• Ұлттану
  • 31 Қаңтар, 2023

АСЫЛ МҰРАҒА АБАЙ БОЛАЙЫҚ

(Ұлы Абайдың «Кейде есер көңіл құрғырың» өлеңі хақында)

Асан ОМАРОВ,
зерттеуші 

Қазіргі таңда «дүние дос»-ты  жақтаған жазбалар баршылық. Соның бірі    – «Абай, «дүние дос» және кавер-версия» деген мақала. Ерекше ат қойылған мақаланың авторы – әдебиетші-ғалым Амантай Шәріпұлы. Ол өзінің сондағы кіріспе сөзінде «Әдебиеттанушылар екіге жарылды, – дейді. – Алғашқы топ «Махаббатсыз дүние дос» дегеннің дұрыстығына сан уәж келтірсе де, қарсы жақ оған дес бере қоймай – «Махаббатсыз дүние бос» екендігін дәлелдеуге тырысып бақты. Осы мәселеге, орысша айтқанда, «нүкте қоятын» уақыт жеткен секілді. Өйткені, «дос» пен «бостың» арасын біржолата ажыратпайынша, шын Абайдан адасып қалатын түріміз бар».

«Шын Абайдан адасып қалатын түріміз бар» дегені жөн, өйткені, тек әдебиетшілер ғана емес (хакімді әдебиет шеңберінен шығармау – ескірген стереотип,  кешегі кеңестік дәуір қағидасы), барлық абайсүйер, ойсүйер қазақ қауымы «екіге жарылып» отыр. Сонымен, автор не дейді, уәждері қайсы? Ол С.Торайғыров 1912 жылы досына жазған өлеңінде «Дүние дос, махаббатсыз мал секілді» деген дейді. Бұл сөзді 1987 жылы жарық көрген жинақтан тауып алып, дәлел ретінде алға тартып отыр. Бірақ бұл бұлтартпас дәлел ме? Жоқ, әрине. Себебі, Сұлтанмахмұт ақынның 1993 жылы «Ғылым» баспасынан шыққан екі томдық шығармалар жинағында әлгі жол «Дүние бос, махаббатсыз мал секілді» делінген. Жинақты шығарушылар түзеткен! Неге? Өйткені, ақынның туысы Шәймәрден Торайғыровтың қолжазбасына сүйенген. А.Шәріп: «Осы «түзетудің» көкейге қонбайтынын жасырмаймыз» дейді. «Пәлі, неге?» деген сауалдың тосарын білген ол: «Абай «дүние досты» хайуанға қосса, Сұлтанмахмұт сол ізбенен малға теңеп отырғаны айдан анық емес пе?» дейді (әдебиеттанушы топтың келтіретін «сан уәжінің» сиқы осындай). Бірақ, кешіріңіз, маған бұл тұста «айдан анық» ештеңе көрінбеді. «Дүние дос» пендені хайуан, не болмаса кәпір деп жариялау үшін тереңге бойлап, мықты дәлелдер келтіру керек қой. 

«Абай «дүние досты» хайуанға қосқан» деушілермен мен өз басым келіспеймін. Бұнда нәпсісі билеген сараң, дүниеқоңыз міскін сыналған деген ой жатыр. Осы тұрғыда ақын тариқатқа үндеген дін ұстазы сияқтанады (діншіл топтың жетегіне ергендіктің исі аңқиды). Адасудың екі себебі бар деген ойдамын. Біріншісі – ақын «дүние» сөзін мал-мүлік деген тар мағынада қолданған деп қабылдау. Екіншісі – Абай эволюциясының саты-сатысын ажырата алмағандық. Алдымен осы екі себепке тоқталмақпын.

1890 жылға дейінгі «Туғанда дүние есігін ашады өлең» («Біреудің кісісі өлсе, қаралы – ол» өлеңі), «Ғылымды іздеп, Дүниені көздеп» («Сегіз аяқта»), «Ғылымның біліп пайдасын, Дүниенің көркін болжамай?» («Жастықтың оты, қайдасың?») сияқты өлеңдерден Абай «дүние» деп баршаға көрінетін ғаламды айтқанын көреміз. Демек, бұл сөз мал-мүлік деген мәнде деу қате. Абай оны кәдуілгі барша жарық дүние, яғни «күллі жаратылыс» деген кең мағынада қолданып отыр. Енді екінші себепке келейік, Абай эволюциясы деген мәселе өте күрделі, оған байыппен тоқталуға мәжбүрсің. «Дүниеде ғылым заһири (сыртқы) бар, – дейді Абай, – олар айтылмыштарды нақлия деп те айтады. Бұл нақлияға жүйріктер «ғалым» атанады» (38-сөз). Ал, ішкі дүние сырына жүйріктер «хакім» екені аян. Осы танымға сәйкес тұтастай Абай шығармашылығын да шартты түрде нақлия (ағартушылық) және ғақлия (хакімдік) деген екі кезеңге бөле аламыз. Осынау екі үлкен кезең аралығында Абай қатты торыққан, көңілі тура жол, түп ақиқатты іздеп, шарқ ұрған үш жыл (1891-1893) барын да айта отырайық. Шүбәсіз, 1881-1890 жылдар  нақлия, яғни ағартушылық кезең. Кәне, бұл он жылдай уақытта Абай поэзиясында Құдайды іздеу, оған жақындау ниеті, яғни сопылық көзқарас бар ма? Басқаша айтқанда, тәркі дүниеге, дүние қызығынан суынуға үндеген илаһи уағыз естіле ме? Әлбетте, жоқ. «Өлместен бұрын өл», «Жүрек ақтығы  ақиретті ойлауда» дейтін суфизм сарыны Абай мұрасында кейініректе көрініс береді (бұл кезеңге төменіректе тоқталатын боламыз).

«Кейде есер көңіл құрғырың» өлеңіне келер болсақ, ол 1890 жылғы, демек, ағартушы ақынның қаламынан туған нақлия туынды екендігі анықталып отыр. Сондықтан «дүние бос»-ты «дүние дос» дегендік ағартушы Абай рухына, жетілу эволюциясына сәйкеспейтін, қиялдан туған жорамал болып шығады. Әзірге ойшыл ғалым Абай  дүниеге досты сынаудан аулақ, «Хайуанға оны қосыңдар» дегенді жүрегі жабық, өнерге не ғылымға махаббаты оянбаған наданға («Басында ми жоқ, өзінде ой жоқ, Күлкішіл кердең наданның») қарата айтқан деген пікірдеміз. Абайдың «дүние» дегенін мал-мүлік деп ұғатындарды түсінбеймін. Оның дәлеліне мақала авторы «Өлсе өлер табиғат, адам өлмес» (1895) өлеңіндегі «Дүниеге дос ақиретке бірдей болмас, Екеуі тап бірдей боп орныға алмас» деген Абай пайымын алға тартады. Бұл өлеңнің жөні, мәнісі басқа.

Абайдың даму үдерісі, ойлау жүйесі шапшаң өзгеріп отырған. Осыны ескеру маңызды. Анығы, 1894-1895 жж. беріде ойшыл ақын Алланың хикметін сезіну деңгейіне жетті. Алла тағаланы және жанды тану биігіне шықты. Міне, фәнидің мінін осы биіктен көре алғанда ғана: «Дүниеге дос ақиретке бірдей  болмас» деп мәлімдеген-дүр. Өлеңде «Дүниеге ынтық бол, бірақ оған құлай берілме, ең керегі – иман, өлмеске сену!» деп ескертеді. Фәнидің мінін көрмек үшін «телміріп терең ойдың соңына еруге» шақырады ұстаз. Ғақлия кезеңі үшін бұл заңдылық. Хакімнің ендігі мақсаты –   «толық адам» ілімін негіздеу, иманның тазалығын ұқтыру. Тоқсан сөздің тобықтай түйіні, данышпан «дүниеге досты – хайуанға қосыңдар» демеген. Бұл кейбір ғалымның бармақтан сорып айтқан болжамы мен әсіредіншіл буынның қалауы ғана. Айтпақшы, 1896 жылғы өлеңінде Абай: «Малға достың мұңы жоқ малдан басқа» дейді. Келер ұрпақ дүниеге дос пен малға дос ұғымдарын шатастырмаса дегендей туралап айтқаны.

Тақырыпқа қатысы болмаса да айту парыз, қадірлі Амантай Шәріп өз сөзінде: «Біздің ендігі сүйенетініміз – Жоғары Мәртебелі Түпнұсқа» депті (мақала соңында: «Біз үшін түпнұсқа Абай қымбатты» деп тағы қайталапты). Апырай, бұл не сөз?! Түпнұсқа, қайдағы? Абай мұрасы тек көшірмелерде ғана ғой. Егер түпнұсқа сақталған болса, несіне бір ғасыр бойы Абай мәтінін ақ тер, қара тер боп түзетіп әуреміз? Мүрсейіт көшірмелері, Абайдың 1909 жылғы тұңғыш жинағы, сондай-ақ, Абай замандастарының қолжазбалары түпнұсқаға жатпайды! Оларды «жоғары мәртебелі түпнұсқа» деп жар салу, көңілге келмесін, «ғылым докторы» деген атағы бар адамға абырой емес. Әйгілі «Махаббатсыз – дүние бос» афоризмін «түзетпек» ниетпен жазылған  «Абай, «дүние дос» және кавер-версия» атты мақалаға қатысты сыни талдауымыз осымен тәмам.

Абайтану ғылымының бір бағыты – мәтінтану дейтін текстологиялық қателерді түзету. Неге екенін қайдам, осы бағыттың жұлдызы жарық. Тіпті одан зор мәселе жоқ сияқтанады. Әріптесім Амантай да жаңағы жазбасын: «Мәтінтанушы ғалымдарымыздың іргелі ізденісі, тиянақты тірлігі нәтижесінде Абай төңірегіндегі бір тартыстың түйіні тарқаған секілді» деп түйіндепті. «Дүние дос» тіркесі дұрыстығына соңғы нүкте қойылды дегені. Тоқтай қалыңыз, соңғы сөзіміз әлі айтылған жоқ. Мәтінтану сияқты үстіңгі көбікті қалқуменен іс біте қоймасы анық. Тағы айтайық, дұрысы – дүние бос, дүние дос деген – тар шарбақ, діни догма. Неге?  Өйткені, дүниеге дос болу қажеттілік, онан тыс дәнеңе де жоқ. Қандай да бір қарекет жасамақ, пайда келтірмек үшін де – дүниеге дос болу шарт. Хадис: «Адамның жақсысы адамға пайда келтірген адам» десе, Абай «Ғұмыр өзі – хақиқат» дей келе, әрі қарай былайша таратады: «...Адам баласына пайдалы іс шығармақлығына, яғни электрияны тауып, аспаннан жайды бұрып алып, дүниенің бір шетінен қазір жауап алып тұрып, от пен суға қайласын тауып, мың адам қыла алмастай қызметтер істетіп қойып тұрғандығы... – баршасы пайдалы болған соң, біздің оларға міндеткерлігімізге дау жоқ» (38-сөз). Бұл жерде сөз дүниеге достар, яғни ғалымдар жайлы, әрине. Бүгінгі біздер ғалым, кәсіпкер атаулыны хайуанға қоссақ, не болдық? Адамзат түгіл, хайуандар әлемі де махаббат заңына бағынышты. Соңғы ғақлия сөзінде Абай: «Адамшылықтың алды – махаббат, ғадаләт сезім. Бұлардың керек емес жері жоқ, кіріспейтұғын да жері жоқ. Ол – жаратқан Тәңірінің ісі» дейді (киелі кітаптар да осыны растайды). «Тікен егіп, жүзім дәметпе» дегендей, махаббат жоқ жерде, өсу, даму, кемелдік те жоқ, алдан тек ойран болу тосады.

«Дүние дос»  – жарық дүниеге махаббат. Оған мотивация да көп. Соның бірі жайында Абай: «Дүниенің мәғмурлығы (қызық, әдемі, келісті деп түсініңіз, төркін сөз – ғұмыр) бір түрлі ақылға нұр беріп тұратұғын нәрсе» (38-сөз) дейді. Айналамыз дүние ісіне ғашық жандарға толы болуы осымен өз түсінігін табады. Амал қанша, «дүние дос» тіркесін жақтаушы тарап Абай сараң, ашкөз, иманы әлсіз бейбақты сынаған деседі. Басқадай пайымды аулақ серпеді. Жіті үңіліп, «Дүние дос несімен жаман?» деп бас қатырған ғалымды көре алмадық (қайта өнерлі болу, бір кәсіптің шебері болу тек дүниеге достан шығады, оған дәлел керек емес-ау).

Әсілі, махаббатсыз деген және рухсыз (санасыз) деген жақын туыс ұғымдар. Махаббатсыз өмірде мағына жоқ, онсыз дүние қаңырап бос қалмақшы.  Абай атамыз осынау көрікті ойды жеткізеді бізге. Алланың құлы ма, әлде дүниенің құлы бола ма – таңдау адамның өз қолында. Екеуі де махаббаттың көрінісі (мәселен, отан үшін, әділет үшін шейіт болған жандар дүниеге достар, оларды рухсыз, яки махаббатсыз деу жарамас). Махаббат – Алланың сәулесі. Сол себепті жүрегі қарайған, мейірімсіз, қатігез пақырдың өмірі мағыналы, бақытты бола алмақ емес. Абай оның себебін: «Ақылға сәуле қонбаса, Хайуанша жүріп күнелтпек» (1898) деп ашады. «Хайуанға оны қосыңдар» дегені де, міне, осы мағынада. 

Көріп отырсыздар, Абайдың айтқаны – «дүние бос» екендігін дәлелдеп бақтық (Абайдың өз сөзіне жүгіндік, қосымша философиялық пайымдар да алдық). Ал «дүние дос» тіркесі  қисындығына, шыны керек, арқатірек таба алмаған жайымыз бар (оппоненттер келтіріп жатса, тыңдауға әзірміз). Енді «Кейде есер көңіл құрғырың» өлеңіне қайтадан оралайық. Оның мәнді ерекшелігі – Абайдың 45 жасқа дейінгі өмірімен, сондай-ақ, нақлия делінген, ағартушылық кезеңімен де қоштасқан хәлін аңғаруға болады. Өлеңнің мәтінін толық келтіре кетейік.

Кейде есер көңіл құрғырың, 

Махаббат іздеп талпынар.

Ішем деп бейнет сусынын,

Асау жүрек алқынар.

Тартқан бейнет, өткен жас,

Жүректің отын сөндірмес.

Махаббат – өмір көркі, рас,

Өлген соң, ол да үндемес.

Махаббатсыз – дүние бос,

Хайуанға оны қосыңдар.

Қызықтан өзге қалсаң бос,

Қатының, балаң, досың бар.

Жүрегі жұмсақ білген құл,

Шын дос таппай тыншымас.

Пайда, мақтан бәрі – тұл,

Доссыз ауыз тұшымас.

Өлең мазмұны қарапайым. Бүркеулі, астарлы, не болмаса «терең» дейтін ой жоқ. Жыр өзегі – күнделікті тіршілікте кім кім де басынан кешетін сүйіспеншілік һәм достық қарым-қатынас. Мәселен, соңғы жолда «Доссыз ауыз тұщымас» деуімен Абай «Махаббатсыз – дүние бос» екендігін тиянақтай түскен. «Адам баласы тек қана Аллаға ғашық болсын, егер оның махаббаты дүниеге ауса, онда хайуанға теңеледі» деген идеяны аңдау қиынға соғады (оған өлеңді зейін қойып оқыған әр адам көз жеткізе алады).          

Ілкіде кей-кейде «Ішем деп бейнет сусынын, Асау жүрек алқынарды» (1890) деп айтқан Абай мен «Күні-түні ойымда бір-ақ Тәңірі, Өзіне құмар қылған Оның әмірі» (1895) дегенді айтқан Абай бір еместігін дәйектеп өттік. Ғалым мен хакім арасы сияқты, үлкен айырма бар. Шүбәсіз, ұлт ұстазы, ақын-ағартушы Абай бес жылдай уақыт өткенде әлем ойының алыбына айналған-ды (хакімнің «Мен бір жұмбақ адаммын» дейтіні осы кезден). «Шын Абайдан адасып қалып» жүргеніміз («бос па, әлде дос па?» дескен тартыс көрігі соның мысқалдай мысалы) хакімнің жаңа сатысы, сапалы сана өзгерісі ескерілмегендіктен еді. Осы жәйт соған басты себепкер деген ойдамын. Қорыта айтсақ, «Кейде есер көңіл құрғырың» деп басталатын туынды – фәни өмірдің баянсыздығына, алдамшы екеніне көзі жете түскен 45 жастағы ағартушы, оқымысты Абайдың көңіл-күйінің айнасы. Өлеңнің бақан-тірегі, керемет афоризм – «Махаббатсыз – дүние бос»-ты бұрмалаудан арылайық.

Халқымыз жүрегінен жылылық, махаббат, мейірім, достық сезімдер «бұлақша ағып ғаламға таралсын» (Абай). Бұларсыз жеке адамның ғана емес, бүкіл қоғамның өмірі – қараң, мағынасыз, «бос» болып өтпекші. Бүгінгі өмір шындығы осыны айғақтап отыр.

16504 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

AQIQAT №8

26 Тамыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дәуіржан ТӨЛЕБАЕВ

«Ақиқат» ұлттық қоғамдық-саяси журналының Бас редакторы