- Ел мұраты
- 28 Шілде, 2023
Жаратылысымыз — қазақ, сипатымыз қандай?

Мұны «қазақстандық феномен» емес, тіпті әлемдік деңгейдегі феномен десе болады. Өйткені мыңдаған жылдық тарихи Отанында ғұмыр кешіп, ХХ ғасырдың соңында саяси тәуелсіздігін алған мемлекет құрушы ұлт қазақтардың табиғи қазақылығын жартылай жоғалтып, «орыстілді – қазақтілді» болып екі саналы жікке бөлінуі ойландырады.
Бұл мәселенің өзектеніп кеткендігі сонша, оны бүгінгі қоғамдық қатынастардағы айтылып та, жазылып та жүрген гуманитарлық салалық көзқарастар мен ұсыныстардың көмегімен айқындап шешудің мүмкіндік шеңберінен шығып кетуіне байланысты, оның шешімін табу бізді жаңа, тың бағыттар іздеуге мәжбүр етті.
Өйткені, айтылған көзқарастар мен пікірталастарда субъектизмнің жиі кездесетінін және көбінесе қалыптасқан түйткілдің себебін емес, оның салдарын мәселе етіп, қажетті шешімдерін іздеуді шиеленістіре беретіндеріне де назар аудардық.
Сондықтан осы орайдағы негізгі мақсатымыз: тарихты сақтап қалу – ұлтты сақтап қалу; ұлтты сақтап қалу – болашақ ұрпақты сақтап қалу; болашақ ұрпақты сақтап қалу – ұлттық тілін сақтап қалу; ұлттық тілін сақтап қалу – тәулесіз мемлекеттілігін сақтап қалу, деп түсініп, ақиқаттың белгілерін алдымен өткен тарихымыздан іздеп, осыдан 2400 жылдай бұрын қазіргі қазақ жерін мекендеген скифтердің (сақтар) ғұлама өкілі, Анахарсистің айтқанына ден қойдық.
Сол кезде тәрбиесі де, ортасы да, ойлау жүйесі де басқаша отырықшы елдің патшасы оны сынамаққа: «Жан біткеннің әділеттісі кім болады?» деген сұрағына: «Ол – дала тағысы. Өйткені олар заңға табынбайды, табиғат талабын ғана мойындайды». Өйткені, табиғатты құдай жаратқан, ал заң адам ойының туындысы, адам орнатқан заң талабына табынғаннан, құдай жаратқан табиғи талаптарды мойындаған әлдеқайда әділетті, патшам» дегенін мақаламыздың алғышарты әрі бағдаршамы ретінде ұстандық. Себебі, тарихтан қандай құндылықтарды дат баспайды дегенде, алдымен оны табиғатпен ұщтасқан,табиғат заңынан алынған қазақи ғибратты құндылықтар деп таныдық.
Және де мұндай тағылымның, адамзаттың (тіршілік иелерінің) эволюциялық даму теориясының бірі – қоршаған сыртқы ортаның ықпалы жөніндегі көзқарасқа негізделген, соңғы отыз жыл бедерінде пайда болып, дамып келе жатқан биология ғылымының революциялық бағыттағы (өмір қалай басқарылады деген ұғымындағы) жаңа ғылыми өзін-өзі басқару саласы-эпигенетиканың (эпи-жоғарғы) бағытымен сабақтас, әрі тұтастай үндестіке келетініне де назар аудардық.
Сондай-ақ, жалпы руханият ілімінің де, діннің де, ғылымның да, қоғамдық дамудың да, тілдің де бастау алып, ақиқатқа жетелейтін жолдары мен шешімдерін олардың жаратылыс (табиғат) заңдылықтары мен талаптарымен сәйкестенетін (адаптация, гармония, үндестік) тұстарынан іздеу керек деген қағидатты да әруақытта зердемізге ұстандық.
Сонымен бірге Альберт Эйнштейннің «Проблема қандай деңгейде пайда болса, оны ешуақытта сондай деңгейде шешуге болмайды» дегенін, мысалы «түрмені сала бергенмен, соттай бергенмен онан қылмыс азаймайды», «басыңа информацияны жинай бергенмен, онан данышпай болып кетпейсің», т.б. тағылымдарды ескердік. Және де тура 30 жыл бойы, ауық-ауық «тіл, тіл», деп жамырағандай күй кешіп, «тілдік қоғам» орнаттық десек те, әлі күнге дейін билік пен қоғамның бір тілде сөйлей алмай жүргені де өкінішті болуы осындай әрекетке итермеледі. Дәлелді алыстан іздемей-ақ, көрші Қытай елінінің ХХ ғасырдың екінші жартысында табиғи заңдылыққа қарсы әрекетке барып, «торғайлармен күрес акциясы» нәтижесінде елін табиғи экологиялық тепе-теңдікті жоюға ұрындырып, 1 миллиардтай халқын жаппай аштыққа ұшырату қаупін туғызды. Өйткені, бұған сол торғайлар қоректеніп, көбеюін тежеп жүрген құрт-құмырсқа жәндіктердің ауыл шаруашылығы дақылдарына жаппай кедергісіз зиянкестік шаубылға шығуы себеп болды. Бірақ Қытай үкіметі «тек қана билік біледі» деген амбицияға бармай, қателіктерін шұғыл дер кезінде түсініп, қайта «1 қытай төрт адамды асырауға тиіс» деген ғылыми негізделген реформа қабылдап, бүгінде экономикалық қуатымен әлемдегі елдер арасында, ең алдыңғы орынның бірін иеленіп отырғаны да баршаға белгілі.
Ал біздің елдегі бір ғана қазақ тілі аясындағы ахуалдың өзі бұдан әлдеқайда күрделі. Олай деуге себеп: проблеманың оңтайлы шешімі – қазақ ұлтының сақталып, оның тәуелсіз мемлекетінің толыққанды қалыптасуымен бірге қауіпсіздік тағдырына тікелей байланысты баламасы жоқ ақиқат екендігінде. Осы орайда қоғамтану мамандарымен саясаткерлердің пікіріне құлақ ассақ, мұндай т.б. қоғамық дағдарыстан шығудың 2 жолы бар көрінеді. Революциялық және эволюциялық жол. Революциялық жол өзге елдердің тәжірибесі көрсетіп отырғандай, өте қауіпті жол да, ал эволюциялық жол – қоғам мен биліктің арасындағы өркениетті жолмен ортақ келісім мен пәтуаға әкелетін әдіс екен.
Бірақ, өкінішке қарай, біздер үшін екінші жолды пайдаланудың да жеткіліксіз екеніне көз жеткіздік.
Біріншіден, Қазақстан әлемдегі бірден-бір тәуелсіз унитарлы ел, мемлекеттік тілі – қазақ тілінің ішкі және сыртқы қолданыс аясында, жат елдің мемлекеттік тілінің жетегінде кеткені сонша, қазақ тілін ғана біліп, лайықты жұмыс таба алмай, ал ол тілді білмей-ақ қосалқы орыс тілімен кез келген жоғарғы үкіметтік орындарда жұмыс істей беретін,әлемдегі баламасы жоқ жалғыз мемлекет.
Екіншіден, ұлттық құрылымдағы унитарлы тәуелсіз елдің мемлекет құрушы ұлтының саналық тұрғыдағы рухани жойылу симптомына жататын: орыстілді – қазақтілді болып бөлінуі.
Үшіншіден, эволюциялық даму жолы бөлек орыс тілінің көпжылдық– қоғамдық өміріндегі идеологиялық және биологиялық қарулар рөліндегі белсенді ықпалының нәтижесінде қазақтардың ұлттық санасының тәркіленіп (мәңгүрттену, ассимилияция, т.б.) ұлттық кодының бұзылуы;
Төртіншіден, табиғи этнотәрбиеге қайшы еліміздегі білім беру мен шеттілдерін қолдану аясындағы енгізіліп отырған реформалардың – ұрпақтар болашағына аса қауіптілігі;
Бесіншіден, кейбір жасанды негативті себептердің нақты ұлттық-мемлекеттік идеологияларды қалыптастыруда тосқауыл болып отырғандығы, т.б. фактілерге байланысты осындай туындап отырған әртүрлі кедергі проблемалардың шешімін эпигенетикалық бағыттағы жаңа тың табиғи эволюциялық жолдан іздену керек деген тоқтамға келдік.
Мұндай жолды таңдау себебіміз: бұл жолдың жоғарыдағы қолданыстағы екі жолдан бірден-бір өзгешелегі оның табиғи (жаратылыс) талаптарға негізделуіне байланысты, табиғатта жоқ: екіжүзділік, жағымпаздық, сатқындық, сыбайлас жемқорлық, парақорлық, әділетті заң үстемдігін ұстанбау, алдау, арбау, қорқыту, т.б. негативті факторларды тежеп, не өшіріп жойып ақиқатқа әділеттілікке жол ашады деп үміт артып, көпшіліктің қалауына ұсынуды жөн көрдік. Себебі табиғи қайшылықта екісөзділік жоқ. Талабы біреу-ақ – не өшу, не өсу!
Өйткені табиғаттың (жаратылыстың) ақиқатына тең келетін күш жоқ, тек қана оны адамзаттың, ақымақтықпен бұзып бүлдіре алатыны болмаса. Енді осы табиғи эволюциялық жол туралы қысқаша мәлімет бере кетейік.
Эволюция – бүкіл тіршілік иелерінің әрқайсысына тән ортақ табиғи даму заңдылығы. Қазіргі ғылыми тілмен айтқанда бұл эволюциялық принциптің негізі – адам организмінде туындайтын, алдыңғы ұрпақтан кейінгі ұрпақтарға ДНК геніндегі сақталған, жинақталған өткен кезеңдердегі ақпараттардың (информация) тұқымқуалаушылық жолымен берілетін табиғи үдеріс. Бұл сақталып берілетін ақпараттарды «генетикалық код» деп атап жүрміз. Ген – грек тілінде «тек, тегі» деген сөз. Яғни генетикалық код дегеніміз – қазақша «тектілік коды» деген ұғым.
Осы ДНК молекуласының кодын 1953 жылы ашқан үш автордың бірі – Нобелдік сыйлықтың иегері Френсиск Коллинз 2000 жылы АҚШ-тың Ақ үйінде жиналған көпшіліктің алдында: «Бұрын Құдай жоқ деп сенбейтін едім, енді құдайдың (жаратушының) бар екеніне әбден сендім» деп мәлімдеме жасаған.
Себебі, сол кодта жер бетіндегі бүкіл тірі организмдерге тиісті ақпараттарының түгелдей жазылып қойған сценарий сияқты екеніне таң қалған. Және бұл ақпараттар алфавитінде төрт-ақ әрпі бар кодталған тілде жазылған көрінеді. Мұндай құдырет тек қана жаратушы құдайдың ғана қолынан келетін іс деп, сөйтіп құдайға сенетінін дәлелдеген. Мұны, Нобельдік сыйлықтың иегері (1977) Стивен Винбергте мақұлдап «Неғұрлым біз ғаламшарды космологиялық тұрғыдан таныған сайын, ғылым бұрынғы құдай жоқ дегенінен қайтып, оның бар екеніне сене бастады» десе, А.Эйнштейн «Кімде-кім табиғаттың құпиясына бойлаған сайын, оның құдайға деген құрметі күшейе түседі» деген. Ал абыз бабаларымыз мұны: «Қарапайым өмірдегі жаратушының жазуы ғой» деп түйіндеген.
Осындайда, зерттеуші ғалымдардың «адам организміндегі 50-60 триллионнан астам клеткалардың әрқайсысында ДНК көрсеткіштері бар» дегеніне сүйенсек, қазақтардың ескертіп, алдырған шашыңды, тырнағыңды шашпай жерге көміп таста деп айтқанын, сонда олардың әр клеткасының энергетикалық трансформациялық қасиетке ие екенін меңзегені емеспе деп те таң қалғандай боласын. Өйткені, бүгінде «Ногтетерапия» деген емнің түрі бар екені белгілі.
Осы орайда маған «тарихында санғасырлар табиғи құбылыстармен тікелей тілдесіп, бейімделіп көшпелі ғұмыр кешкен қазақтардың ұстанған ру-тайпалық шежіресі, бүгінгі әлемдік ғылымда революциялық резонанс тудырып отырған генетикалық (тектілік) ілімімен түбірлес байланыста болған емес пе?» екен деген ой келеді. Олай деуімізге себеп:
Біріншіден, тұқымқуалаушылық заңы ғылымға 1865 жылы белгілі болған болса, көшпелі қазақтар онан санғасырлар бұрын жылқының «Адай», «Найман», «Шекті», т.б.тұқымдарын шығарып, тіпті әрбір руларына тиесілі біртүсті түрлерін де жасақтай білген. Бұл дегеніміз бабаларымыздың селекцияның теориялық базасы – генетиканың (тектілігінің) функциясын өте терең түсініп, меңгеріп, оны қоғамдық өмір сүру салтында материалдық тұрғыда толықтай қолданысқа енгізе білгенінің баламасыз көрінісі деуге болады.
Мұның дәлелі профессор Ә.Омбаевтың («Қала мен дала» мен газеті, 16 тамыз 2019 ж.) мақаласындағы: «Бірде Павлодар облысындағы болған қатты қыста қазақы адай жылқылырының бірде-біреуі де өлмей, тек қана кейінгі ғалымдарымыз шығарған жылқылардың тұқымдары көптеген шығынға ұшыраған. Сөйтсе, мұның бір құпиясы сол – адай жылқысының қанының құрамында осы уақытқа дейін жабайы жылқының қаны сақталған екен.
Екіншіден, өз ұлтының санғасырлар таза генофондық тазалығын тұрақты сақтай білгенін (әлемдегі ең қаны таза 1-ші орын екені) мұны «Жеті атаға толмай некелесуге болмайды» деп ұстанған қағидатының нәтижесі деуге болады. Сондай-ақ бұл үрдістің негізсіз таңдалмағанын: «Қазақтың жетілері» атты ұлттық танымындағы: 6-шы атаны – түп ата, 7-ші атаны – тек ата деп, олардың тектілік (генетикалық) функцияларының орнын дәл тауып, жөн көрсетулерін де кездейсоқтық дей алмаймыз. Бүгінде, бұл үрдіс генетикалық ғылыми тәжірибелерден өткен, бүкіл әлем ғалымдары мойындаған «Гетерозис» деген атқа ие. Көптеген елдер ұлттық таза генофондысын сақтау үшін оны қолданысқа енгізіп жатқан көрінеді. Жай сөзбен айтқанда бұл этностың табиғи селекциясы.
Міне, бұл да бабаларымыздың табиғаттың айтқанын (тілін) түсініп, оны өміріне игілікті арқау еткен бір ғана көрінісі.
Үшіншіден, ру-тайпалық шежіресі негізінде ұлтын рухани тұтастықта ұстаған («әзілің жарасса, атаңмен ойна», «отыз тістен шыққан сөз – отыз рулы елге тарайды» деген психологиялық эмоциялық туыстық сезімталдық рухты әруақытта да оятатын топқа бөлінбейтін қоғамдық ұлттық идеологиясын қалыптастырған әлемдегі бірден-бір ұлт та – көшпелі қазақтар.
Төртіншіден, бүгінгі адамзаттың қоғамдық даму санасына күрделі өзгерістер енгізіп отырған (адам капиталы рөлі) генетикалық (тектілік) код-ДНК-ның функциясын сан ғасырлар бұрын «әр адамның өткен кезеңдері, болашақ тағдыры пешенесіне (маңдайына жазылған) жазулы болады» деп айнақатесіз түйіндеген де – көшпелі қазақтар.Сөйтіп, оны ұрпақтарына «жазмыштан – озмыш жоқ» деп өсиет етіп қалдырған.
Бесіншіден, қазақтардың өмір сүру салтында табиғаттың тылсым құбылыстарын алдын ала болжап, танып, оны өмірлік ғұмырында, күнделікті тұрмыста оңтайлы қолдана білуі де бөлек дүние.
Сондай-ақ қазақтардың ғасырлар бойы ұстанған көшпелік салты мен батыс пен шығысты жалғаған аса зор ұланғайыр жер көлеміне қарамастан, олардың көптеген отырықшы елдер халқына қарағанда, тілдік диалектісінің айтарлықтай жоқтығы, қазақтардың аталған тұтастық рухани ықпалының әсерінен деуге болады емес пе? Бір айта кетерлігі, «биологиялық, генетикалық, ұлттық бірлікте «қазақтар жүзге бөлінбейді» деген де қөзқарастар бар.
Осы арада орыстың ұлы саяхатшысы Семенов-Тянь-Шанскийдің «Қазақтарды оқытудың керегі жоқ. Олардың бүкіл ұлттық ұстанымдары тұнып тұрған білім» деуін де кездейсоқтық дей алмаймыз. Мәселен, қазақтардың: «Құда – мыңжылдық» дегені бұл қазақтың ұлттық тегінің құдалықтан бастау алатын табиғи шексіз ұрпақтар жалғасы екенін түйіндегені. Ал енді осындай татулық пен ақиқаттың серттесу рәсімі етіп «Құдасын құдайындай сыйлайтын қазақтардың» қазы-қарта емес, құйрық пен бауырды таңдап алуы неге негізделген десек, біздің пайымдауымызша, ол «бауырды таңдауы бала бауыр еті екенін меңзегені» десек, ал құйрық ше? Мұның жауабын, мәнін қазақтардың мыңдаған жылдық көшпелі ғұмырындағы мал шарушылығымен айналысып, табиғаттың суық, шөл, қуаңшылық, т.б. құбылыстарымен күресі барысында жинақтаған тәжірбие білімі «семіз мал – майын жейді, арық мал – жанын жейді» деген қағидатынан таптық.
Ескере кететін бір жайт, қазақтардың осындай киелі ру-тайпалық ұстанымын ұлттық тұтастыққа кері әсер ететін фактор – трайбализм» деп атап жүргендерді кешегі өткен кезеңдердегі қазақтарды отарлау саясатындағы құлдық сана идеологиясы уынан құтыла алмай жүрген «топастанған құрбандары» десе де болады.
Осы жерде тағы да «тілдің кодқа қандай қатысы бар?» деген сұраққа: «Тілде осы кодтағы ақпараттардың ішіндегі ұлттың болашақ тағдырын шешіп, оған кепілдік беретін факторларының бірі» емес пе деген тұжырымға келдік.
Мысалы, баспасөзде ана тілін жоғалтып, табиғи генетикалық (тектілік) өрісінен қол үзіп қалған орыстілді қазақтарды «орысқұл» деп атап, «орыс болайын десе түрі келмейтін, қазақ болайын десе тілі келмейтін дүбәрә» деп жүргенін келтіруге болады. Мен ол пікірге биологиялық тұрғыдан төмендегідей түсініктеме беріп отырмын.
«Орыс болайын десе, түрі келмейді» дегені генетикалық кодтағы нәсілдік ақпараттың (программа) ана құрсағынан шаранамен бірге шыққан нәрестенің көзге көрініп тұрған сыртқы белгісі. Қарапайым тілмен айтқанда, бұл әрісі бабаларының, берісі әкесі мен шешесінің бірігіп өздеріне ұқсатып жасаған конструкциясы. Бұл нәсілдік белгілер өзгертуге жатпайды. Өйткені ол табиғи қан алмасудан пайда болатын белгі.
Сондықтан шетелдегі қазақтарды «оралмандар» деп емес, қанымыз бір- «қандастарымыз» деу, табиғи шындыққа тұтастай сәйкес келетін ақиқат.
Шынтуайтында, әрбір нәресте ана құрсағынан шыққанда, ұлттық (қазақы) нәсілдігін сақтап, бойында бүкіл өткен кезеңдердегі генетикалық кодына жазылған (зерттеушілер компьютердің жадына жазылған ақпараттарға ұқсатады) төлқұжаты – бүкіл ұлттық болмыстық құндылықтарымен осы фәни дүниеге келеді екен.
Ал «қазақ болайын десе, тілі келмейтін» дегені осы фәни дүниеде эволюциялық пайда болу және қалыптасу жолы бөлек орыс тілін, т.б. жат тілдерді баланың тілі шыққаннан бастап үйрету, оқыту, сонымен қатар жаттілді ақпараттық кеңістікте қолдану нәтижесінде туындайтын бала бойындағы ұлттық кодының бұзылу процесінің сыртқы көрінісіне жатқызуға болады.
Зерттеуші ғалымдардың анықтаған мәліметтері бойынша: «Жастардың ана тілін 70 пайыздан төменгі деңгейдегі білуі – халқының да, өзінің де, тілінің де жойылу процесі көрінісінің бастауы» дейді. Ал біздің елде бұл көрсеткіштің қолдануы (әсіресе мектептерде) онан әлдеқайда төмен көрінеді.
Себебі кез келген ұлттық тілдің рухани күші – сол тілдің мазмұн мағынасында (түсінуінде) болатындығында екен. Және көп тілде сөйлей білуден гөрі, шет тілінде ойлау аса қауіпті көрінеді (И.П.Павловтың «шарты рефлексін» еске алуға болады.
Осы ретте, еліміздегі қазақ тілі ахуалын егемендігін бізбен қатар алған кешегі Кеңестік көгендегі әріптес-республикалар – Өзбекстан, Әзірбайжан және Балтық жағалауы елдерімен салыстырсақ, олар бірден ұлттық тіліндегі унитарлы мемлекетін құрудың сара жолына түсіп, ал біздің сол баяғы Ресейлік «ескі жұртта» қалып қойғанымызды келтіруге болады.
Мұның негізгі себебі: біздің сол тарихи өтпелі кезеңдегі баламасы жоқ табиғи талаптарға қарсы әрекет жасауымыздан басталды. Ақиқатын айтсақ, жаратылыста ұлттық қос тіл, ұлттық қос рух жоқ екенін, қазақтың шаңырағы сияқты олардың жалғыз екеніне мән бермей, бүгінге дейін компасы бұзылған кемедей адасып, нақты мақсаттағы идеологиясыз жүргеніміздің де сыры осында жатқанын айтуға болады.
Осындайда, еліміздегі нақты ұлттық идея мен идеологияның жоқтығы маған кейде күнделікті қарапайым тұрмыста, өмірде жиі кезігетін «Қайда барамыз?» деген сұраққа: «Бір жаққа барамыз ғой» деп жауап қатқандай әсер қалдырады.
Енді «Мәңгілік ел» атты Ұлттық идеологиялық ұранымызға айналған ұстанымның түпкі мән-мағынасына үңілсек, кешегі көзіміз көріп, құлағымыз естімей кеткен Кеңестік «Коммунизмді» еске түсіреді. Өйткені, баршаға белгілі адамзатсыз ешқандай ел – мемлекет болмайтыны (құрылмайтыны) баламасыз шындық қой.
Олай болса, сол адамзаттың 5 табиғи: туылу, өсу, ауыру, қартаю және бақилық болуы атты ғұмыр кешу функцияларының тек қана екеуінің: туылуы мен бақилық болуы мәңгілік те, ал қалған үшеуінің әр адамдағы өзгермелі, өтпелі әртүрлі процестер санатына жататыны белгілі емес пе?
Сондықтан «Мәңгілік ел» атауының мағыналық ақиқатына жету үшін, оның шын мәніндегі «мәңгілік ұрпақтар» жалғасы екеніне байланысты оны «мәңгілік қазақ елі» деп атасақ, сонда ғана ең негізгі мақсат – мүддеміз ұлттық тәуелсіз қазақ елінің табиғи шын бейнесін анықтай алады екенбіз.
Және бір ескеретін жайт: осындай нақтыланбаған мифтік, ұзақмерзімдік, лозунгілер мен бағдарламалар халықты бойкүйездікке, немқұрайлылыққа, тіпті билікке деген сенімін жоғалтып, шовинистілердің де тілін шығаратын қитұрқы фактілер екендігін де теріске шығара алмаймыз.
Мәселен, әркім де бүгінгі ауамен демалып, керекті қажетті нәрселерін алып, өмір сүргісі келеді емес пе? Демек, мұны биліктегілердің кешегі Советтік «коммунизм», «интернационализм» елестерінен әлі де ес жия алмай жүргендіктерінің көрінісі емес пе деген ойға жетелейтіні де рас.
Осы арада бір сәт өткен тарихымызға үңіліп «сірә, қазақтарда ұлттық идеология болған ба екен, болса қандай болды» екен деген сауалдың да туындауы шартты ғой.
Иә, көшпелі қазақтар осы күнге дейін әлемнің ешбір елінде кездеспеген, ортақ рухани топтасудың қозғаушы күші, тағаны болған ұлттық идеологиясын құра білген деп сеніммен айта аламыз.
Өйткені, бұл идеология, қазіргідей байланыс, қатынас құралдары дамымаған, аэропорты жоқ шығыс пен батысты жалғастыратын ұлан-ғайыр даласында, шашырай қоныстанған қазақтардың сол ғұмыр кешкен дәуіріндегі заманына сәйкестелген, бейімделген табиғи қалыптасқан ұлттық болмыстық ерекшеліктері мен құндылықтарына негізделген ұлттық идеология еді. Бұл идеологияның бір ерекшелігі – оның қазіргі прагматикалық деп жүрген материалдық (заттық) дүниеден емес, осы күнге дейін әлемдік масштабта ешбір ел шешімін таба алмай жүрген, бүкіл адамзатқа ортақ, көзге көрінбейтін тылсым дүние – руханият әлемінен табуы еді. Сөйтіп олар сол кездің өзінде, біздің осы уақытқа дейін қолымыз бен басымыз жетпей жүрген рухани құндылықпен заттық (материалдық) құндылықтардың аражігін ажырата білген.
Дәлел ретінде, бұл бүгінгі таңдағы әлемдегі ең қаны таза ұлт (1-ші орын) қазақ екенін дәлелдеген, айқындаған қазақтың рулық жүйесінен бастау алып, селекциялық рөл атқарған, шежіре-тарихына негізделген «әзілің жарасса атаңмен ойна», «отыз тістен шыққан сөз – отыз рулы елге тарайды» деген кемеңгерлік қағидатының – әр қазақтың жүрегінде, психологиясында, ой-санасында, мейлі қазақ ұлы даласының қай түкпірінде жүрсе де, әруақытта бойында сағыныш, қуаныш, ынтымақтастық, жанашырлық, туыстық-жақындық, адамгершілік, сүйіспенділік, құрдастық, т.б.сезімдерін оята алатын, ортақ мүдделі рухын әрқашанда тұрақты түрде іске қосып, оятатын, адамзат санасының қозғаушы кілті, яғни адамзаттың рухани шикізаты-эмоциялық әдістеме – орынды әзіл-қалжың, күлкі-юмор еді. Қала берді, өлең, жыр, би, шешендік сөздер түрінде тарата білген.
Қорыта айтқанда, көшпелі қазақтар осындай таптық қайшылығы жоқ қоғам құндылықтарын және ерекше ұлттық тәлім-тәрбие беру арқылы, ұлт тұтастығын, жерін, елін, тілін қорғап сақтаудың сирек табиғи тетіктерін – осы рухани әлемнен алған әлемдегі бірден-бір ұлт. Әрине, орынды әзіл-оспақ, юмор адамдарды жақындастыратын, психологиялық фактор екені әркімге белгілі жайттар, қазақта «түсі игіден – түңілме» дейді.
Негізінде, қазақтар ұлттық идеологиясының бойтұмары – девизі етіп, ішкі жан дүниесінің ақыл-ой таразысы – ар-ұят пен намысты «малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы» деп, жетім-жесірлерін де тағдырдың тәлкегіне ұшыратпай, ал сыйлаған қонақтарына да, дұшпандарына да «есіктен кіріп – төр менікі» деме» деген принципті киелі ұғымдай ұстанған. Бүгінгі бізден бір айырмасы-ақшадан басталған дүние-мүліктен емес, әділдік, альтруизмды алға шығарған.
Соның нәтижесі болар, бүгінгі күнгі асты да, үсті де бай, дүниежүзіндегі елдер арасында көлемі 9-шы орындағы ұлы алтын даласын ұрпақтарына аманат етіп қалдырып отырғаны.
Сонымен бірге қазіргі әлемдегі 6000-нан астам ұлттардың ішінде қазақтың сөздік қорының 3-ші орынды иеленуі де кездейсоқтық емес, оны этимологиялық, антропологиялық тұрғыдан зерделегенде әр сөздің шығуы, пайда болуы, қолданысқа ену уақыттары қысқа мерзіммен өлшенеді дей алмайсың. Бұл да қазақ тарихының, кешелі я бүгін жасақталмағанының кепілі бола алады. Өйткені, қазақтардың 40 ғасырлық ғұмырлы ұлт екенін дәлелдейтін антропологиялық (антропогенез) ғылыми мәліметтердің де бар екенін ескеруге және де дүниетанымы да ертедегі шығыс философтарымен үндестікте жатқанын байқауға болады.
Атап айтқанда ертеректе «жабайы», беріректе «бұратана» ұлттар санатына жатқызылған көшпелі қазақтар: «Ақылдың тілі де – сөз», «Тіл қаруы да – сөз» деп сөздің тарихи, табиғи қасиетіне терең бойлап, оны қазіргі әлемдік ғылыми-дүниетанымдық түсініктерменде астарлас байланыста бағамдай білуін де негізсіз дей алмайсың.
Себебі, бүгінде ғылыми дәлелденген, баршаға ортақ «тіршілік иелерінің өмірі – генетикалық (тектілік) код ДНК-ның функциясына да (қызыметіне) тікелей тәуелді байланыста да болады» деген анықтамасын, бабаларымыз ұстанған ру-тайпалық шежіресімен үйлестіріп, өзіндік ерекшелігі бар өмір сүру салтына материалдық (селекция) және рухани (идеолгия) тұрғысын т.б. игілікті істерде жүйелі қолдана білгендігінде деуге болады.
Қысқаша, қарапайым сөзбен айтқанда: «Жазмыштан – озмыш жоқ» деген даналық тәлімгерлік қағидатының өзі-дәлелдеуді қажет етпейтін қазіргі ДНК-ның рөлін дәлме-дәл айқындап көрсетіп отыр емес пе.
Бұдан туындайтын ұғым (түсінік): бүгінгі әлемдік денгейде «Қазақтанудың» бастау алатын тұстары да осындай көптеген тарихи ақиқаттарында жатыр деп пайымдауға болады.
Тағы да генетикалық код факторына оралсақ. «Қазақстан-2050» Стратегиясында дәстүр мен мәдениетті – ұлттық генетикалық код ретінде белгілеген. Генетикалық кодқа дәстүр мен мәдениеттен басқа бүкілұлттық табиғи болмыстық тілдік, рухани тұтастық, т.б. құндылықтарды да жатқызуға болады. Сонда олар қандай жағдайда генетикалық кодтың рөлін атқара алады десек, мысалы, қазақтың төл мәдениетін, салт-санасын, даналығын, дүниетанымын, дәстүрлі күй-жырларын, айтысын, тарихын, т.б. ұлттық ерекшеліктерін қазақстандықтар үшін жат тілде насихаттау, оқыту ешуақытта да генетикалық код рөлін атқара алмайды екен.
Өйткені ол қазақтың бойындағы, санасындағы ана тілімен байланысты табиғи жолмен беріліп қалыптасқан эволюциялық даму заңдарына қарама-қарсы бағыттағы әрекет. Бұл да біздің бүгінгі Ресейлік ескі жұртта қалып жүруіміздің қауіпті факторының бірі бола алады. Қарапайым сөзбен айтқанда бұл ұлтының тарихи қалыптасқан рухани иммунитетін саналы түрде жоюдың бір тәсілдік көрінісі. Мәселен, ұлттық рухани иммунитетсіз: немістер Германияны, түріктер – Түркияны, орыстар – Ресейді құра алмас еді деп айтуға әбден болады ғой. Жоқ, олай емес дейтіндер болса, пікірлерін тыңдауға дайынбыз.
Мысалы, қазақтардың «ұлтсызданған» өкілдеріне жататын еліміздегі «орысқұл» атанып жүрген орыстілді қазақтардың шығу тегініің ең негізгі басты себебі: ұлттық тәлім-тәрбие, яғни этнотәрбие екеніне (кейінірек тоқталамыз) көзіміз жетті. Этнотәрбие – біздің түсінігімізше, ана тіліндегі 12 жасқа дейінгі баламасыз табиғи талапқа негізделген тәрбие көзі. Өйткені ұлттың ғұмырын оның тілінің ғұмырымен тікелей табиғи байланыстағы құбылыс деуге әбден болады емес пе?
Ал «орысқұл» деген кім өзі десек, санасы орыс тілімен тәркіленген, соған шартты рефлексі бейімделген, ұлттық коды зақымданған, таза тілді қазақтан айнымайтын, нәсілі қазақ, ата-бабаларының мұраға қалдырған тарихи Отанының мән-мағынасын, қадір-қасиетін ұлттық тілінде жете түсінбесе де, алаңсыз бейжай ғұмыр кешіп жатқан бүгінгі қазақтар. Мәселен, тауықтың қанаты бар. Жұмыртқалайды. Жұмыртқадан өніп шығады. Бірақ құс атаулының негізгі табиғи ерекшелігі оның ұша білуінде ғой. Сонда ұша білмейтін тауықты – құс деп, ана тілін білмейтін қазақты – ұлт деп атау ұқсас болып шықпай ма? Міне, біздіңше, қазақ халқының басындағы ахуалдың себебін – табиғи талапқа сәйкестенген тұстарынан іздеу керек деп жүргеніміз де осындай фактілерге байланысты айтылған тұжырымдар.
Қазіргі жаһандану заманында көптеген өркениетті дамыған елдердің ешкімге жұтылып кетпейтін ұлттық рухтағы ұлттық мүдделі, білікті іскер мамандар мен басқарушы кадрларды жасақтауға қол жеткізіп, мемлекет құрушы ұлттық тілін ортақ мемлекеттік тілі етіп ұстанып отырған түгелге жуық елдерді ұлы ойшыл Гетенің «ұлы дүниелер – ұлт тілінде жасалады» деген көрегенділігімен түйіндеуге болар еді. Бірақ маған осы тұста орыстілді қазақтардың еліне, жеріне деген қызметі, дүниетанымдық көзқарасы мен рөлі – бейнелеп айтқанда Павлодардың мұнай өңдеу зауыты сияқты тек қана Ресейдің мұнайымен жұмыс жасай алатын сияқты болып көрінеді де тұрады.
Ендеше,толыққанды тәуелсіз қазақ ұлттық мемелекетін қалыптастыруды неден бастау керек дегенде, алдымен осы табиғи жаратылыс құралы – сананың тәркіленуінен (ассимиляция) тазартудан, яғни ұлттық тіліндегі таным-түсініктерін дамытудан бастау керек демекпіз, Өйткені тек қана Ана тілі жүректен нәр алып, сананы билеп өмірлік дүниетанымды, рухты қалыптастырғанда ғана ақиқат құралы бола алады. Міне, сондықтан ұлттық тілін жоғалтуды – санасының тәркіленуі деп атайды. Тіпті қарапайым өмірде де қазақтардың «ой санасына кірмеген (жетесінде) жоқ нәрсені одан недеп сұрап тұрсын» деп кейістік білідіретіні де бар емес пе еді?
Осы орайда айқындалаған факт ретінде, қоғамдық сананың да өзіндік трансформациялану әдістері бар екеніне, кешегі қарапайым қатарадғы Сингапур мен Малайзияның бас-аяғы 20-30 жылда, мүлдем басқа денгейде ойлайтын халықты жасақтап, тәрбиелеп, жаһандық өркениетті даму сатысына көтерілгеніне куә болдыңыздар емес пе?
Ең басты кедергі мен кептеліс – ұлттық сананың тәркіленуінен (ассимиляция) дегенде, сана ұлттың бүкіл болмыстық діңгегі, тағаны әрі оның рухани тәуелсіздік иммунитеті екеніне сүйеніп айтамыз.
Иммунитет дегенде, оның бүкіл адамзатты сан ғасырлар қынадай қырған, жұқпалы дерттерден құтқарып қалған құдіретіне сүйеніп айтамыз.
Осы орайда мақаламыздың негізгі арқауы – қазақ тілінің ұлттық кодқа қандай қатысы бар деген тұжырымдарымызды одан әрі толықтыра түсіндіре кетейік.
Алдымен сөзді филолог ғалымдарға берейік. «Әр тіл өз бойында ұлттық тарихын, төл мәдениетін, танымы мен талғамын, мінезі мен санасын, кәсібі мен салтын, дәстүрі мен даналығын тұтастықта сақтаған «таңбалық жүйе» дейді.
Енді осы тіл «таңбалық жүйе» деген анықтаманы генетикалық ілімнің тіліне салыстырып аударсақ, оның да әрбір ұлттың бойында, санасында эволюциялық жолмен тарихи қалыптасып, ұлттық генетикалық кодында (ДНК) жинақталып, сақталған ұлттық болмыстық ақпараттар жиынтығымен түбірлес, тіпті сәйкес екенін де аңғаруға болады екен.
Демек, бұл «таңбалық жүйе» мен ұлттық код толықтай сәйкестенген бір ұғымды білдіре алады деген сөз болып шығады емеспе? Сондықтан мұны ұлттық тіл мен ұлттық код – монетаның екі жағындай бір-бірінен ажырамайтын тұтас дүние екен ғой деген тұжырымға да тоқталдық. Өйткені, бұл ұлттық код – ұлттың бүкіл тұлғалық функцияларын қамтыса, ал оның тілі де сондай қызмет атқара алады деген сөз.
Мұндай сәтте ескеретін жайт, ұлттық кодты сәбидің бойындағы генетикалық кодтың осы фәни дүниедегі сыртқы орта әсерінің (эпигенетика) тәрбиелік, т.б. ықпалды көрінісі деп қабылдасақ, онда ұлттық тіл (ана тілі де) генетикалық кодтың функционалды құрамындағы даму рөлі бар компоненті болып шығады емес пе.
Себебі, ұлттың ғұмыры оның тілінің ғұмырымен өлшенетін, табиғи сәйкестік байланыстағы құрылымы екені, қарапайым өмірде де көрініс тауып жүрген жоқ па. Мысалы, Кеңестік кезеңдегі 93 ұлттың алдымен тілінің, кейін ұлтының жойылып (не басқаға сіңісіп) кеткені белгілі.
Сонымен бірге, ұлттық тілді (табиғи заңдылыққа байланысты) ұлттық кодпен құрамдық тұтастықта деуіміздің тағы бір дәлелі: ол әлемдік елдер тәжірибесі көрсеткендей, баланы 12 жасқа дейін тек қана ана тілінде тәрбиелеп оқытса, әрі қарай биологиялық деградацияға (тегін жоғалтып мәңгүрттенуі) ұрынбайтындығы да, ал осы кезеңде қарама-қарсы бағыттағы жат тілде жүргізсе – табиғи қалыптасқан әрі қарай дамитын ұлттық кодындағы құндылықтар өшіріліп немесе жойылып толыққанды ұлттық тұлға қалыптаспайтындығында екен.
Мұнан шығатын қорытынды: Қазақтарды ұлтсыздану (жойылу көрінісі) дертінен алдын-ала құтқарудың баламасы жоқ, бірден-бір ғылыми дәлелденген жолы ол – табиғи эволюциялық даму талабына сәйкес, бала бойындағы (психофизиологиялық процесс) 12 жасқа дейінгі кезеңдегі генетикалық кодтың (тектілігінің) лайықты ұлттық дәрежедегі фундаменталды иммунитеттік деңгейіне (дәрежесіне) жетуін қамтамасыз етіп, оның әрі қарай кез келген сыртқы қатынасқа (әсерге) бейімделетін (гармония, адаптация) қалыпты даму периодына өтуіне жағдай туғызу. Бұған тәлім-тәрбие, білім беру, шет тілдерін үйрену мен қолдану, т.б. қоғамдық өмірдегі қатынастарға байланысты көптеген факторлар мен фактілерді жатқызуға болады.
Демек, бұл тәлім-тәрбиеден басталған, шет тілдерін үйрену мен оқыту, т.б. қатынастар тікелей табиғи заңдылыққа тәуелді әрі бағынышты деген сөз. Міне, мұның аталған екі әдістен айырмашылығы да осында жатыр. Сондықтан осындай табиғи талаптарды орындамау, мойындамау – катастрофа, яғни ұлттың азғындау процесі. Бұл біздің бүгінгі қазақтардың басындағы ахуалдық көрініс екеніне ешкім де таласпайды деп ойлаймыз.
Түйіндеп айтқанда, мұны өркениетті, дамыған (Жапония,т.б.) елдердің (ғылыми дәлелденіп, ғұмырлық тәжірибелерден өткен) аталған ұстанымды өз ұрпақтарының болашақ тағдыры үшін, ұлттық мемлекетінің қауіпсіздігі үшін бұлжытпай орындап отырғандығының да негізгі себебі осында жатыр деп әбден айтуға болады.
Сондықтан мақаламызды «жаратылысы қазақ қазақтар неге қазақ бола алмай жүр?» дегенімізде осындай фактілерге қарата айтылып отырғанын ескертеміз.
Сондай-ақ, қоғамдық өміріміздегі ұлттық тілге (қазақ тілі) қатысты сан қырлы дағдарыстардың туындау түп қазығы тікелей табиғи қайшылықтан (этнотәрбиеден басталған) екенін тағы да еске саламыз. Себебі, тілдің де табиғаттың жер бетіндегі тірі субъктісі (бөлшегі) екенін, оның да түпкі негізгі тамырынан нәр алмай (тамырысыз өсімдіктердің өспейтіні сияқты) адам ғұмырының алғашқы этапын (дән, балалық шақ) ешуақытта атап өте алмайтыны табиғи ақиқат. Міне, біздің де этнотәрбиенің баламасы жоқ деп жүргенімізде осы. Оны қоғамдық заңмен ақшамен (Конституциямен) ешқашанда түзетіп, ауыстыра алмайсың.
Өйткені тілдің қызметі де адам организміндегі қан алмасу системасына ұқсас екенін, яғни қан таралмаған жердің жансызданып, істен шығып діттеген әрекетке қол жеткізбейтінін тағы да қайталап айтамыз.
Кез келген елдің ұлттық қоғамдық өміріндегі адами капиталдың рөлі (функциясы) оның бұзылмаған тектілігімен (ұлттық код) тікелей байланысты әрекетте болады екен дегенді де тағы да еске саламыз. Мәселен, баспасөздегі мәліметтерге сүйенсек, Нобелдік сыйлық иегерлерінің 90 пайызы ана тілін меңгерген тұлғалар көрінеді.
Енді қазақ тілінің ахуалын тағыда басқа қырынан бағамдап көрелік. Жоғарыда тілді тіршілік нышаны бар қуат көзі деген пікірімізді де білдірдік. Бірақ бұл жерде біз ешқандай «велосипед» ойлап тауып отырғанымыз жоқ.
Осыдан 150 жылдай бұрын неміс лингвисі Август Шлейхердің (1821-1868) Тілді тірі организм деп, оны биологиялық құбылыстардың қатарына жатқызып, тіл ғылымын жаратылыстану ғылымының қатарына қосуы кездейсоқтық емес шығар деген ойға жетеледі. Әрине, сол дәуірдегі, әсіресе, батыс елдері ғылымындағы материалистік басым көзқарастар ықпалы да, сондай-ақ бүгінгі таңдағы жаңа энергия, информация, энергетикалық, кванттық, вибрациялық медицина атты т.б. ұғымдардың кездеспеуі де ол кезде тілді тірі организм қатарына қосуды маңайлатпайтын көзқарастар дәуірі екені бесенеден белгілі факторлар еді.
Бірақ осыдан 100 жылдай бұрын А.Эйнштейн математикалық жолмен ғаламшарда бәрі де бір-бірімен байланысты және олар түгелдей энергиядан тұрады деп мәлімдеді.
Мұны бүгінгі ғылым да қуаттап: «сенің сөзің де, ойың да, іс-әрекетің де, т.б. түгелдей энергетикалық көрініске жатады» десе, Абыз бабаларымыз: «Алланның берген қуатының арқасында аман-есен жүріп жатырмыз ғой» деп, ал психологиялық әсерлерін «жақсы сөз – жарым ырыс» деген. Мәселен, тілдің оң және теріс зарядты қуаты болатындығы әлдеқашан дәлелденген, ал бүгінде тілді тек қана қатынас құралы ғана емес, оны энергия деп қабылдап, оның материалдық дүниеге де тікелей ықпалы бар екенінде ғылым да теріске шығармайды. Сондықтан тілдің де, табиғи реттеуші қуат көзі екенін, яғни қуат көзінсіз ешқандай ұлттың да ғұмыр кеше алмайтынын еске алуға болады. Қазақтар: «Сөз сүйектен өтеді, таяқ еттен өтеді» деп, сөздің де көзге көрінбейтін қуат көзі бар екенін ескерткен. Сондай-ақ қазіргі әлемде 6000-нан астам тіл қалды десек, олардың әрқайсысының қолданыс аясындағы (ықпалы) қуаты сондай, кез келген ұлттың тілі оның халқының азды-көптігіне қарамай, егер де сол тіл түгелдей ақпараттық қолданыс кеңістігінде болса, қандай ұлт болса да, ұлтсыздандырып, бәлки жойып немесе аренадан ығыстырып шығара алатын көрінеді. Бұл да біздің бүгінгі қазақтардың басындағы жағдай. Міне, мұның да әрбір қазақстандық азаматтың елінің болашағы мен қауіпсіздігі үшін әруақытта зердесінде ұстап түсінуі қажет баламасы жоқ табиғи талап, тарихи ақиқат, аксиома.
Мұнан туындайтын негізгі сабақ – мемлекет құраушы ұлт – қазақтарды осыншама жыл рухани бодандық, құлдық санада, тәуелділікте ұстап отырған жалпы орыс халқы емес, оның тілі екені талас тудырмайтын ақиқат екендігінде.
Олай деуге себеп, бұл шын мәніндегі әрбір ұлтқа тән тілдің адамзаттың физикалық күші жете бермейтін – табиғи саналық, рухани құдіретті күші бар деген сөз.
Қысқаша айтқанда, ұлттық кодты сақтай білу – адами капиталдың әртүрлі оңтайлы потенциалын сақтап, оны жеке және қоғамдық өмірде орнымен қолдана білу деген сөз.
Ал зерттеушілердің мәлімдеуінше, эпигенетика рөлі – адами капиталдың бүкіл болмыстық әлеуетін табиғи талаптарға сәйкестік байланыста қолданатын Адамзаттың әртарапты өзін-өзі басқару жүйесі дегенге саяды. Демек, мұны азаматтың қоғамдық функциясымен де салыстыруға болады.
Бұл сала француз ғалымы Ламарктың 1810 жылғы қоршаған ортаның эволюциялық ықпалы жөніндегі көзқарасына негізделген.
Генетиканың өзі 1910 жылдан бастап эксперименттік тәжірибелік тұрғыдан жеке ғылым саласы болып қалыптасқан. Генетиканың негізгі мақсаты – өзгерткіштік пен тұқымқуалаушылық заңдарын ашу. Бұл селекцияның теориялық базалық негізі болып танылады. Шынтуайтында генетика тектілік туралы ғылым. Өйткені, ген – грек тілінен аударғанда – тегі, тектілік деген сөз. Генетикалық код деп жүргеніміз – ДНК. Ал ұлттық код деп жүргеніміз – ол нәрестенің осы фәни дүниенің есігін ашқан сәттен бастап, сыртқы ортамен байланыста болатын бойындағы бүкіл табиғи ұлттық ақпараттар жиынтығы.
Осындайда, экономикалық және әлеуметтік ахуалдардың да, ұлттық кодпен байланысы болама екен дегенде, экономиканың негізгі заңдары: «Сұраныс» пен «ұсыныстың» қоғамға да, тірі организмге де функционалды әсерлерінің бірдей қатынаста болатынын айтса да болады.
Енді ген туралы қысқаша мәлімет бере кетсек, дүниеде қаншама тіршілік иелері болса, әрқайсысының өзіне тән гендері болады. Мәселен, адамнан адам, есектен есек туатыны сияқты. Генді кейбір зерттеушілер «эволюциялық желім» деп те атайды. Сондай-ақ Ресей телеарнасындағы ДНК жайлы көсретілім де осы тектілік заңына негізделген. Генді 1953 жылы екі американдық ғалым Уотсан мен Криг «Өмірдің кілті ДНК-да, яғни генде кодталған» деп ғылымда жаңалық ашып Нобельдік сыйлықтарын алған. Алайда, кейіннен әлемдік ғылымда геннің тікелей өздігінен әрекетке бармай (эпигенетика) сыртқы әсердің ықпалымен ғана алуан түрлі функционалды потенциялын пайдалана алатыны анықталды.
Мұны, Қазақстанның тумасы (қазір Америкада тұратын) жерлесіміз Шухрат Миталиповтың адам эмбрионының геномын реттеп түзетуге болатыны туралы ашқан жаңалығының (2017) әлемдік ғылыми аренада түгелдей резонанс тудырғанын айтсақ та болады.
Демек, бұл жайтты көшпелі қазақтардың әлмисақтан: «Тәрбие атаның белінде, ананың құрсағында басталады» деген кемеңгерлік тағылымының бүгінгі әлемдік ғылымда дәлелденген көрінісі деп те айтуға болады емес пе?
Сондықтан біздің де (ішкі механизмдерін зерттеуші ғалымдардың өз құзырында қалдырып) бүгінгі қазақтарға әртүрлі сыртқы-ішкі орта факторларының ықпалын, күнделікті айналадағы қарапайым өмір көріністерінде айтылып та, байқалып та жүрген факті – оқиғалармен байланысты жүргізген зейнеткерлік пайымдауымызға түрткі болған желеудің тағы бірі – «көшпелі қазақтардың: «Ұлы дүниелер ұсақ нәрседен тұрады, ұлы атанғаннан кейін ұсақтығы білінбейді» деген кемеңгерлігін бүгін – әлемдегі тілге тиек болып жүрген: «Нанотехнология (метрдің миллиардтан бір бөлшегі (10-9); субатом, кванттық физика, көзге көрінбейтін, өлшеуге келмейтін – рухани тылсым дүние әлемін қолмен ұстағандай топшылауының құпиясы мен сыры неде екен деген таңданысқа тап болып жүрегініміз де рас.
Енді еліміздегі қазақ тілі мен рухани жаңғыруға қатысты жиі естілетін негативті эпизодтардың бірі – мемлекеттік тілімізді өз мәртебесінде ұстанайық деген тіл жанашырларын «ұлтшыл», «нацпат» (патриот-отаншыл деген сөз) деп кінәлап, кемсітіп қара күйе жағу дәстүрі.
Сонда, осындай «кемсітіп», «менсінбеушілік» ұғымдағы сөздерді әлемдік аренадағы терезесі де, дәрежесі де, құқы да тең – ұлттық тілдерін мемлекеттік тілі етіп, ұстанып отырған түгелге жуық елдердің: мәселен, Германиядағы – немістер, Түркиядағы – түріктер, Ресейдегі – орыстар, Өзбекстандағы – өзбектер, т.б. ұлттар естімей, неге Қазақстандық қазақтар естуі керек?
Жасыратыны жоқ, мұндай келеңсіз, ұлттық рухқа дақ түсіретін сөздерді айтатындар жекелеген іштегі де сырттағы да шовинистік пиғылдағы өзіміздің көрші әрі дос санап жүрген орыс ұлтының өкілдері.
Олардың басты айыптау төркіні – Қазақстанның мақсат-мүддесіне тек қазақтар ғана жауапты әрі кінәлі де, ал олар өздерін тек қана талап ету құқына ғана ие тұлғалар санауында. Егерде сол шовинистерден және солардың қотырын қасып жүрген қазақтардан: «Ресей-орыс ұлтшылдығынсыз бүгінгі мемлекетін сақтай алар ма еді?» деп сұрасаң, әрине олар қаншама тыраштанса да, дәлелді аргумент айта алмай, Қазақстан (қазақтар) үшін өздерінің кім болып, кімге арқа сүйеніп жүргеніне әбден көзі жетер» еді дер едік.Ол – Қазақтан Конституциясы. Олай деуге себеп: «Кешегі кеңестік көгендегі әріптес, бүгінгі тәуелсіз Өзбекстан, Әзербайжан және Балтық жағалауы т.б. республикаларда біздегідей шовинистердің ашық үні неге шықпайды « дегің келеді.
Мәселен, қазақтардың мыңдаған жыл қанымен, аналардың көз жасымен, зарымен жуылған, бүгінгі Қазақстандықтарға (ұрпақтарына) мирас етіп қалдырған жеріндегі елдімекен, – жер-су және қала атауларын кейінгі орыс отаршылығы кезінде өзгерткен аттарынан арашалай алмай отырғанымызды кімнен көреміз?
Бұл туралы қазақта: «Жеріңнің аты-бабалар хаты» деп соқырға таяқ ұстатқандай тарихи жер-суының қадыр-қасиетін, құдіретін, тағдырына байланыстағы құндылықтарын әрбір сөзімен- сезімімен дәмін, бояуын, формасын, түрін құпиясын, сырын келтіріп анықтап ұрпақтарына дүниетанымдық ғибрат-аманат етіп қалдырған емеспе. Мәселен: Ащыбұлақ? Алакөл, Қаратал, Мойынқұм, Қыземшек, Шенгелді, Көксу, Қызылжар, Тереңөзек, Қарой, Шиелі, Майбалық, т.б. осындай мыңдаған тарихи, табиғи мән-мағынасы бар атауларды тізбектей беруге болады.
Осындай қазақ тарихының тағылымдық, даналық, дүниетанымдық жаңа беттерін ашатын әлемге паш етуге тұрарлық өзіндік рухани байлық көзі –бабаларының хатын оқи алмай, өшіртіп отырғанымызды іштегі бірді-екілі шовинистерден ғана емес, атқарушы билік өкілдерінің өткен тарихи мұра құндылықтарына деген жауапсыз әрекетінен емес пе деген жан айқайымызды да жасыра алмаймыз.
Ал енді осындай қауқарсыздығымызды көпұлтты (Ұлыбритания – 1500; Германия – 600; Ресей – 400 т.б.) елдердің қоғамық өміріндегі тәжірибелерінен іздеп көрсек, оларда сол елдің мемлекеттік тілін саясаттандыруға ұмтылуды – сол елге деген ашық терроризм, диверсия және сепаратизм деп бағалап, ондайларды қатаң жазалайды екен.
Енді мұның табиғи ақиқат екенінің белгісі ретінде, адам қанындағы «лейкоцит» деп аталатын ақ түйіршікті клеткасының сол қанға сырттан түскен бөгде, зиянды (бактерия, вирус, грибоктар т.б.) өгей заттарды іздеп барып, оларды өзінің химиялық уымен жоқ етеді де, өздері де соның жолында құбан болады екен. Бұл сонда жаратылыстың осындай кішкентай клеткаға «ақыл-ой» кіргізіп, патриоттық (ұлтшылдық) сезімін оятқан құдыреті ме? Егер де бөгде, өгей заттар жоқ болса, олар тыныш қалыпты жағдайда болады екен. Міне, бұлда жаратылыстың (табиғаттың) қоғамдық өмірде де тәлім алатын тылсым-сиқырлы құпиясы-қағидаты емес деп,кім кәне ақымақтанып таласа алады.
Осындайда, философ Бенедикт Андерсонның: «Ұлтшылдықты жасайтын ұлт емес», қайта ұлтты жасақтайтын – ұлтшылдық» деп түйіндегені еске оралады.
Ал білікті мамандардың пікірінше, ондай жат пиғылдағыларды тыңдайтын, еліктейтіндер ұлттың санасы, руханияты тәркіленген, басқаға сіңісіп (ассимиляция) тіпті сатылып кетуге де бейім ұлт өкілдері ғана болуы мүмкін дейді.
Сонымен қатар әр ұлттың тілі шын мәніндегі табиғи құрамымен бірге, оның рухани идеологиялық тұғыры әрі қорғаны, қозғаушы күші. Міне, сондықтан ұлттың рухани идеологиясыз – ұлттық мемлекеті ешуақытта құрылмайтынын, баламасыз табиғи талап деп жүргеніміз де осындай сәттер.
Түйіндеп айтқанда, мемлекеттік тіл – әрбір елді тұтастыққа, бірлікке бастайтын табиғи-рухани ұйтқысы әрі идеология қаруы екенін баламасыз ақиқат дедік. Бірақ, мұның аса бір қауіптілігі сондай, егер сол елдің рухани ұйтқысы бұзылып, идеологиялық құралы әлсіресе, ондай елдің қауіпсіздігіне қару да, ақша да көмектесе алмайтыны және ондай елді отарлау немесе жерін тартып алу, басқаға аса қиындық түсіре қоймайтын тиімді оңтайлы фактор көрінеді. Иә, мұндай фактілерді теке-тіреске ұрынған кешегі Сириядан немесе бүгінгі Украинадағы жағдайлардан байқауға болады.
Тағы да бір мазалайтын ой: осы Кеңестік «Интернационализм» жаппай – орыстандыру болған болса, ал Қазақстандық «интернационализм» - қазақсыздандыру көрінісінің айғағы болып отырған жоқ па» деген көзқарастың да бар екенін келтіруге болады.
Мұны, әрине отарлану дәуірінен қалған созылмалы дерттің симптомдары деуге болады. Және бір эпизод: «Қазақ ұлтын «толерантты (көнбіс) халық» дейді. Мұның мақтау ма, әлде даттау ма екенін ажырата алмай қаласың.
Егер қазақтың «жуас түйе – жүндеуге жақсы» дегеніне мән берсек, онда ол қазақтың ұлттық санасының тәркіленіп, биологиялық деградацияға ұшырап отырғанын еске түсіреді де, ал қарама-қарсы қырынан қарағанда, кешегі тағдырдың тәлкегіне түсіп, қазақ жеріне келген өзге ұлт өкілдеріне, сол өздеріне де қиын кезеңде де, қазақтардың, оларға барын ауызынан жырып беріп, кейін де туған ағайынындай кеудесінен итермей, бауырына басқаны – ұлттық санасы мен бойындағы мейірімділік пен қарапайымдылықтың боямасыз тарихи көрінісі емес пе. Мұны сол ұлт өкілдерінің бүгінгі ұрпағынан да сұрап білуге болады.
Енді бірінші толеранттықты – қазақ мемлекеттілігінің күйреу нышанының бастау алу көрінісі деп қабылдап, ал екіншісін ортақ тілдегі Қазақстан халқының бір мақсаттағы тұтастықта, ынтымақтастықта, қазіргі заман талабына сай, азаматтық, демократиялық қоғам жүйесін дамытуға дайын екендігінің бірден-бір фактісі деп қабылдауға болатын ақиқатқа негізделген ұғым емес пе. Жоқ, олай емес деп, кім кәне таласа алады?
Төлеген АЛМАХАНОВ

2584 рет
көрсетілді0
пікір
ПІКІР ҚАЛДЫРУ
Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *