• Заманхат
  • 26 Сәуір, 2023

ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ: ТӨҢКЕРІСКЕ ТЕҢ ТЕХНОЛОГИЯ

Дина ИМАМБАЙ       

«Ақиқат»

Бүгінде өздігінен жүретін автокөліктер, ұшқышсыз ұшақтар, адамға қызмет көрсететін роботтар, түрлі автоматтандырылған құрылғылар таңсық емес. Жаңа технологиялар саласындағы көшбасшы елдердің ғалымдары төңкеріске тең жаңалықтар ашып, тек фантастикалық фильмдерде көрсетілетін дүниелерді адамзат қолданысына енгізіп жатыр. 2022 жылдың 30 қарашасында іске қосылған ChatGPT бүкіл әлемді дүр сілкіндірді. Америкалық OpenAI компаниясының жасанды интеллект өнімін қолданушылар саны бес күнде 1 миллионға жетті. Қазақстандық ІТ саласының мамандары да жасанды интеллект құралдарын қазақ тілінде қолдануды бастады. 
Жасанды интеллектінің дамуы – интернеттің, мобильді телефондардың пайда болуы секілді өте ауқымды құбылыс болып отыр. Интернет адамзат тіршілігін қалай өзгертсе, жасанды интеллект те сондай әсер етпек. ChatGPT-нің жаппай қолданысқа енгізілуі бұған дейін арнайы мамандарға ғана түсінікті тетіктің орасан зор күш-қуатын әйгілеген уақиға болды. Қазір ChatGPT-ді қарапайым тұтынушылар да пайдалануда. Google іздеу жүйесіне үйренген қарапайым адамдар жасанды интеллектіні де күнделікті пайдалануды меңгеріп жатыр. Оның дәлелі – ChatGPT іске қосылғаннан 2 айдан кейін 100 миллион пайдаланушысы болған. Тіпті бір студент осы чат-боттың көмегімен диссертация жазып, ол дау-дамайға айналып үлгерді. Сондай-ақ Amazon электронды кітап дүкенінде биылғы жылдың басында ChatGPT жазған 200-ге жуық кітап болды, оның ішінде жасанды интеллект көмегімен қалай кітап жазуға болатыны жөнінде де бар. 

 ChatGPT немесе жасанды интеллектінің жұлдызды сәті


ChatGPT – OpenAI компаниясы әзірлеген GPT-3 тілдік моделін қолдану арқылы оқытылған чат-бот. GPT-3 немесе Generative Pre-trained Transformer 3 – табиғи тілді өңдеу моделі (NLP), ол адамдар түрлі тілде пайдаланатын мәтінді өңдей алады. «ChatGPT – жасанды интеллект технологиясына негізделген табиғи тілді өңдеу құралы. Бұл чат-ботпен адам сияқты сөйлесуге, сұхбаттасуға, мәтіндік көмек сұрауға және басқа әрекет жасауға болады. Бұл тіл моделі кез келген сұраққа жауап бере алады және электрондық поштамен хат жолдау, эссе, сценарий жазу және код жазу сияқты тапсырмаларды орындауға көмектеседі Қазіргі уақытта оны пайдалану көпшілікке ақысыз, тегін. Өйткені ChatGPT зерттеу және кері байланыс жинау сатысында жұмыс істеп тұр. ChatGPT Илон Маск, Сэм Олтмэн және өзге де Кремний алқабының азулы инвесторларының 1млрд $ қаржы салуымен 2015 жылы ашылған. Сондай-ақ 2020 жылдың өзінде GPT-3 нұсқасында жұмыс істей бастаған болатын. 2023-жылдың ақпан айынан бастап Chatgpt Plus деп аталатын ақылы нұсқасы да қолжетімді. Оның басты айырмашылығы: ChatGPT-4 нұсқасы бар» дейді бағдарламалаушы маман Тимур Бектұр.
Қолданыстағы ChatGPT-ді OpenAI атты жасанды интеллектіні зерттеу компаниясы суперкомпьютерлерді қолданып құрған. Чат-ботты интернеттегі орасан зор мәтін қорының көмегімен оқытқан және адаммен кері байланыс жасауға үйреткен. Одан кейін нейрожеліні өз жауаптарының көмегімен қайта-қайта шыңдаған. Өнімді әзірлеушілер ЖИ-ді пайдалануға неғұрлым ыңғайлы етуге ұмтылған. Қызметін шағын зертханадан бастаған OpenAI компаниясының негізін қалаушылардың арасында әлемдік деңгейдегі ғалымдар мен зерттеуші-инженерлер бар. Бүгінде компанияда 375 зерттеуші жұмыс істейді. 
Bloomberg сарапшылары ChatGPT-дің басқа нейрожелілерден айырмашылығы – түрлі саладағы тапсырмаларды орындауға қабілеттілігінде дейді. Бұл нейрожелі кәдімгі мәтіннен бөлек, қаржылық талдау жасау, техникалық мақалалар жазу, ғылыми тұжырым жасау, болжау, дербес ақыл-кеңес беру, бағдарламалық код дайындау секілді түрлі қызметті атқара алады, кез келген сұраққа жауап береді. Ол тұтынушымен диалогты еске сақтап қалады және даулы тақырыптарды айналып өтеді. Чат-ботпен жұмыс істеген кезде алған мәтінді тағы да қисынды сұрақтар қою арқылы түзетуге немесе толықтыруға болады. 
ChatGPT-ді пайдалану үшін chat.openai.com сайтын ашып, электронды пошта арқылы тіркеліп, тегін қолдана береді. Жүйеге кіргеннен кейін ChatGPT-ге сұрақ қойып, шексіз сұхбаттасуға болады. 
ChatGPT іспетті өнімді басқа бәсекелес компаниялар да шығарып жатыр. Бірақ әзірге OpenAI технологиялық артықшылыққа ие. Алдағы уақытта бұл компанияны Google, Alphabet, Amazon, Meta Platforms секілді технология алпауыттары қуып жетуі мүмкін. 

ChatGPT қалай жұмыс істейді? 


«ChatGPT OpenAI жасаған тіл моделінің архитектурасында жұмыс істейді, ол Generative Pre-trained Transformer (GPT) деп аталады. 
Жасанды интеллектінің генеративті моделі деп аталатын бұл түрі интернеттегі бүкіл ақпаратпен, соның ішінде уэб-сайттармен, кітаптармен, жаңалық мәтіндерімен, мақалаларымен және басқалармен «қоректендірілген». Тілдік модель бақыланатын және күшейтілген оқытуды қолдану арқылы жетілдірілді. Адамның кері байланысына негізделген күшейту жаттығуларын (RLHF) пайдалану ChatGPT-ге айрықша қасиет береді. Оны Reinforcement learning from human feedback дейді» деп түсіндіреді Т.Бектұр. 
    Интернеттегі Google іздеу жүйесі көпшілікке жақсы таныс және түрлі саладағы ақпарат алу үшін кеңінен қолданылып жүр. Ал ChatGPT-нің бұл іздеу жүйесінен айырмашылығы бар. «ChatGPT-нің интернеттен ақпарат іздеуге мүмкіндігі жоқ. Ол өзінің жадындағы (750GB) оқытылған деректен алынған ақпаратты пайдаланады. ChatGPT тек 2021 жылға дейінгі мәліметтерді біледі» дейді Т.Бектұр. Мамандар CҺatGPT-дің мүмкіндіктері зор екенін айтады. Бүгінде OpenAI-дың отанындағылар бейнені мәтінге айналдырып, мәтін арқылы визуал кескіндер жасап жатыр. Жуырда Internews ұйымдастырған практикумда ІТ маманы Данияр Мұқанов тегі кім? ChatGPT-дегі бірнеше сайтпен таныстырды. Оның ішінде журналистердің жұмысын жеңілдететін қызметтер де көп. Мәтіннің форматын өзгерту, мақаланы әлеуметтік желідегі постқа айналдыру, пресс-релизден мақала, не керісінше мақаладан пресс-релиз жасау, грамматиканы тексеру, фактчек жасау, аудионы транскрипциялау, бейнемонтаж жасау, дыбысты реттеу сияқты мүмкіндіктің бәрі қамтылған. Бұның бәрін аталмыш сайтқа тіркелген кез келген адам қолдана алады. 

Жасанды интеллект және қазақ тілі 


ChatGPT интернеттегі орасан зор мәтіндер қорын пайдаланып оқытылғаны айтылды, соның нәтижесінде ол ағылшын, испан, француз, қытай, орыс және басқа тілдердегі мәтінмен жұмыс істейді. Қазіргі таңда барлығы 95 тіл қамтылған. Мамандар жасанды интеллект моделінің жұмыс өнімділігі тілдің өзіне және өңделетін мәтіннің күрделілігіне байланысты екенін атап айтады. Қазіргі таңда бүкіл ғылым мен білімнің және басқа ақпараттың негізгі тілі – ағылшын тілі екені мәлім. Әлемдегі бүкіл ақпараттың 80 пайызға жуығы ағылшын тілінде болса, технология да негізінен осы тілде сөйлетіні белгілі. Сондықтан да ChatGPT ағылшын тілінде ең сапалы мәтіндерді береді. Әйткенмен, басқа тілдер де жасанды интеллектінің қолданысынан тыс қалмаған. Мәселен қазір ChatGPT 95 тілді қамтиды, оның ішінде қазақ тілі де бар. Кез келген тілде мәтін құру үшін чат-бот сайтынан тілді таңдау керек. 
Данияр Мұқанов жасанды интеллектіде қазақ тілін де қолдануға болатынын айтады. Әрине, қазіргі уақытта ChatGPT-ден сапалы және жан-жақты қазақша ақпарат алу қиындау. Бірақ, соған қарамастан, қазақша сауал қойып, қазақша мәтін алуды тоқтатпау керек. Сонда біртіндеп жасанды интеллектінің қазақ тіліндегі мүмкіндігі кеңейе бермек. 
Сондай-ақ, Данияр Мұқановтың айтуынша, интернетте қазақ тіліндегі ақпаратты – мәтіндік және аудиоматериалдарды көбейту қажет. Қазақша ақпарат барлық саланы қамтуы керек. Ең бастысы, бұл сапалы, сауатты ақпарат болуға тиіс. Интернет қана емес, әлеуметтік желілердегі жазбалар мен пікірлер де сауатты, таза әрі қазақша қаріптермен жазылғаны жөн. Бұның барлығы алдағы уақытта CҺatGPT-дің және жаңадан пайда болатын жасанды интеллект өнімдерінің қазақша жұмыс істеуіне игі әсер етеді. ЖИ-дің қазақша сөйлеуіне әр адам үлес қоса алады. 
Жаңа технологиялардың өз елімізде қарқынды дамуына әлемнің әр түкпірінде ІТ мамандығын оқып жүрген және атақты компанияларда жұмыс істеп жүрген талантты жастар да өз үлестерін қоспақшы. Цифрлық даму министрі Бағдат Мусин наурыз айында АҚШ-қа сапары барысында Digital Nomads мүшелерімен кездесіп, ІТ саласында атқарылатын іс-шараларды бірге талқылады. Digital Nomads бірлестігі шет елдерде оқып немесе жұмыс істеп жүрген қазақстандық ІТ мамандардан құралған. Ұйым мүшелері Қазақстанда бағдарламалау жобаларына қатысып, ЖОО-ларда дәрістер оқиды, оқулықтар шығарады. Осылайша талантты жастар елге қызмет етіп, ІТ саласын қазақша насихаттауға ерекше мән беріп отыр. «Технология күннен-күнге дамып жатқан заманда қазақ аудиториясы, қазақ жастары бұл үрдістен тыс қалмауы керек. Астана-НАБ қызметі, олар өткізетін шаралардың барлығы қазақша сөйлейтін жастарды да қамтуы керек» деді осы кездесуде АҚШ-тың Гарвард университетінде білім алып жатқан Тимур Бектұр. Тимурдың өзі жасанды интеллект бойынша сауат ашу курсын жүргізуді қолға алған. Министрдің уәдесіне сәйкес, алдағы уақытта ІТ саласын қазақ аудиториясы арасында дамытуды көздейтін арнайы қор ашылмақ. 

 Адамдар неге алаңдайды?


Жуырда әлемдегі алпауыт технологияның төресі Илон Маск жасанды интеллектіні дамытуды тоқтата тұруға шақырды. Илон Маск, Стив Возняк бастаған жүздеген атақты ғалым мен технологтар жасанды интеллектінің адамзатқа қатеріне алаңдап ашық хат жазды, GPT-4 үлгісінен асып түсетін AI жүйелерін оқытуға алты айға мораторий жариялауға шақырды. Олар технологиялық төңкерістің теріс жағы бар екенін мойындайды. «ЖИ жадынан» ләззат алу үшін өзге де жаңалықтарды тоқтата тұрайық. Қоғамға бейімделуге мұрсат берейік. Күзге дейін дамылдап, асықпай ақылдасайық» дейді Маск. Future of Life коммерциялық емес институты жариялаған хатта адамзатқа төнетін қауіп-қатер жөнінде ашық айтылады. Мұнда жасанды интеллектінің бәсекеге қабілетті жүйелері тарапынан қоғам мен өркениетке келетін экономикалық және саяси сілкіністер егжей-тегжейлі жазылды. ChatGPT сияқты жүйелерді фишинг, жалған ақпарат және киберқылмыс жасаушылар теріс пайдалануы мүмкін екенін де айтады. Сондай-ақ этика мәселесіне де алаңдаушылық бар. 
Ғалымдар ЖИ әзірлеушілер саясаткерлермен бірлесіп жұмыс істеуге тиіс дейді. OpenAI компаниясының басшысы Сэм Олтмэн де ЖИ адамзаттың келешек тағдырына ықпал ететінін мойындайды. Ғалымдар «Жасанды интеллектінің қуатты жүйелерін әзірлеу тиімді және оның тәуекелдерін басқаруға сенімді болған кезде ғана жұмысты жалғастыру қажет» дейді. 
ЖИ қатерлерінің бірі – жұмыс орындарын роботтардың тартып алуы. Қазірдің өзінде көптеген кәсіпорындарда адамдарды роботтар алмастырып жатыр. Шектен тыс автоматтандыру онсыз да жоғары жұмыссыздық деңгейін күрделендіріп, жағдайды ушықтыруы мүмкін. Goldman Sachs зерттеулері бойынша, жасанды интеллект АҚШ пен Еуропа Одағында 300 миллион жұмысшының орнын алмастыра алады. Әсіресе, әкімшілік және құқықтық секторлар зардап шегуі мүмкін. ЖИ есепшілердің, түрлі менеджерлердің, заңгерлердің қызметін атқаруға қабілетті. Ал техникалық қызмет көрсету, құрылыс саласында адамды алмастыру әзірге мүмкін емес дейді мамандар. 
ЖИ-дің енуі білім саласын да әбігерге салды. Чат-бот бірнеше секунд ішінде кез келген тақырыпқа мәтін жаза алады, есеп шығарады, графика сызады, тіпті өлең де жазады. «Студенттер жазу машығынан айырылатын болды» деп алаңдайды оқытушылар. Сол себепті көптеген білім беру ұйымдары оқушылары мен студенттерінің бұл сайтқа кіруіне тыйым салған. Ал кейбір оқу орындарының мұғалімдері, керісінше, ЖИ-дің мүмкіндіктерін дұрыс және белгілі бір мөлшерде пайдалануды жақтайды. 
ЖИ-дің тағы бір қатері – бейадами жаратылыс иелерінің адамзатқа үстемдік етуі. «Біз адамзат өркениетінен айырылып қалмаймыз ба? Адамның өз қолымен жасаған туындысы өзінің тамырына балта шаппай ма?» деген алаңдаушылықтың тууы заңды. Сол себепті технократ ғалымдар ЖИ модельдерін құру жылдамдығын уақытша тежеуге мәжбүр. Бұл үзіліс ЖИ-ді қауіпсіздік жағынан жетілдіруге жұмсалады. 
Әйтсе де, атақты физик-ғалым Митио Каку жасанды интеллект адамзаттың ақырын жақындатады деп қорқудың қажеті жоқ дейді. «Ұшқышсыз ұшақты джойстиктің алдында отырған адам басқарады, жүргізушісіз көлік өзі шешім қабылдамайды, дайын GPS-карта арқылы жүреді, т.б. Сондықтан да дербес шешім қабылдай алатын, саналы робот әзірге жоқ, ол алыс болашақтың еншісі» дейді М.Каку. Ғалымның жазуынша, роботтардың екі түрі бар. Бірінші түрін қашықтан адам басқарады және қатаң нұсқаулық бойынша алдын ала жазылған бағдарламамен әрекет етеді. Мұндай роботтар қазір қолданыста. Мысалы, қазіргі робот техникасының үлкен жетістігі – жапондық Honda фирмасының ASIMO (Advanced Step in Innovative Mobility) атты роботы жүреді, жүгіреді, бірнеше тілде сөйлейді, әңгімелеседі, қарапайым бұйрықтарды орындайды. ASIMO – оншақты ғалымның ондаған жыл бойы жүргізген қарқынды зерттеулерінің нәтижесі. Бірақ, жылдан-жылға жетілдіріліп, күрделі іс-әрекеттерді орындайтын ASIMO өз бетімен ойлана алмайды. Ал екінші типтегі роботтар – автономды, дербес ойлай алады, адамның қатысынсыз әрекет етеді. Мұндай робот әзірге ойлап табылған жоқ. Өйткені роботтар қаншама ақылды болғанмен де, көзі көріп тұрған бейнені танып, ажырата алмайды, бұл жағынан табиғат жаратылыстарына теңдес ғажайып жоқ. «Тіпті түкке тұрғысыз таракан танып-ажырата алатын заттарды ең ақылды робот ажырата алмайды» деп жазады Митио Каку. 
ЖИ сарапшылары ХХІ ғасырдың ортасына қарай роботтар біздің өміріміздің барлық саласына енеді деп болжайды. Олардың пішіні адамға ұқсас болмауы да мүмкін, олар сырт пішінін құбылта алатын болады. «АҚШ-тың Стэнфорд, МІТ және басқа университеттерінің зертханаларында формасын, тапсырмасын және функциясын өзгертіп отыратын полиморфты роботтар жасалуда» дейді М.Каку. Оларды кез келген бейнеде құрастырып алуға болады. Робот-аспаз, робот-дәрігер, робот-музыкант бұған дейін тек адам атқарып келген жұмыстарды бөліспек. 
Технология көшіне ілессек 
ХХІ ғасыр – технология дәуірі екеніне баршаның көзі жетті. Енді жасанды интеллект – тек мамандардың еншісі емес, әр адам қолданатын құрал. OpenAI компаниясының бас директоры Сэм Олтмэн: «Біз үшін ең бастысы – ортақ жасанды интеллект баршаға пайдасын тигізуіне қол жеткізу» дейді. Бұл компанияның ChatGPT чат-ботын пайдаланушылар саны күннен-күнге артып жатыр. Ғылым мен технологиядан бастап, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт пен ойын-сауық саласы – ЖИ қамтымаған сала кемде-кем. 
OpenAI компаниясының техникалық директоры, ChatGPT-ді құруға қатысқан Мира Мурати «Time» басылымына берген сұхбатында: «ЖИ қоғамға ықпал етеді, ал біз оған ықпал етеміз. Бұл екі бағытта да жұмыс істейді» деп атап өтті. Яғни, кері байланыс өте маңызды. ChatGPT-дің басты ерекшелігі – нейрожеліні тұтынушы сұраныстарының негізінде оқыту мүмкіндігі. Бұл оның ауқымын барған сайын кеңейте береді. Қазір тұтынушылар көбінесе өз сауалын ағылшын тіліне аударып, дәл де сапалы жауап алады. Мамандардың айтуынша, кириллицаға қарағанда латын әліпбиін қолдану пайдалы. Яғни, қазақ тілінде сұрау салғанда да латын қарпін қолданудың маңызы зор. 
 Диджитал-әлемнің өз ережесі бар. Технология алпауыттары жасанды интеллект саласындағы көшбасшылыққа ұмтылып жатуы, қыруар қаражат инвестициялауы тегін емес. Жаңа технология кімнің қолында болса, әлемді сол билейді. Сондықтан да, әлемдік үрдістің көшінен қалмай, қазақстандықтардың да ІТ-білімдерді игеруі маңызды. 

 

 

Елдар Құдайбергенов, кәсіби подкастшы: 

ChatGPT мені таңғалдырды


Мен ChatGPT шыққан кезден бастап қолданып келемін. Бұл жаңа құрал болғандықтан, не істей алатынын зерттеп көру қызықтырды. Логикалық, түрлі философиялық, тіпті моральдық тақырыптар жөнінде сұрақтар қойып көрдім. Одан кейін біраз уақыт өзім жауабын таба алмаған мәселелерді талқылауды ұсындым. Оның ішінде адамға, қоғамға, ғылымға қатысты сауалдар болды. Әрине, бірыңғай керемет, нақты жауап берді деп айта алмаймын. Бірақ ChatGPT мені таңғалдыра алды. Қызықтырған, ойландырған мәселеңе қай қырынан келуің керек, жауабын қайдан және қалай іздеу керек екенін үйретті. Тағы бір үлкен көмегі Қазақстан подкастерлерінің 2-ші құрылтайын ұйымдастыру кезінде тиді. Құрылтайға шетелдік спикерлер де қатысты. Мен ағылшын тілін білемін, бірақ шетелдіктермен ресми хат жазуға машықтанбағанмын. Сол кезде ChatGPT маған электронды хаттар жазып берді. Әрине, хат мәтінін тексеріп, түзетіп отырдым. ChatGPT-ны қазір подкаст жасау барысында да қолданып жүрмін.
Жасанды интеллектінің ауқымы өте кең, мәтін жазумен шектелмейді. ChatGPT-ны дұрыс қолдануға көмектесетін промпт-инженер (Prompt Engineer) деген жаңа мамандық бар, оны курстарда оқытады. Бұл жасанды интеллект сен күткендей нәтиже шығарып беруі үшін оған ұсынылатын мәселені дұрыс қоя білетін маман. Осындай курс оқығандықтан, мен жасанды интеллектіден өзіме қажеттіні ала аламын. 

 

1762 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз