• Ел мұраты
  • 01 Наурыз, 2023

Саяси партиялардың  ұйымдастырылуын құқықтық реттеу

Әділетті Қазақстанның құрылысында азаматтық қоғам институттары, солардың ішінде саяси партиялар үлкен маңызға ие. Дәл осы саяси партиялар, әсіресе «Аманат» партиясы, бүгінде қазақстандық қоғамды шоғырландыруы тиіс.

Алдағы 19 наурызда Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісіне депутаттарды сайлауға және осыған байланысты саяси партиялардың белсенділенуіне қатысты «Аманат» бойынша бір партияластармен, басқа да қоғамдық бірлестіктердің мүшелерімен, белсенді азаматтық ұстанымдағы қарапайым азаматтармен біздің еліміздегі саяси партияларды ұйымдастыру мен қызметін конституциялық-құқықтық реттеу мәселелері бойынша дидактикалық (оқу-танымдық) мазмұндағы ақпаратпен бөліскім келеді.

«Саяси партиялар туралы» ҚР Заңының 1-бабына сәйкес «азаматтардың, әртүрлi әлеуметтiк топтардың мүдделерiн мемлекеттiк билiктiң өкiлдi және атқарушы, жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарында бiлдiру және оларды қалыптастыру iсiне қатысу мақсатында олардың саяси еркiн бiлдiретiн Қазақстан Республикасы азаматтарының ерiктi бiрлестiгi саяси партия деп танылады». Бұл ретте саяси партиялардың атауында «Халық» сөзі болса да, халық атынан билiк жүргiзуге құқығы жоқ.

Егемендікке ие бола отырып, әр түрлі саяси партиялардың пайда болуы, олардың қоғамдағы рөлінің артуы, қызметінің нысандары мен әдістерінің күрделенуі олардың құқықтық институциялануына, яғни белгіленген ережелер, нормалар мен олардың өзін-өзі реттеуі бар ұйым нысанына әкеледі.  Қазақстан Республикасында саяси партияларды институциялау екі өзара байланысты бағытта жүзеге асырылады: Конституцияға олардың мәртебесінің негізгі ережелерін енгізу  және саяси партиялар туралы арнайы заңнаманы қалыптастыру.

Саяси партиялардың құқықтық мәртебесінің негізгі ережелері ҚР Конституциясының 5-бабында бекітілген.

Мемлекеттің Негізгі Заңында идеологиялық және саяси әр-алуандылықты тану фактісі әртүрлі идеологияларға негізделген әртүрлі саяси партиялардың пайда болуы үшін конституциялық негіздің болуын білдіреді. Демек, саяси партиялардың заңдылығы олардың Конституция ережелері негізінде жүзеге асырылатын қызметіне байланысты деп айтуға болады.

Бұл ретте саяси партиялардың саясат, білім беру, көркем шығармашылық және қоғам өмірінің басқа да салаларында белгілі бір идеологияны міндетті деп жариялауға құқығы жоқ.

Саяси партиялар дербес саяси орган болғандықтан, олар мемлекеттік органдардан тәуелсіз. Бұл конституциялық ереженің маңыздылығы елдің Негізгі Заңында саяси партиялар мен мемлекеттік институттардың бірігуіне императивті түрде тыйым салынғандығында. Сондықтан да мемлекеттік органдарда саяси партиялар ұйымдарын құруға конституциялық тыйым салынды.

Сонымен қатар, 2022 жылғы 16 наурыздағы Қазақстан халқына Жолдауында ел Президенті Қ.Тоқаев партияның мемлекеттік аппаратқа кірігуіне мүлдем жол бермеген жөн екенін атап өтті. Саясаттағы монополия түрлі әлеуметтік кеселді туындататыны және мемлекетті дағдарысқа ұшырататыны анық.

Әрі қарай, Конституция барлық саяси партиялардың заң алдында бірдей екенін анықтайды. Бұл «Саяси партиялар туралы» ҚР Заңының 2-бабында (2023.01.01. берілген өзгерістер мен толықтыруларымен) жазылған. Бұл ережеден шығатыны ешқандай саяси партия айрықша жағдайға, қандай да бір жеңілдіктер мен артықшылықтарға ие бола алмайды. Сонымен қатар, азаматтардың кәсiби, нәсiлдiк, ұлттық, этникалық және дiни белгiлерi бойынша саяси партиялар құруға жол берілмейді.

Барлық саяси партиялар Конституция мен қоғамдық-саяси қызметтің осы саласындағы заңдарының талаптарын сақтауға міндетті.

ҚР Конституциясының 5-бабының 3-тармағымен мемлекетке саяси партиялардың істеріне заңсыз араласуға тыйым салынады. Бұл ретте мемлекет пен оның органдарының саяси партиялардың істеріне заңсыз араласуы деп Конституцияда және саяси партиялар туралы ағымдағы заңнамада көзделген және бекітілген саяси партиялардың мәртебесін бұзатын іс-әрекеттер жасауды түсіну керек. Сонымен қатар, құзыретіне саяси партиялармен жұмыс жасау кіретін мемлекеттік органдар Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңнамасы негізінде өз жарғылық ережелерін, қолданыстағы заңнаманы сақтау жағдайына, сондай-ақ азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мақсатында саяси партиялардың қызметіне тексерулер жүргізе алады.

Мемлекеттік органдардың функцияларын саяси партияларға жүктеу конституциялық тыйымға жатады. Мемлекеттiк қызметшiлер лауазымдық мiндеттерiн атқару кезiнде Қазақстан Республикасы заңдарының талаптарын басшылыққа алады және саяси партиялар мен олардың органдарының шешiмдерiмен байланысты болмайды.

Конституцияның 5-бабының 4-тармағында мақсаты немесе іс-әрекеті республиканың конституциялық құрылысын күштеп өзгертуге, оның тұтастығын бұзуға, мемлекет қауіпсіздігіне нұқсан келтіруге, әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, діни, тектік-топтық және рулық араздықты қоздыруға бағытталған қоғамдық бірлестіктер құруға және олардың қызметіне тыйым салынады. Жарғыда аталған белгілердің кем дегенде біреуінің болуы оларды тіркеуден бас тартуға негіз болып табылады. Осы норма «Саяси партиялар туралы» ҚР Заңының 5-бабының 7-тармағында да жаңғыртылды.

Конституцияға сәйкес елде басқа мемлекеттердің саяси партияларының қызметіне жол берілмейді. Осы конституциялық тыйым Қазақстан Республикасының егемендігін қамтамасыз етуге бағытталған. Сонымен қатар, Қазақстанда діни негіздегі саяси партиялардың қызметіне тыйым салынады. Саяси партияларды діни негізде құруға және олардың қызметіне конституциялық тыйым салу мемлекеттің зайырлы сипатынан және діни бірлестіктер тек өз мүшелерінің рухани қажеттіліктерін қанағаттандыратындығынан және халықтың қалың бұқарасының (өзге конфессиялар мен атеистердің өкілдері) мүдделерін білдіре алмайтындығынан туындайды.

Ата заңның бірқатар ережелеріне жүргізілген талдау елімізде саяси партияларды ұйымдастыру мен олардың қызметі үшін берік конституциялық негіз құрылды деген қорытынды жасауға мүмкіндік береді.  Бұл өз кезегінде республикада нақты саяси плюрализм мен көппартиялық жүйенің орын алуы мен жұмыс істеуі жөнінде пайымдауға мүмкіндік береді. Қазақстан Республикасының Конституциясы көппартиялық жүйені бекіте отырып, саяси партиялардың мемлекеттік биліктің өзін де, оның функцияларын жүзеге асыратын органдар мен мемлекеттік қызметшілерді де ұйымдастыруға және олардың жұмыс істеуіне әсері туралы айтуға мүмкіндік береді.

Көппартиялылық, ең алдымен, белгілі бір жолмен ұйымдық бірлік болып табылады, мұнда оның құрамдас бөліктері бір-бірімен тығыз байланысты және билік үшін өркениетті, заңға негізделген саяси күрес түрінде өзара әрекеттеседі.

Сондықтан да Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында ел азаматтарының мүддесін қорғау жөніндегі маңызды миссияны бұрынғыдай саяси партиялар атқара беретінін атап өтті. Бұл ретте Мемлекет басшысы ретінде, шын мәніндегі көппартиялық жүйені дамытуға күш салуға міндетті екенін атап өтті.

Қазіргі уақытта Қазақстандағы көппартиялылық мемлекеттің тұрақты институтына, қоғамдық өмірдің ажырамас атрибутына айналды деп айтуға болады. 

Осы тұста Президент 2022 жылғы 16 наурыздағы Қазақстан халқына Жолдауында (және оған дейін Amanat партиясының съезінде) Мемлекет басшысының өкілеттігін орындау кезеңінде саяси партияда болуына тыйым салу қажеттігіне бастамашылық еткенін есте ұстаған жөн, бұл соңғы конституциялық реформа барысында Конституцияның 43-бабының 3-тармағында бекітілді. Осы құқықтық құбылысты департизация принципімен белгілеу орынды.

«Саяси партиялар туралы» заң саяси партияларды құрудың құқықтық негіздерін, олардың құқықтары мен міндеттерін, қызмет кепілдіктерін айқындайды, саяси партиялардың мемлекеттік органдармен және басқа да ұйымдармен қарым-қатынасын реттейді, олардың жауапкершілігін белгілейді.

Аталған Заңның 2-бабында саяси партиялар туралы заңдар Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi, осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актілерiнен тұрады деп белгіленеді. Бұл ережеден саяси партиялардың қызмет саласын реттейтін барлық нормативтік құқықтық актілер Конституцияның нормаларына, ережелеріне, принциптері мен идеяларына негізделуі керек екендігі айқындалады. Бұл талапты сақтамау осы нормативтік құқықтық актілерді конституциялық емес деп тану үшін негіз болып табылады.

Тұтастай алғанда, саяси партиялардың ұйымдастырылуы мен қызметін реттейтін заңнама Конституциядан басқа «Саяси партиялар туралы» заңынан, «Қоғамдық бірлестіктер туралы» заңынан, қоғамдық өмірдің осы саласын қандай да бір дәрежеде реттейтін басқа да заңнамалық актілерден, сондай-ақ мемлекеттік биліктің жоғары органдары шығаратын заңға тәуелді актілерден тұрады.

«Саяси партиялар туралы» заң азаматтардың бірлесу бостандығына конституциялық құқығын нақтылайды және айқындайды. Сонымен заңның 3-бабына сәйкес азаматтардың саяси партияларға бірігу құқығы мынада:

•Қазақстан Республикасы азаматтарының саяси партияларға бiрлесу бостандығына құқығы бар. Азаматтар өз еркімен, өз қалауымен, ешқандай мәжбүрлеусіз, өздерінің саяси көзқарастарына сәйкес саяси партияларға өз еркімен кіреді. Бірлесуге бостандық құқығы саяси партиядан өз еркімен еркін шығу құқығын да көздейді. Заңның 8-бабында жасы он сегiзге толған азамат саяси партияның мүшесi бола алатындығы анықталды. Саяси партияға шетелдiктердiң, азаматтығы жоқ адамдардың мүше болуына, сондай-ақ ұжымдық мүшелiкке жол берiлмейдi. Әскери қызметшілер, ұлттық қауіпсіздік органдарының, құқық қорғау органдарының қызметкерлері және судьялар саяси партияда болмауға, қандай да бір саяси партияға қолдау көрсетпеуге тиіс.

«Саяси партиялар туралы» ҚР Заңының 6-бабының 1-тармағына сәйкес саяси партия саны жеті жүз адамнан кем емес, саяси партияның құрылтай съезін (конференциясын) шақыратын және облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың үштен екісінің атынан өкілдік ететін ҚР азаматтары тобының бастамасы бойынша құрылады.          

Бұл ретте, «Саяси партиялар туралы» заңның 10-бабының 6-тармағына сәйкес саяси партияны мемлекеттік тіркеу үшін оның құрамында барлық облыстарда, республикалық маңызы бар қалаларда және Астанада партияның құрылымдық бөлімшелерінің (филиалдары мен өкілдіктерінің) атынан өкілдік ететін, олардың әрқайсысында кемінде жиырма мың партия мүшесі (бұрын, бұл көрсеткіш 40 000, ал бұған дейін – 50 000 партия мүшесі) болуға тиіс екенін есте ұстаған жөн.

Бұл норма ел Президенті 2019 жылғы 20 желтоқсанда Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің Екінші отырысында бастамашылық еткен және Мемлекет басшысы белгілеген саяси жүйені жаңғырту қажеттілігімен байланысты. Бұрын саяси партияны мемлекеттік тіркеу үшін оның құрамында кемінде 40 мың партия мүшесі болуы керек еді; 

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы 2022 жылғы 16 наурыздағы Қазақстан халқына Жолдауында біздің мемлекеттік құрылысымыздың – «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» негізгі формуласын іске асыру үшін төртінші бастама ретінде партиялық жүйені дамыту мүмкіндіктерін кеңейту қажет екенін атап өтті. «Осы бастаманы іске асыру мақсатында партияларды институционалдық және ұйымдастырушылық жағынан дамытуға барынша қолайлы жағдай жасау керек. Партияларды тіркеу ресімі едәуір жеңілдейді. Тіркеу шегін 4 есеге – 20 мыңнан 5 мың адамға азайтқан жөн. Өңірлердегі өкілдер саны 600-ден 200 адамға төмендетіледі. Партия құру үшін азаматтардың бастамашыл тобының ең төменгі саны үштен бірге, яғни 1000-нан 700 адамға азаяды. Сондай-ақ, құрылтай съезін өткізуге және филиалдарды құруға берілетін уақыт көбейеді. Бұл мәселелерді либералдандыру еліміздегі саяси кеңістікті дамыту үдерісін едәуір жандандырады. Өз сайлаушыларының қордаланған проблемаларын сауатты жеткізіп, тиімді шешуге қабілетті жаңа партиялар пайда болады». Мемлекет басшысының бұл бастамасы саяси партиялар туралы жаңартылған заңнамада да көрініс тапты.

Бұл жағдайда есте сақтау керек:

•Қазақстан Республикасының азаматы бір ғана саяси партияның мүшесі бола алады. Ереже азаматтардың саяси құқықтарын ешқандай жолмен шектемейді. Осы белгілеудің мәні – әрбір саяси партия өз қызметін нақты идеялар мен саяси көзқарастарды жүзеге асыратын партияның жарғысы мен бағдарламасы негізінде жүзеге асырады. Бұдан шығатыны, идеологиялық көзқарастары бірдей екі немесе одан да көп саяси партияларды тіркеу мүмкін емес. Сонымен қатар, саяси партиялардың мақсаттары мен міндеттері де бір-бірінен өзгеше болуы керек. Сондықтан азамат өзінің идеологиялық көзқарастарын басшылыққа ала отырып, саяси партиялардың бірін таңдауы керек. Азаматтардың екі немесе одан да көп партияларда болу мүмкіндігі осы партиялар арасындағы шекараны бұлдыратып, олардың өздері мен мемлекет арасындағы қарым-қатынасын қиындатуы мүмкін;

•саяси партияға қатыстылық Қазақстан Республикасы азаматының құқықтары мен бостандықтарын шектеуге негіз бола алмайды. Бұл дегеніміз, саяси партия оның мүшелігіне қабылдаудан бас тартуды немесе азаматтың қандай да бір құқықтары мен бостандықтарын шектеуді шарттай алмайды. Бірде-бір мемлекеттік органның немесе мемлекеттік ұйымның (мемлекеттік қызметке, жұмысқа тұру кезінде, азаматтардың өтініштерін қарау кезінде және т.б.) белгілі бір партияға жататындығына байланысты азаматтың құқықтары мен бостандықтарын шектеуге құқығы жоқ. Сонымен қатар, бұл шектеуді мемлекеттік емес ұйымдар да пайдалана алмайды. Осылайша, азаматтардың белгілі бір партияға партиялық қатыстылығы оған, сондай-ақ партиялық емес азаматтарға, Конституциямен және өзге де заңнамамен азаматқа кепілдік берілген барлық құқықтар мен бостандықтарды толық көлемде пайдалануға мүмкіндік береді;

•ҚР Конституциясының 19-бабының 1-тармағында әркім өзінің қай ұлтқа, қай партияға және қай дінге жататынын өзі анықтауға және оны көрсету-көрсетпеуге хақылы деп нақты жазылған. Демек, әркім өзінің партияға қатыстылығын көрсетуге немесе көрсетпеуге құқылы. Осы Ереженің мән-мәтінінде «әркім» сөзі тек Қазақстан Республикасының азаматтарын білдіреді. Бұл норма өзінің мазмұны бойынша жеткілікті гуманистік және демократиялық болып табылады, өйткені көппартиялық және саяси плюрализм жағдайында ол азаматтардың белгілі бір партияда тұруға немесе тұрмауға саяси құқықтарының бостандығын білдіреді. Яғни, мемлекет пен оның органдары барлық азаматтарға өздерінің саяси құқықтарын жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Бұдан әрі, «Саяси партиялар туралы» ҚР Заңының 4-бабы мемлекет пен саяси партиялардың өзара қарым-қатынасын айқындайды. Мемлекет саяси партиялардың құқықтары мен заңды мүдделерiнiң сақталуын қамтамасыз етедi. Осы ережеден мемлекеттік органдар саяси партиялардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға міндетті екендігі байқалады.

Бұл ретте, барлық заңды тіркелген саяси партиялар, олар үкіметшіл немесе оппозициялық болып табылатынына қарамастан, мемлекеттің қорғауында болады, өйткені олардың барлығы заң алдында тең. Бұл тұрғыда Президент Қ.Тоқаевтың Парламентте «Бізге парламенттік оппозиция институты қажет. Бұл жаңа әлеуметтік парадигма, яғни біз ескеруіміз керек балама көзқарастар мен пікірлер болуы керек» деген оппозициялық партиялардың болу қажеттілігі туралы ұсынысы өте өзекті және орынды болды.

Мемлекет басшысының осы ұсынысы «Қазақстан Республикасының Парламентi және оның депутаттарының мәртебесi туралы» Қазақстан Республикасы конституциялық Заңының (01.01.2023 ж. жағдай бойынша) 34-1-бабында және «Қазақстан Республикасы Парламентiнiң комитеттерi мен комиссиялары туралы» Қазақстан Республикасының Заңына парламенттік оппозиция мәселелері бойынша өзгеріс пен толықтырулар енгізу туралы 2020 жылғы 2 маусымдағы ҚР Заңында бекітілгенін айтуға болады.

Сонымен қатар,  Конституцияның 5-бабының 2-тармағы қоғамдық бірлестіктер ісіне мемлекеттің және мемлекет ісіне қоғамдық бірлестіктердің заңсыз араласуына жол берілмейтіндігі туралы нақтыласа, «Саяси партиялар туралы» заңның 4-бабының 2-тармағы да мемлекеттiң саяси партиялардың iстерiне және саяси партиялардың мемлекет iстерiне заңсыз араласуына тыйым салуды белгілейді.

Республиканың барлық азаматтары саяси партияларға қосылуға құқылы. Алайда заңнамада мемлекеттік қызметшілерге қатысты белгілі бір шектеулер белгіленеді. Айталық, Парламент депутаттарының, мемлекеттік қызметшілердің саяси партияларда ақы төленетін лауазымдарды атқаруға құқығы жоқ. Мемлекеттік қызметшілер лауазымдық міндеттерін атқару кезінде, жоғарыда айтылғандай, Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын басшылыққа алады және саяси партиялар мен олардың органдарының шешімдерімен байланысты емес. Бұл шектеу мемлекеттік қызметшілерді кез келген, оның ішінде оларға сырттан келетін партиялық қысымнан қорғауға бағытталған. Осы субъектілер қызметінің жария сипаты оларға мемлекеттік қызмет мүдделеріне нұқсан келтіре отырып, партиялық мүдделерге артықшылық беруіне тыйым салады. Қызметтік міндеттерін орындау кезінде олар тек бүкіл халықтың еркі көрсетілген заңды басшылыққа алуы керек.

Мемлекеттік органдарда саяси партиялар ұйымдарын құруға тыйым салу арқылы қоғамдық бірлестіктердің мемлекеттік органдардың істеріне араласуына жол бермеу туралы конституциялық ереже іске асырылады. Мемлекеттік органдарда саяси партиялар ұйымдарын құру мүмкіндігі олардың жұмысына іріткі салуы, мемлекеттік қызметшілерді заңда белгіленген өз өкілеттіктерін орындаудан алшақтатуы мүмкін.

Заңмен әскерилендiрiлген саяси партиялар, сондай-ақ саяси партиялар жанынан әскерилендiрiлген құрылымдар құруға және олардың қызметiне тыйым салынатынын есте ұстаған жөн. Бiлiм беру ұйымдарының оқу процесiнде саяси партиялардың бағдарламалық, жарғылық талаптарын насихаттауға жол берiлмейтіндігі жөніндегі «Саяси партиялар туралы» ҚР Заңының ережесі аса маңызды болып табылады. Осы ереженің мағынасынан бұл тыйым бірін қалдырмай мемлекеттік және жеке білім беру мекемелерінің барлығына қатысты екендігін түсінуге болады. Сонымен қатар, бұл ережеден саяси партиялардың қызметі заңмен шектеледі деп те түсінуге болмайды. Керісінше, білім беру ұйымдарында партиялық үгіт-насихатқа тыйым салу арқылы заң әртүрлі саяси партиялардың тең емес жағдайларын жояды, өйткені оқу орындарында белгілі бір саяси партияның мүшелері басым болуы мүмкін

«Саяси партиялар туралы» заңның 5-бабында саяси партиялардың құрылу және қызмет ету негiздерi айқындалған. Бұл қызмет ерiктiлiк, тең құқықтылық, өзiн-өзi басқару, заңдылық және жариялылық принциптерiне негiзделген. Заңмен белгiленген шектеулердi қоспағанда, саяси партиялар iшкi құрылымын, мақсаттарын, қызмет нысандары мен әдiстерiн еркiн анықтайды.

Саяси партиялардың ұйымдық құрылымы аумақтық принцип бойынша құрылады. Аумақтық принцип бойынша саяси партияларды құруда азаматтардың құқықтарына нұқсан келтіруді қарастыруға болмайды, өйткені партиялық құрылыстың мұндай тәжірибесі әлемнің көптеген дамыған елдерінде бар.

Айта кету керек, «Саяси партиялар туралы» заңның 15-бабында саяси партияларға өте кең құқықтар берілген. Сонымен, саяси партиялардың:

•өзiнiң қызметi туралы ақпарат таратуға және өз мақсаттары мен мiндеттерiн насихаттауға;

•ерiктi негiзде қауымдастықтарға (одақтарға), сайлау блоктарына бiрiгуге;

•Қазақстан Республикасының Президенттiгiне, Қазақстан Республикасы Парламентi Мәжiлiсiнiң және мәслихаттарының депутаттығына кандидатуралар ұсынуға; бұл ретте, 2020 жылғы 25 мамырдағы Заңмен енгізілген 15-1-бапқа сәйкес, Парламент Мәжілісі, мәслихат депутаттығына кандидаттардың партиялық тізімдерін бекіткен кезде саяси партия оларға кандидаттардың жалпы санының кемінде отыз пайызы көлемінде әйелдерді және жиырма тоғыз жасқа толмаған адамдарды енгізуге;

•мәслихаттардағы өз өкiлдерi арқылы Қазақстан Республикасы Парламентi Сенатының депутаттығына кандидатуралар ұсынуға;

•өздерiнiң бұқаралық ақпарат құралдарын құруға;

•жиналыстар, митингілер мен демонстрациялар, шерулер мен пикеттер өткізуге;

•Қазақстан Республикасының заңында көзделген өзге де құқықтарды жүзеге асыруға құқығы бар.Бұл жерде мысалы, болашақ депутаттық корпустың құрылуындағы праймериз немесе партияішілік сайлау сияқты жаңа және прогрессивті, демократиялық құбылысқа назар аударған жөн.  Праймериз партияішілік демократиялық институт ретінде лайықты депутаттық корпустың қалыптасуына ықпал етеді және болашақта еліміздің бүкіл көппартиялық жүйесінің жұмыс істеуіне берік енеді деп ойлаймыз.

Құқықтармен бірге саяси партиялардың бірқатар:

•Конституция мен заң талаптарын сақтауға;

•әрбiр азаматтың өз құқықтары мен мүдделерiне қатысты құжаттармен, шешiмдермен және ақпарат көздерiмен танысу мүмкiндiгін қамтамасыз етуге;

•тiркеушi органға Бизнес-сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізіліміне енгiзiлетiн мәлiметтер көлемiнде тұрақты жұмыс iстейтiн орган орналасқан жердің және оның басшылары туралы деректердiң өзгергені жөнінде хабарлауға;

•мемлекеттік кіріс органдарына Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген мерзiмдер мен көлемде өзiнiң қаржылық қызметi туралы есепті табыс етуге міндеті бар.

Заңда саяси партияның қызметiн тоқтата тұру (13-бап), сондай-ақ саяси партияны қайта ұйымдастыру және тарату (14-бап) негіздері белгіленген. Соңғы шара ретінде – сот шешімі бойынша (тек сот шешімі бойынша) партияны тарату, мысалы:

•Саяси партиялар туралы заң талаптарын орындамаған;

•саяси партияның қызметiн тоқтата тұру үшiн негiз болған тәртiп бұзушылықты сот белгiлеген мерзiмде жоймаған;

•саяси партияның жарғысына қайшы келетiн қызметтi үнемi жүзеге асырған;

•заң актiлерiнде тыйым салынған қызметтi жүзеге асырған не қызметiн ҚР заңдарын бiрнеше рет (кемiнде екi рет) немесе өрескел бұза отырып жүзеге асырған;

•мемлекеттiк тiркеу үшiн табыс етiлген құжаттардағы мәлiметтердiң дұрыс еместiгi анықталған кезде саяси партияны мемлекеттiк тiркеудiң заңсыздығы танылған не саяси партияны мемлекеттiк тiркеудiң күшi жойылған;

•саяси партия Парламент Мәжiлiсi депутаттарының сайлауына қатарынан екi рет қатыспаған жағдайларында белгіленеді.

«Саяси партиялар туралы»  заңға сәйкес саяси партияларды қаржыландырудың көздері мүшелiкке кiру және мүшелiк жарналарынан құралған меншікті қаражаты, қайырмалдықтар құжатпен расталып, олардың шығу көздерi көрсетiлген жағдайда мемлекет алдындағы салықтық мiндеттемелерiнiң орындалуына салықтық бақылауды қамтамасыз ететiн орталық атқарушы орган белгiлеген тәртiппен жүзеге асырылатын Қазақстан Республикасының азаматтары мен мемлекеттiк емес ұйымдарының қайырмалдықтары, кәсiпкерлiк қызметтен түскен кірістер, бюджет қаражаты болып табылады.

Бұл ретте саяси партияға және оның құрылымдық бөлiмшелерiне (филиалдары мен өкiлдiктерiне) шет мемлекеттерден, шетелдiк заңды тұлғалардан және халықаралық ұйымдардан; шетелдiктерден және азаматтығы жоқ адамдардан; шетел қатысатын заңды тұлғалардан; мемлекеттiк органдардан және мемлекеттiк ұйымдардан; дiни бiрлестiктерден және қайырымдылық ұйымдарынан; иесi көрсетiлмеген қайырмалдық жасаушылардан; халықаралық немесе шетелдік үкіметтік емес ұйымдардан гранттар және өзге де қаражаттар алатын Қазақстан Республикасының азаматтарынан немесе мемлекеттік емес ұйымдарынан қайырмалдық алуға жол берілмейді. Жоғарыда аталған тұлғалардан келіп түскен барлық қайырмалдықтар соттың шешiмi бойынша мемлекеттің кiрiсiне аударылады.

Бұдан басқа, соңғы сайлау қорытындылары бойынша Парламент Мәжілісінде өкілдік ететін саяси партияларға бюджет қаражаты жыл сайын бөлінеді. Саяси партиялардың қызметін қаржыландыруға бөлінетін бюджет қаражатының мөлшері республикалық бюджет туралы заңда айқындалады.

Саяси партиялар туралы заңдарын бұзғаны үшiн қазақстандық заңдарға сәйкес оған кiнәлi жеке және заңды тұлғалар, оның iшiнде мемлекеттiк органдардың лауазымды адамдары және саяси партияның басшы органдарының құрамына кiретiн адамдар жауаптылықта болады.

Айталық, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 403-бабының 1-тармағында мемлекеттiк органдарда саяси партиялар ұйымдарын құрғаны үшін жауапкершілік; 404-баптың 1-тармағында дiни негiздегi партия құру немесе оған басшылық етуге жауапкершілік; 406-бапта басқа мемлекеттердiң саяси партияларын немесе кәсiптiк одақтарын қаржыландыру, оларға үй-жай немесе мүлiк беру, сол сияқты өзге де жәрдем көрсету, егер бұл іс-әрекеттер азаматтардың немесе ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделерiнің не қоғамның немесе мемлекеттiң заңмен қорғалатын мүдделерiнiң елеулi түрде бұзылуына әкеп соқтырғаны үшін жауапкершілік көзделген.

Әкімшілік құқық бұзушылық туралы ҚР Кодексінің 489-бабында шетелдiк заңды тұлғалардың және халықаралық ұйымдардың, шетел қатысатын заңды тұлғалардың, мемлекеттік органдар мен ұйымдардың, қайырымдылық ұйымдарының саяси партияларды қаржыландырғаны; саяси партияның қаржылық қызметi туралы жылдық есептіліктi Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген мерзiмдерде және көлемде жарияламағаны; Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда, саяси партияның, оның құрылымдық бөлiмшелерiнің (филиалдары мен өкiлдiктерiнiң) қызметтi қайта тiркеусiз жүзеге асырғаны үшін жауапкершілік көзделген. 

Жоғарыда айтылғандардың азаматтарға біздің елімізде саяси партиялардың жұмыс істеуінің құқықтық негіздері туралы түсінік беру мақсаты бар, өйткені саяси жүйені жаңғырту Қазақстанды әділетті мемлекет ретінде құрудың негізгі бағыттарының бірі болып табылады.

Қорытындылай келе, Қазақстан Республикасында партиялық құрылыс процесі ілгерілеп келе жатқанын атап өткен жөн. Әрі партиялық құрылыс жеткілікті дамыған нормативтік-құқықтық базада жүзеге асырылуда. Бұл кезеңде елде азды-көпті қалыптасқан көппартиялық жүйе туралы айтуға болады. Қазіргі уақытта Қазақстанның саяси партиялары елде демократиялық құқықтық мемлекеттілікті құруда, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауда үлкен рөл атқарады. Сондықтан мемлекет елімізде өркениетті көппартиялық жүйені одан әрі дамытуды жан-жақты қолдауы тиіс, өйткені Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев бастамашылық еткен саяси жүйені жаңғырту көп жағдайда және негізінен біздің еліміздегі прогрессивті саяси партиялардың ұйымдастырылуы мен қызметіне байланысты.

Еркін Дүйсенов,

заң ғылымдарының докторы,

профессор

2240 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз