- Заманхат
- 28 Шілде, 2023
Еңсесі биік Еуропа

Ғұсман ЖАНДЫБАЕВ
Адамзат өркениеттің шыңына шықты деп жүрген XXI ғасырдың өзінде де қайран адамның хайуандық түйсіктен арылмағаны ақиқат. Бұған жеке адамдар арасында да, мемлекеттер карым-қатынасында да билік парасаттың емес, күштің қолында болатыны айқын дәлел. Адам баласының бүкіл тарихында осылай болып келді, әлі де осылай бола беретініне ешкім күмәнданбайды.
Онда күш дегеніміз не? Арыстан қанша күшті болғанымен, ол да аңысын аңдайды, айла көрсетеді. Ал адам арыстаннан әлдеқайда ақылды, айлалы, қу. Ендеше адам баласы үшін күштің түрі көп, мысалға: білек күші, жүрек күші, айла күші және... Ең бастысы да – осы «жәнеден» кейінгі күш. Оның аты – білім күші. Адамның, тұтастай алғанда адамзаттың білімі асқан сайын оның күші де толыға, толыса беретіні бесенеден белгілі. Сондықтан да бүгінгі әлемде «Білім! Білім!» деген байбалам да, жанталас та барған сайын күшейе түсуде. Мұны біздің қазақ та түсініп келеді. Бірақ өте кеш! Кемінде бес ғасыр кешіктік. Неге дейсіз бе? Қазақ хандығының құрылғанына бес жарым ғасыр деп жүрміз. Ал ол кезде (XV ғасырдың орта тұсында) бүгінгі әлемнің ең күшті үш алпауытының біреуі Ресей Алтын Ордадан енді ғана тәуелсіздігін алып, жаңа қаз басқан баладай шатқаяқтап тұрған. Қазір біз «Аспан асты елі» деп теңеу таппай жүрген Қазақ хандығы құрылғаннан үш ғасыр өткеннен кейін Жоңғар хандығын – жер бетінен жойып жіберген екінші бір алып ел Қытай, қылыш пен найзадан басқа қаруы жоқ қазақтың жеріне басып кіре алмай, шегінуге мәжбүр болып, тағы да бір ғасырға дейін (1864-1884 жылдары Ресеймен қазақ жерін бөлісіп алғанға дейін) кайтып беттей алмаған. Ал қазіргі әлемнің дамыған еліне айналып отырған АҚШ болса, Қазақ хандығы құрылған тұста дүние картасында атымен жоқ болатын. Енді осы АҚШ-тың әлемді ашса алақанында, жұмса жұмырында ұстап, емін-еркін билеп-төстеуіне тірек-таяныш болып отырған Еуропаға келсек, Қазақ хандығы құрылған кезеңде, ол бейшара өліп-тіріліп, қайтадан туған пақырға ұқсап, қараңғылықтың қапасынан көзін уқалай оянып, Қайта өрлеу дейтін әйгілі тарихын бастауға әне-міне ғана кірісіп жатқан. Қазір ғой осылардың бәрі – әлемнің ауыздығын алдыртпас асаулары, апайтөс алыптары.
Ендеше осылардың барлығы аяқтарын әрең басып тәлтіректеп тұрған тұста хандық мемлекетін құрған бізге, қазаққа, содан бес жарым ғасыр өткеннен кейін, «дамушы ел» дейтін мазақ (қорлық) атты місе тұтатындай не көрінді, сонша? Өйткені дамушы ел деген – дамымаған ел дегеннің сыпайы түрі екені әркімге белгілі.
Алайда бұл – шындық. Шындықтан қашып құтыла алмайсың. Демек, қазақ – ерте туып, кеш қалған халық деген сөз. Ал онда бүгінгі әлемде кім күшті? Әрине, қазіргідей ақша диктатурасы заманында, елінің қуаты ақшасының құндылығымен өлшенетін уақытта, әлем экономикасы еуро мен долларға тәуелді болып отырғанда, ең күшті елдер – АҚШ пен Еуропа екені де сөзсіз. Егер осыны мойындайтын болсақ, онда «бұл елдер мұндай құдіретке қалай ие болды, несімен артылды?» деген сұрақ өзінен-өзі туады.
Бұл сұрақтың жауабы да дайын. Адамзат қоғамының қашанда «сананы тұрмыс билейтін» бүкіл тарихында Құдайдан кейінгі құдіретті күш – қуатты экономиканың қолында болып келеді. Ал бүгінгі заман экономикасының негізі – дамыған өнеркәсіп, жоғары техника мен технология десек, осылардың бәрінің тірегі – іргелі ғылым да, өз кезегінде барша ғылым атаулының негізі мен кілті – биік деңгейлі білімде екені де даусыз шындық. Сөйтіп, міне, біз сөзіміздің ақыр-аяғында білім дейтін бірегей мықтының өзіне де келіп жеттік. Осылайша, мақаламыздың түу басында «...не?» деп қойған жұмбақ сұрағымыздың жауабын да таптық. Ол жауаптың аты – білім, яғни күш – білімде! Мұны біздің қазақ атамыз «білекті – бірді, білімді мыңды жығады» деп баяғыда-ақ айтып тастаған. Айтуын айтты-ау. Бірақ «айтасың да қоясың...» деп тағы да сол бабаларымыздың өздері ишара еткендей, іске аспаған сөзде не құн бар? Шынын айтқанда, қазақ баласының зайырлы (светский) мектептің есігін ашып, табалдырығынан аттауы қазақ даласын Ресейдің толық отарлап алуы аяқталған XIX ғасырдың орта шенінен басталады. Жоңғар шапқыншылығынан көз ашпаған бабаларымыз мектеп тұр ғой жөні түзу қыстау да салмай, киіз туырлықты баспанасын өгіз бен түйенің арқасына артып, көшіп жүре беріпті. Тіпті қазақ ауылында салт ат, сабау қамшылы молдадан басқа, Бұхарадағыдай медресе де болмаған. Мектеп ашу басқа түгіл, Абылай ханның да ойына келмеген тәрізді. Ал бұл кезде, одан 3 ғасырдай бұрын мемлекетінің шаңырағын қазақпен қатарлас көтеріп түзей бастаған Ресей елінде, мектептің гимназия, лицей, училище, колледж секілді түрлерін айтпағанда, әлемдік ғылымға есімдері алтын әріппен жазыла бастаған профессорлар мен академиктер дәріс беретін университеттер мен академиялар қатары самсап тұрған болатын. Білім мен ғылымы осылай дамыған Ресей сол XVIII ғасырдың өзінде-ақ әлемдегі мүйізі қарағайдай империяға айналып үлгеріп, маңайындағы қалмақ, ноғай, башқұрт, қазақ секілді мойнына бұрын-соңды құрық тимей, жапан даланы еркін жайлап келген «шүу асау, жабайы, бұратана» елдерді біртіндеп бұғалықтап, жаулап ала бастағаны тағы бар. Ресейдің қазаққа мұндай абыройсыз «атақтарды» дәл осы ғылым-білімнен алыс жатқаны үшін бергені де түсінікті. Осыдан кейін, бодандықтан тәлім-сабақ алсаң – Ресейше ал, тәуелсіздіктің тәбәрігін көрсең – Ресейше көр демеске қандай шарамыз бар? Мемлекеттік құрылымның темірдей тәртібін өзі боданы болған Алтын Ордадан мұраға алған сол Ресейдің өзі білім мен ғылым өркениетін бұл жағынан екі ғасырдай ілгері дамыған Еуропа елдерінен алғаны да белгілі.
Бірақ біз бүгінде Ресейді «отаршыл» деп ұнатпаймыз. Неге отаршыл? Өйткені – күшті! Солай екені, сондай болғаны да рас. Бұл жағынан еуропалықтар да аса бір «айналайын» емес. Кезіндегі отарларының саны мен көлемі жағынан Англия, Франция, Германия секілді дамыған елдер де ешкімге есесін жібермеген. Себебі – соңғы бірер ғасырдан бері еуропалықтар да, Ресей де – күшті елдер. Ал адамзат қоғамында қашанда сананы күш билеп келген. Әлі де солай. Жер бетінде пайда болғанына үш миллион жылдай болған адам байғұс ақылымен ғарышқа шықса да, әлі күнге дейін санасы жер шұқылап отыр. Орманның қараңғы түкпірінде тұмшаланған хайуандық түйсіктен ұзай алмай келеді. Демек, жаратылысымыз осы, қоғамымыз осындай болғаннан кейін, «ағаштың басындағы майдың сасығын-ай» деп күштіге кіжінгенше, қасқырды – жыртқыш, түлкіні қу деп тәлімсігенше, қолдан келсе, өзіміз де бір күшті болып алғанға не жетсін. Бола алмау, болғанды көре алмаудың өзі бір бейшаралық емес пе. Бәлкім, жасынан білім мен ғылымның тереңін инемен қазуға ерініп, жайдақ саясатты ғана жаттап өскен біреулер екі санын шапаттап, мұны «алақай, құлдық сана!» деп шаттана күстаналар да. Бірақ ондайлар құлдық сананың басталатын жері де, барып тоқталатын жері де – урапатриоттық сана екенін біліп қойғаны жөн болар еді. Қазір біреуге «Абайды білмейсің» десең, жалақор атанасың. Өйткені Абайды білмейтін, түсінбейтін адам жоқ секілді. Ал онда данышпан ақынның «Білмесең де ұқсап бақ – Бір ғалымды көрсеңіз» деген сөзін ұлттық, мемлекеттік деңгейде түсінсек, білім жағынан Ресей мен Еуропалықтар секілді озық елдерден өзге кімдерге ұқсауымыз керек? Оларды озбыр деп жүріп, битке өкпелеп, тонымызды итке тастауымыз керек пе? «Заманың қалай болса – бөркің солай», адамзаттың қоғамы – «Қолыңнан келсе, қонышыңнан бастың» заманы емес пе? Мұның саясатқа да ешбір қайшылығы жоқ. Әлемдегі озық елдердің қатарына қосылайық деп отырған жоқпыз ба. Өйткені «бай – байға, сай сайға құяды». Озық елдердің қатарында тұру – әдемі арман мен асқақ мұрат қана емес, ең алдымен – қыруар еңбек, қисапсыз төгілер тер! Күштілермен теңесуді армандасаң – өзің күшті бол. «Ала жаздай ән салған – шырылдауық шегіртке» секілденіп, қазір бастан кешіп отырған жағдайымыздай, аз уақыттық сән-салтанат пен арзан ойын-күлкіге әуес болма. Ал жоғарыда айтқанымыздай, қазіргі заманның күші – ғылым мен білімде! Жүсіп Баласағұни (XI ғ.) «Құтты білік» дастанында: «Білімді – биік, ақылды – ұлық», Шәкерім Құдайбердіұлы: «Білімсіз, өнерсіз – ақыл тұл», Ахмет Байтұрсынұлы: «Жастардың оқу тәрбиесі түзелмей – жұрт ісі түзелмейді» дейді. Ал Құранда ілім, білім рәуішті сөздер 750 рет кездеседі екен. Онда: «Ілім – санаға сәуле түсіріп, түйсікке түйір дән себуші» деген сөздер бар. Бірақ адамзат қолындағы ілім мен білім – соншалықты бір пәк, мінәйі де нәрсе емес. Лев Толстой: «Білім – мақсат емес, қару» дейді. Бұл қарудың екі түрлі мағынасы бар. Адам баласы білімді өркениетке жеткізер құрал есебінде ғана емес, артық күш есебінде, басқаларды бағындырудың, өзгелерге өктемдік етудің қаруы есебінде де пайдаланып келген, әлі де айна-қатесіз солай. Франциялық зерттеуші Мишель Фуко Батыстың сонау Сократ заманынан бергі ой тарихы білімді өз уыстарынан шығармау арқылы билікке жетіп, үстемдік құру («Білім – билік» теориясы) болды деген тұжырым жасайды. Осыны әулиелікпен әлде пенделік түйсікпен сезінгендей болған Шәкәрім қажы: «Шын залымға берме ғылым, ол алар да оқ қылар. Қаруым дер, кісі атып жер, ол ғылымды айла етер» деген еді. Тағы да өкінішке қарай, біз, қазақ баласы, ілім-ғылымды шындап меңгеруді Еуропа мен Ресей секілді әріден бастамай-ақ, ең болмаса, ұлы ақынның әлгі сөзінен кейін іле-шала қорытынды шығарған болсақ, онда іргелі ғылымға қолымыздың іліккеніне бүгінде бір ғасыр уақыт өтіп, жұрт қатарына қосылып-ақ қалған болар едік. Бәлкім, тағы да біреулер айтар: «Бұл – жала! Қазақта қазір мыңдаған профессорлар мен академиктер бар. Нью-Йорктің, Лондонның, Берлин университеттерінің құрметті профессорларымыз. Қазақтар ананы ашып тастады, мынаны ашып тастады. Пәлен Алтын кітаптарда аты жазылды...» деп. Лайым да солай бола берсін. Бірақ, шынымен солай болса, осы уақытқа дейінгі ғылым тарихында, оны қойып, оқулықтардың жалпыға ортақ мазмұнында ең болмаса бір қазақтың есімі бар ма? Жоқ болса, онда неге?! Ал білімді шындап қару ете білген, ол үшін жан аямай тер төккен елдер бүгінде тек экономикада ғана озық болып қалмай, саясат пен биліктің де режиссері мен дирижері болып, дүние жүзін ашса алақанында, жұмса жұмырында ұстап, әлемнің әміршісі болып отырғаны өтірік пе?! Шындықты жаман дейтін ешкім жоқ, бірақ оған тік қарауға екінің бірінің жүзі дауаламайды, өйткені шындық – бұлттан шыққан Күндей өткір! Білім мен ғылымды жанға жағымды әдемі сөздермен ғана меңгеру мүмкін емес. Білім күші жалқау мен еріншектің ісі емес. Не нәрсеге де ат үстінен қарап жөн айтуға бейім жұртқа жұқанасын да ұстатпайды. Білім-ғылым шыңына шығу үшін шын мәнінде инемен құдық қазу керек! Оған ерінеді екенсің – онда білім күші арқылы билік күшіне жеткендердің ат дорбасына жем салып жүре бер. Қашанда өзінің әлсіз бейшара екенін білетіндер мықтының өзінен ығып, оны мықты деп шындықты айтқандармен жағаласып өлген. Ал бүгінде «дамыған» деген мәртебеге ие болып, ғылым мен білімнің тәжін киіп отырған елдер, мәселен, еуропалықтардың бұл жолға төккен терін бір жерге жинаса, әлемнің барлық мұхиттарынан асып түсер ме еді, әлде? Ендеше жартылай жабайылықта өмір сүруге арланбайтын, Абайша айтқанда, талап, еңбек, терең ой секілді «бес нәрсеге асық» болмайтындар әлі де қаптап жүрген кезде, еңбегі сіңген Еуропаның еңсесі биік, оның әлемге билік жүргізуге толығымен моральдық хақысы бар демеске лаж жоқ. Бірақ бұл айтылғанды сол Еуропаның қаңсығын таңсық көріп жүргендерге таңырқау екен деп ойлап қалмаңыз. Қаңсықты таңсықтау кез келген сорлының қолынан келеді. Мықты болсаң – қолдан келмесін келтір.
Қадірлі оқырман! Менің қазірге дейінгі айтқандарымның барлығын негізгі діттеген ойымның лирикалық шымылдығы деп қабылдауыңызды қалар едім. Яғни бұл айтқандарым – шағын мақаламның құлақ күйі. Сондықтан енді басты пікірімді қысқа да нұсқа тұжырымдап, тіке айтып көрейін.
Иә, былайша қарағанда, XXI ғасырдағы қазақ елін білімсіз деп ешкім де айта қоймауы мүмкін. Расында да, профессорларымыз бен академиктеріміз он мыңдап саналады емес пе. Және олардың «ашып тастағандары» да аз емес шығар. Бірақ бәрібір біліміміз бен ғылымымыз тұралап жатыр. Әлемге «мұнайлы ел, шикізат базасы» деген атағымыз әйгілі болғанымен, әлі күнге дейін мұнай өнімдерін, техниканы, құрылыс материалдарын, тіпті азық-түлікке дейін көп түрлерін шет елдерден қымбат транзиттік бағаға сатып аламыз. «Ақылды болсаң, неге кедейсің?» демекші, егер «ашып тастаған», «қосып тастаған» ақылды бастарымыз көп болса, онда неге, Айды аспаннан түсіретін жаңалық ашу түгілі, өнеркәсібіміз, ауыл шаруашылығымыз ілгері баспай келеді. Әлде, академик, профессорларымыздың шимайлаған қағаздарының жартысына жуығы көшірме, ал қалған жартысы бастықтарына беретін есеп-қисаптары емес пе екен?
Жарайды, қара бұлтты төндірмейік. Лайым да мен қателесейін. Білім, ғылымымыз қазірдің өзінде-ақ қарыштап дамып кеткен болсын. Соған сенгің келеді. Бірақ онда, басқаны былай қойғанда, біздің университеттердің берген дипломы, олардың бірсыпырасы әлемдегі ең таңдаулы оқу орындарының қатарында деп жарнамаланып жататынына қарамастан, халықаралық стандарттың шарттарына толмайды деп, тіпті Ғылым, Білім министрліктерінің өзі де қынжылып жататынын қайда қоямыз. Мысалы, ең таңдаулымыз дейтін Ұлттық университетті бітірген маманның да бірсыпырасы «халықаралықты» былай қойып, бір бет мәтінді қатесіз сауатты жаза алмайтынына да куә болуға мәжбүрміз. Сондай бір университеттің доцент оқытушысының: «Қазіргі студенттерде білім жоқ» деп қынжылып жазғанын да газеттен оқығанымыз бар. Бұл жерде «қане, айтшы, көрсетші, кім?» деп сойыл соғар сұрақ қоюдың қажеті жоқ. Әркім білетін, аксиомаға айналған – бүгінгі күннің жалаңаш шындығы! Егер университеттің жайы осындай болса, мектептегі жағдайға жылап жіберуге тура келеді. Қазір «мектепте мұғалім оқытпауы, үйретпеуі керек, оқушы бәрін өзі ізденіп табуы тиіс. Жоғарының талабы осындай» дейтін – ауызға қоятын бесаспап «қақпақ» шығыпты. Осыны арқаланған мұғалім бағдарламалық материалды оқушыға «үйге тапсырма» беру арқылы «меңгертуді» әдіс етіп алған секілді. Бір күнде 6 сабақ болса, соның әрқайсысы келесі күнге 50-60 тапсырмадан бере береді. Осылайша оқушыны тоғыз ай бойы тозақтан шығармайды. Бұл – сау адамды ауруға айналдырып, мәңгүрт жасаудың «таптырмас» тәсілі. Баладан оның демалысы мен ойынын, ұйқысын тартып алудан асқан қатыгездік, зұлымдық бола ма? Мектепті концлагерьге, казармаға айналдырудан өткен қылмыс болмайды. Турасын айтқанда, бұл – геноцидтің бір түрі, «заңдастырылған» түрі. Сірә, білім саласын басқаратын біреулер «бала кітаптан бас алмай оқи берсе, білімді болады» деп ойлайтын болса керек. Бұл – білім алу дегеннің не екенін біліп көрмеген пақырдың ойлайтын ойы. Керісінше, бұдан тек ойсыз, парықсыз, мәңгүрт «делқұлылар армиясы» шығады. Тағы біреулер айтар: «Бұл – жала. Біздің керемет талантты жастарымыз әлемді таңғалдырып жатыр» деп. Біріншіден, жекелеген дарынды тұлғалардың шығуы – барлық замандарға тән табиғи құбылыс. Олар қазір де, кейін де бола бермек. Екіншіден, бүгінгі оқушылар мен студенттер «шығармашылығының» көпшілігі көшірмешілік деңгейінде екені де – баршаға белгілі құбылыс. Мұндай көзбояушылықпен кімді көгертеміз?
Қазіргі кезде білім беру жүйесін халықаралық стандартпен үйлестіру керектігі жиі айтылады. Үйлестірейік. Бірақ, қалай? АҚШ-қа барып келген бір профессордың: «Онда 200 сағат оқытқанды біз 2000 сағат оқытамыз» деп мақтанғаны еске түседі. Ал бұл – шынында ұялатын нәрсе емес пе. Тағы бір адам сол АҚШ-та маманның кәсіби шеберлігі бірінші орынға қойылатынын жазған болатын. Ал бізде әлі күнге дейін бастық пен байдың шала сауатты балалары кәсіпкерлік компанияларды басқарып отырған жоқ па? Мейлі, тіпті ондайлар министр, әкім, төраға, компания президенті бола берсін-ақ. Ал бірақ білімсіз, қабілетсіз адамды ғылым мен техника-технологияның алдыңғы шебіне, сол секілді медицина, құрылыс, өнеркәсіп, т.б. жауапты салаларға жолатуға болмайды. АҚШ пен Жапония әлемнің бүкіл алаяқ пысықайларын емес, керісінше, ең үздік ғалым, инженер, технолог, конструктор, т.с.с. мамандарын өз елдеріне жинау арқылы бүгінгі көшбасшылық деңгейіне жеткен, әлі де осылай етіп отыр. Ұлыбританияның жергілікті университетін бітірген бір қазақ баласын Жапония, енді бірін АҚШ 50 мың долларлық жалақымен еліне шақырып әкеткенін бір газеттен оқығанымыз бар.
Осыларды айта келіп, мен еліміздегі білім беру жүйесін, білімге деген көзқарасты түбірімен өзгерту керек деп есептеймін. Ойларымды ұсыныс түрінде қысқаша тұжырымдап көрейін.
1.Адамның өмірі қысқа. Сондықтан мектепте болу уақытын ұзарта бермей, керісінше, қысқартқан жөн. Бала мектепке 7 жасында келіп, 17 жасында 10 жылдықты тамамдап шығуы керек. Осы 10 жыл ішінде бала алатын білім мен тәрбиесінің бәрін алып болуы тиіс. Мектепте оқушы 4 календарлық сағаттан артық болмағаны және аптасына 5 күндік сабақ кестесіне көшкені жөн. Баланың демалысы мен ойынына күніне кемінде 4 сағат уақыт қалуы тиіс. Ойнамаған бала – бала емес, демалмаған бала – ауру.
2.Адам «абсолют құдай» да, «мәңгі двигатель» де емес. Сыныптағы 25 оқушыны түгел ғұлама-ғалым, инженер, т.с.с. жасауға тыраштанудың, оларды көзбояушы «шығармашылық» жарысына салып қойып, жүлдегерлік бәсекені қызықтап, қол қусырып отырудың қажеті жоқ. АҚШ-тың өзінде жоғары санатты оқымыстылар 2%-дан асып көрген жоқ. Онда да, өз кәсібін жетік меңгерген, бірақ біздің түсінігіміз бойынша ақша санаудан басқаны білмейтін «сауатсыздар» толып жатыр. Мысалы, мына тұрған Германияның өзінде көпшілік қауым Қазақстанның атын да естіп көрмеген көрінеді. Ал бізде Бразилияны картадан көрсетіп бере алмаған балаға ауыр зілді «2»-ні жүректері дір етпестен, шімірікпестен қоя салады және бұлардың көпшілігі – өздері де бала өсіріп отырған мұғалима-аналар. Неткен парадокс! Ал осыдан шыққан мүйізіміз қайсы? Сол Германиядан, АҚШ-тан озып кеттік пе? Сол елдердегі қарапайым (бәлкім, миллионер) кәсіпкердің әлдеқашан есінен шығарып үлгерген Авагадро заңын немесе Ай мен Жердің ара қашықтығын біздің мектептің балғын шәкірті дұрыстап айтып бере алмаса, әлгі ана-апайлардың кез келгені әзірейілдей «2»-ні күнделігіне де, журналға да қондыра салу арқылы оның ар-намысына, тіпті болашағына (аттестаты «нашар») да балта шабудан тайынбайды. Мектептен осылай шыққан баланың болашағынан не күтуге болады? Мектепте баланың адамгершілік, патриоттық және кәсіби (мамандық) тәрбиесіне баса көңіл бөлген жөн. Шәкірт мектепте жалпы дүниетанымын қалыптастырып, оған қоса ғылым мен білімнің негіздерін үйренсін. Ал бұлар көзбояушылық формалды шаралармен де, үгіт-насихатпен де бітетін іс емес. Бұл жерде мен мектепте оқымауды, оқытпауды насихаттап отырған жоқпын. Керісінше, мұғалім балаға – тапсырма емес, білім берсін. Ал білім беру ісі деспоттықпен емес, адамгершіл (гуманды), демократиялы болмағы лазым. Мемлекет мектеп ашып, өзінің болашағына білім бергені үшін міндетсімеуі керек. Барынша жан-тәніңмен оқыт, үйрет. Бірақ баланы төмен бағамен қорқытпа, ар-намысын қорлама. Аттестаттағы төмен баға баланың жолында оның болашағына балта шабар «батыраш-қотыраш» болып тұрмайтын болсын. Ұлы Ломоносов кейін өзінің атымен аталған университетке мектепте оқымай, деревнядан барып түскен. Тарихта аты қалған ұлы математиктердің ішінде мектепте математикадан үнемі «2» алатындары да болған. Әлемнің мектеп бітірмеген 10 миллиардерінің бірі америкалық Билл Гейтс байлығының көлемді бөлігін, қыруар қаржысын формалды білімді емес, шынайы білімді дамытуға арнап келе жатқаны да тегін емес. Өмірін базарда арба сүйреумен өткізетін адамды академик етуге тыраштану, ал академик болуы мүмкін балаға арба сүйреуден басқа жол қалдырмау – дон-кихоттықтан басқа ештеме емес.
3.Мектепте мұғалімдер «үйге тапсырма» беруші емес, үйретуші, білім беруші ұстаз болсын. Өз жұмысына бастықтарға көрсететін есеп қағаздарымен емес, баланың нақты білімі бойынша жауап беретін болсын. Әртүрлі сынақ, тапсырма, ғылыми жоба деген сылтаулармен балаларды жарысқа түсіріп қойып, сыртынан қарап отыратын әдетті тоқтатпақ керек. Барлық білім сынып ішінде, сабақ үстінде берілсін. Білімі жоқ балаға «бағыттың» керегі не? Тапсырма, жоба дегендерді орындау – міндет емес, шығармашылыққа ынталы баланы демеу мақсатында ерікті болсын. Егер осындайда көзге түсіп, озып шыққан бала болса, мархабат, ол баланы халықаралықтан бастап, бүкіл әлемдікке дейін «жүгірте» беріңіз, ешбір кедергі жоқ. Бірақ ондай балалардың озықтығы басқаларды кемсітуге, табалауға, болашағын, өмірін талқандауға себеп болмауы тиіс. Ғылым, білімнен озғандар да спортшы-чемпиондар секілді құрметтелсін, бірақ оның даңқы басқаларға көлеңке түсірмейтін болсын. Егер мектеп пен университет түлектерінің 2%-ы ғана ғылым мен техниканың жаңашыл авангардтары бола алса, тақиямызға тар келмес еді. Қалған 98% – өз кәсібінің шебер маманы болса жеткілікті. Негізінде, жоғары, орта кәсіби оқу орындарының мақсаты – өз саласын жетік меңгерген маман (мысалы, бетон құюшы, кірпіш қалаушы, кино түсіруші, адам емдеуші, ғимарат жобалаушы, т.с.с.) даярлау болса керек-ті. Ал бізде студент жаңалық ашпаса, оған диплом бермей қоятын секілденеді. «Жүзден – жүйрік, мыңнан – тұлпар». Жаңалықты ашатындар да табылады, бірақ екінің бірі емес. Ал қоғамға, өндіріске ең алдымен өз ісін жетік білетін маман керек. Осыны ескерейік. Жаңашыл өнертапқыш болу үшін ең алдымен жақсы маман болып алмақ керек.
4. Әрбір бала, ата-ана кемінде 8-сыныптан бастап, болашақ мамандықтың саласын (биші, суретші, құрылысшы, инженер, т.б.) шешіп алғаны тиімді болмақ. Қалған уақытында осы пәндер мен жаттығуларға баса көңіл бөлу керек. Жоғары және арнаулы орта оқу орындарының барлығында ең алдымен негізгі (арнаулы) пәндерден шығармашылық сынақ алып, содан өткендерді ғана басқа емтихандарға жіберу керек. Сонда, мысалы, негізгі пәні физика болатын оқу орнына түсетін талапкердің аттестатындағы химиядан қойылған «3»-тік баға оның оқуға қабылдануына кедергі жасамайтын болуы қажет. Сонда мектептегі «баға саудасы» да тоқталмақ.
5.Еліміздің индустриялық-инновациялық әлуетін көтерудің алғы шебінде болуға тиіс командир-мамандарды (ғалым, инженер, конструктор, дәрігер, т.б.) дайындауда формалдылық пен коррупцияның иісі де сезілмеуі тиіс. Шын дарындыларды ғана таңдап, таба білген жөн. Оларға ерекше қамқорлық пен қадағалау болуы тиіс.
Жалпы, білім берудің барлық салалары мен басқыштары парашылдықтан аулақ болмағы лазым. Баланың табелі мен аттестатына қойылатын баға, әртүрлі «жоба» жарысы білімнен гөрі мақтаншылдықты көбірек ұнататын саяз ойлы ата-анадан пара алудың тетігіне айналмасын. Ол үшін жоғары-төменді ұстаздық қызметке білімді, білікті, ар-ұяты таза адамдарды ғана іріктеп алуды басты ұстанымға айналдыра беру керек. Міне, сонда ғана, егер осы жолды кешіктірмей дәл бүгіннен бастап кетер болсақ, енді бір 20 жылдан кейін біз де білім мен ғылым және кәсіби салада көп жұртты артқа тастап, айдарынан жел ескен азғана топтың қатарына барынша жақындай түспекпіз.

2564 рет
көрсетілді0
пікір
ПІКІР ҚАЛДЫРУ
Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *