• Заманхат
  • 26 Мамыр, 2023

ҰЛТТЫҚ МУЗЫКАДАҒЫ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕР

Гүлзада ОМАРОВА, 
өнертану докторы, Т. Жүргенов атындағы Ұлттық өнер академиясының профессоры 

Белгілі өнертанушы-ғалым Әлия Мұхамбетованың есімі жұртшылыққа жақсы таныс. Музыка зерттеушісінің жазған еңбектері, ғылыми монографиялары төл өнеріміз бен мәдениетімізді әспеттейтін, сондай­-ақ, өзекті мәселелерін көрсететін қазыналы дүниелерге айналды. Былтыр Т.Қ.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында Әсия Мұхамбетованың 80-жылдығына арналған «Ауызекі музыкалық кәсібиліктің дәстүрлері және қазіргі заман» атты Халықаралық ғылыми-практикалық конференция өткен болатын. Жиынға Орталық Азия халықтарының дәстүрлі музыка фестивалі және Орталық Азия республикаларының танымал өнертанушы-ғалымдары мен орындаушылары  Үндістан, Жапония, Италия, Ұлыбритания, Қазақстан, Өзбекстан, Қарақалпақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Ресейдің Алтай, Хакас, Тыва, Бурятия республикаларынан қатысты.
 

Еліміздің мәдени өміріндегі мұндай ауқымды оқиғаның Ә.И.Мұхамбетованың мерейтойы аясында өткізілуі кездейсоқ емес. Ә.И.Мұхамбетова – қазақстандық этномузыкатану ғылымының бастауында тұрған ғалым. Ол өткен ғасырдың 70-жылдарында бүкіл әлемге алғаш рет қазақтың ән-күй-жыр дәстүрі фольклор емес, жоғары кәсіби классикалық өнер екенін жариялады. Бірақ, қазақтың әншілік, күйшілік, жыршылық дәстүрі жазбаша емес, ауызекі дәстүр еді. Дәл мұндай дәстүрдің қатарына Шығыстың барлық поэзиясы мен музыкасы да жатады. Әлемдік музыкатану ғылымында алғашқылардың бірі болып, Әсия апай бұл анықтамалардың (жазбаша және ауызекі дәстүрлер) артында музыкалық ойлаудың екі түрі бар екенін жазды, өйткені ауызекі музыка мәдениетінде, жазбаша мәдениеттерге қарағанда, шығармашылық, орындаушылық және оны жеткізу мен тарату мүлдем өзгеше амалдармен іске асырылатыны мәлім. 
«Ауызекі музыкалық кәсібиліктің дәстүрлері және қазіргі заман»   тақырыбындағы конференция дәл осы мәселеге арналды. Қазақстандағы ауызекі-музыкалық кәсіпқойлық мәселелерін А. И. Мұхамбетова 90-шы жылдары өз еңбектерінде көтергенімен (бұл еңбектер 2002 ж. «Казахская традиционная музыка и ХХ век» және 2013 ж. қазақ тілінде «Қазақ дәстүрлі музыкасы және ХХ ғасыр» кітаптарына енді), біз олардың ұлттық мәдениетіміздегі  және  болашақтағы маңыздылығын әлі де мойындамай жүрміз. 
Ғасырлар бойы ауыздан-ауызға (музыкада  «қолма-қол», «құйма құлақ») жолымен дамыған өте жоғары мәдени жетістіктеріміз бен дәстүрлеріміздің қазіргі замандағы хәлін түсінетін және мәселелерін шұғыл қолға алудың уақыты әлдеқашан келді. Көпшіліктің «Бұл жерде қандай мәселелер бар?» деп ойлайтыны анық. Бұрын бізде музыкалық және музыкалық-поэзиялық мәдениет ауызша дамыған болса, қазір бәріміздің оқу, жазуды меңгерген біліміміз бар, бәрін хатқа түсіре аламыз. Енді ештеңе жоғалмайды, бәрін хатқа түсіруге болады, аудио және музыка жинақтарына енгізіліп жатыр, әрі қарай да енгізіле береді. Мәселенің негізін ашу үшін ауызша музыкалық шығармашылықтың табиғатын қарастырайық. Халық шығармашылығы, барлық халықтардың фольклоры ауызша болғаны түсінікті. Сонымен бірге, қазақ фольклоры өзінің жоғары көркемдік деңгейіне қарамастан, оның қолданбалы қызметін ұмытпау керек, сондықтан ғұрып, салтқа орайластырылған әрбір жанрдың өз атауы болғаны мәлім (сыңсу, жар-жар, беташар, жоқтау, арбау, жарапазан және т.б.). 
Бірақ осы көркем халық шығармашылығының қойнауында өнер де қалыптасты және ол, хатқа түспегеніне қарамастан, өте жоғары кәсібилік қасиеттеріне ие болды. Осылайша жыр, күй, ән өнері пайда болды, олардың иелері ақын, жыршы-жыраулар мен күйші, әнші (сал, серілер) болған. Қазақ халқында әдебиет пен өнерде өте ерте қалыптасқан кәсіби дәстүрдің куәгері ол – XV ғасырдағы жыраулардың авторлық туындылары. 
Сал, сері мен күйші ғана емес, сонымен қатар, кез келген шығыс мәдениетін музыканттарының оқу-тоқуы және білім алуы ұстаздан шәкіртке тікелей (яғни, ауызша түрде) берілгенін білеміз, олардың арнайы мектептері немесе оқыту жүйелері,  оқу әдістері, т. б. мәліметтері хатқа түспеген, бізге жетпеген. Шәкірт (адепт) ұстаздың жанында, тіпті, оның үйінде бірнеше ай немесе жылдар бойы тұрып (үй шаруашылығында кез-келген жұмыс істеп) және оның күй (ән, жыр) өнерін үйреніп, одан тәлім, білім алып, шеберлігін әбден меңгеріп алады. Содан кейін ол ұстазының батасымен орындаушы болып, шын мәнінде өнер жолына түседі. Ал бара-бара дарыны жоғары деңгейде көтеріліп, өзі де туынды шығарушы дәрежесіне жетеді. Сонымен бірге, ол үйренгенін, шығарғанының бәрін өз басында (құлағында, қолында) ұстайды және музыкалық мәтіндерді жазбаша түрде (ноталар арқылы) бекіту болмағандықтан, ол әр дыбысты (нотаны) немесе фразаны дәл орындамаған. Осылайша, бір шығарманың бірнеше нұсқасы пайда болды. Демек, бір кездерде шығарылған туынды өзінің әр орындауында қайта туғандай болады (бұл импровизация, «суырып салмалық» деп айтамыз) және одан да ғажап нәрсе – музыкалық немесе музыкалық-поэзиялық мәтіндердің шығуы (қазақтарда сөз тек ХІХ ғасырда музыкадан жекеленді) – ол да импровизация, шығармашылық процесс! 
Енді біз «Неге бұрын ақындар, жырау-жыршылар, сал, серілер, күйшілер болған, ал қазір бәрі тек жыршы-орындаушы, әнші-орындаушы, аспапшылар (домбырашы, қобызшы, сыбызғышы)?» деген сұраққа жауап бере аламыз. Әрине, бірінші кезекте өмір сүру жағдайлары, болмыстың әлеуметтік-мәдени негіздері және дәстүрлі музыканың ортасы өзгерді. Шығармашылықтың барлық тетіктері бұзылған, сәйкесінше, дәстүр өкілдері жоқ, яғни біздің музыканттар шығарушы емес – олар импровизация және  шығармашылықпен айналыспайды, тек бұрын шығарылған дүниені орындап қайталайды (репродукциялайды). Жоғарыда аталған барлық процестер бүкіл шығыс мәдениеттерді еуропаландырумен қатар жүрді.  Жетекші және шынайы кәсіби музыка өнері деп тек еуропалық опера, балет, симфония және басқа да жанрлар танылды (біздің ресми мәдениетімізде әлі де солай болып келе жатыр). Қазақ «музыкалық фольклоры» әуесқойлық саласына ауысып, жазбаша дәстүрдің кәсіби музыкасы (жаңа шығармашы-композиторлар) үшін шикізатқа айналды. Ал қазақ музыкасы «шынайы» кәсіпқойлыққа жету үшін ол ноталарға жазылып, симфониялық оркестрге, халық аспаптар оркестріне, фортепианоға және басқа да еуропалық аспаптарға өңделуі тиіс еді. Ал біздің дәстүріміздегі ән, жыр мен күйлердің көптеген нұсқалары кеңес дәуірінің аға буынымен бірге кетті. Сол мыңдаған шығармашылықтың бірен-саран нұсқаларын біз таспаға, одан да аз бөлігін нотаға жазып үлгердік. Енді әндер мен күйлердің көбінесе бір, ең жақсы жағдайда бірнеше нұсқаларын орындаймыз және осы жалғыз нұсқаларды не бір абсолютке айналдырдық, өйткені олар құжатталған, яғни ноталар бойынша жазылған дүние эталон (шынайы, алғашқы) болып саналады. Бірақ (және мұны ескеруіміз қажет) – бұл жазбаша дәстүрдің заңы бойынша!.. Сонымен, біздің орындаушылар нотаға түсірілген күйдің ішінде негізінде шамамен 40-50 күй және осы көлемдегі ән мен эпикалық дәстүрдің шағын формалар (толғау, терме) үлгісін орындайды. Көлемді жырлар сахнада немесе басқа көпшілік алдында өте сирек орындалады, қазір бұл дәстүр жоқтың қасы. Қорыта айтқанда, ең болмаса, жазбада (аудио) сақталып қалған  1000 ән мен 1000 күйдің өздері  орындалмай жүр. Неліктен?   Міне, енді  мәселенің түбіне жеттік.
Оны ашу үшін бүгінгі дәстүрлі музыкант қалай қалыптасып, дамитынын қарастырайық. Егер бұрын бұл табиғи ауызекі оқу процесі болса, қазіргі  мәдениет пен өнер жүйесінде бала, мысалы, домбырашы болсын десек, оны музыка мектебіне апарамыз (қазір ауылдың өзінде де бұрынғы тәсілдермен үйрететін адам табылмайды) және бұл жерде ол пианино, скрипка, флейта, баян сияқты аспапшылар сияқты оқиды, яғни, жазбаша дәстүрдің музыканты ретінде. Сондықтан, егер, ол кәсіби домбырашы немесе әнші болғысы келсе, ол, ең алдымен, музыкалық нотаны үйренуі керек, әрі қарай күй мен әнді нота арқылы үйрене алады. Бұл жағдайда баланың тыңдау, есту, ауызша қабылдау, есту, есте сақтау қабілеттері шын мәнінде жақсы дами алмайды және мұның артында өте үлкен мәселе тұр. Бірден айту керек – мектеп пен колледжде жазбаша дәстүрдің музыканты ретінде қалыптасқан домбырашы (әнші) кейін  консерваторияға және басқа осы сияқты оқу орындарына түсіп қана кәсіби маман атана алады.  
 Бірақ бұл бүкіл оқу кезеңінде нота арқылы елу шақты күйді үйрене алатын және оларды да жадында сақтай алмайтын кәсіби маман, себебі  ноталық мәтінді үйрену кезінде ол визуалды және қысқа мерзімді жадымен жұмыс істейді де, есіту және ұзақ мерзімді жады дамымай қалады. Жоғарыда айтылғандай, қазіргі дәстүрлі музыканттардың барлығы күйлердің, әндердің сақталған  бір-екі нұсқаларын ойнайды және олардың нотадағы қатып қалған нұсқаларын музыка, сөз мәтін жағынан бірдей орындайды (жазбаша дәстүр ережелеріне сәйкес, ноталарда ештеңені өзгерту мүмкін емес!). Бұл мәселені шешу – барлық қалған күйлерді нотаға жазып, оркестрлер мен ансамбльдерге еңгізуде емес (бұл мүмкін емес және бұл дәстүрдің жойылу жолы), ұлттық мәдениет пен өнердің тұлғалары, өкілдері бола алатын дәстүрлі музыканттардың жаңа буынын тәрбиелеуде! Міне, дәл осы мәселелерді – ұлттық музыкалық дәстүрлерді сақтау, оларды болашақ ұрпаққа жеткізу және олардың қазіргі заман мәдениеттерінде қызмет ету жолдары, формалары –  түрлі елдердің ғалымдары мен музыканттарын бірдей мазалайтын ортақ сауалдар.  
Бұл сұрақтар – дәстүрлі музыканы сақтау және қазіргі заманда оның болмысы, мәселелері, осы музыканы орындаудың формалары мен стильдері, заманауи оқу орындарында дәстүрлі музыканттарды оқыту мәселелері ғалымдардың баяндамалары мен дәрістерінде, орындаушылардың шеберлік сыныптарында айтылды. 
Бұл мәселелер қазіргі таңда барлық шығыс елдерін, соның ішінде, ұлттық дәстүрлерін табиғи қалпында сақтап отырған Орталық Азия  халықтарын ойландырады. Әрине, бізді әр халықтың осыған ұқсас мәселелерді  қалай шешетіні қызықтырды. Атап айтқанда, дәстүрлер қалай сақталады, олар қазір қалай өмір сүреді, концерттік бағдарламалардан басқа қандай дәстүрлі музыканы орындау формалары пайдаланылады, дәстүрлі ауызша оқытудың қандай әдістері оқу практикасында қолданылады, жалпы олар қалай оқытылады, қандай жүйелер мен бағдарламалар бар, қандай пәндер жүргізіледі және т.б.мәселелер. 
Бұл жерде біз өзіміздің жақын және алыс көршілеріміз – қырғыздар, өзбектер, қарақалпақтар, тәжіктер, әзірбайжандардан артта қалып отырмыз деп айтуымыз керек. Шындығында, қазір әлемде екі қарама-қарсы тенденция байқалады: бір жағынан жаһандану процестері күшейіп, екінші жағынан, халықтар өздерінің мәдени ерекшеліктерін сақтауға тырысады, ұлттық сананың өсуі байқалады.  Меніңше, біз жаһандану процестеріне көбірек көніп отырмыз, тіпті тіл, мәдениет және ұлттық музыка тағдыры туралы ойласақ та, олардың дамуы үшін өте аз және кездейсоқ әрекеттер жасаймыз. Мәселен, Әзербайжан елі ұлттық мәдени дәстүрлерді жаңғырту қажет екенін тәуелсіздік алған кезінде түсінген. Олар бұл үшін не істеп жатыр? Біріншіден, өз елдерінде, содан кейін бүкіл әлемде өздерінің мәдени жетістіктерін, әсіресе, өз музыка үлгілерін қатты насихаттайды, олардың муғам музыканттары бүкіл әлемге танымал және барлық халықаралық байқауларда бірінші орынға ие. Елде бұл ұлттық өнер өте танымал және ең жоғары деңгейде орналасқан  – әзірбайжан ашуг эпикалық әншілері, аспаптары (тар, зурна және т.б.), муғам ансамбльдері барлық жерде естіліп тұрады. Балалар жас кезінен бастап осы музыкамен өседі, ұлттық дәстүрлерді үйрететін музыкалық мектептер тегін. Мен өзім 2018 жылы жыл сайын өткізілетін үлкен мерекенің куәсі болдым, ол «Муғам декадасы» аталатын 10 күн бойы бүкіл елде осы өнердің концерттері болғанын көрдім. Біздің музыканттар Қырғызстанға да сәуір айының соңында жыл сайы өтетін Қырғыз ұлттық тойына барады, 2013 жылы мұнда ресми түрде «Кыргыз Республикасынын Ултуук салтуу музыкасы күни» тойланады, оның іс-шаралары бүкіл елде бір апта бойы өткізіледі.  
Бірқатар елдерде өз мәдениеттерін жандандыру мәселесіне қаншалықты байыпты қарайтындығының ең маңызды дәлелі – олардың дәстүрлі музыканттарды оқыту үшін арнайы оқу орындары ашылғандығы. Яғни, 70 жылдан кейін көптеген халықтарға жазбаша еуропалық дәстүрдің музыканттарын тәрбиелейтін консерваториялық оқыту жүйесі ұлттық музыкалық мәдениеттің нағыз өкілдерін тәрбиелеуге қайшы келетіні  белгілі болды. Сондықтан, дәстүрлі музыка бөлімшелері консерваториядан бөлініп, арнайы ашылған жоғары оқу орындарында өз факультеттерін құрды. Олар ұлттық музыкалық дәстүрлерді көтеретін болашақ мамандарға арналған өзге оқу бағдарламаларын жасады. Сонымен қатар, консерваториялар мен академияларда «академиялық народниктар» тәрбиелейтін факультеттер де қалды, яғни қазіргі заман жанрлары мен бағыттарын  меңгеремін деушілер,  халық оркестрлері мен аспаптар ансамбльдерінде жұмыс істегісі келетіндер сол факульттерде оқи береді.  
Дөңгелек үстелде біз осы мәселелерді талқылаған кезде, Қазақстанның этномузыкологиясында дәстүрлі музыканттарды оқыту мәселелері көптен бері көтеріліп келе жатқаны туралы әңгімелестік, енді бізде тез арада арнайы ЖОО-ны ашу өте қажет (онда оқытудың орта буыны да болуы тиіс).  Бірақ  Болон жүйесі аясында да (бұл да неше жыл бойы айтылып келе жатыр) нарық шартына сай тек таза дәстүрлі орындаушыларды ғана емес, сонымен қатар, оркестрант, өнер менеджерлерін, мұғалімдерді, зерттеушілерді, редакторларды, мұрағатшыларды және т. б. мамандандырылған кадрларды тәрбиелеуге болады. Әзірге бізде, мысалы, консерваторияны, Жүргенов өнер академиясын, Астанадағы ҚазҰӨУ бітірген домбырашылар негізінде  «оркестр әртісі және педагог» (әншілер негізінде «әнші-педагог») біліктілігін береді. Яғни, бізде дәстүрлі музыканттар үшін тек екі жұмыс саласы бар, олар – оркестрлер (ансамбльдер) және мектептер (колледждер). Осылайша, біз еуропалық және шын мәнінде заманауи оркестрлік орындаушылыққа бағытталған кеңестік музыкалық білім беру жүйесін әлі де жаңғыртудамыз (ал ұлттық мәдениетте оркестрлер, ансамбльдер болмағанын ескертейік).   
Бұл жерде білім берудегі реформалар мәдениеттегі реформалармен қатар жүру керек екені түсінікті. Ұлттық мәдениеттер мен ұлттық музыка өнерін жандандыру жолына түскен барлық елдерде оларды оңалту мен одан әрі дамытудың мемлекеттік бағдарламасы  болуы керек. Яғни, ұлттық дәстүрлерді жаңғырта отырып, олар қазіргі мәдениетте қалай жұмыс істеуі, қалай дамуы керек екенін түсініп,  белгілі жолға бағыттау кажет. Әрине, бұл мәдени саланың барлық инфрақұрылымын адамдардың және жалпы алғанда, бүкіл ұлттың (егер, ол әлі де ұлт ретінде қалса) рухани қажеттіліктерін ескере отырып құру керек. Мысалы, Тәжікстанда 2000 жылдардың басында Маком академиясы құрылды (жеке оқу орны ретінде болса да) және оның көптеген түлектері қазір ұлттық мәдениет саласында белсенді қызмет істеуде, олар музыкалық мұраны насихаттаумен бірге, барлық оқу орындарында дәстүрлі музыканттарды тәрбиелеп жүр. Маком Академиясында осы жұмыстың бастауында тұрған Тәжікстанның көрнекті мәдениет қайраткері, Тәжікстанның халық әртісі Абдували Абдурашидов қазір Өзбекстанға жұмыс істеуге шақырылды, өйткені Ташкентте де жаңа оқу орны – Юнус Раджаби атындағы Өзбек ұлттық музыка өнері институты (оқу орны) ашылды. 
Ал бізде осындай үлкен конференция­да айтуға, тәжірибемізбен бөлісуге және мақтануға болатын нәрсе бар ма? Иә, бар! Біріншіден, бұл ұлттың салауатты рухы –  ол еш нәрсеге қарамастан әлі де сақталған, сондықтан, бізде жоғарыдан жасалмаған нәрсе төменнен жасалып жүр. Мәселен, біздің кәсіби дәстүрлі музыканттарымызға кеңестік музыкалық білім бергенімізге қарамастан, бізде балаларды домбырада жаппай ауызша (қолма қол) нотасыз оқыту жүйесі құрылды және бұл шын мәнінде қолдануда. Оның авторы – домбырашы Абдулхамит Райымбергенов 1990 жылдардың аяғында өзінің «Көкіл» атты жекеменшік мектебін ашқаны белгілі. Осы мектепте барлық балалар домбыра тартады және домбыраның сүйемелдеуімен қазақ әндерін орындайды. Бұл  дәстүр қазақ қоғамында ғасырлар бойы болған құбылыс.  Орталық Азияның музыка мәдениеттерін қолдаудың бір жеке қорына 2000 жылдарда  берілген жобаның арқасында Абдулхамит пен Сайра Райымбергеновтер өздерінің педагогикалық тәжірибесін бүкіл Қазақстан бойынша тарата алды.  Облыстар бойынша 60 мектеп ұстаздары олардан жүздеген домбыра мен әдістемелік құралдар, ауызша оқыту әдістемесін алды.  Осы әдістемені меңгергісі келетін оқытушылар үшін  бірнеше семинарлар ұйымдастырылды. Жоба авторлары облыстардан келген болашақ педагогтарға кітаптар, дискілерді табыстап, балаларды оқытудың барлық әдістемесін өз мектебіндегі әр сыныптарда оқитындарды көрсете отырып, Қазақстан мектептерін «Мұрагер» деп атаған нотасыз домбыра үйрету бағдарламасымен қамтамасыз етті.  
Қазір көптеген  домбыра үйірмелері де осы әдісті қолданады және оқушылар  қазақ музыкалық аспаптарында ойнауды ешбір нотасыз меңгереді. Бұл біздің дәстүріміздің қайта жандануына үлкен үміт береді, өйткені, балалар ноталарға байланбайды, келешекте орындаушылықта осы арқылы  еркіндік пайда болады және бұл ескі ауызша оқыту жүйесі. Әрине, олардың барлығы музыкант болмайды, бірақ олар бұл өнерді түсінетін және  әніміз бен күйіміздің болашақтағы тыңдаушылары. Өйткені, бізде ең ауыр, күрделі мәселе (және конференция мен мастер-класстардың барлық қатысушылары бұл туралы айтты) – бұл тыңдаушылардың жоғалуы, яғни ұлттық музыканы қабылдай алатын, тыңдайтын жұрт болмаса, бұл тек ұлттың «дыбыс ескерткіші» болып қалады. Сонымен, қазір домбыраны ауызекі түрде меңгерген және қазақша ән айтатын балалар – бұл біріншіден тыңдаушылар, ал олардың бір бөлігі музыкант бола алады, бұл біздің дәстүрлі музыканттардың нағыз болашақ  кадрлары! Сондықтан, бүгін ата-аналар балаларын балалар үйірмелеріне әкелгенде, бұл өз мәдениетіне дауыс беретін халық және бұл  өз мәдениеті мен дәстүрлеріне қарай жасалған үлкен  қозғалыс. Бір өкініштісі,  биыл көктемде мемлекет тарапынан ашылған тегін үйірмелер қазір қаражаттың жоқтығынан жабылып жатыр... 
Ұлттық музыкамызды насихаттау мәселесіне келетін болсақ, бізде қазақтың дәстүрлі музыкасын үнемі насихаттайтын   жалғыз телеарна –  «Домбыра»  арнасы. Ол біресе істейді, ақшасы таусылғанда, жабылады. Балабақшаларда  қазақ музыкасын тыңдау арқылы үйрету жұмысы баяғыдан басталуы керек екені айтпасада түсінікті. Өзбекстанда ұлттық музыкалық тәрбие ерте жастан басталады. Ал бізде әдеттегідей попмузыкамен тәрбиелейді, бақшаларда да, мектептерде де, яғни балалардың құлағы,  көркем-эстетикалық маңызы төмен музыкамен бітеліп қалады. Музыканың адамдар санасына әсер ететінін және біз классикалық ұлттық музыкалық дәстүрлерді жеке адамдың және өз халқымыздың адамгершілігі үшін мақсатты түрде қолдануымыз керек екенін түсінетін кез келді.

966 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз