• Еркін ой мінбері
  • 26 Сәуір, 2023

Сенім мен сыйластық нышаны

– Қазақстандағы қоғамдық ұйымдардың арасында халықтың ішкі татулығына, өзара сенім мен сыйластығының тереңдеуіне, этносаралық тұрақтылықтың нығаюына қызмет ететін ең басты құрал – Қазақстан халқы Ассамблеясы. Ассамблеяның түрлі этностардан сайланған белсенділері жалаң насихатпен емес, шын жүректен Қазақстанның – өздері мен ата-бабаларына, әке-шешелеріне жайлы қоныс болғандығын, ал қазақ халқының оларды қалай жылы қарсы алғандарын жиі айтып жатады.
БҰҰ-ның 8-ші Бас хатшысы болып қызмет атқарған Пан Ги Мун былай деген еді: «Қазақстан халқы Ассамблеясының принциптері Біріккен Ұлттар Ұйымының ұстанымдарымен үндесіп жатыр. Достық – бейбітшіліктің, өркендеу мен қауіпсіздіктің іргетасы болып табылады. Ол – құрмет, толеранттылық және төзімділік құндылықтарынан бастау алады».
Біздің Түркістан облысы мен Шымкент қаласындағы өзбек ұлты өкілдерінің экономика мен кәсіпкерлік саласындағы қызметі мол.
Олар өндірісте, ғылымда, спортта үлкен жетістіктерге қол жеткізіп жүр. Қоғамдық, мемлекеттік қызмет, кәсіпкерлік саласында ел билігі мен халық құрметіне бөленген азаматтар да баршылық. Кезінде Розақұл Халмұрадов, Фахриддин Қаратаев сынды ағаларымыз Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары болып сайланып, еліміздің ең жоғарғы заң шығарушы органында жақсы қызмет етті. 
Ал, Икрамжан Хашимжанов – «Дустлик» Қазақстан өзбектері қоғамдық бірлестіктері қауымдастығының төрағасы, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі ретінде, NIK корпорациясының президенті Бадритдин Нишанқұлов – Түркістан облыстық өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы-«Дустлик» Қазақстан өзбектерінің қоғамдық бірлестіктері қауымдастығы заңды тұлғалар бірлестігі төрағасының орынбасары, Қазақстан халқы ассамблеясының мүшесі ретінде, CordialGroup бас директоры Абдулла Исматуллаев – Алматыдағы өзбек этно-мәдени орталығының жетекшісі, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі ретінде әлі күнге белсенді қызмет етіп келеді.
Жалпы, мұндай ұйым көп елдерде жоқ, ол Қазақстандағы ұлтаралық татулық, ынтымақты сақтау мен дамытуда өзіндік ерекше институт екені жайында көптен бері айтылып келеді. Бұл – құрғақ сөз емес, нақты да әділ баға. Келешекте де осындай игі істерді атқара беретініне күмән жоқ! Оның үстіне екі бауырлас әрі көрші ел – Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы мемлекетаралық, әдеби-мәдени, іскерлік қарым-қатынастардың нығаюына, сауда-саттық пен тауар айналымының ұлғаюына нәтижелі ықпал ететіндігі де анық. Сайып келгенде мұның бәрі екі ел халықтарының игілігіне қызмет етеді. 
Сондықтан да бұл ұйымның жұмысына Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев үлкен маңыз беріп отыр және алдағы кезде де солай болады деп ойлаймын.

 

Мұрат АБУБАКИРОВ, 
 «Жанубий Қозоғистон» газеті бас редакторының орынбасары

 

6640 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз