында бар деректерге сүйеніп баяндамалар жасады. Тың өлкесін құру, Қазақстанның бес облысын Ресей Федерациясына қосудың бастамасы екенін ашық айтты. Мәскеу мәдениет институтында бес жүзден аса студент жиналған жиында Мұрат Әуез ашаршылықты қазақ халқының «Холокостына» теңеді. Сол жиындағы ашаршылық зардаптарын естіген «Қазақ ою-өрнегінің тарихтағы орны және философиялық мәні» жөнінде қосымша баяндама жасаған биолог Мұрат Ғылманов өз сөзін: «Мен Мұрат Әуездің мына баяндамасынан кейін ешқашан Коммунистік партия қатарына кірмеймін», – деген антпен аяқтады.

«Жас тұлпар» ұйымының белсенді мүшесі Қалқаман Тiлеуханов Мұрат Әуездің ұйымдастырушылық қабілеті жөнінде былай дейді: «Мен «Жас тұлпарға» Мәскеудiң архитектуралық институтына оқуға түскеннен бастап, мүше болдым. Бойда қазақтың қаны бүлкiлдеп, жүректе жастыққа тән рух жалындап тұрған кез еді. Қылышын жалаңдатқан, танауы иiс сезгiш қызыл империяның қасапханасынан бiз қалай аман қалдық? Бұл сауал кейiнгiлердi қызықтырмай  тұрмасы анық. Оның жауабын өз басым ұйым жетекшісі Мұрат Әуездің бiлiмдiлiгi мен бiлiктiлiгiмен байланыстырамын. Жастығына қарамай ол жан-жақты ойлай бiлетiн».

КГБ Мұрат Әуездің соңына түсіп, жансыздарын жіберіп бақылаумен болды.

Елдік сана негізінде азаматтық құндылықтарды қалыптастыра алмаған, өтірік өмір сүруді дағдыға айналдырған қоғам саяси катаклизмге бейім келеді. Ұлтсыздану қазақтың әдет-ғұрпында жоқ шектен шыққан пендешілік пен сатқындық сияқты жаман қасиеттерді адам бойына тәнті етті. Мұрат Әуез бұндай жандайшап, сатқындар туралы өзінің бір сұхбатында оларды кінәламайтынын айтты: «…КГБ-ның жансыздарының әбден маманданғаны соншалықты, семинарларымызға дейін қатысып, не айтып, не қойғанымызды бүге-шігесіне дейін теріп жазған. Бізге дерек жинаған жансыздар – сол жүйенің адамдары, сол жүйенің құрбандары. Біз қанша қиналсақ та, құрбан болған жоқпыз. Жанымыз қиналды, көп қиындық көрдік. Бірақ біз құрбан емеспіз, құрбандар солар – әділетсіз жүйенің жақсы қызметкерлері. Өмірдің өзі күрес. Солай бола береді. Кезінде «Көшпенділер өркениеті» деген кітабымызды өртегені белгілі. Сол іске қатысы бар адамдар қазір де арамызда жүр, қалада кездесіп те қаламыз. Амандасамыз. Бір жерде мақаламыз шықса, соны аңдып жүріп тауып алып, «әшкерелейтіндер» де болды. Бізді ұлтшылдар деп кінәлағандардың арасында осы күні жер басып жүргендер де бар. Жеке басым оларға еш кінә артпаймын. Әркімге өз ұяты, ары төреші. Олар да тарихтың бір көрінісі. Біз – тарихтың заңдылық жолымен келе жатқан бір көрінісіміз. Біздің жауымыз жеке адам емес, жүйе еді».

Әлемде ешбір қоғамның халықты күшпен мәңгі ұстауы мүмкін емес. Кеңес Одағының сенгені өз халқын қорқынышта ұстауында. Қорқынышта өмір сүрген халық шындықты айта алмайды, жүйенің ойыншығына айналып, ұлттық болмысынан, кейінірек адамгершілік, парасаттылығынан жұрдай болады. Парасаттылықты қалыптастыра алмаған тұлға, адамгершілік қасиеттерін сақтап қалуы күмәнді. Адам сезімінің пәктігін, рухының тазалығын сақтағанда ғана пендешіліктің тұсауын үзіп, тұтқыннан босап еркіндікте өмір сүре алады.

Ұлттың бар зиялы қауымын «халық жауы» деп соттап, атып жатқанда, бұқара халықтың араласпауы – арашашы бола алмауы жәй қорқыныш емес, адамгершілік құндылықтардың қалмағандығында. Бірақ қандарында ұлы даланың еркіндік рухы бар жастар КГБ бұғалығына мойымады. Жүректіліктеріне білімдері сай келіп, үлкен мақсаттар үшін ештеңеден тайынбады. Өткір жанарлы 18-20 жастағы ұл-қыздардың ұлтшыл, қаншыл болуына замана тауқыметі, халқының дүрбелең аласапыран кезеңдердегі өмір қиыншылықтары себеп болды. Сондықтан да олар өткенді танымаған, бүгінгіні байыптамаған, келешекке көз салмаған мемлекеттің жаңсақ саясат көрінісін қорықпай әшкереледі. Казармалық социализм қоржынынан шыққан аға буын зиялы қауым пендешіліктің бесігіне бөленіп жатқанда, жастұлпарлықтар Ресей жерінде «Мен қазақпын» деп асқақтап жүрді. Елде кімнің жемісі піссе, соның торғайына айналғандарға қарсы соққы беріп, көпшіліктің мүлгіген болмысын сілкіндірді. Дені күншіл, сүлделерін әншейін сүйреткен, заман ағымының жапырағына айналғандарға ой салды. Ұлтының тарихын тұжырымдап, болашағын халқының тағдырының жалғасы деп есептеді. Ұлттық рухтарының, алға қойған мақсаттарының күштілігінің арқасында қандай да болсын қиыншылықтарды жеңе білді. Ұлт мүддесі үшін адам айтқысыз қиындықтарға қарсы тұра алды. Өкімет тарапынан қысым, қуғын күшейген сайын, олар бірліктерін, тірліктерін көрсетіп, Ұлы идеялар жолында жаңа істерді бастады.

1966 жылғы Алматыдағы республикалық жиыннан кейін елдегі қазақ жастары да жастұлпарлықтардың ықпалымен қоғамдық өмірге белсене араласып, болашақтары үшін күреске шықты. Ой-өрістері кеңіген студент жастар Қарағандыда «Жас қазақ», Қостанайда «Жас түлек», Семейде «Тайшұбар», Гурьевте «Ұшқын», Павлодарда «Жас ұлан», Целиноградта «Тың тұлпар», «Оян қазақ», Шымкентте «Адыр қасқырлары», Алматыда «Сарыарқа» ұйымдарын құрды. Тәуелсіздіктің елесі сағымданып көлбеңдеді.

Жүректері алып-ұшып, туған жерім, Отаным деп, оқуларын бітіріп, елге қайтқан жастұлпарлықтарды Қазақстанда қиыншылықтар тосып тұрды. Жұмысқа алмады, сенімсіздік көрсетті. Қайда барса да, КГБ олардың алдын орай берді. Әсіресе, Мұрат Әуезге тор құрып, аяғын ілгері бастырмады. Кеңестер Одағы Ғылым Академиясының әдебиет институтының аспирантурасын тәмамдап, әдебиет теориясынан диссертация қорғаған бірінші қазақ болса да, ешқайда жұмысқа орналаса алмады. Ашпаған есігі, баспаған мекемесі қалмады, бірақ  бәрі қайырсыз еді. Күліп қарсы алып, сыздауықтай сыздықтатып шығарып салады. Білім министрлігінің бір жауапты қызметкері жаны ашығансып: «Әуре болып жұмыс іздеп сандала берме, сені оқу-білім, тәрбие саласына қызметке алмау туралы нұсқау бар», – деп  турасын айтты. Мұрат Мұхтарұлы Әуезге Қазақстаннан жұмыс табылмады. Басына сотталудың қара бұлты үйірілді. Ол кезде социалистік жүйеге қарсы адамдарды жұмыссыз жүргені үшін соттау КГБ-ның үйреншікті ісі еді. Тек Михаил Есеналиевтің көмегімен Мәскеуден шығатын «Литературная газетаның» Қазақстандағы тілшісі қызметіне орналасты. Бұған жергілікті биліктің жұмысқа алғызбауға құзыры жетпеді...

Уақыт зымырап өте берді. Мұрат Әуез жанұялы болды. Тұңғышының есімін әжесі Фатимадай дарынды, білімді болсын деп, Зифа-Алуа қойды. Ұлын әкесінің досы, ақын Мағжан Жұмабаевтың құрметіне Мағжан деп атады.

Жастұлпарлыктар 60-шы жылдары жастарды еркіндік, әділдік үшін күреске шақырса, 70-ші жылдары шығармашылық зиялы қауым арасында жұмыс жүргізді. Олар түрлі салаларда кызмет жасап, парасатты азамат, жақсы маман аталды. Кай салада болсын топ алдында, халык жадында, көз алдында еңбек етті. Әдебиетте аудармашылықпен, ғылым мен техникада жаналық ашумен, институттарда білім беріп, жастарды тәрбиелеумен айналысты. Қаншалықты маман иегерлері болса да, өмірлік кредолары «қазақ ұлтының болашағын ойлаумен болды». Қоғамдық өмірден де алшақтамады. Төңіректеріне ғалымдарды, әдебиетшілерді, өнер-мәдениет майданында жұмыс жасап жүрген жастарды жинап, олардың шығармашылықтарына ұлттық нақыштағы тақырыптарды ұсынды. «Хрущевтік жылымықтың» тұсында дүр етіп көтерілген жаңа лек Олжас Сүлейменов, Сәтімжан Санбаев, Асқар Сүлейменов және де басқа таланттар тобына жастұлпарлықтар қосылып, ұлтты жандандырды. Кездесу кештерінде Мұқағали Мақатаев өз өлендерін окыды. Сержан Ақынжанов, Кенжебай Ақышев, Шәкәрім Асаубеков, Жақан Молдахметов, Майра Ақшалова, Тамара Таңатарова, Иштван Қоңыр Мандоки, Халел Аханов, Болат Сарыбаев сияқты жастұлпарлық ғалымдар белсендiлiк көрсетті. Морис Симашко, Әнуар Әлімжанов, Алан Медоев, Ғаділбек Шалахметов және басқа бір дүниетанымдағы достық, өмір мен болашақ жөнiндегi пiкiр алысулар жастұлпарлықтарға рухани азық болды. Қоғамдық ғылымдармен бiрге басқа өнер салаларында да ұлттық құндылық негiзiндегi iзгiлiктi iстер жасалынды. Елді өз туындыларындағы тосын шешiм, тың үрдісімен елең еткізгендердің көш басында суретшiлер Салихиддин Айтбаев, Мақым Қисамединов, Бақтияр Табиев, Жекен Бишенов, қолөнер шеберлері Дәркембай Шоқпарұлы, Жеңісхан Тілеуханова, сәулетші Тимур Сүлейменов және басқалары тұрды. Бұл талант иелерi өздерiнiң бақытын халқына қызмет істеп, ұлтының құндылықтарына өз үлестерiн қосудан тапты. Социалистік жүйедегi жаттанды, дайын түсініктермен жүрмей, ұлтына керек өзiндiк өмiр жолын іздеді. Жан-дүние, таным-болмыстарымен ұлт болашағы үшін аянбай қызмет істеген бұл талант иелерімен Мұрат Әуез қоян-қолтық араласты. Ол жылдардағы қазақ зиялыларының басты ерекшелігі ұлты үшін қанша iс iстесе де айғай-шусыз, дабыра-даусыз, жан баласына мiндеттемей iске асырды. 

Шындық айтылмаған жерді жамандық жайлайды. Компартияның гөй-гөйіне елтіген елдің күні қараң, болашағы бұлыңғыр. Тасбауыр боп, қатыгезденген адам дірілдеген жүрекпен сыр ұғып, басқаның көңіл-күйін, жан сырын түсіне алар ма?! Жастұлпарлықтар ұлттық рухты өсіріп, жігерін жану үшін елдегі ниеттес, санасы тұнық, зердесі ашық талантты жастарды өз қатарларына тартты. Олардың ықпалымен, қолдауымен қазақтың қасіретті күндері жазылып көрсетілген құнды дүниелер өмірге келді. Жазушы Смағұл Елубаев сол кезеңдегі тың тақырыптардың жазылуына Мұрат Әуездің тигізген әсері жөнінде былай дейді: «70-ші жылдардың ортасында. Жазушылар одағының бір пленумында Мұрат Мұхтарұлы мінберге көтерілді. Күтпеген жерде пленумнің күн тәртібінде жоқ 1932 жылғы қазақ қырылған ашаршылық туралы әңгіме қозғады. «Бұндай ұлттық апатты айналып өткен әдебиеттің болашағы жоқ! Ащы да болса ақиқат керек!» – деді. Бұл мәлімдемеден кейін құзырлы органдар онымен тағы да айналысқан. Өйткені, ашаршылық компартияның қазақ халқына жасаған тарихи қылмысы еді. Сондықтан ол қылмыстың бетін ашпақ болғандарды партия аямайтын. Ауызынан қақпақ, төбесінен тоқпақ айырмайтын. Бірақ айтылған сөз – атылған оқ. Мұрат Әуездің сөзі ауыздан ауызға тарап кетті. Мұрат Әуез сынды айтулы азаматтың ашаршылық туралы әңгіме козғағанына алабөтен қуанғанбыз. Себеп, бұ кез біз де ашаршылық жәйлі роман идеясымен «ауырып» жүрген кезіміз еді. Мұрат тәрізді тұлғаның бұл тақырыпты биік мінберден көтеруі біздің сенімімізге сенім, қолтығымызға қанат бергендей болды. Ашаршылық жайлы роман жазуға шындап дайындала бастадық. Осынау идеяны көтергені үшін Мұқаңның қолын қыстық. Бірақ, Мұқаңның бізге назары 1986 жылы романның қолжазбасын оқығаннан кейін түсті. Мұқаң қолжазбаны оқып шығып, шын қуанды. Қолжазбаға осынау талғампаз сыншы берген баға біз үшін кітап шықпай жатқан аттай 5 жыл бойы моральдік тірек болды. 1989 жылы киностудияның бас редакторы Мұқаң баспа жоспарына кіргізбей қойған «Ақ боз үйді» күресіп жүріп, кино жоспарына кіргізді. Бұдан біз бір нәрсені байқадық. Мұрат Мұхтарұлының Алаш идеясынан айнымаған, ұлттық идеяға адал азаматтық тұлғасын байқадық. Тіптен, тоталитарлық жүйе «басқа шауып, төске өрлеп» тұрған сол бір сұрапыл шақтардың өзінде Мұраттың мұраты Алаш азаттығы болған отаршыл Одақ идеологиясына үнемі қарсы келген де отырған. Айтса, ауызға ұрады. Айтпаса, азаматтығына сын. Не істеу керек? Үнсіз қалу ма? Сырттай солай көрінді. Тілге тиым саларсың. Бірақ, Алаш, Азаттық деп соққан жүрекке қалай тиым саларсың?!».

Ал 1962 жылғы басталған сырттағы қазақтардың Отанына жаппай көшуi тарихта үлкен мәнге ие. Сол тұста бiр айдың iшiнде Қытайдағы 200 мың қазақ Тарбағатайдағы, Шәуешектегi шекарадан өтiп елге оралды. Мұрат Әуез бастаған жастұлпарлықтар 60 жылдары елге оралған Қытайдағы қандастарымызға жанашырлык көрсеттi. Мұрат Әуездiң қытай тiлiн, психологиясын жақсы бiлуi қандастарымыздың құжаттарын түзетуге себепкер болды. Кытайда Қазақ ұлты үшiн күрескен азаматтарға қамқорлық жасады. Олардың жұмысқа орналасуына, Қазақстанға бой үйретулерiне ат салысты. Қытайда қуғынға ұшыраған, Шығыс Түркістан мемлекетiнiң iргетасын калаған қандастарымызға ерекше көңіл бөліп, құшақтарына алып, бауырластықтарын көрсете білді. Ел атынан, өкiмет көрсетпеген жылылықты сездiре алды. Солардың iшiнде қазақтың азаттығы үшін күресіп, Қытайда екi рет өлiм жазасына кесілген «Жас күш» жастар ұйымының басшысы Айтан Нүсіпханұлы ағамыз болды.

Мұрат Әуездің «Жас тұлпар» қозғалысы мыңдаған жастардың басын қосып, санасын оятты. Жастұлпарлықтардың қатарынан қазақ зиялы қауымының жаңа буыны өсіп шықты. Қазақтың ар-намысы, тiреуi, ақылы бола алған талантты азаматтары шыңдалды. Кезінде «ашаю-жабаю» деп мазаққа iлiккен жастар қазақ тiлiн бiлiп қана қойған жоқ, оны қадірлеп, мемлекеттік деңгейге көтерiлуiне ат салысты. Саяси күрес барысында сарқылмас қайрат жинап, заманымыздың салиқалы тұлғаларына айналды. Ұлтшылдықтарының арқасында Қазақстанның Тәуелсіз мемлекет болуына үлес те қосты, өздері де өсті. Әсіресе бiлiм, ғылым, өнер және өнеркәсіп саласының талай көш бастар майталмандары шықты. Олардың iшiнде Қазақстан Ғылым Академиясының Президенті, Лениндік сыйлықтың лауреаты Мұрат Айтхожин, лазерлік қару саласының маманы, КСРО Мемлекеттік сыйлығы лауреаты, Қазақстан Республикасы вице премьер-министрі Ғалым Әбілсейітов, бiлiм министрі Шайсұлтан Шаяхметов, Қазақстан ұлттық ядролық орталығы бас директоры Қайрат Қадыржанов, «Алматы энергия жүйесі» бас директоры Алтай Қадыржанов, Қазақстанның биотехнологиялық ұлттық орталығының бас директоры, академик Мұрат Ғылманов, Ғылым академиясының биоинженерлік институты директоры, академик Ізбасар Рахымбаев, дефектология саласының ұйымдастырушысы академик Жәмилә Намазбаева, Қазақстан байланыс министрі орынбасары Алдар Тұңғышбаевтар бар. Ғұлама ғалым Мақаш Тәтімов Қазақстандағы демография ғылымы саласын ұйымдастырып, қазақтың саны мен сапасын зерттеді. Советқазы Ақатай ғылым мен қоғам жұмысын тең ұстап, халқына қызмет етуден жалықпады. Марат Сембі көне тарих көмбелерін ашып, ел ағасы болса, Тимур Сүлейменов сәулет өнері саласының майталманы аталды. М. Балтабаев, С. Елеусізов, Б. Қарақұлов музыка өнері саласында үлкен жетістіктерге жетті. Жалпы, жастұлпарлықтар ғылым мен білім, өнер саласында алтын әріппен жазылатындай мәңгілік істер қалдырды.

Олардың жұптары жазылмай жанұяларымен достықтары өз алды, басқаға өнеге болды. «Жас Тұлпар» қозғалысы жаңаша жұмыс істеуге көшті. КГБ-ның құрығына түсе бермеу үшін көне грек ойшылдары мектебінің үлгісімен «Қыдырып сырласу» әдісін пайдаланды. Үш-төрт адамнан бірігіп Алматы көшелерін бойлап, таза ауада серуендеген болып, ғылыми тақырыптарға пікір алысып, өмір өрнегін тоқыды. Әңгіме төркіні тарихи оқиғалар, ойсана тағылымдары, мәдениет, әлеуметтік-саяси мәселелер төңірегінде болды. «Қыдырып сырласу» мектебінің тізгінін көбіне қазақ жеріне айдалып келген осетиннің ойшыл ғалымы Алан Медоев ұстады. Ал, оңтайлы жағдайларда жастұлпарлықтар суретші Салихиддин Айтбаевтың көркем-сурет ұстаханасына жиналып, әңгіме дүкен құрып, іс-әрекеттерін жалғастырды. Бұл жерде қара домбырасын күмбірлетіп қазақтың шұрайлы тілімен, дәстүрлі таным-түсінігімен Асқар Сүлейменов асабалық жасады. Жастұлпарлықтар Марат Балтабаев, Серік Елеусізов, Мүлкәман Қалауовтардың «Айгүл», «Гүлдер», «Сыр сұлуы» ансамбльдерінің құрылуына септігін тигізді.

Бұл кезде санасы серпілген қазақ жастары жаппай көркем әдебиет оқып, өмірдің кейбір көлеңкелі тұстарына жауапты кітаптан іздеді. Коммунистік идеологияның ықпалында болса да қоғамдағы жағдайға көзқарасын өзінше қалыптастыруға тырысты. Ал кітап шығаруға мемлекет тарапынан бақылау қатаң сипат алды.

Олжас Сүлейменовтың «АЗиЯ»-сын жұрт оқып үлгерсе, Мұрат Әуездің басшылығымен шыққан «Көшпенділер эстетикасының» барлық данасы бірден жойылап оқырманға жетпеді. Бұл мақалалар жинағы көшпелі халықта мәдениет те, тарих та жоқ деген Компартия идеологиясына қайшы келді. «Көшпенділер эстетикасы» Алаш ұлтшылдарының кітаптарымен бірге қара тізімге ілікті.

Мұрат Әуезді жастар «Жас тұлпар» ұйымын құрушы, азаттық қозғалысының жетекшісі ретінде білсе, енді ғалым-күрескер ретінде таныды. Олжаc Сүлейменовпен бірге Мұрат Әуез де студент жастардың кумиріне айналды.

Аңдыған жау алмай қояр ма, КГБ дегеніне жетті. «Көшпелілер эстетикасы» кітабы үшін Мұрат Әуез тағы да жұмыссыз қалды. Философия институты басшылары «жоғары жақтан партияның нұсқауы бар, екі-үш ай үйде отыра тұр, шудың аяғы басылсын» деп шығарып салды. Жан күйзелді. Қасиет сақталған елде кітапты білімділер, жазушылар жазады, оны бәрі оқиды. Берекесі кеткен елдің шенеуніктерінің бәрі кітап жазады, бірақ оны ешкім оқымайды. Ал бізде ұлтқа керек боп жазылып, басылып шыққан ғылыми мақалалар жинағын өкімет отқа жақты. Не дерсің бұған?!

Мұрат Әуездің социалистік қоғамымыздың ең ауыр зұлымдығы адамды жәй қорлау ғана емес, ой-пікірінен айыру екеніне көзі әбден жетті. Компартия идеологтарының өз басына әңгіртаяқ ойнатып, түйілгендерін талай көтеріп, КГБ-ның бақылауында қанша жүрсе де, дәл осылай күйзелмеп еді. Ал халқымыздың мыңдаған жылдар бойы қалыптасқан ұлттық ерекшелігін көрсететін ғылыми зерттеулер жинағын «социалистік жүйеге жат дүние» деп, сатуға жібермей, барлық данасын өртеуі жан шошытты. Фашистік Германияда ғана кітап жағылып еді, құлақ естімеген сұмдықты көз көрді.

Қайтадан сергелдең басталды. Саяси күрес тәжірибесін жинаған қырыққа жетпеген қамал бұзар қылшылдаған шағында тағы да жұмыссыз жүруге тура келді. Бұл жолы Алматыда бірге жүрген жастұлпарлық достары Мұрат Әуезді жалғызсыратпады. Тығырықтан шығар жолды бірге іздеді. «Мұрат Әуезді жалғызсыратпаймыз» деген Марат Сембин бастаған жастұлпарлықтар жұмыстарынан шығып, Көкшетау облысы Қызылту ауданындағы Чапаев совхозына барып, үш ай жаз мәдениет үйін салуға келісімге отырды. «Жас тұлпардың» өте дарынды сәулетшісі Бекеш Шәкірбаев безендіру жұмыстарымен айналысты. Қалғандары оған көмектесті. Сөйтіп Мұрат Әуез жұмыссыздықтан құтылды, әйтпегенде ол жауапқа тартылар еді.

Жастұлпарлықтардың Көкшетау облысының түкпіріндегі Чапаев совхозын таңдауы тегін емес еді. Бұл Ақмола, Павлодар, Көкшетау облыстарының тоғысқан, бір-бірімен аралас-құралас отырған Абылай аспас Арқаның асыл белі болатын. Уәлиханов ауданы бас біріктірген әдет-ғұрпынан әлі де толық айырылмағанымен, жақсы-жаманы аралас өзіндік жаңа дәстүр қалыптастырған мекен. Арқаның салдық дәстүрін көрген, ән-күймен бірге бабалар батырлығы туралы жырлармен сусындаған елдің ұрпағы. Өткенді қаз-қалпында сақтай алмаса да көргенін істеп, естігенін ұрпағына жеткізе алған жұрт. Әр адам бір ғұмыр болса, Көкшетау, Ертіс, Сілеті өңірі сапырылысып араласып, алысын жақындатып, жақсысын қадірлегенінен береке тапқан ел.

Сексен көлді Бурабайды, Ертіс пен Сілеті өзендерін жағалай орналасқан қалың ел тың игерудің зардабын тартса да, әлі де ұлттық рухын жоғалта қоймаған.

Бұл Кенесарыдай ханының, Бөгенбай, Жантай, Атандай батырларының рухынан күш алып, Үмбетей, Бұхар жыраулардың жырлары мен Қазыбек, Саққұлақ, Мәшһүр Жүсіптей даналардың сөздеріне, Біржан сал, Ақан сері, Иманжүсіп, Естайлардың әндеріне шөлдерін қандырып өскен ел болатын. Бірақ соңғы он бес, жиырма жыл ішінде тың игерудің қасіреті елдің құндылықтарын жойып, ұлттық қасиеттерін кетіре бастаған.

«Жас тұлпарлықтар» жұмыс арасында ел аралап, қазақ тарихы мен мәдениетінен дәріс оқып, әңгіме айтып, төңіректегі ән салып, күй тартатын жастардың басын біріктірді. Бестөбе, Бөгенбай, Изобильный, Қайрат, Чапаев, Ертіс, Краснокут, Степняк елді мекендерінде өнерлі жастардың үйірмелері пайда болды. Ұмытылып, көзі көмескі тартқан ұлттық өнер қайта жандана бастады. Ұлттық сілкініс, қаңсырап қажыған жүректің түбіндегі ұлттық сезімді оятып, болмысты шыңдауға кірісті. Тың игерудің топалаңынан есін жинай алмай, қазақ мектептері жабылып, әбігерленген елде қайтадан қазақтың ән-күйі шалқыды. Елдің еңсесі көтерілді.

Ұлтжанды азаматтардың істері көпке үлгі болды.

Сол жылдары Абылай ақ туын тіккен Арқа елінің үлкен-кішісі Мұрат Әуезді ауыздарынан тастамай, аңыз қылып айтып жүрді.  

Мұрат Әуездің басшылығындағы «Жас тұлпар» қозғалысының ықпалымен санасы серпіліп, ұлттық намысы оянған қазақ жастары 1979 жылы маусым айында Целиноград қаласында «Неміс автономиясының» ашылуына қарсы көтеріліске шықты.

Ереуілшілер өткеннің олқылығын, жіберген ыза-кегін қайтарғылары келді. Қазақтың жер тұтастығы үшін өмір таразасына барын салып, халқына адал қызмет еткен басшылар еске алынды. Шымкент облысының ең құнарлы үш ауданының Өзбекстанға белден басылып берілгені ұмытылмаған. Алматы облысынан Ұйғыр автономиясын ашпақшы ниетті іске асыру үшін Юсуповтың компартияның бірінші хатшысы қойылғаны да айтылды. Әсіресе «Тың өлкесі» ашылып Ресей Федерациясына Қазақстанның бес облысын қоспақшы болған Хрущевке қарсы шығып қуғындалған Ташеновке ризашылықтарын білдіріп, еске алды.

«Неміс автономиясына» қарсы көтеріліс қандай қайғы-қасірет, рухани күйзелістерді бастан кешірсек те ұлттық құндылықтарымызды, ұстаным мен тұтастығымызды сақтай алатындығымызды көрсетіп берді. Ұлт болып ұйып, жұдырықтай жұмылсақ алмайтын қамалымыз, орындалмайтын арманымыздың жоқ екенін дәлелдей түсті.

Ақмола-Ереймен көтерілісі «Дамыған социализм» кезіндегі Компартияның шешіміне қарсы шыққан бұрын соңды болып көрмеген тарихи оқиға болды. Ал тарихтағы осындай көтерілістер ұлттық идеяның сарқылмас қайнар көзі екені белгілі. Ұлттық идея тарихи қажеттіліктен қоғамдық болмыс болып қалыптасатын құдіретті күш. Көтеріліс барысында ұлттық рух күшейе түсті.

Бұқара халықтың ашу-ызасынан қаймыққан коммунистік билік қазақ жерінен «Неміс автономиясын» құру әрекетінен бас тартуға мәжбүр болды.

Жастардың көтерілісі әлемді дірілдетіп, қарына іліп тұрған Кеңес өкіметіне, бар социалистік жүйеге қарсы шара болды. Жастұлпарлықтар санасын серпілткен қазақ жастары атақоныс – Арқа жерінен «Неміс автономиясын» ашуға жол бермеді. Егер де жастұлпарлықтардың ықпалымен рухы көтерілген жастар 1979 жылы Ақмола-Ереймен көтерілісіне шықпаса, бүгінгі жер тұтастығы, ел бірлігі күмәнді болар еді. Бөгенбай батырдың елді мекені – Ерейментау Ассельборн аталса, сүйекке таңба түсіп, ұлттық рух әлсірейтіні сөзсіз еді.

Мұрат Әуез басшылығымен «Жас тұлпар» қозғалысынан тәрбие алған қазақ жастары «Неміс автономиясының» құрылуына қарсы көтеріліс барысында ұлттық ой-санамызды оятып, мемлекеттік деңгейде ойлауымызға ықпал жасады.

Ал жастардың көтеріліске бірден шығуларына, күшті дайындық рухымен келулеріне Мұрат Әуез бастаған «Жас тұлпар» қозғалысының әсері зор болды.

«Неміс автономиясын» ашқызбауға қарсы көтеріліс «Жас тұлпар» қозғалысының тарихымыздағы азаттық үшін күресінің үлкен бір белесі.

Жалпы, өршіл рухтан өлмес ерлік туады. Қазақты қазақ қылған Желтоқсан көтерілісі кенеттен стихиялы туған іс-әрекет емес. Бұл көтеріліске халық іштей, рухани дайын болды. Әсіресе, жастар көтеріліске шығып, айбар көрсетсе – биліктің  қаймығатынын 1979 жылғы Целиноград-Ерейментау көтерілісінен көріп, рухтанды. Бірікті. Жеті жылдың ішінде қазақ жастарының болмысы түбегейлі өзгерді. Ұлттың болмыс-бітімін көрсететін патриоттық сезім, рухани өзек күшті қарқынмен қалыптаса бастады. Қазақ жастары 1986 жылы Отаны, ұлтының болашағы үшін жан аяспас күреске дайын болды. Желтоқсан болмаса, басқа көтеріліс болушы еді. Өйткені олар тәуелсіз елде өмір сүргенде ғана дамитынына, өсе алатынына көздерін жеткізді. Сөйтіп, қазақ жастары Кеңес өкіметінің құлауына ғана емес, адамзаттың «Қызыл індеттен» құтылып, өркениет көшіне алаңсыз көшуіне септігін тигізді.

 Ұлы істер, үлкен бетбұрыстар, елдің тәуелсіздігі – ешқашан, ешкімге оңай түскен емес. Күнделікті тірлік, қиыншылық, жәй пендешілік бір бөлек те, ұрпақтың ертеңін талай ғасырларға жорамалдап, оған дұрыс бағыт беру, соған  негіз салу мүлде басқа. Оған оттан ыстық Отанға деген сүйіспеншілікпен бірге жан аямас күрес, күшті ұлттық рух керек.

Желтоқсан көтерілісі кезіндегі жастұлпарлықтар Көктөбеге келсе де, парасаттылықтарын танытты.

Ал Ақмола-Ерейментау көтерілісі мен Желтоқсан көтерілісінде саяси да, тарихи да сабақтастық бар. 1979 жылғы Ақмола-Ерейментау көтерілісі 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісіне тарихи негіз салды. «Жас тұлпар» ұйымы ықпалымен тәрбиеленген қазақ жастары Кеңес империясының күйреуіне, социалистік идеяның жеңілуіне үлес қосты. Мұрат Әуез пен Советқазы Ақатаев екеуі «Неміс толқыны» радиосына ақпарат беріп отырды. Жастұлпарлықтар өздері бірге оқыған Кеңес Одағының алдыңғы қатарлы зиялы қауымын арашалыққа шақырды. Балтық теңізі жағалауы республикалары белсенділік танытты. Мұрат Әуездің досы, болашақ Тәуелсіз Эстонияның Президенті Мери Леннарт-Георг желтоқсандықтарды ақтап, Кеңес өкіметін қаралап, Батыс елдеріне шындықты айтып, пікір қалыптастырды.

Сол күндерді Мұрат Әуез былай еске алады:

«...1986 жылы желтоқсанның 20-21 күндері Рымғали Нұрғалиев, Тұрсын Жұртбаев бар, 5 жазушы, әдебиетші, Мәскеуге КСРО Жазушылар одағының пленумына бардық. Мәскеудегі «қазақ ұлтшылдығы» кернеп, ахуал өршіп тұр. Пленумның екінші күнінде қазақстандық қаламгерлер сөйлесуіміз керек еді. Жанымдағы жігіттер «Мұрат, сенің орысшаң жүйрік қой, сен сөйлеші» деді. Мен олардың маған неге «жол бергенін» сезіп отырмын. Басқа жағдайда олар өздерінің бар орысшасымен ел алдына шыға беретін азаматтар. Мен оларға сол арада «Желтоқсан оқиғасына қатысты өз көзқарасымды айтамын» дедім. Мінбеге шықтым. Сөйледім. Қазақтың санасының, тарихи санасының өскендігін, оған әдебиеттің үлесі көп болғандығын, кешегі алаңға шыққан жастардың әділдікке ғана сүйенгенін... тағы да сол сияқты сипаттарды баян еттім. Сол жолы мен қаншама жыл көкірегімізде шемен болып, қақ болып, беріш болып қатқан шерді ағытатын кез туып тұрғанын түйсіндім. Оған дейін де, одан кейін де талай жерде, ел алдында, үлкенді-кішілі жиын-жиналыстарда сөз сөйледім. Бірақ, жүрек-жүйкеммен, жан-дүниеммен ақтарыла, айрықша тебірене сөйлегенім сол жолы еді. Зал өте жылы қабылдады. Қол шапалақтап, демеді. Сөзімді тәмамдап, залды қақ жарып, өз орныма бара жатқанымда, біздің Республика өкілдері отырған жерден Тұрсын орындықты қалқалап бас бармағын көрсетті.

...Жақында Прагадағы «Азаттық» радиосының жігіттері хабарласты. Оларға бүгінде Швецияда тұратын түрікпен жазушысы келіп, 1986 жылы менің Мәскеуде сөйлеген сөзімді тыңдағанын, сол жолғы сөзім олардың да рухын көтергенін әңгімелепті. Маған сәлемдеме ретінде бүгінде көпке әйгілі «Кобра» деген романын беріп жіберіпті. Солайша, 1986 жылғы жастар тек өз елінің емес, Одақтағы бірқатар халықтың рухын оятып, жігерін жаныған еді...».

Мұрат Әуез бастаған жастұлпарлықтар Қазақ елі Тәуелсіздігін жариялағаннан кейін де өздерінің саяси белсенділігін бәсеңдетпеді. Қайта алдарына жаңа мақсаттар қойып, саяси күресте шындалған тәжірибелерін мемлекеттің іргетасын катайтып, шаңырағын биіктетуге жұмсады. Мемлекет кұрылымы қандай болуы керектігі жөнінде парасатты ойларын ортаға салды. Ғылымда «табиғи әділеттілік» және «тарихи әділеттілік» деген ұғымдар бар. Олар жүзеге асуға тиіс. Ал жүзеге аспаса, онда тарихтың доңғалағы өз жүрісінен жаңылып, қырын кетеді. Жастұлпарлықтар өз халқының даналық қазынасын қалпына келтіру, дамыту, асқақтату міндетін алдарына қойды.

Тәуелсіздік алған алғашқы күндерден-ақ ұлттық құндылықтарды қоғам дамуы процесіне үйлестіру, мемлекеттің бет-пердесіне, пішініне ғана емес, ішкі сапалығына да мән беру мәселелерін көтерді.

Халықтың қайталанбас тірлігі, құқығы, игілігі, кісілігі мен намысы басты кұндылыққа айналатын мемлекет құруға ұмтылыс жасады. Қоғам өмірінің бар саласында ұлттық ұқсастық пен бірегейлік негізінде шындықтың үстемдік етуін қалады.

Олар Қазақстанның экономикалық және саяси тәуелсіздігімен қатар рухани тәуелсіздікті бірден күн тәртібіне қойды. Рухани байлықсыз Тәуелсіздіктің көріксіз, мағынасыз болатынын дәлелдеп, теледидардан айтып, газет-журнал беттеріне жазды. Жан толғанысы, сезім толқынысы, рухани өмір серпінін күшейту үшін ұлттық мұраттың жаңа құндылықтарын іздеді. Тапты да. Тәуелсіздік тұғырын биіктетер жол бағыттарын көрсетті. Жастұлпарлықтар тарихи сабақтастықты жалғастыра отырып, қазақ елінің жаңаша өмір сүруін қалады. Патриотизм елді өзгертуі, ал еркіндік мемлекеттілікті нығайтуы керек деп есептеді. Ұлтқа деген сүйіспеншілік –  Тәуелсіз мемлекетке, Отанға сүйіспеншілік деп түсінді. Ал демократияның халықтың билігі емес, халық алдындағы жауапкершілік екеніне ерекше тоқталды.

Жастұлпарлықтар мемлекеттік қызметке белсене араласты. Мұрат Әуез парламент депутаты болса, Болатхан Тайжан Сыртқы істер министрлігінде басшылық қызмет аткарды. Олар ұлтын, мәдениетін, тілін, туған жерін сүйетін жастарды төңірегіне жинады. Тәуелсіздікті нығайту ұлттық идея көзі деп есептеді.

Мұрат Әуездің дүниетанымына Шығыс мемлекеттерінің тарихы мен мәдениетін зерттеуі зор әсер етті. Ұлы жазушы, ойшыл әке мен ақылды, ақын ананың өмірлерінің жалғасы Мұраттың өзіне деген талабы да тым биік болды. Ол бір сөзінде әке мен шешемнің талантарының қасында мен жолда қалам дейді.

Ресейдің ең жоғары оқу орындарында білім алып, азамат, саяси тұлға ретінде қалыптасып, Қытайдың тілі мен мәдениеті, тарихын зерттеп өсу оны «Сегіз қырлы, бір сырлы Азамат» етті. Оның жан-жақты білімділігі Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш елшісі ретінде қазақ-қытай қарым-қатынастарының қалыптасып нығаюына, шекара мәселесін шешуге көп көмегін тигізді.

Мұрат Әуез қай салада қызмет істесе де парасаттылығы мен ел қамын қара басының тағдырынан жоғары ұстады. Ол үшін ұлттық мүдде теңдесі жоқ өзгермейтін, баға жетпес аксиома. 1996 жылы Қытайдағы елшілік қызметінің үш жылдық кезеңі аяқталысымен ешқандай себепсіз жұмыс жөніндегі келісім шарт тоқтатылды.

Мұрат Әуез 1996 жылы дипломатиялық жұмыстан елге оралып, бір жылдай Мәдениетті зерттеу орталығында аға ғылыми қызметкер болып жұмыс істегенде жастұлпарлықтардың жұмысы қайта жанданды. Осы аз уақыттың ішінде Мәдени орталық «бостандық аралына» айналды. Көзі тірі «Жастұлпарлықтармен» бірге Алматының зиялы қауымы жиылатын жер болды. Бірден «Тамыр» саяси-мәдени клубы құрылып, Қазақстанның бүгіні мен ертеңі жөніндегі қызу сайыстар басталды. Әсіресе Мұрат Әуездің Қытайдың сыртқы саясатындағы «Си Юй» түсінігі сияқты Қазақстанның қауіпсіздігіне байланысты мәселелер көптеп қаралды. «Си Юй» экспансиялық саясаттың нақты көрінісі, таза қытайлық жаугершілік, арамза бағыт екен. Клуб мүшелерінің арасынан С. Құттықадам, Н.Масанов, С.Ақатай, М.Балтабаев, С.Қарақұлов, А.Жовтис, Г.Бельгер, М.Сембі, В.Воронов сияқты азаматтарды көрдік. Жастұлпарлықтар қайтадан жиналып, саясатпен айналыса бастады. Басында 21 адамнан тұратын «Тамыр» клубы нәр көзі, жақсылық негізі, достық пен сыйластықтың жанашырлық символы ретінде қалыптасты. Ашық пікір-сайыс алаңы зиялы қауымды елең еткізіп, елінің ертеңін ойлаған азаматтардың басын біріктірді. «Тамыр» клубының жұмысы көне мәдениет мәселелерінен басталып, Тәуелсіз Қазақстанның болашағы туралы сан алуан пікір айтумен жалғасты. Клуб модераторы Мұрат Әуез пікір сайысына әр саланың мамандарын шақырды. Жұмасына бір рет болатын кездесуге келушілер саны көбейді. Әрине сайысқа қатысушылардың көпшілігі ел ағасы атанып, самайлары бозарған жастұлпарлықтар болды. Бұл – нарық, ар мен бардың тайталасын күшейткен кезі еді. Сондықтан «Тамыр» клубы мүшелері экономиканы жекешелендіру – болмысты ұяттан ауа етіп, сана-сезімді тұмандандыруымен күресу жолдарын іздеді.

Біртіндеп «Тамыр» клубының арнасы кеңейіп, ол «Азамат» партиясына айналды. Бұл саяси партия өз бағдарламасында зиялы қауымның мүддесін қорғады, әсіресе ғылым-білім саласындағы мәселелерді өзіне бағыт етті .

Қазақ халқының мың өліп, мың тірілуінің өз феномені бар. Бұған Түркі әлемінің генезисі, оның қайта жандану дәстүрі себепші. Ұлт тарихының діңгегі тереңде. Сырты сынғанымен тамыры сынбайды. Бірақ соған дұрыс жағдай  жасап отыру керек.

Мұрат Әуез түркішіл азамат. Ата-баба тарихына көңіл бөлгенде ол көне түркі әлемінен бастайды:

«Біз алғашқы белесте негізінен, қазағымызды көбірек қаузадық. Ал, бірақ, біздің тарих тек өз ата-бабаларымызбен тарих емес қой. Оның арғы тегі, арғы-түпкі дәуірлердегі тіршілігі, өз заманына сай алыс-берісі болды ғой. Соның ішінде түркішілікке қатысымыз қандай болды? Түркі текті халықтардың тағдыры қалай болды? Осыларды зерделеп, өскеніміз бен өшкенімізді жаңғыртып, жоғымызды тапқанымыз жөн. Себебі, біз қайтсек те, түркіліктен ажырап кете алмаймыз. Иә, кешегі Кеңес түріктектілері өздерінің артық-кемін біледі. Бірақ, олар сонау Алтайдан Дунайға дейін билеген ер түріктің қара шаңырағын сақтап қалғанымызды ескеріп, ендігі жерде бізге қарай ойысуы керек.

Менің де қанымда қайнаған түрікшілдік бар. Әкеміз Мұхтар Әуезов, ол да түрікшіл болды. Есіңізде ме, «Қилы заманда» қырғыздардың көмекке келе жатқанын көрген қазақтардың рухы қалай тасыған! Әкеміз соған ерекше мән беріпті. Қарқаралы жәрмеңкесінде орыстардан хабар тасып жүрген өзбек бар. Ол, бірақ, орысшасында айтылмайды. Жазушы мұнда Кеңес тұсындағы түркіліктің түгелдігі осы дегенді меңзеп отыр. Осындай ниетті тек Мұхтар Әуезов емес, Алаш арыстарының дүние-танымынан тануға болады.

Бала кезімде Қырғызстанға әкеммен бірге бірнеше рет келдім.  Қордайдың асуынан қырғыз жаққа асарда әкем машинаны тоқтатып, ол кезде Қордайда жел көп тұратын, желге бетін тосып бір ауық әрі-бері жүретін. Тас жолда келе жатқанымызда, машинаның қорабын майда  тастар тынымсыз ұрғылап тұратыны да есімнен кетпейді. Әкем желді жақсы көретін.  Жел туралы ұзақ әңгіме айтатын.  Ол жас кезінде халқымыздың талантты ақындарының бірі Мағжан Жұмабаевтың өлеңдерін көп оқыпты.  Мағжанның өлеңдерінде «жел» өзгерістің, жаңарудың символы ретінде көрініс тапқан.

ХІХ ғасырдың орта шеніндегі түрік ақыны Зия Гөк Алыптың «Тұранның алтын алмасы» деген философиялық поэмасының идеясы ХХ ғасыр басында түрік идеясының өмірге келуіне себеп болғаны енді мойындалып жатыр емес пе? Аталған поэма кейіпкерінің өмір бойы іздеген алтын алмасы – Тұран болып шығады. Бұл «біздің шаңырағымыз ортақ, біз бөлінбеуіміз керек» дегенді байқатса керек. Қазір өмірімде мені адастырмаған жұлдыз болса, ол түркішілдік идея деп айтар едім.

Ұлтжандылық біздің әрқайсымыздың жүрегімізден орын алуға тиіс. Ұлтжандылық деген бұл – ұлы сезім. Адамды ажарландырып, нұрландырып, жігерлендіріп жібереді. Қазақ халқының саны тым аз. Сондықтан біз ұлттың сапалы болуын ойлауымыз керек. Ол үшін нағыз білім болуы керек. Тек диплом алу үшін білім қуудың қажеті жоқ, білімнің ұшан-теңіз тереңіне бойлай білуіміз керек. Алаштың азаматтары «Сегіз қырлы, бір сырлы» болған. Сыры осы ұлтжандылық. Олар нағыз қазақ бола білді. Біз қазақтығымызды жүрегімізбен сезінуге тиіспіз. Өйткені заман – қатал».

Мұрат Әуез бір сөзінде: «Мен құдайдың барлығына әрдайым сендім,  бүгін де сенем. Құлшылық, сенімділіктің көз тамырын тазалықта, шындықта деп білем. Өтірік айтудан, біреудің ала жібін аттаудан, қиянаттыққа барудан аулақ болу мен үшін құдайға құлшылық. Мешітке жұмысқа барғандай барып, құран аяттарын қате оқып, айтқан сөздерің жалған болса – ол күнә. Құдайды ұрланған арам ақшаға салынған мешітпен сатып ала алмайсың… Жүрегің мұздаса қаның суыйды. Өтірік айтсаң, періштең қашады. Біз Алладан –  Жаратқаннан ештеңе сұрамауымыз керек. Біз оған жарық дүниеге келгеніміз үшін рахметімізді айтып, құрметтеуіміз керек. Өйткені ол ешкімге қарыз емес, тек жарық дүниедегі бақыттылығымыз үшін біз оған қарызбыз. Біз қонақпыз, ол мәңгілік мұраттың сөзі. Саналы адамды ертеңгі күннің қателігі қорқытады, өйткені өткен күн өкінішті болса да, ол кешегі. Билікті істеген ісімен емес істелуге тиісті жетістіктермен бағалау керек. Жоқпен барды салыстырып айту қылмыстың бір түрі»  – деді. Ол дінді сопылықпенен тікелей байланыстырады. Ол үшін Абайдың толық адам идеясы – «Сопылық ілім». Адамзаттың әлемдегі орны. Оның ой қабілеті, жалғандағы мақсаты – міне ең басты тақырыптар. Сопылық ілім барлық діндердің жиынтықтарының көрінісі. Қазір адам заңын табиғат заңына бейімдеу керек деген тұжырымдар жасап, көпшілікке жеткізіп жүр.

Мұрат Әуездің ойынан шығып, көкейіндегі мәселелерді іске асыруға асыққан дүниесі үкіметтің «Мәдени мұра» бағдарламасы болды. Ол бар білімін, ұйымдастырушылдық қабілетін ұлттық мәдениетті жан-жақты дамытуға жұмсады. Шындығында «Мәдени мұра» бағдарламасы билік пен қоғамның тәуелсіздік алғаннан кейінгі тізе қосып атқарған бірден-бір жұмысы. «Мәдени мұра» бағдарламасының мақсаты жөнінде ол былай дейді:

«Ден қойған адам «Мәдени мұра» арқылы көшпелілер өркениетінде қазақ халқының мәдени, тарихи, фольклорлық, этнографиялық және философиялық үлесі бар екенін танытуды көздегенімізді байқайды.

Мәдени-рухани тарихымызды қолдан келгенше жүйелеу үшін әрі ғасырлар бойы екшелген мұрамызға иелік ету үшін біз көп кеңесе келе, «Мәдени мұраны» темір дәуірінен бастауды жөн көрдік. Бағдарлама жүзеге асып, елдің пайдасына жараған кезде қолымызда 2,5 мың жылдық тарихымыз болсын деген байлам жасадық. Бұл – үлкен жетістік, айтарлықтай ұмтылыс».

Мұрат Әуез бүгін де саяси аренадан, қоғамдағы өзгерістерден де тыс қалған жоқ. Оның парасаттылығы мен отансүйгіштік қасиеттерi әлi де өз күшінде. Елім, қазағым деген жас ұрпақ сусындай алатын үлкен мұхит. Ар-ұжданын жоғары ұстап, елдегі үлкенді-кішілі оқиғаларға ащы-тұщысына қарамай, әділ бағасын беруі де соның айғағы. Ол жолаушы деген сөзді көп қолданады. Бұл – қозғалыс. Қозғалыс – өмір, өмір – күрес. Ұлт болашағы ұйытып, армандарына жеткен жастұлпарлықтар әлі бірге. Бүгінгі таңда да қатарлары табиғат заңымен селдіресе де, Мұрат Әуез ұйымдастырып жүрген «Ұлы жібек жолы үстіндегі сұбхаттар» атты мәдени-рухани бағдарламаны іске асыруда. Орталық Азия мемлекеттерінің зиялы қауымының басын қосып, аймақтағы көне мәдени-рухани байланыстарды қалпына келтiрудiң жолын іздестіруде. Түбі бір, бауырлас түркі тектес ұлттардың ортақ мәдени құндылықтарының тарихи сабақтастығының қажеттілігін дәріптеп жүр.

Ұшқан құстың қанаты талар кең байтақ қазақ даласының қалалары мен ауылдарында ХХ ғасырдың 60-шы жылдары «Жас тұлпар» қозғалысы жөнінде естімеген, білмеген қазақ баласы кемде-кем болды. Бұл ұйым ұлттық болмыстың қажеттілігінен, халықтың аңсаған арман-тілегінен туды. «Жас тұлпар» деген сөз бодандық шеңгелінде ұлтсыздануға ұрынып, этнос есебінде жоғалып кетуге қарсылық көрсетудің символына айналды.

Қазақ жастарының 1979 жылғы «Неміс автономиясын» ашуға қарсы бейбіт шерулері, 1986 жылғы азаттық үшін жасаған Желтоқсан көтерілісі мызғымайтындай көрінген Кеңес Одағының шаңырағының ортасына түсуіне әсерін тигізді. 260 жылғы отарлық езгіден кейін мемлекеттік құрылымымызды қайтадан қалпына келтіруге мүмкіндік туды.

Жазушы Дулат Исабеков замандасы Мұрат Әуездің азаматтық тұлға-бейнесін былай сипаттайды:

«Мұрат Әуез жайлы жазу қазақ халқының тарихы мен мәдениетін, өмір салты мен әлеуметтік жағдайын, әдебиеті мен философиясын, саясаты мен мемлекеттік құрылымдарын, оның халықаралық дипломатиясы мен парламенттік демократиясының қалыптасуы жайлы жазу деген сөз. Ал, бұл айтылғандардың әр қайсысы бір-бір эпопея. Демек, оның өмірі өз елінің тағдырымен ортақ деген ұғымды білдіреді.

Ол депутат, ол дипломат, ол философ, ол мәдениеттанушы, ол эрудит, ол туа бітті ақсүйек, ол биік талғам мен таным иесі.

Бүгінгі таңда Мұрат Әуез қазақ көркем ойының интеллектуалды шыңына көтерiлген ең iрi тұлғаларының бірі. Зиялы кауымның алдыңғы шебінде келе жатқан биік парасат иесi. Бүгiнгi Қазақстанның саяси, әдеби, мәдени өмірін Мұрат Әуезсіз елестету мүмкін емес. «Уакыт арқауы» («Времен связующая нить») атты кітабымен бастау алған, оның соңғы жүздеген мақалаларында жалғасын тапқан қазақ көркем ойлау көкжиегiнiң Мұрат Әуез керген керегесі өмiр шындығы мен көркем шындыққа құс ұшар биіктіктен қарауды, ұлт мәдениетін әлемдiк өркениеттің даму деңгейiмен салыстыра қарастыруға үйретіп келеді. Осы тұрғыдан алғанда оның қарсыластары да жоқ емес. Алайда, өзін сыйлайтын, ұлтын сүйетін, әдебиеті мен мәдениетінің әлемдiк деңгейге көтерілуін қалайтын әрбір азамат өзгенің жақсы жағынан әрдайым сабақ алып отыруы тиіс. Мұрат Әуездің «Жас тұлпардан» естiлген даусы мен сөзі осы ұлы мақсатты мұрат тұтып келеді. Ал, ұлы мақсат жолы ешқашан бұралаңсыз, кедергiсiз болмақ емес. Ұлы мақсат жолына ойы айқын, байламы берік, ұлтының болашағы үшін неден де болса қаймықпайтын үлкен жүректi Азамат қана түсе алады. Ал, Мұраттың мұраты биiк».

Мұрат Әуез Алаш идеясынан сусындап, бүгін де әке аманатын орындаған, Елінің Тәуелсіздігі үшін жан аямай күрескен пассионарлық дара тұлға.

                      Әміржан ӘЛПЕЙІСОВ,

Л.Н. Гумилев атындағы

Еуразия ұлттық университетінің профессоры

 

646 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз