• Еркін ой мінбері
  • 06 Сәуір, 2023

Меңдібай ӘБІЛҰЛЫ, Ш.Мұртаза атындағы Тараз институтының доценті, филология ғылымдарының кандидаты: Демократиялық өзгерістер бүршігі

19 наурыз күні өткен Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарын сайлау – ел тарихындағы ерекше тарихи оқиға болды. 2004 жылдан кейін араға 19 жыл салып,   29 депутат немесе Мәжіліс құрамының 30 пайызы, ал мәслихаттардың тең жартысы бір мандатты округтерден сайланды. Соның нәтижесінде алғаш рет алты партия мүшелері Парламентке өтті. Олардың арасында Ермұрат Бапи, Ринат Зайытов сияқты орақ ауыз, от тілді бүкіл қазаққа танымал журналист пен ақын да бар.Әсіресе, жақында ғана құрылған Республика партиясының Аманаттан кейін екінші орын алып, оның 8 мүшесі Мәжіліс депутаты атануы – елімізде жүргізіліп жатқан саяси реформалардың жемісі екені сөзсіз. Екінші жағынан, бұл сол өзгерістерді жасаудағы басты мақсат – халықтың саяси белсенділігі мен құқықтық санасын жаңғырту арқылы биліктің қайнар көзі ретіндегі рөлі арта бастағанының көрсеткіші. Демек, келешекте тағы да бірнеше саяси партиялар құрылуы ғажап емес. Себебі, партияларды тіркеу жөнінде заңнамаға енгізілген өзгерістер мен айтарлықтай жеңілдіктер бұған толық мүмкіндік береді. 
Сондай-ақ, Ауыл партиясының Парламентке өтуі де үлкен жаңалық және шын мәніндегі жаңғырудың бір белгісі іспетті. «Тыңдаушысы жоқ сөз жетім, іздеушісі жоқ қыз жетім» демекші, қазіргі қазақ ауылы мен ауыл шаруашылығының тозып кетуі де бір жағынан сол ауыл мен ауыл өндірісінің жоғын жоқтап, жырын жырлайтын азаматтардың Мәжілісте кемшін болғанынан деп ойлаймын. Енді бұған тоқтау салынады. Ауылдан сайланған депутаттар ауыл мен агроөнеркәсіп саласын жаңғыртуға қажет заңдардың қабылдануына бастамашы болады деп сенемін.
Тағы бір атап айтарлық бір жайт, сайлау үлкен бәскелестік жағдайында өтті. Бір округтен 30-35 адамға дейін үміткерлер ресми тіркеліп, үгіт-насихат жұмыстары қарқынды жүргізілді. Сайлауды бақылауға да бұрынғыға қарағанда көбірек мән берілгені анық байқалды. Бақылаушылар сайлау комиссияларының жұмысы аяқталып, хаттама қолдарына тигенше тапжылмай отырды. Саяси науқан кезінде айтарлықтай  заңбұзушылықтар байқалмады. Мұның бәрі – халықтың сайлау мен оған түсетін үміткерлерге үлкен мән бере бастағанын көрсетеді. Оның үстіне, бұдан былай сайлаушылар халықтың үмітін ақтамаған депутаттарды кері шақырып алуға құқылы. Бұл да депутаттардың халық пен мемлекет алдындағы жауапкершілігін арттыратын бір тетік. Демек, енді оларға қалғып-мүлгіп отыруға, елдің мұңы мен халықтың жағдайына бей-жай қарауға болмайды. Еліміз осыдан былай мемлекетіміздің мүддесін, елдің ертеңін, халқымыздың келешегін ойлайтын нағыз ұлтжанды, отаншыл азаматтарды депутат етіп сайлауға бірте-бірте келе жатыр. Мұның бәрі соңғы жылдары қолға алынған саяси реформалардың нәтижесі,  алғашқы жемісі екені сөзсіз. 
Десек те көңілге кірбің ұялатар тұс та жоқ емес. Әсіресе Алматы сияқты тәуелсіздіктің алтын бесігі саналатын алып шаһар тұрғандарының белсенділік танытпауы үлкен қателік деп ойлаймын. Бұл – олардың өз тағдырына, сол арқылы ел тағдырына енжар, бей-жай қарайтындығының көрінісі емес пе?! Меніңше, әркімнің өз тағдырына, ел  тағдырына деген көзқарасы мен қатынасы ең алдымен сайлау деп аталатын саяси үдеріске қатысуымен айқындалады. Кімде-кім өз басында, елімізде жақсы өзгерістер болсын, Қазақстан демократиялық даму жолына түссін десе, онда сайлауға бей-жай қарауына болмайды. Ондай жағдайда, отыз жыл тарихымызда болғандай, Парламент пен Үкіметке тек қана қара басының қамын ойлайтын, елі мен халқының мүддесінен алыс жалтақтар мен жағымпаздар, жемқорлар мен алаяқтар сайланып, тағайындалып кетуі мүмкін. Ендігі жағында осыны да ойлауымыз керек. Үкімет халықтың құқықтық сауаты мен саяси белсенділігін арттыратын, сайлау науқандарына мейлінше белсенді қатысуға ұмтылдыратын іс-шаралар ұйымдастырып, тетіктер енгізгені жөн. 
Жалпы айтқанда, халықтың тағдыры әрқашан өзінің қолында. Өйткені, мемлекеттің заңдарын сол халық сайлаған депутаттар әзірлейді. Үкімет оны орындайды.  Үкімет мүшелерін тағайындауға нақты ықпал ететін де сол депутаттар. Қалай десек те, бұл сайлау – Қазақстанда демократиялық өзгерістер бүршік жара бастағанын көрсетті деп ойлаймын.        
 

2457 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз