• Тарих толқынында
  • 25 Қаңтар, 2023

НЕСАҒА

Қазіргі заманғы қазақ прозасында өзіндік ерекше қолтаңбасымен көрінген, әдебиет қоржынын қоңыр сазды әңгімелерімен толықтырып, құлпырта түскен қарымды қаламгер, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық «Алаш» және республикалық «Дарабоз» әдеби сыйлықтарының лауреаты Несіпбек Дәутайұлының шығармашылығы хақында үнемі сүйсіне әңгімелеуге болады. Ол үлкен әдебиетке көп дайындықпен келген, қоғамдық-әлеуметтік өмірдегі терең  тамырлы құбылыстарды жете зерттеп, заман мен адам арасындағы күрделі қарым-қатынастарды биік эстетикалық-философиялық өлшемдер тұрғысынан бағалай білген қайраткер-қаламгер еді.

Романтика мен реализмді шебер қиюластырып, оқырманның жан-дүниесін  байытатын, көңілінің айызын қандыратын әртүрлі әдеби тәсілдерді жете меңгергендігін де қоса айтуға тиістіміз. Жазушы өз кейіпкерлерін қалың жұрт арасынан іздеп тауып, жаңа заманның жаңа сипатты адамдарының болмыс-бітімін өзінше болмыста өрнектеп, өзіндік көзқараспен қисынын тауып көрсетуге де шебер-ақ. Суреткер кейіпкерлері бір-біріне мүлдем ұқсамайтын, олардың образдары, өнбойындағы мінездері, көзқарастары, іс-әркеттері, тыныс-тіршілігі мен тағдырлары да әралуан жандар болып келетін.

Несіпбектің «Алма ағашының бұтағы», «Ақ көгершін» және «Жол» хикаяттары әр жылдары таңдаулы көркем шығармаларға арналған республикалық бәйгелердің жүлделерін жеңіп алған. «Көкмойнақтан шыққан көкжал» әңгімесі Ғ.Мұстафиннің туғанына 100 жыл толуына орай өткізілген республикалық конкурста ең үздік шығарма атанып, байқаудың бас жеңімпазы атанды. «Құдірет пен қасірет» романы Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының «Ең үздік роман» байқауында жүлдегер атанып, қуанышқа кенелген еді. Ол «Әнім сен едің», «Алма ағашының бұтағы», «Көгілдір көйлекті келіншек» (2006), «Ойынды еті он бөлек» (2008) және басқа ондаған кітаптардың да авторы болатын.

Несіпбектің 2000 жылы «Жұлдыз» журналында жарық көрген «Құдірет пен қасірет» романы Мұхтар Мағауин, Шерхан Мұртаза, Мархабат Байғұт және басқа көрнекті жазушылар  мен белгілі сыншылардан жоғары бағасын алғандығын білеміз. «Қазақ әдебиеті» газетінде жарияланған «Батыр» әңгімесі сол кезде оқырмандарды өзіндік тың ойымен елең еткізді, артынша жақсы пікірлер айтылды. Оның прототипі Маңғыстау өңірінде өмір сүрген айтулы Сүйінғара батыр еді. «Ол  –  ерліктің, мәрттіктің, тектіліктің көлденең ұстасаң да, көтеріп ұстасаң да, көкте ойнап тұратын көксүңгісі», – деген еді автор кезінде газетке берген сұхбатында.

Н.Дәутайұлының мемлекеттік тапсырыспен «Жазушы» баспасынан жарық көрген «Көгілдір көйлекті келіншек» (2006)  атты кітабы негізінен әлеуметтік әңгімелерінен тұрады. Кітаптағы осы аттас әңгімені КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Әбдіжәміл Нұрпейісов ерекше жоғары бағалап, «сөйлемдері шымыр, шебердің қолымен өрген кірпіштей мінсіз. Бұл әрине талантқа тән қасиет» деп жазды. Кітаптағы «Мәкеңдер, Малсекеңдер, заман» әңгімесімен жазушы «Қазақ әдебиеті» газетінің проза жанры бойынша 2007 жылғы  лауреаты атанды. Ал, ол 2008 жылы қазақ ұлттық әдебиетіндегі ерекше жетістіктері үшін Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығына ие болды. 2010 жылы жазушыға «Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген қайраткер» атағы берілді.

Бір байқағанымыз, Несіпбек өзінің әрбір шығармаларына бүгінгі заман үрдісіне сай, уақыт шындығына таза суреткер көзімен қарап, көркем зерделеп, одан белгілі ой түйіп, бір мерзім аясында туындайтын әлеуметтік астарын дәл байқайтын қазіргі заманның білгір сарапшысына айналған еді. Басты мәселе шығарманың көлемінде емес, оның көркемдік салмағы мен өмір, дәуір шындығын ұтымды, тартымды, әсерлі етіп баяндауында болатын. Қаламгердің қай шығармасын алмаңыз, олардан туындайтын ой-тұжырымдар бүгінгі оқырмандар үшін қашан да өзекті болып қала береді.

Қалың оқырмандар іздеп жүріп оқитын кітаптар адамдардың ой-өрісін кеңейтіп, тың көзқарасқа, биік парасатқа жетелейтіндігімен ерекшеленер еді. Жазушының сырбаз да сыршыл әңгімелері философиялық ойларға тұнып тұр, олардың қайсысы болмасын, өзінің өміршеңдігімен, актуалдылығымен құнды. Сырғып өтіп жатқан мына өмірдің таза шындығын, қарапайым кісі дәуір мен уақыттың кейбір көлеңкелі тұстарын зерделеп байқай бермейтін, жай адамның ойына түспейтін, қаперіне ілмейтін сырлы дүниені ол әрдайым сенің көз алдыңа бүкпесіз жайып салады. Жазушының суреткерлік шеберлігі, ой зергерлігінің негізі осында болса керек.

2009 жылы Қазақстан Жазушылар одағының «Ан-Арыс» баспасынан жазушының екі томдық (бірінші кітабы «Айғыркісі», екіншісі «Мінез») таңдамалысы жарық көрді. Көпшілік бұрын-соңды әдебиетте кездеспеген тың детальдар мен сюжеттерге мол роман мен қызықты әңгімелер, хикаялармен жүздесіп, жазушы шығармашылығына деген сүйіспеншіліктерін арттыра түсті. Қаламгердің қолтаңба ерекшелігі сол, оның кез-келген шығармасы қоғамда болып жатқан кесір-кесапаттың құбылыстарын көлденең тартып, шынайы тұрғыда суреттейді. Оның «Айғыркісі» атты әңгімесінің жөні тіптен бөлек, бұрын-соңды жазылмаған тақырып деуге болады. Жазушы-драматург Сұлтанәлі Балғабаев: «Мен өз басым, бұл әңгімені әдебиетімізге келген соңғы жылдардағы үлкен жаңалықтың бірі деп есептеймін» деп ағынан жарылды («Қазақ әдебиеті», 2008 жыл, №13). Келесі бір қаламгер, Қытай Халық республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері Тұрсынәлі Рыскелдиев «Жас қазақ» (2009) газетінде: «...Жылқы баласында дәл осындай ақыл-естің кездескені тек Несіпбек Дәутайұлының жасампаздығы дегім келеді» деп жазды. Осының бәрі – жазушының еңбегіне берілген орынды баға. Жылқы образында бейнеленген қаратөбел «айғыр кісі» қасиетті, киелі адам символы деп айтуға болады.

Шығарманың лейтмотиві қазіргі құйтұрқы заманның жетегіне ілесіп, кейбір пенделердің адамдық кейпін жоғалтып алу алдында тұрғандығын алға тартқандығында еді. Автор өз кейіпкерлері Жалғас пен «айғыр кісі» арқылы заманның ащы запыранын, қазіргі өмір шындығын ашып көрсетіп отыр. Қаратөбел жылқы образына оқушы алғашқыда сенімсіздікпен, базбірі күдікпен қараса, бірте-бірте өздері де әңгіме желісіне еніп, ондағы келтірілген сюжет пен детальдар тайталасты, тартысты оқиғалармен күрделеніп, өз жүрегін жаулап алғандығын аңғара бастайды. Азғындау мен мәңгүрттену алдында тұрған болашақ ұрпақ жайлы ой тастап, оқырманын қатты ойландырады. Шығармада селкеулік, солғындық деген атымен жоқ. Замана ауқымына, уақыт мүддесіне орай, тіршілік етіп жатқан ортада, қоғамда адами қасиеттер, адамның бет-бейнесі, ой-өрісі де өзгеріске ұшырайды екен. Тәсілқой, жаңашыл автордың бұл шығармасы бұрынғы туындыларынан атымен ерекше дүние екендігін атап өткен жөн.  

Турасын айту керек, бұл екі кітапқа енген әрбір әңгіме өз алдына бір шағын-шағын романдар жүгін көтеріп тұр.  «Шал», «Көрбай», «Қанқызыл жалқын», «Дударай», «Мінез», «Архитектор», «Құмға қашқан құйын», «Аты жоқ әңгіме», «Тілалшақ», «Репитиция» әңгімелері тағылымы мол, кесек-кесек дүниелер екендігі байқалады. Ізгілік пен зұлымдықтың арасында ғұмыр кешетін пендені әр қырынан – шым-шытырық оқиға ортасындағы пейілі, мінезі, іс-әрекеттері тұрғысынан тамаша суреттеген ойлы, астарлы, қатпарлы туындылар. Оларды қиял-ойдан шығарылған, қолдан жасалған хикаяттар деуге тіптен аузың бармайды. Түгелдей алғанда, олардың әрбірінде шындық, ақиқат оты маздап тұр.

Несіпбектің «Жалғызілік» деген әңгімесінің басты кейіпкері – өзге дүниенің барлығын ұмытып, өмірін тек дүние жинауға, қорасындағы малының санын өсіруге арнаған жан. Әлгінің жанын қинап, ел-жұрттан жырақта – құлан түз далада жыл - он екі ай жалғыздан-жалғыз тұрып,  тірнектеп жинаған малы, еш рахатын көрмеген байлығы кімге керек? Не үшін, кім үшін тірлік етіп жүр? Өмірдің бар рахаты тек мал, дүние жинау ма? Осы тұста да қалың ойға қаласың… «Мінез» атты әңгімесі қызықты жазылған; иә, мінезсіздік, ойлап отырсаң, адамға – қасірет. Адам болғаннан кейін әркімнің өз ойы, өз пікірі, байламы, түйсігі болғаны жөн ғой.  Егер, олай болмаса, өз ойы, пікірі жоқ, аузында сөзі жоқ адам айдауда жүрген пендеге тең емес пе?! Біреудің аузына қарап, айтқанын орындап, «тақсыр, ләппай!» деп жалтақтап, жігерсіз тіршілік ету – бейшаралық, мүсәпірлік. Оның тағы бір шығармасы «Өнеш, Комбинатор және алжапқыш» әңгімесі де қызықты. Заман ағымына байланысты өмірде болып жатқан қулық пен сұмдықты, жақсылық пен жамандықты барынша бадырайтып көрсеткен, уақыт тынысын тамыршыдай тап басқан, қоғамның әлеуметтік өміріндегі өзгерістерді, кеселді құбылысты шебер суреттеген шығарма. Біреулерді алдап-арбап, өзінің жымысқы ісіне барынша пайдаланып, соңынан оны «лақтырып» кету бүгіндері түкке де тұрмай қалды, тіпті оның өмірін қиып кетуге де арланбайды. Әңгімені оқып болғаннан кейін, жүрегің дүрсілдеп, бойыңды үрей билейді, іште әлдебір аянышты сезім пайда болады. Мұнда жазушы кез-келген фактіге сыни көзқараспен қарау арқылы өмірдің де, әдебиеттің де шындығын айтып отыр. Көркем зерттеудің не екенін де барынша аша білген. «Тілалшақ» атты әңгімесі – қазіргі билік иелері қасында «ләппай, тақсыр!» деп жайылып төсек, жиылып жастық болумен күн өткізіп жүрген жалтақ, жігерсіз жүздеген жандарға деген ащы кекесін, өткір сын.

Жазушы өзінің бұл шығармасы арқылы қазіргі қоғамда орын алып отырған жағымсыз әрекеттерді (бастық алдында құрдай жорғалап, қызмет ету, жағымпаздық, мінезсіздік және т.б.) керемет тартымды, әрі сенімді тұрғыда суреттейді. Оның бас кейіпкері Құлболды әдетте абыройлы, атақты-даңқты дөкейлердің киімдерін көтерумен, чемодан-жүктерін тасып, жатқызып-тұрғызумен ғана күн өткізеді. Ақырында әйелі өзінің балаларын ертіп әкетіп, мұны жалғыз тастап кетеді. Құлболды сияқты сандаған жастар қазір де «барып кел, алып кел, тауып келмен» ғана жүргені, өз болашағын зерделей алмай, алтын уақытын босқа өткізіп жатқаны еш жасырын сыр емес қой. Оның «Батыр», «Ақ күшік» деген әңгімелері терең ой тербейтін, бір-бір киноға сұранып тұрған дап-дайын дүниелер ғой. Қаржысы бар тәжірибелі киногерлер қолға алып, оларды жарыққа шығарса, еш ұтылмас еді-ау деп те ой қаузайсың. Жазушының «Кісі иесі» атты әңгімесі 2021 жылы еліміздің бас газеті «Егемен Қазақстанда» жарияланғанда, оқушылар арасында көп талқыланды, талай жағымды пікірлер айтылды. Ашаршылық жылдардың ызғарлы қасіретін, жан түршігерлік көріністерін талай жазушы мен тарихшылар  жазып жүргені де рас қой, бірақ, тура Н.Дәутайұлындай жан дүниеңді қопарып, астаң-кестең еткен шығарманы ешқашан кездестірмеппін. Бұл – сарабдал қаламгердің қаламынан туған ерекше бір дүние. Оны  бей-жай оқып шығу тіптен мүмкін емес. Ашаршылық кезеңнің бар ауыртпалығын көз алдыңа дейін әкеліп, азып-тозған ауылдың тіршілігін, тамақ таппай, әбден діңкелеген, қалжыраған, титықтаған адамдардың бейнебір аң аулағандай, кіре жол бойына шығып, қарақшылық жасап, қолында жас баласы бар адамдардың баласын күшпен тартып алып, тамақ орнына оны ас етіп жеуден тайынбайтындай әрекеттерін әңгімелеп, жан түршігерлік оқиғаны үлкен шеберлікпен суреттейді. «Аман қалғыларың келсе, баланы тастап, өздерің кете беріңдер... Таста баланы. Өздерің кете беріңдер», – дейді қолдарында жас сәбиі бар әке мен ананың жолын кесіп, ойлары бұзық қаба сақалды әлгілер. Қолында мылтығы және оған бар болғаны үш оғы бар еркек-отағасы «Тоқтама, кете бер. Тоқтама» деп әзер-әзер деміге сөйлеп, әйелі мен баласын алға оздырып,  артына түскен «қорқау» қарақшы адамдарға мылтығын кезеп, бас кейіпкер Кенжеғазы осы арада жыландай арбасады. «Арада бес-алты жыл өтіп, Арқарлы асуына адам ізі қайта түсе бастағанда баяғы кіре жолдың бойынан жүргіншілер шашылып жатқан адам сүйектерін көреді. Жалғыз адамның. «Қазаққа сәбет сұмдықтың жасаған зұлматы ғой» деген сөз бәрінің көкейінде күңіреніп тұрды. Бірақ бір-біріне онысын дауыстап айта алмады. Қолдарынан келгені, шашылып жатқан сүйектерді жиып, жерлеп кетті. Оның кімнің сүйегі екенін олар да, кейінгілер де білген жоқ...», – деп аяқталады әңгіме. Оның әсерінен жүрегің сығылып, қаралай арқаң мұздайды. Ашаршылық дендеген жылдары «адамды адам жеп жатыр», «қайнап жатқан қазан ернеуінен баланың білегін көрген» деген сұмдық мәліметтер бертіндегі естеліктерде де кездесіп отырады.

Несіпбектің ұлы аштық қырғыны туралы жазылған бұл шығармасы қазақтың басына түскен қасіреттің айқын айнасы деп қабылдаймыз. Сол қолдан жасалған нәубет кесірінен миллиондаған қандастарымыз жер бетінен жоқ болды, тірі қалған ұрпақтарының жүрегінде сызды сызат қалды.

Несағаң өте танымал болды. Оның «Жол» атты әңгімелер жинағы 2020 жылы Түркияда жарық көрді. Әдеби шығармалары бауырластар елінде түрік тілінде кітап болып шығуы тек қазақ үшін ғана емес, бүкіл түркі әлемі әдебиетіндегі үлкен жаналық емес пе?! Қайталанбас классик қаламгер кітабының Анкарада шығуына үлес қосқан түрік бауырларымызға айтар алғысымыз шексіз. Көптеген игі істерге ұйытқы болып жүретін жазушы-драматург, түркітанушы Мәлік Отарбаевтың бұл кітапты аударудағы өлшеусіз еңбегін ерекше атаған жөн. Н.Дәутаев кезінде Халықаралық Еуразия жазушылары қауымдастығының құрметті мүшесі болды. Жазушының шығармалары бертінде ағылшын, неміс, француз, орыс тілдеріне аударылса, оның есімі қазіргі әдебиеттің көк аспанындағы жарық жұлдыздар қатарынан табылғандығы тағы шындық. Өкініштісі, әзірге қазақ әдебиеті әлем оқушыларына қолжетімсіздеу болып тұр. 

 

ТАЛАНТТЫ  ЖАСТАРҒА  ӘРДАЙЫМ ҚАМҚОРШЫ ЕДІ

 

Осыдан он бес жыл бұрын «Жамбыл» атты республикалық әдеби-танымдық журнал ашып, оның бас редакторы қызметін Несіпбек өмірінің соңғы күніне дейін абыроймен атқарды (өзі кеткеннен кейін белгісіз себептермен журнал шықпай қалғаны өкінішті!). Еліміздің белді қаламгерлерімен байланыс орнатып, олардың сиясы кеуіп үлгермеген шығармаларын журнал бетіне жариялап, оқырмандарын жаңа, тың, тартымды туындыларымен әркез қуантып жүрді. Сөйтіп, өзінің тек шебер қаламгер екендігін ғана білдіріп қоймай, қолынан көп іс келетінін, ұйымдастыру қабілетінің зор екенін де анық байқатты. Еліміздің жазушылары мен оқушылары Н.Дәутаевтың еңбегін жоғары бағалады, оны әрдайым құрметтеп, сыйлады. Таразға келген ақын мен жазушылар атбасын бұрып, сөзіне берік, ісіне адал Несағаға сәлем берді, онымен үнемі дидарласуға ынтық болды. Сырласатын, сыйласатын қаламгерлер әркез аз болмады. Менің өзім Тынымбай Нұрмағанбетов, Мархабат Байғұт, Есенғали Раушанов, Рахымжан Отарбаев, Жұмабай Шаштайұлы, Ғалым Жайлыбай, Бақыт Сарбалаев, Амангелді Кеңшілікұлымен және басқа белгілі қаламгерлермен Несағаңның арқасында танысқан болатынмын.

Әулиеата өңірінің қолдарына қалам ұстап, алда «ақын болам» деп талпынып жүрген жастарын өз жанына топтастырып, оларды әрдайым  қолдап, жөн-жол көрсетіп, шығармашылықтарына кең жол ашып отырды, республикалық басылымдарда өлеңдерінің жариялануына себепкер болды. Таланттыларын дер кезінде танып, республикалық жыр бәйге-байқауларына, мүшарайларына қатыстырып, қамқорлығына алды, олардың алғашқы кітаптарына алғысөз жазып, бата беріп, баспалардан шығуына үлкен ықыласын көрсетті. Сондықтан болар, болашағы зор тараздық жас ақындар Ерлан, Хамит, Табиғат, Нұржан, Данияр, Арайлым, Тұрсынбек, Нұрболат және т.б. Несіпбектің әдетте өзінің жақсы көрген кісісіне айтатын «әке» деген сөзінен қамқорлығын сезініп, өздеріне жақын ұстаз-аға деп сыйлап, бауыр тартып, еш іркілмей, пікір алысып жүрді. Жебеп жүріп, олардың біразын Жазушылар одағына мүше болуға жәрдемдесті, баспадан алғашқы кітаптарын шығартты. «Әдебиет адамды тәрбиелейді» дегендей талай тараздық жастар қабырғалы қаламгер Н.Дәутайұлы төңірегіне шоғырланып, тәлім-тәрбие жинақтап, әдебиет айдынына өздерінің «желқайықтарын» батылдықпен сала білді. Иә, несін айтайық, Несағаның жас таланттарға деген ниеті, қамқорлығы ерекше-ақ еді ғой. Сырт көзге сұсты, қатал, тіптен тосын адам болып сезілетін ол өз қанатының астына әдетте талантты жастарды жинап, оларға әрдайым рухани қолдау білдірді, өнерге деген құштарлықтарын оятты. Олар үшін, тіпті, туған әкелеріндей безгектеп, жаны ауыратын еді. «Дарынды жастарды көрген сайын жарқыраған жұлдызды көргендей болам», деуші еді жарықтық. Ол да оның көрегенділігі, жастарға деген шынайы көңілі болар, сірә. Расында, ол жастардың арқа сүйер Алатауындай биік, қамқор болған қазыналы Қаратауындай дара тұлға болатын-ды. Ол – кісі тани білетін, біреудің бойындағы барды бағалай білетін. Жергілікті билік иелеріне дейін онымен санасып, пікірлеріне құлақ асатын.

Ойы терең, қиялы ұшқыр, қаламы жүйрік, кең тынысты, жұлдызы жарық, суреткерлік өрнегі өзгеше сұңғыла жазушы Н.Дәутайұлы шығармашылық толысудың асқақ биігіне көтерілген кезінде дүние салды. Өкініштісі сол. Жазушылар арасында, «әдебиет – адамтанудың мектебі» деген аксиома бар. Несаға өз тұсында адамтану ғылымының нағыз шеберіне айналып еді. Оған оның қаламынан шыққан соңғы жылдардағы тартымды, сырлы әңгімелері куә. Оның жазғандарында жаңалық пен сонылыққа деген құштарлық тұнып-ақ тұратын.  Жазушының  жан сырын ашып, түсініп-түйсінгісі келген оқушы оның әрбір жаңа кітаптарын асыға күтуші еді. 

Несіпбек Дәутайұлы өзіндік әлемі бар, реальды өмірді өзінше нанымды, әрі шынайы тұрғыда шебер суреттеп, оқушысын өзінің әрбір шығармасына тәнті ететін қарымды қаламгер болды. «Бойыңызда талант бар, я жоқ деп үкім шығара алмаймын; Бюфен айтқандай, талант қашан да қажыр-қайрат пен төзімнен тұрады, аржағы көңілге байланысты...» – деген ғой Гюстаф Флобер жас Ги де Мопасанға. Сол айтылғандай, Несаға нағыз еңбекқор, төзімі мол, ізденімпаз, ой-өрісі кең, турашыл жазушы екенін оның көркем шығармаларынан да ашық байқаймыз. Оның қаламынан шыққан дүниелер – ойды оқыс оятатын, санада сандаған сілкініс жасайтын, жалғыздың да, жалпының да жан қалауын тудыратын жоғары интеллектуалды шығармашалар. Ол қашан да оқырманынан оқ бойы озық жүретін.

 

«МЕНДЕ  БАЛАЛЫҚ  ШАҚ  БОЛҒАН  ЖОҚ»

 

Кейде жұмыс соңына қарай оның қызмет орнына соғып, бір мезгіл әдебиет жөнінде әңгіме қозғағанымызда, ол тек қазақ жазушылары төңірегінде ғана сөз өргізбей, әлемдік деңгейдегі қаламгерлердің шығармаларын жілік-жілікке бөліп талдағанын қызыға тыңдайтынбыз. «Осының барлығын қай уақытта оқиды, қайдан уақыт табады екен?» деген таңғалысымыз санамызда ойнап, бойымызды билейтін.

Әдебиет әлемін терең меңгерген Несаға кей сәттерде сөзден-сөз шығарып: «Менде бақытты балалық шақ болған жоқ. Тағдыр теперішін аз көрмедім. Әкемнен бес жасымда айырылып, шиеттей бала-шаға жалғыз шешеміздің қолына қарап қалдық. Ауыр еңбектің бейнетін көріп, қатты қиналып жүрген шешемді аяп, орта мектепті бітірмей-ақ совхоздың бір шопанына көмекші болып жұмысқа жегілдім. Сөйтіп жеті-сегіз жыл бойы қойдың соңында жүрдім. Ол жылдар мен үшін үлкен өмір мектебі болды. Уақытымды бос жібермеуге тырыстым, жазда Қордай тауының баурайында, Иірсу аймағында, қыста Аңырақайдың құмды бұйраттары мен ұлан-ғайыр жусанды даласында қой бағып жүрсем де, үзбей кітап оқыдым, түйсігімді тереңдетіп, бойыма ой жинадым. Ауыл және аудан кітапханасында мен оқымаған кітап қалмады десем қателеспеспін. Ой қуып, тіршілік тынысын жүрегіммен сезініп өстім. Орта мектептің жоғары кластарын кешкі курстарда жиырма алты жасымда тәмамдап, аттестат алдым. ҚазМУ-дың журналистика факультетін сырттай оқып, отыз жеті жасымда дипломға ие  болдым. Әрине, жазушылық, ақындық білім арқылы берілмейтіні айдан анық қой. Жас кезімде өлең жазумен айналысып, бірнеше рет айтысқа  қатысқаным да бар еді. Жазушылыққа, ақындыққа, суреткершілікке Алла Тағала өзі жағдай жасап, жетелеп апарады емес пе? Оның барлығы  Тәңірден  берілетін сый деп ойлаймын. Мені де жазушылық әлеміне енгізген сол Жаратқан Ием. Енді, қандай ақын, қандай жазушы боласың, ол тікелей тек өзіңе байланысты. Ештеңе еңбексіз өзі келмейді. Құдай бойыңа берген қасиетті одан әрі дамыта білу өз қолыңда. Мәселе сонда...», – деуші еді салалы саусақтарымен қалпақ астында бұйраланып, қалың өскен ұзын шаштарын бір сілкіп қойып, пәстеу даусымен естеліктерін айтып, сосын ирек-ирек салалы саусақтарына кезекті сигаретасын «іліп» алып, көк түтінін будақтатып қойып, ой құшағына беріліп.

Базбірде көңілде жүрген кезекті бір күрделі шығармасын бітіріп, өзіне демалыс бергенде, балалық шағын сиректеу болса да еске алып, Қордай өңіріндегі кәріқұлақ қариялардан естіген аңыз-әңгімелері мен бастан өткізген, көрген, естіген хикаяларды қызықты, шебер әңгімелеп,  олардың біразын өз туындыларының кейіпкерлеріне айналдырғанын тілге тиек ететін. Әсіресе, өзінің кіндік қаны тамған қоңыр белдер арасындағы жусанды Иірсу туралы, оның табиғаты мен адамдарының тыныс-тіршілігі, мінездері мен ерекшеліктері жайлы кезекті бір сигаретасын тұтатып алып, қоңыр, пәс даусымен асықпай, қызықты етіп баяндайтын. Кейде хикаясын үзіп, орнынан тұрып, сұңғақ сұлбасын созып, басынан еш түспейтін самбреро-қалпағын сәл-пәл түзеп, ойға беріліп, бірер сәт кабинетті кезіп кететін. Сол естелік әңгімелерінен өзі де ерекше ләззат алатынын ұғатынбыз, алыста қалған балалық шағын, тай-құлындай тебісіп бірге өскен құрбы-құрдастарын, дүниеден ерте озған замандастарын сағынатынын жүрегімізбен сезетінбіз, әсіресе анасы туралы, оның бауырынан өрбіген ұл-қыздарын «қанаттыға қақтырмаймын, тұмсықтыға шоқыттырмаймын» деп жүріп, колхоздың ауыр еңбегіне жегіліп, тағдырдың салған қиындықтарынан тайсалмай, еш мойымай, арқа еті арша, балтыр еті борша бола жүріп, оларды аялап өсіріп, жетілдіріп, осы күнгі дәрежеге дейін жеткізген тірлігін тебірене, тіпті, кейде дауысы еріксіз дірілдеп, жүрегі елжіреп, жанарлары бұлаулана отырып айтқандары көңілімізді жабырқатып, жүрегімізді шымарлататын.

Ол қашан да жалғыздықты ұнатты. «Жазушының жалғыз досы – жалғыздық» деп жиі айтатын. Өйткені, өзіңмен өзің сырласып, қиял-ой құшағына алаңсыз ену оның ең бір сүйікті ісі болатын. Орыстың белгілі театр режиссері К.С.Станиславский: «Дәннен өсімдік жарып шығатыны сияқты жазушының жеке ойы мен сезімінен оның шығармасы дәл сол сияқты өніп шығады... Осы негізгі, басты, жаппай қамтыр нысананы, ештеңені қалдырмай өзіне тартатын міндетті жазушы міндетінің міндеті деуге... келісейік», – деген емес пе? Өзіне қалам мен ақ қағазды серік еткен жан бір кез тыныштықты, жалғыздықты, оқшалануды, саяқтықты аңсайтыны белгілі ғой. Жанға да, көңілге де, шығармашылыққа да кей-кейде осындай тыныштық керек. Өмірінің соңғы жылдарының күндері мен түндерін Несаға жұмыс кабинетінде өткізуді әдетке айналдырды, тынымсыз, шығармашылықпен өндірте айналысты. Түнгі мүлгіген тыныштықты пайдаланып, жалғыз отырып, ой-қиялдарға бүкіл болмысымен сүңгіп, өзінің сырлы да жұмбақ әдебиет әлеміне еніп, ақ қағаз бетіне ой толқындарын маржандай етіп мөлдіретіп, тізіп түсіріп жататын. Сондықтан, көкмылжың, бос, пәтуәсіз, қысыр әңгімені жаны сүймейтін мінезі бар-тын. Біреуге жағымпазданып, жалған сөйлеп, өтірік мақтап отырғанын да көрмеппін. Әділдікті, тазалықты, шынайылықты жақсы көретін. Содан да болар, базбіреулерге ол ерекше, тым қатал мінезді, көп сөйлемейтін, кез-келген жанға ашыла бермейтін тоқмінез, кеуделі, тым маңғаз азамат болып көрінетін. Ол пікірдің жаңсақ екенін жақын араласып жүрген біздер ғана жақсы білдік. Өз ой-пікірін кез-келген жерде ашық білдіретін, азаматтық позициясы, ұстамы бар, айтар терең ойы бар, сөзі мен уәдесіне берік, ары таза қаламгер еді. Оны біз өмірден де, газет-журналдарға берген сұхбаттарынан да көріп-біліп жүрдік. Жазу оның өмірінің мәні еді. Оған ол өте адал болды. Жауапкершілік пен аса талғампаздықпен қарады. Сондықтан да, оның жазғандары қазіргі әдебиеттің бір ерекше қайталанбас құбылысына айналды, оның модернистік-постмодернистік стилінде жазылған шебер туындылары қалың оқырман жұртты бірден елең еткізді.

Қазақ әдебиетінің дамуына қосқан ерен, дара үлесі үшін Н.Дәутайұлы бірнеше мемлекеттік наградаларға («Құрмет» ордені және ондаған медальдарға) ие болып, көптеген әдеби бәйгелердің жеңімпаз-жүлдегері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының, бірнеше рет «Дарабоз», «Рух» сыйлықтарының лауреаты атанды. Бұл марапаттар дарынды суреткер-жазушы еңбегінің орынды бағаланғаны дер едік. 2020 жылдың қысы мен 2021 жылдың көктем айларында бас көтермей, Несаға көрші Қытай елінің баспагерлерінің өтінішімен көлемді, тарихи мәні бар «Тараздың тарихи тағдыры» атты көлемді кітапты жазып бітірген болатын. Еңбек бірнеше тарихи кезеңдерді қамтыды. «Бұл мен үшін күрделі, ауқымды іс болды. Көп уақытымды ізденумен, зерттеп, зерделеумен өткіздім. Қолым жеткен көптеген мәліметтерді қамтыған сияқтымын. Ойымша, жаман болмау керек. Жыл соңына дейін Пекинде үш тілде (қытай, қазақ, ағылшын) жарық көреді», – деп, оның баспадан шыққанын күтіп жүрген болатын. Әттең, ол еңбегін өз көзімен көруді Алла нәсіп етпепті. 2021 жылдың 29-шы тамызында келместің кемесіне отырып, біздерден алыстай берді... Талантты, шебер суреткер, әлі де берері мол интеллектуалды жазушыдан кенеттен көз жазып қалғанымыз өкінішті. Көзден кетсе де, көңілден кетпеген Несаға туралы естеліктерді, жылы пікірлерді әріптестері, оның қамқорлығын көрген жас қаламгерлер, жалпы оқушы қауымы үлкен бір ілтипатпен еске алып, үзбей айтып жүр. Ал, оның артында аңызға айналған, бірін-бірі қайталамайтын ондаған кейіпкерлері, халқының рухын көтеретін әдеби мол мұрасы қалды. Жазуы дара қаламгердің шығармалары әдебиетсүйер қауымға асыл рухани қазына болып қала берері сөзсіз.

...Өткен күндердің бірінде Алматыдан келе жатып, Қордай өңіріндегі Кенен Әзірбаев ауылынан шыға берістегі үлкен жолдың бойынан сәл бұрылыстау, қоңыр белдердің арасындағы жусаны мен киікотысы аңқыған, моп-момақан болып бұғып жатқан Иірсуға соқтым. Мақсатым – өткен жазда өмірден озған қазақ әдебиетінің көкжиегін едәуір кеңейтіп кеткен талантты жазушы аға-досым, Шер-ағамыз «Қордайдың қоңыр құлжасы» деп атап кеткен Несағаның – Несіпбек Дәутайұлының бейіті басына соғып, тағзым етіп, қолымды жайып, құран түсіру болатын. Қатпар-қатпар қыраттар мен қоңыр белдер арасында иір-иір болып ағатын шағын өзен, оны жағалай өскен тал-дарақ ертеректе бұл аймақта ауыл болғанын сездіреді. «Колхоздарды біріктіріп, «ірілетеміз», совхоз жасаймыз» деп, билік иелері бес-алты ауылды қосып, Киров атындағы совхозды ұйымдастырады. Содан «қызыл белсенділердің» қыспағына, ызғарына ілікпейік деген ел-жұрт ғасырлар бойы тіршілік еткен атамекендерін тастап, үдере көшіп, совхоз орталығына қоныс аударыпты. Қазіргі Иірсуда ел-жұрт жоқ, қоңыр белдің шығыс беткейінде ескі қабірлер ғана көзге шалынады. Ежелден келе жатқан бейіттердің шеттеу жағында біріне бірі тым ұқсас, егіз қозыдай қатар тұрғызылған, қабырғалары қызыл кірпіштен қаланған екі қарапайым мазар алыстан көзге шалынады. Олар – Дәутай (азан шақырып қойған есімі Дәулетияр екен) қария мен оның ұлы Несіпбектің қабірлері. «Мен анау-мынау болып кетсем, Иірсудағы қара шалдың жанына сүйреп апара салыңдар» дейді екен Нес-аға замандастарына. Аманаты орындалды, әкесінің жанынан топырақ бұйырды. 

Айнала құлаққа тана тепкендей тып-тыныш, бейне бір жұмбақ тыныштық әлеміне еніп кеткендей сезімде боласың. Тек сонау көз жетпес көкте, биікте шырылдап сайраған бозторғайдың үні құлаққа еміс-еміс естіледі. Еріксіз өткен күндерді, кеткен жылдарды еске аласың. Көзі тірісінде Нес-аға қоңыр даусымен сиректеу болса да, балалық шағын, мына алдымызда қоңыр қыраттар арасында жатқан Иірсуын, онда тірішілік еткен жандарды, олардың әрекеттерін, тай-құлындай бірге өскен замандас-құрдастарын, өмірде көрген қиыншылықтарын ерекше бір сағынышпен еске алып, ирек саусақтары арасына қысып ұстаған сигаретасын құшырлана сорып, көк түтінге айналасын «орап» отыратын. Кейін олардың біразы шырайлы да тартымды әңгімелерінің кейіпкерлеріне айналғанына куәміз. Енді міне, меңіреу тыныштық аясында, кіндік қаны тамған туған топырақ құшағында тым-тырыс «қалғып» жатыр. 

«Пай, пай, Өмір!

Өтесің-ау бір күні.

Тиясың-ау қуанышты күлкіні.

Өмір деген — бір жарқ еткен найзағай,

Өмір деген – көк аспанның күркірі.

Пай, пай, Өмір,

Өтесің-ау бір күні!»

деп мұңға батып жырлаған Мұқағали Мақатаев өмірдің мәңгілік еместігін сездірген. Өтті дәурен, кетті дәурен... Бәрі, бәрі көрген түстей, ескен желдей өте шықты. Қайран қатігез дүние-ай! Мына  қоңыр белдің етегінде, суық жер қойнында кімнің жатқанын білер ме екенсің? Саналы ғұмырын қазақ әдебиетін көгертемін, көк аспанын кеңейтемін деп өмір сүрген қаламгер  Несіпбек Дәутайұлы енді біздің ортамызға қайта оралмайды. Оның кез-келген адамды ойға қалдыратын жаңа туындыларын, баспадан шыққан жаңа кітаптарын енді оқымаймыз. Ол бізден алыстап кетті. Тұла бойым мұңға оранып, көкірегім қарс айрылғандай ашып, кеудемдегі жұдырықтай жүрегім қатты-қатты соғып кетті...  Қайран, қатігез дүние!

Базбір себептермен кейде көңілім жабырқағанда, өмір туралы қазақтың мағыналы қоңыр әндерін сүйсіне тыңдайтын әдетім бар. Қазақта ән көп қой, бірақ әннің де әні бар. Маған ерекше ұнайтыны белгілі сыршыл да дүлділ ақын Есенқұл Жақыпбековтың «Алдай-ау, алдай, алдай-ау...», – деген жыр-термесін әншілердің домбыраға қосып айтатын, тереңнен жүрек қылын шертетін, кез-келген адамды ойға қалдыратын, өткен-кеткен жылдарыңа ойша шолу жасататын жанға жайлы сазды әні еді. Уақыт бөліп, сіз де сол әнге бір сәт құлақ асыңызшы:

Алдай-ау, алдай, алдай-ау,

Дүние түбі балдай-ау.

Алқынған күндер талпынған,

Жәутеңдеп қарап артымнан,

Жәутеңдеп қарап артымнан,

Қалды-ай-ау бәрі, қалды-ай-ау.

Үри-ай, дәурен, үри-ай,

Үмітпен өткен дүние-ай.

Теректей басым теңселіп,

Терең бір ойлар еңсеріп.

Ұйқы да тұйқы сең соғып,

Ұйқысыз өткен түнім-ай.

Арманым алда бұлыңғыр,

Орманым ол да сылыңғыр.

Жапырақтарын жанымның,

Білдірмей біреу жұлып жүр.

Өмірдің өгей пендесі-ай,

Өлеңнің шертіп қылын бір,

Өлеңнің шертіп қылын бір,

Өзіңді-өзің жылындыр.

Өткені-ай, бәрі өткен-ай,

Өмірдің жаз бен көктемі-ай.

Сары ала қаздар саңқылдап,

Сары ала күздің жеткені-ай.

Біреулер маған ынтызар,

Біреулер маған өкпелі-ай.

Өткінші мынау өмірде,

Өтпелі, бәрі өтпелі-ай.

«Аға» – деп барсаң ағаңа,

Ағаның көңілі көкте жүр.

«Бауыр» деп барсаң бауырға,

Бауыры оның көк темір.

Туысқанға – туа жат,

Жолдасыңа – жүре жат,

Жолдасыңа – жүре жат,

Менен де осы өтті өмір.

Қара тас сенен қорықпаймын,

Сенен де кейде от шығар.

Қара жер сенен қорықпаймын,

Саған да жазда шөп шығар.

Байқаған боларсыз. Әр сөзінің терең мәні бар өмір туралы, өткен күндер жайлы шебер, әдемі жазылған мұңлы толғау. «Айналайын ағайын! Сендермен жерді бір басқан, Сүйгізген, сүйген, мұңдасқан. Өмірі өлең жыр-дастан, Менде де арман жоқ шығар», деп елжірей толғанады Есенқұл ақын. Бірақ, тірі адамда арман-мақсат таусылған ба?! Күйбең тіршіліктің әурешілігімен кейде уақыттың жылжып өтіп бара жатқанын сезбей де қалатынымыз рас қой.

Есенқұл ақын бір сөзінде «уақытымның көбін желбір-жекендей желіп  жүріп ысырап қылып  алдым, көп уақытым айтыспен кетіп қалды...» дегендей  өкініш  білдірген  екен. Біз де бос өткен күндерімізге ертең өкініп жүрмейміз бе?  Мына алмағайып, сынаптай  сырғып, тоқтаусыз жылжыған  уақытта, оның қазіргі «заңдылықтарына» еріксіз бас иген біздер кімді елеп, кімге құрмет көрсетіп жүрміз? Неге солай болды екен?

ХІІІ ғасырда өмір сүрген парсының ұлы ойшыл ақыны Сағди:

Көп атақты қара жерге жерленді,

Өтіп бітті, аты да жоқ елде енді.

Сүйегі де топыраққа айналып,

Енді қалған бар қызығын жер көрді.

Наушарбаның жақсы ісімен қалды аты,

Жер жүзінде болмаса да тән заты.

Жақсылық қыл, ертең өзің кеткенде,

«Түк қалмады» демесін жұрт албаты.. – деп, адамзатқа ой тастайды, өміріміздің соңы өкінішпен аяқталып жүрмесін деп ескертеді. «Патша болсаң, Наушарбандай (VI ғасырда Парсыда билік ұстаған әділ патша) әділ бол» деп басқаларға үлгі етеді. Байқап отырсақ, мына жарық дүние өткінші екенін ұлы ақын өзінің атақты «Гүлстан» атты кесек дүниесінде жырлап кеткен.

2022 жылдың желтоқсанында Несаға 75 жасқа толар еді. Ол күнге жете алмағаны өкінішті. Қолтаңбасы қайталанбайтын, жазу шеберлігі керемет қарымды қаламгер Несіпбек Дәутайұлының артында қалған көркемдік қуаты мол, шоқтығы биік, ғажап әдеби шығармалары халқымен бірге жасай бермек. Оның куәсі – таяуда жамбылдық жас ақын-жазушылардың «Авангард» клубының кезекті отырысы өмірден өткен қаламгер Несіпбек Дәутайұлы, белгілі ақындар Тынышбай Рахым, Бауыржан Үсенов, Нарша Қашағанов, Серік Томанов, Артығали Ыбыраевтың шығармашылықтарына арналып, еске алу кеші жоғары дәрежеде өтті.

Әр шығармасы бір-бір сахналық қойылымға, тіпті кейбірі көркем кинофильмге сұранып тұрған жазушының артында қалған дүниелері көпке азық болатынына дау жоқ.  Журналист, жазушы, Несағаның шәкірті Ардақ Үсейінова қаламгердің «Айғыркісі» әңгімесінің желісімен жаңа форматта түрлендіріп, сахналық инсценировка жасап, «Қаратөбел» мистикалық-вербатим дайындап шықты. Оның қойылымы жазушының туған жері Қордайда, Таразда және Алматыда өтті. Қазақтың «Ғалымның хаты өлмейді, жақсының аты өлмейді» дегені, сірә, осындайда айтылған болуы керек.              

 Сағындық ОРДАБЕКОВ,

медицина ғылымдарының докторы,

профессор, Жамбыл облысының

Құрметті азаматы

 

1017 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз