• Заманхат
  • 26 Мамыр, 2023

Ерлік – елге мұра

Сандуғаш АХМЕТОВА,    
Қазақстан Республикасы
Қарулы Күштері Мемлекеттік 
әскери-тарихи музейі 
ғылыми-іздестіру бөлімшесінің 
басшысы, лейтенант

Еліміздің Қарулы Күштерінің Мемлекеттік әскери-тарихи музейі, қазақ халқының әскери тарихының кезеңдерін қайта жаңғырту жолында, белсенді жұмыстар атқарып келеді. Музей жұмысының негізгі әдісі – іздестіру топтарымен, мемлекеттік архивтер, музейлермен ынтымақтастық орнату және ата-бабалардың қасиетті тарихын жалғастырған батырларымыздың ұрпақтарымен тікелей байланыста жұмыс істеу. 
Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында Қызыл Армия қатарына 178 мың адамға қосымша 1 млн 200 мың қазақстандық шақырылды. Ол жауынгерлер барлық шайқастарға батылдықпен қатысты. Кейін КСРО жауынгерлік ордендерімен және медальдарымен Қазақстаннан жүз мыңнан астам жауынгер марапатталып, 500-ден астам адам Кеңес Одағының Батыры атағына ие болды.
«Atamnyn Amanaty» қоғамдық бірлестігінің деректері бойынша Ұлы Отан соғысы жылдарында 600 мыңнан астам қазақстандық қаза тапты, ал 271 мың адам хабар-ошарсыз кетті. Сол соғыста хабар-ошарсыз кеткендердің бірі – отандасымыз кіші лейтенант Омар Исабеков.
Омар Исабеков 1912 жылы Жамбыл облысы Көктерек ауданы «Айдарлы» колхозында (Бірлік ауылы) дүниеге келген. 1943 жылы 23 маусымда Шу аудандық әскери комиссариатында Қызыл Армия қатарына шақырылды. 1943 жылдың қарашасынан 1944 жылдың қарашасына дейін Полтава танк мектебінде оқыған.
Училищені аяқтағаннан кейін батальон командирінің 1944 жылғы 19 қарашадағы № 0746 бұйрығымен Исабековке кіші лейтенант атағы берілді. Кейінірек ол 108 танк бригадасының жеке танк батальонының Т-34 257 танкінің командирі болып тағайындалды, командирі сол кезде полковник Баранюк Василий Никифорович болды. 
«Память народа» порталының құжаттарына қарасақ, кіші лейтенант Исабеков Омар 1945 жылы 24 сәуірде жарақат алғаны жазылған. 
Беларусь майданының 1 бронды және механикаландырылған әскерлері қолбасшысының РФ ҚМ Орталық мұрағаты жариялаған «КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 30.05.1945 жылғы №: 68/н бұйрығын» зерделеу кезінде «неміс басқыншыларына қарсы күрес майданындағы қолбасшылықтың жауынгерлік тапсырмаларын үлгілі орындағаны және ерлігі үшін» кіші лейтенант Исабеков Омар Қызыл орденмен марапатталғаны анықталды.
Сондай-ақ, Берлин қаласына жеткен қазақ танкистінің марапаттау парағында мынадай ақпарат бар: 
«Жолдас Исабеков О. Одер өзенінің батыс жағалауындағы қорғанысты бұзуға қатысты, біріншісі өзінің танкісімен алдағы операция үшін құнды мәліметтер бере отырып, шайқаста барлау ісін де жүргізді. 1945 жылдың 15-30 сәуірі аралығындағы барлық шайқастарда ол атыс нүктелері мен жаудың орналасқан жерін барлау бойынша жауапты міндеттерді орындады және алғашқылардың бірі болып Берлин қаласының ұрыс алаңына ерлікпен кірді. Танкті шебер басқарып, маневрді от күшімен үйлестіре отырып, Жолдас Исабеков: 2 неміс Т-4 типті танк, бір типті мылтық, 1 танкке қарсы мылтық (ПТО) батареясы, 10 фаустник, 6 атыс нүктесі, 2 зениттік зеңбірек және 70-ке дейін жау сарбаздары мен офицерлерін жойды». 
Кадрлар бас басқармасының 1953 жылғы 31 тамыздағы №0727 бұйрығымен Исабеков Омар хабар-ошарсыз кету себебімен Кеңес Армиясының тізімінен шығарылған. 
 Ұлы Отан соғысы кезінде қаза тапқан және хабар-ошарсыз кеткендерге арналған Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің «Мемориал» деп аталатын деректер банкінің мәліметтері бойынша, Қазақстан аумағынан шақырылған әскери қызметшілердің тізімінде кіші лейтенант Исабеков Омар хабар-ошарсыз кетті деп есептелінген. 
Соғыс басталғанға дейін де Исабеков Омар өмірдің көптеген сынақтарынан өтуге мәжбүр болды. Қатипа Жетенқызымен отбасын құрып, алты ұлы болады, бірақ олардың үшеуі бір жыл тұрмай қайтыс болған. 
Омар Исабеков отбасының ұрпақ жалғаушысы, оның немересі – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің полковнигі Исабеков Ерлан Лазоұлы. 
Соғыс аяқталды, бірақ орны толмас жоғалту азабы біздің жүрегімізде мәңгі қала бермек. 

 

967 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз