• Ел мұраты
  • 25 Қаңтар, 2023

АҢСАУ

VII бөлім

Ислам ЖЕМЕНЕЙ, 
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, «Тұран-Иран» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор

Отансыздық азамат үшін қарғыс. Ал отаннан қуылып, шет елде диаспора болып жүрген жылдар иран қазақтары үшін психологиялық тауқымет күнделікті өмірінің бір бөлігі болып келе жатты. Олар жат жерге барғанда ұзақ жылдар тіршіліктің қамынан аспай жүрді. Оның екі ұшы болды. Бірі – қоғамдық орта тілі мен ділі саған жат болды. Екіншісі – ондаған жыл мемлекеттің азаматы ретінде тіркеуде болмаған босқын жан еді. Оның ондаған жыл тауқыметін тартқан ата-аналар ұрпағына өмірдің мәні Ел болу мен ата жұртта болу екенін  ұғындырды. Босқын аталардың елдік рухын, елге сағыныш аманатын, «қарны тоқ, көйлегі көк» жаңа ұрпақ өз бойына сіңіріп алды. Жаңа ұрпақтың қиялында орын алған ата мекенге оралу арманы күнделікті үміттің бір бөлігіне айналды.

Әр қазақ түрлі әлеуметтік-экономикалық ахуалмен өмір сүріп жатса да, бір арманға тоғысты. Ол – атамекенге оралу болды.  Иран  мемлекетінің ішкі саяси, қоғамдық, мәдени, экономикалық құбылыстарымен бірге әлемде жүріп жатқан саяси-экономикалық факторлар диаспораның тағдырын күрделендіріп жіберді. Диаспораның тіршілігі ұдайы өзге факторлардың ықпалында тұрады, сондықтан диаспора қолы байлаулы мүсәпір күйде өмір кешуге мәжбүр болды  деп ойлаймын. Ешбір диаспора бақытты бола алмайды. Ол өзге факторларға тәуелді болғандықтан, өзін адамдық арманның шыңына жеткізе алмайды. Қаншама ауқатты болса да бақыттың нағыз дәмін тата алмай жүреді. 

Мен аталар аманатын яғни атамекенін аңсап өмір сүру арманын мойныма алдым. Сондықтан өмірдің, ортаның, елдің саяси дағдарысы да менің арманыма әсер ете алмады. Өйткені, аталар аманаты ұдайы маған демеуші ретінде қозғаушы күш болып келді. Осы аманатты арқалап, жолға шығуыма әкем үлкен тірек болды дедім.

Әкем менің қамсыз оқуымды қамтамасыз еткені үшін үлкен-кіші, замандас-құрдастар бәрі менің тілегімді тілеп, елге жетуге сара жол саларсың, қал-жағдайымызды жазарсың деп маған тілектес болып, сенім артып жүрді. Әкем тек қана материалдық жағынан емес, бәлкім адамдық-рухани тәрбие беруді үздіксіз назарда ұстап жүретін еді. Біріншіден қариялар, түрікмендердің дін жолындағы тәләбелер, молда, ахун, ишан білімдарларын ораза күндері бойынша ауыз ашарға шақырып бас қосуды, құран оқытып, уағыз айтқызуды, құран хатым жасауды дәстүрге айналдырған еді. Осылайша ораза кештері көптеген үгіт-насихат әңгімелер тыңдап, нәрленуге мүмкіндік туатын еді. Сондай-ақ оңаша қалғанда маған өмірлік тәжірибесін айтып, бойыма сіңіріп отыратын әдеті бартұғын. Мен әкемнің көптеген кеңесін қазірге дейін қолданып келе жатырмын. Өйткені әкемнің айтқандарын, ең бастысы өзінің іс-амалынан көріп өстім. Әкемнің сөзі мен ісі бір-біріне сәйкес болғаны үшін маған өмірлік азық болып келеді. Әкемнің: «Ешқашан біреуге өкпелеп, көңіліңде кек сақтама, ренжіткен адамды кешіре сал. Кешірімді болмасаң ең әуелі өзіңнің жаныңды жейді, сосын күн өткен сайын жүрегіңе қара бұлт үйіре бастайды. Содан өмірдің жарқын жүзін көре алмай жүресің», – деп айтқан сөзін бірінші өз бойынан көретін едім. Ешқашан төңірегіндегі бір адаммен дүние үшін тартысып, ашуланғанын бірде-бір адам көрген емес. Біреудің алдағанын да, жамандық жасағанын да, уәдесін орындамаған жағдайда да күле отырып: «Жарайды, Алла жазғаны осы шығар», – деп әңгімені қысқартатын еді. Сол үшін бізге: «Достыққа жақсы адамды таңдаңыз, ал дос дегеннен өтірік естіп, қиянат көрсең, оған өкпе айтып әуре болмай, ең дұрысы одан бойыңды аулақ ұстап жүр», – дейтұғын. Әр нәрсені өсекке айналдырып, ашуланып жүрудің еш пайдасы жоқ. Тек жақсылық жасау өмірдің баянды байлығы деп мысалмен түсіндіретін еді. Ол: «Даниял пайғамбар түс көрген. Түсінде алдынан биік қара тау шыққан. Бір үн, мына қара тауды жейсің дейді. Даниял тауды қалай жеймін деп тауға қарай жүре бастағанда, тау кішірейе берген. Таудың жанына барғанда әлгі тау бал құрмаға айналып тұр екен. Даниял таң қала бал құрманы алып, аузына салғанда бал татып тұрды. Одан өтіп жүре бергенде өзінің етін жеп отырған бір адамды көзі шалады. Бір үн одан аулақ жүр дейді. Даниял одан алыстап, аулақ жүреді. Одан өткен соң алдынан алтын қазан шығады. Үн ол қазанды жерге көм дейді. Даниял алтын қазанды жерге көмуге кіріседі. Қанша тыраштанып көмсе де, қазан жер үстіне қалқып шыға береді. Күн бата бастағанда Даниялдың мазасы кетіп, қазанды көме алмай жолын жалғастыра бергенде ұйқыдан оянып кетеді. Түсіне таңдана жанындағы досына түсін айтып береді. Досы тыңдап болған соң оның мәнін Даниялдан сұрайды. Сонда Даниял пайғамбар былай деп өз түсін жорыған екен: «Қара тау адамның ашуы, оны жұтсаң, балдай тәтті. Өз етін жеген адам өсекшіл. Ондай адамнан аулақ жүрген жөн. Алтын қазан жақсылық, оны қаншама көмгің келсе де, көме алмайсың. Өйткені қалқып, жер жүзіне шыға береді», – деп айтып отыратын.

Мен білгелі бес уақыт намазын қаза қылмай, жұма намаздан қалмай, садақа, зекетін беріп жүретін, ораза айы құран хатым жасап, талай мұқтажға, медресе оқушыларына, діни ғалым-ғұламаға, ағайын, жек-жат пен дос-таныс қауымға ауыз аштыртып, батасын алатын, кіші қажылық пен үлкен қажылыққа Екібай атасы мен Рақбай әкесі, ана-әжелерінің атына сандаған рет барған әкем Қазақстан азаматтығын алып, туған топырақта жерленуді армандаса да, туған жерінің топырағы бұйырмай, Иран жерінде қайтыс болып, сонда жерленді. 

Иран қазақтарының тұңғыш көші 1995 жылдың күзінде жүзеге асты. Ал әкем Иран қазақтарының соңғы көшін 2003 жылы бастап, Жаңаөзенге қадам басты. Соңғы көштің тобын әлеуеті әлжуаз жандар, топтың ақсақалы болған әкеме арқа сүйеп келгендерін өздері айтып жүрді.  Әкем өзінің туған жерінде жерленуді армандаса да топырағы бұйырмай, Иран топырағы нәсіп болды. Мен Маңғыстауға барған әрбір сапарымда Бәйбіше Манан атадан тарайтын аталас туысым Қайрат қарсы алады. Ол інілік ізет көрсетіп, маған жалғыздық сездірмейтін бауырым. Бір күні әкемнің айтқан өсиетін маған айтып берді. Содан бір түйін бойымда ұзақ жылдар бойы шиеленісіп жүрді. Соңында 2022 жылдың көктемінде Қайрат Құлшықұлы  бауырым бастаған, ағайын қоштаған іс жүзеге асты. Онда Ақтау-Жаңаөзен трассасының бойындағы Ақтаудан отыз шақырым Жаңаөзенге қарай жол бойында Ізтілеу атаның қорымында әкеме  ескерткіш тұрғыздық. Ираннан әкем, анам, апам және інім жерленген мазарларынан бір уыс топырақ алып келіп қойдық. Бұл шара бәлкім әке мен ұрпақтарына өтеген бір борышым болар деген ой болды менде. Тәңірі ниетімізді қабыл етсін. 

Иранда өткен өмір мені талай тәжірибеге қанық қылды. Соның бірі –  қоғам мен азамат қорғансыз тіршілік ете алмайды. Иран қазақтары Иран жеріне аяқ басқан жылы жекелеген түрде немесе аз ғана топпен күн көріс үшін басы ауған жаққа Түрікмен Сахраның түрікмендер арасына тарыдай шашылып кетті. Түрікмендердің қатал мінезі, мейірсіз қылығы басым көпшілігін жергілікті парсылар отырған аймақтарға көше беруге мәжбүр етті. Бір топ Хорасан провинциясындағы Семнан, Нишабур, Сәбзевар қалаларынан Иранның оңтүстігіндегі парсы шығанағына бет алып, ол жерден Мекке, Медина қалаларына кетуге бел буса, енді бір тобы Элбурз тауынан Иранның астанасы Теһран қаласы арқылы Исфаһан, Шираз қалалары үстінен әлгі шығанаққа жетіп, Арабия еліне баруды мақсат етті. Бірақ олардың көбісі ауа райының қолайсыздығына байланысты мақсатына жете алмай, қайтадан Мазандаран провинциясына қайтып оралды. Жан-жаққа шашырап кеткен қазақтар көптеген тауқымет шегіп, 1940 жылдары біртіндеп парсы-түрікмен шекарасында орналасқан Ниязабат ауылы мен сол кездегі Бәндәр Шаһ (қазіргі Бәндәр Түрікмен) қаласының төңірегіне орналаса бастап, ағайын-таныстарын жоқтай бастады. Өйткені, ол кезде өңірдің Горган, Курдкуи қалаларының құрылыс жұмыстарына, Беһшаһар мен Бәндәр Шаһ қалалары арасындағы салынып жатқан трасса мен темір жол жұмысына белсенді кірісіп, күнкөрістері оңала бастаған еді. Иранда ішкі саяси талас-тартыс ептеп басыла бастаған сол жылдары Германия, Жапония, Италия елдері бір жақтан, Кеңес Одағы, Америка, Британия тағы басқа Еуропа елдері екінші жағынан 100 миллион адамның қазасына, жүздеген қала мен елді мекендердің жермен жексен болуына себеп болған екінші дүниежүзілік соғыс 1939 жылдың 1-қыркүйегінде басталып 1945 жылдың 2-қыркүйегінде алты жылдан кейін аяқталды. Бұл әлемдік жойқын соғыс миллиондаған күнәсіз адамдардың жанын қиды. Бір ғажабы 1941 жылдың 3-шәһривәр айында кеңес әскері Иранның солтүстігі мен шығысынан, ал Британия әскері Иранның оңтүстік пен батыс жағынан иран территориясына кіре бастады. Екінші дүниежүзілік соғысы жауыздық рухпен елдерді ойрандап, адамдарды қырғынға ұшыратып жатқанда Сталиннің ұсынысымен Иран билігі Германияға қарсы майдан ашпаған деген сылтаумен жер асты мұнай-газға бай, геосаяси ерекше орынға ие Иранның билігін өз ықпалына алуды көздеп, Иран жеріне әскери жорық жасаған еді. Иран армиясы оларға қарсы төтеп бере алмай оларға берілді. Және Реза шаһты биліктен кетуге мәжбүр етіп, оның орнына ұлы Мұхаммед Реза шаһты таққа отырғызды. Иран билігі соғысқа қарсы бейтарап ұстанымда бола тұра орыс пен ағылшындардың  қысымына шыдай алмаған соң  1943 жылдың 17-шәһривәр айында Германияға қарсы соғыс ашты. Соғыстың оты қыза түскен 1943 жылы Иосиф Виссарұлы Сталинның ұсынысы бойынша Америка мен Британия басшылары Теһранда ортақ конференция өткізуге келісті. 2-дүниежүзілік соғыстың стратегиялық жоспарын құру қажет. Ол үшін сол кездегі үш ұлы держава Кеңес Одағы, Америка Құрама Штаттары, Ұлы Британия басшылары Сталинның ұсынысы бойынша Теһранда 1943 жылдың 28-қарашасынан 1943 жылдың 1- желтоқсанына дейін конференцияны жабық есік күйінде өткізді. Олар: Иосиф Виссарұлы Сталин (1878-1953), Франклин Рузвельт (1882-1945), (Уинстон Черчилль 1874-1965) үш державаның басшылары болған. Олар уәде бойынша соғыс аяқталған соң әскери күштерін Иран жерінен шығару керек еді. Бірақ Иранда табан тіреп қала берді. Әуелі Америка көптеген экономикалық тиімді шарттарға келісіп, өз үлесін алып, әскерін иран жерінен шығарды. Сосын Британия Иранның оңтүстік мұнайын өз пайдасына шешпек болса да жаңа ұлы держава Америкаға төтеп бере алмай отарлау майданды Американың пайдасына босатуға мәжбүр болды. Ал кеңес әскері Иранда әкесінің үйінде отырғандай қонжия қала берді.

Міне, 1941 жылғы күзде солтүстіктен Иран территориясына кірген кеңес әскерінің ішінде, кейін естуіміз бойынша, қазақ сарбаздары мен офицерлері көп болған. Олардың орналасқан жері сол Бәндәр Түрікмен (Бәндәр Шаһ) қаласының маңайы болған. Сол өңірде босып жүрген қазақтармен қазақ офицерлері қандастарына көмектесіп, оларды азық-түлікпен қамтамасыз етіп, елге оралуға насихаттап, қайта оралуына ықпал жасаған. Сондай-ақ озбырлық көрсетіп жүрген тобыр саналы түрікмендерді сабап, сабасына келтірген. Бұл оқиға ұзақ уақыт сол маңайдағы жергілікті түрікмен, парсылардың зейінінде қалған. Олар: «Қазақтар жай халық емес. Олардың арқа сүйер елі бар», – деген қауесет кең тарап, қазақтар жаңаша бір беделге ие болып, есін жиған екен. Бұлар келмес бұрын шашыраңқы қазақтарға қармағы жеткенше Рақбай бастаған жаужүрек аздаған бір топ азып-тозып жүрген қазаққа қорған болған. Көбен Ескелді, Құбылан Бәйбіше, Геумыш Байшағыр тағы екі батырдың атын мен бала кезімде жиі естіп жүрдім. Сондықтан иран қазақтарының топтасып жүрген жерлерінде қорғаушы болмағандар жергілікті түрікмендерден әбден қорлық көрген. Осы орайда айтарым, қазақтар Горган қаласында нақ қоныстанған соң, 1950 жылдардан бастап, қазақ үйлерін қоналқаға айналдырды. Өйткені парсы тілін білмейтін, намаз оқуға сұнни мешіті тек қана қазақ ауылдарында бартұғын. Бұл үрдіс көп жылдарға созылды. Сол жылдары бастапқы түрікмен жастары Горганға келіп оқи бастағанда қазақ балаларына арқа сүйеп жүрді. Тілді жақсы білмеген соң үні де шықпай жүретін еді. Ал қазақ балалары парсы тілін сайрап тұратын, тіпті жергілікті парсының балаларынан артық білмесе, кем білмейтұғын. Түрікмендердің көкірегі ояу және кейіннен оқи бастаған түрікмен оқымыстылары қазақ-түрікмен тілі, діні, тарихы ортақ туыс халықтар екенін сезе де, ұға да бастады. Бірақ арасында кекшіл тобыр саналы оқымыстылары да бар. Олар өзінше қазақты менсінгісі келмейді. Бір қарын майды шірітетін ондай құмалақтар әр елде де бар. Алайда қазақ-түрікмен оқып, көздері ашылған. Сол үшін бір-біріне мейір-шапағаты артып келе жатқанын екі жақ та біледі. Әсіресе, 1980 жылдан бастап бір-бірінен ажырамастай достаса бастады. Бұл екі жақтың саяси санасының жетілгенін куәләндіретін жайттар еді. 

Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталуымен бірге, біраз соңыра Бәндәр Түрікмен (бұрынғы Бәндәр Шаһ) төңірегінен кеңес әскері кеткен соң біраз уақыт қазақ офицерлерінің қазақтарды қолдап, қорғап жүрген күндері жергілікті жұрттың есінде қалып аңыз әңгімеге айналып, біздің де құлағымызға жетті. Бұдан кейінгі жылдары азды-көп бұзақы тентектер қазақтарға тисіп қалса, Рақбай аталар майданды жаңа буынға тапсырғандай болды. Өйткені анау-мынау тиіскенге қарсы бой көрсете алатын Бәндәр Түрікменнен Алдаңқор бастаған жігіттер, Горганда Қайырбай алға шыққан. Сейітжан, Саюз сияқты аға буын, Күмбез Кавуыстан Дүрді сынды батыл жігіттер өзгенің тентектерінің мысын басып жүрді. Ал олардың жасы ұлғая бастағанда тентектеріміз қоғамның жаңа бет алысымен үзеңгілес болып, тентек судың қызуымен қоғам сахнасына шыға бастады. Олар өте намысшыл бола тұра, жаңа заманның бейнесінде көрініс тапқан ел жанашыры сипатында болды. Кімде кім қазаққа тіл тигізсе, яки қыз балаларға артық сөз сөйлесе, олардың құлағына шалынса болғаны, олардың артынан іздеп барып, әбден сабасына түсіргенше сабап келетін. Бәндәр Түрікменде Ысмағұл, Әмза бастаған тентектеріміз бартұғын. Ал Горганда Сұлтанбек Бәйбіше бастаған Әбдірәһим Жары, Шәмшер Жары тағы басқалардың іздегені қазаққа тиіскен кісілер болды. Сондықтан олардың бәлесінен аулақ деген өзгенің бұзақы тентектері адами бабына келе бастады. Өйткені олардың әке-аналары бәле іздемесеңіз қазақ пен қазақ ауылдан аулақ жүріңіз деп насихаттап отыратын еді. Екінші жағы да бар. Ол Горган өркені өскен мәдениеті жоғары қала болған соң адам құқығын адамдарды ұлтына, дініне қарамастан оқымысты да, оқымай адами биікте жүрген текті отбасылардың жандарында қорғаушы болып жүрді. Топтасып төбелесіп жүретін кезеңдер біртіндеп 1970 жылдың соңына қарай соңғы мәресіне жете бастады. Орталық үкімет тізгінді қолға алды. Бірде біреу ұлты не діні үшін бір-бірін кемсітіп сөйлеуге, іс жасауға құқығы жоқ еді. Кімде кім бұл заңды бұза қойса, қатаң жазаға ұшырайтын еді. Қазақтардың 1970 жылдың бастапқы ширегінде әлеуеті жақсара бастады. Сондықтан жаңа қоғамдық қарым-қатынас пайда болды. Ол мейрамхана столдары мен шайханадағы достасулар еді. Тентек су достықтың басты құралына айнала бастады. Мейрамхана, түнгі клуб, әншілердің қузай түсіп, бірінен соң бірінің сахнаға шығуы, атаққа құмартулары, жеңіл жүрістер, қыздардың еуропаша ашық-шашық киінулері адымдап көріне бастаған жылдар еді.

Біз қазақтар ата мекеннен босып, күн көрістің қамында жүрген жылдардың орнына ауқатты отбасылардың пайда болуына куә болып, бай деп атана бастаған кезең де осы жылдардың еншісінде еді. Сондағы қазақтың байы дегенің елу яки жүз кісі науқандық жұмыспен қамтамасыз ете алатын жағдайға жете бастаған орта кәсіп иелері болғанын айтқанда менің әкем солардың қатарында болды. Әйтеуір дастарқанға қонақтарды ортақтастыра алады, балалары оқитын болса қарным аш, көйлегім жыртық демейді.

Ал менің 1964-1967 жылдары үш жылдық жалпы орта мектепте оқуым маған өмірдің жаңа көкжиегін ашты. Оның бір қанаты қазақ ауылында қатая бастаса, екінші қанаты ауылдан тыс мектеп пен қалалық өмірде беки бастады. Қазақ ауылы дегенде біз Горган қазақ ауылының өзінде бірнеше отбасы ауылдан бөлектеніп оқшау тұрған едік. Біздің үйге көрші Қайырбай аға туралы біраз әңгімеледім. Ал Ордабай Ескелді ағамыз туралы өткен жазбаларда біраз айттым. Сондағы оның Тойжан деген ұлы екеуіміз аға-інілі, сырлас адал дос болдық. Осы жылдары жүк тасымал машинамен шопыршылыққа мамандандым және қазақ күрестің қыр-сырымен таныстым. Екеуіміз қолымыз тисе болғаны алып кететін едік. Шынын айтқанда ол менің ұстазым еді. Мені аяп тұратын. Менде тыным жоқ, көбірек үйренгім келеді.

Бұл әңгімені еске салу мақсатында қайталап отырмын. Өйткені мен бастауыш мектепті бітіріп, қаланың қақ ортасында жасыл желегіне бөленген Ираншаһар мектебіне қадам басқанда оқудың бастапқы күндері сол кездегі дағды бойынша қала мен ауыл және жуас пен тентек балалардың қақтығысуы көрініс тапты. Біздің сыныпта мен ең соңғы орыннан орын алдым. Менің алдымда қаланың бір жеңілтек баласы Тәбәрестани отырды, оның алдыңғы орындықта ауылдан келген Рүстем колаһи болды. Бірде Тәбәрестани алдыңғы сыныптасқа сол кездегі жаман әдет бойынша алақандай бір жапырақ қағазға тәрбиесіз сөз жазып, оның арқасына жапсырып жатыр. Мен оны байқап қалып қолын қағып жіберіп ұрыстым. Ол маған әкіреңдейін деп көз алартқанда мен бірден: «кел күресейік», – дедім. Ол да қапыда қалған соң, ұсынысымды мақұлдады. Сыныптастар елең ете, бізге қарап қалды. Мен жақсы меңгерген іштен орау қазақ күресінің әдісімен оң аяғымды қарсыластың сол аяғына іштен орап, сол қолыммен оның оң қолының шынтағынан ұстап, лезде тартып қалғанда әлгі бала биіктеп жерге гүмп етіп құлай түсті. Бәрі бір көз қағым сәтте болып өтті. Дәл сол мезетте тарих пәнінің мұғалімі парсыша дәбирі сыныпқа кіре салып, менің қарсыластың үстінде оны езгілеп жатқан күйімді көріп қалды. Содан маған ақырып шақырды. Менде тұрып алдына барғанымда шапалақпен бетімнен бір берді. Бұл шапалақты бұрын-соңды ешкімнен жеп көрген емеспін. Тарих мұғалімінің фамилиясы Әқили еді. Жіңішке, бойшаңдау, шиштай киінген, шашын кәдімгідей қайырып тарап жүретін, көк көз, ақ қуаң келбеті бар, шіренген кісі еді. Ғажабы ол менен яки басқадан не үшін бұндай оқиға болды деп сұраған жоқ. Кәдімгі жабайы, тексіздік іс қылғанына іштей налыдым. Оған да соққы бергім келіп тұрса да, өзімді ұстадым. Ол әділетсіздігімен менің жаныма өрт салған еді. Әрі әй-шәй жоқ мені оқудан шығарамын деп оқу директорының алдына алып барып, жақсылап шағымданды. Директор Құдси мырза өте парасатты  және сыпайы азамат еді. Бұйра шашы мен ұзын бойы, қара көзі мен ойлы жүзі адамға сенім ұялататын басшы еді. Әлгі тарих мұғалімін тыңдап болған соң, маған жұмсақ қарап шыға бер деп ымдады. Мен шығып кеттім. Сол күні тәңертеңгі оқиғадан кейін сабаққа қатысқам жоқ. Кешкісін үйге барғанда еңсем түскен күйімді әкем байқағандай: «Не болды балам», – деді. Мен барлық жайтты айтып бердім. Әкем: «жарайды, қайғырма балам, бәрі дұрыс болады», – деп қысқа қайырды. Сосын: «Зылиқа кел, бәріміз шәй ішейік», – деп үн қатты. Ертесі оқуға барсам старшын күте тұрыңыз мәселеңіз шешілген соң сабаққа қатысасыз деді. Күннің сабағы басталып, оқушылар сыныпқа кіріп жатты. Лезде алыстан әкемнің оқу ауласына кіріп келе жатқанын байқап қалдым. Біраз уақыт өткен соң оқу ғимаратынан шықты. Содан көпке ұзамай старшын менің жаныма күлімсіреп келіп: «сыныпқа барайық», – деді. Сөйтіп сыныпқа бардым. Сыныпқа алынғаннан кейін сыныптастармен қарым-қатынасым жаңа бастамаға айналғандай болды. Өйткені, олар менімен досша амандасып, салмақты көзқарасқа енген болды. Әлгі ауылдан келген сыныптасым сол күннен жақын досыма айналды. Сол күні кешкісін үйге барғанда әкем директормен кездескені туралы ештеңе айтқан жоқ. Кейінірек білдім директор Құдси мырза әкеммен таныс екен. Сол оқиға есіме түскенде кез келген проблема туындаған кезде, қазақтардың ортамен қарым-қатынасы беделге де сүйеніп, дау-жанжалдың орнына бір-бірімен сөйлесіп, ымыраға келуге болады екен. Соған қарап ойласам сол жылдары қазақтар арасында да, жергілікті қоғам мен үкімет өкілдері арасында ақсақалдық институттың құрылып, нығая бастаған жылдар еді. Әкем қазақ пен жергілікті жамағаттың сыйлы ақсақалына айналғанын кейінгі жылдар бірақ байқап қалдық. Сол күні директор мені екінші сабақ барысында кабинетіне шақыртып алды. Ол: «Жеменей мырза сіздің әкеңіз қаламыздың сыйлы адамы. Оған қарап, сізден сорақы ағаттық кетуі мүмкін емес деп пайымдадым. Маған болған жайытты айтып беріңіз. Сізге мұғалім қол жұмсағанын әкеңіз айтып берді. Оған шағым түсіресіз бе, деп сұрасам, оны балам шешсін деп сіздің қалауыңыз біледі деді», – деді. Мен болған барлық жайтты айтып бердім және мұғалім менен ешнәрсе сұрамай маған соққы берді деп жауап қайырдым. Әрі шағым жазбаймын дедім. Директор біраз үнсіз қалып, терең ойға батты. Сосын: «Саған рақмет. Бұдан былай ондай әділетсіздік болмайды», – деп жан сала айтты. Бұл оқиға оқу орындарында тәрбие жайында жаңаша саясат орнығудың бастамасы болған сияқты болды.

Айтпақшы, біздің үйдің солтүстік жағында Иман түрік деп танылған кісінің кең алаңда төңірегі дуалмен қоршалған қолданыстан шыққан көліктердің саймандары мен металлолом сату орны бар еді.  Иман ағаның алаңының бір бұршында әзірбайжан отбасы тұратын еді. Ол отбасымен де сәлеміміз дұрыс еді. Сол жанұяның екі қызының бірін әлгі менің сыныптасым Тәбәрестани жар қылып алды. Сонан оның таксист болғанын байқап қалдым. Мен Ираннан біржолата кеткенге дейін оны такси көлігімен жолаушы тасып жүргенін көретінмін.

Басты қызығы – тарих мұғалімінің сабақтарын мен сияқты ынтамен оқитын оқушы болмағанын байқаған мұғалім қабағын түйіп жүрсе де, апта сайын сұрақтарында тек қана менен толық жауап алып жүрді. Сол үшін апта сайын тарих дәрісінің семинарын мен өткізіп тұратын едім. Үрдіске айналған бұл жайт мені кейде қала кітапханасына барып, энциклопедия қарап тұруыма себеп болды. Әрі тарих пәніне қызыға бастадым. Сол үшін маған ешқашан риза көңілін білдірмеген, қабағын күлкіге ашпаған, ерін сызығында жымиған түрін көрсетпеген Әқили мұғалімді мен пір тұтпасам да жаман көре қойған жоқпын. Бірақ ойсыз, тобыр сана мұғалім ретінде менің ойымда сомдалып қалды.

  1964-1967 жылдардағы Ираншаһар орта мектебінде менің санамда орнын сақтап келе жатқан математика мұғалімі Фешарәки еді. Бойы қысқа, маңдай шашы сирек, көзәйнекті, ширақ, жеңіл жүрісті, шапшаң сөйлейтін, күлкіні білмейтін, көзге тура қарамайтын, қолынан бор түспейтін, өңі қара партадай салмақты жан еді.  Оның математиканы түсіндіру тәсілі ғажап болды. Ол өз саласына берілген, белсенді оқытушы болды. Сол үшін математика менің жан дүниемнің бір сүйікті пәніне айналған-ды. Мен орта мектептен кейін математика саласының орнына әдебиетті таңдаған болсам да логика пәнінде үзік болғаным және сегіз жыл бойы логика мен философия пәнінің үздік оқытушысы болғанымды әлгі Фешарәкидің математиканы бізге жүйелеп үйреткенінің салдары деп білемін. Себебі математика жүйелі ойлануды, қабілетті арттырады.

Пәндердің бірі парсы әдебиеті болды. Оның мұғалімі Фәршат мырза. Жүзі жарқын, кең маңдайлы, күлімсіреп мейір шашып жүрген жан, қысқа бойлы,  ширақ денелі, мәрмәрдай аппақ тісі де назарға бірден ілінген көрікті адам. Оның күлімсіремеген сәті сирек болады. Дикторлар сияқты мәнерлі мәтіндер, өлеңдерді оқып береді. Шәкірттердің кітаптағы әрбір дәріс мәтінінің соңындағы сөздіктерді жаттап келуді және өлеңдерді жаттап оқуды барынша қадағалайтын еді. Өйткені: «әр сөздің мағынасын ұққан болсаңыз тараудағы мәтіндерді түсінуіңіз оңай болады. Әр мәтіннің төмен жағындағы түсіндірме сөз сіздің білім деңгейіңізді көтеріп, біліміңіздің шеңберін кеңейтеді. Бұл тапсырмаға мұқият болғаныңыз жөн. Ал өлеңдерді жаттасаңыз,  жадыңыздың қуаты артады және өлеңдерді қайталап оқыған сайын ақынның айтар сөзін тереңдеу түсінуге көмек болады. Және өлеңнің әуенділігі сіздің жүрегіңізді сезімге бөлейді. Әрі қарасөз бен поэзияның айырмасын біліп жүресіз. Адам кейде жан дүниесіндегі құбылыстарды жай сөзбен айта алмағанда өлең жолдарымен сайрата алады. Бұның бәрі сіздің қазірден ақыл мен сезім дүниеңіз байи беруі үшін енгізілген дәрістер екенін ұмытпаңыз. Адам кез келген салада, мәселен физика, математика сынды салада оқыса да, адам болғаны үшін оқыған саласын адамға қызмет жасау үшін оқиды. Ал әдебиет адам мен ғылым арасындағы байланыс көпірі. Әйтпесе техникалық ғылым адам үшін қызмет жасау міндетінен ажырап қалады. Ғылым қашанда адам үшін қызмет жасауға, адамның армандарын ұға білуге әдебиетке жүгінуіне тура келеді», – деп түсіндіруін талай рет қайталап ұқтырған. Мен ұстазым деп санаған әдебиет мұғалімінің жан тебіренісін сезгендей, айтқандарын бұлжытпай орындап, келесі дәрісіне сақадай дайын болып барамын. Мұғалім сабақты бастамас бұрын оқушылардан өткен сабақтың қортындысын сұрайды, өлеңдерді жаттап алғандарын тексереді. Бірақ бірде бір оқушы мәтінді толық дұрыс оқи алмайды, өлеңдерді түгел жатқа оқи алмайды. Маған кезек келгенде мәтінді толық қатесіз оқып беремін, өлеңдерді мүдірмей жатқа оқимын. Мәтін соңындағы сөздіктердің мағынасын сұрайды, тағы кідіртпей жауап беремін. Менің жаңағыдай дайындалып келгеніме нұрланып, рақаттанып жымиып сұрақтарын жаудыра береді. Сосын мені оқушыларға үлгі етіп айтып жүреді. Мен сыныптағы жалғыз қазақпын. Әдебиет сабағы мен үшін ең сүйікті сабақ болған еді. Өйткені мен Фәршат ұстаздың сондай мейір-ілтипатын қажетсінгендей күйде едім бе?! Әйтеуір әдебиет сабағы маған жаңаша рухани әлемнің есігін ашқанын анық сезіп жүрдім. Сөздердің түсіндірмесін оқып жаттаған сайын, өлеңдерді жаттап оқыған сайын бойыма жаңа ұғымдар сіңе бастағанын сезгенім мені одан әрі мұғалімнің тапсырмасын жалғастыруға қызықтыра түсетін еді.  Әдебиеттің сағаттарында осы тәртіпті бұзбай жалғастыра бердім. Есесіне біздің сыныпта бірде бір оқушы қызыға қойғанын байқатпады. Оларға ақпа құлақ емессіз бе деп жымияды мұғалім. Бәрі мұғалімге бозарып отырып, айтқан шағымына қыңқ етпейді. Сосын менен қанағат қыларлық жауап алғасын жаны ашыған болар, бұл рет дәрістің мәтіндерін бұрынғыдан да көбірек ежіктеп қайталап оқып береді. Әр сөздің айтылуына және мағынасына тоқтап, біраз түсінік береді.

 

Әдебиет сағаттары осылай мұғалімнің жанашырлықпен түсіндірген қарасөз бен өлеңдерді мәнерлеп оқып беруімен өтіп жатты. Оқу жылының бірінші кезеңі – жаңа жылдың жақындаған тұсында мұғалімнің түсіндіруге, шәкірттің де оқуға белсенділігі бәсеңдей түседі. Өйткені жаңа жыл көктемнің басы наурыз мерекесінің басталуы болғандықтан барлық адамдар наурызды қарсы алуға дайындалып жатады. Жылдың соңғы аптасының сәрсенбі күнінде әр жерде «сәрсенбі мерекесі» (сәрсенбі сури) өтеді. Топ-топқа бөлінген жастар шоғырланған отынға от жағып, үстінен секіріп жатады. Кейбір зерттеушілер «сури» сөзін той, мереке деп ұқтырса, кейбірі ол сөздің қызыл деген мағынасы бар деп пайымдайды. Жалпы бұл жайында көптеген зерттеулер бар.    

Отқа  секіріп жатқан адам жақсы тілекті тілге тиек етеді. Соның бірі: «қайғы кетсін, шаттық келсін, тауқымет кетіп, несібе келсін», – деп тілейді.

Жыл сайынғы дәстүр бойынша барлық бастауыш мектептен жоғары оқу орындарына дейін ресми түрде жаңа жылға он үш күн демалыс болып бекітілген. Ирандықтардың сенімі бойынша «он үш» саны құтсыз сан. Сол үшін наурыз мерекесінің бастапқы күндерінен ағайын, жекжат, достар арасындағы дидарласулар өтіп, бір-біріне қонақ болып, наурыз дастарқанының көжесінен дәм татып жатады. Ирандықтар жаңа жылда үйлерінде отбасы мүшелерімен «жеті син» әрпімен басталатын нәрсені дастарқанға қояды. Және  құран  немесе Хафиздің ғазалдар жинағын қойып, май шам жағып қарсы алады. Жеті син деген жеті «с» әрпінен тұратын жеті түрлі нәрсе дастарқанға қойылады. Мәселен: сиб (алма), секке (теңге), сенжед, сир (сарымсақ), сәбзе (көкөніс), сұмақ, серке мына син әрпімен басталған жеті нәрсе дастарқанға қойылады. Сонымен он үш күндік наурыз мерекесінде адамдардың қалауы бойынша қыдыру, серуенге шығу ойлары жүзеге асып жатады. Бұл он үш күндік наурыз демалысы оқушылар, білімгерлер үшін жаңа жылдан бір апта бұрын іс жүзінде басталып, он үшінші күнінен кейін де бірнеше күн жалғасып жататыны бар. Ал он үшінші күні жұрттың бәрі үйлерінен шығып, уақыттарын табиғатта өткізуге тырысады. Өйткені он үштің құтсыздығын сыртқа шығарып салу деп санайды. Сол күні қыздар жасыл шөптің сабақтарын бір-біріне байлап, бақытымның түйіні осында қалып, бағым ашылып, тұрмыс құруға ойдағыдай жігіт жолықсын деп тілейді.

Иран қазақтары 1970 жылдың бірінші жартысына дейін менің балалық шақтан есте қалған дәстүр бойынша наурыз мерекесін үш күн тойлайтын еді. Наурызды үйде тазалық жасаумен қарсы алатын еді. Наурыз күніне ерекше мән беретіні соншалық, мерекенің алдында үйдегі барлық жиһаздарды сыртқа шығарып қағып, шаңын алып жататын. Үй ауласының маңын сыпырып, су шашып жайнатып қоюға тырысып жатады.  Үйдің тазалығымен бірге отбасы мүшелері наурызда жаңа киім киюді үрдіске айналдырған еді. Сол үшін наурыз күнінен бұрын отбасымен сапырылып базардың дүкендерінде балалар мен үлкендерге жаңа киім алуға аралап кететін еді. Мәз-мейрам болып, күлімсіреп, шаттанып жүрген көпшілік адам баласының бір сәтке болса да, бақытын бейнелеп тұрғандай көрініс болатын. Наурыздың бірінші күні үй-ішіміз ерте оянып, киініп құттықтауды үй ішінен бастап, көрші-ағайындарды наурыз мерекесімен құттықтауға дайындаламыз. Әр үйде наурыз дастарқаны жаюлы тұрады. Бірақ құрбан айт сияқты қой сойып, ет тағамдар қойылмайды. Дастарқан түрлі тәттілер, жеміс-жидекпен сәнделеді. 

Қазақтар 1970 жылдың орта шенінен кейін ирандықтардың он үш күндік наурыз мейрамына еліктеп, он үшінші күні табиғатқа шығып, дастарқан жайып, ойын ойнап, серуен құруды әдетке айналдырды. Бірақ иран жұрты сияқты наурыз дастарқан жайып наурызды қарсы алуды дәстүріне енгізбеді. Анығын айтқанда иран қазақтары ұлттық дәстүрін өзгелердің дәстүріне еліктеп толықтырудан сақтанып жүрді. Бұл өзінің ұлттық құндылықтарын сақтап қалудың бір себеп-салдары болатынын айтқан жөн. Сол үшін ирандықтардың «сәрсенбілік оттан секіру мен жеті «с» әрпімен басталатын нәрселерді дастарқанға қойып наурызды қарсы алу дәстүрі қазақтар арасына енбеді.

 

Осылай жаңа жыл наурыздан басталып, он үш күн демалыстан кейін оқу орындарының есігі қайта ашылып, сабақ сағаттары жалғасады. Мен үшін сол жылдың көктемі жаңа өрістің ашылуына жол ашты. Көктемнің жылы, шырайлы күндері жаңадан бүршік атқан бұтақтардың балғын жапырақтары, құбылған түрлі гүлдердің көрінісі мектебіміздің кең ауласын сұлулыққа бөлеген сәтіндегі жайма шуақ ауасында оқушылармен мұғалімдер топ-топ болып оқу ауласының алаңда серуендеп немесе шынар ағаштарының көлеңкесінде әңгіме құрып отыратын. Сондай бір сәтте әдебиет пәнінің мұғалімі Фәршат мырза бір топ әріптестерімен қалың да биік бір шынар ағаштың саясында отырған жерінен алаңда сыныптастарыммен серуендеп жүргенімді байқап, мені өзіне қарай шақырды. Мен жанына тез жеттім. Ол: «Ислам, мен саған әдебиет пәнінің оқулығынан бірнеше сұрақ қоямын. Сен соған жедел жауап беріп отырасың», – деді. Мен ойланбастан жарайды дедім. Бастапқы сұрақтары кітаптың сөздіктерінен еді. Мұғалімнің айтқан сөзінің мағынасын айту болды. Бірінші сөзді айтқанда күттірмей жауап бердім. Содан екінші, үшінші, төртінші сөздерді жалғай берді. Одан әрі сөздерді тізбектеп, жеделдете айтып отырды. Менде сөздердің мағынасын мүлт жібермей, оның жылдамдығына ілесе отырып жауап бере бердім. Біраздан соң тоқтап, төңірегіндегі әріптестіріне көз қиығын салып, ризалық көңілмен күлімсірегенін байқап қалдым. Одан кейін жатқа өлең оқытуға көшті. Біршама иранның клласик ақындарының өлеңдерін жатқа оқуымды сұрады. Мен оның айтқан ақындарының өлеңдерін ойдағыдай оқып бердім. Соңында кәдімгідей ризалықпен күлгенде аппақ тістері де нұрланып, екі ернінің арасынан жарқырай түсті. Сосын әріптестеріне қаратып: «Көрдіңіз ғой», – деді. Маған рақмет айтып, бара бер деді. Осы оқиғадан кейін әдебиет мен үшін ең сүйікті пәнге айналды.

Орта мектепте балғын жастардың адамдық психологиясы табиғи түрде жетіліп, қалыптасуында әлбетте өзін қауіпсіз сезінуі маңызды фактор. Ол үшін мектепте оқушыларды қатаң бақылау қажеттігі анық. Өйткені, бұл жаста әлімжеттік жасап жүргендерге мектепте әйт дейтін адам болмаса, бірлі-екілі агрессив балалар еркінсіп, озбыр адамға айналады. Оның озбырлығы кейін өзіне әрі қоғамға зиянды істерге негіз қалайды. Сондай-ақ ондай шапқыншы баланы танып, оның мінезін қатаң тәрбиемен бағындыра алмаса, оның үлгісі молая түседі. Ал саны артқан ондай агрессив жастар қоғамның басты проблемасына айналады. Біздің Горган қаласында жастардың тәрбиесіне мән бермей, бұзақы буынды тәрбие бермей шығарған мектеп болған. Оны қала тұрғындары білетін. Сол себептен қашанда жастарды сабағын жақсы оқытумен бірге оның мінез-құлқын адамдық қасиетке баули отырып тәрбие беруді басты мақсат екенін естен шығармай жүрген Ираншаһар мектебінің басқармасы тәрбие мәселесін мықтап қолға алғанын сездім. Менің бұл мектепке келгенде алғашқы болған оқиға сыныптас Тәбәрестанидің  балалық ісі жай жеңілтек, ерке өскен баланың ісі екенін ұқтым. Өйткені одан кейін үш жыл бойы мектеп бойынша адам жанының тыныш күйін бұзатын бірде-бір оқиға көре қойғам жоқ. Оған басты себеп – спорт мұғалімі Азәри деген оқушыларды бақылау жөніндегі директордың орынбасары болатын. Азәри мұғалімнің ұлты әзірбайжан түрік еді. Оның дене-бітімі ерекше еді, ұзын бойлы, кеуделі, иықтары аттың жауырынындай, тік емен ағаштай бойы бар, келбеті сары түсті, жанары жайнаған, өңі қызыл түсті сияқты көрінетін, байсалды да мейірлі жан еді. Мен мектептің қақпасынан ауласына кіре бергенде анау жерде мектептің басты ғимаратының алдында қорған болатын таудай болып тұрған еңселі болмысын көргенде рахаттанып қалатынмын. Өйткені, кейде кейбір жастар өзге біреуге мінез көрсеткісі келгенде Азәри оларды жанына шақырып алып ұзақ әңгімелесетін. Сонда әлгі екі жастың қалай достасып кеткеніне куә болғам. Сонда таң қалатынмын. Құдай Азәриге айбатты келбет пен дене берген, мәрт ер болған.  Құдай оған тентектің мысын басатын қуат берген, адамдық қасиетіне теңестіріп ақыл мен сабыр берген ерекше ұстаз еді. Ол спорт мұғалімі ретінде оқушыларды спортта да жаттықтыратын бапкер еді. Кейде түрік тілінде сөйлесіп жүргенін естіп, жүрегіме жылылық ұялайтын еді. Міне, оқушы жастар осындай жанашыр жандармен өздерін әбден қауіпсіз сезініп жүрген мектепте қаланың әсем көріністерінен ұмытылмайтындай ләззатқа бөленіп өстім. Мені мінезімен тәнті етіп, еліктеткен мұғалімдердің бірі осы Азәри болды. Ол жұмысына адал, сабырлы, айбатты кісі еді. Ешқашан ыржаңдап, біреуді мазақтап, кемсітіп  күлмейді, оның күлкісі шапағат күлкі еді, әдемі күлкісімен оқушының көңіліне сенім ұялататын еді.

Ираншаһар мектебі қаланың қақ ортасында ауласы шынар тағы басқа ағаштар мен гүлдерге көмкерілген. Оның ауласының батысын тізілген ағаштарымен ерекше әсем көрінісі бар «Ках» (сарай) көшесі бойлаған. Бұл көшенің оңтүстік жағы Элбурс тауларына барып тіреледі, екі аралығында «Горган Парс» ауданы, ылғи ығай мен сығайлар тұратын қоныс болған. Ал қарсы алдында қаланың шетіне дейін жалпы алғанда дүкендері бар орта буын базар саудагерлерінің  ауданы еді. Одан әрі қала шеті, тау бөктерінде тұратын кедейлер мен жұмысшы қауымы мекен еткен аудан. Солтүстігі төмен қарай жергілікті ауыл мен қала мәдениетін ұштастырған орта буынның дәл ортасына жататын жұрт мекендеген еді. Әрі қаланың шеті Түрікмен даласына жалғасатын шекараға тіреледі. Енді солтүстік шығысына қарай «Көне қала» мен қазақ ауылы бар. Олардың тұрғындары енді-енді есін жиып, тұрмысын жақсарта бастаған тұрғындар еді. Соңғы екі аудан кедей де емес, орта буынға да жатпайды. Мен осы төрт бағыттағы тұрғындармен қарым-қатынаста болып, қоғамдық өмірдің әлеуеті қаншалықты адамның психологиясы, дүние танымына әсерін байқап көрдім. Сондай-ақ Мектептің шығыс пен солтүстігінде спорт кешендері мен футбол стадионы бар еді.

Осы үш жылдық оқу жылдары мен үшін жаңалық – мектепте танысып, достасқан үш сыныптасым еді. Өйткені өз сыныбымнан бірде-бір жақын, сырлас дос таба алмадым. Олар Жақып Каве, Аһмет Мүмени, Рақметолла Сефидгер. Біз үшеуіміз үзілістерде мектеп ауласында немесе спорт сағаттарында футбол стадионында серуендеп жүріп әңгімелесіп, ойдағы түрлі қиял армандарымызды айтатын едік. Жақып дәрігер боламын деп, Аһмет пен Рақмет екеуі болса заңгер болуды армандайтын еді. Мен болсам ата мекенім –  Қазақ еліне барғанды және жазушы немесе дипломат болуды армандайтын едім. Аһмет қазіргі кезде танымал ақын екенін де естідім. Бір ғажабы бәріміз тілге тиек еткен армандарға жеткендей болдық.

Еліміздің тәуелсіздігіне де куә болдым. Өмірлік арманға да жеттім деген қуанышпен мен дәл осы үшін де бақыттымын. Ал бұл бақыт көп адам үшін түсініксіз ұғым. Адам үшін денсаулық болса, аянбай еңбек етіп, адал жүрсең қорған болар елің болса, одан артық бақыт бар ма екен?! Бұл сезімдер уақыт өткен сайын жан-жақтан түрлі шабуылдармен күңгірт тартып бара жатқанын сезгенімде көңіл күйім бұзылады. «Елім бар, бақыттымын», – десең тіліңді түсінбей саған бадырайып қарайды. Сонда жетімсіреп, өзімді жалғыз сезіне бастаймын. 

Бүгін ойлап отырсам, сол жылдары әкемнің өмірлік танымы қалыптасып, адамның басты міндеті – адам болу екенін өмірлік тәжірибе арқылы түсінген екен. Әкем маған: «Балам, құдайға шүкір, оқып жүрсің, сауатың артқан сайын адам болудан және адамгершіліктен ауытқымай жүруді естен шығарма! Адамдарды бай-кедей демей бәрін құрметте, үлкен көрсең сәлем беріп, кішіге мейір-шапағатыңды аяма! Жаман адаммен достаспа, жақсы адаммен достасып жүр! Ешкімге шіренбе, құдайды жүрегіңде сақтап, қиналғанда бір Алладан сұра! Алла берем десе өзі жолын табады. Бұл дүние қолдың кірі, ешкімге опа бермейді. Сенің жақсы болуың, жақсылыққа ұмтылуың, өміріңде тарыққан кезде қол ұшын берер қолдаушың болады», – деп өсиет айтатын. Сондай-ақ: «Балам, ақылым бар деп біреуге ақыл айтушы болма! Қолыңда байлық немесе билік болмаса, ақылыңды тыңдаушы да болмайды. Өйткені, ақылыңның құны әлгі екі нәрсемен бағаланады»,- – деген кеңесі де менің есімнен шығар емес. 

                                   (Жалғасы бар)

531 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз