- Еркін ой мінбері
- 26 Сәуір, 2023
ОТАНЫМЫЗ ДА, МАҚСАТ-МҮДДЕМІЗ ДЕ ОРТАҚ
Ассамблеяның міндеті мен маңызы еліміздегі барша ұлттарды бір шаңырақтың астына біріктіруде деп білемін. Қазір байқасаңыздар, қазақ тілінде сөйлейтін өзге ұлт өкілдері жылдан жылға көбейіп келеді. Себебі бұл біздің міндетіміз. Туған жеріміздің мемлекеттік тілін білу әрқайсымыз үшін жазылмаған парыз деп білемін.
Мен үшін қазақ тілі теңдесі жоқ тіл және қоғамдағы орны да ерекше. Тәуелсіздік алғалы 30 жылдың ішінде біздің тілге деген құрметіміз артты. Мені осы қуантады. Қазіргі таңда өзге ұлттар арасында мемлекеттік тілді насихаттау үшін Ассамблеяның жұмысы ерекше көрініс тауып келеді. Атап айтсақ, «Үйде сөйле», «Сөйле клуб», «Шәй ішейік, қазақша сөйлейік», және т.б. үйірмелер белсенді жұмыс істеуде.
Мемлекеттік тілмен қатар Ассамблея салт-дәстүрді сақтауға, оны дәріптеуге, бірлік пен татулықты нығайтуға, қайырымдылық жасауға үндейді. Түркістан облысындағы Ассамблея мүшелері мен «Ассамблея жастары» және еріктілер туралы айтатын болсам, 2022 жылы 1285 іс-шара атқарылып, оған 29 646 жас волонтер қатысты. Былтыр сәуір айында Қазығұрт ауданындағы ауылдарды сел шайып, төтенше жағдай орын алғанда үй-жайларды қалпына келтіру жұмыстарына 58 техника жұмылдырылып, тазарту жұмыстарына 800-ге жуық ерікті жастар атсалысты.
Қостанай облысындағы өрт салдарынан туындаған төтенше жағдайда облыс волонтерлеры гуманитарлық көмек ұйымдастыру, оларды жүк көліктерге тиеу, жүкті Қостанай облысына жеткізу және тарату жұмыстарына белсенді қатысты.
Түркістан облысының жастары «Жаңа Қазақстан – табиғатты аялаудан бастайық» экологиялық акциясы аясында елді мекендер тазалығына өз үлестерін қосып, қоқыстан тазалау, ағаштар егу жұмыстарын жүргізді. 2022 жылдың сәуір айында басталған акцияға 6 333 ерікті жас атсалысып, 32 тонна қоқыс жиналып, 1500 гүл, 770 түп ағаш отырғызылды.
Облыстағы этнос жастары қол күшін керек ететін жұмыстармен қатар білім сайыстарында да көзге түсіп жүр. Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің ұйымдастыруымен Ақмола облысы, Ақкөл ауданында мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейтуге, оны насихаттауға, қазақ халқының салт-дәстүрі және мәдениетімен етене танысуға арналып өткізілген «Тіл мектебі» жастар лагеріне облысымыздағы белсенді этнос жастары қатысты.
«Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық бірлестігі Түркістан облысындағы өкілдігі мүшелерінен құралған білімді жастар командасы Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен «Бір ел» жастар жобасының аясында Ұлытау облысында өткен «Жайдарман – достық кубогы» ойындарының жүлделі 3-орын иегері атанды.
Қазақстан халқы Ассамблеясының «Мың бала» мәдени-ағартушылық жобасы аясындағы республикалық конкурстардың облыстық кезеңіне «Ассамблея жастары» да қатысты. Байқауда аталған жобаның аудандық, қалалық конкурстарында үздік шыққан этнос жастары бақтарын сынады. Жоба аясында «Өнер алды – қызыл тіл», «Өнерлі өрге жүзер», «Жарқыра, жас дарын!» конкурстары, Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына орай ақынның өлеңдерін мәнерлеп оқу сайыстары өткізілді. Жалпы бұл тек қана облыс бойынша атқарылған жұмыстар.
Облыстық «Гарабах» әзербайжан этно-мәдени бірлестігінің төрайымы Рамиля Мұстафаеваның бастамасымен жыл сайын «Дастархан» атты әзербайжан ұлтының ұлттық тағамдар фестивалі ұйымдастырылады. Сондай-ақ бірлестік қайырымдылықпен де шұғылданады. Отбасылық жағдайы төмен, жалғыз басты аналарға, сонымен қатар, балалар үйіне бірлестік мүшелері жиі барып, көмекке зәру жандарды қуантып отырады.
Мен Түркістан облысы Сарыағаш қаласындағы «Арыстанбаб» жоғары колледжінің 4-курс студентімін. Талантты ақын атамыз Қадыр Мырза Әлі айтқандай, «Өзге тілдің бәрін біл,өз тіліңді құрметте». Құдайға шүкір, мен қазіргі таңда 4 тілді білемін. Фортепианода ойнап, ән айтамын. Жуырда болып өткен республикалық «Қазақстан үміті» шығармашылық байқауының «Жас тілші» және аудандық «Арай-2023» мәдени іс-шаралар жүргізушісі номинациялары бойынша «Бас жүлде» иегерімін. Білім алып жүрген колледжімнің президенті және «Шаңырақ» еріктілер клубының төрайымымын. Кішкентай кезімнен бастап мектепте үздік болдым, шығармашылық және білім байқауларына тұрақты қатысып келемін.
«Отан – оттан да ыстық» демекші, өзімді сүйікті Қазақстанымның шынайы патриотымын деп есептеймін. Әрқашанда елімнің өркендеп гүлденуіне үлесімді қосуға дайынмын. Еліміз тыныш, халқымыз аман болып, бір аспанның астында бірлікте өмір сүре берейік! Ұлтымыз басқа болса да, еліміз, жеріміз, Отанымыз бір, мақсат-мүддеміз бір екенін айтқым келеді.
Индира РАВАН-НАХЧИВАНИ,
«Ассамблея жастары» республикалық
қоғамдық бірлестігі Түркістан облыстық
өкілдігі төрағасының орынбасары,
облыстық «Гарабах» әзербайжан
этно-мәдени бірлестігінің мүшесі
9413 рет
көрсетілді0
пікір