• Ел мұраты
  • 26 Мамыр, 2023

ОТАНЫН ҚОРҒАУ – ӘРБІР АЗАМАТТЫҢ ПАРЫЗЫ

Құтмағамбет ҚОНЫСБАЙ
«Aqiqat»

«Туған жердің аумақтық тұтастығын сақтау – қастерлі борыш. Батыр бабаларымыз ғасырлар бойы жерінің шетін жауға бастырмай, бізге мирас етті. Осы ұлы мұраны көздің қарашығындай сақтау – басты міндетіміз. Біртұтас әрі қуатты мемлекетті ұрпаққа табыстау – негізгі мақсатымыз. Ел іші тыныш, қоғам тұрақты болса, жасампаз әрі өркениетті мемлекетке айналамыз. Яғни, дамыған ел боламыз десек, ең алдымен, бейбітшілік және тыныштық керек. Қарулы Күштеріміз осы қастерлі құндылықтарды қорғауға тиіс!» – деді Мемлекет басшысы – Қазақстан Қарулы Күштері Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 5 мамырда, Отан қорғаушылар күні қарсаңында өткен Бүкілармиялық кеңесте. 
Елінің тыныштығы мен жерінің тұтастығын ойлайтын кез келген мемлекеттің өз әскері, күштік құрылымдары, басқа да арнайы жасақтары болатыны баяғыдан белгілі. Олардың бәрі дені сау, ақылы бүтін, күш-қайраты мол азаматтардан, арнайы оқу орындарында білім алған мамандардан жасақталады. Кешегі кеңестік дәуірде 18 бен 27 жас арасындағы азаматтардың барлығы әскер қатарында қызмет етуі жалпыға бірдей міндет еді. Қазіргі жағдай мүлде басқа. Жастар түгел әскер қатарындағы қызметке шақырылмайды. Оның үстіне, бұл жерде болып жатқан әділетсіздік, әлімжеттік, тәртіптің кемшіндігі сияқты басқа да әртүрлі келеңсіздіктер көпшілікті алаңдатады. Он екі мүшесі сау, ақыл-есі бүтін, елін, жерін, Отанын жан-тәнімен сүйетін жалындаған жігіттердің айдың, күннің аманында әскер қатарынан мүгедек болып оралып, кейбіреулері зорлыққа ұшырап, тіпті өзін-өзі өлімге қиып жатқаны жастарды да, олардың ата-аналары мен ағайын-туыстарын да қатты алаңдатады. Сол себепті де болар, жастардың көпшілігі әскерге барудан қашқақтайды. Сарбаз болу көп жағдайда абырой саналмайды, керісінше ептеп-септеп әскерден қалуды ақылдылық, ептілік деп есептейтін кереғар пікір қалыптасып барады. 
Осы тұста, біраз жыл бұрын, Тамара Дүйсенова Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі болып тұрған кезде, Үкімет отырысында жұмыссыз жастарды әскерге жіберу туралы ұсыныс айтқаны еске түседі. «Қорғаныс министрлігімен типтік оқудан соң жұмыспен қамтылмаған, мектептен соң жоғары оқу орындары және колледждерге түспеген жастарды әскерге алу жайын қарастырып жатырмыз», – деген Тамара ханым, сондай-ақ, ел халқының 24 пайызын құрайтын 14-29 жас арасындағы 4 миллион 206 мың жастың 686 мыңы «ерекше назарда ұстайтын» жастар екенін де ескерткен-тін. Үкімет мүшесінің  айтуынша, олардың арасында жұмыссыз жүргендер, экономиканың бейресми саласында табыс тауып жүргендер, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар бар. Өзін-өзі жұмыспен қамтыған жастардың 68 пайызы, жұмыссыз жастардың 38 пайызы ауылдық жерлерде тұрады. 
Демек, өзін-өзі жұмыспен қамтыған жастардың қалған 32 пайызы және жұмыссыз жастардың 62 пайызы қалаларда тұрады деген сөз! Бір қарағанда, жай ғана сандар болғанымен, бұл – тереңірек ойлап, келешекке көз тіге алатын жандарды қатты ойландыруы тиіс бұлтартпас дерек! Оның қандай қауіпті екенін Қазақстанның бұрынғы Бас прокуроры, қазіргі Мәжіліс төрағасының орынбасары Жақып Асановтың 2016 жылы Ақтөбе облысында орын алған лаңкестік оқиғалардан кейін, жұртшылықпен кездесуде айтқан: «Өткен жылы қылмыс жасағандардың 84 пайызы – жұмыссыздар. Қылмысты болдырмау үшін бірінші кезекте тұрғындарды жұмыспен қамту қажет!» – деген сөзі анық айғақтап тұр. Бүгінгі бүкіл әлемді терроризм елесі кезіп, лаңкестік әрекеттер осы күнге дейін тұрақтылық аралы саналып келген біздің Қазақстанымызда да бой көрсете бастаған тұста, әсіресе, 2022 жылғы Қаңтар қасіретінен кейін, бұны ұсақ-түйек деп қарауға әсте болмайды! Адамзаттың Абайы атанған хакім Абай да «Тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық, аздырар адам баласын» демеп пе еді?! 
Екінші жағынан, ауыл – қазақтың алтын бесігі екенін ескерсек, әйтеуір бір жұмысты алданыш көріп, содан тапқан болмашы ғана табысты талғажау етіп жүрген жастардың 70 пайызға жуығы, ал екі қолға бір күрек таппай жүрген жұмыссыз жастардың 40 пайызға жуығы ауылда тұратындығы және олардың біразы сотталып шыққандығы – тіршілік ету негіздеріміздің өзі қатты өзгеріп отырғанын көрсетеді. Оған қалалардағы жастарды қосыңыз. Сонда белгілі жұмысы, тұрақты табысы жоқ олар қайда барады, кімге ереді?!. 
Бұл – ұлттық болмысымыз бен қазақи асыл қасиеттеріміздің сақталып, әрі қарай дамуына да кері әсерін тигізіп жатқаны сөзсіз. Соның салдарынан бауырмалдық, мейірбандық, үлкенді сыйлау, кішіні тыңдау, ауызбірлік, отбасындағы сыйластық, елге, жерге, Отанға деген сүйіспеншілік сияқты басқа да құндылықтардың қадірі кеміп, сананы тек «табыс табу керек» деген материалдық қажеттілік билеп, ол адамдардың негізгі өмір сүру мәніне айналып барады. Дәл осындай жағдайда ауылдық жерлердегі миллиондаған гектар құнарлы да шұрайлы жерлер игерілмей, өнім өндіру былай тұрсын, пайдаға жарамайтындай деңгейде тозып бара жатқандығы қынжылтады. Әрине, қаңтар қасіретінен кейін Президенттің тапсырмасымен пайдаланылмай жатқан ауылшаруашылық жерлері мемлекет меншігіне қайтарылуда, бірақ ол ауыл тұрғындарына, агроөнеркәсіппен айналысқысы келетін азаматтарға беріліп жатқан жоқ. Берілсе де қарапайым жандардың қаржыға қол жеткізуі әлі қиын. 
Турасын айтқанда, Қазақстанда жұмыссыздық деген мүлде болмауға тиіс! Керісінше, әртүрлі өнім шығаратын үлкенді-кішілі кәсіпорындар жұмысшы күшін, қажетті мамандар таппай: «Бізге келіңіз, сізге барлық жағдайды жасаймыз. Өзге компаниялардан артық төлейміз» деп, әр жұмысшы, әр маман үшін таласып отыратын болуы керек. Өйткені, Қазақстан – аумағы жағынан әлемдегі тоғызыншы ел, ал халқы енді ғана 20 миллионға жуықтады.    Сондықтан, жастарды еңбекпен қамту, оларды отансүйгіштік рухында тәрбиелеу, келешегін қамтамасыз ету, кез келген уақытта ең қастерлі құндылығымыз саналатын – Ел тәуелсіздігін, Отанымыздың қауіпсіздігін қорғау мақсатында Қазақстанның Қарулы Күштерінің қатарындағы сарбаздар сапынан саналы түрде табылуы үшін бүгінгі күні жалпыға бірдей міндетті әскери қызметті енгізу өте өзекті екені күмәнсіз! Тіпті мұны тездетіп шешіп, жуық арада іске асырса – нұр үстіне нұр болар еді! Оның үстіне, тек жұмыссыз жүрген жастар ғана емес, 18 бен 27 жас арасындағы барлық жас түгел және қазіргідей 1 жыл емес, 2 жыл міндетті әскери қызметтен өтетін заң қабылдау қажет. Тіпті заңға «жоғары оқу орындарына тек міндетті әскери қызметін өтеген жастар ғана қабылданады» деген арнайы бап енгізілсе де артық болмас еді. Сонда қазіргідей ата-анасының тірнектеп жинаған қаржысын 4-5 жыл бойы ақылы оқуға жұмсап, не дұрыс білім ала алмай, не соңында жұмыс таба алмай қалатын жағдай да жақсы жағына қарай өзгерері анық. Бұл – кезінде жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап, білім, білік, тәжірибе емес, тек бір жапырақ диплом ғана беретін көптеген жекеменшік оқу орындарының да әбден сараланып, біразының жабылуына әкелер еді. 
Әлеуметтік, экономикалық тұрғыда бұл – ел үшін де, қоғам үшін де, әр-бір жас үшін де тек пайдалы болатыны сөзсіз.
Қоғамда қалай дегенде де осындай ұсыныс-пікірлердің пісіп жетіле бастағаны байқалады. Жоғарыда аталған жиында Президенттің өзі: «Ел тыныштығын қорғайтын әрбір жас маман өз қызметін мақтан етуі керек. Әскери қызметте болу үлкен абырой саналуға тиіс. Біз бұған қажетті барлық жағдайды жасаймыз. Қазір осы бағытта нақты жұмыс жасалып жатыр. Әскери борышын өтеп келген азаматтар енді жоғары оқу орнына жеңілдікпен түседі. Мерзімді әскери қызметтегі сарбаздар несиесін төлеу міндетінен уақытша босатылады. Сондай-ақ олар өздері қаласа, армия қатарынан нақты мамандық алып шығады. Жалпы, сарбаздарды әлеуметтік қолдау шараларын мейлінше көбейту қажет. Әскерде жүрген жастарымыз нағыз сарбаз, нағыз маман болып шығуы – міндет. Олар өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге болуға тиіс. Әскери қызметшілерге жақсы жалақы төленуі керек. Үкімет күштік құрылымдарға еңбекақы төлеудің бірыңғай жүйесіне көшкен кезде осыны ескеруге тиіс», – деді.
Мемлекет басшысы қазіргі күрделі кезеңде армияның рөлі күшейе түскенін, армия егемендігімізді қорғауға әрдайым дайын болуы қажеттігін, оның кәсіби дайындығы, заманауи қару-жарақпен, озық технологиямен жабдықталуы басты факторға айналғанын да айтып өтті. «Әскердің білікті болуы және ұтқырлығы ұрыс нәтижесіне тікелей әсер етеді. Армия осы талапқа сай болса, өз міндетін ойдағыдай атқарады», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің пайымдауынша, қазіргі заманда әбден машықтанған сарбаздар ғана тиімді ұрыс жүргізе алады. Сондай-ақ, сардарлардың біліктілігі айрықша рөл атқарады. Әсіресе, орта және төменгі буындағы басшылардың кәсіби дайындығы жоғары болуы шарт. Олардың дербес шешім қабылдау қабілеті және бастамашылдық қасиеті өте маңызды. Әскер басшылары қабылдаған шешіміне жауап беруден қорықпауға тиіс.
Қатардағы журналист ретінде менің қуанатыным, Мемлекет басшысы – Қазақстан Қарулы Күштері Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев, өзге де әріптестеріммен бірге, біздің талай жылдардан бері көтеріп келе жатқан мәселемізге ерекше мән берді! 

    Тақырыпты тарқатады

Сейілбек АЛТЫНБЕКОВ, Қазақстан Қарулы Күштерінің алғашқы Бас штаб бастығы, доғарыстағы генерал-майор: 
– Соңғы деректерге қарағанда, қазір жастардың басым көпшілігінің денсаулығы нашар. Онда неге біз 14 жасқа келген жасөспірімді тіркеуге алып, әскери есепке қоямыз? Облыстардағы Қорғаныс істері жөніндегі департаменттердің аудандық бөлімдері жанынан ұйымдастырылған медициналық комиссиялар не бітіріп отыр? Әскери есепке алынған әрбір жасөспірімді тұрақты дәрігерлік бақылауға алып, сырқаты бар болса, емдеп, 18 жасқа толғанша оларды әскер қатарында қызмет етуге сақадай сай етіп дайындау – олардың тікелей міндеті емес пе?! Меніңше, бұл салауатты ұрпақ тәрбиелеу тұрғысынан мемлекет үшін өте маңызды және о баста сол үшін ұйымдастырылған қызмет. Әлде олар тек жылына әр ауданнан орта есеппен шақырылатын 100-150 жасты ғана медициналық тексеруден өткізіп, солардың денсаулығының жарамды-жарамсыз екенін айқындаумен ғана шектеле ме?! Бұл – бір. 
Екінші, жастар толық міндетті әскери қызметтен өтетін болса, олардың барлығы таза әскери бөлімдерге түспейтіні анық. Сондықтан, әскерде жастарға әртүрлі кәсіп үйретіп, қызметтің соңғы бір-біржарым жылында тікелей сол кәсібі бойынша, мысалы жол, темір жол, тұрғын үй құрылысы, ауыл шаруашылығы, басқа да салаларда жұмыс істейтін әртүрлі бөлімдер ұйымдастырылуы керек. Сөйтіп, олардың тапқан табыстары әрқайсысының атына ашылған арнайы есепшоттарға ай сайын аударылып отырса. Осылай, бізде сырттан келетін еңбек мигранттарына деген қажеттілік жоғалады. Жыл сайын сыртқа кетіп жатқан миллиардтаған ақша ел ішінде қалады. Кең байтақ елімізде үлкен көлемде салынатын автокөлік және темір жолдарды пайдалануға тапсыру мерзімі қысқарады. Әскерден қайтқан кезде әрбір жастың есеп-шотында олардың отбасын құруы, өз ісін ашуы, жалпы тіршілік етуі үшін қажетті аз мөлшерде болса да бастапқы қаржы болады. Бұл әлемдік тәжірибеде жоқ емес. Басқасын былай қойғанда, біз көбірек араласатын және ЕАЭО-тағы басты әріптесіміз – Ресейде мұның бәрі біраздан бері іске асырылып келеді.
Үшінші, жастар мемлекет есебінен әскерге шақырылам дегенше денсаулықтарын түзеп алады, бос жүрген жас күрт азаяды. Ең бастысы, ата-анасынан, дос-туыстарынан, туған ауылынан алыста жүріп, сағыныш дейтін керемет сезімнің арқасында оларда ағайын-туысқа, туып өскен жерге, елге деген құрмет пен сүйіспеншілік сезім нығайып, отансүйгіштік қасиеттері қалыптасады. Әскери қызметтен өтіп, тәртіпке, ұқыптылыққа дағдыланып, оның үстіне, белгілі бір кәсіп үйреніп қайтқан жас қай жерде де жұмыссыз қалмайды. Егер, мемлекет ауылдық жерлерде жұмыс орындары көптеп ашылатын бағдарлама қабылдап, жастардың баспана мәселесін шешуді, жеке үй салам деушілерге жер телімдерін оңай әрі тез беру мәселесін шешсе, тіпті тамаша! Бұл өз кезегінде демографиялық дүмпуге әкелетіні де анық. Көптеген ұл-қыздарымыздың 40-тан асқанша сүр бойдақ жүруінің басты себебі де осында жатыр емес пе?! 
Төртінші, жастар бұдан былай «әйтеуір оқысам болды» деген ойды мүлде ұмытуы керек. Сонша қаржы жұмсап, жігерлі жастық уақытты бекер өткізудің қажеті не, ертең жұмыссыз қалатын болсаң! Сондықтан әбден ойланып, әркім өзінің қабілет-қарымы, бойындағы дарыны, заман талабына қарай, әрқашан сұранысқа ие болатын мамандықтар бойынша кәсіби білім алғандары жөн. 
Тағы бір маңызды нәрсе, студент және оқушы жастардың жылына екі-үш ай жұмыс істейтін еңбек отрядтарын ұйымдастыруды қайта қолға алған жөн. Жалпы, жастарды еңбекке баулудың, олардың санасына еңбек – тіршіліктің негізгі талабы екенін, қандай жетістікке де тек еңбек арқылы қол жеткізуге болатынын сіңірудің тиімді тетіктерін әзірлеп, тәжірибеге енгізу қажет. 
Бесінші, армиядағы барлық бұйрық, іс қағаздары тек қана қазақ тілінде жүргізілуі тиіс! Аптасына кемінде 5-6 сағат саяси-құқық сабақтары, әр күні әлемде және елімізде болып жатқан әртүрлі оқиғалар жайында хабардар ететін 20-30 минуттық ақпараттық іс-шаралар өткізілгені жөн. Ең бастысы, олардың дені Қазақ халқы мен Қазақ мемлекетінің тарихына, еліміздің әлемдік өркениетке қосқан үлесіне, бүгінгі орны мен маңызына, келешекте атқаратын қызметіне бағытталуы және міндетті түрде қазақ тілінде жүргізілуі керек! Осылай біз тек қана қазақ жастарының емес, өзге ұлт өкілдерінің де тарихы терең, мәдениеті бай, салт-дәстүрі ерекше Қазақ елі мен Жеріне деген сүйіспеншілік пен мақтаныш сезімін қалыптастыратынымыз сөзсіз. Мұның бәрі сайып келгенде жастарды отаншылдық рухында тәрбиелеумен бірге, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев алға қойып отырған ұлттық тұтастану, берекелі қоғам құру міндеттерін шешуге де ұнамды ықпал ететіні күмәнсіз. 
Сәрсенбай ЖҰМАШЕВ, «Қарулы Күштердің офицер-ардагерлері» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, доғарыстағы полковник:
–Бірінші, әскери қызметті ұйымдастыру және жеке құрамның одан өту жүйесі әлдеқашаннан бері «косметикалық» емес, концептуальды түрде өзгертуді қажет етеді.  Бірінші кезекте заң нормаларын өзгерту керек. Ол әрине, қолданыстағы бар заңдарға «өзгертулер мен толықтырулар енгізу болмауы тиіс! 
Екінші, бұл нормалар: «Кім армия қатарында қызмет етуге міндетті»; «Қызмет мерзімі қанша болуы керек және оны қалай өту қажет»; «Әскери қызметке қабылданған күннен жеке құрамды қамтамасыз етудің барлық түрлерінен шығарылғанға дейін әскери қызметшілер және олардың отбасы мүшелерін қамтамасыз ету бойынша мемлекеттің міндеттері» деген сұрақтарға жауап беруі тиіс! Менің негізгі ұстанымым – әскери  қызметке жарамды азаматтардың барлығы армия қатарында қызмет етуге міндетті болуы керек!
Алтынбай ДӘУРЕНБЕКОВ, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің бұрынғы баспасөз хатшысы, доғарыстағы полковник: 
– Меніңше, армиядағы бүгінгі тәртіпті бұрынғымен салыстыруға мүлде келмейді. Оның көптеген себебі бар. Мысалы, жастар бұрынғыдай әскер қатарында болып, Отан алдындағы борышын атқаруды міндетті парызым деп санай бермейді. Ең өкініштісі, әскер қатарында қызмет етіп қайту – ер жігіт болып қалыптасудың мектебі, ел-халықтың, қоғамның алдында беделіңді арттыратын абыройлы іс деп есептелмейді. Оның үстіне, сардарлардың да білім-білігі көп жағдайда кемшін түсіп жатады. Олардың біразында кәсіби тәжірибе, біліктілік, отаншылдық рух жетіспейді. Көпшілігі кешегі қиын кездерде әртүрлі саладан тұрақты жалақы үшін әскерге келгендер. Соның салдарынан әскери тәрбие, жауаптылық, тәртіп, мәселесі ақсап тұр. Қоғамды түгел жайлаған жемқорлық індеті әскерді орағытып өтпегені де белгілі. Солардың салдарынан, бірінші кезекте әскер қатарында қызмет ету – жалпыға бірдей міндет болмағандықтан және тәртіптің төмендігі жастардың жауынгерлік қызметке деген қызығушылығын төмендетіп жіберді деп ойлаймын. Мектептегі алғашқы әскери дайындық пәні де талапқа сай емес. Ал, тәртіп деген әскердің басты ерекшелігі емес пе?! 
Қазақтың даңқты ұлы Бауыржан Момышұлының «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бағынған құл болмайды» деген сөзінің мағынасы өте терең және әсіресе әскер үшін өте маңызды тұжырым. Біздің қоғамдағы басты кемшілік те осы, мемлекеттік тәртіп, жауаптылық жетіспейді. Соның салдарынан ел басшылығы айқындаған көптеген тапсырмалар, әртүрлі бағдарламалар мен жоспарлар мерзімінде және сапалы орындалмайды. Офицерлік құрамның міндеті тек жоғарыдан түсетін нұсқаулар мен бұйрықты орындау, жас сарбаздарға ұрыс құралдарын, әскери техниканы қалай қолдануды үйрету, физикалық тұрғыдан шынықтырып, мығым жауынгер дайындау ғана емес қой. Олар сонымен бірге әр сарбазға туған әкесіндей қамқорлық көрсетіп, батырлыққа, батылдыққа, отансүйгіштікке тәрбиелейтін ұстаз, тәлімгер де болуы тиіс. Ол үшін, алдымен, сардарлардың өзі елінің тарихы мен халқының батырлық дәстүрін жақсы білетін, ана тілінде шешен де көркем сөйлей алатын, әр сөзі және ісімен жас жауынгерлердің рухын көтеріп, отаншылдыққа баули алатын білімді, білікті, жас сарбаздарға жеке қабілет-қарымы, жоғары адамгершілік қасиетімен үлгі-өнеге көрсете алатын отаншыл азаматтар болуы керек. Осы тұрғыда әскери институттар мен басқа да арнайы оқу орындарында қазақтың бай тарихы мен батырлық дәстүрі әскери тәрбиемен ұштастырыла терең оқытылуы тиіс деп санаймын. Осылай біздің бабаларымыздың ерліктері мен ел бірлігі, ұлт азаттығы жолындағы ғасырлар бойғы күресі бүгінгі Тәуелсіз ел тұрғысынан жаңаша насихатталуы қажет. Мұның бәрі әскер қатарында қызмет ететін жастардың бойында осынау ұлан-ғайыр жерді қорғап, ұрпақтан-ұрпаққа аманаттаған батыр бабаларымыз бен ел басқарған хан-сұлтандарымыздың, елдің мұңы мен зарын жырлаған, қарашаның жағдайын хан алдында тайсалмай айтып, олардың өзін де сынап, дұрыс жол көрсеткен қара қылды қақ жарған тура билеріміз бен ақын-жырауларымызға деген мақтаныш сезімін оятатыны, бұл сезім Елге, Жерге, Отанға деген сүйіспеншілікке ұласатыны сөзсіз! 
Демек, біз жастарымызды шын мәнінде отаншыл, кез келген сәтте Отанын қорғауға саналы түрде дайын тұратын нағыз патриот, физикалық жақтан мықты, сан түрлі әскери құралдар мен қару-жарақты басқару мен қолдануды жетік меңгерген нағыз сарбаз ретінде көргіміз келсе, онда тез арада Жалпыға бірдей әскери қызмет туралы заң қабылдауымыз керек. Тіпті бұл – саяси, әлеуметтік, экономикалық тұрғыдағы заңдардан да өзекті десем, артық айтқандық болмас. 
Алмас АХМЕТБЕКҰЛЫ, «Аманат» партиясы «Мирас» кеңесінің мүшесі, ақын: 
– Әр ұлттың ең биік жетістігі оның тәуелсіз мемлекет құра алуы. Әрбір саналы азаматтың ең ұлы бақыты – оның өзі және ұрпағы өсіп-өнетін, өмір сүретін азат Отаны, алаңсыз ертеңі болуы. Ең мағыналы өмір сүру – ұлт болып өмір сүру, ұлтымен бірге жасау, ұлтының әр адамына жақын болу, ұлттық мемлекетіңде өмір сүру.  
Өмір сүрудің өзі еңбек. Яғни, сен өз мемлекетіңде өмір сүре отырып, оған еңбек етесің, тұқымыңды сіңіресің, тамыр тартасың. Бұл ұғымды әрбір қазақ баласының санасында тұратын мәйегі дейік. Осыны қаймана қазақтың түйсігіне қалай жеткіземіз? Осы құндылықты, басқасын айтпағанда, темірдей тәртіптің сапында тұрған әскердің санасына сіңіре аламыз ба? Бізде әскеріміз жатқа айтатын сөз, олар оқитын кітап, бүкіл әскеріміз бірге айтатын әндердің міндеттелген тізімі бар ма? Жалпы, әскерге рухани сүйеніш болатын не бар?
Қазақ «ауруыңды жасырсаң – өлімің әшкерелейді» дейді. Біздің әскеріміз жөнінен бұл мақалды тура мағынасында айтуға болады. Әскер тәртібінің жағдайын ондағы өлім әшкерелеп жатыр. Жылына 20-ға жуық әскеріміз өзін-өзі өлтіреді екен. Бірімен бірі өштесу, бұрын келгені кейін келгенін басыну, қорлау, алдыңғыға кеткен есесін кейінгіден алу – жауынгерлік емес, бұзақылық! Оның үстіне, офицерлердің де жағымсыз қылықтары бары жиі айтылады. Ондай әскермен Отанды қалай қорғаймыз? Біздің Қарулы Күшіміздің жауынгерлік рухы немен бағаланады? Ұлттық сүйіспеншілігі ше? Қару қолдану қабылетімен бе, жаттығумен бе? 
Жаттығуда бүкіл әлемге сес көрсететін армияның соғыста қандай күйге түскенін көзіміз көрді. Жаттығу бір басқа, шынайы жауынгерлік сипат ол бір басқа екен. 
Ал, біз көрген бір елдің Президенті иығына «Не елім, не өлім!» деп жазып, жапсырып алған. Сол елдің әскері де «Не елім, не өлім!» деп, жалғыз Отанын жанын тігіп қорғайтынын көрдік. Таң қалдық. Тамсандық. Жыр жаздық.
«Не елім,– деп,– не өлім!» деп аттанса,
Өртке кіріп, өлім құшар шақ қанша!
Сан мың боздақ қыршынынан қиылды,
Бодандықтың соңғы күні батқанша!
Қанша ұрпақ толарсақтан қан кештік,
Азаттықтың алтын таңы атқанша?!
Әскери тәрбиенің өзегі – жүректен жүрекке жетер жан тебірентер СӨЗ және әскерді сол сөзге иландыра алатын ІС. Іс шынайы болып, сөздің сенімділігін білдіре алса игі. Қатаң тәртіп пен ширақ жаттығуды жүргізумен қоса, «әр сарбаз менің жалғыз ұлым» дейтін нұсқаушы, сардар болуы керек! Осы түйінді таратыңқырап айтқанда, мынадай алты тармақты ұсыныс жасар едік. 
1.Патриоттық тәрбиеде шынайы қамқорлық сезіліп тұратын іс-әрекет анықталуы керек. Ол  әскердегі әлімжеттіктің орнын басып, жас сарбаздардың өзара құрметі мен сенімін тудыруы тиіс.
2.Отансүйгіштікке тәрбиелейтін әсері күшті, мағынасы терең мәтіндер тізбесін топтаған оқу құралын дайындау қажет. Қазақ әдебиеті мен бай фольклоры, ондағы батырлық жырлары мұндай кітап құрастыруға мүмкіндік береді. Ол оқу құралы әр сарбазды отансүйгіштік рухқа кенелтіп, өз іс-қимылына ұлт алдындағы жауапкершілік биігінен мән беруге, мақсатының асылдығына деген сенімге тәрбиелейді. Сонымен қатар, әскер оқуға арналған кітап, әскер жаттайтын өлең, әскер айтатын әндер тізбесі анықталып, міндеттелуі тиіс. 
3.Мәтіндер қазақ тілінде болуы, қысқа мәтіндер үнді дыбыстарға құрылуы маңызды.
4.Отансүйгіштік тақырыпта сабақ оқитын, еркін, әсерлі сөйлейтін нұсқаушылар іріктелуі, олардың шешендік машығы болуы маңызды. Сонымен бірге, офицерлерді отаншылдық рухында тәрбие жүргізудің тәсілдерін өз бетімен алуан түрлі және ұтымды ұйымдастыруға шабыттандыру қажет. 
5.Әскери бөлімдер арасында патриотизмді нәсихаттайтын іс пен сөздің әртүрлі шығармашылық жарыстарын жиі ұйымдастыру керек. 
6.Әскери бөлімдерде отансүйгіштік тақырыбында тартымды жазатын және тебіреніп сөйлей алатын ақын-жазушы, журналист, қоғам және мемлекет қайраткерлерімен жиі-жиі кездесулер ұйымдастырып, мәдени-ағарту іс-шараларын өткізуді тұрақты дәстүрге айналдырған жөн. 
Мен «Көк тудың желбірегені» қатарлы рухты өлеңдер жазып жүрген ақынмын. Аталған өлең хит болғанына да 20 жыл өтті. Терең тебіреніп сөйлей аламын. Бірақ бірде-бір әскери мекеме патриоттық тақырыптағы кездесуге шақырған емес. Жазушылар Одағына да ондай ұсыныс түспегенін білемін. Әскер рухын көтеретін шығармалар үшін конкурс жарияланыпты дегенді де естімедім. 
Бұл нені білдіреді? Әскерде отансүйгіштік тақырыптағы тәрбиені ұйымдастыру мен ұйымдастырушы жоқ деген сөз! Бұл дегеніңіз әскеріміздің санасына Отан, Ұлт және Ұлттық мемлекет ұғымын дұрыс жүктеудің жолдарын таппағанымызды, іздемейтінімізді білдіреді. Отанды қорғаудың   қандай қасиеті биік борыш екенін жас жауынгердің қанына сіңіру әдістерін жан-жақты жетілдіре алмағанымызды көрсетеді. Әскери мекемелердегі туындаған жағдайлардың қоғам наразылығын тудырып отырғаны да содан. 
Отан – ол бізді азамат етіп қалыптастыратын, бізді қорғайтын және бәрінен биік, бәрінен ұлы құбылыс! Ол – жаннан да, қаннан да қымбат! Әскер – оның сенім артар қайратты қорғаушысы! Сондықтан, әскеріміздің сағын сындырмай, қажет кезде тайсалмай шабатын және қиып түсетін өткір, сергек, әбжіл әрі білімді қосын етіп құрғанымыз жөн! 
Амангелді ҚҰРМЕТҰЛЫ, әскери сарапшы, «Айқын» газетінің бас редакторы: 
– Жалпы соңғы кездері Қазақстанның қорғаныс қабілеті, әскерінің әлеуеті қандай деген сұрақтар медиада жиі көтеріледі. Әлбетте, бұл менің жеке көзқарасым, қандай да бір елдің қоғаныс қабілеті немесе әскери әлеуеті, Құдай бетін әрі қылсын, кәдімгі шынайы қақтығыстар жағдайында ғана нақты бағаланады. Осы кезге дейін біз Глобал фаул фаер деген ұйымның рейтінгісіне көп сүйенеміз, әсіресе, журналистер. Соңғы рейтингте біз 63 орындамыз, Өзбекстан – 62 орында деген ақпараттар таратып жатамыз. Шын мәнінде ол бұл елдердің қорғаныс қабілетіне, әскеріне нақты баға емес. Өйткені, ол ашық дерек көздерінен алынған, жалпылама факторлар ескерілген деректер. Ол жерде фактор көп, 55-тен асады. Сол себепті Қазақстан әскері туралы пікір айтқан кезде, мәселені жан-жақты қарастыру керек. 
Өкінішке қарай, Қазақстан Қарулы Күштеріндегі әр мәселе жеке-жеке өз алдына жан-жақты зерттеуді және талқылауды қажет етеді. Айталық, әскердегі суицид мәселесіне келетін болсақ, ол шындап келгенде, қоғамның өзге салаларында орын алып жатқан жағымсыз жайттардың әскердегі көрінісі. Мысалы, 2011-2021 жылдар арасында, қателеспесем Қарулы Күштерде өз-өзіне қол салғандардың саны 220 болды деген ақпарат тараған. Ал қоғамда, жасөспірімдер арасында, жастар арасында, аймақтарда мөлшері бұдан әлдеқайда көп болуы мүмкін. Мысалы, 2018-19 жылдары Қазақстанда жылына 400 әйел отбасындағы зорлық-зомбылықтан қаза табады деген мәлімет тарады. Егер, осының бәрін салыстыратын болсақ, армиядағы келеңсіздіктердің төркінін бірінші кезекте қоғамнан, қоғамда қалыптасқан қасаң көзқарастан, адамдардың өзара қатынасынан іздеу керек. Әлбетте, сонымен бірге, мамандардың даярлығы, біліктілігі деген мәселені де ескеру қажет. 
Міне, көрдіңіз бе, армиядағы бір проблеманы талқылаудың өзі қанша нәрсеге назар аудару қажет екенін көрсетеді. Яғни, жан-жақты, көп қырынан келу керек. Шынын айтсақ, Қазақстанда суицидолог деген маман шамалы. Психологтардың да, ашығын айтқанда, білім деңгейі өте керемет дей алмас едім. Сондықтан, әскер туралы айтқан кезде ондағы әр мәселені жеке-жеке талқылаған дұрыс. Сонымен қатар, қазіргі кезде әскердің саны аз, әскердегі қызметтің мерзімі екі жыл болса деген сияқты басқа да ұсыныстар айтылып жатыр. Бірақ бұл ұсыныстардың әрқайсысының ғылыми негіздемесі болуы керек. Біз Қарулы Күштерімізді ұстап тұруға ел бюджетінің белгілі бір мөлшерін бөлеміз және Әскери доктринамызға сәйкес, біз ешкімге де соқтықпаймыз, агрессиялық мақсат немесе қандайда бір талап қоюды көздемейміз деген ұстаным бар. Сондықтан, қорғанысқа негізделген армия үшін екі жылдық мерзімді ұстау дегеніңіз әскердің санын көбейту дегенді білдіреді. Бұндай жағдайда армияға жұмсалатын шығын көбейеді. Меніңше, қазір мұндай популистік идеялардан гөрі, армияны нақты қаруландыру, сарбаздардың білімін, білігін арттыру мәселесі бірінші орынға шығу керек деп ойлаймын. Өйткені, заманауи соғыс азаматтардың білім деңгейіне тікелей байланысты екенін Украинадағы жағдай көрсетіп тұр. Егер де дронның операторы, артиллерист, әуе қорғанысы кешенінің мамандары өз құралдарын жетік меңгеретін болса, аз құралмен көп табысқа жетуге болатынын байқап отырмыз. Сол себепті Қазақстан армиясы туралы пікір білдірген кезде көп мәселенің бар екенін, азды-көпті жетістіктердің де бар екенін ескеру керек деп ойлаймын. Тек елдің қорғаныс қабілеті туралы сөз еткен кезде ғылымға негізделген пікірлердің айтылғаны және ғылыми зертеулердің жасалғаны маңызды деп білемін. Өкінішке қарай, ғылымның өзге салалары сияқты, әскери ғылымда да біраз тоқырау бар екені рас. Дегенмен, Ұлттық қорғаныс университеті аясында әскери тактикалық, стратегиялық бағыттағы зерттеулердің жасалып жатқанын жоққа шығармаймын. Олар кейде ресми құжаттарда да көрініс табады. Мысалы, арнаулы күштерді жетілдіру, әскердің транспорттық авиация әлеуетін арттыру мәселесі бар, ғарыштан төнетін қауіпке және зымыранға қарсы қорғаныс жүйесін қалыптастыру мәселесі көтеріліп жүр соңғы кездері. Аумақтық қорғаныс бригадаларын жетілдіру, оларды қаржыландыру мәселесі де айтылып жатыр. Бұның барлығы, егер, жүйелі түрде жүзеге асатын болса, елдің қорғаныс қабілетін арттырады. Демек, әскердің де беделін арттырады деген сөз. 
Біз қазіргі кезде медиадағы пікірлер арқылы әскердің беделі түсті, ешкім барғысы келмейді деген сияқты көзқарастарды кейде өзіміз қолдан қалыптастырып жатқандай болып көрінеді маған. Шын мәнінде бұндай көзқарас қаншалықты нақты,  қанша адам барғысы келмейді, оның себебі неде деген сияқты дүниелер үлкен кешенді әлеуметанулық зерттеулер арқылы анықталуы керек. Оның өзінде де әр аймақта жеке-жеке зерттеу жасалғаны дұрыс. Әйтпесе, бір ғана Түркістан облысында жасалған зерттеумен немесе сондағы көзқараспен армияның халықтың алдындағы сүйкімі артып тұр немесе сүйкімі кетіп тұр деп айта алмаймыз. Әр облыстың өзінің ерекшелігі бар, аумағымыз үлкен және сол үлкендігіне байланысты, әскерге көзқарас та әртүрлі.    

Түйін
Міне, біздің айтар ойымыз бен сарапшылардың пікірі осылай. Әр саналы азаматтың өз ойы, өз ұстанымы болатыны сияқты, олар да әрқилы. Ол заңды да. Бірақ, көпшілік «Жалпыға бірдей әскери қызмет туралы» заң қабылдау қажеттігін қолдайтыны көрініп тұр. Өйткені, бұл қаржы тұрғысынан емес, жастарды отаншылдық рухта тәрбиелеу, еліміздің, ұлтымыздың болашағы саналатын өскелең ұрпақтың бабалар ерлігі мен өсиетін өнеге тұтатын, туған Жері мен Еліне деген мақтаныш сезімін бойына сіңірген елжанды, мемлекетшіл азаматтар болып қалыптасуы тұрғысынан өте маңызды дер едік. 
Естеріңізде болса, қытай киногерлері түсірген көп сериялы «Құбылай хан» көркем фильмінде бейбіт күнде сарбаздар иықтарында садақ, қолдарында шалғы – шөп шауып жүреді. Бұдан олардың кез келген сәтте тұтқиылдан болатын жау шабуылына тойтарыс беруге дайын жүретінін ұғамыз. 
Мемлекет басшысы – Қазақстан Қарулы Күштері Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бүкілармиялық кеңесте сөйлеген сөзінде  «Жау жоқ деме, жар астында» деген бабалар даналығын еске салды. Ал, Отанын қорғау – тек кәсіби әскердің ғана емес, әрбір азаматтың парызы!

773 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз