• Ел мұраты
  • 28 Шілде, 2023

Қос ішектегі қоңыр болмыс

Биыл елімізде кезекті рет Ұлттық домбыра күні атап өтілді. Бұл атаулы күн жыл өткен сайын халқымыздың жүрегіне жақын болып, көңілге шуақ ұялататын, дәстүрлі болмысқа ие айрықша күн ретінде ұлықталып келеді. Мемлекет басшысы айтқандай, қазақ пен домбыра – егіз ұғым. Күмбірлеген домбыраның үні батырларымызға рух, ақындарымызға шабыт берген. Домбыра әрбір қазақтың рухын көкке көтеретін құнды қазынамыз болуға тиіс. «Сарыарқа», «Балбырауын», «Адай», «Әлқисса» күйлері – ұлттық рухымызды көтеретін таңғажайып туындылар. Домбыраның пернесінен шыққан күйде халқымыздың терең тарихы бар. Біз атадан балаға аманат болған асыл мұрамызды сақтап, қадір тұтуымыз қажет. Иә, домбыра – қазақтың жаны, рухы, тарихы, салт-дәстүрі, бүкіл бітім-болмысы. Ол Ұлы Даланың төсінде ерте заманнан бері халқымызбен бірге жасап келелі, Тыңдаушысын жігерлендіретін төкпе күйлер мен сыршыл шертпе күйлер қазақтың табиғатын танытады. 
 

Академик Ахмет Жұбанов: «Кең даланы мекен еткен қазақ жұртының ең аяулы да қасиетті музыкалық аспабы – домбыраның бірде күмбірлеген, бірде тыңқ-тыңқ шертілген ойлы дыбысы құлаққа жағымды, жүрекке жақын, оның күмістей сыңғыраған үні талай сырдың басын қайырады. Сымдай тартылған қос шекте сан ғасырдың сан алуан сипаты, ақыл-ойы, көңіл күйі жатыр. Домбыра – көшпелі елдің көне көз шежірешісі, көпті көрген қарияның көкірек күйі. Не бір аруақты, дарынды дала перзенттерінің аты ұмытылып кетсе де, сары алтындай шығармалары ­тот­ баспай бізге аман жетті, тек ХІХ ғасырдың бас кезінен бері өмір сүрген халық сазгерлерінің біразының есімдері қазір мәлім бо­лып отыр» деп домбыраның қадірін әдемі жеткізе білген. 
Тарихтан білетініміздей, Майтөбе деген жердің тұсынан домбыраның суреті бар Таңбалы тастың берісі 4 мың, арысы 6 мың жыл бұрын бедерленгенін, Арал маңында домбыра ұстаған адамның мүсіні біздің дәуірімізден 4 ғасырдың мұрасы болғанын, Алтайдан табылған ата домбыра біздің дәуірімізден 5 ғасырға тиесілі екенін, Алтайдан Атырауға дейін бүкіл Қазақстанның даласы 4-5 мың жылдан бері осы домбыраның үнін естіп келе жатқаны мәлім. Демек ол бар қазақтың бір екенін, қанымыздың да, жанымыздың да бір екенін дәлелдейтін өте нақты нәрсе. Мойнына көне түркі таңбасымен «жұпар күй әуені бізді сүйсіндіреді» деп жазылған аспап сонау Күлтегін заманынан бері келе жатыр. Одан бергі қилы замандардың бәрі домбыраның көмейінен күй болып төгіліп, тарихтан сыр шертеді. 
Қазақстан халқын біріктіретін теңдесі жоқ мәдени мұра саналатынын және рухани жаңғыру жолының негізгі арқауы. 
«Өнер – ұлт келбеті» дейді дана халқымыз. Баршамызға ортақ құндылық – домбыраны жан-жақты насихаттап, жас ұрпақтың санасына сіңіру өте маңызды. Домбыра аспабы – қайталанбас асыл дүние. Сондықтан, мектепте домбыра үйрену сабақтарын енгізу – қажетті әрі дұрыс бастама. Себебі, қазіргі жаппай жаһандану уақытында халқымызға тән бірегей құндылықтарды жаңғырта беруіміз қажет, – деді Мемлекет басшысы.
Күміс көмей әншілеріміз домбыраны қолға алып, сайын даланы жаңғыртып, әуелетіп ән салған. Қастерлі аспап бүгінде симфония мен операға әр беріп, классикалық өнердің ажырамас бөлшегіне айналып келеді. Ол – қазақтың бренді мен паспорты, ешкімге ұқсамайтын қайталанбас келбеті. «Домбыра – қазақ үшін жай ғана музыкалық аспап емес, одан әлдеқайда биік тұрған киелі құндылық. Халқымыз домбыраға үкі тағып, төріне ілген, күйшілерді төредей күтіп, төбесіне көтерген. Осы игі үрдіс қазір де жалғасып келеді. Бүгін «Қазақ елі» алаңына жиналған мыңдаған күйші соның айғағы. Рухани жаңғыруға бет алған халқымыз қасиетті домбыра мен құдіретті күйді қаншалықты қадірлейтінін бүкіл елге, дүниеге паш етіп отырмыз. Осы жерде күмбірлеген күйлер біздің бірегейлігіміз бен рухани тұтастығымызды білдіреді. Лайым әр уақытта бізге Жаратқан бірлік берсін. Осы күйдің бірлігіндей бірлік беріп, елдің болашағын жарқын етсін. Бүгінгі шара өскелең ұрпақтың қасиетті домбыраға, ұлттық өнерге деген құлшынысын арттыра түсері сөзсіз. 
Домбыра – қазақтың киесі, қасиеті, қазынасы. Күні кешеге дейін әр үйдің төрінде ілулі тұратын ұлттық аспабымыздың күмбірлеген үні бүгінде алыстап бара жатқандай еді. Телеарналардан домбыраның дауысын есту мұңға айналғаны былай тұрсын (оның орнын қаптаған салмақсыз бағдарламалардың жаулап алғаны шындық), өзіміздің төл тойларымыз, шілдехана, бесік той, тұсаукесер, тілашар, беташарларымыз даңғырлаған эстарада әуеніне байланбады ма? Домбырамен әуелете шырқалып, тиесілі сыйлық иесін табатын «Тойбастар» дәстүрінің түр-сипаты мүлде өзгергеніне бәріміз куәміз. Құрметті қонақ келгенде «ауылдың алты ауызы» айтылып, «қонақкәдемен» жалғаса әнмен өрілетін отырыстар көзден бұлбұл ұшқалы қашан?! Арасында үлкендердің әдемі әңгімелері тыңдалатын. Қазір ше? Ішіп-жеп болған соң, бас салып би билеуге көшеді. Жас та, жасамыс та секеңдеп, ию-қию музыка, қызық деген осы деп түсінетін болдық. Ілгерідегі құдаларды әудем жерден арнау айтып қарсы алып, күмбір-күмбір күй тартып, шығарып салар кез қайда, шіркін?! Домбырада айтылатын әр әннің сөзі қандай, сазы қандай?! 
Ұлттық домбыра күнінің тағылымы терең екенін айтып жатудың қажеті бола қоймас. Себебі болмысымызға, дүниетанымымызға ең жақын аспабымыздың бірі де бірегейі – домбыра. Қадыр Мырзалиев жырлағандай, нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ домбыра. Қазақтың арғы-бергі тарихына зер салсақ та, бүгінгі уақыт тұрғысынан бағамдасақ та, ұлттық рухымыздың бір парасы, ұшқыны домбырада жатқаны сөзсіз. Халық ақындары, әнші-күйшілердің жан серігіне айналған аспап, жорықтағы батырлардың да жанынан тастамай алып жүретін рухани күш, дем беретін аспап болғаны аян. Қазақ халқының ұлттық дүниетанымында домбыра тарта білген адамның мәртебесі биік. Бұл ең алдымен домбыраға деген шексіз құрмет. Әрбір өнерпаз қолындағы домбырасымен қадірлі. Бір сөзбен айтқанда, домбыра – ұлттық кодымыз. Домбыра – жай ғана аспап емес, ол рухани өзегіміз де. 
«Домбырам екі ішекті қолға алайын, 
Құбылтып неше алуан ән салайын», – деп келетін ән жолдары да, домбыра аспабының ұлттық салт-дәстүрімізде, әдет-ғұрпымызда қаншалықты жоғары орын алатынын білдіріп тұрса керек-ті. 
Сонымен Ұлттық домбыра күні барша халыққа серпіліс берді. Әрине, Ұлттық аспабымыздың ұлықталып жатқаны ең алдымен қасиетті Тәуелсіздіміздің арқасы деп білуіміз керек. Кеңестік кезеңде ұлттық өнердің, соның ішінде ұлттық аспаптарымыздың қағажу көргені, ұмыт болуға айналған сәттері аз емес еді. Әйтпесе, домбыра әрбір қазақтың үйінің төрінде ілулі тұратын. Домбырадан тарайтын ұлттық рухтың кереметтілігі де сонда, ол ата-баба дәстүрін, тарихыңды, салт-дәстүріңді ұмыттырмай, ұлттық жадыңды сақтай білуге үндейді. Көшпенділер дәуірінің символына айналған аспап небір қилы замандарда әртүрлі жағдайларды басынан кешкені мәлім. Халықтың қолынан алынса да, жүрегінен, санасынан ала алмады. Осылайша домбыра ғасырдан ғасырға жетіп, бүгінгі уақытқа дейін сақталып келді. 
Белгілі ақын Өтеген Оралбайұлы жазғандай, домбыра – ұлттық ұлы байлықтың қайнары. «Мұндай музыкалық аспабы бар халық қазақтан басқа жоқ. Тиегіне дейін киелі, сағасына дейін жүйелі, шанағына дейін шежіре, құлағына дейін тарих, пернесіне пейіл ұя салған ұлы қазына бізден басқа кімде бар? Арлы азаматтардың арқасында қазақтың мың күйі тасқа түсіп таңбаланып, дискіге түсіп құлақ ашып, төрімізден орын алды. Атақты алты мектептің – Атыраудың төкпесі мен желеңі, Маңғыстаудың мың толғақ, жүз иірім сазы, Сыр бойының сыршыл, сәулелі сыңғыры, Қаратаудың қоңыр үнді шертпесі, Шығыстың шежірелі, шаңқандай ажарлы үні, Арқаның жан баураған жайлы ырғағы, бәрі-бәрі жиналып келгенде, Ұлы даланың ұлы оркестрі болып кеудеңді мақтанышқа, еркіңді ерлікке, жігеріңді жеңіске шақырады. Сондай кезде қазақ болып туғаныңа мақтанасың.
Академик Ахмет Жұбановтан тартып, кешегі Қаршыға мен Төлегенге, бүгінгі Сержан мен Розаға, Айтжан мен Жанғалиға, Айгүл мен Анарға, Секен мен Тұрарға дейінгі, олардан кейінгі домбырашылар қазақ домбырасының құдіреті мен қасиетін әлемге танытып жүр. Ал қазақ поэзиясында ақындардың мыңдаған өлең-дастандары жыр жампозы Ілияс Жансүгіровтен бастап, Хамит Ерғалиевпен қостап, дәулескер Дәулеткерейдің күйшілік рухын ақындық қуатта жалғастырған жастарға келіп жал-құйрығын артады. Бабамның көзіндей, сөзіндей және өзіндей домбыра тұрғанда ұлтымыздың рухы өлуі мүмкін емес. Ғасырдан ғасырға ұласқан рухани жаңғырудың тәуелсіздік дәуіріндегі жаңаша жаңғыруы домбыраға келіп астасқаны, «Домбыра күніне» келіп бас қосқаны әрі байрағымыз, әрі қайрағымыз, әрі жайнағымыз, әрі байламымыз болды».  
Домбыра туралы сөз еткенде тіл мәселесін айналып кете алмайтынымыз заңдылық. Өйткені қазақ тілі, қазақ домбырасы – туыстас ұғымға айналған құндылықтар. Тілден домбыраны, домбырадан тілді бөле-жара қарау да мүмкін емес. Өзінің ана тілін білмейтін адам домбыраны да қадірлеп-қастерлемейтіні белгілі. Жастайынан домбыра тартып өскен баланың бойында өз тіліне деген құрметтің де ерекше болатыны содан. Себебі қос ішек арқылы берілген дыбыс ұлттық сана-сезімді қалыптастырып, дүниетанымды айшықтап тұрады. ХХІ ғасырда, қазіргідей жаһандану заманында домбыраға ерекше ден қоюымыз қажет. «Әр қазақтың үйінде бір домбыра аспабы болуы тиіс» деген ұстанымды жүзеге асыра білсек, біз мықты ұлтқа айналамыз. Себебі домбырада бәрі бар. Жоғарыда айтқанымыздай, ол жай ғана аспап емес, домбыраның бойындағы энергетика, ұлттық рух, мінез, намыс, қайрат, жігер, т.б. қасиеттер баланың бойына сіңіп, көкейіне қонақтайды. Шынтуайтына келгенде, біз домбыра арқылы қазақтығымызды сақтаймыз. Ұлттық белгімізді, сипатымызды жоғалтпаймыз. Ұлттық мәдениетіміздің бастауында тұрған аспабымыз да домбыра екенін білуіміз керек. Демек, оған деген құрмет, ықылас пен ниет әр қазақтың жүрегінде, жан-дүниесінде ерекше сезіліп тұруы керек. Ақиқатына келгенде, барлық қазақ бұрынғыдай домбырасын құрметтей алмай жүргені шындық. Қазір тойларға барсаңыз, домбыра таба алмайсыз. Төл аспабымыз әр қазақтың үйінен де табыла бермейді. Бұрын екі қазақтың бірі домбыра тарта білетін болса, қазір олай деп айту қиын. Кешегі кеңестік кезеңнің әсерінен болар, біз белгілі бір дәрежеде домбырамыздан алыстап кеттік. Әйтеуір, бір қуантарлығы азды-көпті құрметтің сақталғандығы. 
Он сегіз мың ғаламды тербеткен мәртебелі Музыканың маржан тіліне жүгінсек, адамзат игерген саз аспаптарының бәрі де бір-бірінің үнін қайталауға қауқарлы. Бірі жетіп қайтарады, бірі жетік қайтарады, бірі өтіп қайтарады. Бес құрлықтың бойлығын жайлаған Атам Ата мен Хау Ана перзентінің ортақ тілі – дыбыс, үн, саз, әуен, ырғақ, музыка. Қара жердің алғашқы тұрғыны қасиетті жеті нотаны жете меңгермесе де, тастан шыққан дыбыс жаннан шыққан саз болып, әр халықтың, әр нәсілдің өмірлік өнегесіне, көңілдік кенегесіне айналған.
Әр ұлт өзінің ұлттық аспабын мақтаныш етеді, басқаға теңгермейді, жаттың қанжығасына өңгермейді. Бірақ бір нәрсе айқын – қазір қазақтың ұлы музыкалық аспабы – қасиетті қара домбырадан шыққан үн, ол орындай алатын әлемдік аспаптардың кеудесінен шыққан кез-келген күрделі әуен, көрікті саз қайсы ұлттың өкілдерін де жалт қаратып, жанына шуақ, көңіліне қуат құяды. Әдетте, «қара» деген сөзді бағзы бабалар «қасиетті, тарихи, ерекше тылсымға ие» деген мағынада қолданған. Осы сөз қазақпен бірге жасап келеді, жасай да береді. Қара жерде қазақ тұрғанда оның домбырасы сөйлей береді.
Өзге халықтарға ғана емес, ең алдымен өзімізге де домбырамыздың қадір-қасиетін сезіндіре білдік. Осыдан үш-төрт жыл бұрын еліміздің жастары демалыс саябақтарында «Домбыра-пати» деп аталатын шараны қолға алды. Неге? Өйткені жастарымыз түсінді, оларды жаһанданудың иектеп бара жатқан күшінен домбыра ғана сақтап қалатынын. Ұлттық мәдениетке толассыз соққы беріп, тегістеп жаншып келе жатқан жаһандану үдерісіне қарсы тұра алатын дүниенің бірі – ұлттық аспаптарымыз ғой. Жастарымыз соған ден қойып, жаппай ұмтылуының бір себебі осында еді. Қазір де осындай рухани шаралар қолға алынып жүр. Бірақ оның әлі де болса белгілі бір формалары табылмай жүр. Қаланың әр жерінде бас қосып, бір-екі сағат домбыра шертіп, үйге қайтып кеткеннен көп пайда да бола бермейді. Домбыра аспабын ұлықтаудың кең ауқымды шараларын ойластыра білгеніміз абзал. Солардың ішіндегі ең басты мәселе – домбыраны, домбырада орындалатын күйлерді телеарналар арқылы насихаттауды қолға алу. Өкінішке қарай, отандық телеарналарымыз осы мәселеге дұрыс мән бермей отырғанын айтуымыз керек. «Күй сағаты», «Домбыра үйренейік», «Домбыра тарта білесің бе?», «Күйші мен күй» деген тәрізді жобаларды неліктен жүзеге асырмасқа? Ұлттық дүниені насихаттауға бейжай қарасақ, өскелең ұрпақтың аңсары өзге елдің мәдениетіне ауып кетері анық. Оның салдарын қазірдің өзінде көріп отырмыз. Ғаламтордың өзі баланың санасына еш пайдасы жоқ дүниелерді сіңіруде. Ұлттық жауһарларымызды жарқыратып көрсете алмасақ, елдігіміз қайда? Бәрі өз қолымызда тұрған керемет заманда неден тартынамыз? Қазақтың 1000 күйі бар дейміз, соларды неге насихаттамаймыз? Ол қандай күйлер екенінен жалпы халық хабарсыз. Ұлттық әндеріміздің де жағдайы солай. Өнерге насихат керек деп отырғанымыздың бір мәнісі осында. 

Тілеуберді АЗАМАТ 
 

2586 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

AQIQAT №9

28 Қыркүйек, 2023

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дәуіржан ТӨЛЕБАЕВ

«Ақиқат» ұлттық қоғамдық-саяси журналының Бас редакторы