• Ел мұраты
  • 31 Қаңтар, 2023

Қасіретті қаңтар: жазылмас жара, жаңғыруға бағыт

Құтмағамбет ҚОНЫСБАЙ,
Мәдениет қайраткері     

 

Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ел егемендігіне қатер төндірген қанды оқиға – қаңтар қасіретіне бір жыл толды. Ол әлемдегі ең алып империя – Кеңестер Одағының қабырғасын қақыратқан 1986 жылғы Алматыдағы  Желтоқсан көтерілісі, 2011 жылғы Жаңаөзен оқиғалары сияқты  халқымыз жадындағы жазылмас жара болып қалды! Сонымен бірге кез келген құрбандық жаңаша ойлау мен жаңа өзгерістерге  бастайтыны, тіпті солай істеуге мәжбүрлейтіні секілді, ел дамуының жаңа бағыттарын айқындау қажеттілігін ұқтырды. Қазақстан әділетті мемлекет құру жолына түсті! 

Бірнеше жүздеген адам, оның ішінде тіпті бұл дүниеден хабарсыз жаңа туған, періштедей пәк бүлдіршін, жай ғана күнделікті тіршілік үшін күйбеңдеген малшы, бармасаң, келмесең – жат боласың деп, туыстарына қыдырып қайтқан бір отбасы Айдың, Күннің аманында, бейбіт заманда оққа ұшқан қайғылы, қасіретті қаңтар, Құдайдың өзі кешірсін, іріп-шіріп бара жатқан қоғамның іріңді жарасын, иен байлықтың үстінде әділетсіз биліктің, бұрыс саясаттың, жемқор жүйенің кесірінен шықпа жаным, шықпа деп әрең күнін көріп отырған әлеуметтің аянышты халін алақандағыдай ашып тастады.

Қаралы қаңтардан кейін іле-шала билік те, қалың жұртшылық та қанды оқиғаның орын алу себебі мен салдарын сараптап, әр қилы пікірлер айтыла бастады. Ең бастысы, Ел басына күн туған аса қатерлі сәтте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өте шұғыл әрі ешкім күтпеген батыл шешім қабылдап, мемлекеттілігімізді, ата-бабаларымыз ғасырлар бойы армандап, бүгінгі ұрпақ қол жеткізген ең асыл құндылық – тәуелсіздігімізді сақтап қалуда дұрыс бағыт ұстанды.

2022 жылы 25 қаңтар күні Алматы қаласындағы Ұлттық кітапханада үлкен жиын болып, онда елімізге белгілі саясаттанушылар, қоғам қайраткерлері, жазушы-журналистер қанды қаңтар оқиғасына қатысты ой-пікірлерін ортаға салды. Сонда бір ағамыз: «Мемлекетке қауіп төнген жоқ! Ескертусіз оқ атуға бұйрық берілгені дұрыс болмады» деп қалды. Сол сәтте, әрқашан «айтпаса сөздің атасы өледі» деген бабалар даналығын естен шығармайтын мен: «Төнгенде қандай, егер бүлікшілер билікті басып алғанда не болар еді?!.» – деп қарсы пікір білдірдім. Оған қоса, біздің қоғамның ең басты қасіреті – отыз жылда елімізде шарасыздыққа негізделген жемқор жүйе құрылғанын алға тарттым. Осыған байланысты, жыраулар поэзиясында: 

«Тектіден – текті туады,

Тектілік – тұқым қуады» –

деген  керемет тұжырым бар. Осы аса қағидатты түсінікті бүгінгі шындық тұрғысынан қарайтын болсақ:

«Жемқордан – жемқор туады,

Жемқорлық – жүйе құрады» – болып шығады.

Біздің қоғамның ең қауіпті індеті де осы – биліктің барлық тармақтарына дендеп енген жемқор жүйе екенін айттым.  

Шындығында да солай емес пе?! Алтай мен Атырау Арқа мен Алатаудың арасын алып жатқан, Елінің азаттығын аңсаған батыр бабаларымыз ақ білектің  күші, ақ найзаның ұшымен қорғап, бүгінгі және келешек ұрпаққа аманаттап кеткен ұлан-ғайыр жерден не үй салу, не егін егу, не мал бағу үшін сол жемқорлық, озбырлық, тойымсыздық, қанатсыздық, рақымсыздық, әділетсіздіктің кесірінен ұлтарақтай жер бұйырмаса, қойнауы толы кеннен соқыр тиын қолдарына түспесе – халықтың тұрмысы қалай оңалады, оның бірлігі қалай қалыптасады, тәуелсіздіктің тұғыры қалай нығаяды?!.

Әрине, мен әлгі бұйрықтың салдарынан жазықсыз жандар опат болғанын дұрыс деп отырғаным жоқ. Ол бұйрық қарапайым халыққа қатысты емес, бүлікшілерге қарата берілді деген оймен осы пікірді айтып отырмын.            

 

Осы тұста 2005 жылы 13 мамырда Андижан қаласында орын алған қайғылы оқиға кезінде Өзбекстанның бірінші президенті, марқұм Ислам Кәримовтың: «Мың бұзақыдан 30 миллион халқымның өмірі қымбат» деген сөзін еске сала кеткенді жөн санаймын. Қазір ойлап қарасақ, сол кезде Өзбекстанның да тәуелсіздігіне қауіп төнген екен.   

Мен осы екі қанды оқиғаны бекер салыстырып отырғаным жоқ, екі жағдайда да елдің егемендігіне, халықтың келешегіне қауіп төнді. Екеуінде де адамдар құрбан болды. Тек мемлекет басшыларының жедел де батыл, дер кезінде қабылдаған және шұғыл іске асырған дұрыс шешімдерінің арқасында елдің тұтастығы сақталып, мемлекеттілікке төнген қауіпке тойтарыс берілді. Әйтпесе, халқымыз ғасырлар бойы иелік еткен сол ұлан-ғайыр жерді, қойнауы толы кенді, тіпті мыңдаған баланы шетелдіктерге сатып жіберген жемқорлар елді де сатып жіберуі бек мүмкін еді!..

Құдіретті күшті Жаратқанға мың да бір шүкір, оған жол берілмеді! Елдігіміз, мемлекеттілігіміз  сақталып қалды! Билік те, халық та бір нәрсені ұғынды – әділетсіз қоғамның келешегі жоқ! Сондықтан да Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жаңа – Әділетті Қазақстанды құру бағытын жариялады. Әркім аңсайтын осындай мемлекет құру, біртұтас ұлт, берекелі қоғам болып қалыптасу үшін біз ең алдымен іріңді індет – жемқор жүйені күл талқан етіп жоюымыз, ұлы мұрат жолында бүкіл жұрт боп жұдырықтай  жұмылуымыз керек! Ол үшін бірінші кезекте қаңтар қасіретіне жауапты адамдарды түгел анықтап, тиісті жазасын беруіміз тиіс!

Сонда ғана ғасырлар бойы азаттық жолында шейіт кеткен ата-бабаларымыздың, желтоқсанда, қаңтарда, Жаңаөзенде жазықсыз құрбан болған жандардың рухы  шат болады, әруақтары бізді әрдайым  қолдайды!


 

481 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз