• Ел мұраты
  • 24 Қаңтар, 2023

ЕЛДІК МҰРАТЫН ДӘРІПТЕУ

Гүлбану СӘРСЕКЕЙ,
«Торғайдың Жангелдин 
мұражайлар кешені» басшысы

Қазақ даласындағы хандық биліктің жойылуы, шекаралық аймақтарда  жаңа бекіністер салып,  қазақ жерлерін күштеп тартып алуды  одан әрі жалғастыруы,  қазақ қоғамында әлеуметтік қатынастардың  шиеленісуі Кенесары Қасымұлы  бастаған ұлт-азаттық  көтерілістің  шығуына себеп болды. Қазақтардың ХҮІІІ-ХІХ ғасырларда болған  басқа көтерілістермен салыстырғанда, Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық күрестің ерекшелігі, оған үш жүздің бұқара халқы түгел дерлік қатысты. Бұл күрестің кең қанат жайып, бүкілхалықтық сипат алуы, Кенесары күресінің өзіне тән саяси ерекшелігі деу керек. 
Азаттық күреске қатысушы рулардың саны күрестің алғашқы жылдарына қарағанда 1843-1845 жылдары көбейе түскені байқалады. Кенесарыны анағұрлым белсенді қолдаған рулар: Қыпшақ, Төртқара, Жағалбайлы, Табын, Тама, Бағаналы, ІІІекті, Алшын, Керей, Жаппас, Арғын, Үйсін, Дулат, т.б. Кенесары жетекшілік жасаған азаттық күресіне Ш.Едігенов, Шорман Күшіков, Мұса Шорманов және басқа   рубасылары мен  билер қатысты.  Кенесары бастаған азаттық  күрестің мақсаты  Абылай хан тұсындағы  қазақ хандығының  территориялық тұтастығын  қалпына келтіру, Ресейдің құрамына кірмеген  қазақ жерлерінің  тәуелсіздігін сақтап қалу болды.

Кенесары Ресей отаршылдығына қарсы  азаттық соғысты бастамас бұрын  бірнеше дипломатиялық  қадамдар жасады. 1837 жылдың көктемінде патша үкіметіне жаңа бекіністер жүйесін салудан бас тартып, салынған бекіністерді бұзуды, орыс әскерлерінің қазақ даласына ішкерілей енуін тоқтатуды талап етіп бірнеше хат жолдаған болатын. Сол хаттарының бірінде: «Ата-бабамыз мұра еткен Есіл, Нұра, Ақтау, Ортау, Қарқаралы, Қазылық, Жарқайың, Обаған, Тобыл, Құсмұрын, Орал, Торғайға дейінгі жерлер қазіргі патша тұсында бізден тартып алынып, ол жерлерде бекіністер салынып, сонысымен тұрғындарды өте қиын жағдайға ұшыратуда. Бұл тек біздің болашағымыз үшін ғана емес, сонымен бірге бүгінгі өмір сүруімізге де қауіпті», – деп көрсетеді.  Бірақ, Кенесарының бұл хаттары патша әкімшілігі тарапынан жауапсыз қалдырылды. Одан кейін Кенесары 1837 жылдың күзіне қарай ашық күреске шығады.  Кенесарының қол астына 20 мыңға жуық сарбаз жиналып, олардың ішінде Орта жүздің арғын, қыпшақ руларымен бірге Кіші жүздің де шекті, тама, табын, алшын, шөмекей, жаппас, жағалбайлы тағы да басқа руларының, Ұлы жүздің үйсін, дулат тағы да басқа руларының сарбаздары болды. Кенесары ұлт-азаттық көтерілісінде Ағыбай, Иман, Басығара, Аңғал, Жанайдар, Жәуке, Сұраншы, Байсейіт, Жоламан Тіленшіұлы, Бұқарбай, Мыңжасар тәрізді батырларға арқа сүйеді.

Мұндағы Иман батыр 1916-1917 жылдары Торғайдағы ұлт-азаттық көтерілісін басқарған Әбдіғапар Жанбосынұлының сардары болған Амангелді батырдың атасы. 1838 жылдың басында Ақмола округтік приказынан патша қызметіндегі жансыздар Жақан Көпин мен Сасық Көпенбаевтар сыйлық әкелген болып Кенесары ставкасына кіріп, қысқы қимылдарға дайындалып жатқан жасақтың жайымен танысқан. Кейін олар өз мәлімдемелерінде: «Қазақтардың барлығы да қаруланған. Кенесарының қос тігуді бұйыруы мұң екен, қас-қағым сәтте екі жүздей қос тігілді, бұған қоса қардан отызға тарта баспана жасалды да, солардың іші түгел қазақтарға толды, әр қоста 7-ден 10-ға дейін адам бар. Бұл тобыр, шамасы, 2700 қазаққа дейін жетеді, солардың арасында қыпшақ руларының басшылары – Иман мен Жартыбай да бар» деп жазады. Осы мәлімдемеге қарағанда Иман батырдың Кенесары жасағына қосылған кезі 1838 жыл болатын.

1838 жылы Жәуке батыр Ресей империясының отаршылдық саясаты мен озбырлығына қарсы қазақ ханы Кенесары Қасымовтың көтерілісіне қосылып, Ақмола бекінісін басып алуда ерекше көзге түскен. Жәуке батырдың басқаруымен сарбаздар бекініске алғашқылардың бірі болып кірген. Кейіннен Ақтау, Ор бекіністерін басып алған.

1838 жылдың аяғына қарай Кенесары Орынбор әскери губернаторлығына қарасты ЬІрғыз бен Торғай жаққа көшеді.  Ол кездегі Орынбордың генерал-губернаторы граф В.А.Перовский  алғашқы кезеңде көтерілісшілермен арақатынасты бейбіт жолмен шешуге тырысқан еді. Арадағы келіссөздер барысында В.А.Перовский Кенесарыға көмектесетін болады. Жылдың аяғында Кенесары мен В.А.Перовский арасында уақытша бітім жасауға қол жетеді. Ол бітім бойынша Кенесары бастаған көтерілісшілер шекара шебіне шабуыл жасамауға уәде береді. Бұл тыныштық 1842 жылға дейін созылды. Бірақ, уақытша тыныштық орнаған тұста Батыс Сібір генерал-губернаторлығының әскери отрядтарымен қарулы қақтығыстар тоқтаған жоқ болатын.

Иман мен Жәуке батырлардың табандылығы мен сенімділігі арқасында Кенесары Қасымұлы Торғай жағалауында қыстап шығады. Кейіннен Кенесары ханның ордасы осы жерге көшіріледі.

Жәуке батыр Кенесары Қасымұлының сарбаздарының отаршылдармен қақтығыстарында, Ресей үкіметінің жандайшабы Ахмет Жантөрин отрядына қарсы 1844 жылғы соғыста Ресей патшасының әскерлерімен бетпе-бет шайқасып, бірнеше рет күйрете соққы берген. Екатеринск станциясына шабуыл кезінде ерекше көзге түскен. Халық қамын ойлаған батыр қара қылды қақ жарған әділдігімен, ақыл-парасатымен ел құрметіне бөленген.

Белгілі тарихшы Ермұхан Бекмахановтың «Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық көтерілісі» атты зерттеуінде Жәуке батырдың есімі аталып, жазушы Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» роман-трилогиясында, ақын Нұрхан Ахметбековтің «Қарға» дастанында Жәуке батырдың көркем тұлғасы сенімді өрнектелген.

Торғай арғыны Мұсаұлы Шеген би туралы тарих ғылымдарының  докторы, профессор Болатбек Нәсенов «Кенесары – Дала  маршалы» атты кітабында  былай деп жазады: «Мен Кенесары Қасымовтың көтерілісіне байланысты Ресей мұрағаттарында өте көп іспен таныстым. Солардың ішінде Шеген ақсақалға байланысты көптеген құжатқа кездестім. Біразын осы кітапқа кіргіздім. Менің түсінігімде, бұл атамыз өте ақылды, кеңпейілді, мырзашылығы мол жан. Әрі өте бай болған. Сол себепті кімде-кім не нәрсеге кемтар болса, соларға шын пейілмен көмектескен».

Шеген бейтарап саясат ұстаған, «Кенесары саясатының бағыты дұрыс» деп санап, оған көмегін де аямаған.

Жазушы І.Есенберлиннің  1976 жылы шыққан «Көшпенділер» тарихи трилогиясын да атап өту керек. Сөзіміз дәлелді болу үшін үзінді келтірейік: «…Егер Сыр бойында жеке алысып жүрген Нұрмұхаммедтің Жанқожасы басқарған Кіші жүздің бір қауым қарашасын, Атыраудың күнгей қапталындағы Адайды, әлі де Шеген бидің қарамағынан шыға алмай келе жатқан Арғынды /Торғай арғындары/ өз жағыма тарта алсам, бар қазақтың басын қосқаным емей немене» деп ойлайтын Кенесары».

Көріп отырғандай, аттары жалпақ қазақ еліне жайылған осы үшеуінсіз ойлаған ісі жүзеге аспайтынын, қазақша айтқанда «төртеу түгел болса, төбедегі келетінін» Кенесары жақсы түсінді. Сондықтан да Кенесары олармен жақындасуға тырысты. Осындай аласапыран кезде, артында сөзін тыңдар елі бар Арғынның биі Мұсаұлы Шеген секілді табанды бимен Кенесары санаса білді. Дүниені дүр сілкіндірген Шыңғыс хан мен аты алты Алашқа мәшһүр қазақ халқының әйгілі ханы Абылай нәсілі, «берсең қолыңнан, бермесең жолыңнан» аламын дейтін Кенесары хан Шеген бимен найза ұшында емес, терезесі тең тұлғалар тұрғысынан ортақ тіл табысып, ақыл-қайрат ұшқындаған нағыз ерлерше табысқан.

Кенесары хан бастаған ұлт-азаттық қозғалысына қалам тартып, зерттеп жүрген тарихшы ғалым, профессор Серік Негимов 2015 жылғы 26 ақпанда «Ана тілі» газетінің №8 санындағы «Ұлттық тарихтың тарланы» атты мақалада Шеген бидің тарихи хаты жөнінде былай деп жазады: «Кенесары тарихының білімпазы, профессор Ермұхан Бекмаханов тарихи-мәдени, әдеби-фольклорлық  деректерді жұтынтып жеткізеді.

Мысалы, 1845 жылы Арғын тайпасының ұлтжанды, ақылды рубасы Шеген Мусин Ахмет Жантөринге мынадай хат жазған: «Сіз маған алтын алқа бердіңіз. Мойныма таққан соң мен қызға, әйелге айналдым, ал барқыт шапан киіп жас жігітке айналдым… Алтын, күміс ақша алдым. Менің жерімде дала сұлтаны Ахмет бекініс салып, маған орыстан әскер берді. Не істеуім керек? Мен Ахметке ризамын. Тек қана басымызға шаш киіп, аузымызды мұртпен жабу ғана қалды. Оны да істеймін әлі! Біздің дініміз бір және тіліміз де бір. Сіз осындай іс жасауға жол бердіңіз. Мен дәрменсізбін. Сіздің патшадан рақым сұраймын деген уәдеңізге біз сеніп қалған едік, бірақ мынадай күтпеген оқиға болды және неден болғанын білмеймін. Менің ойымша, сен тақтық сұлтандықтан, ал мен би лауазымынан бас тартуымыз керек. Мынадай мақал бар: «Құс қанатымен ұшып, құйрығымен қонады». Біз кеңесіп іс қыла алмадық, сондықтан мен өзімді лауазымды би, сені тақтық сұлтан деп ойламаймын. Мен: Ахмет ақылдасатын болар, ойымызды ортаға салармыз деп ойлағанмын, бірақ бұлай болмады, сондықтан мен өзіммен-өзім ақылдастым. Неліктен бұлай, білмеймін». 

 Көріп отырғанымыздай, Шеген бидің абақтыға жабылуы да лақап сөз емес, өмірде болған жағдай. Шеген бидің Орынбор өлкесінің шығыс бөлімінің билеуші-сұлтаны, төре Ахмет Жантөринге жазған тарихи хаты оның қазақ ұлтының болашағы үшін жанын беретін тұлға екенін көрсетсе керек. Торғай халқы Шегенді жау шебі келгенде бетке ұстар батыры, шытырманға түсіп торықса, жол көрсетер ақылгөйі, күйзелгенде қол ұшын берер қамқоршысы деп білді. Сондықтан да Шеген би туралы халық пікірі мен орыстың алдыңғы қатарлы зиялы қауымының пікірлері өзара үндесіп жатады.

Мұсаұлы Шеген бидің  Кенесары Қасымұлын Ұлытауда ақ киізге отырғызып хан көтергенде бата бергені жөнінде ел аузында  аңыз әңгіме бар. Сөзіміз дәлелді болу үшін төмендегі фактіге жүгінейік. 2014 жылы 30 желтоқсан күні «Егемен Қазақстан» газетінде  Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының  докторы Серік Негимовтің «Ұлытау сұхбатынан «Тәуелсіздік толғауына» дейін» атты мақаласы жарияланған болатын. Содан үзінді келтірейік:

«Академик Қ.Сәтбаевтың ой толғамына жүгінсек, Ұлытау «ескі сөз естеліктің кені». Және де Ұлытау кенересін Сарыарқаның кіндігі деп айтуға болады. Сондықтан Ұлытау жоталары қазақ даласының неше ғасырдан бергі тарихының ашық алаң, кең майданы болып келген. Талай хандар ордасын осы Ұлытауға тіккен. Талай батырлар жасағын осы Ұлытауға орнатқан… Сарысуға құятын Қаракеңгір дейтін өзеннің жиегінде атақты Шыңғыс ханның баласы Жошы хан мен Алаша хандардың мазарлары әлі күнге дейін бұзылмай тұр. Жыланшық өзенінің бастау көзі шығатын Ұлытаудың бір биігінде Ер Едігенің моласы бар деп жұрт аңыз етеді. Абылай да ордасын Ұлытауға тіккен,Ұлытаудың түстік бөктеріндегі «Хан төбе» дейтін жерде өткен ХІХ ғасырдың 30-жылдарында атақты Кенесары батырды  Орта жүздің баласы Арғын Шеген би бас болып, ақ киізге салып хан көтерген».

Кенесары хан бір жылдары барар жер, басар тауы болмай, жан-жақтан қыспаққа алынғанда Шеген би билігіндегі Торғай өңіріне келіп, Қошалақ-Қарасай құмын паналағаны жөнінде М.Сералиннің: «Майқарау Қарасайға біткен қалың, Қошалақ семіртеді Арғын малын. Қошалақ-Қарасайды мекен еткен, хан Кене, би Наурызбай бір жыл жарым» деп жырлағаны куәлік еткендей. Сондағы Кенесары ханның «Шақшақ Жәнібек ұрпақтары – Құдай еркелеткен адамдар, төрелер Құдайдан үлкен емес» немесе «Торғайда бір құтым бар – Мұса-Шеген» деп айтқан сөзінінің астарында бір сыр жатыр ма дерсің.

Міне, Кенесары Қасымұлы бастаған көтеріліс барысында Торғайдың батырлары ғана емес, би-болыстары да көп атсалысқанының дәлелі осындай.

Қостанай облысы,

Жангелдин ауданы,

Торғай ауылы

496 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз