• Ел мұраты
  • 28 Ақпан, 2023

Пәруәсіз пікірлердің жетегінде кетпейік

Тарих терең өзен іспеттес, ал саясат болса оның бетіндегі толқыны. «Терең өзендер үнсіз ағады» демекші, тарих толқынындағы ретсіз қозғалыстан басталатын айқай-шудың да қажеті шамалы. Оны бүкіл дамыған өркениетті елдердің тәжірибесінен көруге болады. Қазақстан қоғамындағы  саяси жаңғыруға байланысты объективті пікір тудыратын жалпы көзқарас ұлттық мемлекетшілдік идея аясында топтасқанда ғана саяси реформалар нәтижелі болмақ. Осы тұрғыдан қарағанда, Қазақстанның жаңа саяси дамуындағы кейбір мәселелерге назар аударғанды жөн көрдік.

Бүгінгі таңда Әділетті Қазақстан орнату ісіне бүкіл бұқара атсалысуда.  Әрине, оның идеологиясындағы негізгі лейтмотив мемлекетшілдік  болуы керек. Дегенмен, қазір елімізде болып жатқан, әсіресе, саяси аренадағы өзгерістерге деген бұқаралық көзқарас бір арнаға тоғыспайтындығымен ерекшеленіп отыр. Сонымен қатар, қоғамдық санаға ықпал ету үшін сырт  жақтағы блогер-хайперлер  тарапынан  да үздіксіз шабуылдар жасалуда.Бұқара халықтың қоғамдық санасында пікір алуандылығының болуы демократияның басты принципі, әрі ол іргелі заңдылық. Алайда, жұртты дүрліктірер екіұшты пікірлер қоғамда өзіндік орны бар, қалыптасқан тұлғалар тарапынан шықса ол көпшілікті адастырады. Қай кезде болса да, әсіресе саяси сахнадағы сана трансформациялануы кезінде объективті сын қажет-ақ, бірақ оның шынайы болғанына не жетсін. Әділетті  Қазақстан қоғамы үшін  объективтілік аса маңызды мәселе. Өкінішке қарай, бүгінде олай болмай тұр. Әсіресе, әлеуметтік желілерде, бұқаралық ақпарат құралдары мен теле-радио бағдарламаларда объективті пікір айтудан гөрі, жарқ-жұрқ етіп сананы жаулап алуды көздеген, бір мезеттік хайптар көбейген. Көпшіліктің назарын   ерекше пікірлерімен өзіне аудару үшін әлеуметтік желі – жақсы мүмкіндік.  Жақында бір  белгілі дәстүрлі әнші және танымал журналист «хайп» ұстағысы келді ме, белгісіз, мемлекет тарихында елеулі орны бар азаматтар туралы пікірін білдіріпті.  Әлбетте, әркім өз сөзі үшін өзі жауапты деп үнсіз қалуға да болар еді. Дегенмен, пікір білдіргенді азаматтық парызым деп санадым. 

Осы орайда әлемдегі төлтума болмысын таза сақтап қалған халықтардың бірі – жапон даналығында кездесетін қысқа ой тұжырымдарды келтіре кетсек.  Олар: «Күн жақсыларды білмейді. Күн жамандарды да танымайды. Күн біреуді жылытайын демейді. Өзін тапқан адам күндей жарқырайды» дейді. Біз «мың өліп, мың тірілсек те», өткен қателіктерден сабақ алмай, әлі де өзімізді таба алмай жүргендейміз. «Күлкісі жарқын үйге бақ қонады» демекші, біздің қоғамның күлкісі жай күлкі емес, саяси сайқымазаққа айналғандай. Ондай арзанқол күлкіде мән мен мағына болмайтыны анық.

Басқаны былай қойғанда, тәуелсіздік алғалы бері мемлекеттік дәрежеде жер-көкке сыйғызбай мақтап жүрген жеке тұлғалар  туралы әлемдік интернет кеңістігіндегі «ютуб» каналы мен Фейсбук, Инстаграм сияқты әлеуметтік желілерде берілетін жантүршігерлік фактілермен қоса, қоғамға жік салатын   ұсыныс-пікірлерді естігенде, сананы үрей билейтін жағдайға жеттік. Елімізде азаматтық қоғам құрамыз дей тұра, тіпті адам ретінде адамгершілік шектен шығудың әлемдік үлгісін көрсетіп жатқандаймыз.   

Мысалы, белгілі журналист қазіргі жағдайды талқылай келе, қазақ қоғамында беделі жоғары имамнан: «Елдің хақысын жеген адамның  жаназасын шығаруға бола ма?»- деген сұрақ қойды. Әрине, ол алғашында не айтарын білмей қатты састы, бірақ, кез келген қиын сұрақтан шыға алатындай тәжірибесі бар адам екенін тағы да дәлелдеді. Бірақ ол журналист имамнан қандай жауап күтті екен... Бұл жерде сонымен қатар, «Өлген пілдің құлағында тірі тышқан ойнаған» жағдай шынымен келгені көрініп тұрғанына куәміз. Осы тұста тағы да жапондықтардың «Тым әділетшіл болу  ақымақтықпен шектеспей ме?»  деген сұрағы туындайды. Иә, менің ол азаматтан аласым да, бересім де жоқ. Керісінше, құрметпен қараймын, ісіне тәнтімін. Бүгінгі қазақ қоғамындағы ойы өткір, қиялы жүйрік, қара қылды қақ жарған азамат.

Сондай-ақ, қазақтың жан дүниесін жақсы түсінетін дәстүрлі әнші жеке парақшасында өмірден өтіп кеткен тағы да бір танымал тұлға туралы жазба жариялап, дәлелденбеген фактілерге сүйеніп, тұлғаның жеке басына қатысты күмәнді мәселені көтерді. Оның бұл жазбасы қоғамда қызу талқыға түсті. Бұл тұста азаматтық мораль мен этика, тек қазаққа ғана тән үлкенге деген ізет сияқты құндылықтар арзан популизмнің құрбандығы болып кеткендей. Тіпті бір кездері бүкіл жұрт болып басына көтерген жанды мазаққа айналдырып қорлағандай күй кешесің. Кез келген халық та «Өткен адам туралы не жақсы айтады немесе үндемейді». Ал қазақ қоғамы аруағын қорлауға жол бермеген. Өз шаңырағымызда басшымызды күлкіге айналдырып, өткенімізге тас атпайық. «Өткенге мылтық кезенсек, болашақ пулеметпен қарсы алмасын». Халық арасында жиі айтылатындай, «Өгіздің басына туған күн бұзауға да туатынын» естен шығармайық. Жоқ, әлде «Биікке шыққысы келіп талпынған жан түбінде өзіне баспалдақ табады» демекші, оларды да сондай баспалдақ іздеген жандардың қатарынан ба деп қаласың. Бүгінгі таңда мақсатқа жетудің басқа да  жолдары бар емес пе?

Өз құлағыңа өзің сенбейтін  жағдайларға қарап, бүгінгі қазақ қоғамындағы құндылықтар керісінше басы аяқ, аяғы бас болып өзгерген бе деп те қаласың. Сол жоғарыда айтқан жапондықтарда: «Есі ауысқандар мен ақымақтарға жол бер» деген нақыл бар екен. Иә, бұл кезең өтпелі кезең болса екен әрі ол жылдамырақ өтсе тіпті жақсы болар еді деп тілейсің. Жапондықтар «Тез деген – баяу, бірақ үзіліссіз қимылдау» деп түсінеді екен. Оны біз де солай қабылдағанымыз абзал.

«Қарапайым адамдар болмаса, ұлылар да болмас еді» демекші, сол белгілі тұлғаларды осы қарапайым адамдар саяси аренаға алып шықты  емес пе? «Біздің «Мәңгілік Ел» болуға деген белсенді ұмтылысымыздың көш басында солар тұрмады ма?  Ендеше, «Ешкім де төсекте жатып сүрінбейді» дегенді ұмытпайық. Қолмен істегенді мойынмен көтеру әр азаматтың міндеті және ол қатардағы қарапайым адам емес, халық алдында мемлекет атынан жауапкершілік жүктелген тұлға. Жіберген олқылықтары мен қателіктерін мойындап, сол үшін тек ар мен иман алдында ғана емес, жауабын қоғам алдына шығып, өзі береді деп елі күтуде. Әрине, ол уақыттың еншісінде, өмір көрсетер. «Сократқа у ішкізген, Жанна д,Аркты отқа өртеген, Ғайсаны дарға асқан, пайғамбарымызды түйенің жемтігіне көмген кім? Ол – көп....»  деген еді өзінің қара сөздерінде дана Абай. Сондықтан да, әділетті қоғамда тек әділ шешімдер шығуы тиіс деп санаймыз. Бір нәрсенің басы ашық, бір кездері ұлтшылдықпен күрескен қоғам енді ұлтсыздық ауруымен күресіп, өзара қырықпышақ болғаннан береке таппайды. Дегенмен, «Өспейтін ұлт өмірден өткен басшысын жамандап, болашағының бағын қайтарар» дегенді де естен шығармайық. Керісінше, бұдан былай еліміздегі оңды бастамалар мен өзекті тақырыптарды күн тәртібіне шығарайық. Бейбітшілікті сақтау үшін саяси тұрақтылық ауадай қажет. Әділдік үшін сол тұлғалардың пайдалы істеріне көбірек көңіл аудармасқа неге болмасын. Кеңес үкіметінің тұсында елімізде ірілі-ұсақты 46 қала салынса, Тәуелсіздіктің алғашқы ширегінде Астана салынып,  Алматы үлкен мегаполиске айналды, заманауи әсем  жаңа Түркістан қаласы бой көтерді. Енді Жаңа Қазақстан кезінде Абай, Ұлытау, Жетісу облыстары ашылып, Қапшағайды Қонаевтың құрметіне атап, болашақта жастар шоғырланған үлкен орталыққа  айналмақшы.

Әлеуметтік желі беттерінен келешек Қапшағайдың  макетін көрдік.   Егер бұл жоба іске асырылса,  Қонаев  қаласы білім мен ғылымға инновациялық тұрғыдан серпін беріп, аймақтағы түркі тектес, тілі мен діні ортақ халықтардың жастары ғана емес, басқалар да Қазақстанға  оқуға,  жұмыс істеуге, орналасуға ағылатыны анық.   

Қазіргі таңда аймақта геосаяси жағдай тұрақсыз. Осы мәселеге байланысты арандатушы хайп пікірлер де жоқ емес.

Қазақстан территориясы жағынан әлемде 9-шы орын алатын, болашағынан үлкен үміт күттіретін мемлекет екені даусыз. Сондықтан да түркі тектес мемлекеттердің бағдаршамы болуға лайықты мүмкіндіктері бар ел. Әлеуметтік желіде осы жөнінде жиі айтылып жүргені шындық. Қазірдің өзінде саха,  татар,  башқұрттардың Қазақстан туралы іш тартқан жақсы пікірлерінің барын аңғаруға болады. Астана мен Алматы, жаңа Түркістан олар үшін дамыған Еуропа қалаларынан еш  кем емес.   

Жалпы,  Башқұртстан,  Татарстан,  Саха, Алтай, Хакас, Бурятия, т.б. халықтардың Қазақстаннан сүйеніш іздеуге ұмтылуы бір жағынан заңдылық.   Қазақстан олар үшін 30 жыл бұрын жеке дербестігін алып қалыптасқан тәуелсіз мемлекет болып табылады. Бұл халықтар Қазақстанға қарап бой түзеуге мүдделі болмақ. Бұл бізге үлкен жауапкершілік жүктейді. Жалпы, жақын болашақта Қазақстан халқының өз табиғи өсімі бар, сырттан келетін қандастардың үлесі бар, жақын шетелден көшіп келетіндер бар, елімізде халық саны тез көбейіп, отыз миллион халқы бар ірі мемлекет болу мүмкіндігіміз бар. Күншығыс жұртының «Теңіздің үлкендігі кішкентай өзендерді де бауырына басатындығынан»  дегені тегін емес. Осыдан бірнеше жыл бұрын, Ресейдегі танымал ислам теологы, белгілі философ, әзербайжан ғұламасы Гейдар Жамал: «Қазақстан,  жалпы қазақ халқы империя құра алатын потенциалы бар үлкен халық әрі мемлекет. Мен бұл елдің түбі өзін көрсетіп, жарқ етіп тарих сахнасына қайта шығып, түркі әлемінде белсенді рөл атқаратындығына сенімдімін» деген еді. Қазақстан алдымен өзінің айналасының ұйытқысына, яғни әрқилы түркі халықтарының орталығына, сосын күллі түркі жұртының ядросына айналса, оның сол болжамы расқа шығар еді. Иә, еліміздің гүлденіп, ешкімге көлеңкесін түсірмей, беделінің артқанына не жетсін. Сол күндер жақын болғай деп, сол жолда адал қызмет етейік. 

Әйтсе де, «Таудың сағасында тұрып, биіктен ағып жатқан өзендерді ұмытпа» демекші, уақтысынан бұрын туылған идеяға шектен тыс иек артпайық. «Мінсіз құмыраны ешқашан нашар шебер жасамайды», біз өз уақытымыздың шебері болуға тырысайық. Жеке тұлғалардың кемшілігін тізіп, бір-бірімізбен салғыласып, қызыл кеңірдек болғанша, ғаламдану процесінде өз орнымызды табатындай, өркениетке үндейтін амбициялық жобаларды саралап, әлемдік деңгейдегі стартаптарды талқылап, интеллектуалды сараптамалық-талдау жасайық.

Ең бастысы, қоғамдағы тұрақтылықтың шырқын бұзатын саяси сарындағы «хайп» пікірлер – сақтанбасақ қауіпті екенін естен шығармайық. 

Жомарт Симтиков,

саяси ғылымдар докторы, Абай атындағы ҚазҰПУ

саясаттану кафедрасының меңгерушісі

 

1321 рет

көрсетілді

3

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз