- Ұлттану
- 25 Қаңтар, 2023
«ТАР ЖОЛ, ТАЙҒАҚ КЕШУ» ТАҒЫЛЫМЫ
(ЭМОЦИОНАЛДЫҚ ЭССЕ)
ҚАЙРАН СӘКЕН!
Сәкен Сейфуллиннің бар жазығы – кеңес үкіметінің әлеуметтік салада әділет орнатам деген саяси уәдесіне сеніп, қолдағаны. Оның кейін 180 градус кері бұрылып кетерін қайдан білсін. Оның зардабын өзі де тартты ғой. Менің бұл жерде айтпағым – Сәкеннің саяси көзқарасы емес (Саясатта да ол туған еліне, қазағына сатқындық жасаған жоқ!). Ақындығы, жазушылығы. Сәкенді ақын емес, жазушы емес дейтіндер көп. Басына күн туса, нағыз сатқын сондайлардан шығады. Ол 15-16 жастағы әнші қызды бозторғайға теңеп, былай суреттейді: «Жаз күні жырлаған бозторғай шырқап-шырқап, мың құбылтып, дауысын құйқылжытып, көкке қарай өрлейді. Қалтыраған, сылдыраған дауыспен бірге қанаттарын қалтыратып қағып, биік шарыққа көтеріледі. Бір уақытта төңкеріліп, ұйытқып, құйқылжыған дауыспен төмен түседі. Бір уақытта шарқ ұрып серпілген дауыспен қайта көкке шығады. Көкте жүріп шыр көбелек айналып, тағы мың құбылтып жырлайды. Бір уақытта дөңгеленіп тұра қалып, бір ноқатқа қадалып, қанаттарын қалтыратып, әдемі, зарлы сұлу дауыспен жырды үзілтіп-үзілтіп, түйдек-түйдек тізбектейді. Бозторғай мың құбылтып жырлайды. Бозторғайдың жыры маужыраған жер мен көкті тербетеді...» («Тар жол, тайғақ кешу». – «Жазушы» баспасы, 2009. – 8-бет). Бұл – Сәкеннің 1916 жылғы күнделігінен. Ал бізде осының ширегіне татымайтын «ұлы классиктер» қаншама?
СӘКЕН СЕЙФУЛЛИН НЕГЕ «БОЛЬШЕВИК» БОЛДЫ?
«Тар жол, тайғақ кешу» – автордың көзбен көргенін өз ойымен өңдемей, «фотожазба» түрінде қағазға түсірген еңбегі. Патша тақтан түскен соң Сәкен де бірден «большевик» болып кетпей, қазақ оқығандарымен бір сапта болған. Бірақ кейін «кейбір нәрселерді» көре жүріп, бай-молдалардан іргесін аулақ сала бастаған. Мәселен, қазақ комитеттерін басқарған оқыған азаматтар Оралда Салық болыстың, Ақмолада Сыпан болыс секілділердің алдында құрақ ұшып жүрген. Осындай-осындайларды көп көре келе, Сәкен олардан бой тартып, ақырында «большевик» атанып кеткен секілді. Ал әлгі молда, болыс, байлардың бүкіл пиғылы – сол баяғы патша кезіндегі өктемдігінен айнымағаны көрер көзге белгілі-тін. Алайда Сәкен ниеті түзу қазақ оқығандарын «алашшыл» болғаны үшін жамандамаған. Сәкен жалпы алашқа қарсы емес, сол алаш (қазақ) жұртын тағы да бұрынғыша бай-жуандар илектеп алмаса деген ойда болғаны байқалады. Бұған дәлел – Сәкен Ахмет, Міржақып, Бөкейханов бастаған «Қазақ» газеті туралы сол 1917 жылдың өзінде былай жазған: «Жалпы, қазақ оқығандарының рухына жел беріп отырған – «Қазақ» газеті еді. «Қазақ» газеті өзге газеттерден бұрын (1913 жылы) шыққан өркенді газет болды. Өркендеген бұл газет қазақ халқы жақсы жерден, судан айырылып, патшадан қорлық көріп, тұрмысы өзгеріп, «Жерім-ай! Суым-ай! Қорлық-ай!» деген заманда шықты. Және сол тұрмыс өзгерістерінің әсерінен қазақтың оқуға ұмтылған жастары көбейіп, талпына бастаған қарсаңында шықты. Бұл газеттің басындағы шығарушылар (Ахмет, Әлихан, Міржақып, т.с.с. – Ғ.Ж.): «Жерім-ай! Суым-ай...» деген зарлы мұң қылып, жыр қылып айтушылар болды. Сондықтан олар қазақ оқығандарына көсемдік қылды. Сол көсемдікті бұлар 1913 жылдан «Қазақ» газеті арқылы үгіт қылып келіп, патша түскен соң күшейтті. «Алашорданың» ұраншылары осылар болды» дейді Сәкен («Тар жол, тайғақ кешу». – 2009. – 56-бет).
«Қазақ комитетінің (алаш бағытындағы ұйымдардың бірі. 1917 ж. – Ғ.Ж.) халық алдында қадірі қалмады, – деп жазады Сәкен. – Қалайша қадірлі болсын?.. Комитетке кіріп алып бұрынғы ел жеуге үйреніп қалған переводчик, молда, мырзалар тағы да елге тұмсықтарын тықты. Тағы да бұрынғы жуандар, молдалар тайраңдайтын болып алды. Тағы да жауыздық істеле бастады» (Тар жол... – 63-бет). Яғни Сәкен жалпы Алаш қозғалысына да, Алашордаға да емес, ондағы кейбір теріс пиғылдыларға қарсы болған. Бірақ «Қасқырдың аузы – жемесе де қан» деп, сол үшін әлгілер Сәкенді қазаққа жау етіп көрсеткен. Мұндай алаяқтық қазір де жоқ емес. Ал бізге осыдан артық не керек?! Сәкен Байтұрсынұлын «нағыз қазақ көсемі» деп жазғанын бұрынғы бір сөзімде көпшілікке құлаққағыс еткен едім. Ал Сәкен: «жуан болыстар мен «кәдірлі» молдаларды «Алашорда» өзіне күш қылды. Бұлардан ылғи «бата» алып отырды» десе («Тар жол... 55-бет), бұл – оның көзбен көргенін айтқаны. Сәкенге «большевик» атағын алғаш таңған да солар екені анық. Ақырында, Сәкен, шынымен де, «барар жер, басар тауы қалмағандықтан», амалсыз большевик болып қалғандай... Сол тұста совет қазаққа толық ерік беріп, қазақ ұлттық мемлекет орнатуға мүмкіндік алар болса, ол жағдайда бұған дейін советке қарсы майданда біртұтас болып келген, жігі бөлінбеген Алашорданың өзі ішінен екіге яки бірнешеге бөлінуі де мүмкін секілді. Олардың Байтұрсынұлы, Әлихан, Міржақып, тағы басқа көптеген қайраткерлер бастаған үлкен тобы бұрынғы болыс, бай, қожа-молданың ырқында кетпей, ұлттық-әлеуметтік әділ қоғам орнатуға күш салса, енді бір бөлігі сол баяғы патша кезіндегі қоғамды қайта орнатқысы келер еді. Тек айырмашылығы – бұрынғы патшаның орнында байшыл, өктемшіл пиғылдағы «өздері» болуы мүмкін-ау. Егер бұл жағдай асқынса, кішігірім «азамат соғысы» қазақтың өз ішінде де болып кетуі... Қысқасы, Сәкен қазаққа, ұлттық мемлекеттілікке қарсы болған жоқ, тек бұрынғы патша кезіндегідей емес, зиялы, өркениетті әділ қоғамды аңсады. Байтұрсыновтардың да ойы, көксегені осы еді ғой. «Бір қарын майды бір құмалақ шірітеді» деп, «алаш» атын жамылған ойы басқалар сол кезде де болмады дейсіз бе. Сәкен соларды көріп, секем алған секілді. Бүгінде өтірік патриот болып айғайлап жүргендер аз емес. Сәкеннің кезінде де жалған алашшылдар болған жоқ дей аламыз ба? Бірақ сол жылдары алаш билігі қазақтың өз қолына тиген болса, Сәкен Сейфуллин «большевик» шапанын сыпырып тастап, сөзсіз Байтұрсыновтардың жанынан табылар еді! Бұған дәл менің сенімім зор, еш күмәнім жоқ. Енді келіп, білгішсініп, «сәкен – большевик» деп сайраймыз. Сөйтіп, кезінде сталиндік-голощекиндік репрессия өмірін қиған асыл азаматымыздың аруағының басына «ұлттық репрессияның» қара бұлтын үйіріп, өзіміз судан таза, сүттен ақ бола қаламыз. Қайқаңға біткен қарағайдай, қайран Сәкен! Қайтейін, ағатай!
P.S. Мен (Ғ.Ж.) көптен бері (20 жылдай) Сәкен Сейфуллин мен Олжас Сүлейменовке «қоғамдық қорғаушы» (общественный адвокат) болып, пікірімді айтып, жазып жүрмін. Оған себеп – қазақтың нар тұлғалы осы екі азаматының атына анда-санда болса да, айтылып қалатын қаңқу сөздер. Рас, Сәкен «большевик» болды, неге екенін жоғарыда айттым. Ал Олжастың «орысшылдау» екені де өтірік емес. Бірақ мен Сәкеннің өз халқына, ұлтына кіршіксіз адал болып өткеніне күмән келтірмеймін. Қазақтан Олжастай білімді адам шыққанын мақтан етемін. Сәкеннің большевиктігі мен Олжастың орысшылдығының арасында бір нәзік байланыс (ұқсастық) жоқ па екен осы деп те ойлауға болады. Ұлт патриотымын деп ұрандататындардың бірсыпырасының сөзінен ісі алшақ берекесіздігі бүгінде бар, бұрында болмады дейсіз бе? «Тар жолда» сондайдың талайы көзге ұрып тұрған жоқ па!
«ТАР ЖОЛ, ТАЙҒАҚ КЕШУ» РОМАНЫНЫҢ ҚҰНДЫЛЫҚ МАҢЫЗЫ
Бұл – дайын архив. Сәкен мұнда өз сөзінен гөрі, кезіндегі газетке шыққан мақалаларды тұтасымен келтіріп отырады. Оның көпшілігі – алаш газеттері. Сәкен ол мақалаларға өз сөзін қоспайды. Кейде, мақалалардың соңында бір-екі сөзбен өз ойын білдіріп, реплика беріп қоятыны бар. Кітапты оқи отырып, бүгінгі оқырман алаштықтар жөнінде де, большевиктерге қатысты да өз бетімен ой түюіне болады. Өйткені кітапта тек фактілер ғана келтірілген. Әрине, Сәкенді біржақты қаралау үшін оның алаш басшыларын сынап айтқан сөздерін ғана теріп алып, «Міне – Сәкен!» дейтіндер болады. Олар Сәкенді осындай көзқарасқа әкелген жағдайларды (ситуация, фактілерді) ескермейді, яки жасырып қалады. Алаш басшыларының стратегиялық мақсаты (ұлт тәуелсіздігі!) дұрыс болғанымен, соған қалың елді ертетіндей тактикасы бола бермеген секілді. Сондықтан оқымаған сауатсыз кедейлер ғана емес, Сәкен секілді ойлы азаматтардың да бірсыпырасы «алашқа» сенбей қалғандай. Сәкенге және ол секілділерге саяси баға бергенде осыны да ескерген жөн-ау. Екі-ақ мысал келтірейін. Алаш басшылары (Досмұханбетұлдары, т.б.) Салық, Спан секілді ежелгі шұбартөстердің алдында шәкірт секілді бас шұлғып жүрген. Ал әлгі бай, молдалардың қылығы – сол баяғы қалпында көрінеді (56 – 63-беттер). Екінші, сол Досмұхаметовтер милиция құру үшін елден ақша жинау мәселесінде «бай демей, кедей демей» шаңырақ басына бірдей жүз сомнан салық салуға шешім қабылдайды. Өз іштерінде бұған келіспегендермен жиын үстінде төбелес болады (165 – 166-беттер). Ақыр соңында бұған риза болмаған «алаштықтар» кейін большевик жағына өтіп кеткен. Бұлар «байға – байша, кедейге кедейше салу керек» дегендер екен (Әлібекұлы, Жолдыбайұлы, Қасаболатұлы, Кенжеұлы, Қаратілеуұлы). Бұған келіспегендер: «Біз қазақты бөлмейміз. Байды да, кедейді де бірдей сүйеміз» деп дәлел айтқан. Яғни бұл жерде де бай-шонжарлардың ықпалында кеткені көрініп тұр ғой. Оның үстіне сол байлардың ішінде бірде-біреуі «байға – байша...» демегені де көп жайды аңғартады. Сондықтан Сәкенді және оған ергендерді «большевик», «алашқа қарсы» деп біржақты үстірт жазғыра бермей, нақ таразы, әділ қазы болған дұрыс-ау. Алаш басшылары «Қазақ! Ұлт!» деген стратегияны ғана алға тарта бермей, соған жетудің тактикасын да дұрыс ойластыруы керек еді. Тактика – саясат болғанда, саясатсыз көптің ісі біте ме? Алаш осы тактиканы қолданып, қалың кедейді де соңына ерте білуі керек еді.
Дегенмен, қашанда күш жеңген. Совет үкіметі бәрібір жеңді. Біздің айтпағымыз – Алаш дұрыс тактика қолданса жеңер еді деп өтірік көлгірсу емес. Мәселе – өзіміздің тарихымызға, тарихи тағдырымызға көзқарасымызды дұрыс жолға қоюда, біржақты ұраншылдыққа салынбауда. Сонда Сәкеншілдердің де, алашшылдардың да тарихи бағасын дұрыс бере аламыз. «Тар жол, тайғақ кешу» тағылымы дейтініміз де – осы. Менше, С.Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешу» атты мемуарлық еңбегі бойынша бір емес, бірнеше объективті, ғылыми зерттеулер, диссертациялар жазылса, соңында ғылыми конференция жасалып, өзіміздің сан қыспаққа, тәлкекке түскен бейшара тағдырымызға шынайы баға берілсе жөн болар еді. Әйтпесе, әлі де ұзақ уақыт бойы «большевик Сейфуллин!», «Жасасын Салық болыстар!» дегеннен тынбай тарта береміз. Ал осы Сәкендер Ақпан төңкерісінен кейін іле-шала қазақтың ұлтшыл оқығандарымен бір сапта, бір мақсатта болып еді ғой. Кейін бөлінді... Неге? Не себепті? Осыны да ойланайық.
Алаш басшылары сол баяғы бай, болыс, молдалардың ықпалында екенін көрген көпшілік іш тартып, тіксініп, сескеніп қалды. Керісінше, бұрынғы езілген қалың кедейді де байлармен бірдей көтеріп, ішке тартқанда, бәлкім, басқаша болар ма еді. Осы секілді көп мәселелерді бөліп көрсетуге болады. Мақсат – халықты қайтадан бай, кедей деп жікке бөлу емес, тарихи шындыққа әділ төрелік айту болмақ керек.
* * *
Анненковтың азап вагонындағы тұтқын большевиктерге берілетін астың түрі – қара су мен қара нан екен. Сондағы аштық күйін Сәкен: «Жылқының сүр қазысы, сүр шұжығы тұра қашса – тұра қуғандаймыз» деп суреттейді («Тар жол... – 216-бет). Трагикомедия үшін таптырмайтын деталь емес пе.
* * *
1932 жылғы аштықты Сталин мен Голощекин жасады. Совет үкіметінің өз атынан. «37»-ні де осылар істеді. Ал Алашордалықтар сеніп, одақтас болған Колчак билігі не істеді? Олардың да совет үкіметінен «кем» соқпағанын Сәкен «Атаман Анненковтың азап вагонында» тарауында былай жазады. Сәкендерді Ақмоладан Қызылжарға қаңтардың қақаған аязында 18 күн жаяу айдап келген екен. Келе, бәрін бір баракқа топырлатып кіргізеді. Онысы – «байдың мал қамайтын қорасынан нашар. Қабырғасын да, төбесін де жұқа тақтаймен жаба салған қора» екен. Олар аштық пен суықтан шетінен өліп жататын көрінеді. Тірі қалған он шақты адамның ешбірінде «адам тәрізді өң жоқ. Беттерінде, денелерінде қармаққа шаншыр ет қалмаған. Сүйектеріне терілері жабысып кеуіп қалған. Көздері үңірейіп ішіне кіріп, тұз тәрізді қатып қалған» (278-б.). Енді осыларға Сәкендер азықтарынан бөліп беріп жатқандағы көрініс: «Азықтарымызды шығарып бере бастағанымызда әлгілердің үңірейіп, өзеуреп асқа ұмтылғандарына жан қарап тұрарлық емес. Үңірейіп іштеріне кіріп, мұз тәрізді қатып қалған көздері шараларынан шығып кете жаздады. Қалтылдаған қолдарымен, қу сүйек тәрізді саусақтарымен берген нанды бүріп-бүріп алды. Қатып қалған жақтарын ыржаңдатып ашады. Қалтылдап, асығып, нанды көмейлеріне тығады. Үңірейіп қатып қалған көздерін басқа қолдағы наннан айырып ала алмайды. «Міне, кел! Оқулымыз, сыпайымыз, адамгершілміз» деген мырзалардың адам баласына қылып жатқан істері осындай!» (278, 279-б.). Сәкен Анненковтың азап вагонын былай суреттейді: «Вагонды теңейтін мен білетін қора жоқ. Ат қора да, сиыр қора да одан артық. Асты да, үсті де – мұз қырау» (294, 295-б.). Ал енді «кеңестік емес» осы суреттің «кеңестік 32 мен 37-ден» қандай айырмасы бар? Айналып келгенде, бәрінікі – халықты алдау емес пе. Осындай тәлкекке түскен сорлы халықтың тағдырына налисың. Бірімізді-біріміз талап жеп қоюға шақ қалып, сол зобалаңдардың зардабын әлі тартып жүрген жоқпыз ба. Абайдың «Біріңді, қазақ, бірің дос көрмесең – істің бәрі бос» дегенін нәшіне келтіріп айтып, біріне-бірі ақыл үйретпейтін қазақ жоқ. Бірақ ұлы ақынның сол сөзін қалай түсініп жүрміз? Бірімізге-біріміз кінә артып, іштен жау іздеп, «герой» атанбай, тәлкекке түскен тарихымыздан сабақ алып, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарғанымыз қайсы?! Ендігі бізге керегі – осы емес пе.
«КГБ» – ҚАЗАҚТАР
Сәкен Сейфуллин Колчак түрмесінен ұрланып шығып, жолда жасырынып жүр. Орыс, казак, қазақ, ноғай... талай адамдармен кездеседі. Бір-бірімен жөн сұрасады. Сонда бәрінен де қазақтың жөн сұрасуы ерекше. Кез келген қазақ жаңа танысқан адамның (Сәкеннің) түп-тұқиянын түгел тергеп, тексеріп шығады. Бір сұрағанын қайта-қайта сұрайды. Кейбір жауаптарына сеніңкіремей, күмәнданады. Шынын айтпауға қоймайтындай етеді. Сірә, «КГБ» дейтіннің өзі де – осы қазақтай-ақ болар деп ойлауға мәжбүр етеді. Қазақтың осы мінезі ежелден бар, ал күні бүгін өзгерді ме? Қайдан! Кез келген қазақ екі минуттың ішінде-ақ жетпіс жеті атаңа дейін қазып сұрайды. Осы да бір зерттеуге тұратын мінез-ау, сірә!
«КГБ» демекші... Сәкен Омбыдағы абақтыдан жасырынып шығып, талай жолды басып, Баян тауы баурайындағы қазақ арасына келгенде, ондағы бір қазақтар Сәкеннен құжат сұрап, «қашқынсыңдар!» деп қамап қоятыны бар ғой («Тар жол...», Жазушы, 2009. – 381-бет). Сонда Сәкен қазақтардың қылығына қатты ызаланады. «Ыза болмай қайтерсің! – дейді. – Омбы вокзалында, Татаркада, Славгородта, Керекуде Колчактың әдейіленген аңдушылары билет қағаз сұрамайды. Ал сонша жерден іздеп келген Баян тауының етегіндегі қазақтар іліккен жерден билет қағаз сұрайды! Колчак білсе, бұларды тыңшыларының бастықтары қылар еді-ау деп ойладым. Колчактің жылтыр иықты жыландарынан қазақтан шыққан азғындар сақ екен-ау дедім» дейді Сәкен (381-бет). Ал енді «КГБ» емес деп көріңіз.
ӨТІРІК АЙТА АЛМАЙТЫН АДАМ
Тоғыз айлық абақтыдан шыққан адамда қандай нұсқа болсын, және қандай абақты: асты-үсті, қабырғасы түгел тақтай, іші суық, лас, қара нан, қара сумен – аш! Оның үстіне, тәуір киімдерін сатып, тамақ алса. Сәкен Сейфуллин осындай жағдайдағы өзінің «адам көргісіз» түр-пошымын, үстіне киген қабат-қабат қырық құрау киімдерін ешбір жасырмай әлденеше рет суреттеп жазады. Сырт көздің алдындағы көрінерлік сиқын айту керек болған кездері. Басқа біреу болса, абақтыда көрген қиындық-азаптарын айтқанмен, дәл осыны – өзімнің адам шошырлық түрімді айтпай-ақ қояйыншы дер ме еді. Ал кезінде күллі қазақ, татар, орыс аруларының аузын аштырып, таңдайын қақтырған жігіттің сұлтаны Сәкен өзінің тар шақтағы ұсқынсыз халін айтуды оғаш көрмейді. Сәкен Сейфуллиннің тілі тек шындыққа ғана «қышып» тұратынын, өтірік айтпайтын, айтқысы келмейтін, айта да алмайтын адам екенінің бір дәлелі осы емес пе. Шіркін, Сәкен! Байғұстың да, бай-бағланның да көзі тиетін-ақ азамат еді ғой. Тиді де ғой сол оқты көздер.
СӘКЕН СЕЙФУЛЛИННІҢ ЖАЗУ ТҮРІ
Сәкенді жазушы, ақын ретінде «менсінбейтін» мекерлер жоқ емес. Сондайдың біреуінен: «Сәкен – ақын емес!» дегенді естігенмін. Олар Сұлтанмахмұтты да осылай дейді. Шын мәнінде Сәкен – өте көркем тілмен сөйлейтін кісі. Керемет теңеулері қаншама. Оның үстіне, өтіріксіз шынайы сөйлейді. Нақпа-нақ айтады. Дәл қазіргі кеудесін ұрғылап жүрген көптеген «кейбір классиктерді» оқысаңыз, барып тұрған қыртымбай, мылжың. Екі сөйлемді дұрыс құрастыра алмайтындары да аз емес.
Ал Сәкенде артық сөз болмайды. Сыртқы көріністі де, оқиға мен адам іс-әрекетін, қимыл-қозғалысын, мінез-құлқын қас шеберлікпен суреттейді. Біз Сәкенді «пролетариат, большевик, коммунист!» деп қолды бір сілтеп тастап, оқымаймыз. Сыртынан саяси тон пішеміз. Шоқан, Сәкен, Олжас! Қазақ мақтанса – осылармен мақтансын дер едік. Бұл жерге Абылай, Кенесары, Абайларды араластырып отырған жоқпын. Тіпті Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсыновтарды да. Олар – қазақтың өзі, көзі, сөзі!
Сонымен, Сәкен Сейфуллиннің жазу түрі – көркем түр. Оны оқу керек! Сәкен Сейфуллин – халық ұлы. Халықтың сүйіктісі болды. Оған қыздар мен келіншектер ғана емес, ер азаматтар да, маңайындағы көз көрген таныс-білістері ғана емес, «айдала» -алыстағы аты мен атағын естіген адамдар да ғашық болды. Балаларына Сәкен деп ат қойды. Бір мысал. Сейфуллин «Халық жауы» деген саяси жаламен 1938 жылы атылды (деп жазылады). Дәл сол жылы кең-байтақ қазақ даласының бір қиыр шетіндегі Алакөл өңірінің қазағы Құсайын ақсақал (ол кезде – жігіт ағасы) сол 1938 жылы шыр етіп жарық дүние есігін ашқан баласына, балпанақтай ұлына ырымдап Сәкен деп ат қояды. Құсекең – Сейфуллиннен «мың шақырым» алыста жүрген әрі қарапайым қазақ еді. Дегенмен, көзі ашық азамат (кейін ауылсовет, колхоз басқарған) болғаны ғой. Әйтпесе баласына «халық жауының» есімін қояр ма еді. Жай қоя салмаған, Сейфуллинге арнап қойған. Бұл туралы «бала» Сәкеннің «Менің атым неге Сәкен болды?» деген ұзақтау өлеңі бар. Сол бала Сәкен кейін (20 жасынан бастап) қазақтың көрнекті ақыны болды (Иманасов Сәкен Құсайынұлы). Бұл кезде Сейфуллин де жаладан ақталған болатын (1958 жылдары). Ал қазақта Шоқан, Сәкен, Бауыржан, Олжас деген есімдер өте көп. Солардың көбінің есімі Уәлихановқа, Сейфуллинге, Момышұлына, Сүлейменовке қарата қойылмады деп кім айтар. Ұлы Абай «Сүйер ұлың болса – сүй...» деп осындайды айтқан шығар.
* * *
«Тар жол, тайғақ кешуді» оқымай, сырттан тон пішетіндер көп. Олар ойлауы мүмкін: жазғанының бәрі (432 бет) – Алашорданы жамандау деп. Олай емес! Алашордаға қатысты сөздер 430 беттік кітаптың алғашқы 190 бетінде ғана. Одан кейінгісінің бәрі Сәкеннің «большевик» ретінде Колчак абақтысында отырғаны, соңына қарай, одан жасырынып шығып (қар тиеген шананың астына көміліп), ұзақ жол (оның ішінде мың шақырымдай жаяулап) жүріп, ең соңында оңтүстіктегі Түркістанға қалай жеткені туралы әңгімелер. Бұл аралықта Алашорда туралы ештеме айтпайды, тек «жолсапар» түріндегі хикая-әңгімелер ғана. Ал алғашқы 190 беттің 3–37-беттерінде (І. 1916 жыл, ІІ. Қазақ қозғалысы) Сәкен де – алаштықтармен бір ниеттес, патша езгісіне қарсы, нағыз ұлт қайраткері. Кітаптың ІІІ және IV тарауларында (Керенский заманы. Совет заманы) Сәкен – революцияны, большевиктерді жақтаушы (37 – 188-бет). Осы тұста Сәкен алаштықтардан іргесін бөлектей бастайды, совдеп жұмысына араласып, «большевик» атанады. Сәкеннің бұлайша ұлтшылдық бағытынан бас тартып, советтерді жақтауына негізгі екі себеп болғаны белгілі: бірінші себеп – большевиктердің бай, кедей демей, әділ үкімет орнатамыз деген уәдесіне сенгендігі, екінші себеп – осы тұстағы Алаш қайраткерлерінің бұрынғы бай, шонжар, болыс, молдаларға (олар түк өзгермеген, сол ежелгі паң зор қалпында) арқа сүйегені және патшадан ешбір айырмасы жоқ, озбыр, шовинист Керенский мен Колчак (Дутов, Анненковтармен бірге) уақытша үкіметтерімен одақтас болғандығын көзбен көріп, содан көңілі қалғандығы. Осыған байланысты, Сәкен алаш оқығандарына (бұрынғы болыс, бай, тілмаштармен бірге) қатысты өз атынан ашық сын да айтады. Алайда 37– 189-бет арасындағы (ІІІ, IV тарау) 150 беттің алаштықтарға қатысты айтылғандары – оларға өз атынан айтылған қаралау сөздер емес, тек сол тұстағы алашы бар, басқасы бар қазақ газеттерінде жарияланған мақалалар (20–30-дай) сөзбе-сөз, тұтасымен келтіріледі. Оларға Сәкен өз тарапынан айыптаған түсініктеме беріп жатпайды. Тек ақпараттық-тарихи деректерді өз қалпында келтіріп отырады. Міне, «тар жол, тайғақ кешудің» Алашордаға қатысты жақсы сөзі де, жаман сөзі де – тек осы ғана. Тек факт! Басқа емес!
«ҚАЙРАН» ҚАЗАҚ-АЙ!..
Бәріміз білеміз ғой. Қазақтың «ұзынқұлақ» дейтіні бар. Кейін оны «сымсыз телефон» деп те атадық. Қазақтың осы «қылығын» Сәкен «Жаяу почта» деп атапты (401-бет). Біреуге бір ауыз сөзіңді айтсаң – «минутына бір шақырым жол жүріп», мың минутта мың шақырым жерге жетеді ғой. Осыны «Тар жолда» Сәкен былай жазады. Колчак абақтысынан қашып шығып, мың шақырым жаяу жол басып, Ақмола жақтағы өз еліне келгенде, сол елдегі өзі танитын бір адаммен жолығып қалып, жөн сұрасқан кезде, өзінің кім (Сәкен) екенін айтпай жасырып қалады. Себебі – Колчак әлі де күшінде, Сәкен болса – «қашқын». Сақтанбаса болмайды. Өйткені «қазақ жайы белгілі. Сырыңды досыңа айтсаң, досың өз досына айтады. Сөйтіп, сырың елге жайылады» («Тар жол...», 396-бет). «Тар жол...» – тарихи баян ғана емес, этнографиялық еңбек десе де болғандай, кітапта қазақтың осы секілді талай «ұлттық мінезі» дәлме-дәл суреттеледі.
«СӘКЕН СЕЙФУЛЛИН. ТАР ЖОЛ, ТАЙҒАҚ КЕШУ» РОМАНЫ ТУРАЛЫ БІРЕР СӨЗ
Романда автор 1916–19 жылдар аралығында өзі көрген, куә болған, бастан кешірген оқиғаларды жалған сөз қоспай, адалдықпен нақты баян еткен. Негізгі оқиғалар: 1916 жылғы патша жарлығы, қазақ көтерілісі, патшаның тақтан тайдырылуы, Ақпан және Қазан төңкерістері, одан кейінгі уақытша үкіметтер, Алаш қозғалысы, Кеңес өкіметінің орнауы, Ақмолада құлауы, қайтадан орнауы сөз болады. Осының бәрін айтқанда, автор (Сәкен) – негізінен оқиғаларға саяси баға беруші емес, көзбен көргендерін баяндаушы рөлінде болады. ақырында Колчак, Атаман Анненков түрмелеріндегі өмір, одан қашып шығып, мыңнан аса шақырым жаяу-жалпылы жол басып, Ақмолаға, Түркістанға келуі, ең соңында совет жеңгеннен кейін Ақмолаға қайтар беті баян етілген.
Автор Сәкен тек баяндаушы дегенімізбен, өзінің саяси көзқарасын жасырмайды. Колчак үкіметінің патшадан да озбыр екенін дәлелмен айтады. Алаштықтарға да сенімсіздік білдіреді. Себебі – оның басында қазақ оқығандарымен бір қатарда сол баяғы бай, болыс, молда, шонжарлар жүрген және алаштықтар әлгі Колчак үкіметіне тілектес, одақтас болған дейді. Бірақ Алашорда көсемдері Әлихан, Ахмет, т.б. оқығандарды тікелей жамандаған сөздері жоқ. Жалпылама түрде айтады. Сол тұстағы қазақ газеттерінен тікелей мақалаларды көшіріп басқан. Оған көбінше өз пікірін қоспаған, оқырманның қабылдауына, еркіне тастаған.
Кітап 1916–19 жылдар оқиғалары негізінде 1926 жылы жазылып, 1927 жылы баспа жүзін көрген. Яғни Қазақстандағы голощекиндік кезеңге дейінгі дәуірдің көзқарасымен жазылған. Ал бұл тұста Ахмет Байтұрсыновтардың өздері де советке, оқу-ағарту саласында қызмет етіп жүрген еді ғой. Онда Сәкенге не кінә?! Бәрі кейін өзгергеніне – тарих куә. Алдымен Байтұрсынов, Дулатовтар, одан соң 1937 – 38 жылдары Сәкеннің өзі, саясаттан мың шақырым аулақ Бейімбет, Ілиястармен қоса, бірге ату жазасына кесілді, атылды ғой. Оқиғаның болары болып, бояуы сіңген кезде – әркім-ақ әулиесініп, білгішсінеді. Ал сол бір опалаң-топалаң тұста тұйықтан жол тауып шығу мүмкін бе еді. Адамды сатқындығы үшін, екіжүзділігі, опасыздығы үшін айыптау – кінә емес. Ал көзқарас үшін кінәлау – сол «қызыл белсенділіктің», «отыз жетіншіліктің» дәл өзі емес пе. Өйткені сол «37» – Бөкейхан мен Байтұрсыновтар бастаған жүздеген қайраткерлерді жасаған қылмысы үшін емес, дүниетанымы, көзқарасы үшін жазалады емес пе. Сәкен Сейфуллинді де өзіндік көзқарасы үшін ғана (қылмысы жоқ!) кінәласақ – онда біздің сол Сталин мен Голощекиннен айырмамыз не? Өкінішке қарай, сырттай антиголощекиншіл болып көрініп, бірақ іс жүзінде сол голощекиндік мимен ойланатындар әлі де аз емес.
Кітаптың соңында «Түсініктер» деген бес беттік мақала берілген. «С.Сейфуллиннің теориялық, таптық ұстанымға сүйенгенін жасыру да, ол үшін жазушыны айыптау да керек емес» (427-бет) дегеніне қарағанда, мақала тәуелсіздік жылдарында жазылған. Бірақ авторы көрсетілмеген. Оның үстіне, мақала (түсініктеме) авторы Сәкеннің азаматтық, қайраткерлік тұлғасына қиянат жасамауға, әділ сөйлеуге тырысқанымен, «қыр астында ұры тұр» дегендей, кез келген жерден атойлап шыға келетін «штаттан, номенклатурадан тыс» бейресми цензураның сесінен сескенгендей, барынша сақтанып, ойын ашық білдірмей, кей тұстарды тұспалдап, ишаралап, меңзеп, сақсынып сөйлейді. Яғни арада «өре түрегелетіндердің» әлі де аз емес екенінен хабар бергендей хал байқалады.
«ТАР ЖОЛДЫҢ» ТАҒЫЛЫМДЫҚ МАҢЫЗЫ (ҚОРЫТЫНДЫ)
Бұл еңбек – тарихты «тасқа түсіру» ғана емес, кейінгі (бұрынғы, қазіргі, болашақтағы) ұрпаққа үлкен ескерту, санадан өшпес сабақ болуымен маңызды. Мұнда Сәкеннің өзінің де, «Сәкен еместердің» де бастан кешкендері көзбен көріп, қолмен ұстағандай етіп көрсетілген. Әрбір жағдайға байланысты Сәкен өзінің көзқарасын білдіреді, бірақ ешкімнің де арына тиетін ауыр сөз айтпайды, тек нақты болған оқиғалар мен фактілерді ғана парасатты тілмен баяндап шыққан. Сәкен баяндап айтқан тар жол, тайғақ кешу келмеске кетті деп ешкім де айта алмайды. Сондықтан Сәкен кітабы – біздің алдымызда жаюлы тұрған оқулық десек артық айтқандық емес. Біздің міндетіміз – одан кейін де талай рет болып өткен, әлі де сан рет қайталануы мүмкін өткеннің сабағынан ғибрат алып, сара жол тауып, салауатты қоғам құрып, сол қоғамның саналы азаматы бола білу. «Тар жол, тайғақ кешудің» біз үшін құндылығы мен маңыздылығы да осында. Тағы бір маңыздылығы – бұл кітап өткен ғасырдың І-ширегіндегі өткелекті кезеңнің тарихи құжаты екендігінде. Сәкен болғанды болғандай етіп айтып берді, ал оны қалай түсіну – әркімнің өз билігіндегі мәселе.
Ғұсман ЖАНДЫБАЕВ
17950 рет
көрсетілді0
пікір