• Ел мұраты
  • 06 Сәуір, 2023

ПРЕЗИДЕНТ ПӘРМЕНІ: АЙТЫЛДЫ – ОРЫНДАЛДЫ!

Дүние дидары мың құбылып тұр. Өзгермелі уақыт желкені қайда апарып соқтырары белгісіз. Сана көкжиегінде мемлекетке, қоғамға, ұлтымызға қатысты ойлар тізбегі жосылады. Солардың бір парасы – Әділетті Қазақстанға қатысты өрбиді. Бұл ұғымды жүрегімізге орнықтырып, көңілімізге бекемдей түсу үшін оның мәніне үңіліп, болмысын сезіну қажеттігі туындайды.
 Ең алдымен, Әділетті Қазақстан деген ұғымды санамыз оңай қабылдай салған үйреншікті сөзге айналдырып алудан сақтану керек. Әділетті Қазақстан – жауапкершілік жүктейді. Әрқайсымызға, әр азаматқа. Ақ адал ниетімізбен, кіршіксіз таза жүрекпен, риясыз ықыласымызбен осы ұғымға тереңдей ден қоймасақ, оның өзектілігін толыққанды сезіне алмауымыз да мүмкін. Ең бастысы осындай концептуалдық тұжырым ортаға тасталды. Оны іліп әкету, әрі қарай дамыту – ортақ міндет, салмақты парыз, биік мақсат. Саяси-қоғамдық қарым-қатынастардың жалпы көрінісіне, үрдістеріне зер салатын болсақ, Әділетті Қазақстанды орнықтыру жолында аз жұмыс істеліп жатқан жоқ. Яғни, айтылған уәденің, берілген тапсырмалардың жер-жерде, ел-елде жүзеге асырылып жатқанының өзі әділеттілік принциптеріне сәйкес келіп отыр. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев былтырғы наурыздағы Жолдауын «Жаңа Қазақстан: жаңғыру мен жаңару жолы» деп атады. Онда айтылған маңызды мәселелер мен алға тартылған міндеттер бір жыл өтпей-ақ жүзеге аса бастағанын көріп отырмыз. Мысалы, Мемлекет басшысы өзінің өкілеттігін атқару кезеңінде партияға мүшелігін тоқтата тұру міндетті екенін заң жүзінде ресімдеуді ұсынып, бұл норма саяси бәсекені арттырып, барлық партияның дамуына бірдей жағдай жасайтынын айтқан болатын. Сонымен қатар Орталық сайлау комиссиясының, Есеп комитеті мен Конституциялық кеңестің төрағалары және мүшелері міндетті түрде партиядан шығуы керек деген норма заңнамаға енгізілді. Осындай өзгерістердің нәтижесін биылғы Мәжіліс пен Мәслихат сайлауларының өту барысынан байқадық. Яғни, Президент айтқандай, барлық партиялардың дамуына жағдай жасалып, олардың арасындағы саяси бәсекелестік арта түсті. Сайлауға қатынасқан партиялар мен жекелеген азаматтар еркін әрі ашық бәсекелестікті сезініп, электораттың дауысы мен қолдауына ие болу – өздерінің жасаған сауатты іс-қимылдарына, сайлауалды бағдарламаларының өміршеңдігіне байланысты екенін білді. Бұрынғыдай әкімшілік ресурстар арқылы билік партиясын қолдау деген мәселе тарихтың еншісінде қалып барады. 
Мұны біз халықпен бетпе-бет жолығып, сайлауалды жұмыстарын белсенді атқара білген барлық жеті партияның бағдарламалық іс-шараларынан аңғара алдық. Демек, осындай маңызды өзгерістердің бастауында Президенттің былтырғы Жолдауы мен тиянақты тапсырмалары тұр деп нық сеніммен айтуымызға болады. Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы наурыз айындағы Жолдауында: «Біз қасіретті қаңтардан мынадай маңызды сабақ алдық: мемлекеттегі ең жоғары лауазымды тұлғаның қолында барлық өкілеттіктің шоғырлануы оған жақын тұлғалар мен қаржылық-олигархиялық топтардың ықпалын орынсыз күшейтеді. Сосын олар мемлекетті жеке меншігі сияқты көре бастайды. Қай елде болса да, тамыр-таныстық кадр іріктеу ісін бұрмалап, сыбайлас жемқорлықтың тамыр жаюына әкеп соқтырады. Тамыр-таныстық пен рушылдық құрдымға бастайтынын нақты ұғыну қажет. Мұндай қарым-қатынас шағын ғана топтың шалқып өмір сүруіне жол ашады. Ал, өзгелерді өмірінің ешқандай болашағы жоқ екеніне біржола мойынсұнып, тек өлместің күнін көру үшін арпалысуға мәжбүрлейді.  Барлық азаматтарға бірдей мүмкіндік берілетініне Мемлекет басшысы мызғымас кепіл болуға тиіс. Сондықтан Президенттің жақын туыстарына саяси мемлекеттік қызметші болуға және квазимемлекеттік секторда басшылық лауазымдарды иеленуге заң жүзінде тыйым салынады. Мұндай норманы Конституцияға енгізсек те артық болмайды деп санаймын» деген болатын. 
Бұл игі бастама халық тарапынан қолдау тауып, Ата заңымызға осынау өзгерістер жасалғаны талай жылғы қордаланып келген түйткілдерді түбегейлі жоятыны жасырын емес. Өзіміз жақсы білетіндей, бұрынғы президенттің жақын туыстары көп саланы билеп-төстеп, әділетсіздік әрекеттерімен ел-халықтың орынды наразылығын тудырды. Бірақ, халықтың үніне құлақ аспаған сол кездегі билік көрсе де көрмегендей, естісе де естімегендей кейіп танытты. Өйткені, жақын туыстарына қарсы жазалау шаралары қолданылмайтыны түсінікті еді. Бұдан былай Әділетті Қазақстанда мұндай бассыздықтарға ешуақытта жол берілмейді. Ол Ата заңымызда тайға таңба басқандай жазылды. «Мінеки, әділеттілік орнады» десті қуанышы қойнына сыймаған бұқара халық. 
Ендігі кезекте Парламенттің рөлін күшейту бірте-бірте жүзеге асып келеді. Бұл туралы Президент былтырғы наурыздағы Жолдауында нақты айтқан еді. Мәселен, мемлекетіміздің институтционалдық тұғырын нығайту, өкілді билік тармағын мықтай түсу, Президенттің Сенаттағы квотасын 15-тен 10 депутатқа азайту, Қазақстан халқы Ассамблеясының Мәжілістегі квотасын жойып, оны Сенатқа ауыстыру және 9-дан 5 депутатқа дейін кеміту, заң қабылдау құқығын Мәжіліске тиесілі етіп беру, Есеп комитетінің орнына Жоғары аудиторлық палата құру, мәслихаттардың ықпалын күшейту;  Президент Жолдауынан кейін аралас сайлау жүйесінің енгізілуі;  пропорционалды-мажоритарлы үлгінің қолданылуы, яғни, мәжілістің депутаттық корпусының 70 пайызы пропорционалдық, 30 пайызы мажоритарлық тәсілмен жасақталуы;  
Партиялардың тіркеу шегін 4 есеге – 20 мыңнан 5 мыңға адамға азайту;  өңірлердердегі өкілдерінің санын 600-ден 200 адамға төмендету, партия құру үшін азаматтардың бастамашыл тобының ең төменгі санын 1000-нан 700 адамға азайту, құрылтай съезін өткізу мен филиалдарды құруға берілетін уақытты көбейту; Президенттің облыс және республикалық маңызы бар қала әкімі лауазымына кем дегенде екі кандидатураны баламалы негізде ұсыну құқығын реттейтін түзетулер енгізу тәрізді реформалар іс жүзінде қолданыс таба бастады. Яғни, мемлекеттік басқару саласындағы маңызды жерлер кәдімгідей оңтайланып, халықтың мүддесін ескеріп жасалып отыр. Осыдан кейін Парламент пен Мәслихаттың рөлі күшеймесе, азаймайтыны белгілі. Ауқымды өзгерістер легі былтырғы Жолдаудан кейін өріс алды. Қарап тұрсақ, оған да бір жыл толған екен. Бір жылдың ішінде осыншалықты дүниелердің жасалуы ұшқыр уақытты алға оздырмай, жеделдете қабылданған шешімдер болуда. Мұның барлығы мемлекеттік аппарат жұмысын жетілдіріп, тиімділігін арттыратыны сөзсіз. 
Шынын айту керек, біз күнделікті күйбең тіршілігімізбен жүріп, мұндай маңызды өзгерістердің іске асып жатқанын да байқай бермейміз. Ал ойлап қарасақ, мұның барлығы әрқайсымыздың өмірімізге, өмір сүріп отырған қоғамымызға тікелей қатысы бар дүниелер. Демек, оларды бейжай қабылдай салуға әсте болмайды. Президент жариялаған саяси реформалар, саяси трансформациялар легі бір сәтке де толастаған жоқ. Қайта уақыт алға жылжыған сайын жаңа сипатқа ие болып, нақты нәтижелер беріп келеді. 
Иә, Мемлекет басшысының жыл сайынғы Жолдаулары мен онда алға тартылып жүрген мәселелер, күрделі сауалдар және маңызды шешімдер бүкіл мемлекетіміздің түйткілдерін арқау етіп отырған міндеттер. Ол күні кеше ғана туындай салған өзекті сұрақтар емес. Талай уақыт бойы қордаланған, «барар жер, басар тауын» таппаған мәселелер. Президент пәрмен беріп, бақылауда ұстап отырған соң атқамінерлер ширақ қимылдай бастады. Әйтпесе, мынадай соқталы нәтижелерді бір жыл ғана уақыт ішінде көрмейтін едік: Конституциялық сот құрылды, БАҚ туралы заң қайта қаралып, жаңа заң жобасы әзірленуде; Ұлттық құрылтай құрылып, алғашқы алқалы жиыны Ұлытау төрінде өтті; Семейде Абай, Жезқазған өңірінде Ұлытау, Жетісуда Жетісу облыстары құрылды; Қапшағай қаласына мемлекет қайраткері Дінмұхаммед Қонаевтың есімі берілді.  
Бұрнағы жылдары мұндай ауқымды өзгерістердің бір жыл ішінде орындала қоятынын көзге елестетудің өзі қиын еді. Ал қазір...Иә, иә, ұшқыр уақыттағы ұтымды шешімдер ел-халықтың пайдасына қарай қабылдануда. Бұған тек қуануға болады. Қалың елдің талай жылғы арман-мұраты, тілегі орындала бастады. Өзгерістер баянды болсын дейік. Ең бастысы Мемлекет басшысының әрбір тапсырмасына мұқият зер салып, солардың жергілікті жерлерде, өңірлерде мүлтіксіз орындалуына сала басшылары ерекше мән беруі керек. Босаңсуға болмайды. Әділетті Қазақстан бұрынғыдай босаңсуды, бей-берекетсіздікті, бюрократияны көтермейді. Қазір барлығы да ашық, әділ әрі таза жүйеге көшіп келеді. Сол себепті, ашық әрі әділетті қоғамның принциптерімен өмір сүруді үйренуді әркім өзінен бастап, айналасына таратса, үлгі етсе құба-құп. Жасасын, Әділетті Қазақстан! 

Дәуіржан ТӨЛЕБАЕВ
 

2867 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз