• Заманхат
  • 06 Сәуір, 2023

Өзгерген заман. Тәуелсіздік мұраты. Рухани болмыс

Алтай ТАЙЖАНОВ,  
философия ғылымдарының докторы, профессор, Әлеуметтік ғылымдар академиясының академигі

Тәуелсіздік – мемлекеттің өз саясатын өз еркімен  жүргізуге қабілеттілігі  және мүмкіндігі. Біз отыз жылдан астам тәуелсіз ел ретінде даму жолындамыз. Ел арасында біз осы жылдар ішінде не тындырдық,  қолымыз неге жетті, толық Тәуелсіз бола алдық па деген әңгімелер жиі айтылады. Бұл сұрақтың төңірегіндегі пікірлер саналуандығы да бір арнаға түскен емес. Әрине, алдымен елге саяси, экономикалық тәуелсіздік ауадай қажет. Бірақ осы екеуінің нәтижесі де, олардың нәтижелі болуы да рухани  тәуелсіздікпен  тікелей байланысты және онымен диалектикалық тұтастықта. Ал рухани тәуелсіздік біздің танымымызда  ерекше көрінеді.  Таным – адамның, өмірдің мәнін, ақиқат әлемін, объективті шындықты, жаратылыс пен жаһан сырын білу қабілеті.
Осы тұрғыдан алғанда өткен ғасырдың 90-шы жылдарынан бастап біз өзгердік. Өзгергенде біздің мемлекетіміздің ішкі және сыртқы саясаты, экономикасы – бір сөзбен айтқанда мазмұны өзгеріп қана қойған жоқ, жалпы ұстанымымыз өзгерді. Өйткені, қоғаммен қоса адамдар өзгерді, олардың болмысы, түсініктері, санасы өзгерді. Бұрынғы кеңестік одақты мекендеген халықтар үйреншікті жағдайдың кілт өзгеруінен, болашақта оларды не күтіп тұрғанын білмей әбігерге қалды. 

Тәуелсіздік – мемлекеттің өз саясатын өз еркімен  жүргізуге қабілеттілігі  және мүмкіндігі. Біз отыз жылдан астам тәуелсіз ел ретінде даму жолындамыз. Ел арасында біз осы жылдар ішінде не тындырдық,  қолымыз неге жетті, толық Тәуелсіз бола алдық па деген әңгімелер жиі айтылады. Бұл сұрақтың төңірегіндегі пікірлер саналуандығы да бір арнаға түскен емес. Әрине, алдымен елге саяси, экономикалық тәуелсіздік ауадай қажет. Бірақ осы екеуінің нәтижесі де, олардың нәтижелі болуы да рухани  тәуелсіздікпен  тікелей байланысты және онымен диалектикалық тұтастықта. Ал рухани тәуелсіздік біздің танымымызда  ерекше көрінеді.  Таным – адамның, өмірдің мәнін, ақиқат әлемін, объективті шындықты, жаратылыс пен жаһан сырын білу қабілеті.
Осы тұрғыдан алғанда өткен ғасырдың 90-шы жылдарынан бастап біз өзгердік. Өзгергенде біздің мемлекетіміздің ішкі және сыртқы саясаты, экономикасы – бір сөзбен айтқанда мазмұны өзгеріп қана қойған жоқ, жалпы ұстанымымыз өзгерді. Өйткені, қоғаммен қоса адамдар өзгерді, олардың болмысы, түсініктері, санасы өзгерді. Бұрынғы кеңестік одақты мекендеген халықтар үйреншікті жағдайдың кілт өзгеруінен, болашақта оларды не күтіп тұрғанын білмей әбігерге қалды. 

Өйткені, бұл тұста мемлекетті ұстап тұрған «мәңгілік идеологияның» да, «теңдесі жоқ теңдікке қол жеткізген, әлемдегі ең озық мемлекет» туралы ертегінің де, өзіміз өмір бойы қуған «коммунизм елесінің де» күлі көкке ұшқан-ды. Ал адамдар болса дағдарысқа түсті. Бұл барлық саламызды қамтыды. Бір ғана саланы – рухани саланы алалық. Адамға алдымен ішіп-жеу, киіну, белгілі тұрақ, т.б. керек екені рас. Бірақ адам болмысын қалыптайтын рухани сала. Ол дағдарысқа ұшыраса, ұшы-қиыры жоқ ен далада немесе мұхит үстінде компассыз қалған адамдай, оның санасы дағдарысқа ұшырайды. Адам санасы дағдарысқа ұшырағасын оның осы кезге дейінгі танымы мен түсінігі де іске алғысыз, керексіз болып қалады. Біздің халық сол кездерде сондай күн кешті. Өйткені белгілі социолог Э. Дюркгейм айтқандай: «Жауаптар ғана емес, қойылар сұрақтар (мәселелер – А.Т.) да ескіріп, қажетсізге айналды». Осыдан келіп өзгеру керек болды. Өзгеруіміз де объективті жағдай болатын. Жаһандану заманында өмір сүріп оның талаптарымен есептеспеуге болмайтын еді. Ал талаптар өте көп болатын. Біз солай еттік те. Нәтижесінде Қазақстанның егемен ел ретінде даму жылдарында елімізде біраз өзгерістер болды. Өмір болған соң жеткен табыстарымыз да, әттеген-ай дегізетін тұстарымыздың да болуы заңдылық.  Бірақ сол жетістіктеріміздің ең бастысы – Қазақ елінің Тәуелсіздігі болмақ. Тәуелсіз, Азат елде  ғана тәуелсіз сана, отаншылдық, патриоттық сезім қалыптасады. Қазақта: «ата қоныс», «ата жұрт», «атамекен» деген ұғымдар бар. Ата қоныс сонау ескі замандағы қауымдасып, тайпа (ру) күйінде өмір сүрген аямыз болса,  Ата жұрт  соның сан ғасырлық тарихынан хабар беріп тұрады. Ол кешегі ата-бабаларымыздың тірісінде өмір сүрген, жайлаған жері, бақилыққа өткеннен кейін  қалған орны (моласы-мазары), ойы-қыры, олардың атымен байланысты жер-су аттары т.б. Ал, атамекенге келетін болсақ, ол жекелеген руға емес, бүкіл қазаққа ортақ географиялық орта, жер, мекен.  «Стан» сөзін көне заманнан тамыр тартқыза қарастырсақ қоныс, тұрақ, мекен дегенді білдіреді. Осы тұрғыдан алғанда, біздің бүгінгі Қазақ елінің – «қазақстан» аталуы да негізсіз емес. Бұл «станның» иесі – ҚАЗАҚ ҰЛТЫ. Сондықтан да қанша нәубетті көрсе де, осы мекенге өзіміз иеміз дейтін жұрт үдере көшпеген, «мың өліп, мың тіріле жүріп» оның өткенінің үлгілі тұстарын жырларына арқау еткен, кейінгілерге жеткізіп отырған, сөйтіп ауызша тарихтың ерекше үлгісін жасаған.   
Осылайша өз болмысын қалыптаған қазақ халқы, жаңа заманда Қазақ еліне айналды. Өз отанының азаттылығына, тәуелсіздігіне қол жеткізді. Енді осы Тәуелсіздіктің баянды болуымен қатар, басқа елдермен, ұлт-ұлыстармен тереземіз тең болуын әрбір саналы азамат армандап қана қоймай, соған өз деңгейінде үлес қосуы керек.   Біз қазір бәсекеге қабілетті ұлт туралы көп айтамыз. Шын мәнінде бәсекеге қабілетті ұлттың әрбір өкілі бәсекеге қабілеттілігін, даярлық деңгейін, білімділік және даралық даму дәрежесін көрсете білулері керек. Қазіргі біздің ұстанымымыз – рухани жаңару жолы. Елдікті ойлаған отандастарымыздан жаңа әрі серпінді ізденістерді, Қазақстанды жан-тәнімен сүйетін өз Отанының патриоты болуды талап етеді.
Әрине, даму барысында  қай мемлекетке де тарихтан үйренгендері ләзім. Алайда Егемен, Тәуелсіз елдің өз жолы болуы да шарт. Әлемдік саяси-құқықтық практикаға да, демократиялық ұстанымдарға да, тіпті өзге елдердің «ақылына» да кейде құлақ түргеннің зияны болмас. Дегенмен, Қазақстанның өзіндік жолын таңдауына да, сол жолмен жүруіне де құқы бар. Отыз жылдан астам тәуелсіз тәжірибеміз көрсеткендей, ол жол – бейбітшілік жолы, руханият жолы, кемелдік жолы, кейбір зиялы қауым өкілдері айтып жүргендей «Абай жолы».  Дана Абай өз ұлтын оқуға, ғылымға, білімге, білуге шақырды, «біріңді, қазақ, бірің дос, көрмесең – істің бәрі бос» - деп, «бас басына би болмай», бірігуге, түсінісуге шақырды. Біз соған құлақ астық. Ел іші тыныштық, еліміз азат, азат елде тұратындардың ұйқысы да тыныш. Ал дүниенің болмысы туралы ой ойлай қалсақ, Абайды іздейміз, ойланбасақ, ойын-сауықпен жүрсек хакімнің қажеті жоқ болар еді. Оны ескерген мемлекет басшысы: «Абайды терең тануға баса мән бергеніміз жөн. Абайды тану – адамның өзін-өзі тануы. Абайдың көзқарастары ХХІ ғасырдағы Қазақстан қоғамы және оның береке бірлігі үшін аса құнды... Біз Абайдың «толық адам» тұжырымын қайта зерделеуіміз керек» деген болатын. 
Өз жолдарын айқындаған мемлекеттер арасында мүдде ғана болатындықтан, құтқарушылық (мессиялық) қамқорлыққа қай мемлекет те зәру емес,  ендеше, өзгенің өз ақылы өзіне, әркім өзін жарылқап алсын.  Ал Батыс елдерінде көп айтылатын демократияны да жалаң түсініп   етек-жеңімізді түріп алып, Батыс пен Еуропаның соңынан жүгіре берудің де қажеті жоқ. Демократиялық өзгерістерді елдің хал-ахуалына қарай, алғышарттардың жетілуіне қарай біртіндеп жүзеге асырған жөн. Қазіргі уақытта әлемнің белгілі мамандары ұлттық мүдде мен ұлттық құндылықтар туралы жиі жаза бастады. Бұл қоғамдық пікір де ұлттық идеяларды қажетсінуден туған құбылыс. Өйткені, соңғы кездерде бізде де, бізбен көрші елдерде де идеологияға қатысты мәселелер жиі көтеріледі. Бірі мемлекеттік идеология ретінде негізге алар ұстаным бар десе, екіншілері жоқ дейді. Бұндай мәселе Ресей елінде де бар. Сондықтан олардың бірі идеологияның негізі ретінде мемлекет саясатының тұрмыс сапасына, демократияға көңіл аударуын қолдаса, ал екіншілері – ұлы державалық қуатты, әділеттілікті, руханиятты ұсынады. Қалай болғанда да ізденіс толастамауда. Материалдық игіліктерге қарағанда моральдық-адамгершілік құндылықтарға басымдық беретін елдер дәулетті, байлықты өз маңдай теріңмен адал табу әлеуметтік әділеттілік негізгі деп қарастырады. Елімізді коррупция жайлаған  қазіргі уақытта бұл туралы біздің де ойланғанымыз абзал. Ендеше, еліміз дамуын әлеуметтік-экономикалық жаңғыртудың ең маңызды мәселелерінің бірі – сыбайлас жемқорлықпен күрес, сондықтан оның жаңа стратегиясын жасау қажеттігі де осы мақсатты көздесе керек. Ел ішіндегі әлеуметтік келеңсіздіктер мемлекетіміздің егемендігіне, экономикалық тұрғыдан қуатты дамуына, тіпті тәуелсіздігін қамтамасыз етуіне де әсер етеді. Әзірге әлемдік практикада өзін ақтаған бір-ақ жол бар. Ол  – егеменді демократияны сол елдің ішкі саясатының мәні деп бағалау. Оған азаматтардың өз елінің саясатын өзі анықтау құқығы және оны сырттың қандай бір болмасын қол сұғуынан қорғай білуі, керек болса тіпті қарудың күшімен де қорғау болып табылады. Бұл жолда біз өз көзқарасымызды, ұлттық құндылықтарымызды табандылықпен қорғаудан қашпауымыз керек.Егеменді ел ретінде дамуымыздың нәтижесінде халқымыздың әлеуметтік-экономикалық, рухани болмысында көптеген түбегейлі өзгерістер мен жаңғырулар жүріп жатыр. Жаңа дүниетаным мен өмірге деген жаңа көзқарастар, ұлттың рухани құндылықтар жүйесі қалыптасуда. Осы құндылықтардың түп негізі адамдар санасында ғасырлар бойы қалыптасқан болмыс-бейнесі, образдар мен символдар жүйесі, ұлттық ойлау айшықтары, халықтың дүниеге шынайы түрдегі көзқарасы, наным-сенімдері, салт-дәстүрі, әдет-ғұрыптары, аңыз-ертегілері, жыр-дастандары, ойшылдардың шығармалары, ұлттық мұралардан бастау алады. Осыны жас ұрпағымыздан бастап үлкендерге дейін білуі керек. Ендеше, өзгелер де бізбен санасу үшін, біздің де өзімізге тән мәдениетiміз,  тiлiміз, рухымыз бар екендігін өзгелерге білдіруіміз керек, олай  болмаған жағдайда бiз әлеуметтік таным объектісі ретінде  өзгелерге де керек емеспiз. Ұлт ретiнде өз болмысы болмаған, өзгеге елiктеп, басқалардың жылтыраған бейнесiн өзiне бетперде қылып киiп алуға ұмтылған рухсыз халық, ұждансыз ұлт ешкiмге керек емес. Әрбір ұлт өкілі өзiн адамзат алдында ұлттық болмысы арқылы танытады. Одан өзгенiң барлығы адам табиғатынан тыс, мәдениетке жат, жасанды  этикетке, заман ыңғайына негiзделген, белгілі бір идеологиялық мақсаттарды көздейтін жалған нәрселер. Бұл туралы ел Президенті: «Біз  мемлекет ретінде де, ұлт ретінде де бір орында тоқтап қалмауымыз керек. Ондай жағдайда ел тоқырауға ұшырайды. Оның зардабы мемлекетімізге тиеді, ауыр тиеді. Ащы да болса айтайын, біз – қазақтар, осынау алмағайып күрделі әлемде, түптеп келгенде, ешкімге соншалықты қажет емеспіз. Өз мемлекетімізге ғана қажетпіз. Осы бір қарапайым қағиданы ешқашан естен шығармауымыз қажет. Әлемдегі Қазақстанның жетістігін көре алмайтын, «мысықтілеу» саясаткерлер, тіпті мемлекеттер де бізден алыстап кеткен жоқ, маңайымыздан ұзамай әр қадамымызды бағып отыр. Сондықтан елімізді өркендету, көркейту тек қана өз қолымызда. Біздің осындай сындарлы сәтте қателесуге еш қақымыз да, құқымыз да жоқ. Және мемлекет құрушы ұлт ретінде бұл мәселені бірініші кезекте өзіміз терең сезінуіміз қажет. Өйткені қазақ халқының тағдыры тарих таразысында тұр...». Айта кеткеніміз жөн, Президенттің бұл сөзі біздің Егемендігіміз бен Тәуелсіздігімізге де тікелей қатысты.
Алайда біз бүкіл әлемнен оқшаулана алмаймыз. Сондықтан ұлттық мүдделерімізді қолдай отырып, әлемдік өркениеттің үздік үлгілерінен оқып-үйренуді, өзара ықпалдасуды басшылыққа алуымыз керек. Батыс пен Шығыс екі дүние, бұл екеуінің бір-бірінен алшақ та, қабысатын да тұстары бар. Әлем саясаткерлері мен ойшылдарының жаһандану тұсындағы басты бағыты, ұстанымдары олардың дербес өмір сүре отырып, жақындасуына, түсінісулеріне, табысуына жағдай жасау. Өйткені біздің бәріміз де осы ЖЕР деп аталатын планетаның тұрғындарымыз, ендеше мәңгілік тұрағымыздың да қамын бірлесе ойлағанымыз жөн болар. 
Бірлесе ойлау үшін әр елдің өз идеологиясына негізделген Стратегиялық даму жолы болуы қажет. Идеологиясы, қоғамдық-саяси ойы ерікті дамымаған елдерде адасушылық көп болады немесе дамудың тоталитарлық жолына түсулері мүмкін. Осы тұрғыдан алғанда белгілі философ-ғалым, профессор Ә.Қалмырзаевтың пікірінің жаны бар. Ол баспасөз бетіндегі бір мақаласында: «Посткеңестік елдердің бәрінде, сондай-ақ бізде де қазір танылған идеолог жоқтың қасы. Бұл салаға әркім басшылық етеді. Соның салдарынан әркім өзінше данышпан, өзінше теоретик, өзінше үлкен тарихшы, өзінше ғұлама ойшыл. Бірінің сөзіне бірі құлақ аспайды. Біріне тоқтау айтар жан болмай отыр. «Өзім білемін, өзім төремін, мен тірі классикпін, мен, мен және мен» деген үрдіс кең етек алуда. Соның салдарынан әркім әр жаққа тартады. Өзінікін дұрыс санайды. Мұны плюрализм, демократияның нақты көрінісі деп бағалайды. Әрине, көптің пікірімен санасқан дұрыс. Бірақ көптің бәрі бірдей терең ойлап, бірдей дұрыс пікір айта ала ма? Cолардың ішінен жақсысын іріктеп ала білетін, білігі басқалардан жоғары, осы саламен арнайы шұғылданатын кадр болуы керек емес пе?» – деп жазыпты. Бұл шындық.
Айтылғандарға біздің қосарымыз, барлық уақытта да билік басындағылар арнайы идеологтар ұстаған. Қазақ қоғамындағы бұрынғы өткен Асан қайғы, Бұхар жыраулар, билер, кешегі кеңестік дәуірде де бұл үрдіс ашық емес түрде жалғасты. Олар елдің ішкі-сыртқы қажеттіліктерінен, ұлттық-рухани құндылықтардан зор хабардар адамдар болған. Бірақ соңғы сөз, соңғы шешімді ел басшылары айтқан. Алайда,  қазіргі уақытта күшті идеологияның да, идеологтың да жоқтығының  объективті себептері бар. Кеңес өкіметі тұсындағы  қайта құру, онан кейінгі оның құлауы тұсында бұрынғы идеологияны мансұқтау, идеология атаулыдан аулақтау (деидеологизация) науқаны жүрді. Осындай теріс көзқарас салдарынан бүгінгі билік пен басқару жүйесі басындағылар идеология, саясат, мемлекет деген үштіктің – ошақтың үш аяғындай бірінен-бірі ажырамас дүниеліктер екендігін түсінбеулеріне әкеліп соқтырды. Шындығына келгенде идеологиясыз ешбір қоғам өмір сүре алмайды, өз құндылықтары мен мүдделерін қорғауға да дәрменсіз болады. Ауыз екі пікірде, баспасөзде жиі айтылып жүрген «мемлекеттер арасындағы достастық» – деген де болмайды. Өйткені, кезінде Алаш азаматтары Ә.Бөкейхан, М.Шоқайлар айтқандай, мемлекеттер арасында ең алдымен мүдде бар. Олардың әрқайсысы идеологиялық тұрғыдан өз мүдделерін қорғауға тиіс. Ал мүддеңді қорғау – есеңді жібермеу. Осы тұрғыдан мемлекетаралық түсіністік болғанда ғана олар дос, мүдделес мемлекеттер. Жаһандану кезінде бұны түсінбегендер ұтылады. Ал сол мүддені қорғайтындар білікті, білімді, ұлттық рухы мен санасы барлар, алдымен жастар.  Әрине, ұлттық сананың қалыптасуы түрлі шаралармен, заң жолымен біте салатын нәрсе емес, ол үшін әр қазақтың өз ұлтының, ата-бабаларының алдындағы жауапкершілікті терең сезіне білуі, осы жолда күресе білуі керек. Оқу орындарындағы оқу-тәрбие жұмыстарына жауапты адамдардың да бұны терең түсінгендері дұрыс. Біз ғасырлар мен мыңжылдықтар алмасып, әртүрлі үлгідегі қоғамдар қалыптасқан, соған сай адамдардың психологиясы түрлі өзгерістерге бейімделген, ұлттық санасы оянған кезеңде өмір сүріп отырмыз. Адам атаулының жасампаздығына, яғни қоғамды да, дүниені де өзгерте алатынына нақты көзіміз жетті. Алайда кісінің санасында өткен шақтың өкініштері де жаңғырып тұратынын естен шығармауымыз керек. Мәселен, біздің буын «кедейдің бәрі жақсы, байдың бәрі жаман» деген психологиямен тәрбиеленді. «Жаман, надан болса, қалай байыған» деген ой санамызға кірмей, олардың бәрін «бір ұрты май, бір ұрты қан» кебежеқарын деп елестеттік. Кеңестік идеология бізге кедейді дәріптеді. Сосын әкем, ата-бабам түгел кедейден шыққан деп өмірбаян толтыруды ар көрмедік. Қазақта «тексіз» деген өте ауыр сөз бар. Біз сол тексіздігімізді өз қолымызбен жазып, мақтанышқа айналдырдық.
Бүгінгі жастар тәуелсіз ел жастары, олар баяғы біздер сияқты санасы мен өмір салтындағы елес қуудан арылған жастар. Адам факторының бар мәні де, маңызы да осында. Жаңа адам –  санасын жаңартқан адам. Қазақта «үмітсіз шайтан» деген сөз бар. Біздің тұстастарымыз социалистік идеяға көп үміт артты, Европаны кезіп жүрген «коммунизм елесі» бізге де келер деген үмітпен жастық шақтарын өткізді. Бірақ елес жеткізбеді, коммунизм келмеді. Кейін «қайта құру» идеологиясы келді, бірақ ол да алдыңғы сенім-нанымды, арман-елесті жоққа шығармай, соның бір белесі болып тарих қойнауына  енді. Сөйтіп жүргенде қоғам дамуының объективті жағдайы алып империяның құлауына әкелді. Марксистік- лениндік идеология, соның негізіне құрылған Коммунистік партия аз уақыттың ішінде берекесі кетіп, беделінен айрылды, өмір сүруін тоқтатты. Барлық өзгерісті орталықтан күтіп отыратын, ұлттық санасын ұлтшылдыққа балап дамытпаған империяның бір бөлігі – Қазақстанды мекендеуші қазақ ұлты  да осы әлеуметтік-экономикалық  дағдарысты  басқалармен бірге көрді. Ортақ бағдар болмаған соң, өткен ғасырдың 90-шы жылдарында  қиындық күрделене  түсті. Әркім өзінше күн көрді. Сөйтіп, кеңес дәуірінде «құлдық психологиямен» қоса, ұлттың дәрменсіздігі, кіріптарлығы да қалыптасқан еді. Соның салдарынан жоғарыдағы өзгерістерге ұлтымыздың қоғамдық санасы  даяр болмай шықты. Біз бұрынғыша біреуден шешім күтіп соны орындауға қалыптасып қалған дағдымыздан шыға алмадық. Өйткені, біз ұзақ жылдар бойы әлдекімді асыра дәріптеуге немесе адал еңбекті ескерусіз қалдыруға соқтыратын, азаттық тарихын көшбасшылар тарихына айналдыратын сыңаржақ тарихи көзқарасқа жол  берген ел, соны санаға сіңірген ұлт болып қалыптасқан едік. Қазіргі уақытта жағдай басқа, біз де бүкіл әлем қауымдастығымен бірге даму үстіндеміз. Мемлекеттің қуаты халықтар бірлігінде екенін де түсіндік.
Біздің қоғамымыздың қай саласында да белгілі деңгейде ілгерілеушілік бар екендігін әлем мойындап отыр. Алайда билік басындағылар да, олардың орынбасарлары да, саясат, заң саласындағы функционерлердің көпшілігі идеология мен теорияға келгенде мұз үстінде тағаланбаған аттай тайғанап, қайраңда қалған балықтай тынысы тарылатыны да жасырын емес. Осы тұрғыдан алғанда биылғы Парламентке де, жергілікті мәслихаттарға да сайланғандар «өз саясаттарынан» әрі аса алмайтын, идеологияның иісін де сезбейтіндер болмауы керек. Қазіргі уақытта тәуелсіз  елімізге креслода уақыт өткізіп отыратын функционерлер емес, өз саласын терең білетін, идеологиядан хабардар, рухани құндылықтарға қанық адамдар керек. Бұл, әсіресе, кез келген мекеменің идеологиялық, әлеуметтік салаларын басқарып отырғандарға ауадай қажет. Бірақ, бұл салаларға басшы болып келетін адамдарды бұрынғы кеңес  заманында таптық-ұлттық құрамын реттеумен тұқыртсақ, бүгін өзіміз әлі байыбына терең бара алмай, ол тек әйелдерге қатысты деп қарастырып жүрген, гендерлік саясатты көздеп, ұлттық менталитеттен ада, тілді, төл мәдениетті білмейтін әйел азаматшаларды билікке сүйреумен жүрміз. Сондықтан да оқу, мәдениет, идеология салаларындағы басшылық жұмыстар мен олардың орынбасарлығына сәйкес келсін-келмесін, әйелдерді тағайындаудың жемісті болмасы анық. Бұл ойымыздың еліміздегі әр түрлі деңгейдегі сайланбалы орындарға да қатысы бар. Әрине, сұранысқа сәйкес келер білікті, білгір мамандар бір күнде пайда бола қоймайды. Алайда, олар ел ертеңі үшін керек. Бұл туралы Президенттің Қазақстан халқына Жолдауларының бірінде: «ХХІ ғасыр барған сайын күрделеніп бара жатқан бүгінгі заманғы мемлекетті басқаруға жоғары талаптар қояды. Біздің маңызды міндетіміз – басқарушылардың білікті саяси  тобын дайындау» – делінген.
Денсаулық сақтау, білім беру, ғылым және ғылыми қызмет көрсету, дене шынықтыру, т.б. салалар әлеуметтік қамсыздандыруды қажет етеді. Әлеуметтік инфрақұрылым тікелей материалдық игіліктерді жасамайды, бірақ онсыз өндіріс үдерісін дамыту қиын, не мүлде мүмкін емес. Бұл топтағы салалардың бірі – білім беруді қамтамасыз ету болғандықтан, ең негізгісі адам факторы мәселесіне аса көңіл аударуымыз тиіс. Қазіргі жағдайда капиталистік даму жолындағы әлемде материалдық игілік рухани құндылықтан басым түсіп, дүниеқорлық, пайдақорлық, ашқарақтық, имансыздық, жауапсыздық, жемқорлық, қитұрқылық секілді індеттің жұлын құртқа айналуына жол бермейтін құрал қажет. Әсіресе қоғамның болашағы жас ұрпақтың ой санасын көзі көріп жүрген жамандық атаулыдан аулақ ұстап, ұлттық рухани қазына көздері болған ғұламаларымыз әл-Фараби, Жүсіп Баласағұн, Ахмет Яссауи, Абай мен Шәкәрімнің, тағы басқа зиялыларымыздың парасатты адами ілімдерін жастардың бойына сіңіру  олардың ақыл-ойларының толығуына алып келеді. Жоғары оқу орындарында сан салалы мамандықтарды игеріп жатқан жастардың рухани жұтаңдыққа ұшырамауын қамтамасыз етуіміз керек. Ол үшін уақыт талабына орай туған жаңа таным мен түсініктерді ғылыми тұрғыдан саралап пайдаланумен  қатар, күнделікті өмірімізде жастардың қалыптасуына ықпал ететін әр түрлі «құралдарға» сақ болғанымыз жөн. Айталық, бүгінгі бақылаусыз, жөн-жосықсыз кеткен бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілердің бірқатары баланың әлi толық қалыптаспаған психикасына қиратушы күш ретiнде әсер етуде. Өйткенi, қазіргі уақытта әлеуметтік желілер арқылы жастардың санасын улайтын негативті ақпараттар кеңінен таратылуда. Қазақстанның төл телеарналарын күні бойы қарап, оның ішінен танымдық бағдарламаларды іздейтін болсақ, көңіл көншітпейді. Тіпті олардың ішінен қай бағдарламаның танымдық екенін ажыратудың өзі қиын. Бірен-саран болған күнде оның уақыты 30-45 минуттан аспайды.  Қалған ақпараттың бәрi шетелден алынған жұлынды мәдениеттер мен мәліметтер, немесе көрші Ресей мемлекетінің хабарларының «қазақ шапанын» киген көшірмесі. Ал бұл алдымен ұжымдық, кейін ұлттық бейсаналыққа апаруы әбден мүмкін деп дабыл қағып жүргендер пікіріне де құлақ асқанымыз жөн. Егер оларға көңіл бөлмесек, ерте ме, кеш пе тұтас ұлтымыздың болмысын өзгертуі әбден мүмкін.  
Осы бағытпен жүре берсек дүниетанымымыздың негізін құрайтын Ділден ажырап қалуымыз да мүмкін.  Діл мазмұны – ұлттық мәдениеттен, әдет-ғұрыптан, салт-санадан, діннен және тілден тұрады. Бұлардан айырылған ұлт, ұлттық рухынан да айрылады. Рух дегеніміз аса жоғары күрделі дүние. Рухтылық – еркіндік   түрі. Рухы биік адам қай дәуірде де өзін сыйлата алған, рухы күшті ұлттардың қашан да бағы таймаған, «мың өліп, мың тіріліп» жасампаздыққа қол жеткізген, намысын таптатпаған. 
Бүкіл жасампаздық істерді жасаған да рухы биік тұлғалар. Ал, ондай тұлғаларды өмірге әкелетін көп факторлардың бірі, мүмкін бастысы – әлеуметтік орта, әлеуметтік бағыт-бағдар, ұлттық тарихи тағылым. Бұның бәрі біліммен, білікпен, оның ішінде ұлттық нәрі бар біліммен келеді.   Бұл дегеніңіз мемлекеттік саясаттың, оның ішінде әлеуметтік  саясаттың осы жағына ойысуы. Олай болса, бұл жерде біз мемлекеттік саясат пен  ұлттық рухтың бірлік диалектикасын түсінуіміз керек. Бір ұлтты зор, ұлы етіп, екінші ұлтты кішірейту, төмендету біз басымыздан кеңес заманында өткізген кезең, өткен тарихымыз. Ал бүгін осы рушылдыққа, жікшілдікке айналатын болса, талантты, дарынды жандарды билік басындағылар өз аталарынан тарамаған болғандықтан атамай қойса,  елге еткен еңбектерін бағаламаса, қызметтік баспалдақтарға өсірмесе, бұл азаптың басы, абыройсыздыққа апаратын жол. Бұл да «саясат», бірақ, болашағы жоқ «саясат». Күрескер рухтағы адамдар, зиялы тұлғалар үлкен басын кішірейтіп ештеңе сұрамайды, өз жеке бастарын бос мақтанмен дәріптемейді, ал ұлттық рухы бар ел өз ерлері мен зиялыларын қорлатпайды, елінің асыл қазынасы: тілін, дінін, дәстүр-салтын, ұлттық қалпын аяқасты еткізбейді. Ал бұның бәрі – тарихи санамен, таныммен, тәжірибемен келетін зат. Бұлардың өзегі – білім, ұлтқа қызмет ететін этномәдени мазмұнды білім, білікке ұласатын білім. Бұндай білім мен тәрбие  болмайынша адам рухани мүгедектікке  ұшырайды. Егер қазақ қоғамының рухы мүгедек болмағанда, дәл бүгінгі бейбіт заманда қазақ бірнеше топқа, дінге бөлінбес еді, бір дінді ұстанып, сеніп келген қазақ көп дінді болып кетпес еді. Жеріміз бір, осы жердің иесі біз деп жүрген қазақ, өзінің арғы тарихын  білмей, өзінің кім екеніне жауап бере алмайтындай жағдайға жетпес еді. Өйткені, бізде ел ішінде де, елден сырт оқыған да жастарымыз рухани тәрбие алмаған, бағдарлары жоқ, сондықтан олар жаттың тәлімін бойына сіңіріп, шет елдерде оқығандары елге келіп сол тәлім берген мемлекеттің саясатын жүзеге асыра бастайды (бұл әсіресе діни оқу орындарында оқығандарға қатысты – А.Т.). Ендеше, елді ел қылып, өзімізді өзіміз билегіміз келсе, еліміздегі оқу орындарының деңгейін ең жоғары әлемдік деңгейге жеткізуге ұмтылыс жасаумен қатар, этномәдени білім мен тәрбие жағына да ойысуымыз керек. Елге қызмет ететін өзіндік  тәрбие және білім жүйеміз болғаны жөн. Еліктей беру еркіндік те, ержеткендік те емес екенін түсінетін уақыт жетті. Ол Тәуелсіз Ел ұстанатын ұстаным да емес!
Қазақ елі өз тәуелсіздігіне қол жеткізгеннен бастап ең басты мәселе оның ертеңгі болашағын ойлау  болғандықтан, Қазақстанды дүниежүзіндегі бейбітшілік пен келісім аймағы деп жариялауға қол жеткізді. Алдағы уақыттардағы үлкен мақсаттың, биік белестердің бірі – Қазақстанның дүние жүзіндегі бәсекеге қабілетті елдердің қатарына кіруі. Халқымыз дұрыс мәндегі бәсекелестік – жеке адамды (тұлғаны), ұлтты ілгері ұмтылдырады деп есептеген. Қазақтың «ізденген жетер мұратқа» - деуі де содан. Осы ұмтылысты Президент өз сөзінде ұлттық идея дәрежесіне көтеріп, «басты ұлттық идея – ұлттың бәсекеге қабілеттілігінде» - деп,  ұлтымыздың бәсекеге қабілеттілігінің шарттарын көрсетіп берген. Олар: ел қауіпсіздігі; қазақстандық патриотизм; сауатты ұлттық саясат; білім беру; ұлттық рух; мемлекеттік тіл.
Президенттің ел қауіпсіздігін алдымен ауызға алуы да тегін емес. Біздің Тәуелсіз еліміз, қазіргі қазақ ұлты, жалпы Қазақстан жұртшылығы екі ғасыр тоғысында ғана емес, екі мыңжылдықтар алмасуын көрген, жаһандану тұсында өмір сүріп отырған халық.  Сәуегейлердің айтуынша, XXI ғасыр мұсылман өркениетінің өрістеу дәуірі болмақ. Ал екінші жағынан бүкіләлемдік жаһандану заманында және бұрынғыша ескі бағыт бойынша бір-біріне үстемдік, бойтеңелдік жасауды да әлем елдері ұмыта қойған жоқ. Оның нақты мысалын Ресей мен Украина арасында қақтығыс көрсетіп отыр. Міне, осындай жағдайда ел қауіпсіздігін ешқашан қаперден шығаруға болмайды.
Ал ұлттық рух пен патриотизмге келетін болсақ, біздің әр азаматтың табысы және халықаралық тұрғыда мойындалуы баға жеткісіз мақтаныш болуы керек. Тек сондай үлгілермен ғана ұлттың рухы көтеріледі. Сондықтан Президент қазақстандықтарды «өз Отанының патриоты болуға, Қазақстанды өз жүрегінде ұялатуға» шақырды. Осы айтылған ел қауіпсіздігі мен патриотизмді мемлекеттік маңызды мәселе тілмен, біліммен, бұл істегі ұлт дегдарларының жауапкершілігімен тығыз диалектикалық бірлікте алып қарастыруымыз керек. Рух пен білім ұлттың бәсекеге қабілеттілігінің аса маңызды шарты – әлемдік бәсекелестік үрдісінде табысқа жетуге мүмкіндік беретін күш, ұлтымыз абыройы үшін аса қажет нәрсе. 
Ел Тәуелсіздігінің беріктігі оның бірлігіне тікелей байланысты. Бірлік болған жерде береке де, ынтымақ та, ырыс та бар. Сондықтан біз үшін ең бастысы – Тәуелсіз Қазақстанның тұтастығы мен тұрақтылығы. Дана халқымыз «Игілік басы – ынтымақ» деген. Ұлтты ұйыстыратын оның тарихи санасы. Қазіргі тарихи санаға тән белгілердің бірі – біртұтас әлеуметтік тіннің, біртұтас тарихтың белгілі деңгейде болмауы. Әуел баста қазақ халқы әлеуметтік жадымен өмір сүрген  халық. Қазақ халқының ауызша тарихындай тарих, әлеуметтік  жадындай жад әлемде жоққа тән десек қателеспейміз. Әрине, әр түрлі сыртқы әсерлерге, тіпті саясатқа байланысты ұлттың әлеуметтік жады өзгеріп отырады. Алайда бір нәрсе анық – ұлт жады барлық заманда да рухани-мәдени дамудың үздіксіздігін сақтаудағы қоғамның қажеттілігін өтейтін құралы, әсіресе, көне қоғамның қалыпты қызметінің шарты. Өйткені, алдыңғы дамумен сабақтастық жойылған жағдайда, сабақтастықтың жаңа жағдайларға бейімделе алмаған тұстарында тарихи байланыс үзіліп, «тарихи ұмыту» тетігі іске қосылады. 
Жалпы алғанда бұл әлеуметтік-философиялық даму диалектикасына қайшы келмейді. Өйткені, өмірде мәңгі ештеңе жоқ. Бұл туралы дана Абай: «Дүние – үлкен көл, заман – соққан жел, алдыңғы толқын – ағалар, артқы толқын – інілер, кезекпенен өлінер, баяғыдай көрінер» – деп бекер айтпаған.
Кеңестік идеология қазақ еш заманда ел болмағандай, айдалада мал баққаннан басқа түк көрмегендей көрді, өздерінің сол жымысқы идеясын санамызға сіңіріп келді. Тәуелсіздік жылдарында әркімнің өз ішінен түлеуіне мүмкіндік туды. Ол үшін  тек ұлттық рух пен  намысты, ықыласты оятуымыз керек. Бұл тұрғыдан алғанда  мемлекеттің де, халықтың да атқаратын міндеті зор.  Алдымен заман ағымын түсініп, бүкіләлемдік әлеуметтік ортаға бейімделуіміз қажет. Бұрынғыдай «қазақ – жомарт, қазақ – қонақжай» деп кім көрінгенге төріңді ұсынатын заман емес.  Қонақжайлықтың да, жомарттықтың да шегі болады. Басқалар біздің ақ көңілділігімізді, жомарттығымызды  «дарақылық» деп түсінулері де әбден мүмкін. Бұл күнде бірінің баспанасы жоқ, бірінің балалары жұмысқа тұра алмай жүрсе де, біздің қазақ  той жасағыш, тіпті қарыз алып той жасайды. Сонда басқалар ой қуып, біз той қуып жүрсек не боламыз?! 
Қазіргі жастардың басты арманы – баю, шетелге бару болып кетті. Туған ел, туған жер, патриотизм деген ұғымдар ұмытылып, немесе сол сезімдер азайып бара жатқандай. Бәрінің бастық болғысы, немесе ақшалы жерде жүргілері келеді, «ауырдың үсті, жеңілдің астымен жүрсек» – дейді.  Ондайлар туралы Абай: «пайда деп, мал деп туар ендігі жас, еңбекпен терін сатып түзден жимас, алса қоймас, араны тағы тоймас» – дейді. Ендеше,  жастарды жемқорлыққа, керенаулыққа бастайтын осы бір психологиядан арылып, адал еңбекке баулу, отансүйгіштікке тәрбиелеуіміз керек. 
Сөз жоқ, қазіргі нарықтық заманда ең алдымен әркім өзі үшін өмір сүретінін мойындауымыз керек, бұл өмір шындығы. Әзірге сана тұрмысты билейтіндей  өркениетке әлі жете алған жоқпыз, керісінше, тұрмыс сананы билеп тұр. Ендеше қоғамның әлеуметтік деңгейі жеке адамдардың отбасыларының тұрмыс деңгейімен сипатталады. Бірақ, саны көп алпауыт мемлекеттермен (Қытай, Ресей), халықтармен көрші қоныстанған қазақ тәрізді шағын ұлтқа өзінің азаматтарын қара басының қамы үшін емес, халықтың мүддесі үшін тәрбиелеу және баулу аса маңызды. Сондықтан оқу орындарында осы бағытта тәрбие беретін гуманитарлық пәндерді оқытуға ерекше мән берілуі тиіс. Жасыратыны жоқ, қазіргі уақытта жастарымыз адам дүниетанымының сан қырларын көрсететін, танытатын – этика, эстетика, мәдениеттану т.б. пәндер жекелеген мамандықтарда мүлдем оқытылмайды. Біздің Тәуелсіз дамуымыз тарих көзімен қарасақ қас-қағым уақыт, ал әлеуметтік тұрғыдан келсек кәмелетке толдық, буынымыз бекіді, орда бұзар жастан астық. Ендеше, осы жас биігінен қарап, біз  осы уақыт аралығында неден ұттық немесе ұтылдық – деген орынды сұрақтар төңірегінде ойлағанымыз жөн. Өткен тарихқа көз салсақ, отарлық  бұғаудан босап, тәуелсіз даму жолына түскен елдердің саяси-әлеуметтік өмірі күрделі болған. Өйткені, ол кезеңде елдің саяси құрылымы мен экономикасында ғана емес, рухани өмірінде және ойлау жүйесінде күрделі қайта құрулар жүріп жатады. Өкінішке қарай, біздің ұлттық, жеке дара мемлекеттілік ойлау жүйеміз әлі толық қалыптаспаған. Оның  бірден қалыптасып та, шешіліп те кетпесі анық, оған белгілі бір уақыт қажет. Бұларға қоса біз кеңестік әкімшіл-әміршіл жүйе тұсында саналы түрде қалыптасқан отарлық ұлтсыздану санасынан  да, құлдық психологиядан да әлі де болса толық арыла алмай келеміз. Дербес ұлт ретінде дамудың бір көрінісі ұлттық сананы дамытуға нұқсан келтіретін кертартпа ұлтсыздану психологиясының қалдықтарынан да, құлдық психологиядан да  арылуымыз қажет.
Арылудың ең жақын да, төте және бүгінгі таңда ең тиімді жолы жастарға этномәдени білім мен тәрбие беру.  Сол арқылы  ата-баба әруағын қастерлеуге,  туған топырағына деген шынайы сезім қалыптастыру. Себебі, білім берудің шынайы мақсаты – адамға белгілі бір білімді жеткізу ғана емес, сондай-ақ оның рухани, адамгершілік тұрғыдағы мәнін дамыту. Сондықтан да, Тәуелсіз елдің тәрбие саласындағы басым міндеттердің бірі – жас ұрпақты ғасырлар бойы жинақталған халық даналығының жалпыадамзаттық құндылықтарын меңгерту бағытында болуы қажет. 
Рухани болмыстың даму мүмкіндігін көрсететін басты құбылыс – ол адамның өзіндік ұстанымының қалыптасуы – олардың санасын өзгертіп, рухани болмыстарын жаңару үдерістеріне жетелейді. Міне, сондықтан да болар,  Қазақстанның XXI ғасырдағы   басты   даму   бағдары белгіленген Стратегиясында адам мен  қоғамның рухани жаңаруына ерекше мән берілген. «Адамдардың ой-санасын бір сәтте өзгерту мемлекеттің қолынан келмейді», – делінген аталған Бағдарламада. Бірақ мемлекет өзгерістер процесін, объективті үрдістерді түсінуді, маңызды ақпаратты халыққа жеткізу жолымен және де, ең бастысы, өзіндік  молшылыққа бағытталған әлеуметтік-экономикалық  саясатты іске асыру жолымен жеделдетуге  қабілетті. Тәуелсіздік біздің өміріміздің әрбір қырын өзгертті. Ендеше, өзгерген заманды да, өмірді де, рухани болмысымызды да  парасат тұрғысынан пайымдауымыз бүгінгі күннің қажеттілігі.
 

2433 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз