• Еркін ой мінбері
  • 26 Сәуір, 2023

АҚЖАЙЫҚТЫҢ АВЕТИГІ

Ұлты армян Аветик Рубеновичпен «Ара варузес» деп амандассам, күліп тұрып: «Ассалаумаликум, Рафхатжан! Қал қалай?» дейді. Мен ол кісінің Ақжайықтың Аветигі деп атаймын. 
Қазақстанға 1973 жылы келген бұйра шашты армян жігітін алдымен жүзі жайдарлы, ақ көңіл Өмірзақ Сырымұлы дейтін азамат қарсы алып, екеуінің арасында мызғымастай достық орнайды. Тағдырдың жазуы болар, өкінішке орай, Өмірзақ жол апатынан қайтыс болады. Аветик Өмірзақ арқылы талай дос тауып, олармен де жақын араласып кетіп еді. Өмірзақтың өзіне жасаған жақсылығын бір сәт те ұмытпай, жадынан шығармай жүреді. 1991 жылы жеке кәсібін дөңгелетуді қолға алып, наубайхана ашады. Қазақ досының құрметіне кәсіпорынның атын «Айдана» деп атайды. Айдана – Өмірзақтың қызының есімі. 2009 жылы Аветик Рубенович туған қызы Аниді Ереванға тұрмысқа береді. 
«Латар» атты қонақ үйлермен қатар тойханалар орналасқан жердің табиғаты әсем, көрікті екен. Сол жерде он мемлекеттің жалауы желбіреп тұрғанын көрген Аветик Амирханян арасынан Қазақстанның көк туын іздеп, таба алмайды. «Құда, кіріңіз, төрлетіңіз!» деген сөзге: «Жоқ, мен кірмеймін. Мына жерде Қазақстанның жалауы ілінбепті!» деп, әкімшіліктен рұқсатын алып, Арменияның дүкенінен еліміздің көк туын алып келеді. Келсе, біраз қонақтар жиналып қалған екен. «Қазақтың әнұраны ойналып, көк туды желбірете көтеріп келе жатқанда көзіме жас келді» дейді Аветик Рубенович. Тойдағы алғашқы жүрекжарды сөзін қазақ пен армянның достығынан бастайды. Барлығы риза болып, қол шапалақтайды. 
Аветик Рубенович бұл күнде Орал қалалық мәслихатының үш мәрте депутаты. «Құрмет», «Шапағат», «Бірлік», «Қазақстанға еңбегі сіңген «Құрметті жолшы» төсбелгілерінің иегері. Қайраткер азамат, сондай-ақ Ұлы Отан, Ауған соғысы ардагерлеріне қамқорлық жасап келеді. Мен таныған Ақжайықтың Аветигі осындай!

Рафхат ХАЛЕЛОВ, 
 Батыс Қазақстан облыстық 
«Татар» этно-мәдени орталығының мүшесі

9353 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз