• Ел мұраты
  • 24 Қаңтар, 2023

МАЙТАЛМАН

Сәуле АХМЕТОВА

Белгілі қазақстандық журналист, өз ісінің нағыз майталманы Валерий Жандаулетовтың өмірлік ұстанымы  –  маңызды болудың қажеті жоқ, қажет болу маңызды. Яғни, елі мен адамдарға керек болу. Бұл ол үшін басты басымдық болып табылады. Ата-анасы оның бойына жауапкершілік, адалдық, әдептілік, достық, қарапайымдылық, адамгершілік және мейірімділік сияқты құндылығы жоғары қасиеттерді сіңіре білді. Әрине, көптеген достарымен, таныстарымен адами-азаматтық, әріптестік байланыс жасай жүріп, мақалалары мен аналитикалық материалдарын, ондаған керемет кітаптарын шығарып,  тағылымға толы дәрістер оқи жүріп осы қасиеттердің барлығын айналасына дарытып келеді.

ОТБАСЫЛЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАРЫ

Әкесі Айтмұқаш Мүлікұлы Жандаулетов – майдангер, Ұлы Отан соғысының қатысушысы. Мектептерде, Қорғаныс министрлігінің бөлімдері мен құрамаларында үнемі ерлік сабақтары мен кездесулерін өткізіп, мұндай кездесулерге өзімен бірге балаларын да жиі алып баратын.

Алғашқы шайқасты Айтмұқаш Мүлікұлы БКСР Брест облысының Кобрин қаласы маңында өткізді. Березина өзеніндегі шайқастардың бірінде басы мен аяғынан ауыр жарақат алды. Ол Владимир маңындағы госпитальда емделіп, сол жерде болашақ әйелі Лариса Дмитриевна Жандаулетовамен кездесті… «Соғыстан кейін әкем әскери мансабын жалғастырды» деп бастаған Валерий Айтмұқашұлы өз естелігін былайша өрбітті:

– Жалпы, әскерде 30 жыл қызмет еткеннен кейін полковник шенімен әскери зейнетке шықты. Әкемнің терең сенімі бойынша, ол өзінің еңбекқор әкесі, менің атам Мүлікке қарыздар. Ол аштықтың ауыр жылдарында (1932-1934) 11 адамнан тұратын отбасын өлімнен сақтап қана қоймай, туыстарының отбасыларына аман қалуға көмектескен. Әкемнің үш бауыры соғыс даласында қаза тапқан. Әкесімен бірге ҚазКСР ҚазОАК аппаратында жұмыс істеген сүйікті ағасы Рашиттің (1942 жылы Мәскеу маңында қайтыс болған) бейнелері өмір бойы Айтмұқаш Жандаулетов үшін еңбекқорлық пен адалдықтың үлгілері болды және ол бізге, балаларына да, барлық туыстары мен жақындарына да осынау ең жақсы адами қасиеттерді сіңіруге тырысты. Бала тәрбиесінде анам басты рөл атқарды

– Менің анам – Жандаулетова Лариса Дмитриевна Владимир облысының Ковров қаласында теміржолшы отбасында дүниеге келген, – дейді ол. – Педагогикалық училищені бітіргеннен кейін мектепте орыс тілі мен әдебиетінен сабақ берген. Үйленгеннен кейін, әкем айтқандай, бәрімізге сенімді тыл берді. Оның біздің тәрбиеміздегі рөлін асыра бағалау мүмкін емес. Ата-анамыз бізге ешқашан қол жұмсаған емес, бірақ сөзбен жер-жебірімізге жететін. Кейде бір көзқарасының өзі жеткілікті еді...Әскери қалаларда тұрғанда анам өзіне жұмыс таба алмайтын, есесіне ол үйде болып, уақытының көбін бізге бөлетін. Біз әрқашан тамағымыз тоқ болып, ұқыпты киініп, уақытында сабағымызды оқып, ойларымызды анамызбен бөлісетінбіз. Сондықтан мен бәріміздің бойымыздағы негізгі адами қасиеттерді бала шағымызда аяулы аналарымыз қалыптастырады деп сенімді түрде айта аламын. Мұғалімдер, тәлімгерлер, достар тек қоғамдық тәрбие көрінісін толықтырады,  – дейді кейіпкерім.

Валерий Жандаулетов үшін ата-анасының бейнелері – шынайы отбасылық адалдық пен сүйіспеншіліктің жарқын мысалы. Үйдегі жағымды эмоциялық атмосфера, ерлі-зайыптылар, ата-аналар мен балалар арасындағы өзара түсіністік, өзара сыйластық, сүйіспеншілік – бұл Жандаулетовтар отбасының берік іргетасының құрамдас бөлігі.

 

ӨМІР АСУЛАРЫНДА

Егер өмірбаянына қысқаша тоқталсақ, Валерий Жандаулетов 1947 жылы 14 наурызда Цайц қаласында (Германия) дүниеге келген. Әкесінің қызметіне байланысты отбасымен бірге Ресейде, Әзірбайжанда, Арменияда, Грузияда, Украинада тұрған. 1965 жылы мектепті медальмен, ал 1970 жылы Львовтағы Украин полиграфия институтын үздік бітірген. Содан кейін Украинаның баспасөз академиясында аспирантурада оқып, кандидаттық диссертациясын қорғайды. Жоғары партия мектебі және Қазақстандық менеджмент, Экономика және болжау институты (КИМЭП) сатыларынан да өткен.

Еңбек жолын 1970 жылы Павлодар облыстық баспаханасының бас инженері болып бастайды. 1971-1974 жж. – Павлодар облыстық баспасөз басқармасы бастығының орынбасары. 1974-1988 жж. – Қазақ КСР Мемкомиздатының мерзімді баспасөз бөлімінің бас маманы, бастығы. 1988-1991 жж. – нұсқаушы, Қазақстан Компартиясы ОК сектор меңгерушісі, 1991 жылдан 2016 жылға дейін бас сарапшы, Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметі бюросының басшысы. 2016 жылдан 2020 жылға дейін – Республикалық жүйелік талдау және болжау орталығының бас сарапшысы, ал 2020 жылдан бастап ЮНЕСКО қамқорлығымен Халықаралық мәдениеттерді жақындастыру орталығының бас ғылыми қызметкері.

Бүгінде Валерий Жандаулетовтың есімі халықаралық және қазақстандық медиаорталарда және полиграфия саласында кеңінен танымал. Түрлі мемлекет қайраткерлері туралы кітаптар шығару жағынан абсолютті рекордшы, Қазақстан туралы түрлі монографиялар мен ірі маркетингтік және энциклопедиялық басылымдар шығарудың авторы және ұйымдастырушысы. Валерий Айтмұқашұлының айтуынша, ол өмірде жолы болған адам. Жұмыста да, түрлі ортада да керемет тұлғалармен тағдыр тоғыстырып отырған. Қызмет барысында әлемдік журналистиканың көптеген жұлдыздарымен жұмыс істеуге мүмкіндік алып, олардың арасында көптеген жылдар бойы дос болған әйгілі «саяхатшылар клубының» тележүргізушісі Юрий Сенкевичті ерекше атайды. Юрий Сенкевич біздің ел туралы төрт фильм түсіруге көмектескен.

Валерий Айтмұқашұлын достарымен рухани түсіністік, кіршіксіз ойлар, іс-әрекеттерге деген ортақ мүдделестік байланыстырады. Айта кету керек, қарым-қатынастағы барлық жағымсыз себептер оның табиғатына қайшы.

– Мүмкін мен әлемді теріс қабылдауды әрдайым айналып өткен шығармын. Менің байланыстарымның өте ауқымды шеңбері  – белгілі саясаткерлерден, министрлерден және әкімдерден, елшілерден және еңбек сіңірген мәдениет және спорт қайраткерлерінен бастап, еліміздің қарапайым еңбеккерлеріне дейін – әрқашан көптеген жағымды эмоциялар сыйлап, жадымда өзіндік із қалдырды. Әрине, олар интеллектісі, білімі, мінез-құлқы жағынан әртүрлі адамдар болды, бірақ олардың барлығын өмірді жақсартуға деген ұмтылыс, көршісіне көмектесу, таңдаған кәсібіне деген сүйіспеншілік, нақты істерге және белсенді өмірлік ұстаным біріктірді, – дейді В.Жандаулетов.

Валерий үкіметтік делегациялардың құрамында, туристік сапарларда әлемнің жартысын аралады десек  болады. Мәселен, Германияда, Америкада, Қытайда, Ресейде және басқа да көптеген елдерде дәрістер оқыды... Каспий университетінің профессоры, Қазақстан-Америка университетінің құрметті профессоры, Қазақстан Журналистика Академиясының және Еуразия Халықаралық экономикалық академиясының академигі Валерий Жандаулетов қаламгер әріптестері үшін «әрқашан бәріне әзір тұрады». Бірнеше республикалық және халықаралық журналистік сыйлықтардың лауреаты, еліміздің жоғары журналистік наградасының – «Алтын самұрық» алтын мүсіншесінің иегері Валерий Айтмұқашұлы баспасөзбен өзара ымыраласа іс-қимыл жасайды, оны газет, журнал редакцияларында, баспалар мен баспаханаларда жиі кездестіруге болады. Барлық жерде өз адамы. Істің адамы.

Оның үстіне, мақалалар, кітаптар жазу және басып шығару, баспаханалармен келіссөздер жүргізу, мемлекеттік емтихан комиссияларын басқару, конференциялар, дөңгелек үстелдер және БАҚ басшыларымен, журналистермен түрлі кездесулер өткізу – осының бәріне қалай үлгеретінін түсініп болмайсың. Телефонына үздіксіз қоңыраулардан тыным таппайды, өйткені олар бәріне керек адам. Жалпы айтқанда, бір бойына шаруақор адамның «толық жиынтығын» тоғыстырған. Алдында тұрған сан тарау мақсаттары мен жоба-жоспарларының бәріне үлгеру қасиетін жаратылыстың өзі сыйлаған болар.

Мемлекет қызметкері және жан-жақты маман ретінде өзінің қажеттілігін сезіну маңызды болып табылатын кейіпкеріме өз уақытында аса жауапты қызметтің сеніп тапсырылғаны кездейсоқ емес. КСРО ыдырағаннан кейін, 90-шы жылдардың басында, жаңа Тәуелсіз Мемлекет – Қазақстан Республикасының қалыптасуы кезеңінде сол кездегі ешкімге түсініксіз институт – Президенттің баспасөз қызметін қалыптастырып, дамытуға білек сыбана кірісті және осы жұмысында жоғары нәтиже көрсетті. Валерий Айтмұқашұлы осы жауапты жұмысқа өмірінің 26 жылын арнады. Мемлекет басшысының Алматы баспасөз қызметінің бюросын табысты басқарғанын және оны жоғары деңгейге көтергенін айтуымыз керек.

Қазақстан Журналистика Академиясының президенті Сағымбай Қозыбаев өзінің досы туралы «Мейірімділік бастауы» (2014 жылы Алматыда В.Жандаулетов туралы шыққан) кітабында былай дейді: «Мен айтайын, оның жұмысы оңай емес. Бірақ мұндай бақытты жағдай бәрінің басына бұйыра бермейді. Бұл менің досымның адамгершілігі мен табиғи қарапайымдылығы туралы. Өйткені, оның жұмысы сияқты жұмыста қызғаныш пен жалаға орын болмайды. Мұндай жағымсыздықтан бәріне жақсы адам ғана құтыла алады. Біз, оның әріптестері, ел журналистерінің мыңдаған армадасы үшін көңіл мерекесі –  оның біздің өмірімізде болуы. Мемлекет баспасөзі және Валерий, Валерий және БАҚ – бұл біртұтас ұғым. Осы сөздермен менің айтарым: біріншіден, оның танымалдығы. Екіншіден, Валерий – өз елінің патриоты. Үшіншіден, ол мейірімділік пен нәзіктіктің қайнар көзі – ол бәріне жетеді. Мұны бәрі растайды».

Осыған байланысты Валерий Айтмұқашұлының мерейтойы қарсаңында ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтан келесідей мазмұндағы құттықтау хатын алғаны да назар аудартады:

Құрметті Валерий Айтмұқашұлы! Сізді 75 жасқа толған туған күніңізбен құттықтаймын! Үлкен талант пен шығармашылық энергияның адамы, Сіз отандық медиа қоғамдастықтың көрнекті өкілдерінің бірі ретінде лайықты беделге және танылымға ие болдыңыз. Сіз Ел Президентінің баспасөз қызметінің жұмысын ұйымдастырудың, жаңа буын бұқаралық ақпарат құралдарының қалыптасуының бастауында тұру құрметіне ие болдыңыз. Көптеген әріптестер Сізді өздерінің тәлімгері және кәсіпқойлықтың үлгісі деп санайды, Сіздің жоғары жеке қасиеттеріңізді айтып жүреді.Сізді қалам мен сөз шебері, жетекшілігімен ондаған кітаптар, мақалалар мен әртүрлі тақырыптағы материалдар шығарылған тәжірибелі баспагер ретінде жақсы біледі. Сіздің белсенді өмірлік ұстанымыңыз, бейбітшілік пен келісімді нығайтуға қосқан жеке үлесіңіз үлкен құрметке лайық. Осы мерейтойлық күні Сізге зор денсаулық, амандық және одан әрі шығармашылық табыс тілеймін!

Қасым-Жомарт Тоқаев

Ақорда, Нұр-Сұлтан қаласы

 

СЕМЕЙ ПОЛИГОНЫНЫҢ ЖАҢҒЫРЫҒЫ

Валерий Айтмұқашұлы үшін қоғамдық жұмыстар да маңызды. Ол «Невада – Семей» халықаралық антиядролық қозғалысының вице-президенті, оның асыл миссиясы қандай да бір жолмен мемлекеттік – ұлттық, қоғамдық, экологиялық қауіпсіздікпен, азаматтарымыздың денсаулығымен, әл-ауқатымен тығыз байланысты. 

Биыл қозғалысқа 33 жыл болды. Оны 1989 жылы 28 ақпанда Алматыда белгілі ақын және қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов бастады. Антиядролық қозғалыстың ресми ашылу тарихы – Республиканың Әділет министрлігі № 0001 (1991 ж. 21 қазан) болып тіркелген Қазақстанның алғашқы үкіметтік емес ұйымы мемлекеттің елеулі қоғамдық-саяси міндеттерін шешуге бастамашы болғанының айқын мысалы. Валерий Жандаулетов антиядролық тақырыпта бірнеше кітап жазып, басып шығарды.

Өйткені, Қазақстан өз аумағындағы ядролық полигонды бірінші болып жауып, әлемдегі алғашқы ядролық қару иегері ретінде өзін ядролық қарусыз мемлекет деп жариялады. Бұл басқа елдерге үлгі болды. Содан кейін ұйымның көшбасшысы Олжас Сүлейменов әлемнің ең биік трибуналарында ұсынған және айтқан басқа да бейбіт бастамалар болды: «Невада-Семейдің» арқасында әлемнің 5 ірі полигоны жылдар бойы үнсіз қалды. Солардың бірі – Семей – мәңгілікке жабылды. Қалған төртеуінде – Ресейдегі Жаңа Жерде, Муруроа атоллында (Франция), Қытайдағы Лобнор көлінің жанында және Невада штатында (АҚШ) – бұл елдердің жариялаған мораторийі бар. Бірақ әлемдегі қаруланумен жарысудың қазіргі жағдайын ескере отырып, олар кез келген уақытта тағы да «әңгіме бастауы» мүмкін. Бұл дегеніміз, жайбарақат отыруға әлі ерте, күрес жалғасуда. Жаңа жағдайда қойылған міндеттерді орындау бір күннің шаруасы емес екенін түсініп, қазақстандық антиядролық қозғалыстың ардагерлері пікірлес жастардың лайықты ауысымын дайындауда.

– 33 жыл бұл біздің қозғалысымыз үшін маңызды күн, – деп атап өтті Валерий Айтмұқашұлы. – Өткенді еске түсіре отырып, біз болашақ туралы ойлауымыз керек. Семей полигонының жаңғырығы әлі де естіледі. Ресми мәліметтерге сәйкес, Қазақстанда 1,5 миллионнан астам адам зардап шеккен, бірақ бұл тек бір реттік азап емес, бұл адамдардың ұрпақтарының да азап шегуі. Ядролық сынақтар адамдардың денсаулығына және қоршаған ортаға орны толмас зиян келтірді, халықтың аурушаңдығы мен өлімінің өсуіне, онкологиялық аурулардың және әртүрлі генетикалық патологиялардың көбеюіне себеп болды. Полигон жабылғаннан бері көптеген жылдар өткеніне қарамастан, осы уақытқа дейін патологиямен қанша бала туады…

Валерий Айтмұқашұлы бастаған қозғалыстың штаб-пәтері Алматыда орналасқан, МАД белсенділері өңірлерде экологияны және зардап шеккендерді оңалту мәселелерін шеше отырып, үнемі ірі іс-шаралар өткізеді, бүкіл адамзаттың жарқын болашағы үшін ядролық қаруға қарсы қауіпсіздіктің проблемалық мәселелерін көтереді.

 

ҚОНАЕВПЕН БОЛҒАН ҰМЫТЫЛМАС КЕЗДЕСУЛЕР

Кейіркерімнің халқымыздың біртуар тұлғасы Д.А.Қонаев туралы естеліктері де өте әсерлі. Былтыр еліміз көрнекті саяси қайраткердің туғанына 110 жыл толуын атап өткені белгілі.

– Димаш Ахметұлы Қонаевпен ол зейнеткерлікке шыққан кезде жеке сөйлесу бақытына ие болдым. Бұған дейін партия органдарында жұмыс істеген кезде мен оның кабинетіне мемлекеттік баспа басшыларымен бірге бірнеше рет барып, жаңа кітаптар мен альбомдарды таныстырдым, бірақ бұл таза қызметтік қарым-қатынас болды. Осы ұлы адам менен көмек сұрайды деп ойламаппын да. Сол кездегі Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің іс басқарушысы Владимир Броттың айтымымен біз ең жылы рәуіштегі іскерлік қарым-қатынаста болдық деп ойлаймын. Дінмұхамед Ахметұлы менен оның шетелге сапарын ұйымдастыруға және шетелден келген қонақтарына виза рәсімдеуге жәрдем көрсетуімді өтінді. Мен істерді басқарудағы жігіттермен осы сұрақтарға жетекшілік еттім. Содан бастап біз жиі сөйлесіп тұрдық, – деп еске алады В.Жандаулетов.

Ол оған қонақтармен көмектеседі, баспа мәселелеріне ықпал етеді. Кейде олар қала шуынан алысырақта бірге серуендейді. Қонаевпен әңгімелесу жалпы сипатта болды, бірақ Валерий Айтмұқашұлы оған түрлі өмірлік жағдайларда дұрыс таңдау жасауға көмектескен кеңестері үшін өте риза.

– Қуаныш Сұлтанұлы Сұлтановқа Баспасөз министрлігінің жаңа құрамын қалыптастыруға көмектескенім есімде. Ол менің ұсыныстарыма мұқият қарады, бірақ ол маған министр орынбасарының креслосын ұсынғанда, Димаш Ахметұлының кеңесі бойынша, бас тарттым. Қазақстанда өз қағазы да, басқа полиграфиялық материалдар да болған жоқ, жаңа жабдықтар туралы тіпті әңгіме болған жоқ. Д.А. Қонаевтың пікірі бойынша, мұндай күрделі салаға тек өзінің шығармашылық жоспарларынан бас тарту арқылы ғана баруға болады. Ал ол жас тәуелсіз мемлекеттің имиджіне қажетті баспа жобаларының толық портфолиосы туралы білді. Мен баспа жобаларын таңдадым, – деді В.Жандаулетов.

 Валерий Жандаулетов өзіне және сүйікті ісіне адал болды. Уақыт та оның таңдауының дұрыстығын растады: қысқа мерзімде оған ұсынылған лауазымда бірнеше адам ауыстырылды, ал К.Сұлтановтың өзі көп ұзамай Қытайға елші болып жұмыс істеуге кетті.

Өзінің айтуынша, Димаш Ахметұлымен болған кездесулер оған тек көрнекті тұлғалар ғана ие бола алатын адами қасиеттердің кең ауқымын білуге мүмкіндік берген екен. Кейіннен ол ұлы тұлға туралы кітаптар мен альбомдар сериясын шығаруға қатысқан.

– Д.А.Қонаевтың адамгершілігін көрсететін бір мысал келтіргім келеді, – дейді В. Жандаулетов. – Түркиядан келген қонақтарды қабылдай отырып, Димаш Ахметұлы оларға өз үйінде қабылдау ұйымдастырды. Қонақүйде болған қонақтардың бірі кешігіп жатты, мен оны қарсы алуым керек еді. Ішінде Олжас Сүлейменов пен менің баспалық әріптесім Геннадий Толмачев болған қонақтар холда қабылдаудың басталуын күтіп отырған. Мен қонақты алып кіргенде Геннадийдің дауысы естілді: «Димеке, үстелге отырайық, әйтпесе Олжастың қарны ашты». Артынша Димаш Ахметұлының сабырлы жауабын естідім: «Күте тұрыңыз, қазір Валерий келеді, содан кейін бастаймыз». Менің тамағыма өксік келіп қалды, мен ол үшін кіммін, тек қабылдау көмекшісімін, солай бола тұра осындай құрмет білдірді. Димекең барлық адамдарға бірдей мейірімді еді.

Валерий Айтмұқашұлының өміріндегі бұл эпизод оны тек адам ретінде таныта түсетін табиғи қарапайымдылығын тағы бір мәрте рет көрсетеді. А.П.Чехов өз шығармаларының бірінде жазғандай: «Өзіңдегі адамды сақта». Иә, Валерий Жандаулетов Чехов айтқан сол адамды өзінде сақтап қалды. Ол адам ашуланшақтықты, ашулануды, мақтануды қабылдамайды. Оның ойлары мен ниеттері әрқашан таза. Өйткені, оның маңызды миссиясы –қоғамға қызмет ету.

P.S.Біз бұл мақаламызды Олжас аға Сүлейменовтың сөзімен түйіндегіміз келеді: «Адам өмірінің мәні – Жердегі өмір жолын жалғастыру, ал егер саған тағы біреуге көмектесу керек болса, оны жасауға тырысыңыз». Мерейлі 75 жасқа толған Валерий Айтмұқашұлына біз қашанда зор денсаулық, баянды бақыт, шығармашылық биік белестер тілегіміз келеді!

 

489 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз