• Еркін ой мінбері
  • 26 Сәуір, 2023

БІРГЕ ТУҒАН БАУЫРДАЙ

Еліміз тәуелсіздік алғалы бері бізді күллі әлем мойындады. Қай салада болмасын, ілгерілеушілік пен қол жеткен табыстарымыз ауыз толтырып айтарлықтай. Бұл бәрімізді де шексіз қуантатыны белгілі. Әрине, осы жетістіктер республикамызда мекендейтін барша халықтардың ынтымағы мен бірлігінің арқасында жүзеге асты. 
Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылғалы бері де көп жылдардың жүзі болды. Ерекше тоқталайын дегенім, біздің мемлекетімізде жүзі басқа, жүрегі бір, тілі басқа, тілегі бір ұлттардың білім алуына, қалаған мамандығы бойынша қызмет атқарып, өздерінің қарым-қабілеттерін көрсетулеріне толық жағдайлар жасалған. 
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Әділетті Қазақстан жайлы ойлары мен ұсыныстары бәріміздің де көңілімізден шықты. Ендігі мақсат – бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара отырып, ортақ мүдде жолында аянбай еңбек ету. Шынтуайтына келгенде, тілге құрмет – елге құрмет. Мемлекеттік тіліміздің мәртебесін көтеруге, оның қолданылу аясын кеңейтуге әрбір азамат өз үлестерін қосулары керек. Өз басым, бұл тілді жетік меңгергенмін. Оған ана тілімдей құрметпен қараймын. Жастайымнан Түркістан облысындағы Сарыағаш ауданында өстім. Жергілікті қазақ ағайындардың ұл-қыздарымен бір үйдің балаларындай сыйластық. Өз қатарымыздан қалмадық. Олар да бізге туған бауырларымыздай болып кетті. Қазіргі таңда Қостанай қаласында ғұмыр кешіп жатырмын. Осындағы тәжік-өзбек мәдени орталығын басқарамын. Көп жылдардан бері Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесімін. Алдағы уақытта да еліміздің өркендеп, әлемдегі өркениетті мемлекеттердің алдыңғы шебінде болуына бойымдағы барлық күш-қайратым мен білім-білігімді арнай беремін. 

Эргешвой ХОЛМЕТОВ, 
Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, Қостанай облыстық тәжік-өзбек мәдени орталығының төрағасы 

 

9199 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз