• Тарих толқынында
  • 31 Қаңтар, 2023

ҚАЗАҚ ХАЛҚЫН ҚОРҒАУШЫЛАР ОЛАР КІМДЕР ЕДІ?

Бақтылы БОРАНБАЕВА,

тарих ғылымдарының кандидаты,

М.Өтемісов атындағы

Батыс Қазақстан университетінің  қауымдастырылған профессоры

Орыс жазушысы А.Фадеевтің екінші дүниежүзілік соғыстан кейін жазылған «Жас гвардия» («Молодая гвардия») романы желісінде түсірілген фильмдегі Олег Кошевой есімі әлі жадымызда. Германия басып алған Украинаның Краснодон қаласында неміс фашистеріне қарсы  астыртын әрекет еткен жас гвардияшылардың  қаһармандық ерлігіне тәнті болып өскен ұрпақ едік. Ал 1941 жылы тұтқиылдан соғыс ашқан гитлершіл  басқыншылардың Мәскеуге ұмтылған тұсында,  «Қазақ халқын қорғаушылар одағы» атты құпия ұйым құрып,  Кеңес Одағына қарсы   шыққан 14 жас  қазақтың  ерлігін білдік пе?!.  Әрине, хабарымыз болған жоқ.

Ендеше, 1941 жылы жазда Батыс Қазақстан  облысының Фурманов (қазіргі Жалпақтал) ауылында 17 жасар Ғұбайдолла Әнесов антикеңестік «Қазақ халқын қорғаушылар одағы» ұйымын құрады.  Ауылдың 14 қазақ баласы мүше болған   құпия ұйым  7 айдан кейін  талқандалып,   ұйым жетекшісі  Ғ.Әнесов 1943 жылы жиырма жасында   Орал қаласындағы НКВД түрмесінде ату жазасына кесілді.

Халық қаһарманы Қайрат Рысқұлбековпен тағдырлас Ғұбайдолла Әнесовтің антикеңестік құпия ұйымы  туралы жергілікті    журналшы тілшілер Ғ.Жайлыбаев,  Ш.Шахин, Т.Құсайын және  ғалым Ж.Жақсығалиевтың мақалалары мен аталмыш ұйым мүшелерінің естеліктері еліміз өз тәуелсіздігін алғаннан  кейін  ғана  баспасөз беттерінде жариялана бастады. 

2002 жылы жазушы Аманкелді  Шахиннің  Ұлттық қауіпсіздік комитетінің архив деректері негізінде жазылған «Сол бір сүргін»   атты еңбегі алғаш рет жарық көрді.  Автор  бұл еңбегін   толықтырып  «Қара кітап» атауымен  баспадан қайта  жариялады. (А. Шахин. Орал. – Пиграфсервис. 2022 – 440 б.) Десек те,  шағын ғана ауылда Кеңес Одағына қарсы жасырын күрес жүргізген  «Қазақ халқын қорғаушылар одағы» ұйым мүшелерінің  қаһармандық ерлігін республика, тіпті батыс аймақ  деңгейінде   кеңінен таныта алмай келеміз. Демек, 1937-1938 жылғы   қуғын-сүргіннен   кейін дүлей күш Кеңес үкіметіне   қарсы астыртын ұйым құрған   кімдер?  Олардың мақсат-мұраты қандай? 

1941 жылы  жазда Орал облысы, Фурманов  (қазіргі Жалпақтал) ауылында құрылған ұйым «Қазақ халқын қорғаушылар одағы (ҚХҚО)»  деп аталды.  Құпия ұйымды  құрушы    Әнесов Ғұбайдолла. Оның 1941 жылғы 29 желтоқсандағы  жауаптау хаттамасында: «1923 жылы Фурманов ауданының  Фурманов поселкесінде туған, ұлты қазақ. КСРО азаматы,  кедей шаруа отбасында  дүниеге келген,  білімі аяқталмаған жоғары, 1940-1941 жылдары Орал қаласындағы  мұғалімдер институтының  бірінші курсын тәмәмдаған, 1938 жылдан  ЛКЖО  мүшесі, сотталмаған, ешбір жерде жұмыс жасамайды. Фурманов поселкесінің Колхоз көшесіндегі № 6 үйде тұрады» деп жазылған.

Ғ.Әнесов  тергеушінің «Қазақ халқын қорғаушылар одағы» ұйымы алдына негізінен қандай саяси мақсат қойған деген сұрағына: «Қазақстанның Кеңестік Социалистік Республикалар Одағынан бөлініп, Қазақстанды өз алдына дербес Қазақтың Социалистік Ұлттық мемлекетін құруға қол жеткізу» дейді. Ал осы мақсаттарға қол жеткізу үшін Сіздердің ұйымдарыңыз іс жүзінде қандай міндеттер ұстанды деген тергеушінің сұрағына:  «Біздің кеңестік үкіметке қарсы ұйымымыз нақты мынандай міндеттер белгіледі:

1.Ұйымға жаңадан  тартылған қатысушылар есебінен «Қазақ халқын қорғаушылар Одағы» ұйымын кеңейту;

2.Қазақстанның КСРО-дан бөлінуі жөнінде қазақ халқы арасында үгіт-насихат жүргізу. Үгіт  листовкаларын  басып тарату, «ҚХҚО» мүшелерінің халық алдына шығып сөйлеуін ұйымдастыру, газеттерге мақалалар  беру жолымен жүзеге асырмақшы болдық;  

3.Кеңес үкіметінің алдына Қазақстанның  КСРО-дан бөлінуі туралы үзілді-кесілді талап  қою» деп жауап берген. 

Архив дерегіне қарағанда, ұйымға қатысушылар  екі рет құпия жиналыс өткізген. 1941 жылы қыркүйек айының бас кезінде  аудандық емханада өткізілген алғашқы мәжілісті  Ғ.Әнесовтің   терезені дәрігерлердің халаттарымен, өздерінің пальтоларымен қымтап жауып, жиналысты қараңғы бөлмеде өткізгені айтылады. Ұйым мүшелері Молдағалиев, Бажекенов, Тұрымов  қатысқан  осы  құпия жиналыста   Ғ.Әнесов  қазақ  халқына:

«Ардақты туысқандар! Қазақтар! Жолдастар! «Қазақ халқын қорғаушылар ұйымы» сіздерге өздеріңізге белгілі төмендегі жайларды ескертеміз! Қазақ халқы ғасырлар бойы өз елі үшін езуші үстем ұлттармен күресіп келеді. Ол шегінуді білмейді. Оны Сырым, Кенесары, Наурызбай, Жанқожа, Исатай, Махамбет, Аманкелді, Бекболат  сияқты батырлар, қазақтың  Отанына шын берілген  ұлдары бастады, бастайды да. 

Олар қазақтың елдігін қорғау үшін жанын беріп отыр және береді де. Қазақ халқын бағындырып отырған Ресей патшасы революция дүмпуіне шыдамай құлады. Революцияға қазақтың алдыңғы қатарлы ұлдары қатысты. Қазақ даласында да революция жеңді. Сөйтіп алған үкіметіміз қазақ халқының қалың бұқарасының мақсатынан шықпай отыр. Қазақ құл есебінде, мәдениет, оқу, исскуство дегеннен артта, тілі Сталиннің ұсақ ұлттарды орыстандыру саясатымен орыс тіліне ауып барады. Киер киім, ішер тамақ жоқ. Оны тек құралды күшпен алуға болады. Конституциядан ешқандай рақым күтуге болмайды. Қазақтың ұлттық қозғалысынан қорқып, Сталин басқарған үкімет халықтың инициативасы мен мүддесін мобилизациямен үркітіп, соғыспен жоймақшы. Гурьев, Батыс Қазақстан облыстарында хал осылай. Ал біздің алдымыздағы мәселе  – не ел болу үшін күресу, не құл болу.  Ұлттар теңдігі жасасын! Қазақ халқы жасасын!» деген    үндеу  жазады.

1941 жылы  қарашада ұйым мүшесі Молдағалиев Сатқалидың  ауыз үйінде  өткен екінші  құпия жиналысқа   Ғ.Әнесов, С.Бажекенов, С.Молдағалиев, М.Әлиев қатысады. Ғұбайдолла  ұйым мүшелеріне Орал қаласынан   келген  Құлбасовты   жақсы қызметкер ретінде таныстырады (әттең, бұл НКВД жансызы екенін олар сезбейді – Б.Б.). Жиналыста ұйымның ішкі тәртібі, мүшелік  жарнасы,  С.Молдағалиевті казначей етіп сайлау және  мүшелік  билеттерді  басып шығару мәселелері айтылады.

1941 жылы қараша айының  соңында  аудандардағы антикеңестік жұмысты күшейту үшін  ұйым мүшелері:   Ғ.Әнесовтің өзі  Фурманов ауданына,  Бажекенов С. – Жәнібек ауданына,  Құлбасов –  Жымпиты,  Нұралин –  Жаңақала,  Мақұлбаев Қамал – Казталовка  аудандарына жіберіледі. Олар аталмыш  аудандарда Кеңес үкіметіне қарсы әскери көтерілістер  ұйымдастыруға міндетті  болды.  Ғ.Әнесов  іргелес  жатқан Фурманов,  Жәнібек, Орда  және Жымпиты аудандарында көтерілісті бір мезгілде  бастауға тырысып,  көтеріліс мерзімін 1-сәуірге белгіледі. Бұл туралы Ғ.Әнесовтің тергеу хаттамасында:  «...мен барлық аудандарда  көтерілісті бір мезгілде бастауға тырыстым.  Аудандарды басып алған соң, біз оларда әскери тәртіп енгізіп, біздің қарулы көтерілісіміздің мақсаттары мен себептерін үнпарақ тарату арқылы түсіндіп, халықты жаппай жұмылдырып,  азаматтар жиындарын өткізіп, Кеңес үкіметі органдарын жоюды көздедік... басшы және жауапты қызметкерлерді бірден қамауға алып, бақылау қажет деп таптық. Мен мүмкіндігінше Фурманов, Казталовка аудандарының көтерілісшілерінің күшімен Александров-Гай қаласын тұтқиылдан басып алуды жоспарладым. Кеңес үкіметінің осы қала арқылы келетін жолын, темір жол мен аэродромды (Ұлы Отан соғысы басталған кезде Батыс Қазақстан облысының бірқатар аудандарында жасырын аэродромдар салынғаны белгілі – Б.Б.) талқандауды көздедік. Александров-Гай жағынан қысым жасалған жағдайда Жаңақаланың құмдарына қарай ығысуды белгіледім. Бұл жерде аталған аудандарды алғаннан кейін №51 және №17 жылқы заводтарынан жылқы алып, тез құмға асып кететінімізді ойластырдым. Фурмановтағы радиостанцияны өз мүддемізге пайдаланып... радио арқылы  Москва мен Алматының алдына Қазақстанның КСРО-дан бөліну мәселесін қояр едік. Бұл жерде біз қойған талаптарымызды шетелдік радиостанциялар да ұстап біліп, көтерілісшілерді басқа мемлекеттер де қолдар деген үмітте болдық» деген  19 жасар ұйым жетекшісі стратегиялық жоспарын ашық айтады. Ұйым жетекшісінің көтеріліске тиянақты дайындық жүргізгені анық аңғарылады.

Тергеушінің: «Тінту кезінде Сіздердің жасырын баспаханаларыңыздың  жабдықтарымен бірге Батыс Қазақстан облысының географиялық картасы да алынды. Бұл карта кімдікі?» деген сұрағына Ғ.Әнесов: «Картаның қажеттілігі біздің ұйым  сәуірдің бірінші жұлдызына таман... бірқатар аудандарда әскери көтеріліс ұйымдастыруы тиіс еді. Осыған орай мен қарулы көтерілісті қашан және қалай бастауы тиісті екендігін,  қалай қарай қозғалып, қай жерден қосылатындығымызды карта бойынша түсіндірдім» дейді де, одан әрі «Барлық ауданда көтерілісті бір мезгілде бастау үшін шартты түрдегі хабар беруге келістік. Мысалы,  мен көтерілісті 1942 жылы  5 сәуір күні бастайтын болсам, «Менің үйлену тойым  1942 жылы  5 сәуірде болады» деген  жедел хат жолдаймын. Бұл осы күні көтеріліс басталатынын білдіреді және ұйымшылдықпен кірісуге тиіс болдық. Бұл жерде күн белгісі үлкен маңыз атқарады. Егер хат-хабар жазып жіберген жағдайда оның мазмұны басқаларға түсініксіз болу үшін тікелей емес түсініксіз мағынада жазуын тапсырдым» дейді. 

 Көтерілісті ұйымдастырушылар аудандық  банкті тонау арқылы қаржы мәселесін  шешудің   жоспарын  құрғанмен,  көп кешікпей   қолға түскен. «Сіздің контрреволюциялық  ұйымдарыңыздың Фурманов ауданындағы мемлекеттік банкті тонауға бағыт ұстағанын тергеушілер біліп отыр. Айтыңызшы банкті қандай мақсатпен, қалайша тонамақшы болдыңыздар?» деген  тергеушіге Ғ.Әнесов: «Ұйымымыздың контрреволюциялық жұмысын күшейту үшін қаражат керек болды. Ол жағы бізде болмайтын. Алдымызға ақша табу мәселесін қойдық та, мен оны жүзеге асыру үшін  мемлекеттік банктің Фурманов аудандық бөлімшесін тонауды дұрыс деп таптым. Тонауды қалай жүзеге асыру керектігі, оған ұйым мүшелерінен қайсысы қатысу керектігі жөнінде жоспар құрдым. Менің жоспарым бойынша әуелі аудандық бөлімшенің мекенжайына барып, сырттан телефон сымын үзіп, күзетшіні өлтіріп, ақшаны алу керек болды. Алған ақшаны дереу көміп тастамақ болдық» деп жауап береді.

Сондай-ақ ұйым мүшелерінің өзара мүшелік жарна  жинағаны туралы тергеушіге: «Мүшелік жарна ретінде мен 15 сом, Нұралин 26 сом, барлығы 41 сом жинадық. Әлиев Мәззап отбасы жағдайына байланысты мүшелік жарнадан босатылды. Басқалары қанша төлегенін білмеймін. Бұл жөнінде өзіміз ұйымның казначейі етіп сайлаған Молдағалиев анық білуі тиіс» деп    айтқан.

Айыпталушы Ғ.Әнесов  1942 жылы 16 желтоқсан күні  жауапталған. Тергеуші  сол күні оған: «Сіздің  контрреволюциялық ұйымыңыздың партия мен үкімет басшыларына хат жолдағаны бізге мәлім. Хатты ұйым мүшелерінен кім, кімнің атына, қай уақытта және қашан жазғандығын, мұндай хатты жазудың қажеттілігі туралы ойдың қалай туғандығын анықтап айтыңыз?» деп сұрақ қояды. Жауап: «Дәл уақыты есімде жоқ, шамамен 1941 жылы 9-10 қараша болу керек, біз Молдағалиев Сатқали екеуміз менің үйімде хатты жазуға кірістік. Біреуі КСРО  Жоғарғы Кеңесі Президиумының төрағасына, екіншісі КСРО Халық комиссарлары Кеңесінің төрағасына, үшінші хат Қазақ КСР Жоғарғы  Кеңесі Президиумының төрағасының атына жазылды. Алғашқы екі хатты Молдағалиев орысша жазды. Үшінші хатты менің өзім қазақ тілінде жаздым. Бұл хаттар мен жоғарыда айтқанымдай 9-10 қараша шамасында жазылса да, біз оның  неғұрлым саяси тиімділігі болу үшін 7 қараша күні, Октябрь революциясының 24 жылдығы күні жазылды деп белгілеп, Қазақстанды бөлу жөніндегі талаптарымыз осы күнге тұстас келуін қаладық» дейді.

Одан әрі тергеушінің: «Сіздердің партия мен Кеңес үкіметінің  басшыларына жазып, жолдаған хаттарыңыздың мазмұны қандай еді?» деген сұрағына: «...біз өзіміздің ұйымымыздың атынан Конституцияға сәйкесті Қазақстанның КСРО-дан бөліну талабын   қойдық. Сонымен қатар егер  Қазақстаннан бөліну жөніндегі өтінішіміз қанағаттандырылмаған жағдайда, онда біз КСРО-ға қарсы қарулы көтерілісті бастайтындығымызды ескерттік. Хат соңында хатымызға жауапты  «Правда» газетінің бетінде басып немесе 1941 жылғы бірінші желтоқсанда радио арқылы беруді сұрадық. Ал «Сіз өзіңіз қазақ тілінде Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің төрағасының атына жазған хатыңыздың мазмұны қандай?» деген тергеушіге: «Бұл хаттың қысқаша мазмұнын айтар болсам, Мен  Қазақбаевқа  Қазақстанның КСРО-дан  бөлінуінің қажеттілігін түсіндіріп едім. Қазақ халқы оны Жоғарғы Кеңестің төрағасы етіп сайлағанда оның қазақ халқы  үшін жұмыс жасайтындығына сенім артқандығына, демек осы сенімді ақтап, Қазақстанның КСРО-дан бөлінуі бағытында жұмыс жасауы керектігін көрсеттім. Сонымен қатар қазақ халқы арасында мәселені дауысқа салса, халық сөз жоқ Қазақстанның КСРО-дан бөлінуіне дауыс беретіндігін жаздым. Сөзімнің соңында егер КСРО Үкіметі Конституция бойынша Қазақстанның  бейбіт жолмен бөлінуіне  қарсы болса, онда біз Қазақстанның КСРО-дан бөлінуі жолында  қолға қару алып шығамыз деп көрсеттім. Қазақбаевтың жауапты «Социалистік Қазақстан» газеті арқылы басып, 1941 жылы 1 желтоқсанда радиодан беруін сұрадым. Бір хатқа  «ГАКСИМ» деп  қол қойдық. Ол Ғұбаш  Әнесұлы Көшекев, Сатқали Иманғалиұлы Молдағалиев деген ұғымдарды беретін. Басқа хаттарда біздің әрқайсысымыз аты-жөндерімізді түсініксіз етіп жазып қойдық» дейді.  Елінің азаттығын аңсаған қайран ер!.

Демек, қылышынан қан тамған Кеңес үкіметіне  қарсы құпия ұйым құрып, төңірегіне 17-23 жас аралығындағы өрімдей жас қазақтарды топтастырып, ел ішінде  үнпарақтар (листовкалар) таратып, халықты қарулы көтеріліске шығарудың қамын жасаған, мәселені төтесінен қойып үкімет басшыларына хат жазған, қазақ елінің азаттығы үшін жиырма жасында құрбан болған батыр Әнесов Ғұбайдолла кім? Оның қоғамдық-саяси көзқарасының қалыптасуына әсер еткен факторлар қандай? Бұл – тарихшы ғалымдардың алдында тұрған тың мәселе. Байыпты түрде терең зерттеуді қажет етеді.

«Шағын ғана  ауылда  антикеңестік   құпия  ұйым құрған 14 бозбаланы  саяси күреске итерген қандай күш?» деген мәселе төңірегінде түрлі пікірлер айтылады.  Соның бірі – Орал педагогикалық институтында  1930 жылдардың орта шамасында,  жасырын жұмыс жүргізген «Сұрпақбайлар» ұйымымен байланысты жорамал.  Өйткені, 1940-1941 жылдары Ғ. Әнесов аталмыш институттың  физика-математика, ал  С.Шорабаев пен С.Бажекенов тарих факультетінде  оқып, кейін олар әртүрлі себептермен оқудан  шығып кеткен.

Сондай-ақ, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің  архивінде  сақталған тергеу хаттамасына  сәйкес,  Әнесов Ғұбайдолланың антикеңестік құпия ұйым құруына  оның  «туысқаны Сатымовтың  ықпалы болды»  деген пікірлер бар. Өйткені, «Сізді  кеңес үкіметіне қарсы күреске шығарған қандай себептер?» деген тергеушіге Ғ.Әнесов: «1936 жылы  Фурманов поселкесіндегі біздің үйде менің Сатымов деген туысқаным тұрды. Ол Фурманов аудандық атқару  комитетінің  іс жүргізушісі болып  жасайтын. Ол 25 жаста мен 14-те болдым. ...Біз көп уақытымызды бірге өткізетінбіз. Ол туберкулезге шалдығып, 1936 жылы қайтыс болды. Қайтыс болар алдында ауылына кетуге  жиналды. Өйткені оның науқасы әбден меңдеп бара жатыр еді. Аттанар алдында мені жанына шақырып... өзінің саналы өмірін қазақ халқын орыстың бұғауынан босату жолына арнағанын  айтып, менің өскен соң өз өмірімді кеңестік билікке қарсы күреске  Қазақстанды КСРО-дан  бөлектеуге ұмтылуымды өсиеттеді» деп  жауап береді.

Осылайша, халқының азаттығы үшін  антикеңестік «Қазақ халқын қорғаушылар  одағы» жасырын ұйымын құрып күрес жүргізіп:  

«Сөз айтты Ғұбайдолла балаң халқым,

Адамзат өмірдегі асыл затым.

...Туыппын мен бір бала кіші жүзде,

Таң атып, біздерден түн кетер кезде.

Тыңдаңыз құлақ салып, туған халқым,

Бас кессін, тіл кеспек жоқ айтар көзге.

...Ер сөнді, бірақ сөнбес ісі олардың» деп артына «Қарап жатпа» поэмасын қалдырған Ғұбайдолла  Әнесов  РКФСР Қылмыстық  Кодексінің 58-2, 58-10 баптары бойынша 1943 жылы 13 қаңтарда  ату жазасына кесілді.

 Ал құпия ұйым мүшелері: Сейтқали Бажекенов, Сатқали Молдағалиев, Ғұмар Тұрымов  10 жылға, Шорабаев Сайдолла, Нұралин Мұхамбетжан, Мұқамбетқалиев Иғали  8 жылға, Әлиев Мәззап, Ахметов Мәннап, Насыров Иманғали, Мақұлбаев Қамал, Аманов Өтеген, Қаражанов Сүндетқали, Сапаралин Қайырғали 5 жылға сотталып, еңбекпен түзеу лагеріне (ИТЛ) жөнелтілді. Олардың бірі  айдауда  қаза болды, ал  біреулері жазаларын өтеп   келсе де, қайтадан Сібірге  жөнелтілген. Мәселен, Сатқали Молдағалиев  негізгі мерзімін Челябіде өтеген соң, Новосібірге жер аударылып, Сечинск ауданына қарасты «Победа» совхозында құрылыс қызметін атқарып, кейін сиыр бағады.  Қазір Орал қаласында тұратын Нұржиян Сатқалиқызы: «Папам өте тұйық кісі еді. Айдаудан келген кезде аяқтары домбығып ісіп, іріңдеп кетіпті. Бірнеше башпайы жоқ еді. Түрмедегі өмірі туралы сұрай бастасам: «Ай, қызым оның айтатын ештеңесі жоқ» дейтін  деп еске алады.  Сатқали Молдағалиев  2003 жылы 24 сәуірде өмірден озды.

Ал Сейтқали Бажекенов  Қиыр Шығыстағы саяси тұтқындар лагеріне,   Норильск  қаласына  жер аударылады.  Ол осында Әсипа Темірханқызына үйленіп, Айтқали, Бақыт деген ұлдары дүниеге келеді. Батыс Қазақстан аймағына келуге тиым салынған соң С.Бажекенов  өмірінің ақырына дейін Өскемен қаласында тұрып, 1999 жылы қайтыс болды. 1995 жылы Қазақстанның  тұңғыш президенті Н.Ә. Назарбаевқа хат жазып,  қыршын кеткен жолдастарының ақталып,  есімдерінің ұлт  тарихында мәңгілік жазылып қалуына үлкен еңбегін  сіңіреді. 

Қасиетті Тәуелсіздік  ұлы тұлғаларды ұлықтап, жас ұрпаққа насихаттауға  мүмкіндік әперді. 2021 жылы «Әлихан Бөкейхан университеті» қолдауымен «Салауат» Шығыс Қазақстан облыстық жастар қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен ЖОО  студенттерінің  арасында  «ХХ ғасырдың 20-30 жылдарындағы Қазақстан қасіреті» тақырыбында  Республикалық  ғылыми жобалар  байқауын өткізді.  Байқауға қатысқан шәкіртіміз Жайлан Гүлғасыл  Ғ.Әнесов құрған антикеңестік  құпия  ұйым туралы жобасы  үшін жүлделі  І орынға ие болды. Осы байқаудың төрағасы міндетін атқарған  белгілі тарихшы ғалым Каримов  Мұхтарбек  Қарпықұлы  14 жастың ерлігі туралы студенттің баяндамасы өзін бейжай қалдырмағанын айтып, жетекшісі  ретінде бізге телефон шалды. Тарихи оқиға туралы толғанысын жасырмады. Антикеңестік  «Қазақ халқын қорғаушылар одағы» ұйымы туралы толыққанды мәлімет алған Мұхтарбек аға жергілікті  танымал журналист Азамат Қасымға жоғарыда айтылған Сейтқали Бажекеновтің  Өскемен қаласында тұратын зайыбы  Әсипа  Бажекеновадан  сұхбат алуды тапсырады. Сөйтіп, республикалық  «Айқын» газетінде «Қилы тағдыр: Сібірде шаңырақ құрған отбасы» (22 ақпан, 2022 ж.)  атты мақала  жарияланды. Өзін іздеп келген   тілшімен төрт сағат сұхбат құрған 88 жастағы  Әсипа анамыз  арада екі апта өткен соң бақилық болады.  Осылайша,  қилы тағдыр куәгерінің өз аузынан айтылған тарих  қағазға хатталып қалды...

Еліміз егемендігінің арқасында Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы шешімі бойынша, 1993 жылы 26 ақпанда «Қазақ халқын қорғаушылар одағының» барлық мүшелері толық ақталды.

 Сөз соңында,  «Ер өледі, ел қалады. Есімі ел жүрегінде сақталған ер ғана бақытты» деп батыр бабамыз Б.Момышұлы айтқандай,  қазақ елінің азаттығы жолында құрбан болған  ұлы тұлғаларды ұлықтау бүгінгі ұрпақтың перзенттік парызы екенін ескерту.


 

1387 рет

көрсетілді

3

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз