• Тарих толқынында
  • 06 Сәуір, 2023

ТҰРАР РЫСҚҰЛОВ ЖӘНЕ ГЕРМАНИЯДА ОҚЫҒАН ҚАЗАҚ ЖАСТАРЫ

Ғылыми іссапармен Мәскеу қаласында жиі боламын. Қаланың архивтері, кітапханалары мен музейлерімен қатар әр сапарымда міндетті түрде зиярат жасайтын жерім – «Коммунарка арнайы нысаны». Бес мыңға жуық саяси қуғын-сүргін құрбандары мәңгілік мекен еткен қасіретті зиратта Н.Төреқұлов, Т.Рысқұлов, С.Қожанов, Ғ.Бірімжановтарға ескерткіш тақта орнатылған. Ұлттың болашағына қызмет еткен қайраткерлеріміздің тағдыры түрлі ойларға жетелейді.
ХХ ғасыр басындағы Түркістан өлкесі ескі мен жаңаның тартысы түрінде саяси-экономикалық және мәдени-рухани тұрғыда бұрқылдап қайнап жатқан қазанды көзге елестетіндей еді. Шаруашылықты жүргізуге, кәсіпті игеруге, қоғамды модернизациялауға жаңа үлгідегі іскер тұлғалар керек болды. Осы қажеттілік жастарды Ресейден тыс шетелдік жоғары оқу орындарында оқытып, білікті кадрлар дайындау мәселесін күн тәртібіне қойды. Осы қажеттілік мемлекеттік саясатқа айналып, 1922 жылы Түркістан мен Бұхарадан Германияға студенттер жіберу қолға алынды. Осы бағдарлама аясында Т.Рысқұлов Түркістан Автономиялы республикасы үкіметінің басшысы ретінде 1923 жылдың күзінде Германияға сапармен барғаны белгілі. Бұл сапар БК(б)П Орталық Комитетінің келісімімен жоғары деңгейде ұйымдастырылған ресми сапар болатын. Сапардың басты мақсаты Германияда оқып жүрген студент жастардың жағдайын білу және екі ел арасында осындай жұмыстарды жалғастыру мүмкіндігін қарастыру болды.

Сапар барысында үкіметтік деңгейде қандай қабылдаулардың, кездесулердің болғандығы жөнінде дерек жоқ. Т.Рысқұловтың өзі де түрлі жазбаларында ондай қабылдаулар жөнінде дерек қалдырмаған.
Германияға жастардың оқуға жіберілуі, олардың кейінгі тағдыры жайлы өзбекстандық ғалым Шералы Турдиев Ташкенттегі және Германиядағы архивтердің деректері негізінде «Улар Германияда уқиған едилар» [1] деген көлемді еңбек жазған еді. Зерттеуде Тұрар Рысқұловтың есімі жалпы мәселелер қатарында айтылып кеткендігі болмаса, оның осы сапардағы атқарған қызметі толық ашылмаған. 2006 жылы Мәскеудің архивінен Т.Рысқұловтың 1924 жылы И.Сталинге жазған құпияхаттарымен бірге қолымызға оның Германияға сапары туралы есептері де ілінген еді. Осы құжаттардың деректері тақырыпты деректік негізде тарқатуға мүмкіндік береді. Бұл тақырыпты деректік негізде тарқатуымыз екі мақсатты көздейді. Біріншісі, былтыр мен биыл Орта Азиядан Германияға жастарды оқуға жіберудің 100 жылдығын көрші ел – Өзбекстан жоғары деңгейде атап өтіп отыр. Наурыздың 6-7-күндері Ташкентте осы тақырыпта халықаралық ғылыми конференция өтті. Конференция барысында аңғарғанымыз, осы мәселеде Т.Рысқұловтың атқарған қызметі өзбекстандық әріптестеріміздің назарынан тыс қалған екен. Қолдарында нақты деректер болмағасын, бәлкім басқа себептері болар. Екінші себеп, Т.Рысқұловтан теңдессіз тұлға жасағысы келген кейбір ғалымдарымыз Тұрардың өз қызметтік көлігін сатып, соның қаржысын Германиядағы студенттерге стипендия етіп таратып бергендігі туралы аңызды алға тартуы болды. Онсыз да кеңестік Қылмыстық Кодекстің бірнеше бабымен сотталған Тұрарға «мемлекеттің мүлкін талан-таражға салды» деген бапты жамаудың кімге пайдасы бар? Бірі білместікпен үндемей қалса, екіншілері білместікті пайдаланып, тарихи аңыз жасағысы келеді. Тарих бұлай жазылмайды ғой!
Түркістан Республикасы үшін аса қажетті мамандықтар бойынша шетелге оқуға студенттер жіберу мәселесі Ағарту халкомы деңгейінде бірнеше рет көтерілген. Бұхара Халық Республикасының басшылары Файзулла Қожаев, Фитрат тарапынан да осындай бастамалар көтеріліп, соңында Түркістан Республикасымен бірге осы мәселе шешімін табады. Нәтижесінде 1922 жылдың соңында Түркістан мен Бұхарадан 70-ке жуық әртүрлі жастағы жігіттер мен қыздар Германияның түрлі қалаларына оқуға аттанады. Олардың таңдаған мамандықтары өлке үшін маңызды салаларды қамтыды. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы, тоқымашылық, химия, электротехника, былғары өңдеу, фалсафа, педагогика, медицина мамандықтары еді.
Өзбекстандық әріптестеріміз жастарды шетелде оқыту идеясын алғаш рет жәдитшілердің негіздегендігін айтады. Бұл идея Алаш қозғалысында көтерілген ұлттық идеялардың бірі болғандығын да еске сала кеткеніміз орынды болар. Бұл желі алдағы уақытта одан әрі зерттелуі керек. Өйткені, елімізде үлкен серпіліс тудырған «Болашақ» мемлекеттік бағдарламасы бір жылда және бір адамның бастамасымен қолға алынған жоқ қой. Оның осындай тарихи алғышарттары болған.
Сонымен, Бұхара Халық Республикасының үкімет басшысы Ф.Қожаев шәкірттерді Германияға алып баруды бұхаралық зиялы Абдувахид Бұрханов пен Германиядан келген татар зиялысы Әлімжан Идрисиге және А.Ф.Каменскийге тапсырады. Бұхарада медресе бітіріп, Түркия, Германияда болып келген Әлімжан Идриси Германияға баратын шәкірттердің басшысы болып тағайындалады.
Бұхара мен Түркістаннан Германияға оқуға барған жастарға Сыртқы істер халкомының орынбасары Чичерин және басқалар арқылы стипендия, сәлем-сауқат жіберіліп тұрған. Сонымен бірге олардың тұрмыстық жағдайы, оқу барысымен қатар саяси идеялық көңіл-күйлері де кеңестік билік тарапынан жіті қадағалауда болған.
Шәкірттердің оқуын жалғастыруына байланысты Ф.Қожаев, Фитрат, Түркістан Үкіметінің төрағасы Т.Рысқұловтар көп көмек көрсетіп тұрған. Әйтсе де, Түркістанда басшылық қызметтерде болған еуропалық қайраткерлер жастардың Германияда оқуларын жалғастыруларына қарсылық жасап, оларды елге қайтаруға мүдделі болды. Мысалы, В.Куйбышев 1922 жылдың соңында Германияға жіберілген жастарды қайтарып, оларды Мәскеуде оқытуды қатты талап еткен, ал оған Ф.Қожаев қарсылық білдірген [1, 15 б.]. Бұл жағдай барынша шиеленісіп, ресми органдарда талқыланып, оның соңы 1923 жылы Түркістан Халкомкеңесінің төрағасы Т.Рысқұловтың түркістандық және бұхаралық студенттердің хал-ахуалымен танысу мақсатында Германияға баруына ұласты. Осы сапарының мақсаты туралы Т.Рысқұлов 1923 жылдың 2 желтоқсанындағы мақаласында [2] «Германиядағы ортаазиялық студенттердің жағдайымен танысу және олардың оқуын жалғастырудың жағдайы мен қажеттілігін анықтау» болғандығын жазады. 
Осы сапарында Т.Рысқұлов студенттердің таңдаған мамандықтары Түркістан өлкесі үшін аса зәру мамандықтар екендігіне көз жеткізеді және олардың өз оқуын ықыласпен оқып жүргендігін, елге қайтып, алған білімдерін халық пен мемлекеттің игілігіне жұмсауға құлшынып жүргендігін де атап көрсетеді. Тұрардың мақаласынан Германиядағы студенттер арасында 4 қазақ бар екендігі айтылады. Сонымен қатар, Германиядағы елшілікте болған кездесуде Елшілік жанынан студенттерге басшылық жасайтын өкілдік ашу қажеттілігін айтып, «осындай құрылымдық өзгерістер іске асса студенттердің әлдеқандай теріс ықпалға еріп кету қаупі жойылады» деген қорытынды жасайды.
Үкімет басшысының осындай қорытындысына қарамастан 1924 жылы Германияға барған Орта Азия Мемлекеттік университетінің ректоры Мейерсон студенттермен кездесіп, оларды саяси сынақтан өткізеді және олардың басшысы Әлімжан Идрисиға сенімсіздік білдіреді. Ал келесі жолғы сапарының қорытындысында ортаазиялық студенттердің оқуын Германияда емес, Кеңес Одағында жалғастыруларын қатаң талап етеді.
Жалпы, осы кезде шетелдерде оқитын түркістандық студенттерге стипендия әртүрлі мекемелер мен шаруашылық органдары тарапынан төленетін тәжірибе болған. Сондай себептермен де студенттерге стипендия уақтылы төленбей қалып жатқандығын Түркатком төрағасының орынбасары С.Қожановтың Орталық Халкомкеңесіне 1922 жылдың 22 желтоқсанында жолдаған жеделхатынан да аңғарамыз. Жеделхатта С.Қожанов шетелдегі студенттердің стипендияларының кешіктірілуінің себебін тез арада анықтауды сұрайды [3]. 
Т.Рысқұловтың Германияға сапары ресми биліктің жоспарына сай орындалғанына көз жеткіздік. Дегенмен, жастарды елге қайтаруға байланысты мәселелер толастамады, олардың үстінен қадағалау күшейе түсті. Қайраткердің осы сапарының салдары кейін оның өз тағдыры үшін өте ауыр болды. Ең алғашқы сынақ, Т.Рысқұловтың Германия сапарының қаржылық есебі түрінде көрініс берді. РГАСПИ қорларында Т.Рысқұловтың Германияға сапарына қатысты дау-шарлардан өзін қорғау үшін ұсынған бірқатар құжаттары сақталған. Осы құжаттардың дерегінде мынадай мәліметтерге кез боламыз: Т.Рысқұловқа осы сапары үшін 20 мың алтын ақша немесе 2 мың червонец бөлінген. Ол американ долларына ауыстырылғанда 9500 долларды құраған. 
Осы қаржының жаратылуы жөнінде Т.Рысқұлов құзырлы органдарға жазбаша есеп береді. Қаржының басым бөлігі студенттерге стипендия ретінде таратылған. Атап айтқанда, түркістандық 11 студенттің  әрқайсына 200 доллардан 1923 жылдың соңғы төрт айына және 1924 жылдың қаңтар айларына стипендия берілген. Студенттік Бюро кеңсесінің шығындарына – 100, Д.Битілеуовтың жеке қажеттілігіне – 20, Шығысқа қатысты кітаптар сатып алуға – 67, Халық комиссарлар кеңесіне қажетті кеңсе құралдарына – 950, Ағарту халкомы үшін микроскоп сияқты тауарларға – 531 доллар жұмсалған. Осы есепке қарап отырып Т.Рысқұловтың фотограф және кинооператорлар жалдағандығын, студенттермен Берлин қаласын аралап, фильм түсірткенін аңғарамыз [4]. Демек, бүгінгі күні аса маңызды дерекке айналып отырған Германияда оқыған студенттер өмірінен түсірілген кино-фото құжаттар архивтерде сақталуы әбден мүмкін.
1923 жылдың 17-қыркүйегі мен 10-қазаны аралығында Т.Рысқұловқа жолбасшы және аудармашы болып қызмет көрсеткен Ғ.Бірімжановқа 100 доллар төленгендігіне қарап, қайраткердің Германияда болуын осы аралықпен шектеуге болмайды. Ол ресми құжаттарының бірінде Германияда бір айдан астам болғандығын жазады.
Ендігі мәселе, Германияда оқыған қазақ студенттерінің саны ресми құжаттарда төртеу деп жазылса (Ғ.Бірімжанов, Ә.Мұңайтпасов, Д.Битілеуов, Т.Қазыбековтер) «Ақ жол» газетіндегі жарияланымдар олардың бесеу екендігін айтады.  РГАСПИ қорларындағы құжаттардан олардың бесіншісі Бөкей губерниясы Теңіз уезінің тумасы, Қазан университетінен Түркістан университетіне ауысқан Сабыр Танашов болып шықты. Ол Берлин ауылшаруашылығы институтының қант қайнату факультетінде оқыған. Оның «түркістандық стипендия алушылар қатарына қосып», өзіне «стипендия тағайындау» туралы өтінішін қанағаттандырған Т.Рысқұлов оған екі айлық стипендия бергізеді [4, Л.84.].
Германия сапарына жұмсалған қаржы жөнінде көтерілген даңғазаға наразы болған Т.Рысқұлов 1923 жылдың 18 желтоқсанында Сталин мен Рудзутактың атына хат жазып, өзінің әрбір қадамын аңдыған бұндай әрекетке наразылығын танытады [5]. Т.Рысқұловтың Германияға сапарының ең үлкен салдары «Үлкен террор» кезінде оның шетелдегі пантүркішіл ұйымдармен байланысын айғақтайтын дәлел, дәйек түрінде көрініс тапты. Ол қамауға алынғаннан кейін жүргізілген алғашқы тергеулерінің бірінде, атап айтқанда 1937 жылдың 3-шілдесіндегі тергеу хаттамасында «Осының бәрі менің Германияға сапарымнан басталды» дей келіп, «шетелге студенттер жіберудегі мақсат эмиграциядағы пантүркішіл ұйымдармен байланыс орнату болғандығын, сол үшін де баратындар қатарына ұлтшыл жастар таңдалғандығын» көрсетеді. Сол студенттер қатарында Ғазымбек Бірімжановтың есімі ерекше аталады [6, 341 б.].
Мәскеуде биліктің жоғары эшелонында қызмет істеген қазақ ұлттық саяси элитасы өкілдері - Н.Төреқұлов, Т.Рысқұлов, С.Қожанов, Н.Нұрмақовтардың «Үлкен террордағы» айыпталуы 1937 жылдың 8 маусымындағы КСРО Ішкі істер халық комиссариаты Мемлекеттік қауіпсіздік Бас басқармасының «кеңеске қарсы пантюркистік ұлтшылдық ұйымдар туралы» циркуляр хатымен байланысты. Ол хат осы жылдың көктемінде Орта Азия мен Татарстан республикаларында ұлт зиялыларын тұтқынға алу науқаны нәтижесінде жазылды. Циркуляр хатта соңғы кезде шығыс республикалары мен облыстарда кеңеске қарсы астыртын жұмыс жасайтын ұлтшылдық элементтердің белсенділігі артып отырғандығы айтылған [6, 148 б.]. Олардың қызметі танымал «Алашорда», «Муссават», «Милли-Фирка», «Милли-Иттихад» ұйымдарымен байланыстырылады. Осындай айыптаулармен Т.Рысқұлов 1937 жылдың 21 мамырында тұтқынға алынды [6, 149 б.]. Н.Ежовтың жолдама хатымен ұсынылған олардың тергеу хаттамаларымен Сталиннің өзі тікелей танысып, тиісті нұсқаулар беріп отырған. Демек, саяси қуғын-сүргіннің жойқын үйірімінен алаштық, ұлтшылдық идеясына тартылған ұлттық элита құрамынан ешкімнің де аман қалуы мүмкін емес еді.
Тергеушілер пантюркистік ұйымдардың Кеңес өкіметіне қарсы іс-әрекеттерін әсірелегендігі соншалықты, ол тіпті сандыраққа айналып кеткен. «Біздің пантюркистік ұйым толық мағынасында біртіндеп Герман фашизмінің Кеңес Одағындағы барлау агентурасына айналды. ...Менімен және Мәскеудегі Герман елшілігімен байланыс Төреқұлов пен Хакимов арқылы іске асты» [6, 359 б.] деген сандырақ мойындауға бір басына қайсарлығы жетіп артылатын Т.Рысқұловтың психологиялық және физикалық қысымсыз қол қоюы мүмкін емес еді. 
Сол кезде қамауға алынған қайраткерлерді тергеудің қатаң тәртібі қалыптасты. Тергеудің адам құқын аяққа таптап, өрескел жүргізілгендігі өз алдына, «қажетті» мойындауға қол қойдыру үшін тергелушіні ұрып-соғу тәсілі қолданылды. Бұл жөнінде тұтқынға алынып, әртүрлі мерзімге кесілгендер ғана емес, жаппай қуғын-сүргін кезінде заңдылықты бұзғандығы үшін айыпталған НКВД қызметкерлері де куәлік етеді. Тергеуде «физикалық ықпал ету» тәсілін қолдану жөнінде Сталиннің де жазбалары сақталған. Бүкілодақтық Атқару Комитетінің хатшысы И.С.Уншлихттың тергеу хаттамасымен танысқан Сталин «...Уншлихтты Польша агенттерін айтпағандығы үшін ұрып-соғыңдар» [6, 137 б.] деп Ежовқа қатаң тапсырма берген.
Тұрар Рысқұлов 3 шілде 1937 жылғы тергеу хаттамасында Рыковтың Мәскеу мен Орта Азиядағы және Қазақстандағы шетелдік елшіліктермен байланыс орнату туралы ұсынысынан соң бірін-бірі алмастырып, Геджас-Аравияда КСРО өкілетті елшісі болып қызмет істеген Төреқұлов және Хакимовпен кездескендігін, ол екеуінің Германия, Жапония және Түркияның барлау органдарымен ертеден байланыста болғандығын айтады [6, 351 б.]. Саяси қуғындау аппаратының мүлтіксіз және жоспарлы түрде жасаған тергеушілердің алдына келген айыпталушының кез келген байланыстарынан саяси ілік іздеп, ол мәліметтерді қалауларына сай бұрып алатындығы және мойындататындығы белгілі. 
Осы айыптаулардың табан тірейтін дәйегі Т.Рысқұловтың 1923 жылғы Германияға сапарына қатысты болды. Жоғарыдағы аталған Т.Рысқұловтың тергеу хаттамасы барлығы 25 парақты құраған болса, оның үш парағында осы сапарында студенттермен жүргізген агентуралық жұмыстары, Германия сыртқы барлау қызметімен кездесулері, Түркістанға неміс өнеркәсібінің концессияларын орналастыру, Кеңес Одағынан бөлінген жағдайда Түркістан мен Қазақстанның Германия протекторатына көшуі және т.б. туралы өзара келіссөздерді құрайды.
Т.Рысқұловтың тергеу хаттамасындағы Түркістан мен Қазақстанда жұмыс істеген пантюркистік ұйымдар «неміс барлау агентурасына айналды» деген көрсету тергеушілердің кішкене детальдан үлкен конструкциялар жасайтын «шеберлігімен» үлкен айып болып тұжырымдалды. Т.Рысқұлов пен С.Қожановты пантүркшілдік ұйымның басшылары ретінде 1938 ж. 8 ақпанына дейін Бутырка түрмесінде ұстап, Мәскеуде тергелген қазақ саяси элитасының ең соңынан үкім шығарған. Т.Рысқұловтың Германияға сапарының себептері ізгі мақсаттарды көздегенімен тоталитарлық биліктің қуғындау саясаты барысында оның салдары жеке өз басы үшін ғана емес, өзге тұлғалар үшін де орны толмас қасіретке айналды.
Германияда оқыған қазақ жастарының тағдыр-талайын ғылыми қалпына келтіруде «Ақ жол» газетінің жарияланымдарын дереккөз ретінде пайдаландық. Аталған басылымда осы тақырыпқа қатысты бірқатар мақалалар жарық көрген.
 Германияда білім алып жатқан жастар Европаның ғылымы мен мәдениеті, озық технологиялары жайлы «Ақ жол» газетіне мақалалар жариялап тұрған. Сондай мақалалардың бірін Шеген деген бүркеншік есіммен Ғазымбек Бірімжанов 24 сәуір 1923 жылы жариялаған екен [7]. Бұл мақала Берлиннен 23 январьда жолданған. Ғазымбектің Европада алған білімі оның ой-санасын ғылыми таным деңгейіне көтергендігі осы мақаласындағы «Адамзат жаратылғаннан бері қарай жердің талай сілкінгеніне де болмай келе жатқан, ғасырдан-ғасырға күшейіп, өсіп-өніп, көркейіп келе жатқан бір-ақ адам болатын болса, оның жолы өлшеусіз жалғана беретін еңбек – білім. Бұл екеуі үзілсе, дүние кері кетпекші» деген философиялық пайымдауларынан аңғарылады. Сол сияқты «Қандай мақсат болса да, жету үшін уақыт, еңбек, білім керек. Тіршілік пен өмір де осы үшеуіне келіп тірелмекші» деген тұжырымы да оның интеллектуалдық деңгейінің жаңа сапаға көтерілгендігін танытады. Өкініштісі сол, болашағынан үлкен үміт күттірген Ғазымбектің тағдырында Германияда білім алуы өсу мен гүлденуге емес, тоталитарлық биліктің саяси қуғын-сүргініне ілік болып, терең із қалдырды. 
Осындай мақалалардың бірін Әбдірахман Мұңайтбасов жариялаған [8]. Былғары өңдеудің жоғары технологияларын тәптіштеп баяндаған бұл мақаланың да танымдық маңызы зор еді. Автордың Германияда тері өңдеу бойынша алған білімін елмен бөліскені – шын мәнінде өз кәсібіне берілгендігін танытады. Мақалада оның тері өңдеуді кәсіптік тұрғыда жете меңгергендігі байқалады. Осыған байланысты ол тері өңдеудің күрделі технологиясын оңайлату, қажетті құралдар мен тері өңдеуде қолданылатын препараттардың барлығы қолжетімді емес екендігіне байланысты оларды қолдан жасаудың да тәсілдерін ұсынады. Осы тұрғыда бағалар болсақ, А.Мұңайтбасовтың көшпелі мал шаруашылығымен айналысатын ортада туып өскендігі пайдаға асқан. Ол қазақ ортасында бұрыннан бар тері өңдеу технологиясын өндірістік технологиямен байланыстырып, жергілікті жағдайда оның экономикалық тиімділігін арттыруды жете білгендігі танылады. Сол сияқты теріні өңдеуден соң алынатын өнімдерді қандай тауар дайындауға пайдалануға болатындығын да көрсетіп береді. Мақаласының соңында бұл тәжірибені өзі өндірістік жағдайда жасағандығын, қауіпсіздік ережелерін сақтағанда талап қылған адамдардың бәрінің қолынан келетін іс екендігін жазады.Аталған мақаланың алдында Абдрахман Мұңайтбасовтың «Ақ жол» газетінде «Игілік істің негізін орнатайық» атты мақаласы жарияланған болатын. Ол мақаласында  осы кезге дейін қазақтың тері-терсегі ысырып болып далада босқа шіріп жататындығы және шетке кетіп, өңделіп, тауарға айналып елге оралғанда бағасы аспандап кететіндігін айта келіп «Бұдан былай тері-терсекті іске асырып, қадырын көтеріп, үлгі тұтуды қолға алу  керек» деп ой түйеді.
Осы мақалада Абдрахман елдің қолөнер кәсіптерін үйреніп, еңбек етуге көндігіп, пайдасын көрсе ел арасында шағын цехтардың тез арада-ақ көбейетіндігін айтады. Осындай мақсатқа жетудің жолдарын қарастырып, істің мәнін білетіндердің тәжірибесін пайдалану, қолдарынан келетін жолын қарастырып, газет-журнал жүзінде түсіндіру керек екендігін ұсынады.
Осы кәсіптің қыр-сырын үйрену үшін Европаға барғандығын, онда кәсіпті «оқып білдім, көңіліммен таныдым, көзбен көрдім» дейді. 
Автордың кеңестік идеологияға жақпайтын мына пікірін газет редакциясы қысқартпай берген екен. Абдрахман «Еуропаның ылғи жұғымсыз, құрғақ үлгісіне ұмтыла бергенше, пайдалы жағын да қоса ескеру жөнірек» деген үндеу тастайды [9]. 
Германияда оқып жүрген студенттерге материалдық жәрдем жасау жөнінде Түркістанда көп жұмыстар атқарылған. Өзбек бауырлармен бірге қазақтар тарапынан да осындай жұмыстардың атқарылғандығын «Ақ жол» газетінде жарияланған мақалалардан көре аламыз. Мысалы, ақмешіттік Жәнәбіл Нұрман М.Дулатовтың пьесасын қоюдан түскен қаржыны студенттерге көмекке беру жайлы жазған [10]. «Студенттерге жәрдем керек» деген атпен С.Асфендияров, А.Байтасов,  М.Жұмабаев, И.Тоқтыбаевтар 1923 жылғы 27-мамырдағы санында жариялаған мақаласында көмекті «Қазақ-қырғыз көп жиылған шаһарларда сауық кешін жасап жинауға болады» дей келіп, көмекті ұйымдастыруға «басшылық қылып кірісуге өз тарапымыздан әр облыстан бірнеше кісілерді атап өтеміз. Түркістаннан – Өтегенов, Ақмешіттен - Қоңыратпаев һәм Оспанов, Қазалыдан – Құлетов, Күзенбаев, Құлқашев, Шымкенттен – Жәрменов, Әулие-Атадан – Құшманбетов, Абланов, Ташкенттен – Төлебаев, Жетісудан «Тілші» газетін» ұсынады [11].   «Ағайын» деген бүркеншік есіммен 1924 жылдың 27-ақпанында жарияланған мақалада «екі қазақ-қырғыз жұртының санына қарағанда 5 кісі көп емес, дарияның тамшысындай. Бірақ, бұрын өнер деп шетке шығып көрмеген, әсіресе, техникасы күшті Германия секілді жердің атын шала еститін қазақ балаларының тұңғыш салған бұл жолы кейінгілерге үлгі болуға жараса керек» дей келіп, Германиядағы студенттердің қаржылық қиыншылығына көмек қолын созуға шақырады.
«Ағайын» деген бүркеншік атпен жарияланған «Германиядағы оқушылар да ұмытылмасын!» деген мақала Т.Рысқұловтың Германияға барып келгенінен соң жарияланған екен. Мақала авторы бұрынғы кезде қолы жеткені Бұқараға барып, қолы жетпегені Қаратау, Созақ медреселерінен діни білім алатындығын, Еуропа ғылымын үйренбек болып, орыс мектептерінде оқығандардың көпшілігі тілмаш, чиновник болып шығатындығын айтады. Түркістанның қазақ-қырғызы төңкеріс арқасында елдігіне, теңдігіне ие болып, ғылым мен өнерге талпынып, өз республикасының ішінде ғана емес, Мәскеу, Ленинград, тағы да сондай Россияның өзге әрбір жерлерінде оқитындығын жазады.
Сонымен бірге «Түркістан республикасы бір-екі жылдан бері өзбек, қазақ жастарынан Еуропаға бірсыпыра студент жіберіп отыр. Олардың арасында 5-і қазақ жастары осы күні Германияда оқып жатыр» дегенді айтады. Осы 5 студенттің үлесі халықтың жалпы санына шаққанда тамшыдай болғанымен техникасы күшті Германия секілді елде оқып, білім алуы кейінгілерге үлгі болуға жараса керек» деп пікір білдіреді. Соған қарамастан Германиядағы студенттердің хат-хабарларына қарағанда, олардың қаражаттан қысылып жүргендігін айтады. «Бұдан үш ай бұрын оларға Түркістан хүкіметі біраз қаражат берсе де» деген сөз арқылы автордың Т.Рысқұловтың Германияға барған сапарын айтып отыр деп білеміз. Осыны айта келіп, мақала авторы Германиядағы студенттерге қаржылай көмек көрсетуге шақырады [12].
«Ақ жол» газеті Түркістан Республикасы орталық билігінің ресми баспасөз органы болғандықтан онда көтерілген мәселелер биліктің саясатын насихаттап отырғаны белгілі. Осы кезде Түркістан Халық Комиссарлар кеңесінің төрағасы Т.Рысқұлов бастаған ұлттық элитаның жаңа буыны түрікшілдік идеяларын ұлыорыстық шовинизмге қарсы ту етіп көтерді. Дегенмен бұл идеяға құлай беріліп, бас шұлғи бермей оған күмәнмен қараушылар да болды. Осыған байланысты М.Дулатов былай деп жазды: «діні бір, қаны бір, тіл негізі бір түрік қауымдары көңілдесіп, «шын орыс саясатынан» (великорусский шовинизм - авт.) кұтылу үшін «жалпы түрік тілін біріктіру» деген пікірге келе бастады. Бұл жолды бастаушы марқұм Исмағұлбек Гаспринский еді. «Түрікшілдердің» ойы «жеке-жеке жұтылып кетуіміз оңай болар, бәріміз қосылсақ тамағынан өтуіміз қиын соғар» дегендік еді. Бұл пікірдің басқа жағы да  бар  шығар. Бірақ біз өзіміз осылай түсінуші едік. Әйтпесе, бәрі бірдей түріктің баласы болғанмен, Қырым ноғайын - қазандық, Қазан ноғайын - өзбек, башқұртты - қазақ, түрікменді - башқұрт анық түсінбейтін. Бұлардың бәрі ортақ бір тілмен  оп-оңай сөйлесіп кете алмайтынын білетін едік» [13]. Көрнекті көсемсөзші М.Дулатов этникалық саяси-рухани үрдістерді жете танығандықтан да түркілік бірліктің идеясының тілдік астарының негізділігіне күмән білдіреді. Бұл күмән шындыққа айналды. Жаңа жағдайда түркістандық саяси және интеллектуалдық элитаның этникалық дербестікке ұмтылуы, сонымен бірге табиғи-эволюциялық этногенез үдерісінің шарттары сол кезеңдегі қол жеткізген модернизация жетістіктеріне ұласып, өлкедегі ұлттық дербестенуді жеделдете түсті.
1921-1922 жж. «Ақ жол» газетінде қызмет істеген шығармашалық элита өкілінің бірі  Ғ.Бірімжанов 1922 ж. күзінде Германияға оқуға жіберілген. 1928 ж. жазда елге агроном ғалым болып оралғанымен қызметке қабылданбай Ресейге кетеді. Сонда жүріп тұтқынға алынып, 1930 жылы А.Байтұрсынов, М.Дулатовтармен бірге сотталады. Оның публицистикасы қазақ халқының ынтымақ, бірлігін, халықтар арасындағы түсіністікті насихаттап, «Ақ жол» газетінде жарияланған материалдары А.Байтұрсынов пен М.Дулатовтың  көтерген идеяларын одан әрі жалғастырды. 1922 ж. тамызында А.Байтұрсыновтың Ташкентке келген сапары жөнінде Ғазымбек «Лайықты қошемет» атты мақала жариялаған. Онда «Қазақ халқының қаламға жүйрік, алты алашқа аты жайылған атақты азаматы Ахмет Байтұрсынов Ташкентке келіп қайтты... келген жұмысы – Түркістандағы екі облыс қазақты Қазақстанға қосып, қазақ елін біріктіру. Қашанда болса қазақ халқының қамын жеп жүрген қамқорын, қажымайтын қаһарманын бұрын сыртынан ғана қанық Түркістан азаматтары зор қошеметпен қарсы алды» [14, 12 б.]  деп жазды. Бұл мақала бір жағынан А.Байтұрсыновтың Ташкент сапарындағы тарихи миссиясын айғақтаса, екінші жағынан оның көсемдігін Түркістан халқы да мойындағандығын аңғартады. Ғазымбек ұлт мүддесін ұлықтауды басты парыз санаған. Оның «ұлтшылдардың тізгінін жіберіңкіреп, бос ұстап, отаршылардың тізгінін қымтап, қаттырақ ұстап, үстемдігін есінен шығармағандардың тірсегін қиып тұру керек. Теңдікке жетсек, бірлікке жетеміз, бірлікке жетсек, берекеге кенелеміз» [14, Б.9] деген сөздері көптің көңілінен шығатын пікірлер еді. 
Бұндай жария қызметтерімен бірге оның көпшілік назарынан тыс қалып келген қызметі де көңіл аударуға тұрарлықтай. Оның осындай көпшілікке белгісіз болып келген, бірақ өзінің жеке тағдырына ауыр із қалдырған қызметтерінің бірі – С.Қожановтың тапсырмасымен 1921 ж. Бұхараға Энвер Пашамен кездесуге баруы. Бұл кездесудің қандай нәтиже бергендігі жөнінде нақты деректер жоқ. Сірә, С.Қожанов Бұхарада кеңеске қарсы қарулы күрес жүргізуге кіріскен Энвер Пашамен байланыс орнатуды жоспарлаған болар. Бұндай әрекет мемлекеттік билік құрылымдарындағы кейбір өзбек қайраткерлерінің де тарапынан жасалған болатын. 
Ғазымбектің осы кезге дейін танылмай келген қызметінің қырлары оның Германияда болған кезеңіне байланысты. Ол Берлинде М.Шоқаймен үнемі кездесіп тұрған. 1923 ж. Германияға барған Т.Рысқұловпен кездесуінде Ғазымбек одан М.Шоқайға материалдық көмек жасауды сұрайды. «Сонда мен оған көмектесу тұрмақ оның және барлық студенттердің онымен кездесетіндері болса онда олардың бәрі де кері шақырылады дегенді айттым», – дей келіп, Т. Рысқұлов, Қожанов және әлде басқалар Шоқаевпен осы Бірімжанов арқылы байланыспады ма екен? Солай болар деп ойлаймын. Шоқаевтың кеңес өкіметін ғайбаттаған өз мақалаларында куәлікке үнемі «Ақ жолға» және одан алынған үзінділерге жүгінуі тегін емес» [15] деп жазады. Бұл 1924 жылдың сәуіріндегі әңгіме. Ал Бірімжановтың өзі С.Қожановқа одан ертерек жазған хатында Шоқаев туралы «ол өте нашар тұрады, студент-практиканттар оған көмектескісі келді, бірақ ол бас тартты және «бұл ақша сендерге керек болады, өйткені алда көп істер күтіп тұр» дегенді айтты [16] деп хабар береді. Түркістаннан 1922 жылы Германияға оқуға жіберілген Ғ.Бірімжановпен бірге Д.Битілеуов, А.Мұңайтпасов, Қазыбековтердің де қуғындалып, жазалануы олардың түркістандық саяси эмиграциямен (М. Шоқай, З.У. Тоған және т.б. – авт.) байланысын айқындауға негізделіп еді. Осы тұрғыдан қарастырғанда Т.Рысқұловқа Германия сапарында жолбасшы болған Ғ. Бірімжановтың тұлғасы ерекше назар аударуға лайық. 
Түркістандық қазақ элитасының ұлттық ұйытқысы болған «Ақ жол» газетінің қызметіне ерекше тоқталуға болады. 1920-25 жж. ТКП ОК және Түркаткомның баспасөз органы ретінде жарық көрген басылымға С.Қожанов, Н.Төреқұлов, И.Тоқтыбаев, Қ.Кулетов, С.Османов,  М.Дулатов, Ғ.Бірімжанов және т. б. көрнекті ұлт зиялылары редакторлық жасады. Газет шын мәніндегі Түркістан ұлттық элитасын топтастырушы идеялық орталыққа айналды. Осы газет арқылы көрнекті қайраткерлердің көтерген ұлттық идеялары Түркістандағы қалың қазақ бұқарасына жол тауып жатты. Газет атауының халыққа өте ұғынықты болуымен бірге ондағы көтерілген мәселелердің де соншалықты түсінікті болғандығын көреміз. Оның себебі қайсы дегенде, газеттің идеялық бағытын белгілеген ұлттық элитаның халықтың қалың ортасынан шыққандығы, содан да олардың қоғамды жаңартудағы ұстанымдары Қазан төңкерісінің таптық идеяларынан әлде қайда түсінікті болуынан дейміз. 
Дегенде, Т.Рысқұловтың «Ақ жол» газеті туралы пікірі барынша қарама-қайшылықты еді. Ол «Ақ жол» - Дулатов еңбегінің нәтижесі, «алашордашыл» «Қазақты» жалғастырған оның перзенті. «Қарғыс атқан Орынбордан» қуылған алашордашылар Түркістанда өз қызметтеріне кең өріс тапты» [17] деген баға береді.
Таптық-әлеуметтік қағидаларды басшылыққа алған партноменклатура жүйесі нығайған сайын өз қатарын «таптық жат элементтерден» тазарту түрінде саяси күресті күшейте түсті. Ал билік институттарындағы ұлттық элитаның жоғарыда аталған алғашқы буын өкілдерінің ықпалы азая берді. Осы топ өкілдерінің үстінен жүргізілген алғашқы сот үдерісі 1930 ж. наурызында Алаш қозғалысының өкілдеріне қатысты жүргізілді. А. Байтұрсынов, М. Дулатов және тағы басқа 44 адамды Айыптау қорытындысы (№78754-іс) бойынша Түркістанда қызмет жасаған немесе қызметтері Түркістанға қатысты болған Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Мырзағазы Есболов, Жүсіпбек Аймауытов, Ғазымбек Бірімжанов, Хайреддин Болғанбаев, Мағжан Жұмабаев, Дінмұхамед Әділов, Абдулла Байтасов (САГУ студенті), Кәрім Жаленов (Ташкентте жастар ұйымының хатшысы болған), Дамула Битлеуовтер (Германияда оқыған, Валидовтың хатын әкелген) [18, 337-373 бб.] айыпталады. Саяси қуғын-сүргіннің екінші толқыны М.Тынышпаев, Халел Досмұхамедов және Жанша Досмұхамедовтер бастаған топқа байланысты жүргізілді. Бұл іс бойынша істі болғандардың да көпшілігі түркістандықтар болды. Осы жерде ерекше атап өтетін жағдай, Германияда білім алған 70-тен астам студенттердің барлығы дерлік саяси қуғын-сүргіннің құрбанына айналды. Соның ішінде әрқайсысы еліміздің әлеуметтік және шаруашылық салаларында үлкен бастамаларды іске асырады деп үміт күткен аталған бес қазақ студенттері де бар. 
Қорыта айтқанда, Түркістан мен Бұхарадан жастардың Германияға оқуға жіберілуі – Орта Азия халықтарының мәдени дамуында үлкен құбылысқа айналған еді. Германияға оқуға жіберілген студент жастар Орта Азия республикаларының мәдени өміріне жарқын өнеге қалдырды. Өкінішке қарай тоталитарлық биліктің ортақ кеңестік гуманитарлық кеңістік қалыптастыруды көздеген саясаты бұл бастаманы үзіп тастады. Өзбекстан Республикасының Президенті Ш.Мирзияев атап айтқандай, «Орталық Азиядағы үшінші ренессансқа айналуы тиіс» мәдени-рухани құбылыс орта жолда үзіліп қалды. Ол өнеге ХХ ғасырдың бас кезінде Қазақстанда жастарды шетелдік үздік оқу орындарында оқыту туралы «Болашақ» мемлекеттік бағдарламасының қабылдануы түрінде жаңғырғандығы көңілге медеу. 

Хазретәлі Тұрсұн, 
тарих ғылымдарының докторы, профессор, Қожа Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті

Әдебиеттер:
1.Турдиев Ш. Улар Германияда уқиған едилар. -Т.: 2006. – 256 б.
2.Туркестанская правда, 2 декабря 1923 года
3.ӨРОМА. Қор Р-34, тізбе 1, іс 1380, 510 п.
4.РГАСПИ. Ф.17, оп. 84, д.526, Л.78-80
5.РГАСПИ.ф.17, оп. 84, д.527, Л.200
6.Хаустов В., Самуэльсон Л. Сталин. НКВД и репрессии 1936-1938 гг. –Москва: РОСПЭН. 2010. 432 с.
7. Шеген. Білім керек (Германиядан келген хат) //«Ақ жол», 1923 жыл 24 сәуір
8. Абдрахман Мұңайтпасов. Қолдан былғары жасау //«Ақ жол» №339, 4 сентябрь, 1923 жыл
9.Абдрахман. Игілік істің негізін орнатайық // «Ақ жол] №334, 4 август, 1923 жыл
10.Германияға кеткен қазақ студенттеріне жәрдем //«Ақ жол»,  1923 жыл 23-маусым
11. Студенттерге жәрдем керек //«Ақ жол»,  1923 жыл 23-маусым
12. Ағайын. Германиядағы оқушылар да ұмытылмасын! //«Ақ жол» №409, 27 февраль, 1924 жыл
13.Міржақып Дулатұлы. Шығармалары. Бес томдық шығармалар жинағы 5.т. -Алматы: Мектеп, 2004. -614 б.
14.Қожакеев Т. Сара сөздің сардарлары.– Алматы: «Санат» 1995. -168 б.  
15. РГАСПИ. Ф.17, оп.85, д.77. Л.197
16. РГАСПИ. Ф. 17, оп. 84, д. 586, л. 42
17. РГАСПИ. Ф.17, оп.85, д.77. Л.218
18.Міржақып Дулатұлы. Шығармалары. Бес томдық шығармалар жинағы 5.т. -Алматы: Мектеп, 2004. -614 б.
 

3008 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз