• Ел мұраты
  • 26 Мамыр, 2023

ЕЛ ӘСКЕРІ – ҚУАТЫҢ МЕН ҚОРҒАНЫҢ

Дина ИМАМБАЙ
«Aqiqat»

Қазіргі әлемдегі геосаяси ахуал ел тәуелсіздігі мен территориялық тұтастықты қорғауды, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуді талап етіп отыр. Мемлекеттік қорғанысты қамтамасыз ету, агрессияға тойтарыс беру немесе тікелей сыртқы қатерді болғызбау – Қарулы күштердің басты міндеті. Кез келген мемлекет бейбітшілік пен тыныштық болғанда ғана дамиды. Осы тұрғыда армияның атқаратын рөлі өте зор. Қазақстан Республикасының Президенті - Қазақстан Қарулы Күштері Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысқан Бүкілармиялық кеңес армияның кәсіби дайындығы, заманауи қару-жарақпен, озық технологиямен жабдықталуына арналды. 
Отан қорғаушылар күні қарсаңында Астана қаласында өткен Бүкілармиялық кеңес әскери қызметшілердің бірыңғай киім үлгісін таныстырумен басталды. Мемлекет басшысы – Қазақстан Қарулы Күштері Жоғарғы Бас қолбасшысы ардагерлер мен сарбаздарды Отан қорғаушы күнімен құттықтап, Қарулы Күштеріміз мемлекеттігіміздің мызғымас тірегі, туған елдің тәуелсіздігін және бейбіт өмірін қорғау қасиетті парыз екенін атап өтті.  
– Туған жердің аумақтық тұтастығын сақтау – қастерлі борыш. Батыр бабаларымыз ғасырлар бойы жерінің шетін жауға бастырмай, бізге мирас етті. Осы ұлы мұраны көздің қарашығындай сақтау – басты міндетіміз. Біртұтас әрі қуатты мемлекетті ұрпаққа табыстау – негізгі мақсатымыз. Ел іші тыныш, қоғам тұрақты болса, жасампаз әрі өркениетті мемлекетке айналамыз. Қарулы Күштеріміз осы қастерлі құндылықтарды қорғауға тиіс, – деді Мемлекет басшысы. 
Жоғарғы Бас қолбасшы күштік құрылымдардың жаңа талапқа сай болуы қажет екеніне назар аударды. Қазіргі күрделі кезеңде әлемде жаппай қарулану белең алды. Әрбір мемлекет өз қауіпсіз­дігін қамтамасыз етуге баса назар аударуға кірісті. Армияның егемендігімізді қорғаудағы кәсіби дайындығы, заманауи қару-жарақпен, озық технологиямен жабдықталуы басты факторға айналды. Осы орайда 2022 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Арнайы операциялар күштерінің қолбасшылығы құрылған болатын. Жаңа құрылым елдің ұлттық қауіпсіздігі жүйесі қызметін жетілдіруді қамтамасыз етеді. Елдің қорғаныс қабілетін, әскери қауіпсіздігін қамтамасыз ету, оның ішінде терроризмге қарсы операцияларға қатысу және заңсыз қарулы құрылымдарға қарсы арнайы міндеттерді шешеді. Осы уақыт ішінде Қорғаныс министрлігі қолбасшылықтың күштері мен құралдар құрамын, міндеттері мен функцияларын айқындады. Жыл бойы басқару органдарын, арнайы операциялар күштерінің бөлімшелерін құзыретті мамандармен жасақтау, оларды заманауи техникамен, қару-жарақпен және оқу-материалдық базамен жарақтандыру жұмыстарын жүргізді. Сондай-ақ десанттық-шабуылдаушы әскердің қарым-қабілетін арттыру үшін нақты жұмыс жүргізіліп жатыр. 
– Аумақтық қорғаныстың әлеуеті күшейтілуде. Азаматтық қорғаныс бөлімшелері құрылып жатыр. Арнайы жасақ бөлімдерін дамыту ісі тың қарқынмен жалғасуда. Осы жұмыстың бәрін уақтылы аяқтау керек. Олар біртіндеп қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілуге тиіс, – деді Президент. 
Жаңа технологиялар қорғаныс ісінде қаншалықты маңызды екенін әлемдегі түрлі қақтығыс ошақтарындағы жағдай анық көрсетіп отыр. Бұл салада жаңа үлгідегі қару-жарақтың және техниканың, әсіресе дәлдігі жоғары қарулардың, ұшқышсыз басқарылатын техника мен роботты кешендердің үлесі барған сайын артып отыр. Сондықтан да қазақстандық армияны технологиялық тұрғыда жаңғырту жұмысы жалғасады. 
– Ақпараттық жүйелер мен озық технологияны енгізу – маңызды міндет. Шешім қабылдау тиімділігін арттыруға және жауынгерлік бөлімшелердің әлеуетін арттыруға ерекше назар аудару керек. Бұл әскерді пайдалану тиімділігін айтарлықтай жақсартады. Армиямызды толыққанды қаруландыруда және жаңғыртуда отандық қорғаныс-өнеркәсіп кешені маңызды рөл атқарады. Үкімет әскери өнімдер мен қызмет түрлерін кеңейту үшін барлық шараны қабылдауға тиіс. Тағы бір өзекті мәселе – зауыттардың және әскери бөлімдердің техниканы жөндеу мүмкіндігін арттыру. Біздің бұл саладағы әлеуетіміз жоғары, – деді Мемлекет басшысы. 
Жауынгерлік дайындық жүйесін жетілдіру де келелі мәселе. Қазіргі заманда әбден машықтанған сарбаздар ғана тиімді ұрыс жүргізе алады. Сондай-ақ сардарлардың біліктілігі айрықша рөл атқарады. Әсіресе, орта және төменгі буындағы басшылардың кәсіби дайындығы жоғары болуы шарт. Жиында әскери білім және ғылым жүйесін дамыту мәселесіне де баса мән берілді. ХХІ ғасырда ешбір сала ғылымсыз дами алмайды. Президент осы міндетке баса назар аударды. «Әскери академиялар, институттар әлемдік стандарттарға сай болуға тиіс. Сондай-ақ оқу бағдарламасын заман талабына сай бейімдеу қажет. Әскери қауіпсіздік мәселесі ғылыми тұжырымға сүйенуі керек. Яғни, ғылыми-зерттеу жұмысына басымдық беру қажет. Әскери оқу орындары қорғаныс саласындағы кәсіпорындармен тығыз байланыс орнатуы керек» деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 
Қарулы күштің қарымы елімізде әскери қызметтің беделін және жауынгер мәртебесін арттыруға тікелей байланысты. Оның ішінде әскери қызметшілердің әлеуметтік тұрғыдан қамтылу мәселесі де бар. Қазір осы бағытта нақты жұмыс жасалып жатыр. Мәселен, әскери борышын өтеп келген азаматтар енді жоғары оқу орнына жеңілдікпен түседі. Мерзімді әскери қызметтегі сарбаздар несиесін төлеу міндетінен уақытша босатылады. Сондай-ақ олар өздері қаласа, армия қатарынан нақты мамандық алып шығады. Сарбаздарды әлеуметтік қолдау шараларын мейлінше көбейту мәселесі қарастырылып жатыр. 
Бұл тұрғыда Мемлекет басшысы: «Әскерде жүрген жастарымыз нағыз сарбаз, нағыз маман болып шығуы – міндет. Олар өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге болуға тиіс. Әскери қызметшілерге жақсы жалақы төленуі керек. Үкімет күштік құрылымдарға еңбекақы төлеудің бірыңғай жүйесіне көшкен кезде осыны ескеруге тиіс» деді. 
Бүкілармиялық кеңес барысында Мемлекет басшысы ерлігі мен жанқиярлығы, елдің ұлттық қауіпсіздігі мен қорғаныс қабілетін қамтамасыз етуге, заңдылық пен құқық тәртібін нығайтуға қосқан үлесі үшін бірқатар әскери қызметшіні марапаттады. Жиында Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов, Мемлекеттік күзет қызметі бастығының орынбасары – Айрықша мақсаттағы күштердің қолбасшысы Айтқұрман Омарбеков және басқа лауазымды тұлғалар сөз сөйледі. Мемлекеттің мызғымас тірегі – қарулы күштер саласы заманға сай болғанда ғана біз кез келген қауіп-қатерге төтеп бере аламыз. Бүкілармиялық кеңес осылай түйінделді.

780 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз