• Тарих толқынында
  • 24 Қаңтар, 2023

Торғай ақындары шығармашылығындағы Кенесары-Наурызбай бейнесі

Батырлан  САҒЫНТАЕВ 

Дала өлкесі тарихы облыстық

мұражайының ғылыми қызметкері

Өзінің ерлігімен, парасатымен танылған Хан Кене – қазақ халқының аяулы ұлдарының бірі. Сондықтан да болар, оның бейнесі халық жадында өшпестей болып сақталған. Осы орайда Кенесары мен Наурызбай жайлы, оның соңына ерген батырлар жайлы өлең-жырлар, түрлі аңыз-әңгімелер халық арасында кеңінен таралған. Оның ерлік істері, өмір жолындағы түрлі оқиғалар жайындағы өлеңдер, толғаулар, дастандар мол көлемде кездеседі. Біршама  өлеңдер Кенесарыға серік болған батырлар жайында болып келеді. Олардың барлығында да халқымыздың азаттық жолындағы көтерілісі айқын сипатталады. 

Кенесары хан туралы жырлардың ең негізгісі – Нысанбайдың «Кенесары-Наурызбай» дастаны.  Бұл жорықтың жолын өзі көріп, өзі сезінген жыраудың қаһарман ханның ерлік істерін суреттейтін тамаша туындысы. Одан басқа Досқожа, Арғынбай, Доскей Әлімбаев, Иманжан Жылқыайдаров, Көкбай Жанатаев, Саяділ Керімбеков, Нұрхан Ахметбеков секілді халық ақындарының, Мұхамеджан Сералин, Қалижан Бекқожин секілді жазба ақындардың поэма-дастандары ел аузында жүрді. Кенесары-Наурызбай жорығы жүріп өткен жердің барлығында ерліктің дастаны қалды. Сондай өлкелердің бірі Торғай өңірінде де мұндай жырлар молынан кездеседі.

Хан Кене жайында Торғай өңірінде таралған жырлардың ішіндегі ең сүбелісі «Абылай-Кенесары» дастаны.  Жырды 1939 жылы Қостанай фольклорлық экспедициясы кезінде жазып алған. Жырлаушысы – Торғай өңіріне аты шыққан белгілі жырау Қашқынбай Қазиев. Жырды жазып алушылар жыраудың аты-жөнін қате жазып алғандықтан, әр жылдары шыққан жинақтар мен зерттеулерде Қашқынбай Қараев деп көрсетіліп жүрген жайы бар. Осы Қашқынбай жырау айтқан «Абылай-Кенесары» жыры қазіргі уақытта халықтық мұралардың қатарында фольклорлық туынды ретінде аталып жүр. Бірақ жырдың авторы бар. Ол Қашқынбайдың ұстазы болған Жұмабай Шалабайұлы. Бұл жайында қолжазба қорында сақтаулы тұрған жырдың түсіндірмесінде де жазылған:

«Кенесары – жөніндегі бұл жырды СССР ғылым академиясының қазақстандық филиалынан ел ішінен кеп түскен материалдан алдық. Жыр – Қостанай облысындағы Торғай ауданына қарайтын 11 ауылда тұратын Қашқынбай деген жыраудың аузынан жазып алынған. Қашқынбайдың айтуынша бұл жырды ең алғаш өлең ғып айтқан өзімен ауылдас тұрушы Жұмабай деген қарт (ол Жұмабай ХІХ ғасырда жазған) ақын екен. Жұмабай ақын бұл жырды ұзақ жырлайды екен. Бірақ өлер шағында түгел жазып бітіре алмай кеткен. Жұмабай ақын айтты деген бізде тағы бір жыр бар, бұлардың ішіндегісі маңыздысы осы «Кенесары жыры». Бұл жырды «Абылай, Кенесары» деген ұзақ дастаннан үзінді етіп ойып алды» [ОҒК: 1329].

Жырдың түсіндірмесінде көрсетілгендей, жырды ең алғаш өлең қылып айтқан Жұмабай деген қарт екен. Демек жырды шығарушы авторы да сол Жұмабай ақын ғой. Жыраудың ұстазы болған Жұмабай Шалабайұлы Торғай өңіріне уақ Жұмабай деген атпен танылған ақын.  Аталған жырдың уақ Жұмабай ақынның төл туындысы екендігіне Қашқынбайдың түсіндірме сөзінен кейін күмән жоқ болса керек.  Жұмабай ақынның Шақшақ Жәнібек батырдың әулетінің маңында болып Қорғанбек, Дәуренбектердің жанында жүргендігі де аян. Ақынның шыққан тегі уақ болса да өзінің айтысында «Мен Шақшақтың ақыны, айға шауып мерт болма, бұрынғының нақылы»  дейтіні бар. Осыған орай «Абылай-Кенесары» жырында да Шақшақтан шыққан батырлар мен Шеген би ерекше дәріптеліп отырады.

Кенесары хан болды,

Заманында Шегеннің.

Серігі еді бұл Шеген,

Елдің қамын жегеннің...

...Бұл жерде енді тұрмай мен кетейін,

Ерлерді тілімді алған тербетейін.

Ел еді аталарым дәурен сүрген,

Еліне ер Шегеннің мен жетейін [ОҒК: 1329].

Қолжазба қорларында жырдың бірнеше мәтіні сақталған:

ОҒК: Қ-1338, 13 дәптер. «Кенесары-Наурызбай өлеңі». Жинаған: Қашқынбай.

ОҒК: Қ-1338, 1 дәптер. «Абылай». Бұл нұсқа Жұмабай және Қашқынбай Қазыұлынан алынған. 1-29 бет. Жинап тапсырған: Мұқанұлы Смағұл.

Кенесары жайында көп жырлаған ақындардың бірі – Омар Шипин. Омардың «Наурызбайдың Досбол датқаны шақыра барғанда жолбарысты шанышқаны», «Кенесары, Наурызбайдың Адырлы мен Байтақ қаласын алғаны», «Иман батыр» жырларында көтеріліс барысында болған оқиғалардың барлығы дерлік қамтылған. Қара сөзбен өлең аралас жазылған «Жеті батырдың қысқаша тарихы» жазбасы да нақты тарихи деректерімен  құнды болып келеді. Омар өз жырларында  айтылатын жайлардың көпшілігін көтеріліске қатысқан куәгерлерден не болмаса олардың әңгімесін естіп, білген  жақын туысқандарынан жазып алып отырған. Кезінде «халық ақыны» атағын алып, бірнеше мәрте жыр жинақтарын шығарып, зор даңққа бөленсе де, Омардың Кенесары жайлы жазғандары Кеңестік кезеңде жарыққа шықпады. Дегенмен ақын бұл тақырыпқа арнап өлең-жырлар жазуын тоқтатпаған. Ақынның осы турасында Алматыда үлкен ортада жүрген Мәриям Хакімжановадан кеңес сұрап хат жазатыны да  бар. Онда былай делінген: «Мәншүк батырың кітапқа шықты ма, шықса бір данасын маған жібер. Омаров Ілиястың дені сау ма, қызметке орналасты ма? ...Зеңбірекпен Кенесарыны Арқадан ...тауға асырғаны туралы, Кенесарының Балғожаны қалай шапқаны туралы өлең жазсам қандай маңызы бары-жоғын Ілияспен ақылдас...» Омар Шипин 3/ІІ-1952».

Омар Кенесары жайлы жазған жырларын түрлі тақырыптармен қолжазба қорына өткізіп отырған. Мысалы «Наурызбайдың Досбол датқаны шақыра барғанда жолбарысты шанышқаны» деп аталатын жырдың атауынан батыр Науанның дала тағысын жеңгені туралы аңыз  болып қана көрінуі мүмкін. Шын мәнінде бұл жыр хан туының астына тұтас қазақтың бірікпегендігін, өз мүддесін ойлаған кей шонжарлардың Кенесары көтерілісін қолдамағандығын көрсететін туынды.

Жырда Кенесарының азаттық үшін күресіндегі ойы мен мүддесі ғана емес, ханның атқарған істерінің саяси астары да көрінеді. Оны Наурызбайды Сыр бойына жібергелі тұрғандағы ханның мына сөздерінен байқауға болады:

Елімен Досбол мұнда көшіп келсе,

Ұлы жүз, Кіші жүзбен келеді анық.

Омардың хан Кенеге қатысты ойларының жалғасы кейін жазылған Аманкелді жайлы  дастанында да көрініс тауып жатады. Ақын 1916 жылғы көтерілісті Кенесары көтерілісімен ұштастырып жазған. Мұнысы сынға ұшырағандықтан кейін қысқартулармен қайта жарияланған.

Торғай өңірінен Кенесары-Наурызбай жайында ең шоғырлы жырды айтқан – Қашқынбай жырау. Қашқынбайдың айтқан жырларды СССР Ғылым академиясының Қазақстандық филиалының экспедициясы 1938 жылы жазып алған. Жырау Кенесарының атасы Абылайдан бастап, Қасым, Саржанға қатысты жырларды, Жасауыл қырған мен Топжарған оқиғаларын хронологиялық тәртіп бойынша біріктіріп жырлайды. Бұл туралы жырау жырдың алғы сөзінде айтады:

Ел қамқоры ерлерден,

Азырақ кеңес қылайын...

Әр адамның қолында,

Азып жүрген сөздерін,

Жинастырып құрайын.

Көзіменен көрсе де,

Қысқа жазып Нысанбай,

Асыл туған ерлердің,

Шығармаған шырайын [ОҒК: 1338].

Нысанбайдың шығарған дастаны соңғы түйін болып, осынау мол көлемдегі жыр шоғырын тәмамдап тұр. Тағы бір айтатын жайт, Қашқынбай жырды орындаушы ғана емес, әрмен қарай дамыта жырлаушы ақын.  Ол жыр құрылымына біршама өзгерістер енгізген. Мысалы, Нысанбайдың жырында Кенесары-Наурызбайдың өлімі суреттелмейді. Ақын олардың қырғыз жерінде қалғандығын баяндағаннан кейін бірден жоқтау жыр басталады. Қашқынбай айтқан жырда Наурызбай батыр Кенесары тұтқынға түскеннен кейін, жанындағы батырларымен қош айтысып, өзі барып қолға түседі. Қырғыздар өзара кеңесіп Кенесары мен Наурызбайды өлтірмейік деген шешімге келеді. Оларды жекелеген би-манаптар бөліп алып, құрметпен ордасында қонақ етеді. Кенесары інісінен бұрын өмірден өтеді. Кәрбоз манап ханның қазасын Наурызбайға естірткенде бұрыннан шеменде жүрген батыр құсадан қайтыс болады. Мұндай қорытынды жасау жырды айтқан Қашқынбайдың Наурызбай өз өлімімен өлді, бауырлас екі халық бұл оқиға үшін бір-біріне кек сақтамасын деген көзқарасынан туған болуы керек. Сонымен қатар, батыр өз дұшпанынан майдан даласында жеңіліс тапқан жоқ, ағасы қолға түскен соң өз еркімен берілді. Ағасына «ақырғы демім біткенше сенімен бірге боламын» деген сертінде тұрды, Кенесары өлген соң өзіне бостандық берілсе де намыстан, ауыр қайғыдан өлді деген тұжырым да бар. Мұның бәрі Қашқынбай жыраудың өз қоспасы. Жырдағы арғымақ аттың жығылғанын, т.б. жайларды болжап білетін Нысанбай да Қашқынбай ақынның қосқан кейіпкері.

Кенесары-Наурызбай жырының зерттеліп, жинақталуына зор еңбек сіңірген белгілі ғалым Е.Ысмайылов Қашқынбай жырлаған жырды ең көркем, ең толық нұсқа деп баға берген.

Кенесары-Наурызбайға арналған сан салалы жырлардың бір парасы ханға серік болған батырлар жайында жазылған. Бұлардың ішінен Лұқпан Кенжеұлының «Жанқожа батыр», Сансызбай Қармысовтың «Ағыбай батыр», Саяділ Керімбековтің «Байсейіт батыр», Омар Шипиннің «Иман батыр» секілді туындылары айрықша. Осындай ерекшеленіп тұратын туындылардың бірі Файзолла Сатыбалдыұлының «Ер Толыбай» дастаны. Аталған туынды Ф.Сатыбалдұлының «Шерлі жылдар, шерулі жырлар» жинағында жарық көргенімен, әлі күнге дейін ешбір зерттеушінің назарына түскен емес. Мұнда Толыбайдың ерлік істері  ғана емес, Кенесары көтерілісінің басты мақсаты, қазақ халқының бостандық жолындағы жорықтары тамаша бейнеленген. Біздің шамалауымызша, Файзолла бұл жырды өмірінің соңғы кезеңдерінде, 1950-жылдардың шамасында жазған. Жырдың басында қысқаша анықтама сөз бар. Онда былай делінген: «Бұл әңгіме 1840-1847 жылдар шамасында Кенесары-Наурызбай заманында болған. Басы Сарыарқада басталып, аяғы қырғыз Алатауының бір тармағы Кекіліктауда аяқталған сұрапыл жорықтарға қатысқан Толыбай батырдың ерлік ісі туралы баян етілді».

Жырда Иман батыр бастаған Толыбай, Шәкір, Жәуке, Тауық секілді Торғай өңірінен шыққан батырлардың көтеріліске қосылуы, Шеген мен Шоқай бидің хан Кенеге бата беруі,  Балғожа бидің шабылуы секілді оқиғалар барынша толық жырланған. Ақын жырдың соңғы бөлімінде Кенесарының жорық жолдары мен қаза табуына қысқаша тоқталып, азаттық жайлы өзіндік толғамын айтқан.

«Ер Толыбай» жыры Ұлытау бойын жайлаған Қыпшақ пен Найман руының арасындағы мал барымтасы жөніндегі оқиғаны баяндаумен басталады. Аға сұлтан болған Сандыбайдың Ердені сол жерді мекендеген аз ғана қыпшақ ауылының малын барымталап алады. Бекқұлы байдың ұлы Толыбай осындай барымтаның бірінде Ерденнің ұрыларын қолға түсіреді. Осыдан екі рудың арасы ашылып жауласқалы  тұрған кезінде Кенесары бастаған көш Торғай өңіріне келеді де інісі Наурызбайды жүз жігітімен Иман батыр бастаған қыпшақ руына жібереді. Наурызбай Бекқұлы бай мен Иман батырға келгендегі мақсатын Файзолла өз жырында былай жеткізеді:

Ақ патша жерімізді алып жатыр,

Қаласын жыпырлатып салып жатыр.

Ұлыңды құл, қызыңды күң етпекке,

Ойына келгендерін қылып жатыр.

Ердендер айтқанына көніп жатыр,

Ыбырай, Мұса, Шыңғыс сеніп жатыр.

Мәз болып шен-шекпенге елін сатып,

Сұраған жер шұрайын беріп жатыр.

Шегендей билер сирек көнбейтұғын,

Алданып қу мансапқа сенбейтұғын.

Бес күнгі бақыты үшін қу басының,

Сөзіне кәпірлердің ермейтұғын.

Біз келдік қазақ қамын ойлағасын,

Халықтың қасіреті қинағасын.

Шыңғыстай аға сұлтан болар еді,

Ойласа Кене көкем қара басын.

Көнбеді берген шен мен мансабына,

Тиді ол оқтан бетер хан шамына.

Даласын Кене көкем қорғамақшы,

Ерсе егер қалың қазақ ел соңына.

[Сатыбалдыұлы Ф. Шерлі жылдар, шерулі жылдар. – Қостанай: Баспа үйі, 2004].

Осыдан кейін Иман батыр бастаған үш жүз сарбаз Кенесары әскеріне барып қосылады. Жырдың екінші бөлімінде Кенесарының хан сайлануының жайы сөз болады.  Осы тұстарда Кенесарының бейнесі де көрсетілген:

Ер Кене қысыр сөзді ұнатпайды,

Мылжың мен мақтаншақты

                                        жаратпайды.

Кісіні бір көргеннен таниды да,

Маңына ішмерезді жолатпайды.

Айбаты – арыстандай суық кісі,

Адамның бұл да ерекше көріктісі.

Көп тыңдап, аз сөйлейді, тым сабырлы,

Дініне алабөтен берік кісі.

Тұрады кімді болсын мысы басып,

Қалады көрген кісі демде жасып.

Кісінің ту сыртынан өтер көзі,

Ерекше жаралған жан айбыны асып.

Бұл шумақтардан Кенесарының сыртқы бейнесі ғана емес, ішкі жан дүниесі де байқалады. Ханның ерекше айбатты, халықтың сүйіспеншілігіне бөленген жан екендігі туралы жазып қалдырған куәгерлер мен тарихшылар көп. Байтақ даланы дүбірлеткен Кенесары жорықтары шетелдік саяхатшылардың да назарына іліккен. Ағылшын саяхатшысы Томас Аткинсон қазақ даласында жеті жыл болып, кейін еліне барғанда жазған «Орта Азия мен батыс Сібір», «Амур бойына» саяхат секілді еңбектерінде Кенесары  жайында естіген әңгімелерін баяндайды. Ондай былай делінген: «Кенесарының жеке басы көзсіз батыр, ұландары арасында шексіз беделі болатын. Оған олар құдайға құлшынатын, жетесіз кеткендерді аямайтын, оларды өлім жазасы күтетін. Жаумен кескілескен айқастарда ұран салып, айбалтасы жарқылдап, соғысқа бірінші кіретін. Бұл жігіттерге сенім беретін, оның көптеген бастамасының баянды болуына негіз қалайтын». Жырдағы Кенесары тұлғасы да ханның өмірдегі бейнесіне барынша сай келетіні көрінеді.

Кенесарының хан сайлауына жиылған көпшілік қауымға айтқан сөзінде де қазақтың ауыр күндері, замана зарпы тиген халықтың бодандықтағы күйі көрінген. Сонымен қатар еркіндікке ұмтылған елдің ер рухы да байқалады.

Қосылдық Русияға надандықтан,

Алтыауыз алтыбақан жамандықтан.

Осылай көне берсек дегеніне,

Не пайда таппақ алаш бодандықтан, – дейді Кенесары.  

Хан көтеру сәтіндегі Шеген би мен Шоқай бидің бата беруі де сәтті бейнеленген. Екінші бөлім Кенесарының елге серт беруімен аяқталады.

Үшінші бөлім Кенесары бастаған қалың әскердің қатарында болған  Ағыбай, Дулат, Меңдібай, Бұхарбай секілді батырларды, Досқожа, Нысанбай сияқты жорық жырауларын айтудан басталады. Ақ патша қарауында болып, көтерілісшілерге қосылмаған аға сұлтан Ерден мен Балғожа бидің ауылын шауып алғаны сипатталады. Жырдың кей тұстарында ертегілік сипат та жоқ емес. Мысалы Кенесарының Толыбайды Ерденге жұмсайтын жерінде «Батырдың бастаушысы көкжал бөрі, Бөріге күндізгідей аян бәрі» деген жолдарда әр батырдың өзінің бастаушысы, киесі болады деген сенім жатыр. Балғожа бидің шабылуы, бидің ұлы Алтынсарының қаза табуы туралы да айтылған.

Соңғы бөлімде ақын Кенесары бастаған қолдың Аманқарағай, Ақмола, Стап, Бағлан, т.б. патша әскерінің қамалдарын шапқандығына қысқаша тоқталып, азаттық жайындағы толғамын айтады.

Жырды жазған Файзолла Сатыбалдыұлы да азаттық жолында күрескен тұлғалардың бірі. 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісте Торғайда хан сайланған Әбдіғапар Жанбосынұлының көмекшісі болған Файзолла Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Ахметсапа Жүсіпұлы  сынды Алашорда өкілдерімен тығыз қарым-қатынаста болып, өмірінің басым көпшілігін қуғын-сүргінде өткізген. Ақтық демі шыққанша Ахаң мен Жақаңның шығармаларын насихаттап, өзі де шығармашылықпен айналысқан ақынның туындыларында азаттық идеясы жиі байқалады.

Кенесары жайлы жазылған тамаша жырдың бірі Нұрхан Ахметбековтің «Жасауыл қырған» атты дастаны. Дастанда Жаппас Жанғабылдың Кенесары ханның бір топ жасауылын алдап қырып салғаны жайында айтылады. Нақты тарихи деректерге сүйенсек, Торғай өңірінде болған жасауыл қырғыны кезінде Кенесарының атақты батырларының бірі Байтабын қаза тапқан. Оның өлімі көтерілісшілерге қатты батқан. Батырдың қаза тапқан жері әлі күнге дейін «Байтабын соры» деп аталады. Бұл турасында Кенесарының жорық жырауы болған Нысанбай жырынан бастап ел ішінде түрлі өлең-жырлар көп таралған. Жанғабылдың жасауылдарды қырып салуына оның Алтыбай Көбекұлы үшін кек алуы, Ресей империясы мен Қоқан хандығынан шен алуы секілді себептермен бірге ханның соңына ерген кейбір жасауылдың тентек  істері де әсерін тигізген. 

Осындай тарихи оқиғадан желі тартқан «Жасауыл қырғыны» туындысы  Кеңестік кезеңде саясат ағымына қатысты қайта жырланып, бастапқы қалпынан өзгеріске ұшыраған. Нұрхан  1932 жылғы ашаршылықты суреттейтін «Күләндам» дастанын жазғаны үшін қуғын көріп, қысымға түскен. 

Кеңестік кезеңде Кенесары бастаған көтеріліске қарсы пікірлер бой алып, оны халықты қанаушы бейнесінде көрсетуге тырысты. Соған байланысты 1947 жылы ҚК(б)П Орталық Комитеті «Қазақ ССР Ғылым Академиясының Тіл және әдебиет институтының жұмысындағы өрескел саяси қателіктер» туралы қаулы қабылдады. Осы тұста «Жасауыл қырғыны» дастаны үшін Нұрханның басына тағы да қара бұлт үйіріледі. Ақынның досы Қайнекей Жармағамбетов Нұрханды Алматыға алдырып, дастанды қайтадан өзгертіп жазуға ықпал етеді. Осылайша Кенесарыны  мадақтап жазылған туынды саясат ағымымен ханды әшкерелейтін шығармаға айналып шыға келеді. Тағдыр тәлкегі де сол болар, Нұрхан осы «Жасауыл қырғыны» дастаны үшін  Абай атындағы мемлекеттік сыйлыққа ие болды.

Кенесары жайлы жазылған жеке туындылармен бірге түрлі тарихи жырларда оның есімі, еңбегі сөз болады. Торғай өңірінен шыққан белгілі дін басшысы Әлмағамбет Оспанұлының «Қазақ шежіресінде» Кенесарының патша отаршылдығына қарсы күресі сипатталады. Өкінішке қарай, көтеріліс жайында баяндаған шумақтың соңғы жағы өшіп қалған. Дегенмен автордың Кенесары хан қаза тапқан Қырғыз Алатауын сөз етуіне қарағанда көтеріліс жайлы тәптіштеп жазылғанға ұқсайды.

Бағынған барлық қазақ мұнан кейін,

Орысқа бодан болып сонан кейін.

Бірнеше көтеріліс болса-дағы,

Шықпаған еш нәтиже онан кейін.

Ақымдап ақылменен ала берген,

Түркістан, Хиуа, Бұқар шетке дейін.

Сарыарқа, Сырдың бойы, Шыршық суы,

Ар жағы Алтай бетке дейін.

Наурызбай, Кенесары – екі төре,

Келіпті көне қоймай көпке дейін.

Қырғыздың Алатауы түгелдейін... [ОҒК: Қ-559, №3]

1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс кезінде туған өлең-жырларда  Кенесары жайлы айтылған шумақтар жиі кездеседі. Әсіресе Аманкелді батыр жайындағы жырларда оның ерлік дәстүрін арғы атасы Иманнан бастап жырлайды. Иман Кенесарының белді батырларының бірі болғаны тарихтан аян. Сәт Есенбаевтің, Омар Шипиннің дастандарында, Бақыт Имановтың «Қанды тас» поэмасында Кенесары көтерілісі жайында айтылады. Шындығында да Әбдіғапар, Амангелділер бастаған көтеріліс Кенесары бастаған жолдың заңды жалғасы еді. Батыр жас күнінен аталар ерлігін естіп, біліп өскен. Бұл жөнінде Амангелдінің жанына көп ерген Баспақбай Қоржынұлы мынадай бір қызық әңгіме айтады:

«Ел арасының дауы болып, халықты аралап жүргенде Жайсаңбай ауылына түстеніс жасадық. Жанымызда бірнеше ақсақал мен жігіт-желең болды. Батырдың ерлігі, бидің тілмарлығы жөнінде аңыздар айтылып, әңгімеленді. Сол ауылға келген Арғын елінің атақты жырауы Жанбатыр сөздің бір орайы келгенде Амангелдіге:

–Жарқыным, алдыңнан ұрыстан сескенгендей ұл екенсің. Атаңның атын аташы, – деді. Оған батыр:

– Атам аты Иман, – деп келте жауап қайырғанда, Жанбатыр жұлып алғандай:

– Ер аруақты елдің ұлысың. Атаңның атын атауға неге еріндің? Бабаң  жайында байыпты кеңес айтайын, – деп көпті көрген көне жырау сөз бастады.

Шеру тартып, сүңгі ілген Кенесары қолы Тобылды өрлей көшті. Найзасы аумаған ерлер таң салқынымен Адырлы қаласын шабуға бет алды. Жолшыбай Көктөбе деген жерде жау бар деген хабар жетті. Жайықты бетке алып жортқан қол таң ата жауға айқасты. Жау қолы тастан қорған салып бекінген екен... Іштен атылған мылтық батырларға жол бермей, жұрт қамалға кіре алмай тұрғанда, Науанның жанында тұрған Иман батыр:

– Анадан ұл  болып тудық, ер болып қамал бұзбасқа не шара, – деп Адай бурылмен қорғанға қарғып кіріп кеткен екен.

Сенің атаң сол Иман,

Қамал бұзып, жау қуған.

Сарыарқадан аттанып,

Орта жүзден қол жиған, – деп Ақмолда ақын тек айтқан ба? Атаң ата-ақ емес пе деп еді дейді [«Большевиктік жол» газеті, 05. 01. 1944 жыл, №4]. Амангелдіге арналған басқа да жырларда Кенесары есімі сүйінішпен айтылады.

Тәуелсіздік алғаннан кейінгі уақытта да ақындарымыз Кенесары-Наурызбай ерлігін жырлап келеді. Олардың қатарында Серікбай Оспановтың «Шеген би», Бақыткерей Ысқақтың «Жау жүрек Жәуке» поэмаларын ерекше атап өтуге болады. Айтбек Ахметбековтің Байтабын батыр жайында жазған поэмасы да тәуір шығармалар қатарында. Атап көрсетілген туындылар кең тынысты, нақты тарихи оқиғалардан желі тартқан көлемді жырлар. Бұлардан басқа Кенесары-Наурызбай ерлігін дәріптейтін қысқа көлемдегі арнау өлеңдер, толғау жырлар жиі кездеседі. Олардың барлығында айтылатын ой бір арнаға келіп құяды. Ол – қазақтың азаттық үшін күресі. Бұл жырлардың барлығы да халқымыздың аяулы ұлдарының ерлігін  өзек етіп, тарихи шындықты көркем шындыққа айналдырған туындылар.

Арқалық қаласы

797 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз