• Еркін ой мінбері
  • 26 Сәуір, 2023

ӨЗІМДІ ҚАЗАҚПЫН ДЕП ТАНЫСТЫРАМЫН

Мен өзімді құшағы кең, көптеген өзге ұлт өкілдерін бауырына тартқан, дарқан қазақ даласында дүниеге келгенімді мақтан етемін. Қазақстанда бір шаңырақ астында өмір сүріп жатқан түрлі ұлттар мен ұлыстардың бірлігі, ынтымағы басқа мемлекеттерге үлгі болып келеді. Мен Жамбыл облысы Жамбыл ауданының Жалпақтөбе ауылында дүниеге келдім. Түр-келбетіме қарап, көпшілігі дүнген екеніме сенбейді. Сондықтан да танысқан кезде бірден қазақпын деп айтамын. Елімізде соңғы уақытта қазақша сөйлейтін өзге ұлт өкілдері айтарлықтай көбейгені де басты жетістігіміз. Бұл – нағыз патриоттардың қазақ жеріне, мемлекеттік тілге деген құрметі деп білемін. Біз тек қазақ тілін ғана емес, халқымыздың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын да құрметтейміз. Менің анам – ұйғыр, әкем – дүнген, ал арғы ататегімде орыс, өзбек, кәріс және басқа бірнеше этностың ізі бар. Сондықтан менің бойымда бүкіл Ассамблеяның қаны бар деп айтуға болады. Отбасылық той-думанымыз қазақы салт-дәстүрмен өтеді. Қыс мезгілінде соғым сойылып, соғым басы беріледі. Ет асқанда қамырды өзім қолдан жайып, жылқының қазысын өзім айналдырып, қартасын өзім жайғаймын. Ал көктем мезгілі келісімен дастарқанымыздан наурыз көже үзілмейді. Оны балаларым да сүйсініп ішеді. Көпұлтты отбасында дүниеге келсем де, өз балаларымды қазақ тілінде тәрбиелеп, қазақша білім беріп отырған жаны қазақ анамын. Себебі, ұрпағымның Абай сүйген, Мұхтар сөйлеген тілде сусындап өскенін қалаймын. Туған Отанымның болашағы қазақ тілінде екендігін жас ұрпақтың санасына сіңіріп, этнос өкілдерін мемлекеттік тілді құрметтеуге шақырамын. Өзім басқаратын мектептегі қазақ сыныптарында білім алатын этнос оқушыларының жал санап санын арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргіземін.
Қазақ тілін үйренудің арқасында маған өмірде үлкен мүмкіншіліктерге жол ашылды. Ең әуелі мемлекет басшысының алдында қазақ тілінде сөйлеу мәртебесіне ие болсам, 2020 жылы Қазақстан Республикасының «Ерен еңбегі үшін» наградасына және Қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайтуға қосқан үлесім үшін Қазақстан халқы Ассамблеясының «Мейірім» төсбелгісімен марапатталдым.
Мен қоры бай, құнарлы қазақ тілін жетік меңгеріп, оның қолданыс аясын кеңейту бағытында өз үлесімді қосуды азаматтық және перзенттік парызым деп білемін. 

Динара НУРАЛИЕВА, 
дүнген ұлтының өкілі, 
ағылшын тілінің мұғалімі

 

9198 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз