- Ел мұраты
- 28 Шілде, 2023
Шалкөде мектебі – ғасыр белесінде

Әр адам баласының, тіпті әрбір ұлттың өмірінде «мектеп» дейтін киелі ұғымның көңіл төрінде, жүрек түбінде жатып, сана-сезімге шуақ сыйлайтыны бар. Сондықтан да мына өмірді, осынау жарық дүниені мектепсіз елестетудің өзі қиын.
Мектеп – тұлғалық өмірдің бастауы. Ал осы орайда мәртебесі бөлек, парқы айрықша көрінетін ауыл мектебі жайлы айтар сөз, шертілер сыр, тиегі ағытылар әңгіменің жөн-жосығы тіпті басқаша болмақ. «Ауыл – қазақтың алтын бесігі» дейміз. Ол дұрыс. Бірақ, осы алтын бесікте мектеп болмаса ол алтынға айнала ала ма? Мәселе сонда.
Ауыл алтын бесікке айналу үшін оның құмына аунап-қунап өскен, бұлағынан нәр алып, мектебінен тәлім алған азаматтар қатары көп болуы қажет. Сонда ғана ауылдың ажары еніп, көркі мазмұндана түсері белгілі.
Осынау кіріспе сөзімізді «ауыл» мен «мектеп» ұғымынан таратып отырғанымыздың өзі жайдан жай емес. Себебі, біз маусымның шырайлы күндерінің бірінде атақты Хан Тәңірінің баурайындағы бір тамаша өлкеге сапарлап қайттық.
Алматылық бір топ журналистер Райымбек ауданы Шалкөде дейтін ауылдың мектебіне жүз жыл толуына орай ұйымдастырылған ұлан-асыр тойдың куәсі болып, тойдың бел ортасында жүріп, талай жақсылар мен жайсаңдарды көріп, әдемі әңгімелерін естіп, шат-шадыман көңіл-күймен Алматымызға оралдық.
Иә, Шалкөде мектебі ғасырлық белесті бағындырып, алдағы дәуірлерге нық сеніммен қадам басты. Жүз жыл уақыт талай түлекті қанаттандырған ауыл мектебі үшін кәдімгідей бір белес, шежірелі уақыт. Мектеп тарихы – ел тарихы. Мектеп тарихы – ауыл мен өңірдің тарихы. Мектеп тарихы – киелі шаңырақтан білім алып, айтулы мемлекет және қоғам қайраткерлеріне, ақын-жазушыларға, ғалымдар мен түрлі саланың маңдайалды майталман мамандарына айналған өнегесі мол тұлғалардың тарихы. Мектеп жайында әңгіме қозғау – таңды таңға жалғап, ортаға салына беретін ғибратты дүние.
Алматыдан Райымбек ауданына бет алып, осы өңірге жақындаған сайын тамылжыған табиғаттың, асқар-асқар шыңдардың көркіне көз салып, тамсанып келеміз. Шіркін, қазағымның кең байтақ даласы-ай. Алла тағала сені мұндай сұлу қылып жаратар ма! Ойымызға осы өлкенің перзенті, бүгінде күллі қазақтың мақтанышына айналған Мұқағали Мақатаевтың жырлары орала береді.
Осынау бір ғаламат жердің әрбір қойын-қолаты, бұлың-бұлың белдері, құз-жартастары, ну орманы, сылдарып аққан бұлақтары Мұқағали ақын жырлаған өлеңдердей мөлдір, тұнық әрі табиғи қалпынан ажырамағандай. Табиғат пен поэзияның соншалықты біте қайнасып кеткен үйлесімділігіне қайран қаласыз. Сөз құдыреті дегеніміз осы ғой, шіркін!
Той төрінде Шалкөде мектебі туралы айтылған ұлағатты сөз, пайымды пікірлер мен жүрек түкпірі мен жан сырынан ақтарылған ойлар легі көп болды. Бәрі де осынау бір ұлы күнге сай келген пікірлер.
Мектеп шежіресін тану ісін еліміздің мәдени-өркендеу көкжиегінен бөле-жара қарауға әсте болмайды. Өйткені, осы мектепті тәмамдаған айтулы түлектер мемлекетіміздің әр саласында жемісті еңбек етіп, өздерінің сүбелі үлестерін қосып келеді. Кешегі ардагер ағаларымыз бен апаларымыздың, үлкен буын мен орта буын, кіші буын, желкілдеген құрақтай болып өсіп келе жатқан жас ұрпақтың барлығы да: «Біз – Шалкөде мектебінің түлектеріміз» деп кеуделерін мақтаныш кере айтатыны сөзсіз. Өйткені, шағын ғана ауылда өзінің ерекше рухани болмысымен жарқырап, білім жарығынан нұр шашып тұрған киелі шаңыраққа тәу ету ақыл мен даналық тұнығынан нәр алған әрбір шалкөделік азаматтың қасиетті парызы.
Шалкөде мектебінің іргетасы 1923 жылы қаланған. Алматы облысы Нарынқол ауданыныдағы Тұзкөл ауылының солтүстік шығысына қарай бір шақырым жерде орналасқан Қолтық сайында ашылған екен.
Мектептің түлектері туралы тілге тиек етіп отырған соң, олардың ғалым атанып, бүкіл елге мәшһүр болған тұлғаларын да атай кеткеніміз жарасымды болар. Мысалы, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Каден Бопаев, Физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Әужан Сақабеков, биология ғылымының кандидаты Жеңіс Мырзабеков, француз тілінің доценті, Франция мемлекетінің «Академиялық Пальма жапырағы» орденінің иегері Күпән Ермекова, ауылшаруашылық ғылымдарының докторы Нұрберген Омарқожаев, тарих ғылымдарының докторы Бақдәулет Берлібаев, педагогика ғылымының кандидаты Нұрсапа Ахметов, филология ғылымдарының докторы Әнуар Тарақовты білмейтін қазақ бар ма. Бәрі де елге белгілі азаматтар.
Біз бұл жерде толық тізімін келтірген жоқпыз. Әйтпегенде, бұл тізімді әлі де жалғастыра беруге болар еді. Сонда осы тұлғалардың бәрі де кішкентай ғана ауыл мектебінен түлеп ұшқан ба деп таң-тамаша қалуыңыз әбден мүмкін. Иә, иә, ауыл мектебі таланттар мен дарындарды баптайтын киелі қара шаңырақ емес пе. Бірақ, ауыл мектебінің қадіріне бүгінде жете алмай жүрген сияқтымыз. Қазір, «болашағы жоқ ауылдар» деген желеумен қаншама ауылдар жабылып қалды. Айрандай ұйыған ауылдар тарих қойнауына кетті. Жанға бататыны осы мәселе ғой. Сол ауылдарды көздің қарашығындай сақтап қалуға болмас па еді. Болар еді ғой, болар еді. Әттең, әттең, келмеске кеткен ауылдармен бірге қаншама таланттардың бағы жанбай қалатын болды-ау деп өзегің өртенеді. Кінәлі заман ба, уақыт ба, бүгінгі қоғам ба, жаһандық өркениет пе. Белгісіз. Асылы, кінәні өзімізден іздеуіміз керек шығар.
Елміз десек, халықпыз, мемлекетпіз десек, ең алдымен ауылдарды сақтауға неге күш салмасқа. Жұмыс пен еңбек көзі болса, ел-халық ауылдан қалаға үдере көшер ме еді! Мысалы, Шалкөде ауылының мектебінен түлеп ұшқан азаматтардың арасында қаншама ел ардақтылары бар. Осының өзі қазақ ауылдарын, ондағы мектептерді сақтауға деген үлкен қозғаушы күш болуы керектігі өз-өзінен белгілі ақиқат болып шықпай ма. Өйткені, бізге қазақтың даласының әр қиырындағы алтын бесік ауылдардың түлегені, жаңғырғаны керек. Осы бағытта атқарылмай жатқан жұмыстар легі жоқ емес, баршылық. Бірақ, әлі де олардың ауқымын ұлғайта түсу ләзім. Бірді айтып бірге кетіп отырғанымыз үшін оқырман қауым кешірер.
Жалпы, Шалкөде төріндегі біз көрген тойдың мән-мағынасы осындай ойларға жетеледі. Қазақтың әрбір ауылында тарих қойнауынан бастау алған білім ошақтары болғаны сөзсіз. Олардың тарихы, рухани-мәдени шежіресі ұмыт болмай, ұрпақтар санасында оқтын-оқтын жаңғырып тұрса, қандай ғанибет. Шалкөделік азаматтар бұл жағынан көпшілік қауымға жақсы үлгі-өнеге көрсетті деп толық сеніммен айта аламыз. Әйтпесе, бүгінгідей қымбатшылық заманда осы шаруалардың барлығын ақылға қонымды, сезімге бай етіп, шалқар көңілмен өткізу айта қалғандай оңай шаруа емес.
Бұл тойдан біз береке-бірліктің, ынтымақтың ғажайып үлгісін көрдік. «Ағайын тату болса, ат көп» деген мақалды осындай кезде айтсақ, қандай жарасымды. Ғасырлық тойға жиналған қауымның, ауыл азаматтарының, мектеп түлектерінің қуанышында шек жоқ.
Шат-шадыман көңіл-күй, жылы шырайлы жүздесулер, ғибратқа толы естеліктер, алыстан менмұндалап тұрған ақшаңқан киіз үйлер, олардың айналысындағы бұлақтың сылдырындай, шолпының сыңғырындай естіліп жатқан нәзік күлкілер, шаттық пен думанға толы тілектер, – бәрі-бәрі де жүз жылдық белестің ажарына ерекше реңк беріп, жарқын тойдың жасампаздық рухын жоғары деңгейге көтеріп тастады. Осындай ұлағатты тойдың ортасында жүріп, ұмытылмас сәттердің куәсі болып жүргеніңе өзіңді бақытты сезінесің. Көңілге түйген дүние көп. Мұның барлығы алдағы уақытта әлі талай әрлі әңгімелерге арқау болатыны анық.
Профессор Әужан Сақабеков: «Қалай болғанда да, 1993-2023 жылдары Қазақстанның экономикалық, саяси, мәдени өмірінде түбегейлі өзгерістер жасалды. Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі орнығып, жаңа азаматтық қоғамның дүниеге келуімен Шалкөде мектебі де күрделі бетбұрыс жасауға мүмкіндік алса, әсіресе, ұлттық білім беру мен тәрбиені жаңарта түсу – мектеп өмірінің өзекті мәселесіне ұласты. Осы жылдардағы ізденістердің барысында уақыт күттірмейтін мәселенің бірі – білім беру мен тәрбие ісін өзара тығыз ұштастыра отырып, оқу бағдарламасын осыған сәйкес құру болып табылғанын мойындасақ, бұл Шалкөде мектебіне де тән құбылыс болатын» деген пікірін білдірсе, Парламент Мәжілісінің депутаты Жанарбек Әшімжан: «Іргесі қаланған кезеңнен бастап күні бүгінге дейін бұл білім ошағынан түрлі салада топ жарған 40-қа жуық ғалым шықты. Мұндай нәтижеге облысы орталықтарындағы білім ошақтарының өзі сирек қол жеткізеді. Мұның сыртында Шалкөде орта мектебінен түлеп ұшып, есімі жалпақ Қазақстанға мәлім болған қаншама ақын-жазушылар, журналистер бар! Сонымен қатар Шалкөде мектебі математика бағытында шәкірт тәрбиелеуде әр жылдары облыстағы ең жоғары көрсеткіштерге ие болды. Бұл – ең әуелі жайлы өмір іздеп ірі қалаларда қалып қоймай, тағдырын Шалкөдемен байланыстырған білікті ұстаздардың еңбегі! Бүгінгі торқалы тойда талай тарихтың парағы ашылатыны сөзсіз. Тәуелсіздік дәуірінің бастапқы кезеңдеріндегі әлеуметтік қиындықтар да есімізде. Осындай соқтықпалы-соқпақсыз жолдарды еске алған кезде біз ең бірінші аталарымызға, ұстан атына кір қондырмай кеткен аға буынға қолымызды жүрек тұсымызға қойып тұрып, ерекше ықыласымызды, рахметімізді айтуымыз керек» дейді. Әбден орынды пікір, мағынасы бөлек тұжырымдар! Ел аман болса, мектеп халқымен бірге кемел келешекке қарай қадам жасап, жаңғыра берері сөзсіз. Иә, Шалкөде ауылымен қимай қоштастық. Енді ол біздің жыл сайын сағына, аңсай келіп тұратын жерімізге айналды. Аман-сау тұр, айналайын Шалкөде, қасиетті мекен, аяулы өлке. Өз сөзімізді белгілі ақын Бақыт Жағыпарұлының мына бір жыр жолдарымен аяқтағымыз келеді:
Татулық, бірлігіме сына қағар
Жан болса, жөнін айтар тұр ағалар!
Ынтымақтың іргесі бұзылмаса,
Құламас көк тіреген мұнаралар!
Бауырмал қыз, намысты текті ұлың бар,
Туған жер бөктеріне бет бұрыңдар.
Құстардай қанат қағып, әр жыл сайын,
Туған ел, мектебіңе кеп тұрыңдар!
Айтпақшы, Шалкөде мектебінің 100 жылдық тойына арналған «Ұлағат ордасы» атты тарихи-публицистикалық жинақ оқырман қауымға жол тартқанын сүйіншілей жеткізгіміз келеді. Онда мектептің, жеке адамдардың және аудандық, облыстық, республикалық мұрағат құжаттары негізге алынған.
Дәуіржан ТӨЛЕБАЕВ

2627 рет
көрсетілді0
пікір
ПІКІР ҚАЛДЫРУ
Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *