• Заманхат
  • 26 Сәуір, 2023

«Үйде сөйле» – жастардың тың бастамасы

Еліміздегі бірегей қоғамдық институт – Қазақстан халқы Ассамблеясының маңызды міндеті – бірлікті нығайту, этносаралық қатынастарды жақсарту, коммуникативтік қызметпен тығыз байланысты. Осы тұрғыда түрлі ұлт өкілдерін мемлекеттік тіл – қазақ тілінің төңірегіне ұйыстыру мақсатында көптеген сәтті жобалар іске асырылып келеді. Жуырда Ассамблеяның ұйытқы болуымен Алматыда бір іргелі шара салтанатты түрде бастау алды.
 

«Үйде сөйле» – аула тұрғындарына арналған қазақша сөйлеу клубтарының желісі. Жобаның мақсаты – қазақ тілін оқып-үйрену және оны күнделікті қолдану. Бұл жобаға еліміздегі кез келген қаладағы кез келген аула қосыла алады. Аталған жобаның авторы – қазақ тілін үйреніп жүрген алматылық жас Александра Мыскина. Ассамблея жастары қазақ тілін үйренгісі келетін өзге ұлт өкілдеріне алысқа бармай-ақ үйінің маңында қазақша сөйлеуге мүмкіндік жасауды мақсат етіп отыр. Жобаның тұсаукесер рәсіміне қатысқан белсенді жастар мұндай іс-шараны Алматыда ғана емес, өңірлерде де жүзеге асыру керектігін айтты. Сондай-ақ Ассамблея жастары қазақ тілін меңгерген ұлт өкілдеріне таңырқай қараудың керегі жоғын, мемлекеттік тілді білу елімізде тұратын әрбір азаматтың міндеті екенін атап өтті. 
– Бастаманың басқа жобалардан ерекшелігі бар, өйткені сөйлесу клубтары Пәтерлер иесі кооперативтерінің негізінде ашылады. Мұнда аула тұрғындары бір-біріне қазақша сөйлеуге көмектеседі. Және де бұл клубтарға мемлекеттік тілді насихаттайтын амбассадорлар жиі келіп тұратын болады. Бастама иесі Александра Мыскинамен бірге біз қазақ тілін үйрену жөніндегі бірнеше жобаны ұйымдастырдық, – дейді «Қазақстан ұйғыр жастары одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Рустам Кайрыев. 
Жаңа жобаның алғашқы қарлығашы сегіз тұрғын үйді біріктіретін «Оңтүстік» кооперативі болды. Мұнда 500-ге жуық тұрғын мекендейді. Клубтың салтанатты ашылуына қатысқан тұрғындар мен қонақтар қазақша әңгімелесу алаңдары жақын жерде және тегін екеніне ризашылықтарын білдірді. 
Жобаны қолдауға танымал актерлар, блогерлер келді. Олардың арасында қазақ тіліне қатысты креативті идеяларын іске асырып жүрген Даниэль Джеймс, Алина Кан, Анастасия Ульченко, Сергей Закора мен Евгений Шворнев бар. Ал «Үйде сөйле» жобасының бірінші сабағын Ольга Спирина жүргізді. 
– Бастаманы қолдаудың біз үшін маңызы зор. Біз бұл жобаны еліміздің барлық өңірінде іске асырып, ауқымын кеңейткіміз келеді. Осы бастаманы өз ауласында жүргізуге ынталы азаматтарға біз көмек көрсете аламыз, – дейді «Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Тимур Жұмырбаев. 
Алматы мен Астана ғана емес, аймақтарда да қазақ тілін өзі біліп қана қоймай, ниетті жандарға үйретіп жүрген жастар баршылық. Мәселен, қызылордалық Елена Пактың арманы – мектепте қазақ әдебиеті пәнінің мұғалімі болу. Ол қазір магистратурада оқиды. Қазақы болмысты Елена әрбір адам ұлтына қарамастан, туған жерінің тарихын, тілін білу керек деп есептейді. Өзі де оны жетік меңгеріп, өзгелерге үйретуді міндеті санайды. Сырда туып-өскен корей қызы Ассамблея мүшесі ретінде мектеп оқушыларымен кездесіп, қазақтың ақын-жазушыларының шығармаларын оқып жүр. Ұлы Абайдың барлық қара сөзін жатқа білетін Елена қазақ әдебиетінен мол тағылым алғанын айтады. Өңірдегі Корей этномәдени бірлестігінің мүшелері Еленаны мақтан тұтады. Елена тәрізді жастар көпке үлгі. 

Дина ХАЛЫҚ

1735 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз