• Ел мұраты
  • 26 Мамыр, 2023

ӨМІРДІ САҚТАНДЫРУ – ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТТЫЛЫҚТЫҢ БЕЛГІСІ

 

Дүниеде адам өмірінен қымбат ештеңе жоқ. Ертеде ата-бабаларымыз азаматтың құнын жүз жылқымен бағалапты. Қазіргі заманда да  адам өмірінің құндылығы – дамыған қоғамның бір белгісі. Әйтсе де, кәмелеттік жасқа толған әр адам ең алдымен өз өміріне өзі қамқорлық жасауға тиіс. Оның түрлі жолдары бар, соның бірі – өмірді сақтандыру. Бұл жақсы үрдіс кейінгі жылдары біздің елімізде де кең таралып келеді.

Сақтандыру саласы азаматтық құқықтың бір институты ретінде адамзат қоғамында ертеден белгілі. Бастапқыда ол табиғат апаттарынан, түрлі төтенше жағдайлардан келген залалды өтеу түрінде болды. Біртіндеп нарықтық қатынастар қалыптасып, жеке меншік пайда болған кезде дүние-мүлікті алдын ала сақтандырып қоятын тетіктер жасалды.

Қазақстанға сақтандыру жүйесінің келуі тәуелсіздік алған жылдарға  тұспа-тұс келеді. Ең алдымен экономика, бизнес саласындағы  меншікті, кәсіпорындарды сақтандырудан басталған бұл үдеріс дами келе, адам өмірін сақтандыру ісінің қолға алынуына ықпал етті. Адам өміріне және денсаулығына зиян келтіретін оқиға орын алған жағдайда өмірді  сақтандыруды қамтитын жинақтаушы бағдарламалар пайда болды.

Алғаш елімізде өмірді сақтандыру депозиттері БТА-банкінде басталғаны белгілі. Әйтсе де, көп ұзамай банк жабылып қалды, бірақ оған қарасты өмірді сақтандыру компаниясының клиенттері зардап шеккен жоқ. Олар алдымен Қазкоммерцбанкке, одан кейін «Halyk» банкіне ауыстырылды.  Бұл банктегі депозиттерге кепілдік берілетіні секілді, сақтандыру жинағындағы қаражаттың да жоғалмайтынын білдіреді. Жинақталған қаражат сақтандыру мерзімінің соңына дейін кепілді сақтандырылады. 

Бүгінгі таңда осы салада еліміздегі көшбасшы саналатын «Халық-Life» компаниясының Алматы филиалы бойынша бас менеджері Мөлдір Айтжанова өмірді сақтандырудың жай-жапсары жөнінде былай дейді:      

– Сақтандыру полисі – кәдімгі құнды қағаз. Клиент келісім-шартқа қол қойып, бірінші жарнасын төлегеннен кейін сақтандыру полисі күшіне енеді. Ең бастысы, клиент шарт мерзімі мен төлемақы ретін өзі таңдайды: жарнаны  ай сайын, тоқсан сайын, жарты жылда бір немесе жылына бір рет салып отыруға болады. Сондай-ақ бір реттік толықтыру жасау да қарастырылған. Сақтандыру депозиттері теңгемен немесе доллармен ашылады.   

Менеджердің айтуынша, сақтандыру жинағы, біріншіден, банктегі депозиттің бір баламасы. Яғни арнайы есепшотқа ақша жинақтап, белгілі бір мерзім өткенде жинақталған қаражатқа қоса компания табысынан үлес және мемлекеттің сыйлықақысын алуға  болады. Ал сақтандырудың банктегі депозиттен басты ерекшелігі, өмірді сақтандыра отырып, кез келген жазатайым оқиғаға тап болу, қатерлі дертке ұшырау немесе тағы басқа жағдайда клиентке белгілі бір сома көлемінде өтемақы төленеді. Ал клиент дүние салса, оған тиесілі сақтандыру сомасы тұтастай мұрагеріне тапсырылады.  

Елімізде әлеуметтік осал топтарды қолдаудың түрлі жолы бар.  Сақтандыру саласында да мемлекеттің қолдауы енгізілген. Мәселен, «Халық-Life» сақтандыру компаниясы клиенттің әлеуметтік мәртебесіне қарай бірнеше өнімді ұсына алады. Олар негізінен көп балалы және жалғызбасты аналарға арналған. Тағы бір әлеуетті әлеуметтік қолдау: көп балалы және жалғызбасты аналарға, сондай-ақ асыраушысынан айырылған отбасыларға 5-7 пайыздық мемлекеттік сыйлықақы беріледі.   

Әлеуметтік маңызды қызметтердің бірегейі – «Bilim-Life» атты жаңа өнім арқылы мектеп жасындағы баланы келешекте жоғарғы оқу орнында оқытуға қажетті соманы жинақтауға болады. Бұл өнім мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі аясында іске асырылды. Кез келген ата-ана баласының жоғары білім алуын қалайды және грант арқылы оқуға түсе алмаған жағдайда жоғары білімсіз қалмауына алаңдайды.  Сондықтан, баланың болашағын алдын ала ойлайтын ата-аналар «Bilim-Life» сақтандыру бағдарламасын таңдауына болады.

– Бұл полис бойынша  жинақтау сомасына 5% мөлшерінде мемлекет сыйлықақысы қосылады, ал көпбалалы ата-аналар жылдық 7%-бен қаражат жинақтай алады. «Bilim-Life» бағдарламасында сақтандыру жарнасының мөлшері айына 3 АЕК-тен кем болмауы керек және оның мөлшері шектелмейді. Сақтандыру жинағына мемлекеттік сыйлықақымен қоса, компания табысынан кепілдендірілген кіріс түседі , - дейді Мөлдір Айтжанова. – Жинақтау мерзімі аяқталғаннан кейін депозиттегі сома бала оқитын оқу орнының шотына жіберіледі. Ең бастысы, баланың өмірі кез келген оқыс оқиғадан сақтандырылады.     

Яғни, баланың болашағын ерте бастан ойлаған ата-аналар оның оқуына қажетті соманы дер кезінде жинақтап үлгереді және бұл үшін несие ресімдеп әуре болмайды. Бұл отбасы бюджетіне үлкен демеу болатыны сөзсіз. Ал егер сақтандырылған бала мектепті аяқтап, жоғары оқу орнында оқуға арналған мемлекеттік грантты иеленетін болса, сақтандыру полисін осы отбасындағы келесі балаға қайта ресімдеуге болады. Егер ол бала да грантқа оқуға түссе, қаражат отбасының игілігіне беріледі.  

Сондай-ақ, жас балалары бар отбасылар үшін тағы бір тиімді өнім – «Болашақ- LIFE» жинақтаушы сақтандыру шарты арқылы балаға қолжетімді білім беріп, кәмелетке толған соң алғашқы капиталының негізін салуға болады.

Сақтандыру компаниясы ұсынатын өнімдердің арасында «Халық-Қазына» жинақтаушы бағдарламасы бар. Бұл өнімнің ерекшелігі – ол валюталық депозит болып табылады және жылдық мөлшерлемесі АҚШ долларының бағамы бойынша 3,52 пайызға дейін жетеді. Ал «Зейнетақы аннуитеті» бағдарламасы уақытынан бұрын зейнетақы төлеміне ие болып, алаңсыз құрметті демалысты жоспарлауға мүмкіндік береді. Яғни, «Халық-Life» сақтандыру компаниясы түрлі әлеуметтік топтардың сұранысына сай қызмет көрсетеді және жасына, қаржылық жағдайына қарай клиент ыңғайлы өнімдер мен шарттарды таңдай алады.

Соңғы жылдары елімізде бірнеше банк қаржы дағдарысына тап болып,  жабылу жағдайына жеткені белгілі. Осы ретте клиенттердің сақтандыру депозиттеріне салынатын қаражатының қауіпсіздігіне алаңдауына негіз бар.  Мөлдір Айтжанованың айтуынша, сақтандыру төлемдеріне толық кепілдік берілген. Өмірді сақтандыру жөніндегі қайта сақтандыру шартына сәйкес,  «Халық-Life» Өмірді сақтандыру компаниясы» АҚ-ның өмірді сақтандыру шарттары Hannover Re, Gen Re, Евразия СК сынды компаниялар арқылы қайта сақтандырылған.

Қазақстанда әлі де тұрғындардың көпшілігі өмірді сақтандыру жөнінде біле бермейді. Мәселен, Америкада, Еуропа елдерінде адамдардың барлығында дерлік сақтандыру полисі бар. Олар жұмысынан айырылса немесе сырқаттанып қалса осы полисін пайдаланады. Бұл қаржылық сауаттылықтың маңызды көрсеткіші.   

 - Біздің компанияның маңызды міндеті – әрбір қазақстандықтың өмірін сақтандыруға қол жеткізу. Отбасында аяқ астынан оқыс жағдай бола қалса, қатерлі сырқатқа душар болса, ата-анасының бірі өмірден озса, ешкім де елден ақша сұрамауы немесе әлеуметтік желі арқылы қаражат жинамауы керек. Мұндай жағдайда сақтандыру полисі бар адам бірден өзінің  компаниясына xабарласады және белгілі бір сомадағы өтемақынға ие болады, - деген компания менеджері М.Айтжанованың сөзінің жаны бар.    

Он жылдан астам сақтандыру нарығында қызмет көрсетіп келе жатқан компания тәжірибесінде оқыс оқиғаға байланысты өтемақы алған клиенттер баршылық. «Мәселен, жуырда бірінші дәрежелі күйік алған бір клиент өз аяғымен келіп өтемақы алып кетті. Мұндай мысалдар өте көп. Кейде клиенттеріміз алған сомасына риза болып, алғысын айтып жатады» дейді менеджер.  Осы ретте сақтандырылу мерзімі біткенге дейін түрлі жағдайлармен өтемақы алу клиентке тиесілі жинақ сомасының мөлшеріне әсер етпей ме деген заңды сұрақ туды.  

– Сақтандыру полисінде белгіленген сомаға өтемақының қатысы жоқ. Өтемақы компания есебінен төленеді, - деп жауап берді бұл жөнінде М.Айтжанова.   

Айта кетерлігі, өмірін сақтандырғысы келген немесе баласының оқуына қаражат жинағысы келген кез келген азамат ең алдымен менеджерлерден, сақтандыру агенттерінен кеңес алады. Өнімді таңдағаннан кейін жинақ сомасы мен мерзімін таңдайды. Одан кейін клиенттің өтініші Андеррайтинг бөліміне жіберіледі, олар өтініш иесінің денсаулығы  туралы мәліметтерді жан-жақты тексеріп, онлайн түрде бір сағат ішінде жауап береді. Өтініші мақұлданған клиент бірінші жарнаны енгізгеннен бастап полиске ие болады. Әрбір клиент компания сайтындағы жеке кабинетінен қаражаты жайлы ақпаратты қадағалап отыру мүмкіндігі бар.      

Елімізде халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру мәселесі өте өзекті және осы тұрғыда көптеген іс-шаралар атқарылуда. Сақтандыру  жинақтаушы бағдарламалары – қаржылық сауаттылықтың бір көрінісі. Өмірді сақтандыру табыстың бір бөлігін жинақтап қана қоймай, белгілі бір қорғаныш тетігіне ие болуға мүмкіндік береді, адамда сенімділік сезімі пайда болады. Сондай-ақ, өмірді сақтандыру – отбасылық капиталды жоспарлаудың бір әдісі. «Сақтансаң сақтаймын» демекші, мына қым-қуыт тіршілікте әр адам жазатайым оқиғадан аман болып, жинақталған қаражатты тұрмысын жақсартуға, саяхаттауға, көлік алуға, білімге жұмсаса – сақтандыру полисінің ақталғаны.

 

Дина ИМАМБАЙ

 

 

1838 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз