• Ел мұраты
  • 06 Сәуір, 2023

Ұлттың және мемлекеттің мүддесі бәрінен биік тұруға тиіс

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев VIII сайланған Парламенттің бірінші сессиясында сөйлеген сөзінде осылай деді 

29 наурыз күні Президент Қасым-Жомарт Тоқаев VIII сайланған Парламенттің бірінші сессиясында сөз сөйлеп, бірқатар маңызды мәселелерге тоқталды. Парламент пен Үкімет алдында тұрған міндеттерді атап өтті. 
Сөз басында Қасым-Жомарт Кемелұлы бір жылдың ішінде атқарылған ауқымды жұмыстарды тілге тиек етті. Елдегі болып жатқан реформалар «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидасына негізделетініне, бұл қағида – мемлекетіміздің басты тірегі екеніне назар аударды. 
– Референдумды қосқанда бір жылға жуық уақыттың ішінде өте маңызды 5 саяси науқан өткізілді. Оның бәрі аса күрделі кезеңге тұспа-тұс келді. Қаншалықты күрделі болса да, біз еліміз үшін өте қажет жолды қысқа мерзім ішінде жүріп өттік. Қазақстанның жаңарып, жаңғыра бастағанына жұрттың көзі жетті. Кешегі сайлауда партиялармен қатар көптеген азаматымыз бір мандатты округтен өзін-өзі ұсынды. Осылайша, халқымыз маңызды өзгеріске өз үлесін қосуға дайын екенін дәлелдеді. Елімізде жаңа азаматтық, саяси мәдениет қалыптасып жатыр. Мен сайлауға белсене қатысқан барша азаматқа алғыс айтамын. Үгіт-насихат кезеңін және дауыс беру барысын ақпарат құралдары жан-жақты көрсетті. Партияларға, үміткерлерге бірдей мүмкіндік берілді. Мұны отандық және шетелдік байқаушылар да айтып отыр. Қандай да бір саяси ұйымға артықшылық берілген жоқ, – деді Мемлекет басшысы. 
Сайлаудың қорытындысы еліміздің нағыз көппартиялы мемлекетке айналу жолында маңызды қадам жасағанын көрсеткенін атап өтті. Мәжіліске көзқарасы әртүрлі саяси ұстанымдағы күштер келгенін, алғаш рет ұзақ жыл бойы оппозицияда болған партия Парламентке өткенін айтты. Осының бәріне ауқымды саяси реформаның арқасында қол жеткізілгенін, Партияларды тіркеу мәселесін реттейтін заңнаманың өзгеруі де бұған септігін тигізгеніне тоқталды. 
–Енді партиялар еліміздің болашағына зор ықпал ететін саяси үдерістің басы-қасында жүретін болады. Мәжіліске бір мандатты округтен де депутаттар сайланды. Яғни, Парламентке түрлі әлеуметтік топтан шыққан өкілдердің келуіне жол ашылды. Сондай-ақ ұзақ жылдан бері алғаш рет өзін-өзі ұсынған үміткерлер депутат атанды. Бірқатар азамат партия атынан шыққан үміткерлерді тартысты бәсекеде жеңіп шықты. Осылайша, елімізде демократия дәстүрі жаңа деңгейге көтеріліп, нығая түсті. Саяси күштердің бәріне бірдей мүмкіндік берілетініне азаматтардың сенімі артты, – деді Қ.Тоқаев. 
Мемлекет басшысының айтуынша, бұл сайлау үміткерлерге қойылатын талап өзгергенін көрсетті. Қазір тұрғындармен тығыз қарым-қатынас орнату өте маңызды. Мұны дұрыс түсініп, елмен етене араласа білген үміткерлер халық сайлаған өкіл атанды. Сайлаушылар өзінің мұң-мұқтажын білетін және мүддесін қорғай алатын азаматтарға дауыс берді. Ақпараттық технология дамыған қазіргі заманда халық бәрін жіті бақылап отыр. Осы ретте депутаттардың ел алдындағы жауапкершілігі артқанын атап өткен жөн. Сондықтан осы ғимаратта отырған депутаттар 5 жыл бойы саналы, парасатты түрде белсенді жұмыс істейді деп сенемін. Себебі ел мүддесі үшін қызмет ету қажет. Бұл – «Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық» деген қағиданың тағы бір көрінісі.
Мемлекет басшысы өз сөзінде биыл алғаш рет 45 аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерін тікелей сайлау өтетінін айтты. Содан кейін еліміздегі барлық аудан әкімдерін сайлау үдерісі енгізіледі. Осылайша, биліктің барлық институттары жаңарып, тың қарқынмен жұмыс істей бастайды. Бұл арқылы саяси үдеріс демократияланып, азаматтардың мемлекетті басқару ісіне қатысу мүмкіндігін кеңейе түспек. 
– Бәріміз мына бір өте маңызды нәрсені түсінуіміз керек. Қазақстан – осы геосаяси аймақта түбегейлі реформа жүргізіп жатқан бірден-бір ел. Кейбір адамдар, солардың ішінде саясаткерлер де бар, осындай реформалар Қазақстанға қауіп төндіруі мүмкін деп айтады. Бірақ мен осы өзгерістердің барлығы, ең алдымен, ел болашағы үшін ауадай қажет деп ойлаймын. Алған бетімізден қайтуға болмайды. Керісінше, заң үстемдігі, халық бірлігі, әлеуметтік әділдік және ішкі саяси тұрақтылық секілді іргелі құндылықтарға баса мән бере отырып, реформалар жолымен алға қарай нық қадам басуымыз керек, – деді Қ.Тоқаев. 
Президент сөзінен түсінгеніміз, алдымызда айрықша маңызды міндеттер тұр. Жан-жақты жаңғырту жұмысын күшейту қажет. Сондай-ақ әлеуметтік-экономикалық даму барысына тың серпін берілуі керек. Еліміз ұзақ уақыт бойы қолайлы сыртқы ахуалға арқа сүйеп келді. Неше түрлі тұжырымдамаларға, бағдарламаларға сенді. Атқарылған жұмыс туралы жалған есепке сенуге мәжбүр болды. Алайда аса маңызды, өзекті мәселелер назардан тыс қалды. Халықтың тұрмыс сапасы әлі күнге дейін жақсы емес. Құқықтық әділетсіздік белең алды. Бай мен кедейдің арасы алшақтай түсті.
– Алдағы бес жылда Үкімет және Парламент осы негізгі мәселелердің шешімін табуы қажет. Біз еліміздің белдеуін бекемдеп тартуымыз керек. Экономикада және әлеуметтік салада жылдар бойы жиналып қалған түйткілдер бар. Оның барлығын ретке келтіруіміз қажет. Сол үшін жұрттың бәріне бірдей жаға бермейтін, бірақ тиімді әрі қажетті шешімдер қабылдау керек болады. Нақты басымдықтар форматында жұмыс істеу керек. Аса маңызды мәселелерді дереу шешу қажет. Бірақ кейбір мәселені кейінге қалдыруға, ал бірқатары бойынша алдағы шешімдердің тек жобасын белгілеуге тура келеді. Әйтпесе, еңбегіміз зая кетеді және қолда бар ресурстарымызды сарқып аламыз.
Алдағы бес жыл ел тағдыры шешілетін маңызды кезең болмақ. Елімізді қарқынды дамыту үшін сапалы заңнамалық база қалыптастыру керек. Ол үшін экономикаға қажетті ережелер мен қағидаларды өзгерту қажет деген Мемлекет басшысы бірқатар маңызды міндеттерге тоқталды. Олар: шағын және орта бизнесті толыққанды қолдау үшін кешенді шаралар қабылдау, жеке меншікті қорғау және нарықтың бәсекелі болуын қамтамасыз ету, орта бизнесті дамытудың тың тәсілдерін әзірлеу, іскерлік белсенділікті ынталандыру, туризмді дамыту, еліміздің өндірістік әлеуетін барынша арттыру, инфрақұрылымды дамытуға қатысты ұстанымдарды қайта қарау,  су қауіпсіздігін қамтамасыз ету, адам капиталының сапасын барынша арттыру және т.б. маңызды мәселелер бойынша тапсырмалар берді. 
Алқалы жиында Мемлекет басшысы енді Үкімет шын мәнінде есеп беретін Үкіметке айналатынын айтты. Президенттің пайымдауынша, министрлердің өз жұмысын жетік білуі ғана жеткіліксіз. Олар өз ұстанымын Парламент алдында қорғауға қабілетті болуға тиіс. Өз бастамаларын қоғамға анық түсіндіруі қажет. Қазір Үкіметтің қателігі мен кемшілігін ашық айтып, жөнге салып отыруға толық мүмкіндік бар. Оосы мүмкіндікті халық мүддесі үшін дұрыс пайдалану керек. 
«Парламентте аса маңызды мәселе талқыланса, жалпы отырысты мемлекеттік телеарна арқылы тікелей эфирде көрсету қажет деп санаймын.Азаматтар өздері сайлаған депутаттың қалай жұмыс істейтінін нақты көріп, баға бере алады. Парламенттегі пікірталастар, шын мәнінде, жалпыұлттық ауқымға ие болады» деген Президент бұл тәсіл ашық саясат жүргізудің жаңа стандарттарын қалыптастыруға, қоғамдық диалог мәдениетін дамытуға септігін тигізетініне айрықша тоқталды. Депутат болу – биік мансап емес, бұл – зор жауапкершілік және маңызды міндет екеніне назар аударды. «Ел сенімі – ел аманаты» деді. 
Қасым-Жомарт Кемелұлы сөз соңында жауапкершілік мәселесіне ерекше тоқталды. Бұл – өткен тарихтың және болашақтың алдындағы жауапкершілік. 
– Келер ұрпақтың қандай мемлекетте өмір сүретіні біздің бүгінгі шешімдерімізге тікелей байланысты. Еліміздің мақсаты – айқын, бұл – Әділетті Қазақстанды құру. Мұның бәрі бір күнде жасалатын шаруа емес. Баршамыз табанды, еңбекқор, білікті, ұқыпты, тәртіпті болуымыз керек. Ең алдымен, отаншыл болуымыз қажет. Ұлттың және мемлекеттің мүддесі бәрінен биік тұруға тиіс. Әрине, қоғамның дамуы үшін пікір алуандығы қажет. Бірақ, елдік мәселелерге келгенде бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара білген жөн. Елімізді өркендету үшін еңбек ету – баршамыздың азаматтық борышымыз. Ендеше, Отан алдындағы осы перзенттік парызымызға әрдайым адал болайық. Жұмыстарыңыз табысты болсын! Қазақстанымыз көркейе берсін! – деп түйіндеді Мемлекет басшысы. 

Д.ЖҰМАЖАНҰЛЫ
 

2441 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз