• Ел мұраты
  • 01 Наурыз, 2023

САЯСИ РЕФОРМАЛАР, САЙЛАУ ЖӘНЕ САНАЛЫ БЕЛСЕНДІЛІК

Сурет:aikyn.kz

Халыққа қажетті реформаларды жүзеге асыруды басты міндеті санайтынын айтқан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен  елімізде ауқымды саяси өзгерістер жүріп жатыр. 2022 жылы 5 маусымда  өткен республикалық  референдум кезінде  Ата заңның үштен бір бөлігіне өзгертулер мен толықтырулар енгізілді. Бұл – уақыт талап еткен өте өзекті қажеттілік еді. Өйткені, саяси жаңғыру, азаматтардың құқықтық кемелденуі мен белсенділігі артпаса, елімізде орнықты даму, ауқымды әлеуметтік-экономикалық өзгерістер жасау мүмкін емес.

 

ИЕН БАЙЛЫҚТАН ИНЕДЕЙ ҮЛЕС АЛА АЛМАЙ...

Саясаттан аз-кем хабары бар, елінің ертеңі мен халқының келешегіне алаңдайтын саналы жандар бүкіл құзыреттің бір адамның билігінде болуына негізделген басқару жүйесі әлдеқашан тиімділігін жоғалтқанын білетін. Ондай жүйе өмірге көзқарасы мен саяси ұстанымы әрқилы азаматтық қоғамды ұйыстыра алмайтыны да анық еді. Ал қоғам ұйыспаған елде мейлі экономикада, мейлі әлеуметтік салада, мейлі саясатта болсын, алға ілгерілеу, өсу, өркендеу, кемелдену дегеннің болуы сірә мүмкін емес. Сондықтан да Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ең алдымен Қазақстанды дамытудың саяси моделін өзгерту қажет және ол үшін әр қадамды мұқият ойластыра отырып жасауымыз керек деп шешті.   

Бұл жерде, бірінші кезекте, әңгіме мемлекетті басқарудың суперпрезиденттік үлгісінен мықты Парламенті бар президенттік республикаға көшу туралы екендігін түсінуіміз керек. Себебі, мұндай жүйе билік институттарының тепе-теңдігі оңтайлы болуын қамтамасыз етіп, елімізді орнықты дамытуға септігін тигізетіндігі басты  назарға алынып отыр. Осыған орай, алда Парламенттің рөлін күшейту міндеті тұр. Ата заңға сәйкес, биліктің қайнар көзі саналатын халықтың өзі сайлаған өкілдерінен құралатын өкілетті органның құзіретін кеңейту мен рөлін күшейту – Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын табысты жүзеге асыруға жол ашады. Осылай елімізді азаматтық қоғамы қалыптасқан тиімді мемлекетке айналдыру мүмкіндігі туады. Бұл мүмкіндікті мүлт жібермей, нәтижелі іске асыру үшін  «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидаты басшылыққа алынды.

Мемлекет басшысы осы стратегиялық мақсаттарға жетуге мүмкіндік беретін бірқатар бастамаларды ұсынды.  Қазірге дейін жарияланған саяси реформалардың төрт топтамасы аясында қоғамды одан әрі демократияландыруға бағытта лған бірқатар маңызды бастама жүзеге асты.   Тек саясат саласының өзінде оннан астам заң қабылданғанына қарап, қоғамда болып жатқан оң өзгерістердің ауқымы қандай екенін бағамдауға болады. Мысалы, бейбіт жиналыстар туралы жаңа, демократиялық заңды алайық. Бұл құжат белсенді азаматтарға, оның ішінде оппозициялық көзқарастағы қоғам белсенділеріне еш кедергісіз шеру өткізуіне, сол жерде ой-пікірлерін емін-еркін айтуына мүмкіндік береді. Осы жаңашылдық елімізде жаңа саяси мәдениеттің тамыр жаюына, қоғамдағы өзара жауапкершілік пен сенімнің артуына жол ашты. Саяси өзгерістер азаматтардың жергілікті өзін-өзі басқару ісінен бастап, жалпыұлттық сипаттағы мәселелерге дейін, яғни барлық деңгейде шешім қабылдауға дайын екенін көрсетті.

Көпшілікке белгілі, Қазақстанда суперпрезиденттік басқару үлгісі қалыптасқан еді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында бізге мұндай үлгінің қажет болғанын айтуымыз керек. Бірақ, ешкім, ешнәрсе  бір орында тұрған жоқ. Адам да, қоғам да өзгеріс үстінде. Мұның бәрі саяси жүйенің жаңа жағдайларға бейімделуін талап етеді. Мысалы, қазірге дейін бізде барлық мәселе Президентке келіп тірелетін. Осы дұрыс па?! Сонда орталық мемлекеттік органдар мен атқарушы биліктің қызметтік міндеті не? Барлық өкілеттікті бір қолға шоғырландырған орталықтағы жағдай өңірлерде де қайталанатынын бүкіл ел көрді. Ең ауыры, саяси және экономикалық қызметтің монополиялануы қасіретті қаңтар оқиғаларының туындауына басты себеп болды. 

Осыған байланысты Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауында: «Біз «қасіретті қаңтардан» мынадай маңызды сабақ алдық: мемлекеттегі ең жоғары лауазымды тұлғаның қолында барлық өкілеттіктің шоғырлануы оған жақын тұлғалар мен қаржылық-олигархиялық топтардың ықпалын орынсыз күшейтеді. Сосын олар мемлекетті жеке меншігі сияқты көре бастайды. Қай елде болса да тамыр-таныстық кадр іріктеу ісін бұрмалап, сыбайлас жемқорлықтың тамыр жаюына әкеп соқтырады. Тамыр-таныстық пен рушылдық құрдымға бастайтынын нақты ұғыну қажет. Мұндай қарым-қатынас шағын ғана топтың шалқып өмір сүруіне жол ашады. Ал, өзгелерді өмірінің ешқандай болашағы жоқ екеніне біржола мойынсұнып, тек өлместің күнін көру үшін арпалысуға мәжбүрлейді», – деді.

Ащы да болса ақиқат! Шынында да, ұлан-ғайыр жері, қойнауы толы кені, ғасырлар бойы қалыптасқан өзіндік салт-дәстүрі, өшпес тарихы мен өнегелі мәдениеті бар халқымыз иен байлықтан инедей үлес ала алмай өлместің ғана күнін көріп келгені бүгінде ешкімге сыр емес. Сондықтан да  Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Президенттің өкілеттігін біртіндеп қысқарта отырып, Парламенттің рөлін айтарлықтай арттыруды көздеп отыр. Сол арқылы мемлекетіміздің институционалдық тұғыры нығайтылып, өкілді билік тармағы шын мәнінде ықпалды да мықты Парламентке айналуға тиіс! Кесірлі жүйе келмеске кетті!

ЗАҢ ШЫҒАРУШЫ ОРГАН МЕН САЙЛАУДАҒЫ ӨЗГЕРІСТЕР

Осы мақсатта Парламент Сенатын жасақтау тәртібі мен оның бірқатар функциясы қайта қаралды. Атап айтсақ, бұрын бұл жоғарғы палатаға әр өңірден екі сенатордан сайланып, тағы 15 сенаторды Президент тағайындайтын болса, енді Мемлекет басшысы 10 сенаторды ғана тағайындайды. Оның бесеуін Қазақстан халқы Ассамблеясы ұсынады. Есесіне осы Ассамблеяның Мәжіліске 9 депутат сайлайтын квотасы жойылады. Сөйтіп, төменгі палатаның сандық құрамы да өзгеріске ұшырап, депутаттар саны 107-ден 98-ге дейін азаяды. Төменгі палатада еліміздегі түрлі саяси көзқарастар көрініс тауып, Сенат әр өңірдің мүддесін қорғайтын палатаға айналуға тиіс. Тағы бір жаңалық, бұдан былай Сенатқа Мәжіліс қабылдаған заңдарды тек мақұлдау немесе мақұлдамау құқығын беретін норма енгізілді. Соған сәйкес, енді заң қабылдау құқығы Мәжіліске ғана тиесілі болады. 

Қоғамдағы тұрақтылық пен орнықты дамудың бір кепілі – азаматтардың өкілді билікке деген сенімі екені анық. Сол сенімді нығайту мақсатында мәслихаттарға мән беру де өте маңызды. Өйткені құқықтық тұрғыдан сауатты, саяси белсенді азаматтардан сайланатын мәслихаттар өңірлердегі өзекті мәселелердің шешімін табуға, аймақтардың қуатын арттырып, халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға ұнамды ықпал ете алады. Сондықтан жергілікті мәслихаттардың рөлін арттырып, дербестігін қамтамасыз ету мақсатында Мәслихат төрағасы лауазымы енгізілмек. Енді мәслихаттардың ықпалын барынша күшейту үшін облыс әкімдерін тағайындау тәртібі де өзгерді.  Бұрын мәслихат депутаттары облыс әкімі лауазымына Мемлекет басшысы ұсынатын бір ғана кандидатқа келісімін беретін немесе бермейтін. Қазір заңнамаға президенттің облыс және республикалық маңызы бар қала әкімі лауазымына кем дегенде екі кандидатураны баламалы негізде ұсыну құқығы турасында түзету енгізілді. Демек, бұдан былай Президент әкімдерді мәслихаттарда қарау нәтижесін ескеріп тағайындайды деген сөз. Бұл – өңір басшыларының жанама сайлау арқылы қызметке келуін қамтамасыз етеді. Бірақ, Президенттің мәслихаттардың келісімінсіз аймақ басшыларын қызметінен босату құқығы сақталады. Мұның бәрі өкілді билік тармағын өзгерте отырып, күшті парламенттік мәдениеті және ықпалды халық қалаулылары бар Жаңа Қазақстанды құруға бағытталған.

Еліміздегі саяси жаңғырудың басты мақсаты – биліктің қайнар көзі ретінде азаматтардың саналы да саяси белсенділігін арттыра отырып, мемлекетті басқару ісіндегі рөлін күшейту. Әрине, бұл мақсат сайлау үдерісі арқылы жүзеге асырылады. Қазақстан 2007 жылы конституциялық реформа аясында Парламент Мәжілісінің депутаттарын пропорционалды тәсілмен сайлауға көшті.  Арада 11 жыл өткенде мәслихат депутаттары да осы үлгімен сайланатын болды. Бұл өзгерістер еліміздегі партиялық жүйені нығайтуға едәуір серпін бергенімен, оның біраз жағымсыз тұстары бар екені де байқалды. Мысалы, ешқандай партияда жоқ азаматтар Мәжіліс қана емес, жергілікті өкілді органдарға да сайлана алмайтын болды. Соның салдарынан «мен бармасам да сайлау өтеді» деген ой белең алып, халықтың сайлау науқанына, кез келген деңгейдегі сайлауға деген қызығушылығы тым төмендеп кетті. Себебі, олар осы аса маңызды саяси үдерісте өздерінің дауысы маңызды екеніне, ел өмірін, сол арқылы өз өмірін жақсартуға қандайда бір ықпал ете алатынына сенбейтін болды. Енді осындай жағымсыз жайттар, барлық азаматтардың сайлау және сайлану құқығы ескеріліп, еліміз аралас сайлау жүйесіне көшті. Бұдан былай сайлаушылардың мүддесі пропорционалды-мажоритарлы үлгіде ұлттық және өңірлік деңгейде толық көрініс таппақ. Мәжіліс депутаттарының 70 пайызы пропорционалдық, 30 пайызы мажоритарлық тәсілмен жасақталатын болады. Демек, енді әрбір өңір мажоритарлық жүйе бойынша Парламенттің төменгі палатасына кем дегенде өзінің бір депутатын сайлай алады. Осының өзі әр облыстың көзқарасы әртүрлі және өңір халқының өзі сайлаған нақты азаматтардың Мәжіліске келуіне мүмкіндік береді. Сонымен бірге бұл ел тұрғындарының сайлау науқанына деген қызығушылығын арттырып, сайлауға түскен кандидаттардың арасынан нағыз елжанды, халықшыл азаматтардың сұрыпталуына ұнамды әсер етуге тиіс. 

Сондай-ақ, аралас сайлау үлгісі облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардағы мәслихаттар сайлауына да енгізіледі. Мұнда депутаттардың  50 пайызы пропорционалдық үлгіде сайланса, қалған 50 пайызы мажоритарлы үлгімен сайланатын болады. Бұл да өте өзекті.  Ал, аудандар мен қалалардағы мәслихат депутаттарын толығымен мажоритарлық жүйеге көшіру жергілікті жерлерде бәсекелі саяси орта қалыптастырумен бірге халықтың арасында абырой-беделі бар жаңа тұлғалардың саясатқа келуіне мол мүмкіндік ашады. Оның үстіне императивті мандатқа көшу депутаттардың өз сайлаушылары алдындағы жауапкершілігін арттырып, олармен өзара байланысын да нығайтатыны анық. Себебі, енді сайлау алдында берген уәдесі мен ұсынған бағдарламасын орындамаған депутатты сайлаушылары кері қайтаруына болады. Демек, бұдан былай «әйтеуір сайлансам болды» деп үйіп-төгіп берілетін, бірақ орындалмайтын уәделерге де орын жоқ, тек нақты негізделген, шын мәнінде орындалатын жоба-жоспарлар ұсынатын азаматтардың жолы ғана ашық деген сөз. Бұл – халықтың өзі сайлайтын қалаулыларына ықпал етудің бір тетігі. Мұндай ұстаным демократия дәстүрлерін айтарлықтай нығайтып, өзара жауапкершілік пен сенімге негізделген жаңа саяси мәдениетті қалыптастырады.  Пропорционалды және мажоритарлы жүйе қатар қолданылса да саяси партиялардың рөлі кемімейді.

 

БИЛІКТІ МОНОПОЛИЯЛАУ  ҚАУПІН АЗАЙТАДЫ

Бұл ұйымдар азаматтық қоғамның басты институттарының бірі ретінде қала береді. Ең маңыздысы, бұл жүйе әр деңгейдегі сайлауды мейлінше әділ өткізуге және мемлекетті тиімді басқаруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ аралас сайлау жүйесі Қазақстан азаматтарының саяси белсенділігі мен жауапкершілігін арттырып, бүкіл қоғам мүшелерін елімізді жаңғырту үдерісіне жұмылдыруды жақсарта түседі деген сенім бар.

Әрине, Әділетті Қазақстанды құру, берекелі қоғам қалыптастыру сынды ұлы істер бірінші кезекте адал әрі еркін саяси бәсекенің қамтамасыз етілуімен тікелей байланысты. Осыған орай, соңғы кездері саяси партияларды институционалдық және ұйымдастырушылық жағынан дамытуға барынша қолайлы жағдай жасалып жатыр. Айталық, соңғы кездері реформалар аясында партияларды тіркеу рәсімі айтарлықтай жеңілдеді. Мысалы, тіркеу шегі 4 есеге дейін кеміп, 20 мыңнан 5 мың адамға азайды. Ал өңірлердегі өкілдер саны 3 есеге немесе 600-ден 200 адамға дейін төмендетілді. Бұдан былай партия құру үшін қажет азаматтардың бастамашыл тобының саны да бұрынғыдай 1000 адам болуы міндет емес, ол да үштен бірге қысқарып, 700 адам болса жеткілікті деп белгіленді. Сонымен бірге, жаңадан құрылатын партиялардың құрылтай сьезін өткізу мен филиалдарын құруға берілетін уақыт та бұрынғыға қарағанда біраз көбейді. Бұл мәселелерді ырықтандыру Қазақстандағы саяси кеңістікті дамыту үдерісін кәдімгідей жандандыратыны, өз мүшелері мен сайлаушыларының қордаланған мәселелерін сауатты жеткізіп, тиімді де нәтижелі шешуге қабілетті жаңа партиялардың пайда болуына мол мүмкіндік ашады. 

Баршаға белгілі, Қазақстанда кезекті Президент сайлауы 2024 жылы, ал Парламент сайлауы 2025 жылы өтуге тиіс еді. Алайда жаңа стратегияға сәйкес, басты мемлекеттік институттарды кешенді түрде қайта жаңғырту қажеттігі туындады. Сондықтан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз өкілеттігінің мерзімін қысқарта отырып, мерзімінен бұрын Президент сайлауын жариялады. Ондағы мақсат Әділетті Қазақстанды құру жолында түбегейлі және жан-жақты реформаларды табысты жүзеге асыру үшін халықтың жаңа сенім мандатының қажеттігі болатын. Осы тұрғыда ол Президент өкілеттігі мерзімдерінің саны мен ұзақтығын да қайта қарау керек деп шешті және Мемлекет басшысының мандатын 7 жылдық бір мерзіммен шектеп, қайта сайлануға тыйым салатын норма енгізуге бастамашы болды.  Бұл бір жағынан кез келген ауқымды бағдарламаны жүзеге асыру үшін жеткілікті мерзім болса, екінші жағынан Мемлекет басшысының  негізінен жалпыұлттық дамудың стратегиялық міндеттерін шешуге барынша жұмылуын қамтамасыз етеді. Ең бастысы, бұл конституциялық өзгеріс билікті монополиялау қаупін азайтады. Парламент осы мәселелер төңірегінде оң шешім қабылдап, елімізде жаңа саяси дәуір басталды. Жаңа жағдай мен талаптарға сәйкес, Мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихаттардың сайлауы да кезектен тыс 2023 жылы 19 наурызда өтетін болды.

МАЖОРИТАРЛЫҚ  ЖҮЙЕ – ХАЛЫҚ СЕНІМІ

Абдолла ДАСТАНОВ, Ұлытау облысы «Шындық» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, Сәтбаев қаласының Құрметті азаматы:

– Алдағы сайлаудың ең басты он ерекшелігінің бірі ретінде сарапшылар 2004 жылдан кейін алғаш рет Мәжіліске депутаттар бір мандатты округтер арқылы сайланатындығын айтып жатыр. Меніңше, бұл он ерекшеліктің бірі емес, ең бастысы. Өйткені, бұл – өзі қалаған тұлғаны таңдау үшін халыққа берілген шынайы мүмкіндік.

Мажоритарлық жүйеге оралу –  Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың  билікке келгеннен бері қолға алған реформаларының заңды жалғасы. Осы орайда, Президенттің ең алғашқы  бастамаларының бірі  бейбіт шерулер өткізуге байланысты болғанын ұмытпағанымыз абзал. Егер бұрын биліктің рұқсаты талап етілетін болса, Президент шеруге шыққысы келгендердің  билікті ескертуі ғана жеткілікті деп санады. Бұл заң жүзінде бекітілді. Мұндай өзгеріс қоғам тарапынан оң қабылданды, жұртшылық талай жылғы қасаңдықтың мұзы жіби бастағанын, жылымық соға бастағанын аңғарды.

Президенттің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» деген талабы халық пен билік арасын жақындата түсті.  Қандай өтініш, нендей талап қойғыңыз келеді, кедергі жоқ. Әртүрлі деңгейдегі әкімдердің халықпен кездесуі бұрынғыдай жылына бір рет өткізілетін жаттандылықтан арылып, жанды жүздесулерге айналды. Қоғамдық кеңестердің де орны, құқығы күшейтілді.

Қоғамның тынысын нақты бағалау мақсатында кейін Ұлттық құрылтайға айналған  Ұлттық кеңес  құрылды. Мұнда айтылған  көптеген ұсыныс  ресми құжаттарда көрініс тапты.

Президент қасіретті қаңтардан соң саяси реформаларды барынша  батыл әрі жедел жүргізуді қолға алды. «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу  туралы»  2022 жылғы 5 маусымда өткізілген референдумда халық Президент бастамаларына толық қолдау көрсетті. Халық референдумда көтерілген мәселелердің шешімдерін таба бастағанын көріп, сезіне бастады. Басқасын айтпағанда, 1995 жылы «жоғалып кеткен» Конституциялық сот халықпен қайта табысты. Енді еліміздің әрбір азаматы Конституциялық құқығының бұзылмауына жол бермеу үшін Конституциялық сотқа тікелей хабарласа алады.

Бірақ, біз  осы өзгерістердің бәрі Қасым -Жомарт Тоқаевтың  2019 жылғы 2 қыркүйектегі «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауынан бастау алатынын ұмытпауымыз керек. Президент осы Жолдауда алғаш рет «Еліміздің қоғамдық-саяси  өмірін жаңғыртпай, экономикалық    реформаларды іске асыру мүмкін емес. Бұл – біздің ұстанатын басты қағидатымыз. «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет». Біз бұл мақсатқа әлі де жете қойған жоқпыз. Сондықтан осы бағыттағы жұмысқа бар күш-жігерімізді салуымыз қажет. Саяси жүйенің бұл формуласы мемлекет тұрақтылығының негізі саналады» деген болатын.

Ал, ықпалды Парламентке қол жеткізудің бір жолы, бұл –мажоритарлық жүйені енгізу. Неге? Өйткені, депутат тікелей халық арқылы сайланғандықтан, оның сайлаушылар алдындағы жауапкершілігі артады. Сайлау Заңы бойынша сайлаушылар сеніміне селкеу түсірген депутатты кері шақырып алу тетігі де бар. Осындай механизмнің заңда  қарастырылғаны өте дұрыс.

     БИЛІК КАБИНЕТТЕРІНЕН –  САЙЛАУ КАБИНАЛАРЫНА!

Сайлау – орысша «выбор» деп айтылады. «Выбор» қазақшалағанда – таңдау. Демек,  халық таңдау жасайды, көңілінен шыққан нақты тұлғаға дауыс беріп, сайлайды. Пропорционалды сайлау жүйесінде осындай таңдау жасау мүмкін бе? Әрине, жоқ!

Біздің елімізде саяси партиялардың халық арасындағы абырой, беделі де айтарлықтай жоғары емес. «Amanat»  партиясы ғана тұрақты жұмыс істейтінін айтып өтпесек, ақиқаттан аттағанымыз болар еді. Көбіне тек сайлау жарияланған кезде ғана бой көрсететін болғандықтан былайғы уақытта халық олардың бар-жоғын біле де бермейді. Міне, осындай жағдайда еліміздегі Мәжіліс қана емес, жергілікті мәслихаттар сайлауларын да пропорционалды сайлау жүйесіне көшіру билікке болмаса, бұқараға еш пайдасы тимегенін өмір көрсетті.

Иә, мұндай жүйе билікке өте тиімді болды. Мәжіліске, мәслихаттарға кімдерді өткізу сайлау кабиналарында емес, биліктің кабинеттерінде шешіліп жатты. Қасым-Жомарт Тоқаев мажоритарлық жүйені ортамызға оралту арқылы халықтың билікке тікелей араласуына жол ашты.  Ең маңыздысы  – осы. Әрине, Мәжілістің 30 пайызы осы жүйемен сайланатынын алға тартып, «Бұл – тым аз, бәрібір Мәжілісте басымдыққа ие болмайды» деген пікір де жоқ емес. Осындайда «мұндай мүмкіндіктің  бұрын мүлдем жойылып кеткенін неге ұмытамыз?» дегің келеді.

Жан-жақтан жарияланып жатқан хабарларға, ақпараттарға қарағанда, көпшілік тарапынан сайлауға деген қызығушылық, ынталылық артып келеді.  Пропорционалды сайлау жүйесі сайлауға деген ел сенімін жоғалтқаны ащы да болса шындық. Ал, сенім болмаған жерде сайлау бола ма? Сондықтан да, мажоритарлық жүйенің қайта оралуы «өшкеннің жанып, өлгеннің тірілгеніндей» әсер етіп жатқаны рас. Ендігі меже – сайлауды әділ өткізу, дауыс ұрламау. Бұл биліктің де ел арасындағы көтеріліп келе жатқан беделін одан әрі өсіре түседі. Сондықтан, билік тарапынан өз жолын өзі кесуге жол берілмейді деп сенеміз.

Соңғы жылдары республикамыздың басым бөлігінде ауыл әкімдерін жергілікті тұрғындардың өзі сайлап, ауылдық округтердің дербес бюджеті қалыптасып келеді. Жақын келешекте бұл үдеріс толық аяқталады. Ауыл, аудан, қала әкімдерін тікелей халықтың өзі сайлайтын болады. Бірақ, бір түсініксіз жайт – ауыл бюджетінің жұмсалуын аудандық мәслихаттар қадағалайды. Бұл жағдай нақты ауылға тиісті бюджетті тиімді жұмсауға кедергі келтіруі мүмкін. Себебі, аудандық мәслихаттың депутаттары әр ауылдан сайланады. Олардың көбі өз ауылынан басқа ауылдардағы жағдайды жақсы біле бермейтіні кімге болса да түсінікті. Сондықтан, бір жағынан тұрғындарының саяси белсенділігін арттыру арқылы өзі тұрған ауылдың дамуына бей-жай қарамайтын сана қалыптастыру, екінші жағынан жергілікті өзін-өзі басқаруды жетілдіріп, нағыз азаматтық қоғам құру мақсатында ауылдық мәслихаттар құрылып, оған көзі ашық, көкірегі ояу белсенді азаматтар депутаттыққа сайланса дұрыс болар еді деген ойдамыз. Мұның бәрі қазіргі кезде ел алдында тұрған мақсаттардың бірде-біріне қайшы келмейді. Керісінше, әділетті мемлекет, біртұтас ұлт, берекелі қоғам қалыптастыруға бүкіл жұртты мейлінше жұмылдырып, осы мақсаттарға мейлінше жедел жетуге жәрдемдеседі деп ойлаймыз.

САЙЛАУ КОМИССИЯЛАРЫ ТӘУЕЛСІЗ БОЛУҒА ТИІС

Тағы бір аса маңызды жайт, соңғы жылдары сайлау комиссияларының атына айтылатын өткір сын өте көп. Өйткені барлық деңгейдегі сайлаулар осы комиссиялар арқылы өткізіледі. Дауыс ұрланса да, деректер бұрмаланса да – бәрі осы комиссияларда орын алады. Бұл да ел тұрғындарының әділ сайлауға деген сеніміне селкеу түсіреді. Нәтижесінде азаматтардың билікке деген сенімі кемиді. Бұл ел дамуының орнықтылығы мен тұрақтылыққа кері әсер етеді. Алға қойған мақсаттарға жетуімізге күмән туғызады. Ал күмән қай жағынан алып қарасақ та жақсы нәрсе емес. Бұл жұртшылықты иманнан да, сенімнен айыратын өте қауіпті құбылыс.

Сондықтан сайлау комиссияларын кез келген деңгейде өтетін сайлаулардағы ең маңызды құрылым деп қарап, ұлттық деңгейде асқан жауаптылықпен іске асырған дұрыс. Сайлау комиссиясын қазіргідей тек бюджеттік мекемелерде жұмыс істейтін қызметкерлерден емес, мүмкіндігінше сайлауға қатысатын партиялардан теңдей мүше болатындай етіп, өз пікірін ашық та батыл айта алатын белсенді, адал азаматтардан құрған дұрыс. Бір сөзбен айтқанда, сайлау комиссиялары өзінен жоғары тұрған комиссиялардан да, атқарушы биліктен де, сайлауға қатысатын кез келген партиядан да тәуелсіз болуға тиіс! Олар үшін сайлаушылардың таңдауы ғана бұлжымас қағида болуы шарт! Сонда ғана халықта өзі таңдаған тұлғаның сайланатындығына сенім қалыптасып, бұл өз кезегінде билікке, әділетті қоғамның қалыптасуына деген үмітін оятады, оған өз үлесін қосуға деген  саналы белсенділігінің артуына оң ықпал етеді. 

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Қалай дегенде де, биылғы сайлау бұрынғы сайлаулардан өзгерек. Осыны бүкіл Қазақстан халқы, барлық сайлаушылар жете түсінулері тиіс. Тек түсініп қана қоймай, соған сәйкес әрекет етіп, сайлауға мейлінше толық қатысуы керек. «Мен бармасам да сайлау өтеді, менің пікірім ештеңе шешпейді» деп, еліміздің саяси өміріндегі аса маңызды науқанға бей-жай қарайтын селқостықтан арылатын уақыт әлдеқашан жетті. Керісінше, әрбір тұрғын, әрбір сайлаушы «Әділетті Қазақстанды құру жолында менің даусым өте маңызды, еліміздің ертеңі, ұлтымыздың жарқын болашағы үшін дауыс беру – менің мемлекет алдындағы азаматтық парызым» деп, саналы саяси белсенділік танытуы өте-мөте қажет!

Құтмағамбет ҚОНЫСБАЙ,

«AQIQAT»

1677 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз