• Тарих толқынында
  • 06 Сәуір, 2023

Тарих тізбегі және Бейбарыс Сұлтан

«Білімпаздар орталығының» жалпы халыққа берер пайдасы мен рухани көмегін ерте байқаған сұлтан Бейбарыс елді басқарумен қабат білім мен мәдениет ошақтарына көп көңіл бөлген. Мәселен, Шам  қаласындағы әз-Захирия атты  үлкен кітапхана ғимаратын  салғызуы – соның дәлелі.   
Өткен замандарды санаға салып салмақтасақ, адамзат қоғамы орта ғасыр ширегінде (IX – XIII ғғ.)  қаншама тарихи оқиғаны бастан өткергенін, талай қиыншылықтарға тап келгенін біле аламыз. Соның ішінде әсіресе түркі және араб елдері аймағындағы аумалы-төкпелі уақыт жайынан кең толғап, ұзақ айтуға әбден болады. Тап осы орта ғасырларда арабтар мен түркілер арасындағы қым-қиғаш араластық, тарихи жазбалар көрсетіп отырғандай, ерекше көзге ілінеді. Бұл уақыт аралығында жалпы мұсылман әлемінде үш тіл қатар дамыды: араб, түркі және фарсы тілдері. Сосын да осынау кезеңдердегі тарихи һәм мәдени тарихымызды осы үш тіл төңірегінде оқып-танып, сол арқылы өткен заман ақиқатын айқындай алмақшымыз. Өкінішке қарай, біздің көптеген ғалымдарымыздың білік-деңгейі жоғары болғанымен, осы үш тілге бірдей жетік кісілер аз, саусақпен санарлық. Қазіргі уақытта түркі, араб және фарсы елдерінде орын алған, бір-бірімен сабақтас  тарихи оқиғаларға ой жүгіртіп, сол кезеңдердің шындығын көз алдыңызға әкелмек болсаңыз, едәуір қиыншылыққа тап боласыз. Жазылған тарихи еңбектердің көбісінде біркелкілік жоқ, әрқайсысы әртүрлі жорамал мен ғылыми тұжырым жасайды. Сондағы түйген бір ойымыз – тарихи деректердің әртүрлі  жорамалдануы жоғарыда айтып өткен үш тілде үш түрлі баяндалуында, сол арқылы өткен заман шындығының қойыртпақталуында жатса керек. Бәлкім, бұдан да басқа себептері бар шығар. Бұны баса айтудың басты себебі,  орта ғасырларда ғұмыр кешкен қандас бабаларымыздың соңында қалдырған асыл мұраларын осы күнге дейін аршып алып, кейінгі жас ұрпақтың емін-еркін танысуына мүмкіндік туғыза алмай келе жатқанымыз ақиқат емес пе? Тым әріге ұмтылмай-ақ, араб әлеміндегі  қасиетті шаһарлар – Мысыр, Бағдад, Шам, Алеппо  топырағына ғылым қуып барған атақты бабамыз, әлемнің екінші ұстазы Әбу Насыр әл-Фарабидің (870- 950) ғылым мен білім һәм руханият саласында қалдырған еңбегі талай-талай зерттеу еңбектеріне негіз бола алады, болып та келеді. 

Біз сүзіп өткен, астын сыза оқыған еңбектер бойынша Әбу Насыр 200-ге тарта трактат жазып қалдырыпты, әрине, еңбектерінің басым бөлігі араб және парсы тілдерінде болса да, бірқатар трактатын көне түркі тілінде және түркі әлеміне арнап жазып қалдырған. (Ол жайлы деректер Ақжан Машанидің еңбектерінде бар). Олардың арасында ең жоғарғы мәнге ие болғандары – «Қайырымды қала тұрғындары жайлы трактат», «Мемлекеттік қызметшілердің нақыл сөздері», «Музыканың басты кітабы», т.б. Біз бұл мақалада ғұлама ғалымның артында қалған ғылыми-мәдени мұраларына талдау жасамақ емеспіз, негізгі нысана Бағдад шаһарындағы «Білімпаздар орталығы» жайлы. Бүгінгі оқымыстылар жақсы білетіндей, «Білімпаздар орталығы» құрылған кезден бастап, әлемдегі ең үздік ғылыми-философиялық, әлеуметтік тақырыптардағы кітаптарды шыққан бетте дереу алдырып, араб тіліне тәржімаланып отырған. 
Не үшін? Әрине, ең алдымен араб әлемі бүкіл адамзат бас иген ғылым жаңалықтарымен өз тілінде танысуға мүмкіндік алуы керек. Екінші жағынан, араб мемлекеттерінің әлемдік өркениетте алдыңғы орынға көтерілуі үшін ғылым-білімнің алатын орны зор екенін ерте сезінгендігінің белгісі. 
Тарихтың түсіндіруінше,  осы  «Білімпаздар орталығының» дәуірлеу кезеңі Бағдад шаһарының Мұсылман халифатының орталығы болуымен тікелей сабақтасып жатыр. Оның үстіне, тап осы кезеңде шаһарға біздің бабамыз Әбу Насыр әл-Фараби келіп, ғылыми ортада жарқырап көріне білді. Өзіне дейін араб тіліне аударылған көптеген ғылыми-философиялық еңбектерге талдау жасап, түсініктемелер түзді. Әсіресе, әлем мойындаған екі грек философы Платон мен Аристотельге көбірек көңіл аударды, еңбектеріне жаңаша көзқараспен баға берді. Осылайша өзі де биік парасат деңгейіне көтеріле алды. 
Тап осы «Білімпаздар орталығының» жалпы халыққа берер пайдасы мен рухани көмегін ерте байқаған екінші бір бабамыз – сұлтан Бейбарыс та елді басқарумен қабат білім мен мәдениет ошақтарына  өте көп көңіл бөлген. Мәселен, Шам қаласындағы әз-Захирия атты  үлкен кітапхана ғимаратын  салғызуы – осы айтқан ойымызға толық дәлел бола алады.   
Тарихта есімі жазылып қалған  айтулы бабамыз сұлтан Бейбарыс Мысыр еліне қай уақытта және қандай тарихи оқиғалар тұсында келген еді? Біздің тарихшы-зерттеушілеріміз осы тақырыпта там-тұмдап жазғанымен, әлі де жеткілікті деңгейде баяндап бере алмай келе жатқаны жасырын емес. Бұл жайынан не үшін арнайы сөз қозғап отырмыз? Енді сол турасында баяндап өтелік. 
Араб әлемінде, қай жағынан алып қарасаңыз да,  Бағдад шаһарының алатын орны ерекше. Бірқатар тарихи жазбаларда бұл қаланың іргетасы шамамен 762 жылы қаланған деп жазылады. (Мысалы, белгілі жазушымыз Мұхтар Мағауиннің «Шыңғысхан» атты еңбегінің төртінші томында жазылған). Мұнда Аббаситтер әулеті 525 жыл билік құрып, барлығы 37 халифа патшалық жасаған. Көне қала өз тарихында қаншама қырғынды, қаншама гүлденген кезеңді бастан өткергені өзінен-өзі белгілі. Оның әрбір кезеңі жайынан тоқтала жазып, түсіндіре баян ету тағы да тарихшыларымыздың төл жұмысы. Десе де, бұл шаһарды жаулап алып, қирандыға айналдыра  жаздаған жан – Шыңғысханның немересі Құлағу хан.   
Мысыр шаһарында әл-Аюбилер әулеті билігінің құлауы мен Мәмлүктердің билікке келуі жайында тарихшыларымыз түрлі пікірлер  айтады. Біріншілері Мысырдағы Аюбилер әулетінің соңғы сұлтаны Тұран-шаһ болса, оның өлімінен соң алғашқы түркі сұлтаны Шажар ад-дүр деп бекіте айтады. Екіншілер – Шажар ад-дүрді Салих Аюбтың жесірі деп қарап, алғашқы сұлтандық таққа отырған из ад-дин Айбек деп шегелейді. Десе де, Шажар ад-Дүр тақ мұрагері болып көп отыра алмағаны, ал Айбек оған әмеңгерлік жолмен үйленген соң сұлтан тағына отырғанын тарих растайды. Бірақ бұл жерде анықтап айта кететін бір жайт бар. Из ад-Дин Айбек Мысыр-Шам аймағында Бейбарыс, Қалауын, Санжар сияқты атағы шыққан қолбасшы болған жоқ, тіпті оны таққа отырғызған кезде беделді әмірлер өз айтқанымызды орындатып отырамыз деп ойласа керек. Бірақ, өкінішке қарай, Айбек таққа отырған соң күшіне еніп, түрлі айла-тәсіл ойластырып, басқаларға билікті бермеуге тырысты. Тіпті атағы зор бас қолбасшы  Ақтайдың көпшілік алдында өзіне қарсы келетін тік мінезін ұнатпай, ақыр аяғында көзін жойып тынды. Оның қысқаша тарихы былай. Өз сарайына алдап шақырып алып, оңаша бөлмеге кіргізген соң, арнайы жендеттері арқылы басын алады. Ақтай қолбасшыға қастандық жасағалы жатқанын естіген Бейбарыс, Қалауын және Санжар қолбасшылар сарай сыртына келіп, ат ойнатып дабыл қағып, Ақтайды босатуды сұрағанда оның кесілген басын терезеден лақтырып жіберіп, бұлардың зәресін алды делінеді. (Бақытты Батыршаұлының жазбасы).  
Сұлтан Айбектің өзінің өлімі де тап осылай жұмбақ жағдайда жүзеге асты, оны Шажар ад-Дүр ұйымдастырыпты деп жазады. Бірақ, қылмысты істің басында тұрған Шажар ад-Дүрдің өзі екенін біліп қойған Айбектің адал жасақшылары оны ұстап алып, биік мұнарадан лақтырады. Мұны кей тарихи деректерде Айбектің бірінші әйелі қызғанышпен жүзеге асырған деп те көрсетеді. 
Бұдан соң Мәмлүктер билігі уақытша Айбектің ұлы Алидің қолына тиеді, сосын бір жыл өткен соң оны жылжытып, таққа Құтыз сұлтан отырыпты. Құтыз жайлы да аңыз-әңгімелер жетерлік. Ол өз кезінде Айбек сұлтанның орынбасары болған, тіпті Айбектің басын алуға тікелей қатысы болуы мүмкін деп көрсетеді тарихшылар. Сонымен, өткен тарихты осылай жорта айта отырып, енді біз мәмлүктер үшін аса жауапты сынақ болған уақытқа – Төлеұлы Құлағу заманына қарай ойыса сөйлелік. 
Тарихи жазбалардың айшықтап айтатынындай, хан Құлағу сарбаздары алдымен  Бағдад шаһарына шабуыл жасап, оны аяусыз талқандап, ғимараттары мен қасиетті орындарын түгел қиратты. Бірқатар деректерде оның жасағының саны 150-200 мың сарбаз болды делінеді. Ал, шабуылға басшылық еткен – Кетбұқа қолбасшы деп көрсетеді, бірақ кейбір деректерде басқа қолбасшының аты аталады. Осындай жойқын күшпен шабуыл жасаған соң, әлбетте, қала өзін-өзі қорғай алмады. Қарсы тұрар қауқары да болмады. Бағдад бұл кезеңдерде әскер күшімен емес, ғылым-білім күшімен аты шығып тұрған-ды. Тап осы уақыттарда шаһарды билеп тұрған Аббасидтер әулетінен шыққан Мистасим патша  еді, ол тарихта отыз жетінші халифа болып саналатын-ды. Мистасим хан Құлағу  әскерлерінің төтен шабуылына қарсы тұра алмады, тіпті бірқатар деректерде осы шабуыл кезінде қаланың жүз мыңдаған адамы қырылғанын жазып қалдырған. Өкініштісі сол – бұл кезеңде Бағдад Ислам әлемінің бас шаһары болып есептелетін еді. Араб халифатының орталығы болып тұрған. 1258 жылы Мистасим жасағының ойсырата жеңілуінен соң, Араб халифаты да құлады. Құлағу қаланы жаулап алған соң, оның әскербасы ұлығы ретінде өзінің сенген адамы – Әли баһадүрді сайлап, бар билікті соған жүктеп қойды. Міне, бір ғана Бағдад шаһарына жасалған шабуылдың  жағдайы осындай болды. 
Әрі батыр, әрі жаужүрек бабамыз сұлтан Бейбарыс бұл уақытта атағы мен даңқы шыққан қолбасшы, негізінен Мысыр шаһарының қорғаушысы еді. Алайда, араб әлемі біртұтас болғандықтан да Мысыр мен Бағдад, одан әрі Шам, Алеппо қалалары сыртқы төтен жаудан қорған тілеген жағдайда болды. Аталған шаһарлардың бейбіт халқы қорған тілеп қана қойған жоқ, қорғаушысын асыға күткен кездер-ді. Сол қорғаушы топ – Мысыр мен Шам аймағына алыстағы Қыпшақ даласынан келген, арнайы даярлықтан өткен  өте мықты, қарулы түркі жігіттері болды. Олардың арасында Хорезмдік Құтыз, түркімен Айбек, Қыпшақ даласының орта тұсынан келген Ақтай, Бейбарыс, Санжар, Қалауындар жүрген-ді.  
Хан Құлағу сол уақыттарда кең байтақ Иран аймағына қожалық етіп, өз иелігінде ұстап, айтқанын орындатып отырған шақ. Алайда, ол бұны да аз көріп, енді жағалай жатқан араб елдеріне қарай дүркін-дүркін шабуыл жасауды әдетке айналдырды. Сондай шабуылдар салдарынан Бағдад пен Шам шаһарлары қанға бөкті, халқы қынадай қырылды. Оның үнемі жеңіске жетуін тарихшылар екі себеппен түсіндіреді. Біріншісі – хан Құлағудың сан жағынан да, күш жағынан да жойқын армиясы болғандығы. Екіншісі – араб елдері мұндай жан алып, жан беріскен қырғын соғыстарға дайын емес еді. Мысалы, Мысыр мен Бағдад шаһарларында жауынгер жасақтарын даярлаудан гөрі ғылым-білім өкілдерін оқыту маңызды міндет болып саналған. Шам мен Алеппо қалалары да сондай бағыт ұстанды. Бейбітшілікті қолдады. 
Сырттан келіп тосын шабуыл жасап, жерін тартып алып, еліне билік жасауға құмартушылар тек Шыңғыс тұқымы болған жоқ. Мәселен, сол кезде Францияның арнайы дайындықтан өткен жауынгерлері араб өңірлерінде өзінің қанды жорығын бастаған-ды. Солардың бірі – IХ Людовик бастаған 1250 жылғы крестшілер жорығы. Бұл жорық кезінде төгілген қан, өлген адамда шек болмаса керек. 
Мысырда арнайы әскери жаттығуларда ысылып, өте тәжірибелі сардарға айналған Бейбарыс ендігі жерде бұл аймаққа көз тіккен сырт жауларға тойтарыс беруді мақсат етті. Оның бастамасын Құтыз  да, Қалауын қолбасшы да қолдады. Соның нәтижесінде 1250 жылғы Француздың крестшілер жорығы да, 1260 жылғы хан Құлағудың жойқын армиясы да жеңіліске ұшырап, кері қайтты. Бұл оқиғалар арнайы талдап сөз етуге болатын жоталы тарих. 
Бейбарыс өзі сұлтандық таққа (1260-1277)  отырған соң, ең алдымен қираған қалалар мен елеулі тарихи ғимараттарды қалпына келтіруге күш салды. Сондай жұмыстарының бірі – Бағдадтағы «Білімпаздар орталығы» еді. Көп жері қирап, ішіндегі асыл қазыналар қолды болып кеткеніне қарамастан, орталық қайтадан гүлдене бастады. Оның ізін ала Аюбидтер билігі кезінде жабылып қалған, Мысыр шаһарындағы  әл-Азхар мешіт-медресесінің құрылысын қалпына келтіріп, жұмысын қайта бастады. Ал, Шам қаласында өз тапсырмасымен салдырған әз-Захирия атты үлкен кітапхана бүкіл араб әлемі үшін білім мен ғылымның орталығына айналды. Бейбарыс одан да ұзап шығып, бүкіл мұсылманның қасиет тұтар шаһарлары – Мекке мен Мединадағы екі негізгі мешітті де күрделі жөндеуден өткізуге тікелей себепші болды.
Сұлтан Бейбарыс бабамыз араб әлемін билеген он жеті жыл ішінде бұл аймаққа жау табанын тигізбеуге тікелей ықпал етті, үлкен әскери қалқан бола білді. Соның арқасында Мекке, Медина, Мысыр, Шам, Бағдад, Алеппо және басқа шаһарларда көп уақыт бейбіт заман орнады. Ал бейбіт өмір кезінде, сөз жоқ, елдің тұрмысы түзеледі, мәдениеті өседі, рухани жағынан өркендейді.

Жолтай ЖҰМАТ-ӘЛМАШҰЛЫ

2999 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз