- Ұлттану
- 17 Сәуір, 2023
Біліктіліктің биігі болған-ҚазҰУ!

1934 жылдан іргетасы қаланып, бой көтерген Қазақ Ұлттық университеті – тамыры тарихтан нәр алатын оқу орны. ҚазҰУ тек қана білім деңгейімен ғана емес, озық атқарған істерімен де көш бастап келе жатыр. Тәуелсіздік алғаннан соң, Әл-Фараби бабамыздың аты беріліп, ұлттық университет ретінде танылды.
Қазақстан халқының жыл сайынғы жоғарғы білім алуға ұмтылысы артуына мемлекет тарапынан жасалған қамқорлықтардың да әсері мол. Өйткені, мемлекеттік гранттардың берілуі жылдан-жылға көбейіп, сан түрлі мамандық бойынша еліміздегі жоғарғы оқу орындарында жастардың терең білім алуына жол ашты. Жыл сайын бакалавриат, магистратура, докторантура бойынша 100 мыңға жуық мемлекеттік гранттың бөлінуі сөзіміздің дәлелі. Нәтижесінде, жыл сайын елімізде жоғарғы білімі мол, маманданған жастар қатары көбейіп келеді. Бұл – Жаңа Қазақстанның іргетасын қалаудағы маңызды қадамдар.
Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың соңғы жолдауындағы «Жаңа Қазақстанды құруда жастарға жоғарғы білім беру ісі – аса маңызды дүние» - деп тілге тиек еткен болатын. Соның бір дәлелі, Республика бойынша жоғары білімі мол, кәсіби мамандарды қалыптастыру шеберханасы – Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің рөлі ерекше екенін атап өтсек болады. Сондықтан да ел жастарының көп бөлігі осында түсуді арман етуі орынды. Жас ұрпақтың арманы білімді, білікті маман болып қалыптасып, ең белгілі жоғарғы оқу орнынан белгілі мамандықты алып шығу. Себебі, жастар – еліміздің ертеңі, болашағымыздың кепілі, болашақтың кілті жастардың қолында, ертеңге ұлтқа тұлға, елге тірек болатында – жастар. Жас талаптардың жаңа биікке ұмтылып, көз тігіп, арманына жетіп жатса, қуанарлық жайт. Жаңа Қазақстанның жарқын күндерін, жаңа белестерін бағындыруда жас мамандар, әсіресе жастар айрықша үлес қосады деп сенеміз.
«Адамға білімнен бұрын тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы»- деген әл-Фараби тәлімі университеттің негізгі ұстанымына айналған. ҚазҰУ-да білім беріп қана қоймай, студенттерді озық ойлы, жан-жақты дамыған, қоғамға өзіндік пайдасын тигізетін, отанын сүйгіш, білім мен тәжірбиені қатар меңгерген ұлы тұлға ретінде қалыптастырады. Осы мақсатта жыл сайын жастарға қатысты инновациялық жобалар, әр түрлі шаралар мен форумдар өткізілетіні баршаға аян. Сонымен қатар, әлемдік деңгейдегі серіктестік орнатқан елдермен және шетелдік оқу орындарымен қарым-қатынасы да бекіген. Студенттердің шетелге шығуына да еркін жағдай жасалынған. Бұл – студенттердің білікті маман, білімді кадр болып шығуына тікелей әсер етеді.
"Заң – мемлекеттің тоғыз қабат, тор көзді сауыты" –деп Шерxан Мұртаза бекер айтпаған. Жаһандану заманында адам құқықтары мен бостандығын қорғау мемлекеттің басты міндеті. Заң факультеті осы салада үздіксіз білім беруін ешқашан тоқтатқан емес. «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» - дейді қазақ. Заң факультетінде осы ұстанымды берік ұстанған, ел азаматтарының құқығын қорғайтын, Ата заңдағы бірінші баптың бірінші тармағын принципке алып «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы - адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» - деп ұрандаған оғландар тәрбиеленіп келеді.
"Түлектерім - тірегім" деген қара шаңырақ, өзінің әрбір түлегін, әрдайым мақтан тұтады. ҚазҰУ - табалдырығын аттаған, талай алыптың табаны қалған киелі қара шаңырақ екені белгілі. Заң факультетінен бүгінгі күнге дейін қанша ма мықты, елімізге танымал түлектер түлеп ұшты. Заң факультетін тамамдаған түлектердің арасында ҚР сот және құқық қорғау органдары, прокуратура органдары, ІІМ, қаржы полициясы, ҚР Әділет министрлігі басқармаларының басшылары бар. Бұл аға-буынның жүріп өткен жолдары, бағындырған биік белестері, ізіненен ерген іні-қарындастары үшін, үлкен үлгі өнеге. ҚазҰУ түлектері ел тыныштығы мен, ел азаматтарының құқығы үшін күресе бермек.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті
Заң факультетінің қылмыстық құқық, қылмыстық іс жүргізу
және криминалистика кафедрасының оқытушылары
Тұрысбек Рысбек Берікұлы, Муратова Алуа Жасланқызы

5103 рет
көрсетілді0
пікір
ПІКІР ҚАЛДЫРУ
Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *