• Ел мұраты
  • 26 Мамыр, 2023

Ғылымды дамыту жолдары талқыланды

Ғылымды дамыту – еліміздің стратегиялық басым бағыттарының бірі.  Ғылым – қоғам дамуының негізгі көрсеткіші. 2000-жылдары қоғамдық ұйымға айналған Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының мемлекеттік мәртебеге ие болуы ғылым саласының дамуына көзқарастың артуының белгісі. Жуырда Алматы қаласындағы Достық үйінде  Қазақстанның салалық академиялары және ғылыми қауымдастықтары басшыларының қатысуымен дөңгелек үстел өтті. Ұлттық ғылым академиясының жаңа басшылығы ұйымдастырған алғашқы жиында ғылыми зерттеулерді қаржыландыру, маман даярлау, ғылым саласындағы мемлекеттік бағдарламалардың сапасы мәселелері талқыланды.  

Соңғы отыз жылда ғылым саласында ілгерілеушіліктер аз болғаны жасырын емес. 1991 жылы ғылыми қызметкерлер саны 40,8 мың адам болса, қазірде 22,6 мыңға жуық, яғни екі еседей қысқарған. Бұл жылдары ғылымның қоғамдағы беделі де төмендеп кетті. Ғылыми ойды коммерцияландыру көрсеткіштері нашарлады. Сондықтан да қоғамдық ұйым санатындағы Ғылым академиясына мемлекеттік мәртебе берілді.  
Мемлекет басшысы Ұлттық ғылым академиясын Президент жанындағы «Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы деп қайта атау туралы Жарлыққа қол қойды. Ондағы мақсат – Ұлттық ғылым академиясының мәртебесін арттыру. Бұдан былай ұлттық ғылым мен академияның барлық мәселесі Президенттің тікелей қадағалауымен жүзеге асатын болады және енді ол республикалық бюджеттен қаржыландырылады. Ғылыми қауымдастық бұл жаңалықты үлкен серпіліспен қабылдады. Басты мақсат – Қазақстанды ғылымы дамыған елге айналдыру. Ғалымның қоғамдағы беделін көтеру. Ол үшін салаға тиянақты көңіл бөліп, қаржыландыру тетіктерін жақсарту қажет. 
Қазіргі таңда ғылыми қауымдастық алдына жаңа талаптар мен міндеттер қойылып отыр. Өйткені, бұған дейінгі ғылымды ұйымдастыру жүйесіне тағылатын сын көп. Дөңгелек үстелге қатысушылар негізінен ҒЗТҚЖ (ғылыми-зерттеушілік және тәжірибелік-құрастырым жұмыстары) қаржыландыру жүйесін түбегейлі өзгерту – керектігіне назар аударды. Жалпы, қазақстандық ғылымның келелі мәселесінің бірі осы коммерцияландыру. Инновациялық идеялар жеткілікті болғанмен, көптеген ғылыми жобалардың коммерциялық әлеуеті жеткіліксіз болып жатады немесе тәжірибе жүзіне аспайды. Жылдан-жылға ғылымды қаржыландыру көлемі артып келе жатқанмен, нақты нәтиже мардымсыз. Мәселен, ғылыми шығындар жалпы ішкі өнімнің бар болғаны 0,13 пайызын құрайды. Сол себепті қолданбалы зерттеулердің басым көпшілігі коммерцияландыру сатысына жете алмайды. Әлемдік инновациялар рейтингінде де Қазақстанның көрсеткіштері төмен. Bloomberg даярлайтын Инновациялық мемлекеттер тізімінде Қазақстан 60 елдің ішінде 59-шы орында тұрған (2020-ж.). Бұл көптеген факторлардың нәтижесі, соның ішінде, ғалымдардың жетіспеушілігі, жалақының төмендігі, технологиялық компаниялардың аздығы және басқа себептер бар. Дегенмен, жылдан-жылға ғылымды қаржыландыру көлемі артып келеді, мәселен, ҒЗТҚЖ-ға 2020-жылы 89 млрд теңге бөлінсе, 2021-жылы 109 млрд теңге бөлінген.  Дөңгелек үстелде сөз алған Қазақстан ұлттық Жаратылыстану ғылымдары академиясының вице-президенті Әбдікәрім Зейнуллин өнеркәсіпке енгізу жоспарланған жобаларға алқалы сараптама жасау керектігін атап айтты. Бұл бөлінген қаражатты тиімді пайдалану және тек қажетті жобалардың өтуі үшін қажет. «Бастапқыда тиімді көрінген жоба көп жағдайда ақыры еш нәтиже бермейтіндігінің себебі – оны әзірлеуге деген жүрдім-бардым қатынас» деді Ә.Зейнуллин. 
Ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясының президенті Тілектес Есполов грант ұйымдастырушылары ғылыми зерттеу ерекшеліктерін мүлдем ескермейтініне назар аударды. Оның сөзінше, жобаны байқауға дайындауға берілетін уақыт тым тығыз. Жобаны тыңғылықты даярлауға мүмкіндік берілмейді. Соның салдарынан басында жақсы көрінген жоба түкке тұрмайтын болып шығады, ал болашағы бар жобалар іріктеуден өтпей қалады. 
 Ұлттық ғылым академиясының президенті Күнсұлу Закарья өз сөзінде атап өткендей, тәуелсіздік алғалы бері елде ғылым мен ғылыми жобаларды қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар көптеп қолға алынды. Оларды жүзеге асыруға арнайы қаражат бөлінді. Алайда олардың бір де біреуі аяғына жетіп, нақты нәтиже бермеген. Кейбір бағдарламалар орта жолда тоқтатылды. Академия басшысының пікірінше, оның себебі – сапалы менеджменттің болмауында. Сондықтан да «жеті рет өлшеп, бір-ақ рет кесіп», ең тиімді жобаларды таңдау тетіктерін жетілдіру қажет. 
ЖОО қауымдастығының басшысы Рахман Алшанов әріптестерінің сөзіне қосыла келе, ғалымдар басшылыққа есеп беруге емес, нәтижеге ден қоюды үйренуі керек деп атап өтті. Ғалымның айтуынша, «2022 жылы Қазақстандағы ғылымды дамытуға 70 млрд теңге бөлінген, одан келген пайда – 26 млрд теңге». Яғни, мемлекет қаржысы тиімсіз жұмсалуда. Бұл назар аударатын жайт. 
Жиын соңында Ұлттық ғылым академиясының президенті К.Закарья Ғылым және жоғары білім министрінің осы аптадағы бұйрығымен Академияда тағайындалған вице-президенттерді таныстырып өтті. Белгілі ғалымдар Асқар Жұмаділдаев, Ақылбек Күрішбаев, Ләззат Ералиева және Такир Балықбаев жаңа лауазымдағы қызметтерін бастап, өздеріне тапсырылған міндеттер бойынша жұмысына кірісті.  
Күнсұлу Закарья: «Бұл тағайындаулар – ғылым үшін үлкен оқиға, өйткені бұл азаматтардың әрқайсысы – отандық ғылымның мақтанышы, мен үшін сіздердей көрнекті тұлғалармен жұмыс істеу үлкен абырой», – деп жылы лебізін білдірді. 
ҒЗТҚЖ қаржыландыру жүйесін түбегейлі өзгерту – ғылымды дамытуға ықпал етудің бір тетігі. Ұлттық ғылым академиясының алғашқы жиыны осы тақырыпқа арналды. Дөңгелек үстелдегі пікірталас барысында салалық академиялар мен ғылыми қауымдастықтардың басшылары елдегі ғылымды тоқыраудан шығаруға қатысты ұсыныстарын жолдайтын болып уағдаласты. Сондай-ақ, ҰҒА жанынан нақты мәселелер бойынша нақты шешім әзірлейтін жұмыс топтары да құрылмақ. 

Дина Халық

805 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз