• Еркін ой мінбері
  • 31 Қаңтар, 2023

ТӘУЕЛСІЗДІК ЖӘНЕ ЕГЕМЕНДІК – ҚАЗАҚСТАН МЕМЛЕКЕТІНІҢ НЕГІЗДЕРІ

Еркін ДҮЙСЕНОВ,

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

ректорының кеңесшісі,

заң ғылымдарының докторы,профессор

Егемендік пен тәуелсіздікті қамтамасыз ету және қорғау мәселелері – бұл біздің елімізде демократиялық құқықтық мемлекеттілікті құрудағы басты мәселелер. Бұл мәселелер Әділ мемлекет ретінде Жаңа Қазақстанның құрылуында ерекше маңызға ие. 16 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заңның қабылданғанына 31 жыл толды. Мемлекеттік тәуелсіздіктің негіздері 1991 жылы 25 қазанда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі қабылдаған «Қазақ ССР Мемлекеттiк егемендiгi туралы» Декларацияда қаланғанын атап өткен жөн, онда, айталық, 14-тармақта Қазақстанның жаңа тарихында алғаш рет елге халықаралық қатынастардың дербес субъектiсi болуға, сыртқы саясатты өз мүдделерiне сай белгiлеуге, дипломатиялық және консулдық өкiлдiктер алмасуға, халықаралық ұйымдардың, оның iшiнде Бiрiккен Ұлттар Ұйымының және оның мамандандырылған мекемелерiнiң қызметiне қатысуға, сондай-ақ барлық сыртқы экономикалық қызмет мәселелерiн дербес шешуге құқығы берілген.

Декларацияның аталған ережелері «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық Заңында өзінің дамуын, бекітілуін және нақтылануын тапты. Осылайша осы Заңның 2 және 5-баптары Қазақстан Республикасы барлық мемлекеттермен өзара қатынасын халықаралық құқық принциптері бойынша құратынын, ал Қазақстан Республикасының территориясы қазіргі шекараларында біртұтас, бөлінбейтін және қол сұғуға болмайтын территория болып табылатынын айқындайды. Осы Заңның 13 және 14-баптары да қазіргі жағдайда өте маңызды және өзекті болып табылады, онда Қазақстан Республикасы халықаралық құқықтың субъектісі болып табылатындығы, халықаралық ұйымдарға, ұжымдық қауіпсіздік жүйесіне кіруіне және олардың қызметіне қатысуына болатындығы, сондай-ақ сыртқы экономикалық қызмет мәселелерін дербес шешетіндігі туралы Декларацияның ережелері дамиды.

Азаматтар, бүкіл қоғам және тұтастай алғанда мемлекет үшін «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық Заңның қабылдануы зор маңызға ие, өйткені бұл Заң Қазақстан Республикасының тәуелсіздігін айқындайды, ал Декларация КСРО құрамындағы еліміздің егемендігінің негізін бекітті. Сонымен бірге «Егемендік» пен «Тәуелсіздік» құқықтық категорияларының арақатынасын жалпы және жеке деп санаған жөн, өйткені «Егемендік» ұғымы «Тәуелсіздік» ұғымына қарағанда кеңірек. Бұл тәуелсіздік мемлекеттік биліктің бірлігі және мемлекеттік биліктің үстемдігімен бірге мемлекеттік егемендіктің элементтерінің бірі болып табылатындығына байланысты.

Сондықтан да Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаев хронологиялық және құқықтық иерархияға сүйене отырып, 25 қазанды Республика күні – Ұлттық мерекемен бекітіп, 16 желтоқсанда – Тәуелсіздік күнінде мемлекеттік мереке мәртебесін қалдырып, осылайша тарихи әділеттілікті қалпына келтірді деп болжауға болады.

Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К. Тоқаев өзінің «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында: «Егемендігіміздің мәңгілік үштағаны – Алтайдан Атырауға, Алатаудан Арқаға дейін кең көсілген байтақ жеріміз, ананың ақ сүтімен бойымызға дарыған қастерлі тіліміз және барлық қиындықтардан халқымызды сүріндірмей алып келе жатқан береке-бірлігіміз. Біз осы үш құндылықты көздің қарашығындай сақтаймыз» деп белгіледі.

Осылайша тәуелсіздік – бұл мемлекеттің халықаралық құқықтың тәуелсіз субъектісі ретінде өзінің сыртқы саясатын анықтайтын саяси тәуелсіздігі. Егемендікті мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатын жүзеге асыруда оның тәуелсіздігі мен басқа мемлекеттердің ықпалынан тәуелсіздігін сипаттайтын қасиеті ретінде қарастырған жөн.

«Қазақ ССР Мемлекеттік егемендігі туралы» Декларацияның және «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық Заңның айрықша маңыздылығы осы екі құқықтық актінің де саяси маңызы зор еліміздің қолданыстағы Конституциясының негізіне айналғандығында, ол туралы «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздік туралы» Конституциялық Заңның 18-бабында «осы Заң Қазақ КСР Мемлекеттік егемендігі туралы Декларациямен бірге Республиканың жаңа Конституциясын әзірлеуге негіз болады» деп тікелей жазылған. Сондықтан, осы құқықтық актілердегі барлық ережелер біздің еліміздің Негізгі Заңында көрініс тапты және бекітілді. Мысалы, осы Заңның «Қазақстан Республикасының халқы мен азаматы» атты 2-тарауы Конституцияда толығымен дерлік жаңғыртылған. Осы тараумен (6-бап), атап айтқанда, тарихи тағдыр ортақтастығы қазақ ұлтымен біріктірген Республиканың барлық ұлттарының азаматтары Қазақстанның біртұтас халқын құрайтыны, бұл халық Қазақстан Республикасындағы егемендіктің бірден бір иесі және мемлекеттік биліктің қайнар көзі болып табылатындығы, Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдары негізінде тікелей де, сондай-ақ өзі сайлайтын мемлекеттік органдар арқылы да мемлекеттік өкімет билігін жүзеге асыратыны бекітілген. Бұдан әрі осы бапта Республика азаматтары өздерiнiң ұлтына, қандай қоғамдық бiрлестiкке жататынына, тегiне, әлеуметтік және мүлiктiк жағдайына, шұғылданатын қызметiне, тұрғылықты орнына қарамастан бiрдей құқықтар иеленiп, бiрдей міндеткерлікте болатындығы айқындалған.

Сонымен қатар, осы заңның жекелеген ережелері біздің Конституциямыздың ұқсас ережелеріне қарағанда толықтығы жоғары екенін атап өткім келеді. Мысалы, Негізгі Заңның 3-бабының 1-тармағында мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық екендігі бекітілсе, ал жоғарыда айтылған «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заңның 6-бабында Қазақстан халқы егемендіктің бірден-бір иесі және мемлекеттік биліктің қайнар көзі болып табылатындығы жазылған. Болашақта бұл ережені Конституцияның 3-бабының 1-тармағында қайталап, келесі редакцияда жазылғаны жөн деп ойлаймын: «Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы және егемендіктің иесі – халық». Бұл толықтыру біздің аумақтық тұтастығымызға, егемендігімізге қол сұғудың кез келген әрекетін Қазақстанның көпұлтты халқының бірлігіне қол сұғушылық ретінде қарастыру керек деп қисынды түрде көздейді. Сонымен қатар, бұл толықтыру, әсіресе Қазақстан Республикасында ұлттық және халықтық егемендіктің іске асырылып жатқандығын ескере отырып, егемендіктің заңдық сипатына барынша толық сәйкес келеді. Демек, біздің қазақстандық ақиқат жағдайында біз тек қазақ ұлтының ғана емес, бүкіл көпұлтты Қазақстан халқының мемлекеттік саладағы өзін-өзі анықтауы туралы айтып отырмыз.

Саяси тұрғыдан алғанда, ұлттық егемендік халықтық егемендікпен бірігіп, мемлекеттік егемендікті құрайды және осылайша мемлекеттік биліктің қайнар көзі болып табылады. Сондықтан мемлекеттік егемендіктің иесі тек Қазақстан халқы болып табылады. «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заң біздің конституциялық заңнамамыздың құрамдас бөлігі болып табылса да, жоғарыда көрсетілген толықтыру біздің еліміздің егемендігі мен тәуелсіздігін конституциялық-құқықтық сақтау мен қорғауды күшейтеді. Сонымен қатар, болашақта біздің негізгі заңымызға осы толықтыруды енгізу Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев өзінің сайлауалды тұғырнамасында елдің саяси жаңғыруы қайтымсыз екенін және біздің Президентіміздің бұл көзқарасы болашақта конституциялық өзгерістер мен толықтырулар арқылы жүзеге асырылатын саяси жаңғырудың жалғасы ретінде қабылдануы тиіс екенін нақты атап өтті. Сондай-ақ, сайлауалды тұғырнамада Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К. Тоқаев Әділетті Қазақстанның басты құндылықтарын көрсете отырып, оларға тәуелсіздікті, біртұтастықты, аумақтық тұтастықты, патриотизмді, бірлікті, еңбекқорлықты, отбасылық құндылықтарды, тарихты, халықтық дәстүрлерді жатқызады. Бұл ретте Мемлекет басшысы осы құндылықтарды нығайта отырып, біз елді ішкі және сыртқы сын-қатерлерден қорғап, оның азаматтарының бақытты болашағын жасайтынымызды атап өтті. Ал Конституцияның 91-бабының 2-тармағында біздің халқымыз бен мемлекетіміздің мызғымас құндылығы – тәуелсіздік қорғалады, ол осы тармаққа сәйкес аумақтық тұтастықпен, біртұтастықпен және тағы да басқаларымен қатар өзгермейді. Сондықтан мемлекет пен оның органдарының қызметінде Егемендік пен Тәуелсіздік сияқты мызғымас құндылықтарымызды конституциялық-құқықтық қорғау ерекше орын алуы керек.

 

1563 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз