• Еркін ой мінбері
  • 26 Сәуір, 2023

Этносаясаттың тілге ықпалы

Жомарт СИМТИКОВ,      
саяси ғылым докторы

Жаһанданудың сын-қатерлері мен заманауи тегеуріндері бас көтеріп, сан түрлі қақтығыстар мен геосаяси тұрақсыздықтар белең алған мезгілде мемлекеттің этносаясаты алдыңғы орынға шығары сөзсіз. Әлем елдерінің басым көпшілігі көпұлтты болғандықтан салт-дәстүрі, діні мен тілі бөлек этнос өкілдерінің басын қосу, мемлекеттің тұтастығын сақтау – биліктің негізгі міндеті. Әртүрлі ұлт өкілдері бір кеңістікте ғұмыр кешіп жатқан кезде, олардың арасында бір-бірімен бәсекеге түсу мен түсінбестік жағдайына әкелетін мәселелер орын алып тұрары сөзсіз. Осындай өзара түсінбеушіліктерді шешіп, олардың ортақ бір бағытқа қарай қозғалуына әкелу мемлекет тарапынан асқан саяси шеберлікті талап етеді.
 

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Біз әділетті қоғам мен тиімді мемлекет құруды көздеп отырмыз. Кез-келген істе әділдік қағидатын басшылыққа алсақ, бұған анық қол жеткіземіз. Біз халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартумен қатар, барлық азаматтардың мүддесін бірдей қорғаймыз. Менің ұғымымдағы әділетті мемлекет дегеніміз – осы. Ол біріншіден, Тәуелсіздігіміздің қастерлі құндылықтарын қорғау мен қастерлеу, екіншіден, қоғамдық дамудың өзекті мәселелері бойынша нақты мемлекеттік ұстаным» – деген болатын.
Тәуелсіз мемлекетіміздің ішкі саясатындағы негізгі бағыттың бірі – азаматтық қоғам құру жолында ұлттық бірегейлікті қамтамасыз ету. Осы кезге дейінгі елдегі этносаясат пен демократияландыру жолындағы жеткен жетістіктерді сатылап әрі қарай дамыта беру абзал. Қазақстанда егемендіктің бастауында-ақ өзге этнос өкілдерінің тату-тәтті өмір сүруінің алғышарттары қалыптасты. Елдің этносаясатын тұрақтандыру, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту, экономиканы көтеру жолға қойылды. Ал Әділетті Қазақстан жағдайындағы этносаяси мәселелерді оңтайлы бағытта жүргізу бүгінгі күннің басты талабы болып қала беретіні сөзсіз
Қазіргі таңда ғаламдану жағдайындағы этносаяси үдерістер өзінің сан қырлы аспектілерімен зерттеушілердің назарынан тыс қалмай, өзектілігі арта түсуде. 
Қазіргі әлемде бір тілдің толықтай үстемдігі Жапонияда болса, басым тілдің болмауы Швейцарияда қалыптасқан. Осындай қарама-қайшылық жағдайлар салыстырмалы түрде өте сирек кездеседі. Көбінесе басқа тілге қарағанда өз функциялары бойынша басым болатын бір тіл және көптеген азшылық тілдер бар мемлекеттер де жетерлік. Еуропа мен Америкада, Азия мен Солтүстік Африканың бірнеше елдерінде бір тіл басым болып келеді. 
Әлем елдеріндегі тілдік ахуалды сараптасақ, аз ұлттар тілдерінің мәртебесі әртүрлі болып жатады. Әрі ол мемлекетте қабылданған тіл саясатымен айқындалады. Көп жағдайда мемлекет өзара түсіністік қажеттілігін қолдайтын немесе іс жүзінде үстем тілдің рөлін ынталандыратын күш ретінде әрекет етеді. Мұндай саясат әсіресе, қатал түрде Батыс Еуропа, АҚШ және Канадада XIX ғасырда және XX ғасырдың бірінші жартысындағы индустрияландыру мен нарықты дамыту кезеңінде көрініс тапты. Қазақстанның тәуелсіз дамуы кезіндегі тіл саласындағы жағдай республикадағы этносаралық қатынастардың жай-күйіне, сондай-ақ көші-қон процестерінің сипаты мен динамикасына әсер ететін маңызды фактор болып қала береді. Мемлекетіміздің этникалық құрамының ерекшеліктерін ескере отырып, еліміздегі тілдік ахуалдың дамуында еліміздің екі негізгі тілі – қазақ және орыс тілдерінің қоғамдық ортадағы ұстанымдары шешуші рөл атқарды.
Тәуелсіздіктің бастауындағы 90-жылдарда ыдырау, яғни дезинтеграция процестерінің пайда болуы мен дамуы кезеңінде этникалық ұлттық сананың өсуі жағдайында Қазақстанда орыс тілінің ұстанымдарының жалпы сұраныстан ығысуы орын алып, алғашқы әлсіреуі байқалды. Бұл қоғамда ерекше көрініс тапты.
Қазақ КСР-нің 1978 жылғы Конституциясына сәйкес Кеңес Одағының барлық азаматтарына «өз ана тілін және КСРО-ның басқа халықтарының тілдерін қолдануға», өз ана тілдерінде оқуға, сот ісін жүргізуге және заң шығару қызметін орыс тілінде де, қазақ тілінде де жүргізуге тең құқықтар берілгендігі айтылған. Бірақ, іс жүзінде басқалай болып, алдыңғы кезекте сол кездегі қолданылымы жоғары деңгейдегі орыс тілі үстемдігін көрсеткен болатын.
1989 жылы қабылданған «Қазақ ССР-індегі Тіл туралы» заңда да қазақ тіліне «мемлекеттік» тіл мәртебесі берілсе, орыс тілі «ұлтаралық қатынас тілі» болып танылды. Елдегі өзгеріске орай, орыс тілінің «ұлтаралық қатынас тілі» мәртебесі 1993 жылы қабылданған Қазақстан Республикасының бірінші Конституциясында да бекітілді. Тілдердің құқықтық жағдайындағы түзетулер Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 30 тамыздағы Конституциясында көрсетілген. Қазақстан Республикасының Негізгі Заңының 7-бабында қазақ тіліне мемлекеттік тіл мәртебесі берілсе, орыс тілі «ресми тіл» болып белгіленді, яғни ол мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында қазақ тілімен бір деңгейде қолданылады дегенді білдірді. 
Қазақстандағы тілдік жағдайдың динамикасын сараптап, талдай келе тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы жаппай көші-қон кезеңінде қазақ-орыс қостілділігі ең аз дәрежеде дамыды, өйткені қазақтардың басым көпшілігі орыс тілін білсе, орыстардың қазақ тілін білу деңгейі төмен деңгейде қалып қойды.
Қазақстан аумағында мекен еткен орыстардың Ресейге, немістердің Германияға көші сияқты репатриация процесі, яғни өз атамекендеріне қайтуы Қазақстанның тіл саясатының өзгеруіне өзіндік ықпалын тигізді. Орыс тілі Қазақстанның славян қауымы үшін ғана емес, сонымен бірге елде тұратын көптеген диаспоралар өкілдері үшін де негізгі коммуникация құралы болып қала берді.
Демек, қазақ қоғамының көптілді болуымен бірге қазақ қоғамы өмірінің барлық дерлік салаларында ұлтаралық қатынасты жүзеге асыруда орыс тілінің маңызы зор болды. Бұл үрдістен Қазақстанның оңтүстік облыстарының тұрғындары ғана ерекшеленді. Шымкент және Жамбыл облыстарында ықшамдалып тұратын өзбектер мен тәжіктердің өз ұлттық тілінде қазақ, тіпті орыс тілдерінен де көбірек сөйлейтін этностарының ықпалымен ерекше әлеуметтік-мәдени құрылым қалыптасты. Тәжік, өзбектердің Қазақстанның оңтүстік облыстарына қоныс аударуына байланысты орыс тілін білмейтін Қазақстан азаматтарының саны артты. 1999 жылғы халық санағы кезінде Қазақстан аумағында тұратын тәжіктердің 35,8% және өзбектердің 59,2% ғана орыс тілінде еркін сөйлесе алды.
Осындай күрделі көші-қон жағдайы көші-қон саясаты саласында жаңа мемлекеттік стратегияны қалыптастыру қажеттігіне себепші болды. Нәтижесінде Қазақстанда отандастардың тарихи отанына оралу бағдарламасы іске қосылды. Көші-қон әлеуетін зерделеуді және қазақ диаспорасының репатриациясына көмек көрсететін «Отандастар» қоры құрылды. Уақыт талабына сай, Президент Қ.К. Тоқаев көші-қон заңнама­сын қайта қарау қажеттігін белгілеп «оралман» терминін «қандас» термин­іне ауыс­тырды. Ол көші-қон заңнамаларына түзетулерден көрініс тапты.
Еліміздің саяси басшылығы бұған қазақ тілін, мәдениетін, дәстүрлерін қайта өркендетіп, кеңес дәуірінен алшақтаудың мүмкіндігі ретінде қарады. 
Кейіннен негізінен этносаралық саладағы қарым-қатынастарды үйлестірудің жаңа құралдарының пайда болуы, сондай-ақ Қазақстандағы әлеуметтік-экономикалық жағдайдың тұрақталуы – бұл шаралардың барлығы бірлесе келе орыстілді халықтардың көші-қон белсенділігін айтарлықтай төмендетуге мүмкіндік жасады.
Сонымен, Қазақстандағы орыс халқының күрт азаюына қарамастан (1989 және 1999 жылдардағы халық санағы арасында 1,6 млн. адамға азайған). 1999 жылы Қазақстан халқының 84,75% орыс тілінде сөйледі. Тек орыс тілін ана тілі деп санайтындардың саны ғана азайды. Оның үстіне қазақтардың 75% (негізінен қала тұрғындары), әзірбайжандардың 86%, армяндардың 97,5%, белорустардың 99,4%, кәрістердің 97,7%, түріктердің 75,9%, немістердің 99,3% және т.б. орыс тілінде сөйлеген. Сонымен қатар, мемлекеттік қазақ тілінде 1999 жылғы халық санағы бойынша орыстардың 14,9%, немістердің 15,4%, белорустар 9,9%, корейлердің 28,8%, т.б. сөйледі. Қазақтардың 84,4 пайызы өз ұлтының тілінде сөйледі. Қазақ тілін білудің ең жоғары деңгейі қырғыздарға (88,8%), өзбектерге (80%), әзірбайжандарға (63,4%), күрдтерге (61,2%) тән болды [12]. 
Сөйтіп, түркі тілдес халықтардың өкілдері мемлекеттік тілді мейлінше жақсы меңгергенін көрсетті. Яғни қоғамда, қазақ тілінің мәртебесі көтеріліп, нақты сұранысқа ие бола бастады. 
Қазақстанда тұратын этностардың ана тілдерін білу дәрежесі де қоғамда үлкен қызығушылық тудырады. Бірқатар этникалық топтар (поляктар, белорустар, украиндар, немістер, корейлер) ана тілін аз немесе төменгі деңгейде білді. Осындай этникалық топтардың ішінде орыстың біртілділігі (русский монолингвизм) кең тарады. 1990 жылдардағы Қазақстаннан осындай этнос өкілдерінің қоныс аударуы елдегі орыс тілінде сөйлейтіндердің санын одан әрі қысқаруына әсер етті.
Тіл саласындағы бұл жағдай қазақ зиялыларының бір бөлігінің сынына да ұшырады. Олар мемлекеттік тілге белгілі деңгейде қамқорлық жасалмай отыр, қазақ тілі орыс тіліне қарағанда қолайсыз жағдайда деп есептейді. Бұл ретте Қазақстанның өзінде де, Ресейде де орналасқан кейбір қоғамдық ұйымдар орыстілділер кеңістігінің азайып жатқанына көңілдері толмай, орыс тіліне алаңдатушылық танытып, тарылу әсерінен қауіптілік мүмкіндігін көрді. Осыған орай, Қазақстан басшылығы тарапынан тіл саласындағы саясатты жүзеге асыру кезінде орыс тілін халықаралық коммуникациялар, іскерлік, білім беру және кәсіби өсу құралы ретінде сақтауға баса көңіл бөлінді. Сонымен қатар тілдер кеңістігін кезең-кезеңмен кеңейтуге бағытталған барынша теңгерімді тәсілдерді ұстануға ұмтыла отырып, қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтуге және ұстанымын нығайтуға қатысты ауқымды жұмыстар жасау қажет болды.
Сонымен, этносаяси процестегі қауіпсіздік ең басты аса құнды мәселе болып қала бермек. Бұл мәселенің сан қырлылығы сондай ол уақыт өткен сайын түрленіп, жаңара береді. Атап айтар болсақ, этносаясаттың жаңа тенденциясының бастысы ретінде мемлекеттік тіл мен рухани келісім арқылы этносаралық қатынастың өзегін нығайту. Мемлекет құрушы халықтың ұлттық тілі мен салт-дәстүрлерін насихаттай отырып, қоғамдық-саяси ахуалдың тұрақтылығы – қоғамдық келісімді күшейту және толеранттылық пен сенім арқылы қоғамдағы тұрақтылықты сақтау. 
Тіл мәселесінің нәзіктігін ескеріп туындаған сауалдарды эволюциялық жолмен шешу керек деп есептейміз. Бүгінгі күнге дейін көп жағдайда ел басшылығының Қазақстанда тұратын этностар арасындағы мүдделер тепе-теңдігін сақтай білуінің арқасында оң нәтижеге қол жеткізілді. Осыған орай, мәселен, мемлекеттік тілдің тұғырын ілгерілету бойынша іс-шаралар оны білмейтін азаматтарды кемсітуге жол бермеу жұмыстары арқылы белсенді жүргізілді.
Бұл мәселе бойынша ел президентінің пікірі айқын. Ол төмендегідей: «Мемлекеттік тілді білу – Қазақстанның әрбір азаматының парызы. Міндеті деп те айтуға болады. Осы орайда мен барша қазақстандықтарға, оның ішінде қазақ тілін әлі жете меңгермеген отандастарыма үндеу тастағым келеді. Жастар ағылшын тілін немесе басқа да тілдерді аз ғана уақытта меңгере алатынын көріп отырмыз. Тұтас буын алмасқан осы жылдарда қазақ тілін үйренгісі келген адам оны әлдеқашан біліп шығар еді. Халқымызда «Ештен кеш жақсы» деген сөз бар. Ең бастысы, ынта болуы керек».
 Ең алдымен, барлық деңгейдегі оқу орындарында қазақ тілін оқыту сапасын көтеру қажет. Ол үшін қазақ тілі мұғалімдерін дайындайтын жоғары оқу орындарында мамандарды сауатты дайындауды қамтамасыз ету қажет. Педагогикалық жоғары оқу орындарында және жоғары оқу орындарының педагогикалық факультеттерінде «Полимәдениеттік білім» курсын оқытуды міндетті (негізгі) пән ретінде енгізу қажет деп санаймыз.
Олар ғылыми негізде құруға ұмтылған «Әділетті Қазақстанның» жаңа саясатының басты мақсаты – ұлтына қарамастан әр адам өзінің ана (туған) тілін өмірдің барлық саласында қолдана алуы және әлемдік мәдениеттің биіктерін бағындыруына жол ашады. Демек, ұлттық бірлік пен ұлтаралық келісімді қамтамасыз етудің нақты белгіленген мақсаттары мен міндеттерінің болуы, сондай-ақ күшті саяси ерік-жігер мен жеткілікті тиімді тетіктердің көрінісі ұлттық мемлекеттік саясаттың барынша табысты болуына ықпал етті деуге негіз бар.
Әділетті Қазақстан жағдайында этносаралық қатынас саласындағы мемлекеттік саясатқа өте маңызды өзгерістер қажет. Осы салада жұмыс істейтін мемлекеттік органдардың, қоғамдық институттардың жұмыстарына талдау жасай отырып жаңғырту керек. Талдау мен тексеру нәтижелері бойынша алдағы кезеңде этносаралық қатынас саласында жаңа мемлекеттік саясат құру қажеттілігі күн тәртібінде тұр деп есептейміз.
Жалпы, еліміздің көпэтносты болуы – біздің артықшылығымыз және елдің дамуына ықпал ететін стратегиялық ресурс. Бұл біздің әлі күнге дейін, әсіресе, мемлекеттік тіл саясатында толықтай қолдана алмай келе жатқан мүмкіндігіміз. Сондықтан да еліміздегі мемлекеттік органдар тарапынан Қазақстанда тұратын барлық этностық топтардың бір тілдің аясында дамуына қолдау көрсететініне сенімім мол.
 

 

6676 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз