• Еркін ой мінбері
  • 26 Сәуір, 2023

Жас ұрпаққа үлгі болуымыз керек

– Біздің Қарақалпақ этно-мәдени орталығы 2017 жылы құрылып, ресми тіркеуден өтті. Оны ұйымдастырудағы мақсат – Алматы қаласы мен Алматы облысына қарасты ауыл-аудандарда тұратын қарақалпақ ұлты өкілдерінің ана тілін, ата салтын, әдет-ғұрпын ұмытпай, әдебиеті мен өнерінің де дамуына ықпал ету, мүмкіндігінше кәсіппен айналысып, ел экономикасының дамуына үлес қосуға қолдан келген кеңесімізді, ұсыныс-пікірлерімізді беріп отыру. Сонымен бірге жергілікті қазақтар, Қарақалпақстаннан көшіп-қоныстанған қандастар, басқа да ұлт өкілдерімен қоян-қолтық араласып, еліміздегі ұлтаралық татулық пен бейбіт өмірді насихаттауға, нығайтуға өзіндік үлесін қосу. Қазақстан халқы Ассамблеясының негізгі міндеті де осы емес пе?! Біздің этно-мәдени орталық қоғамдық бірлестіктің жұмысына белсене қатысып, Ассамблея іс-шараларынан тыс қалған емес. Алғыс айту күні, Наурыз мерекесі, Қазақстан халқының бірлігі күні, Тәуелсіздік мейрамы сияқты ұлттық және мемлекеттік мейрам-мерекелер кезінде ұйымдастырылатын барлық мәдени шараларға, спорт жарыстарына үнемі қатысып келеміз. Сондай-ақ, мемлекеттік тіл ретінде қазақ тілін үйрену, насихаттау жұмыстарын жүргіземіз. Орталықтың 300-ден аса мүшесі Қазақстанның болашағы қазақ тілінде екенін жақсы түсінеді. Оның нақты бір дәлелі – біздің балаларымыздың бәрі толық қазақ балабақшаларында тәрбиеленіп, қазақ мектептерінде оқиды. Ата-аналар саналы түрде осындай шешім қабылдаған. «Көрші – көршіден ерте тұруды үйренеді» дегендей, біздің бұл ұстанымымыз бен нақты әрекетіміз өзге ұлт өкілдеріне де үлгі болуда. Әсіресе, Әрепбай қажы Исақов, Тілеумұрат Артықов, Рүстем Бердімбетов, Азат Елмұратов, Жаңабай Өтениязов, Алтыншаш Ражапова, Жәмила Қаллыбекова сияқты үлкен-кіші азаматтар мен басқа да көптеген мүшелеріміз орталық жұмысына белсенділікпен қатысып, Алматы аймағында ұлтаралық достық пен туысқандықтың, татулық пен тұрақтылықтың нығаюына өте жақсы үлес қосып келеді. «Алдыңғы арба қайдан жүрсе, артқы арба да содан» дегендей, бұдан жас ұрпақ та жақсы үлгі алып жатқаны анық.
 Тағы бір айта кететін жайт, «Әму жағасы» этно-мәдени орталығы Қарақалпақстан, Өзбекстандағы өнер ұйымдары, оқу орындары, бизнес орталықтарымен жақсы қарым-қатынас орнатып, ұлттық өнердің дамуы, жастардың оқып, білім алуы, кәсіпкерліктің дамуына да азды-көпті үлес қосып отыр. Бұл да өте маңызды. 
Жалпы, өткен жылдарда орын алған кейбір жағымсыз оқиғалардың алдын алу, еліміздегі барлық ұлт өкілдерін отаншылдыққа тәрбиелеу, еліміздің бүкіл халқы біртұтас ұлт болып қалыптасуы үшін Ассамблеяның қызметі өте маңызды және ол осы бағытта қазіргіден де нәтижелі жұмыс жүргізуі тиіс деп санаймын. 

Бекбосын МАТКАРИМОВ, 
Алматы қаласы мен облысындағы «Әму жағасы» 
Қарақалпақ этно-мәдени орталығы Ақсақалдар 
алқасының төрағасы

7665 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз