• Ел мұраты
  • 28 Шілде, 2023

Жеке әскери компаниялар туралы не білеміз?

Нұрболат НЫШАНБАЕВ, 
саясаттанушы

Ағымдағы жылдың маусым айында, әлем назары Ресейдегі толқуға ауды. Қысқаша баяндасақ, маусымның 26 күні, «Вагнер» жеке әскери компанияның жетекшісі Евгений Пригожин телеграммдағы арнасында «Әділдік жорығына» шығатынын жариялады. Мұның себебі ретінде ол вагнерліктер лагеріне Ресей Қорғаныс министрі Сергей Шойгудың бұйрығымен қарулы күштер ракеталық шабуыл жасалуын атап өтті. Келесі күні, Ростов қаласын толық жеке әскери компания бақылауына алып, «Мәскеуге жорық» жариялады. Ресей президенті Владимир Путин төтенше үндеу жасап, вагнерліктердің әрекетін терроризмге балады. Кремль басшысы өз сөзін «орыстарға, әскерилер мен құқық қорғау органдарына, алаяқтық пен қоқан-лоққымен қарулы көтеріліс жолына түскендерге» үндейтінін атап өтті. «Әдейі сатқындық жолына түскен, қарулы бүлік дайындап, бүлік жасаған және лаңкестік әдісті қолданғандардың барлығы сөзсіз жазаға тартылады, заң алдында және халқымыздың алдында жауап береді», деді Ресей президенті. Тіпті, жалдамалы жасақтың әрекетін «ту сыртынан пышақ сілтеген» сатқындыққа теңеп, жағдайды 1917 жылғы қазандағы оқиғамен салыстырды. «Біз оның қайталануына жол бермейміз, халқымызды да, мемлекеттігімізді де кез келген қауіп-қатерден қорғаймыз» деді. Нәтижесінде, сол күні кешке, Беларусь президенті Александр Лукашенконың баспасөз қызметі арнайы мәлімдеме таратып, Пригожинмен келісім жасалғанын хабарлады. «Күні бойына созылған келіссөздер нәтижесінде Евгений Пригожин Александр Лукашенконың Ресей аумағында «Вагнер» жасағының қозғалысын тоқтату және шиеленісті азайту, одан әрі шаралар қабылдау туралы ұсынысын қабылдады» деп мәлімдеді. 
Осылайша, екі күнге созылған мүдделер теке-тіресі, тұтас әлем назарын аударып, Ресейдегі азаматтық соғыс алғышарты туралы ауқымды талқыға ұласып ғана қоймай, «жеке әскери компаниялар» мен мемлекеттік институттар арасындағы байланыс туралы пікірталас қалыптастырды. Жалпы, осы орайда жеке әскери компаниялардың ХХІ ғасырдағы рөлі мен ықпалы туралы тек қана саясаттанушы мамандар арасындағы ғана емес, тұтас қоғам алдында, дәстүрлік қалыптасқан мемлекеттік институт пен жеке әскери компаниялар қатынасы заңдылықтары туралы бірнеше маңызды сұрақтар туындайтыны сөзсіз. Сондықтан мақаламызда, жеке әскери компаниялардың қалыптасу тарихы мен жұмыс істеу ерекшеліктері, рөлі мен маңызы және негізгі институционалдық мәселелеріне талдау жасауды жөн көрдік. 
Жеке әскери компания – бұл біреуді және бір обьектіні күзету, қорғауға (қорғаныс), көбінесе әскери қақтығыстарға қатысуға, сондай-ақ барлау ақпаратын жинауға, стратегиялық жоспарлауға, логистикаға және кеңес беруге байланысты мамандандырылған қызметтерді ұсынатын коммерциялық кәсіпорын. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін, көптеген елдерде әскери сала алғаш жекешелендіру процесінен өтіп, заманауи жекелеген әскери компаниялар құрылады бастады. Қырғи қабақ соғыс аяқталғаннан кейінгі кезеңде, АҚШ, Ұлыбритания және Ресейде әскери салада жаппай қысқарту орын алып, кәсіби әскери мамандар жекелеген қауіпсіздік саласында компаниялар ашып, нарықта өз қызметін ұсына бастады. Негізінен, халықаралық әуежайлар, шетелдік елшіліктер мен жекелеген компаниялар өз қауіпсіздіктерін қамтамасыз ету үшін жалдамалы қауіпсіздік компаниялар қызметін пайдаланды. Кейбір, қақтығыс орын алып отырған аймақтарда мемлекеттік қауіпсіздік аппараты әлсіз болған елдерде, жеке әскери компаниялардың қызметіне жүгінетіндер саны артты. Бүгінде жеке әскери компаниялар жүйесі, нарықтық заңдылықтарға бейімделіп, мемлекет армиясының репутациясына нұқсан келетін жағдаяттарды жаппай қолданылатын тетік жүйесі ретінде қалыптасып, жылдық айналымы 100 миллиард доллардан асатын бизнес нарығына айналып отыр.
Жеке әскери компаниялар сонымен қатар саяси тұрақсыз, бірегей орталықтанған, үкіметі әлсіз елдер мен үкіметтік емес ұйымдар, трансұлттық корпорациялар үшін қызмет көрсетеді. Алайда, жеке әскери компаниялардың институттық құрылым ретінде қалыптасуының тарихы тереңде. Жалдамалы әскерлер туралы мазмұнды жазылған алғашқы еңбек флоренциялық ойшыл Никколо Макиавеллиге тиесілі. Оның «Патша» атты туындысы 1542 жылы жазылған. «Патша» кітабы сол кездегі флоренциялық принцке кеңес ретінде жазылғандықтан онда жалдамалы әскерлерді өзге мемлекеттермен соғыс барысында қолданудың тиімсіздігі туралы айтылады. Десе де, бұл дегеніміз, жалдамалы әскердің орта ғасыр кезеңінен бастап жаппай қолданыста болғандығын көрсетеді. 
X-XIV ғасырларда, Еуропалық қала мемлекеттер мен династиялық әулеттер арасындағы қақтығыстарда жалдамалы әскерлер тұрақты түрде қолданыста болды. Себебі, аталмыш кезеңде бір орталыққа бағынған мемлекеттік аппараттың рөлі өте әлсіз болатын. Сәйкесінше, жекелеген әскери жалдамалылар тапсырыс беруші нұсқаулығы бойынша барлық бағытта соғыс жүргізуге мүдделі еді. Десе де, Уестфалия бейбіт келісімінен (1648 ж.) кейін алғаш рет мемлекеттің суверенділік принципі жаппай мойындалып, мемлекеттік аппарат мемлекет шекарасы аясында күш қолдануға ие жалғыз легитимді билік көзі ретінде мойындалып, мемлекет монополиясы орнады. 
Жеке әскери компаниялар жаһандық деңгейде қазіргі заманғы қауіпсіздікті қамтамасыз етуде маңызды ықпалға ие болғанымен, олардың әскери әрекеттерін бақылауы мен реттеу құқықтық жауапкершілік тұрғысынан күрделі мәселе болып отыр. ХХ ғасырдың соңғы декадасында қырғи-қабақ соғысының аяқталуы, көптеген аймақтарда күрделі әрі шағын азаматтық сипаттағы қақтығыстар санының артуына ықпал етті. Пост-колониалды көптеген Азиялық, Африкалық елдердегі түрлі саяси топтар арасындағы билік үшін қақтығыстарда шетелдік жеке әскери компаниялар қызметінің пайдаланылуы, дәстүрлі танымдағы әскери қақтығыс құрылымын күрделендіріп, қақтығыстардың ұзақ мерзімді шешілмеуіне ықпал етті. 
Вестфалия бейбіт келісімшарты орнағаннан кейін, мемлекеттің күш қолдануда легитимді монополист болып қалыптасуының бірден бір нәтижесі, халықаралық гуманитарлық заң негізінде «соғыс заңын» енгізу еді. Халықаралық гуманитарлық заң (соғыс заңы), әскери қақтығыстар кезеңінде тараптар сақтауы тиісті бірнеше маңызды ережелер қалыптасқан. Мысалы:
– Әскери қақтығыстар тек тараптардың әскери топтары арасында жүруі қажет;
– Азаматтық топтар, мекемелер мен емханалар, әскери емес нысандар соғыс обьектісі болмауы қажет;
– Тұтқын алмасу ережелері;
– Соғыста биологиялық, химиялық қаруларды қолдануға тиым салу және т.б гуманитарлық ұстанымдарды соғыс барысына енгізу қалыптасты. 
Халықаралық трибунал соғыс қылмыскерлерін соттап, сан ғасырлардан бері ретсіз болып келген соғыс процесі реттелген болатын. Жекелеген әскери компанияларға деген сұраныс аталмыш заң нормалары күшіне енгеннен кейін арта бастады. Халықаралық құқық тұрғысынан, террористік ұйымдардан бөлек, жеке әскери компаниялар ықпалының артуы БҰҰ сынды халықаралық ұйымдар аясында мемлекеттердің әскери қақтығыстарды реттеу мен алдын алу қызметіне ауқымды кедергілер келтіруде. Себебі, жеке әскери компаниялар қандай да бір нақты мемлекетте тіркелгенімен, қызмет ету аумағы халықаралық сипатта. Сәйкесінше, аталмыш компания халықаралық құқық жүйесінің обьектісі болып табылмайды. 
Халықаралық қатынастар тарихында, жеке әскери компаниялар мен мемлекет арасындағы байланыс бірнеше фазалардан өтіп, қазіргі күнге дейін құқықтық тұрғыда реттелген жоқ. 2023ж маусым айында, Ресейдегі, «Вагнер груп» жеке әскери компаниясы мен ресми Кремль арасында орын алған ашық түсініспеушілік, тек ресейлік саяси жүйе үшін ғана, жүйелік тұрғыда халықаралық сипатта жеке әскери компаниялардың реттеліп, халықаралық құқық субьектісіне айналдыру немесе халықаралық террористік ұйым ретінде тану жөнінде нақты әрекет ететін кез келгендігін көрсетеді. Екінші бір мәселе, соңғы ширек ғасырда көптеген «жеке әскери компаниялар» мемлекеттің тікелей қатысуы арқылы құрылғандықтан, өзара қалыптасқан ережелердің дұрыс жұмыс жасамау белгілері көрініс берді. Ресейдегі, «Вагнер» әскери компаниясына қатысты орын алған жайт осының жарқын мысалы. 

3002 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз